Жарқын болашақ жарқын да жалынды жастарда. Қазақстан мемлекеті болашақты тек жастармен тікелей байланыстырып, жастардың білімдар, зерек, зерделі болуы үшін олардың талаптанып, көп ізденуіне мүмкіндіктер беріп, үнемі жол ашуда. Жастарды қолдау саясаты үздіксіз жұмыс істейтіндіктен, оның нәтижесі де аз емес. Дегенмен де, әлі де болса көп ізденістер мен болашақ істелер істердің ауқымы зор екеніне күмән жоқ.
Жалпы кәмелетке жасы толмағандардың болашақта қоғамның белді азаматы болуы үшін, олардың құқық табалдырығын «сүрінбей» аттауы үшін құқықтық сананы үнемі жетілдіріп отыруы керек екені айтпаса да түсінікті. Немесе сол құқықтық сананы үнемі жетілдіріп отыру болашақты терең ойлайтын кез-келген жас үшін өмір заңдылығы ретінде қалыптасу керек сияқты.
Сәл кейін шегініп, құқық теориясында қабылданған құқық санасын зерделесек, жалпы құқық санасының ұғымы біздің әлеуметтік зерделеуіміздің мақсаттары үшін нақтылауға жеткіліксіз болып шыққанына көз жеткізер едік. Құқық санасының жеткіліксіздігі жас жеткіншектердің өмірде ағаттық істеп сүрінуіне, өкінуіне, өмірдегі өз орнын таба алмай қиналуына алып келіп жататынын өмірлік тәжірибе дәлелдегендей. Қалай десек те құқықтық сананың жетістігі болашақ кепілі десек, арық айтқандық емес. Сондықтан құқық санасының толысуы үшін кәмелетке толмағандардың құқықтарын білуі, олардың қолданылып жүрген құқыққа қатысы, құқыққа олардың қоятын талаптарының басын біріктіретін жиынтық ұғымы шеңберінде қолданылуы үлкен орын алады.
Кәмелетке жасы толмағандардың құқық санасын зерделеуге қатысты бағдарлама үнемі жұмыс істеу қажет. Ол үшін зерттеу бағдарламасы жұмыс болжамына қарай жасалынып, теориялық жағдайлар қарастырылуы, алынуы керек. Демек, бақылау тобына алынған кәмелетке жасы толмаған құқық бұзушылар мен жасөспірімдердің құқық санасы зерделенеді деген сөз. Бақылау тобына мектеп оқушылары, кәсіптік білім беретін колледж оқушылары, тіпті, жұмыс істейтіндер де алынуы мүмкін. Сондай-ақ бақылау тобына алынған кәмелетке жасы толмаған құқық бұзушылар мен жасөспірімдердің қылмыстық, әкімшілік және қылмыстық-іс жүргізу құқығы саласындағы құқықтық санасы да зерттеледі. Яғни, құқық сананың қандай деңгейде екендігін анықтау арқылы болашақта қылмыстылықты жойып жібермесек те алдын алу шараларымен қамтамасыз етеріміз сөзсіз.
Айтакетернәрсе, кәмелеткетолмағандардың құқық санасын зерделеу басты мақсат ретінде қарастырылып отырса, құба-құп болар еді. Алайда тәжірибеге сүйенер болсақ, жалпы сананы зерделеу, соның ішінде жасөспірімдер құқық санасын зерделеу күнделікті жүріп жатқанмен, нәтижесі баяулау екенін көрсеткендей. Олай деуге себеп – құқықтық сана мен құқықтық білімнің төмендігінен күнделікті жасөспірімдер қолымен жүзеге асып жатқан қылмыстардың көбеюі.
Құқықты білмеудің салдарынан 14 жасқа дейінгі, яғни 9-13 жас аралығындағы жасөспірімдер аз деп айта алмаймыз. Жалпы 9-13 жас аралығындағы жасөспірімдер құқық бұзушылығын зерттеген ғалымдар саусақпен санарлықтай. Бұл белгілі педагогтар мен социологтардың жасөспірімдер құқық бұзушылығын зерттесе де, аз зерттегенін дәлелдей түссе керек. "Педагогика" журналы соңғы 14 жылда 1716 ғылыми еңбектің кәмелеттік жасқа толмағандар тәрбиесіне арналғанын мәлімдей келіп, осы жұмыстардың 2%-ы ғана тәрбиеленуі "қиын" жасөспірімдерге арналғанын көрсеткен.
Уақыт тілін сәл шегеріп, 1920-1940 жылдар зерттеушілеріне (П.П.Блонский, В.И.Куфаев, П.И.Люблинский) жүгінер болсақ, олар құқық бұзушы жасөспірімдер заң жағынан ғана емес, сонымен қатар психологиялық-педагогикалық жағынан да зерттеуді қажет ететін басты объект екенін алғаш рет атап көрсетті. Бұл авторлардың пікірінше, жасөспірімдердің құқық бузуына, одан әрі қылмысқа қадам басуына басты себеп – әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсер етуі.
Белгілі педагог В.А.Сухомлинский кезінде баланы тәрбиелеудің екі қайнар көзі бар екенін атап көрсеткен болатын. Біріншісі – оқушыға, тәрбиеленушіге саналы түрде әсер ету, екіншісі – баланы қоршаған "күрделі" орта [1]. В.А. Сухомлинский көзімен қарайтын болсақ, біріншіден, тәрбие жан-жақты, нәтижелі болуы керек, екіншіден, баланы "қоршаған ортасы", өмірдің көлеңкелі жақтарының әсер етуі белгілі мөлшерде стихиялы сипат алады. Ересек қылмыскерлерге қарағанда жас құқық бұзушылар өзін қоршаған әлеуметтік ортамен тығыз байланысты. Бұл жөнінде белгілі ғалымдар (А.И.Долгова, О.Д.Ермакова, Н.В.Беляев) әлеуметтік орта мен жасөспірімнің арасындағы тығыз байланысты көрсеткен. Олардың пікірінше, әлеуметтік орта ретінде отбасының рөлі зор.
Отбасы баланың өсуіне, қоғамға тигізер пайдасына көп көмегін тигізеді. Жалпы жанұя, бала жөнінде сөз болғанда үш тәсілді айрықша көрсету артық болмайды. Біріншісі, әлеуметтікматериалдық жағдай, екіншісі, жанұя бірлігі, үшіншісі, ата-ананың тәрбиеге көзқарасы. Соңғы екеуі баланың жанұямен бірлігін сипаттап, оның рухани тұрғыдан дамуына көп әсерін тигізеді.
Венгерлік ғалым М.Коломшидің пікірінше, "жанұя тұрмысының кейбір элементтері бала өмірінде шешуші рөл атқармайды. Ең басты шешуші болып табылатыны – барлық жеке бөлшектердің бірігіп, жанұя атмосферасына әсер етуі, жанұяның ауыз бірлігі".
Шынында да отбасындағы келеңсіз қылықтар, ұрыс-керіс, жанжал, айқай-шу – бәрібәрі баланың тәртібіне, тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, нәтижесін береді.
Ішімдікке әуестену, есірткі шегу, төбелеске әуестену, қатігездік пен мейірімсіздік өсе келе оның әдетіне айналмасына кепілдік беруге болмайды.
Осыдан екі жүз мың жыл бұрын белгілі тарихшы Плутарх "маскүнемдер өмірге маскүнемдерді әкеледі" деп жазған еді. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, жанұяда ішімдіктің жалғасын тапқанын көруге болады. Яғни, жанұяда атасы мен әкесі ішкен болса, 40-50% жағдай олардың балалары ішімдікті кәмелетке толмай татқанын көрсеткен [2].
Бала организмін күйректікке әкеп тірейтін нәрсенің бірі ішімдік болса, бұл өткен ғасырдың аяғындағыкөрнектідәрігерлердіңтәжірибесімен дәлелденген. Организм қаншалықты жас болса, оның әсері де соғұрлым жоғары болады. Әсіресе, ішімдіктің кері әсері 12,13 жас аралығында жасөспірім организміне әсері зор. 12,13 жастағы жасөспірімнің арақтың әсерінен есте сақтау қабілеті төмендейді, бойында немқұрайлық пайда болады, оқулықты нашар меңгереді. Сонымен бірге ішімдік жасөспірімнің сана-сезімінің жетілуіне, қалыптасуына зор зиянын тигізеді. Бұл оның айналасында болып жатқан оқиғаларға өз тұрғысынан баға беруін төмендетіп, мектептегі сабаққа бармауын қалыптастырады, бос жүріске, кездейсоқ ортаға әуестендіреді. Мұндай жат қылықтар баланың құқық бұзуына бірден-бір себепкер бола алады.
Жасөспірімдер құқық бұзушылығы жалпы қылмыстың шытырман жақтарының бір ғана тұрақты жағын сипаттайтын құбылыс. Бұл тұрақтылық жасөспірімдер құқық бұзушылығы мен жасы толмағандар қылмысының саналуандылығынан көрініп, оның күн сайын есіп бара жатқандығына куәгер еткендіктен, оны болдырмау, алдын-алу шараларымен қоса, ағаттық істеген баланың жеке басының ерекшеліктерін, құқық бұзушылық себептерін ашуға жол ашады [3].
Баланың сана-сезімінің жан-жақты толысып, дүниеге көзқарасының өзгеріп, үлкен өмірге дайындығының аяқталатын кезеңі – жастық шақ. Жастық шақ өтпелі кезеңмен тығыз байланысты. Жасөспірімнің жастық шаққа өтер кезеңі (1113-15 жас) оның өміріне көп өзгерістер әкелері нақ. 12,13 жастағы балалар организмі толық қалыптаспағандықтан бұл оның сыртқы бетәлпетіне де көп өзгерістер енгізеді. Сондықтан, жастық шақ өтпелі кезең аталып, кейде атааналар мен педагогтар үшін "қиын" баланың қалыптасуына әсер етсе, кейде "қиын" жас деген атауға иеленеді. Жасөспірімдердің алыпұшуына саналатын өтпелі кезеңде не нәрсеге болсын еліктегіш келетінін жан-жақты зерттеген ғалым Т.М.Якобсон, бұл жаста олардың құқық бұзушылыққа тез еріп кететіні ашып берді [4]. Өтпелі кезеңде жасөспірімдердің еліктегіш келетіні, жақсыға ұмтылу, ұқсағысы келетіні, көргенін қайталағысы келетіні белгілі. Өтпелі кезеңнің "құйын" сияқты өткінші елестерге толы болуы бала өміріне қауіп төндірері де сондықтан. Жасөспірімнің еліктеуінің салдарынан құқық бұзуы, қызығушылығының әсерінен "қылмыс" істеуі көбінесе осы шақта жүзеге асса керек.
Жасөспірімдер қолымен жүзеге асқан құқық бұзушылықтар, көбінесе олардың ересектерге еліктеуінен болатынын дәлелдей түскендей. Мәселен, Өскемен қаласындағы кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі инспекцияға соңғы жылдары есепке алынған балалардың жас мөлшері көбінесе, 10-13 жас аралығын қамтып, олар жасаған құқық бұзушылықтың ауыр түрі, ұрлық, тонау, бұзақылық, ара-тұра есірткі заттарды сақтау түрлерімен өсіп, алаңдатушылық туғызуда. Ал, Семей қаласында дәл осы тектес қылмыстарды істеген жасөспірімдер санының өсуі де құқық қорғау органдарының қызметкерлерін бей-жай қалдырмай, алдыналуға байланысты бұрыннан істеліп келе жатқан істерді күшейте түсуге итермелеп, нәтиже жаман еместігін көрсетті.
Құқық бұзушылық пен қылмыстылыққа барған жас балалар мен кәмелетке жасы толмағандардың жат әрекетін зерттеуде психологтардың рөлі зор екені белгілі. Болгарлық психологтардың бір тобы (Г.Д.Пирвов және басқалар) 5-тен 7 жасқа дейінгі балалардың жас аралығын зерттегенде, жүйке жүйесінің алыпұшпа шағы көбінесе 5 жастағылар арасында көп кездесетінін атап өткен. Олардың жасы өсуіне байланысты алып-ұшпалылықтың орнына бірқалыптылық тұрақтана бастайды [5].
Жалпы жастық шақтың ерекшеліктерін бірнеше топқа бөлуге болады:
- талап-тілек;
- қызығушылық;
- өмірлік жоспар мен көзқарастар;
- жалпы сипаттама.
Ішімдіктің жасөспірім өміріне зияны зор екендігін жоғарыда айтып кеттік. Жалпы ішімдікке әуестенген баланы дұрыс жолдан тайдырып, құқық бұзушылыққа итермелейді. 10-13 жастағы жасөспірімдердің басым көпшілігінің талап-тілектері шектеп шығын кеткендіктері, олардың ішімдікке құмарлығынан көрінсе керек. А.Вайсберг пен Ш.Тайбекова 556 қылмыс істегені үшін айыпталған 450 жасы толмағандардың 305 қылмыстық іспен танысу барысында, 41% бас бостандығынан айырылғандар қылмысты мас күйінде істесе, 72% қамауға алынғанға дейін де, кейін де үнемі ішкенін айта келіп, олардың ішінде жасөспірімдердің болғанын атап өткен [6].
Белгілі ғалым А.Ф. Парнищев жасөспірім құқық бұзушылығының салалығын айта келіп, басты орынды тонау, ұрлық алатынын мәлімдеген. Ғалымның пікірі бойынша меншікке қарсы қылмыстар, яғни шабуыл жасап тонау, тонау 17% болса, ал барлық балалар қылмысының 65% мүліктік сипат алып, оның бірде, біреуі материалдық жетіспеушіліктен істелмегенін дәлелдеген. Сонымен қатар, бас бостандығынан айырылғандардың 60% құқық бұзушылық кезінде мас болған екен [2].
Ересектерге қарағанда жасөспірім құқық бұзушылығының ерекшелігі ертеңгі күнгі не боларын ойламаушылық, мән бермеушілік. Кез-келген құқық бұзушылыққа барар алдында белгілі бір мақсат қоймайды, сондықтан, олардың қолымен жүзеге асқан жай әрекеттер көбінесе, бірден тұтанып, бірден іске асады. Е.В. Болдырев пен А.А. Герцензон ішімдіктің салдарынан жасөспірім организмінің икемге келмей, ойына келгенін істеуін, соның салдарынан біреуге қайғы, өзіне сор әкелетінін жаза келіп, олардың қолынан мас күйінде қасақана түрде кісі өлтіру – 63% зорлау – 30,4% рет орын алғанын атап өткен [7]. Әрине, ішімдік үстінде ауыр қылмыс істеген адам жазасы ауырламаса, жеңілденбейді.
Жалпы құқық бұзушы жасөспірімге болашаққа деген белгісіздік тән. Осы орайда, Н.В. Лясс пен И.А. Солодкиннің зерттеулері олар жасаған қылмыс мүліктік болып келетінін айта келіп, құқық бұзуға себеп болған ниеті анықтаған.
Ғалымдар пікірінше, жасөспірімдердің қолымен асқан қылмыстар:
- бас пайдасын ойлау – 90%
- достарына ергендер – 2%
- қызық өмірге ұмтылушылық – 0,9%
- басқа ниеттер – 3,8%
сияқты қылмыстық әрекеттерді құрап, ерекшеленген. Бұл құқық бұзушы балалардың кері қылықтарын тағы бір жағынан ашып көрсетеді. Сонымен, біздің ойымызша, құқық бұзушы балаларға аяусыздық, көрсеқызарлық, көре алмаушылық, менменшілдік, өтірік айтушылық тән болса, бұл ата-ана тарапынан олардың қадамына бақылаудың болмауы, неқұрайлы қарауы салдарынан болса керек.
Жасөспірімдер құқық бұзушылығының ішінде топтасқан құқық бұзушылық үлкен орын алады. Топтасып құқық бұзушылықты болдырмау, алдын алу шараларын іске асыру басты міндет.
Дао Чи Ук зерттеулері бойынша, бұзақылық, күш жұмсау, ішкі істер қызметкерлері де қарсылық көрсету, алдап меншіктегі затты өзіне иемдену, есірткі алып сату осындай топтасқан топтармен жүзеге асады. Яғни, мұндай қылмыстың 80%-ы балалардың топтасқан топтарымен жасалады [8].
Жасөспірімдер құқық бұзушылығы ересектер қылмысынан ерекшеленеді. Ол екеуінің арасындағы айырмашылық жасөспірімдер құқық бұзушылықты жалғыз өзі сирек жасайды. Бұдан олардың өзіне деген сенімсіздігін байқай отырып, сенімсіздіктің ең алдымен ойлаған ойын іске асырмай күйреуіне әкелсе, екінші жағынан бала бойында қорқыныш тудырады. Үрейдің билеуі оның жат әрекетке жалғыз баруына тежеу болып топтасқан топқа кіруіне негіз болады. Күнделікті сандаған топтасқан құқық бұзушылық жүзеге асатын болса, А.Ф.Парнищевтің зерттеуі бойынша, бұндай топтасқан құқық бұзушылық жалпы қылмыстың 55 %-ін құрайды [2].
Өскемен қаласы Үлбі аудандық жасы толмағандар ісі жөніндегі инспекцияда жасөспірімдердің топтасқан қүқық бұзушылығы жиілігімен есепке алынған балалардан көрінеді. Олар топтасып өздері құралпы балалардан теңге тартып алу, машина әйнектерін шешіп алу, өткен-кеткен балаларды себепсіз ұрып-соғумен айналысқан. Бұндай әрекеттер тек 2011 жылы ғана 63 рет орын алып, 16,3% екенін көрсетті.
Топтасқан құқық бұзушылыққа қыздардың да қатысуы өкінішті жай. Қыздардан құралған топтар ұлдардан құралған топттарға қарағанда берік болмайтыны дәлелді. Құқық бұзғаннан кейін мұндай топтар тез тарайды екен. Яғни, олар көбінесе 2-3 немесе 3-4 адамнан тұрады. Қыз балалардан мұндай топтардың ұйымдасуына себеп болған нәрсе бос жүріс, ішімдік, ата-ана тарапынан бақылау болмау.
Белгілі криминолог-ғалым, заң ғылымдарының докторы Елеген Ізтілеуұлы Қайыржановтың «кәмелетке толмаған құқық бұзушыны дұрыс жолға салып, қайта тәрбиелеу үшін оның жағымсыз жақтарын, ата-ана тарапынан бақылау болмауды білу аздық етеді» деген сөзі ойға оралады. Ғұлама ғалымның пікірімен келіспеске болмайды. Шынында да, кәмелетке толмағандардың құқық санасының жетілгендігін зерделеу үшін кешенді тәрбиенің болуы артықтық етпеген болар еді. Ондағы мақсат – жасөспірімнің құқықты нақты білуі, құқық туралы пікірі мен оған қойылатын талаптарын айқындай білуі, құқықтық білімінің жетілуі үшін үнемі ақпараттан құлағдар болуыбәрі-бәрі өз нәтижесін берері сөзсіз. Сондай-ақ, сауалнама жүргізу арқылы жасөспірімдердің өмірге деген көзқарастарын анықтап алудың да маңыздылығы зор.
Криминолог-ғалым, заң ғылымдарының докторы Елеген Ізтілеуұлы Қайыржанов жасөспірімдердің кезекті тобына сауалнамаларды таратып беру алдында зерттеуші пікір сұраудың мақсатын түсіндірсе жақсы болар еді деп атап өткен болатын. Бұл пікір дұрыс сияқты. Себебі, зерттеуші тарапынан жүргізілген сауалнаманың не үшін, қандай мақсатты көздейтіндігі, жасырындылығына кепілдік берілетіндігі ашық айтылғаны сауалнамаға жауаптың берілуі 100 пайызды құрап, уақыттың шығындалуы да көп болмауын қамтамасыз етері сөзсіз. Сонымен бірге, қабылданған сауалнамамен жұмыс істеу тәртібі пікір сұрауға неғұрлым даярлығы жоғары зерттеушінің жүргізуін қажет етеді. Сауалнамалық пікір сұрау әдістемесін игермеген адамдарға, тіпті білікті заңгер немесе педагог болса да, пікір сұрауды тапсыруға болмайды. Айта кету керек, кәмелетке толмағандардан пікір сұрау кезінде зерттеушілерден өзге, (атап айтқанда, пікір сұраушыларды жақсы білетін педагогтар немесе өзге адамдар) адамдардың қатысып отырулары оларды ұялу сияқты күйге түсіреді. Егер пікір сұрауды оларға таныс емес адамның жүргізгені құба-құп.
Сауалнамамен жұмыс жасөспірімдер тарапынан қойылған сұрақтарға қалай дұрыс жауап беру, сауалнамада айтылған іс-әрекеттерді заңның қалай бағалайтыны жөнінде қызығушылықтарын туғызады. Бұл сауалнаманы толтырғаннан кейінгі өткізілетін әңгіме үстінде туындайтын қажеттіліктер. Туындаған сұрақтарды дұрыс жауапсыз қалдыру принципті түрде дұрыс емес. Бұл жерде әңгіме алдын ала көкейкесті проблемалар қойылып отырылған кәмелетке толмағандар туралы екенін есте ұстаған жөн. Сонымен бірге, әңгіме бірталай мәселелер бойынша жасөспірімдердің пікірлерін анықтауға, жекелеген жауаптардың уәждемелерін айқындауға мүмкіндік береді.
Біздердің тарапымыздан өткізілген сауалнама үш кезңнен тұрып, ол мектеп оқушыларын, колледж оқушыларын және арнаулы тәрбиелеу мекемесінде жазасын өтеп жүргендерді қамтыды.
Жалпы сауалнаманың өзін құрастыру бірнеше кезеңнен тұрып, оның бірінші нұсқасын құрастырмас үшін 200-ге жуық жоғары сынып оқушыларының пікірлері сұралып, соның нәтижесінде сауалнама жан-жақты мәселелерді жинақтаған сұрақтар қамтылды.
Жоғары сынып оқушыларына берілген сұрақтар мектеп, отбасы, қоршаған орта, достары, жеке «ішкі – сыртқы» әлемі, спортқа көзқарасы, өмірге, болашаққа көзқарасы, рухани байлығы, кітап пен баспасөз беттеріндегі ақпаратқа қызығушылығы, телеарнадағы бағдарламаларға жеке пікірі т.б. сияқты өзекті мәселелерді қамтып, оған алынған жауаптар жасөспірімнің жалпы болашағынан қандай үміт пен күдік тудыратынын анықтауға көмегін тигізді.
Сауалнаманың екінші нұсқасы колледж оқушылары мен кәмелетке толмағандарға арналған тәрбиелеу колониясында ұсталып отырылған құқық бұзушылар арасында жүргізіліп, 400 жасөспірімнің пікірлерін сұрау мүмкіндігі түсті. Бұл сауалнама колледж оқушыларының болашаққа белсендлілігін көрсетсе, керісінше, арнаулы тәрбиелеу колониясында жазасын өтеп отырғандардың болашаққа бұлыңғыр қарайтындарына көз жеткізді. Тек сұралғандардың 12 пайызы сенімді жауап беріп, бар жақсылық болашақта болатынын дәлеледеді. Тәрбиелеу колониясындағы сауалнама нәтижесі– жасөспірімдермен тәрбиелік мақсаттағы жұмыстардың көп жүргізілуі қажеттігін айқындай түскендей.
Сауалнаманың соңғы үшінші нұсқасында 26 сұрақ қамтылып, оның алтауында қосымша сұрақтар берілді. Сауалнаманы толтыруға 40-45 минуттай уақыт кететіні ескеріліп, олар жабық және ашық қойылған сұрақтардан, бағасы берілген сұрақтардан құрылды. Жалпы сипаттағы сұрақтармен қатар сауалнамада сұрақ-тестілер де беріліп, сондай-ақ, жекелеген жанжалды оқиғалар келтіріліп, осындай оқиға кезінде адамдардың мінез-құлықтарына баға беру үшін:
а) дұрыс жасады,
б) моральға жат қылық жасады,
в) қылмыс жасады деген жүйемен бағалау ұсынылды.
Жалпы сауалнама сұрақтары қылмыстық жауаптылық жасына; ересек және кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға қолданылатын жазаларға, бірқатар нақты қылмыстардың жазалылығына, мас жағдайда қылмыс жасау фактісіне баға беруге, бірқатар қылмыстардың ауырлығына баға беру; жазаның бұлтартпастығы туралы ұсыныстарды айқындауға; қылмыстық іс жүргізудің ашықтылығына болып, сауалнаманың қорытынды сұрақтары пікір білдірушілердің әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларына қатысты алынды.
Зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, сауалнамаға жауап берген жасөспірімдердің басым көпшілігіне құқық санасында құқық білімділіктің жетіспеушілігі тән. Олай деуге себеп, жауап бергендердің көпшілігі қылмыстық жауаптылыққа тартылу неше жастан басталатынын білмеуі, ағат басып, қылмыс жасаса, қылмыстық жауаптылыққа тартылытынын білмеуі, білсе де, немқұрайлылық танытуы, жазалау тәртібі ересектерге де жасөспірімге де бірдей екендігін білмеуі.
Сонымен қатар, сауалнамаға жауап бергендердің 28 пайызы, мәселен, қарақшылық шабуыл жасалып, оны көзімен көрген адам хабарламаса да, полиция оны ашатындықтарына күмән келтіріп, аша алмайды деп жауап берсе, тек 17 пайызы ғана қылмыс тез ашылады деген сенімде болған.
Тәжірибе көрсеткендей, бұндай қарақшылық қылмыстың ашылмайтынына және жазаның бұлтартпастығына деген ерекше сенбестік сезім бөтен мүлікті ұрлағандары үшін сотталғандарға тән болып келетіні белгілі.
Ұрлық, тонау және қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған жасөспірімдердің мардымсыз пайызы ғана (4-тен 18-ге дейін) осы қылмыстың тез ашылатынына сенімді.
Зерделеу көрсеткендей, қалада жасалған құқық бұзушылықтың басым бөлігін жасөспірімдер жасаған. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықтың көп таралуына белгілі бір мөлшерде, біздің ойымызша, көптеген отбасыларында әкелерінің жоқтығымен де байланысты. Осындай отбасыларында олар үшін қажетті әкелік ықпал көрсетілмеген.
Көптеген отбасыларда өздерінің балаларының мінез-құлықтарына лайықты бақылау жасау болмаған. Бұл жөнінен, атап айтқанда, кәмелетке толмаған сотталғандардың 91 пайызы қылмыстарды кешкі және түнгі уақыттарда, яғни ата-аналары жұмыстан кейін үйлерінде болып, балаларының іс-әрекеттерін бақылауға мүмкіндіктері болған кезде жасаған. Қараусыз қалғандықтың кең таралуын, сондай-ақ соңғы жылдары сотқарлықтары мен кезбелікке салынғандары үшін полицияның бөлімшелеріне жеткізілген кәмелетке толмағандар санының өсуінен де анық байқалады.
Қала мектептерінде «тәрбиесі қиын» жасөспірімдермен дифференцияланған (сараланған) тәрбиелік жұмыстар жүргізілгенмен де өз нәтижесін аз берген. Әдеттегідей «тәрбиесі қиын» жасөспірімдер жұмысқа тартылмаған, оларға қызықты қоғамдық тапсырмалар сеніп беріліп, өз ұжымдарының мақсатты жұмыстарына қатыстырылмаған, осыдан келіп, олар өз мүдделерінің қанағаттандырылуын сырттан іздеген.
«Тәрбиесің қиын» балаларға жеке қамқорлық жасау барлық мектептерде жоспарланса да, іс жүзіне келгенде нашар жүзеге асырылған. Балалармен өткізілген әңгімеде тіпті олардың кейбіреулері өздерінің қамқоршыларын да білмеген. Жекелеген сынып жетекшілері де өз сыныбындағы «тәрбиесі қиын» балалардың қамқоршысы кімдер екенін және бұл қамқорлықтың мәнісі неде екенін білмей келген. Мектептердің тексерулерінде «тәрбиесі қиын» балалардың отбасындағы тәрбиелік жағдайы жеткілікті зерттеліп, ата-аналарымен және олар жұмыс істейтін кәсіпорын, мекеме және ұйымдардың қоғамдық ұйымдарымен тұрақты байланыс жасамағаны белгілі болған.
Кәмелетке толмаған құқық бұзушыны дұрыс жолға салып, қайта тәрбиелеу үшін оның жағымсыз жақтарын ғана біліп қою аздық етеді. Бұл жерде белгілі бір жас аралығы (14-17 жас) үшін тән болып келетін өзіндік ерекшеліктерді жәнепсихологияныңкейбірбелгілерініңдамуын, психологиялық ерекшеліктеріне елеулі ықпал жасаушы оның жүйке жүйесінің ұйымдастыру ерекшеліктері, сондықтан қоғамдық қауіпті іс әрекетте олардың бой көрсетуі ескерілуі қажет.
Колония тәрбиеленушілерімен жүргізген жұмыс тәжірибеміз кәмелетке толмаған сотталғандарға мінездеме бере отырып, тәрбиешілер іс жүзінде олардың жүйке жүйесі мен психикасының жай-күйін мүлде ескермейді. Шынтуайтында, кәмелетке толмағандардың дәл осы ерекшеліктері жіті назар аударуды талап етеді. Ашушаңдық, долданушылық, қасарысушылық, инфактильдік, дөрекілік және басқалар сияқты қасиеттері көп ретте жүйке жүйесінің жайкүйімен тығыз байланысты болып келеді.
Кәмелетке толмаған өзінің жеке басының ерекшеліктеріне қарай, кенеттен пайда болған жәнедызетпеқұмарлықтыңәсеріменқолсұғудың қандай бір салдары туралы ойланып жатпастан қылмыс жасауға бейім тұратындарын ескеру қажет. Сөйтіп, шалықтаған эмоционалдылық және тежегіш реакцияның дағдылық процессінің тұрақсыздығы құқыққа қарсы қаскөйлік ниеттің қалыптасуы мен жүзеге асырылуында аз-кем рөл атқармайтынын да есте ұстаған абзал.
14-17 жас аралығында адамның ойлау қабілеті қайта құрылатынын; бала жасына тән түсініктері мен көзқарастары неғұрлым ойы толысқан, өзіндік (немесе, өзінің дербестігіне талпынған) ой-өрнегімен, айналасындағы адамдарды және жағдайларды жаңаша бағалайтынын; өзін танытуға, өз алдына қызмет атқаруға ұмтылысы күшейетінін ескеру қажет. Осыған орай бұрын және жаңадан пайда болған ұғымдары, бағалары арасында, жаңа ғана қалыптаса бастаған жаңа рухани ерекшеліктер мен балалық сотқарлықтың сипаты бар уәждемелері арасында қайшылықтар пайда болады. Осыдан келіп, пайымдаулары мен қорытындыларының қосарлануы, мінезқұлықтарының тұрақсыздығы, бағыттылықтарының және психологиялық өзге де ерекшеліктерінің тез өзгеріске ұшырайтынын есте ұстау керек.
Ресейлік Я. И. Гилинский өзінің жүргізген зерттеулерінде «жасөспірімдердің жоғары криминалды белсенділігін сипаттай келе, олар кез келген мемлекеттің болашағы, сондықтан, олардың күнделікті үйреншікті тәртібінен, өмір сүруінен, жеке басының саналылығынан болашақ қоғам, мемлекет тағдыры байланысты екенін, криминалды белсенділікті азайту үшін криминологиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық жағынан белсенді көңіл бөлу керектігін айтып өткен. Ғалымның пікірінше, сауалнама жүргізген дұрыс, бірақ, сол сауалнаманың нәтижесін нақты зерделеу арқылы болашақта қылмыстылыққа жол бермеу керек [9].
Шынымен де қазіргі жасөспірімдердің белсенділігі құптарлық нәрсе, десек те, сол белсенділіктің жат әрекеттерге бағытталмауы ең басты талап. Жасөспірімдердің өздерінің істеп жүрген істеріне, оқу мен еңбектеріне, кей-кездері тұрып жатқан үй-жайына, өзінің мүмкіндіктерін көрсете алмағандығына көңілі толмауы – сол ең басты талапты орындауға кедергі жасайды. Көңіл толмаушылық жасөспірімдердің «зауқы» жоқтығымен емес, керісінше, кейбір объективті жағдайлардың болуымен түсіндірілетін сияқты. Қалай десек те, болашақ тағдырын тізгіндейтін жеткіншектердің өз тағдырына талғампаздықпен қарауы ересектерге байланысты. Ересектер тарапынан қадағалаудың басымдылығы олардың тарапынан істелетін жат әрекеттерді де азайтар еді. Ересектер тарапынан қадағалаудың басымдылығы кәмелетке толмағандардың құқық санасын да зерделеуге көп көмегін тигізеді. Ал, кәмелетке толмағандардың құқық санасының жетілуі қылмыстың да азаюына жол ашары, ықпал етері сөзсіз. Олай деуге толық негіз бар екендігіне күмән жоқ екендігіне болашақта көз жеткізетін болармыз. Оған күдіктен үміт басымырақ.
Әдебиеттер
- Сухомлинский В.А. Таңдамалы шығармалар. I том. – М.,
- Парнищев А.Ф. О характере групповых преступлений, совершаемых несовершеннолетними, и вопросы уголовной ответственности соучастников преступления. Преступления и ответственность. – Алма-Ата,
- Белякова А.М., Карев Д.С., Орлов В.С. Правовая охрана детства. – М.,
- Якобсон Г.М. Эмоциональная жизнь школьника. – М.,
- Нарикбаев М.С. Подросток и закон. – Алма-Ата,
- Вайсберг А., Тайбекова Ш. Алкоголизм и преступность несовершеннолетних. – В кн.: Вопросы борьбы с преступностью несовершеннолетних. – Алма-Ата,
- Болдырев Е.В., Герцензон А.А. Алкоголизм – путь к преступлению.