Философияда «кінә» түсінігі «жауапкершілік» түсінігіне жақындасады. Бұл немен байланысты деген сұрақ туындауы мүмкін. Біріншіден, философияда кінә де, жауапкершілік те тұлғаға тән өзара ұқсас категориялар болып табылады. Басқаша айтқанда, «кінә – жауапкершілік» схемасында психология ғылымында кінә ерекше маңызға ие болса, философияда жауапкершілік бірінші кезекте қарастырылады. Екіншіден, философияда жауапкершілік тұлғаның кінәсінен және керісінше, кінә жауапкершіліктен бөлек қарастырылмайды (адам өз-өзінің, өзге адамдардың және құдайдың алдында жауапты). Нәтижесінде, жауапкершілік те кінә де бостандық пен қажеттілік қатынастарымен сәйкес келеді.
Антикалық дәуірде адам табиғат пен космостың жаратылысы ретінде қарастырылып, сәйкесінше, философия космоцентристік болған. Ежелгі грек ойшылдары үшін әділеттілік негізгі этикалық және құқықтық түсінік болып табылған. Сонымен қатар, философтардың пікірінше, адамның мінез-құлқында кінә, себеп, міндеттеме, борыш, теріс қылық, жаза сияқты түсініктер маңызға ие болған. Тұңғыш философиялық жүйенің негізін қалаушы Анаксимандр материяның қозғалысы мен дамуын «қажеттілік пен әділеттілік» деп түсіндірген [1, 20 б.].
Пифагордың пікірінше, «ең дана нәрсе – бұл сан». Пифагор бүкіл ғаламшар сандар негізінде және олардың қанынасында құралған деп есептеген. Сандар ерекше қасиетке ие. Әділеттілік те кейбір сандардың қасиеті ретінде қарастырылды.
Демокрит адам бойында борыш пен ұят сезімдерін тәрбиелеу керек деп есептеді. Борыш философ үшін адамгершіліктің ең биік критерийі болып табылды. Оның ойынша, адам, теріс қылықтардан қорқыныштан емес, борыш сезіміне бола бас тартуы тиіс. Демокриттің «өзгелерден бұрын өз-өзіңнен ұялуды үйрен», «сен жалғыз болсаң да, наданға сөйлеме де, үйретпе де оған» деген секілді кеңестері әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес.
Ортағасырлар философиясында «қоғамдық өмір мен адами іс-әрекеттер құдаймен алдын ала анықталған концепцияны» ұстанатын теоцентризм басымдыққа ие болды. Құдай барлық нәрсенің бастамасы мен соңы болып қарастырылды. Теоцентризм бойынша шіркеу идеологиясына қарсы адамның іс-әрекеттері мен теріс қылықтары кінә мен жауапкершілікке әкеп соғады деп есептелді. Шіркеу адам өзі жасаған кінәлары үшін құдайдан кешірім сұрау және оған мойынсұну арқылы ғана тазаланып, құдыретті қайырымдылыққа ие бола алады деген қағиданы ұстанды.
Жаңа заман жалпы философияны және соның ішінде кінә мен жауапкершілік түсініктерін жаңа тәсілдермен зерттеді. Енді адам философия мен өзге де ғылымдардың зерттеу орталығы ретінде қарастырылды. Жаңа заманда философия антропоцентристік сипатқа ие болды. Іс-әрекет пен теріс қылық субъектісі қоғам алдында оның негативті салдары үшін жауапкершілікте болды. Субъект қоғамдық қатынастарға түсерде өз әрекеттерінің салдарын алдын ала болжауға тиіс, ал бұл адам толығымен тәуелсіз болған кезде ғана мүмкін. Жаңа заманда кінә заңи дүниетанымға сәйкес зайырлы тұрғыдан қарастырылды. Кейіннен бұл концепцияның кейбір ұстанымдары мен ережелері қайта қаралып, жауапкершіліктің классикалық емес концепциясы пайда болады. Бұл концепция бойынша сауал келесідей көріністе қойылады: кез-келген адамның жауапкершілігін бөліп, оны есептеп көріңіздер. Есеп нәтижесі бойынша, адамды қандай дәрежеде мадақтап немесе жазалау керек екендігі белгілі болады» [2, 154-155 бб.].
Жаңа заманда абсолютті адами бостандықтар концепциясынан туындайтын тұлға іс-әрекеттерінің себепті шарттылығын жоққа шығаратын индетермизм ағымы пайда болады. Батыс психологиясында бұл ұстанымдар тұлғаның психоаналитикалық, бихевиористік және экзистенциалдық-гуманистік концепцияларында көрініс тапты.
Бихевиористік тәсілге сәйкес, адамның мінезқұлқы өзінің салдарымен анықталады. Адамның іс-әрекеттері әлеуметтік орта әсеріне тікелей байланысты, адам оған толығымен тәуелді. Бұл орайда, кінә әлеуметтік әрекеттердің жағымсыз факторы болып табылады. Бихевиористердің пікірінше, әрбір мән-жайға нақты мінез-құлық сәйкес келеді. Бұдан кінәлі мән-жайға кінәлі мінез-құлық сәйкес келеді деп түйіндеуге болады. Адам мінез-құлқының механизмі әлеуметтік және биологиялық факторларға байланысты. Ғалымдардың «адам бойындағы биологиялық қасиеттер оның әлеуметтік және рухани дамуының алғышарты ғана» деген пікірлері орынды [3, 333-334 бб.]. .
Экзизтенциалды теориялар кез-келген адам өзінің мүмкіндіктерін толығымен ашпайтындықтан, амалсыз кінәні сезінетінін көрсетеді [4, 397 б.]. Мұнда кінәнің психоаналикалық концепциясына зер салған жөн. Психоанализдің классикалық теориясына сәйкес кінәнің дамуы тек тұлғаның қалыптасқан құрылымы болғанда ғана ғана мүмкін (Ид, Эго, Супер-Эго).
З. Фрейдтің пікірінше, психикалық тұлға жоғарыда аталған үш элемент жиынтығында қалыптасады: «Мен», «Жоғары-мен» және «Ол». Эго немесе «Мен» нақты қағида негізінде қалыптасады және ішкі тепе-теңдікке жетуге тырысады. Эго толығымен сананың бақылауында болады.
Супер-Эго тұлғаның моральдық идеалдарын, моральдық стандарттарын құраушы қызметін атқарады. Жоғары-Эго «Мен» қызметін бақылап, бағалаушы, мінез-құлықтың қадағалаушы қызметін атқарады. «Жоғары-Меннің» бұл бақылаушы қызметі егер «Жоғары-Меннің» нормалары «Мен» мінез-құлқымен бұзылған болса,«сотқа және жазалануға дайындық» болуы мүмкін. Егер «Мен» «Жоғары-Менге» қарсы, бірақ «Оның» пайдасына шешім қабылдаса, онда өзінөзі кінәлау, ұят түрінде жазаланушылыққа ұшырайды [5, 60 б.]. Сонымен біз бұл схемадан тұлғаның кінә, ұят сияқты сезімдерін байқаймыз.
Көріп отырғанымыздай, философия «кінә деген не?» сұрағына біржақты жауап бермейді. Жалпы алып қарағанда, философияда кінә адамның ізгі емес мінез-құлқының нәтижесіне қоғамның ерекше моральдық-адамгершілік, әлеуметтік қатынасын танытатын әдептілік және адамгершілік категориясы ретінде түсіндіріледі. Осы ізгі емес мінез-құлықтың нәтижесінде адам өзін құдайдың және қоғамның алдында борышты болып сезінеді.
Әдебиеттер
- Муздыбаев К. «Психология ответственности». Л.,
- Канке В.А. «Основы философии». М.,
- «Генетика, поведение, ответственность: о природе антиобщественных поступков и путях их предупреждения» учебник под ред. Н.П.Дубинина, И.И.Карпец, В.Н.Кудрявцева. М.,
- Изард К. «Эмоции человека». М.,
- Столяренко Л.Д. «Основы психологии». Ростов-на-Дону.