Дәлелдемелерді бағалау кезіндегі «ішкі сенім» термині қылмыстық іс жүргізу бойынша әдебиеттерде қылмыстық сот өндірісіндегі негізгі дәлелдеу қағидаларын анықтауға қатысты күрделі пікірталастар орын алған 19-20 ғасырлардың шекарасында кеңінен қолданыла бастады. Дәлелдемелерді бағалау жүйелері (қағидалары) туралы мәселе басқа даулы және маңызды мәселелермен қатар бірінші орында болды. Бұл кезеңде қылмыстық сот өндірісінде дәлелдеу мәселелерін зерттеумен айналысатын барлық авторлар дәлелдемелерді формальды бағалау теориясына қарсы шықты [1, 76 б.]. Біз дәлелдемелерді формальды бағалау теориясының қайта жаңғыруы теріс салдарға әкелетінін дәлелдеген осы ғалымдардың көзқарасын қолдаймыз, себебі алдын ала тергеуді жүзеге асыратын тұлғалардың, судьяның ішкі сеніміне емес, тек дәлелдемелердің белгілі бір сомасының болуына немесе жоқтығына ғана негізделген дәлелдемелерді формальды бағалау қылмыстық сот өндірісінен оның имандылық критерийін мүлдем жоққа шығарады. Ал бұл өз кезегінде азаматтардың қылмыстық сот өндірісінің қайсыбір әділдігіне деген жалпы сенімінің жоғалуына әкеледі, ал азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі соншалықты жоғары емес қазіргі жағдайларда дәлелдемелерді формальды бағалау теориясының қайта жаңғыруы ешқандай да орын алмауы тиіс. Сондықтан ҚР ҚІЖК 25-бабында судья, прокурор, тергеуші, анықтаушы дәлелдемелерді қаралған дәлелдемелердің жиынтығына негізделген өздерінің ішкі сенімі бойынша, заңды және ар-ожданды басшылыққа ала отырып, бағалайды деп атап өтіп, дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау қағидасын белгілеген заң шығарушыны толығымен қолдаймыз. Бұл жерде ішкі сенім белгіленген іс жүргізу нысанына сәйкес келетін іс жүргізу шешімдерінде және құжаттарында бекітілетін дәлелдемелерді бағалау актісінің түрінде айқындалатынын атап өту қажет.
«Ішкі сенім» ұғымының мәнін аша отырып, бірқатар авторлар бұл субъективті-объективті категория деп санайды [2, 124 б.]. Ішкі сенімнің субъективтілігі, олардың пікірінше, бұл нақты адамның тану қызметінің тек жеке қорытындысы болып табылатынымен айқындалады, ол ұжымды бола алмайды, себебі міндетті түрде субъекттің өзімен білдірілуі тиіс. Сенім – бұл өз табиғаты бойынша сырттан дайын түрінде алына алмайтын сана күйі, дәлелдеу субъектісі білімді өзінің кәсіби тәжірибелік қызметінің негізінде игере отырып, оларды өз нанымдарына айналдырады. Ішкі сенімнің объективтілігінің негізінде құрамы субъекттің жеке тұлғалық бағытына, ниетіне және еркіне тәуелсіз дұрыс білім жатуы қажет. Біздің пікірімізше, мұндай көзқарас онша дұрыс емес, себебі ішкі сенім дәлелдеудің нақты субъектісіне тән, тек жеке тұлғалық сипатта болып, оның жеке басының бағалауын айқындап және дәлелдеудің басқа субъектілерінің ішкі сеніміне толық сай келмеуі мүмкін болғандықтан ішкі деп аталады, себебі дәлелдемелерді бағалау еркіндігі жеке, өзге пікірден тәуелсіз сенімді қалыптастыруда болып табылады. Бұған қоса қайсыбір мән-жайдың объективтілігі нақты дәлелдеу субъектісінің бағалау қызметінің барысында анықталады және объективті мән-жайлардың субъективтік бағалауы туралы айту бұл жағдайда орынсыз.
Ішкі сенім объективті факторлардың ықпалына қарамастан, ресми-қисынды қорытындылармен шектелетін сана түбіндегі деңгейде елеулі шамада қалыптасады. Оған жан-жақты зерттелген және бағаланған дәлелдемелерге және олардың қайнар көздеріне негізделген шынайы ақиқаттылықты объективті тану барысында қол жеткізіледі.
Сенімдердің қалыптасуы және сәйкесінше олардың талдауы тікелей білімнен емес, тәжірибелік қызметтен басталса да, дәлелдеу субъектілерінің және атап айтқанда, алдын ала тергеуді іске асырып жатқан субъектілердің ішкі сенімінің қалыптасуына зерттелетін оқиға туралы білім елеулі ықпал ететінін айта кету керек. Бұл жағдайда білім және тәжірибе қарамақарсылықтар бірлігінде болады, тәжірибе білімді қажет етеді, ал білім тәжірибеден озады, демек, оған түрлену жолдарын көрсетеді, бұдан кез-келген білім ойлау ғана емес, сонымен қатар тәжірибе өнімі екені туады. Білімнің әділ соттың тәжірибесімен, мақсаттары және міндеттерімен тығыз байланыста қисынды жалпылануының дәл өзі құқық қолданушының ішкі сенімін қалыптастырады.
Білімсіз ішкі сенімнің болмысы мүмкін емес. Айта кететін жайт, ішкі сенім оның негізінде жатқан түсініктің ақиқаттылығына немесе жалғандығына тәуелді емес, ол біліммен бірге туады және дамиды. Егер білім шынайы ақиқаттылықтың зерттелетін оқиғаларын дұрыс айқындаса, олардың құрамы объективті сипатқа ие болады, ал санада жүріп жатқан психикалық үрдіске қосыла отырып, білім құқық қолданушының ішкі нанымына да объективті сипатты береді. Сондықтан «...құқық қолданушының ішкі сенімі – бұл «интуиция», кенет біліп қалу», «импульс» емес, ойлы және дәлелді сенімділік» [3, 133 б.].
Алдын-ала тергеуді жүзеге асырып жатқан субъектінің ішкі сенімінің қалыптасу үрдісі үшін субъектінің дәлелдемелердің дұрыстығын, қатыстылығын, жол берілушілігін және жеткіліктілігін, сонымен қатар жасалған қылмыстық әрекетті дұрыс дәрежелеуге мүмкіндік беретін іс мән-жайларының маңыздылығын бағалау нәтижесінде туындайтын білім құрамына деген қарым-қатынасы маңызды болып саналады.
Құқық нормаларына сәйкес ішкі сенімнің қалыптасуының дәл өзі сол үрдістің және оның нәтижесінің объективтілігін арттырудың кепілі болып табылады. Сондықтан ішкі сенімді қалыптастыру үшін алдын ала тергеуді жүзеге асыратын субъектке ақиқатты білімге ие болумен, оны ақиқатты деп сезінумен қатар, сол білім заңмен белгіленген іс жүргізу нысанын сақтай отырып алынуы қажет.
Ішкі сенім тек рационалдық қана емес, сонымен бірге бір-бірінен ажырамайтын рационалдық-эмоционалдық сана саласының өнімі – «адам сезіне отырып, ойлайды және ойлай отырып сезінеді». Бұдан шығатыны субъектілердің ішкі сенімінің қалыптасуына тану нысаны туралы білімді алу барысында пайда болатын эмоциялар, сезімдер де әсер етеді және сыртқы әлемді тану үрдісінің субъективті жағын көрсетеді. Бұл жағдайда білімге әсер ететін эмоциялар, білім алдын ала тергеуді жүргізіп жатқан тұлғаның нанымдарын анықтамау керек, себебі оның ішкі нанымының негізінде қабылданатын шешімдер адамның құқықтары мен бостандығын шектей алады, оның кейінгі тағдырына әсер ете алады.
Ішкі сенімнің қалыптасу үрдісіне әсер ететін негізгі интеллектуалдық сезімдер ретінде қылмыстық іс бойынша қабылданған шешімнің дұрыстығынасенімдіболужәнекүмәнсезімдерін атауға болады. Сенімділік сезімі қандай да бір белгісіздікті, анықсыздықты жоққа шығарады және тану қызметінің субъектілері жасаған қорытындыдан басқа қорытындыға рұқсат бермейді. Бұдан шығатыны сенімділік сезімі, бір жағынан, қисынды дәлелдеу үрдісімен, екінші жағынан, тек жеке тәртіптегі элементтермен (тәжірибемен, біліммен, қызығушылықтар ортасымен, жеке тұлғаның даму бағытымен және т.б.)» шартталады. Сенімділіктің дәл өзі біржақты шешімдер жасап, оларды құбылусыз және күмәнсіз жүзеге асыру бойынша мықты жайғасымды алуға мүмкіндік береді. Алайда сенімділік сезімін субъективтік мүмкіндіктер асыра бағалап, ал білім істегі іс жүзіндегі деректермен салаластырмайтын асығыстық, дәлелсіз қорытындыларға негізделетін, объективті ақиқатты анықтауға септігін тигізе алмайтын өзіне-өзі асқан сенушілік сезімінен ажырату қажет. Сондықтан ақиқатты сенім жеткілікті шамада объективті негізделген, оның ақиқаттылығына деген мықты сенімділікті тудыратын білімге ғана негізделуі тиіс.
Күмән ішкі сенімнің қалыптасу үрдісінде қандай рөл атқарады? Күмән деп кейбір заңгерлер «қайсыбір фактілерді немесе олардың арасындағы қайсыбір байланысты растау немесе жоққа шығару арасындағы біздің ойымыздың құбылу күйі» деп түсінеді. Күмән сенімділікке қарама-қарсы интеллектуалды сезім болып табылады және кез-келген тәжірибелік ізденістің негізі, шығармашылық ойлау үрдісінің уәжі, бастапқы нүктесі болып табылады. Күмән ықтимал біліммен, ал сенімділік дұрыс біліммен үздіксіз байланысты [4, 252 б.].
Қабылданатын шешімнің дұрысытыған күмәндану қабілеті – алдын ала тергеуді жүзеге асырушы субъектке қойылатын маңызды талаптардың бірі. Дәлелдеу барысында күмәндар «тергеушіні жаңа қосымша мәліметтерді және дәлелдемелерді іздеуге жұмылдырады және итермелейді, алайда тергеу іс бойынша маңызды әрі қорытынды шешімді қабылдау қажет болатын, дәлелдемелерді қорытынды, аяқтаушы бағалау кезінде кез-келген күмәндар және қарама-қайшылықтар сенімді түрде жойылуы тиіс [5, 52 б.].
Басқа жағынан, алдын-ала тергеуді жүзеге асырушы субъекттердің уақытпен шектелуі, ақпарат және материалдық қорлардың жетіспеушілігі, көптеген психологиялық ықпалдарға шалдыққыштық ұзақ күмәндар үшін мүмкіндік бермейді. Тергеуші негізделген күмәндар мен негізделмеген сенімсіздіктің арасындағы тепе-теңдікті іздеу керек. Кезкелген күмәндар белгілі бір білім жиынтығының болуымен негізделуі тиіс, ал сенімсіздік алынған білімге ешқандай қатысы жоқ, ол тек мінез сипаты болып табылады. Тергеуші әрбір нақты жағдайда қылмыстық істі тергеу барысында пайда болатын кез-келген күмәндарды және белгісіздіктерді тұрақты түрде жеңуі тиіс және өзінің соңғы қорытындыларында қандай да бір өзара жоққа шығаратын шешімдерді болдырмау керек. Сонымен бірге болашақта бұған дейін жасалған қорытындыларға күмәндандыратын қандай да бір жаңа мән-жайларды анықтау мүмкіндігін теріске шығармау керек. Қайта ашылған мән-жайлар бойынша істерді қайта жаңғырту институтын қарастыра отырып, заң шығарушы дәл осы жағдайды ескереді. Қайтсе де «теориялық» күмәндар іс бойынша шешімді тоқтата алмайды, кері жағдайда әділ сот мүлдем мүмкін болмайды.
Сенімдерді жүзеге асыру түрлі қиындықтардан өтумен жиі қатар жүреді. Осыған байланысты алдын-ала тергеуді жүзеге асырушы субъекттің сенім негізінде жатқан білімге сәйкес әрекет етуге оның субъективті дайындығын анықтайтын ерік жағдайы оның ішкі сенімінің қалыптасуы үрдісінде маңызды мәнге ие. Қабылданатын шешімнің дұрыстығына, негізделгендігіне сенімділік – бұл тек белгілі бір сезім емес, сонымен қатар сол шешімді орындауға бағытталған қызметті жүзеге асыратын ерік жігер. Сондықтан қалыптасқан нанымдардың негізінде әрекет етуге дайындық білімнің ақиқаттылығына, әділдігіне сенімділік күші туралы куәлік етеді, яғни алдын-ала тергеуді жүзеге асырушы субъект заңмен қарастырылған нысанды сәйкес іс жүргізу шешімін қабылдауға дайын, яғни ол өзінің дұрыстығына кәміл сеніп тұр, ал мұндай дайындықтың жоқтығы қалыптасқан сенімнің жоқтығы туралы куәлік етеді. Бұл тұрғыда ерік ішкі сенім негізінде шешім қабылдау қабілетімен айқындалатын субъект еркіндігінің әлдебір аспектісі болып табылады. Субъекттің сенімін оның сөздерінен ғана емес, сонымен қатар нақты әрекеттер мен іс-шаралардан көру керек және сенімнің ерікті элементі оның сенімі үшін жеке басты белсенділігін, жауапкершілігін, оларды қорғауға, кейінге негіздеуге, жол табуға дайындықты анықтайды.
Жоғарыда аталғаннан көрінетіні, алдын-ала тергеуді жүзеге асырушы субъектінің санасындағы сенімдердің қалыптасу үрдісі білімді біртіндеп жинақтауды да, эмоционалдық саланың дамуын да, сонымен қатар олардың элементтерінің арасындағы сәйкессіздікті тұрақты жеңу болып табылады. Сондықтан субъект өз қызметінде сенімнің барлық құрамдас бөліктерінің үйлесуіне талпынуы керек, ал бұл өз кезегінде, оның алынатын білімге ғана емес, сонымен қатар олардың субъективті бағалауының психологиялық үрдісіне деген сыни қарымқатынас болғанда ғана мүмкін болады.
Ішкі сенімді психологиялық категория ретінде қарастыра отырып, ол сананың белгілі бір күйімен – іс бойынша қабылданған шешімнің дұрыстығына сенімділікпен, сонымен қатар өз нанымдарына сәйкес әрекет етуге ерікті дайындығымен сипатталатынын айтуға болады. Сенімде алдын ала тергеуді жүзеге асырушы субъекттің психикалық құрылысының, әлеуметтік қасиеттерінің өзіндік ерекшеліктері, сонымен қатар қылмыстық іс жүргізу құқығының нормаларымен реттелетін оның кәсіби қызметінің мақсаттары мен ерекшеліктері айқындалады. Сенімнің психологиялық құрамдас бөліктері тану барысында туатын күмәндарды жеңуге көмектеседі.
Ішкі сенімнің қисынды табиғаты оның «ешқандай күмәнға жол бермейтін, іс деректерінен жасалған біржақты қатаң қорытынды» болып табылатынымен айқындалады.
Алдын-ала тергеуді жүзеге асырушы субъектілердің ішкі сенімінің қалыптасуына әсер ететін мән-жайлардың қатарына оның адамгершілік бағыттарын жатқызуға болады, себебі ішкі сенімнің дәл өзі қабылданатын шешімнің моральдық негізі, оның дұрыстығы мен әділдігінің адамгершілікті-психологиялық кепілі болып табылады [6, 14 б.].
Субъектілердің қолданыстағы заңнаманы білу, білімділік, эрудицияның болуы, ойдың талдампаздық құрылымы, шешімдерді жылдам қабылдай білу, қарым-қатынастылық, салмақтылық, сабырлылық, стрестерге тұрақтылық, мұқияттылық, адалдық, риясыздық, тәртіптілік, ұяттылық, кішіпейілділік, өз ісіне адалдық, реализм, жаны ашуға қабілеті сияқты интеллектуалдық,психологиялық,адамгершіліктік қасиеттері ішкі сенімнің қалыптасу үрдісінде маңызды рөлді атқарады, себебі оларға нәтижесінде қате сенімнің пайда болу мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік беретін, іс жүргізу қызметінің барысында өзінің психикасын, көңіл-күйін, мінез-құлқын өз бетінше бақылауын жүзеге асыру қабілеті тәуелді болады. Сондықтан алдын ала тергеуді жүзеге асырушы субъектілер өз қызметінде олардың кәсіби борышын орындауға, олардың риясыздығы мен тәуелсіздігіне септігін тигізетін жоғары стандарттарға талпыну керек. Бұл эмоционалдық күйді тұрақты өз бетінше бақылау, өзінің әлсіз жақтарын сезіну және оларды жеңу жолымен ғана жүзеге асырыла алады. Сонымен қатар жек көргіштік, қылмыскерді жек көру, жәбірленушілерге жаны ашу сияқты адамгершілік сезімдердің өзі «ішкі сенімнің қалыптасуына кері әсер ете алады» [7, 27 б.].
Мұндай жағдайда ақиқатты іздеу әуестікке айналуы мүмкін.
Ішкі сенімнің қалыптасу үрдісі адам санасында жүріп, сырт көздің бақылауында бола алмайтындықтан, субъектілердің өзінің кәсіби борышына адалдығы бұған байланысты үлкен мәнге ие болады. Өзінің кәсіби борышын сезіну және сақтау – ішкі сенімнің қалыптасуының маңызды шарты, себебі осы шартпен алдын ала тергеуді жүзеге асырып жатқан субъектілердің тәуелсіздігі және риясыздығы қамтамасыз етіледі. Бұл жағдайда «заң талаптарын қатаң сақтаудың дамыған борыш сезімі іс-әрекеттің белгілі бір саналы желісін, ал содан кейін тиісті мәселелерді шешу кезінде тек заңға сүйену әдетін құрайды», әрине, бұл ішкі сенімнің қалыптасу үрдісіне үлкен ықпалын тигізеді.
Ішкі сенімнің қалыптасуына әсер ететін факторлардың қатарына заң мен ар-ожданды жатқызуға болады, себебі дәл солар заң шығарушымен ҚР ҚІЖК ішкі сенімге арналған 25-бабында көрсетілген.
Ар-ождан «тұлғаның адамгершілік өзінөзі бақылауды жүзеге асыруға, өзі үшін адамгершілік міндеттемелерін дербес құруға, өзінен оларды орындауды талап етуге және жасалып жатқан әрекеттердің өзін-өзі бағалауын жасауға қабілеттілікті» анықтайды [8, 41 б.]. Арождан – адамгершілік категориясы ғана емес, сонымен бірге философиялық, психологиялық, діни категория, сондықтан ол қазіргі таңда заңда бекітілді, сондай-ақ ол тұлғаның өз іс-әрекетін құқық нормаларының шегінде сол іс-әрекеттің моральға сәйкестігінің тұрғысынан бағалау қабілетін білдіретін құқықтық категория екенін де айтқан орынды.
Айта кететін жайт, ар-ождан өте абстрактілі ұғым, себебі әр адам оған өзінің субъективті мағынасын береді және тұлғаның дүниетанымы, мәдениет пен интеллект деңгейі өте маңызды. Осыған байланысты В.А. Азаровтың «бұл адамгершілік категориясы құқық қорғаушының, ең алдымен, тергеушінің, анықтаушының ішкі сенімінің қалыптасу дұрыстығының баламалы критерийі, өлшеуіші болатынына сену қиын. Мұнда біздің ойымызша, берілген адамгершілікпсихологиялық категорияның заңға енгізілуінің негізгі қаупі жатыр» деген пікірі дәлелді деп ойлаймыз [9, 22 б.]. Сондықтан қылмыстық іс жүргізу заңында соншалықты кең мазмұнды категорияны бекіткен орынсыз деп ойлаймыз.
Бұл жағдайда «құқықтық сана» категориясы, біздің пікірімізше, неғұрлым ортақ, нақты, құқықтық құбылыстарды білудің және түсінудің жоғары дәрежесіне ие категория болып табылады. Құқықтық сана деп, әдетте, «құқықтық маңызды жағдайларда адамдардың іс-әрекетін реттейтін құқықтық білімнің және құқыққа әрі оны жүзеге асыру тәжірибесіне қатысты бағалау қарым-қатынастары, құқықтық қалыптар мен құндылықты бағыттар түріндегі құқықтық шынайылықты айқындайтын» сана түрін және аясын түсінеді. «Құқықтық сана» категориясында адамдардың өткен құқыққа, қазір қолданыстағы құқыққа және болашақта қалаулы құқыққа деген қатынасы бірігеді. Қазіргі таңда заңнаманы реформалауға байланысты құқықтық сана мәні қайта өзекті сипатқа ие болып отыр. Дәлелдемелерді бағалау кезінде құқықтық сананы басшылық ету талабын нормативтік бекітуден бас тартпаған жөн деп ойлаймыз, себебі құқықтық сана да, ар-ождан да субъектілердіңтанымқызметіүшінөтемаңызды, себебі қылмыстық сот өндірісі – бір жағынан, құқық нормаларымен реттелген қызмет, екінші жағынан, адамгершілік императивтері үлкен мәнге ие болатын құқық салаларының бірі, себебі құқық қолданушының шешіміне адамның болашағы, қоғамда әділеттіліктің қалпына келуі тәуелді. Сондықтан біздің ойымызша,«құқықтық сана» категориясын «ар-ождан» категориясымен қатар нормативті бекітілген ішкі сенімнің қалыптасу бағыты ретінде пайдаланған жөн болады.
Қорытынды ретінде айта кететініміз, ішкі сенімге ықпал ететін барлық қарастырылған факторлар қылмыстық іс жүргізу қызметіне белгілі бір импульсті құруға арналған. Егер заң сенім мен оған негізделген іс жүргізу әрекеттерінің құқықтық-материалдық, сондайақ іс жүргізу нормаларының талаптарына сай болуын міндеттей отырып, ішкі сенімнің еркіндігін қамтамасыз ететін арнайы кепілдіктерді қарастыра отырып, алдын-ала тергеуді жүргізуші субъект сенімінің объективтілігінің негізгі кепілі болса, онда қалған факторлардың әрекет ету тетігі адамның рухани саласына ғана қатысты. Ю.М. Грошевой дұрыс айтқандай, қылмыстық іс жүргізу қызметінде «... оның қатаң құқықтық реттелген қажетті саласынан басқа, заң аясында іс жүргізу шешімдерінің түрлі нұқсалары қарастырылатын, белгілі шектерде қараудың салыстырмалы еркіндігі іске жататын ықтимал саласы да бар. Мұнда тиісті іс-әрекетті таңдау кәсіби құқықтық сананың деңгейімен ғана емес, сонымен бірге берілген қылмыстық іс жүргізу жағдайында шешім қабылдайтын субъектінің ұстанымымен шартталады» [10, 74б.]. Сондықтан субъектінің жеке тұлғасы, оның адамгершілік идеалдары, қызметінің әлеуметтік-психологиялық ниеттері өте маңызды, себебі шын мәнінде, құқық ешқашан имандылықтан ажырамайды [11, 27 б.].
Әдебиеттер
- Викторский С.И. Русский уголовный процесс. Судоустройство-судопроизводство. – 3-е изд. – СПб., – 417 с.
- Корухов Ю.Г., Зелинская О.Б. Процессуальная категория «внутреннее убеждение» с позиции нравственных начал следственной деятельности. Уголовный процесс и криминалистика на рубеже веков. – М., 2000. – С. 124-126.
- Строгович М. С. Курс советского уголовного процесса. – М., 1958. – 264 с.
- Теория доказательств в советском уголовном процессе / отв. редактор Н.В. Жогин.2-е изд., испр. и доп. – М.: Юрид. лит., – 438 с.
- Мухин И.И. Важнейшие проблемы оценки судебных доказательств в уголовном и гражданском судопроизводстве. – Л., 1974. – 162 с.
- Москалькова Т.Н. Этика уголовно-процессуального доказывания. – М.,1996. – 84 с.
- Горский Г.Ф., Котов Д.П., Кокорев Л.Д., Судебная этика. Некоторые проблемы нравственных начал советского уголовного процесса – Воронеж, 1973. – 94 с.
- Резник Г.М. Внутреннее убеждение при оценке доказательств. – М., Юридическая литература, 1977. – 120 с.
- Азаров В.А. Оценка качества доказательств как элемент судебного контроля. Сборник научных работ / под ред.М.С. Гринберга. Вып.7. – Омск, 2003. – С. 22-24.
- Грошевой Ю.М. Профессиональное правосознание судьи и социалистическое правосудие. – Харьков, 1986. – 111 с.
- Коркунов Н.М. Проблемы права и нравственности. Русская философия права. – СПб., 1999. – 82 с.