Жалпы Қазақстанның кеңестік заманға дейінгі, кеңестік заманғы және егемен алғаннан кейінгі конституциялық заңнамасының дамуын кезеңдерге бөліп қарастырсақ, 1990-1993 жылдар Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуының үшінші кезеңін байқатады. Алдыңғы екі кезең туралы ҚазҰУ хабаршысының №1 санында (2014 ж.) жарияланған болатын.
Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуының бұл кезеңі егемен Қазақстанның өзіндік, дербес заңнамасын жасаудың басталуымен байланысты. 1990 жылдан бастап, Қазақ ССР тұсында 1978 жылғы ҚазССР Конституциясына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол тұста қалыптасқан кеңестік заң шығару практикасына қарамастан бұл өзгеріс, толықтырулармен одақтық Конституцияның негізгі бастаулары мен қағидаларының шегінен шығуға жол берілді. 1978 жылғы ҚазССР Конституциясына енгізілген ол өзгерістер мен толықтырулардың бірқатары оның мазмұнын жақсартқанымен, сол тұста орын алған саяси және құқықтық қайшылықтарды жоймады. Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағанға дейін 1 жылдан астам уақыт бұрын КСРО Конституциясының негізгі нормаларының әрекетін тоқтатқан конституциялық актілер қабылданды, олар республиканың дербес, тәуелсіз дамуына негіз қалады.
24.04.1990 жылы «Қазақ ССР Президентi қызметiн тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына (Негiзгi заңына) өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң, 25.10.1990 жылы Қазақ ССР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация және 10.12.1991 жылы «Қазақ ССРның атауын өзгерту туралы» заң қабылданғаннан кейін жаңа егемен мемлекет – Қазақстан Республикасының алғашқы заң актілері қабылданды – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заң, «ҚР Конституциялық Соты туралы» заң.
Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуының бұл кезеңінде қабылданған актілердің ішінде «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның орны бөлек. Осы орайда, А.К. Котовтың келесі көзқарасына тоқталып кетуге болады: «Қазақстанның сол кезеңдегі екі негізгі конституциялық актісі – Декларация мен конституциялық заң Қазақстан қоғамында орын алып отырған түбегейлі өмірлік дағдыларды салыстырмалы түрде толыққанды және қажетті тұрғыда көрсетумен қоса бекітті де... Бұл өз кезегінде қазақтың байырғы жерінде тәуелсіз мемлекеттің экономикалық және саяси құрылысының әрі қарай дамуының параметрлеріне негіз қалаған Қазақстанда өзіндік конституциялық құрылыстың жаңа қоғамдық үрдістерін қалытастыруға жол ашты» [1, 63-64 б.]. Расында да, бұл екі тарихи маңызды актіні қабылдау арқылы Республика өмірінде жаңа мемлекеттілікті құруда, адам құқықтарын кең тұрғыда бекітуде, сапалы жағынан жаңа саяси және экономикалық жүйені қалыптастыруда алғашқы қадамдар жасалды. Бұл актілердің құрылымы мен мазмұны біздің еліміздің конституциялық дамуының алғашқы кезеңінде мемлекеттік және қоғамдық қатынастарды реттеуге сай келді. Қазақ ССР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның негізгі мазмұнын Қазақ ССP-ның егемендігі туралы идея құрды. Декларация Қазақстанның ел ішіндегі үстемдігі мен шексіздігін, басқа мемлекеттермен қатынаста тәуелсіздігі мен тең құқылығын бекіте отырып, оның тұрақты халықаралық ұстанымын нығайтуға негіз жасады. Тиісті Декларацияны қабылдай отырып Қазақстан өзінің тәуелсіз даму жолын ұстанатындығын әлем алдында дәлелдеп берді.
Егемендік туралы Декларация тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаған алғашқы құжат болып есептеледі. Одан кейін қабылданған 1978 жылғы ҚазССР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы заңдар оның идеялары мен нормаларын жүзеге асыруға бағытталды. Тиісті Декларация ҚазССР Конституциясын өзгерткен заңдарды ғана емес, тіптен Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін бүкіл әлемге паш еткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңын, 1993 және 1995 жылдардағы ҚР Конституцияларын және басқа да заңнамалық актілерін қабылдауға негіз болды. Демек, Қазақ ССР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация мемлекеттің құқықтық жүйесінің қайнар көзіне айналды. Оны ҚР Президентінің келесі сөздерінен көруге болады: «...25 қазанда біз Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларацияны қабылдағанымыз естеріңізде болар. Ел дербестігін айқындайтын осы құжат арқылы біз барша қазақстандықтар болып жас мемлекетіміздің іргесін қалауға кірістік. Егемендік туралы сол декларацияның тұжырымдары кейінірек Ата Заңымыздың қабылдануына негіз салды...» [2]. Декларация қабылданғаннан кейін жарық көрген тиісті актілерді саралау оның негізінде жас егеменді мемлекеттің заңнамалық базасы айтарлықтай жаңарып, соның негізінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылғанын куәландырады. Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда бекітілген барлық идеялар мен қағидалар кеңейтіліп аталмыш актілерде реттелді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң Қазақстанның мемлекеттік егемендігін заңи бекітті. Бұл заң мемлекетіміздің егемендігін жариялаған сәттен бастап мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірінде орын алған өзгерістерді байқатты. Олар– ұлттық мемлекеттілікті дамыту, құқықтық мемлекет құру және азаматтық қоғамды қалыптастыру. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның негізіне адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы, ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық және азаматтық келісім, биліктің бөлінуі және көптеген өзге де демократиялық қағидалар мен институттар алынды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның қабылданып, әрекет етуі кезеңінің ерекшелігі: ол тұста 1977 жылғы КСРО Конституциясының және КСРО мен ҚазССР-ң өзге заң актілерінің нормалары бұл актіге (мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заңға) қайшы келмеуі себепті онымен қатар әрекет етті. Бұл аталмыш конституциялық заңның ережелерінің 1978 жылғы ҚазССР Конституциясының нормаларынан жоғары тұрғандығын көрсетеді. Олай болса, мәні бойынша бұл заң – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң тәуелсіз Қазақстанның «уақытша Конституциясы» болды деп айтуға болады. Бұл акт туралы ғалымдар Ө.Қ. Қопабаев пен А.А. Черняков былай деген еді: «Барлық қатынастарда ерекше болған бұл заң шынында да Конституцияны заңи алмастырған республика өміріндегі бірінші, мүмкін бірден-бір заң болды. Дәстүрлі конституционализм тұрғысынан – ол мүмкін емес жағдай. Алайда, 1991 жылдың желтоқсанының нақты жағдайында ол маңызды саяси-заңи миссиясын атқарды... Реформа жолында республика заңнамасын дамыту үшін ол жоғары деңгейде негіз қалады [3].
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң атабабамыздың бірнеше ғасыр бойы аңсаған тәуелсіздіктің белгілерін, идеяларын заңи бекітіп еліміздің өзге мемлекеттермен тең дәрежеде халықаралық аренада иық тіресіп дербес, тәуелсіз дамуына жол ашты, құқықтық негіздер жасады. Аталмыш конституциялық заңның нормалары мен қағидалары 1993 жылғы ҚР Конституциясының мазмұнын анықтады. Бұл оның маңызы мен беделін көрсетеді.
«Қаз ССР-ның мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңды және олардың негізінде қабылданған өзге заң актілерін қамтитын Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуының сол бір кезеңіне мынадай сипаты тән болды: Қазақстанның шынайы егемендігі жарияланды, саяси жүйенің ұйымдастырылуы мен қызмет етуінің жаңа қағидаттары бекітілді, меншіктің көптүрлігіне негізделген жаңа нарықтық экономикалық жүйеге көшуде маңызды қадамдар жасалды, Республика егемендігі мен президенттік басқару нысанының құқықтық негізі құрылды, т.с.с. Қазақстанның толық шамада мемлекеттік тәуелсіздікті алуы конституциялық-құқықтық рәсімдеуді талап етті және ол 28 қаңтар 1993 жылы Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясын қабылдаумен жүзеге асты.
Сол тұстағы егемен Қазақстанның конституциялық құрылыс үрдісі үшін келесі белгі-нышандар тән болды: Конституцияның таптық, кеңестік, социалистік мәнін ақырындап өзгерту; негізгі заңның жалпыдемократиялық сипатын тануға өту, онда бүкіл халықтың еркін байқату. Осы тұрғыда 1993 жылғы Конституцияның мынадай негізгі ерекшеліктерін көрсетеміз:
а) Конституция мемлекеттің социалистік және кеңестік сипатынан бас тартып оны демократиялық, зиялы және біртұтас мемлекет ретінде бекітті.
ә) Конституция саяси жүйеге қатысты маңызды ережелер мен қағидаларды бекітті. Конституцияның мәтінінен саяси жүйенің ұйтқысы
– коммунистік партия туралы ереже (1978 ж. ҚазССР Конституциясының 6-бабы) алынып тасталып, көппартиялық конституциялық тұрғыда мойындалды, қандай-да бір қоғамдық бірлестіктердің идеологиясын мемлекеттік идеология ретінде тануға тыйым салынды.
б) Конституция Қазақстан Республикасы адамды, оның өмірін, бостандығы мен ажырамас құқығын ең қымбат қазына деп танитынын және өз қызметін азамат пен қоғам мүдделері үшін жүзеге асыратынын жария етті, тиісінше адам және азаматтың құқықтарының басымдығын таныды.
в) Конституцияда мемлекеттің экономикалық жүйесінің негізі жаңаша анықталды, яғни Конституция Республиканың экономикасы сан алуан меншік түрлеріне негізделетіндігін бекіте отырып меншіктің барлық түрлерімен бірдей қорғалатын жекеменшікті таныды, мемлекеттік меншікті негізгі меншік нысаны ретінде мойындаудан бас тартты, экономикалық қызметтің еркіндігіне рұқсат берді;
г) мемлекеттік биліктің құрылымы ақырындап өзгертілді, мемлекет нысаны ретінде Кеңестер республикасынан бас тартылып, парламенттік жүйеге өту орын алды, биліктің бөлінуі қағидасы танылып, президент институты енгізілді, жергілікті өзін-өз басқару бекітілді.
Қазақстанның 1993 жылғы Конституциясының барлық осы және өзге жаңалықтары оның мәнінің сапалы түрде қайта құрылғанын, өзгергенін көрсетеді.
1993 жылғы ҚР Конституциясы келесідей үш маңызды міндетті шешті:
- Конституциялық тұрғыда мемлекеттің тәуелсіздігін рәсімдеу.
- Халықаралық қоғамдастықта Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде заңдастыру.
- Елімізде, оның қоғамдық-саяси және құқықтық салаларында оған дейін бейтаныс болған немесе «шынайы социализммен» бұрмаланған күйде әрекет еткен институттарды орнықтыру.
Кеңестік Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық дамуына шолу жасау келесідей қорытындыға келуге негіз берді: сол кезеңдегі конституциялық заңнаманың проблемалары отандық құқықтанушылармен Қазақстанның Конституциясының РСФСР және КСРО Конституцияларымен сәйкестікте болуы тұрғысынан ғана қарастырылды. КСРО-ның күйреуі нәтижесінде ғана, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алып, ғылыми коммунизм идеясынан бас тартып демократиялық конституционализмнің фундаменталдық қағидаларына өткеннен кейін ғана құқықтан жоғары қойылған басқарушы коммунистік партияның саяси монополиясы (үстемдігі) шынайы орын алған кеңестік конституциялардың декларативтік сипаты мен шамадан тыс идеологияландырылуы толығымен әшкереленді.
Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуының біз қарастырып отырған кезеңінде кеңестік және тәуелсіз Қазақстанның құқық жүйесінің арасында сабақтастық болды: жаңа мемлекеттің құқығы алғашында кеңес құқығының қағидаларына сүйенді, оның бірқатар институттары мен нормаларын пайдаланды. Алайда, бұл сабақтастық ұзаққа созылған жоқ, себебі елдегі жағдай жылдам өзгерді және орныққан кеңес құқығының нормаларынан бас тартуды және жаңа заңи институттар мен нормаларды енгізуді талап етті.
Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуының тиісті кезеңі (1990-1993 жылдар) қоғам мен мемлекеттің саяси, экономикалық өмірін, Республикамыздың сайлау құқығы мен жүйесін, мемлекеттік билік және басқару органдарының ұйымдастырылуы мен қызметін жетілдіруге, Қазақстанды шынайы егеменді мемлекет ретінде қалыптастырып, дамытуға бағытталған ондаған заңдарды қабылдаумен сипатталады. Ол заңдардың маңызы – олар тек саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларды реформалаудың негізгі базасы ғана болып қалмай, егеменді Қазақстанның жаңа конституциясының заңдық көзіне айналды. Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуының үшінші кезеңінде (19901993 жылдарда) қабылданған заңдар мен тәуелсіз Қазақстанның алғашқы конституциясының жарық көруімен біздің мемлекетіміздің тәуелсіз әрі дербес мемлекет ретінде танылуының конституциялық-құқықтық ресімделуі аяқталды.
Әдебиеттер
- Котов А.К. Суверенный Казахстан: гражданин, нация, народ. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. – 288 б.
- ХІv Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясындағы Н.Ә. Назарбаевттың сөзі (Астана, 23 қазан, 2008 жыл) / Егемен Қазақстан 24 қазан 2008 ж.
- Копабаев О.К., Черняков А. Конституция республики: от нигилизма к прагматизму / Казахстанская правда. – 15 июля.