XX ғасырдың бастапқы кездері Орталық Азия мемлекеттері үшін қарбалас және шешуші кезеңге айналды. Аймақта Патшалық Ресейдің жаулап алу саясаты күшейе түсті, жергілікті халық ғасырлар бойы ата-баба құтты қонысына айналған шұрайлы жерлерден қуылып, оның орнына Ресей халықтарының қоныстануына алып келген аграрлық реформалар мен тағы басқа толып жатқан қысым көрсетушіліктің соңы халықтың патша билігіне, оның отаршылдық саясатына қарсы бас көтерулер жиілей түсті. Оған қосымша Ресейдің өзіндегі саяси тұрақсыздықтың соңы 1917 жылы Кеңестердің билік тұтқасын ұстауына алып келеді.
Көп кешікпей Кеңес өкіметі өзінің билігін Ресейдің империялық езгісін тартқан Орталық Азия мемлекеттеріне де орната бастайды. Ол кезде Орталық Азия мемлекеттері аумағының басым бөлігі Түркістан генерал-губернаторлығына бағынышты болатын.
Жалпы Түркістан АССР-і 1918-1924 жж. аралығында өмір сүргені барша қауымға мәлім. Сондықтан да осы аралықтағы Түркістан республикасының конституциялық дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең 1918 жылдың 30 сәуірінен 1918 жылдың 15 қазанына дейінгі аралықты қамтиды. Яғни, Түркістан республикасының ресми түрде құрылуынан бастап алғашқы конституция қабылданғанға дейінгі кезең. Бұл аралықта конституцияның рөлін 1918 жылы 30 сәуірде қабылданған Түркістан республикасын құру туралы Ереже атқарады.
Екінші кезең 1918 жылдың 15 қазанынан 1920 жылдың 24 қыркүйегіне дейінгі аралықты қамтиды. Яғни, Түркістан республикасының алғашқы негізгі заңының әрекет ету аралығы. Бұл конституция Кеңес өкіметінің қалыптасу кезеңін көрсетеді. Асығыс қабылданған конституция өтпелі кезеңнің бет-бейнесін көрсетеді.
Үшінші кезең 1920 жылдың 24 қыркүйегінен 1924 жылдың желтоқсан айына дейінгі аралықты қамтиды. Яғни, Түркістан республикасының екінші ресми конституциясының әрекет ету аралығы. Бұл конституцияда шын мәнінде сол кездегі республиканың мемлекеттік-құқықтық құрылысы толық бейнеленген. 1924 жылғы желтоқсандағы Түркістан АССР-ін тарату туралы шешім қабылдағанға дейінгі аралықта әрекет етеді.
Енді аталған кезеңдерге қысқаша шолу жасап көрсек. Себебі, Түркістан республикасының конституциялық дамуының әр кезеңінің өзіне тән ерекше тұстары болды.
1918 жылы 30 сәуір күні Түркістан Кеңестерінің 5-ші өлкелік съезді бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының аумағында Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасын жариялау туралы Ереже қабылдайды. Осы съезде Түркістан Автономиялық Кеңестік Республикасының Орталық атқару комитеті және Халық комиссарларының кеңесі құрылған болатын. Аталған органдар өлкеде Кеңес өкіметінің толық орнығуы мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолға алды.
Түркістан АССР-і туралы ереженің қабылдануы республиканың мемлекеттік-құқықтық құрылысының қалыптасуына септігін тигізді.
Түркістан Республикасының жоғарғы заң шығарушы органы болып: жұмысшылар, солдаттар, шаруалар мен мұсылмандар депутаттары Кеңестерінің съезді танылды. Кеңестер съезді тұрақты орган болмады, ол өз жұмысын сессия түрінде жүзеге асырды. Ал сессиялардың арасында елдегі заң шығару қызметі Кеңестердің Орталық Атқару Комитетіне жүктелді. Оларды Кеңестер съездінде депутаттар сайлап отырды.
Ереже бойынша Түркістан Республикасы өзінің құзырындағы аумақта билікті автономды түрде басқарды, бірақ өз әрекеттерін Ресей Кеңестік Федерациясының орталық үкіметімен үйлестіруге міндетті болды. Яғни, Түркістан Республикаксы РСФСР-дің автономды бір аймағына айналды.
Түркістан Республикасының құрылуының бастапқы кезеңдерінде оның құқықтық мәртебесі жөнінде ортақ пікір қалыптаса қоймады. Кейбір мемлекеттік актілер мен құжаттарда Түркістан Республикасы «Федеративтік республика» болып белгіленді. Ал кейбір құжаттарда тек Түркістан Республикасы деп аталды. Ол туралы Түркістан АССР-інің мемлекеттік құрылысын зерттеуші Ш. Уразаев өзінің еңбегінде саралап өткен. «В положении о Туркестанской советской республике, принятом на пятом краевом съезде Советов, и некоторых других документах того периода Туркестанская республика именуется «Федеративной республикой». Пятый съезд Советов Туркестана принял специальное постановление об объявлении Туркестанского края «Федеративной Советской Республикой». Туркестанская федерация понималась как союз областей Туркестана. В некоторых документах Туркестанская АССР именовалась просто Туркестанской республикой Российской Советской Федерации. Конституция Туркестанской АССР 1918 года отказалась от употребления термина «Туркестанская федеративная республика» [1, 62 б.].
Ендігі кезеңде республикада қоғамдық өмірдің барлық саласына негіз болатын және құқықтық тұрғыда рәсімделген негізгі заңның қажеттілігі туындады. Осы тұста 1918 жылы 10 шілдеде Бесінші Бүкілресейлік Кеңестер съездінде – РСФСР-дің алғашқы Конституциясы қабылданды. Бұл Конституцияның қабылдануы тек сол кездегі Ресей мемлекеті үшін ғана емес, ол бүкіл әлемдік тарихи маңызы бар актіге айналды. Себебі, мемлекет тарихында жаңа басқару жүйесі өзінің өмірін бастады.
Конституцияда қоғамдық өмірдің басты мәселелері, атап айтқанда мемлекеттік құрылыс,адамдардың құқықтары мен бостандықтары, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саясимәдени салалары көрініс тапты.
Аталған Конституцияның қабылдануының екінші тұсы, Ресейдің құрамына кіретін басқа да республикаларға негіз болды. Осы сәтті тиімді пайдаланып Түркістан Республикасында арнайы конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамында Түркістан ОАК бекіткен арнайы мамандар жұмыс істеді. Жұмыс комиссиясы Конституцияның жобасын Түркістан Кеңестерінің 6-шы съездінде талқылауға ұсынды. Онда көптеген талқылаулардан кейін 1918 жылдың 15 қазан күні Түркістан АССР-інің алғашқы Конституциясы қабылданды.
Бірақ аталған конституция күрделі текетірестермен қабылданды. «Вокруг проекта конституции на съезде шла ожестаченная борьба между коммунистами и чуждыми советскому народу элементами. Левые эсеры и им подобные предлагали, в частности, упразднить в Туркестанской АССР Народный комиссариат по национальным делам, который решал очень важные вопросы. Задачей Наркомнаца являлось «Следить за правильным обслуживанием нужд национальностей государственными учреждениями, стремясь ликвидировать остатки колонизаторской политики, и фактическим проведением в жизнь постоновлений центральных органов». Враги трудящихся пытались также добиться включения в Констиуцию Туркестанской АССР статьи, устанавливающей для избирателей пятилетний ценз оседлости и другие изменения» [2, 30 б.].
Түркістан Республикасының конституциясын қабылдау барысында бір-біріне қарама-қайшы көптеген мәселелерді басшылыққа алу қажет еді. Біріншіден, Түркістан өлкесі бұрындары жеке-жеке өмір сүрген мемлекеттерден құралған болатын. Екіншіден, Түркістан Республикасы көп ұлтты мемлекетті құрап, онда бір ұлттың басымдылығы болмады. Үшіншіден, Түркістан Республикасындағы халықтың басым көпшілігі ислам дінін ұстаушылар болатын. Төртіншіден, Түркістан Республикасы Ресейдің басқа да автономды аймақтарынан көп ерекшелікке ие болды, халқының көптігі, жер аумағының үлкен болуы, орталықтан шалғайда орналасуы және т.б. мән жайлар Түркістан Республикасының маңыздылығын көрсетеді.
Конституцияның жобасын дайындаушылардың алдында міне осындай таңдаулар тұрды. Бірақ олар басқаша жолды, яғни, РСФСР-дің 1918 жылғы конституциясын негізге алды. Дегенмен де, Түркістан автономиясы өзінің шеңберінде көптеген құзіреттерге ие болды. Олар конституцияның жетінші тарауында толық көрініс тапты [3, 8 б.].
Түркістан АССР-інің 1918 жылғы Конституциясы елдің іргесін қалауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге көп ықпал жасады. Дегенмен де, республикада конституцияға деген көзқарас өзгере бастады. Ол қоғамда көптеген маңызды сұрақтарды шешуге дәрменсіздік танытты.
«Конституция Туркестанской АССР 1918 года свидетельствовала о больших завоеваниях трудящихся Туркестана. Вместе с тем она говорила о нерешенности многих вопросов, связанных с теорией и практикой советского строительства в многонациональном Туркестане. Вскоре жизнь показала, что Конституция Туркестанской АССР 1918 года, сыгравшая в известный период положительную роль, в дальнейшем перестала отражать сложившиеся между Туркестанской АССР и РСФСР взаймоотношения. Возник вопрос о внесении изменений в Конституцию» [1, 68 б.].
Түркістан Кеңестерінің сегізінші съезді алғаш конституцияға өзгерістер енгізді. Ендігі жерде Кеңестер съезді өздеріне берілген құзіреттерді шектей бастады. Енгізілген өзгерістерге сәйкес республикада сыртқы істер Комиссариаты жойылып, оның құзіреттері толық орталыққа берілді. Көп кешікпей республикадағы әскери іс пен сыртқы сауда мәселесі де орталыққа берілді.
Республикада орын алып отырған жағдайға көңілі толмаған интеллегенция өз наразылықтарын білдіре бастады. Мәселен, 1920 жылдың ақпан айында iii өлкелік мұсылмандар конференциясында Түркістан АССР-дегі қалыптасқан жағдай мен ел конституциясының жағдайы талқыланды. Онда сол кездегі Түркістан АССР-і ОАК төрағасы қызметін атқарған Тұрар Рысқұлов «Түркістан автономиясы мен конституциясы туралы» баяндама жасады. «По его докладу была принята резолюция, в которой говорилось:
«Туркестанскую автономную республику считать национальной советской республикой» тюрского народа. В резолюции предлагалось заменить названием «Тюркская республика РСФСР» Рыскулов и его последователи предлагали этим углом зрения пересмотреть Конституцию Туркестанской АССР» [1, 69 б.].
Тұрар Рысқұловтың бұл ұсынысына қарсы шыққандар көп болды. Кейбіреулер осы сәтті пайдаланып Түркістан АССР-ін таратып, оның орнына ұлттық мемлекеттерді құруды ұсынды. Әрине, бұл пікірлермен Орталық келіспеді. Республикада орын алып отырған келіспеушіліктерді шешу мақсатында 1920 жылы наурызда Жұмысшылар мен Шаруалар Партиясының Орталық Комитеті Түркістан автономиясы туралы Ереже қабылдады.
Ереже бойынша Түркістанға, оны мекендеген ұлттарға өзін-өзі басқаруға негізделген автономия берілді. Түркістан Орталық Атқару Комитеті Түркістан аумағында толық билікке ие болды. Дегенмен де, Орталық Комитет Түркістан Республикасына қорғаныс және сыртқы байланыс құзіретін бермеді.
Орталық Комитет Түркістан АССР-ін толық орталықтандыру мақсатында көптеген шараларды жүзеге асырды. 1920 жылдың 29 маусым күні «Түркістандағы билікті ұйымдастыру туралы» арнайы шешім қабылданды. Бұл шешімге сәйкес Түркістан АССР-де Орталық Комитеттің арнайы өкілдері қызмет ететін болды.
«ЦК РКП(б) и после утверждения Положения об автономии Туркестана непосредственно занимался вопросом о взаимоотношениях центра и Туркестана. В решении ЦК РКП(б) от 29 июня 1920 г. «Об организации власти в Туркестане» указывалось, что в Туркестане необходимо наличие постоянного представительства ВЦИК, СНК и ЦК РКП, на которое было бы возложено: а) непосредственное управление теми областями, которые составляют исключительную компетенцию федеральной власти; б) контроль за проведением в жизнь директив и декретов центральной власти, а равно и приостановление или изменение этих директив и декретов в порядке приспособления их к местным экономическим и бытовым условиям, согласование и размежевание интересов отдельных национальных образований в Туркестане» [4, 7-8].
Жоғарыда аталған шешімнің негізінде Орталық Комитет «Түркістан Республикасы туралы» арнайы қаулы қабылдайды. Қаулыға сәйкес ендігі жерде Түркістан Республикасында федералдық органдар мен жергілікті, яғни, Түркістан Республикасының органдарының әрекет ету аясы анықталды. Елдегі маңызды сұрақтардың басым көпшілігі федералдық органдардың еншісіне тиді.
Түркістан Республикасында соңғы кездері жүргізілген реформалардың нәтижесі жаңа Конституцияның қабылдануына алып келді. Түркістан кеңестерінің тоғызыншы съезді 1920 жылдың 24 қыркүйегінде жаңа конституцияның жобасын талқылап, ұсынылған конституцияның мәтінін қабылдады.
Жаңа Конституция бойынша республикадағы маңызды сұрақтар, мәселен, әскери, сыртқы байланыс және т.б. Орталық федералдық билікке берілді. Конституция 6 бөлім, 20 тарау және 110 баптан тұрды [5, 2-3 бб.].
Сонымен қорыта келгенде, Түркістан Республикасының конституциялық-құқықтық дамуы сол кездегі өлкедегі қалыптасқан саяси жағдаймен ұштасып, Орталық Комитеттің ыңғайына қарай өзгеріп отырды.
Әдебиеттер
- Уразаев Ш.З. Туркестанская АССР и ее государственно-правовые особенности. – Ташкент.: Госиздат УзССР,– 325 с.
- Агзамходжаев А., Уразаев Ш. Развитие Конституции Узбекской ССР. – Ташкент: Государственное издательство Узбекской ССР, 1957. – 297 с.
- Конституция Туркестанской Республики Российской Социалистической Советской Федерации, принятая vi-м Туркестанским Съездом Советов от 15 октября 1918 года. – Ташкент, 1918. – 18 с.
- ЦПА ИМЛ при ЦК КПСС, фонд 79, оп 1, лл. 7-8.
- Конституция Туркестанской Республики Российской Социалистической Советской Федерации, принятая iX-м Туркестанским Съездом Советов от 24 сентября 1920 года. – Ташкент, 1920. – 19 с.