Демократиялық мемлекеттердің қылмыстық құқықтық жүйесі заң қағидаларына жүгінеді. Ал Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы қағидасына сәйкес, кінәсіз қылмыстың болуы да мүмкін емес, демек, кінәсіз жауапкершіліктің де болуы мүмкін емес [1, 8 б.]. Яғни тұлға жасаған әрекеті мен оның қоғамға қауіпті салдарына қатысты, өзінің қылмысқа қатысты кінәсі дәлелденген әрекеттер үшін жауапкершілікке тартылады. Кінәні дұрыс саралап, оның мазмұнын анықтау қылмыстық жауапкершіліктің дұрыс белгіленуінің негізі болатындығын білдіреді.
Кінәнің негізгі көрсеткіштерінің бірі оның дәрежесі болып табылады. Кінәнің мәні мен түсінігі секілді, кінәнің дәрежесі түсінігі де қылмыстық заңнамада көрсетілмейді, тек қазіргі таңда теориялық сипатта танылады. Дегенмен кінәнің дәрежесін теориялық тұрғыдан қарастыру тәжірибелік үлкен маңызға ие, әсіресе сот тәжірибесі бұл түсінікті кең көлемде қолданады. Кінәнің бұл көрсеткішін сот тәжірибесіне әрі қарай енгізу үшін оның нақты объективті сипаттарын анықтауымыз қажет. Кейбір кінәні зерттеуші ғалымдар оның дәрежесіндегі айырмашылықты қасақаналық және абайсыздықты ажырату арқылы қарастырады және осылайша еш негізсіз кінәнің сандық және сапалық сипаттамасын араластырады [2]. Өзге ғалымдар кінә дәрежесінің астарында кінә мазмұны жиынтығын құрайтын белгілі бір дәрежеде интенсивті интеллектуалды және ерікті процестерінің бар екендігін айтады [3, 13-18 бб.], яғни кінә дәрежесін әлеуметтікәдептік жүктемесі көрсетілмеген психологиялық категория ретінде қарастырады. Кінә дәрежесі қасақаналық немесе абайсыздықтың бар болуы шеңберінен тереңірек жағында деген де ойлар айтылды. Ол тек қана осы белгілердің болуымен ғана шешіліп қоймайды, іске қатысты барлық объективті және субъективті белгілердің болуымен анықталады, демек, кінә дәрежесiне тәуелдiлiк бұл қылмыстық жауапкершiлiктiң негiзi болып табылады [4, 74 б.].
«Кiнәнiң дәрежесi» ұғымы кiнәнiң салыстырмалы ауырлығын бiлдiретiн оның сандық сипаттамасы. Ол кiнәнiң сипатын саны жағынан қамтитын, адамның қылмыс жасау кезiндегi негiзгi әлеуметтiк құндылықтарға деген жағымсыз, жек көру немесе ұқыпсыз қатынасының мөлшерiн бiлдiредi. Кiнәнiң дәрежесi қылмыстың объективтi жағдайларымен – қоғамға қауiптi әрекеттiң сипатымен, әрекет немесе әрекетсiздiкке психикалық қатынастың ерекшелiктерiмен, қылмыстың ниетi мен мақсаты; кiнәлiнiң жеке басын сипаттайтын жағдайлармен, сонымен бiрге қасақаналықтың пайда болуына немесе абайсыз әрекеттiң мазмұнына ықпал ететiн себептер мен жағдайларға байланысты анықталады. Кiнәнiң нысаны – кiнәнiң мазмұнын құрайтын элементтердiң өзара бiр-бiрiмен және қылмыстың объективтi белгiлерi мен байланысы және ұйымдастырылу әдiстерi. Яғни кiнәнiң нысаны кiнәлi адамның өзi жасаған қоғамға қауiптi iс-әрекетке және оның зардаптарына деген қатынасын куәландыратын интеллектуалдық және ерiктiлiк кезеңдердiң белгiлi бiр сәйкес келуiн заңда қарастыру. Кiнәнiң нысанын заңшығарушы анықтайды. ҚР ҚК-нің 20 және 21-баптарында заңшығарушы кiнәнiң нысанын анықтауда екi психологиялық элементтi қолданады:
Себеп және мақсаттың кінә дәрежесіне ықпал ететіні сөзсіз, бірақ оның құрама элементтері ретінде емес, адам психикасының интеллектуалдық және еріктілік жақтарының диалаектикалық қарым-қатынас күшінде.
«Индивидтің еркі мен санасын себептілік байланыстырушы буын болып табылады. Сонымен қатар барлық объективті және субъективті белгі құрамы бір бүтінді құрайды» [5, 61 б.]. Мақсат пен себеп шынайы әрекеттің жағдайын анықтайды, әдістер мен құралдарды шешімді таңдайды. Соның негізінде қылмысты әрекеттің тамаша үлгісі қалыптасады, демек, бұл шынайы қоғамға қауіпті әрекетке деген тұлғаның психикалық қатынасы, яғни кінәнің іргесінің қалыптасуын білдіреді. Адамның терiс құнды бағыттарының тiкелей тудыра тұра, олар әлеуметтік жоспарда тұлғаның психикалық шығармашылығына қоғамға қауіпті әрекет түсінігіне байланысты теріс ықпал етеді, психикалық шығармашылыққа жағымсыз сипат береді.
Осылайша, кінә дережесі – бұл маңызды қоғам құндылықтарына кінәлінің жасаған қылмысында менмендікпен немесе тұлғаның жеткiлiксiз ықыластық қарым-қатынасының салдары кінәнің сандық жағы мен теріс шараны, әлеуметтік және психологиялық мазмұнын білдіру арқылы бағалау категориясы. Кінә дәрежесі қылмыстық-құқықтық еріксіз көндіру мөлшеріне тікелей тәуелді, құқық бұзушының әлеуметтiк бағыттарындағы ақауларды анықтауға берілетін жазаның көлемін белгілеуде маңызды.
Кінәнің дәрежесі қылмыс жасау кезіндегі көптеген объективті және субъективті жағдайларға байланысты болады. ҚР Қылмыстық кодексінде белгіленген заң нормасына сәйкес кінәнің дәрежесіне ықпал ететін субъективті жағдайға тұлғаның қылмыс жасау сәтіндегі психикалық күйі мен себебі жатады [6,218 б.]. Қасақана қылмыста кінәлі әлеуметтiк құндылықтарға әдейi қастық ойлап, оларға деген өзінің айқын теріс қатынасын білдіреді, ал абайсызда жасалған қылмыста мұндай айқындық байқалмайды. Демек, қасақаналықта абайсыздыққа қарағанда субъектінің нақты бағыттары деформацияланған болып келеді. Қасақаналық пен абайсыздық түрлерінің салыстырмалы ауырлығын анықтау қиындық тудырады. Егер бірдей жағдайда тікелей және жанама қылмыс түрін салыстырып қарайтын болсақ, онда тікелей қасақаналық жанамаға қарағанда қауіптірек. Көп адамға өлім тілеуші адам әлдебіреулерге өлім тілемеген тәртiпсiз атыс ашқан тұлғаға қарағанда қауіпті, саналы түрде өртеген үйінде аурудың өмірін тілеу сол ауру адамға нақты өлім тілеген өрт тұтатушыға қарағанда қауіпсіз.
«Кінә дәрежесі» ұғымының зерттелуі. Қылмыстық құқық кітаптарының авторлары көп жағдайда кінәнің дәрежесі (степень) мәселесін зерттеу нысаны ретінде көтерген емес. Кінә дәрежесі туралы ҚР ҚК-де арнайы аталып өтпейді. Кінә дәрежесі мен жалпы абайсыздық дәрежесі жөнінде профессор Б.С. Утевскийдің еңбегінде нақтырақ жазылған. Дегенмен бұл сұрақ қылмыстық құқықта арнайы талданбағандықтан, аталған терминді сот шешімдерінде жиі қолданылмайтындығын айтып, кінә дәрежесі түсінігінің астарында қандай мән бар екендігін ашып көрсетпеген.
«Кінә дәрежесі» мәселесін талдаған кезде бұл терминді кінә түсінігімен бірге талдаған жөн. «Кінә – бұл тұлғаның жасайтын әрекетінің (әрекетсіздігі) мазмұны мен сипатын және оның салдарын саналы түрде сезінуі, аталғандардың негізінде сот ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сай айғақтар мен тексеру жұмыстарын тиісті тәртіпте анықтауы» [6, 157 б.].
Кінә түсінігіне анықтама бергенде «тұлғаның жасайтын әрекетінің (әрекетсіздігінің) сипаты мен мазмұнын және оның салдарын саналы түрде сезінуі» деген сөз тіркестерін қолданамыз. Ал дәл осындай анықтама кінә дәрежесі түсінігін талдағанда ол, әдетте кінәнің анықтамасымен бірдей келе бермейді. Бұл кінәлінің жеке тұлғасының дамуынан, оның өмірлік тәжірибесінен, білім алуы мен т.б. субъективтік ерекшеліктеріне байланысты болады. Осылайша, бір жағдайда қылмыс жасаған екі бірдей тұлғаның қылмыстық әрекеті (мысалы, жолкөлік ережесін бұзу, мұзды жолда автокөліктің жылдамдығын арттыру нәтижесінде абайсызда адам өліміне әкелуі), жаза әртүрлі түрде белгіленеді, ол мәселен, көлікті жүргізген уақытының ұзақтығына, оның кәсібилігіне және т.б. жағдайларға байланысты. Көлікті айдауда кәсіби біліктілігі мол және оны ұзақ уақыттан көлікті айдап мұзды жолда жылдамдықты арттырудың салдары қалай болатындығын саналы түрде білетін тұлғаға жаза көлемі жоғары болып беріледі, себебі оның мүмкін болатын салдарды сезіну дәрежесі жоғары болады. Ал көлік жүргізу мерзімі тым аз болған және кәсіби біліктілігі төмен және қыс мезгіліндегі жолдың қаталдығын терең ұғынбағандықтан, жаза мөлшері бұл жерде төмен болады.
Аталған жағдайда қылмысты саралаудағы бұл жайттар әділеттілік қағидасына қайшы келеді, соның негізінде жаза кінәлінің жеке тұлғасына ғана емес, сонымен қатар қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі мен оның сипатына, жасалу жағдайына да сай болуы қажет. Демек, кінә дәрежесі түсінігі кең болып табылады, оған жоғарыда аталған кінә анықтамасына енген тұлғаның жасайтын әрекетінің (әрекетсіздігінің) сипаты мен мазмұнын және оның салдарын саналы түрде сезінуімен қатар қылмыскер сезінген немесе сезінуі мүмкін болған қылмыстық әрекетке қатысты өзге де жағдайлар (объективті және субъективті) жатады.
Тұлғаның жасаған әрекетінің (әрекетсіздіктің) мазмұны мен сипатын және оның салдарын саналы түрде сезіну дәрежесіне қарай, кінә түрі мен нысаны анықталады. Осылайша, кінә дәрежесі, біріншіден, кінә нысанынан ол қасақана әрекет абайсыздыққа қарағанда жоғары болады.
Екіншіден, кінә дәрежесіне бір нысанның әртүрлі шеңберде болуына әсер етеді:
- тұлға өзінің әрекетінде (әрекетсіздігі) жүрістұрыс ережесін бұзатындығын және қылмыстық құқық заңымен қорғалатын ортаға зиян келтіретіндігінен құтыла алмайтындығын саналы түрде сезінеді (тікелей қасақаналық) – кінә дәрежесі жоғары болады;
- тұлға өзінің әрекеті (әрекетсіздігі) жүрістұрыс ережесін бұзатындығын және қылмыстық құқық заңымен қорғалатын ортаға зиян келтіру мүмкіндігін саналы түрде болжайды (жанама қасақаналық) – тікелей қасақаналыққа қарағанда кінә дәрежесі төмен болады;
- тұлға өзінің әрекеті (әрекетсіздігі) жүрістұрыс ережесін бұзатындығын және қылмыстық құқық заңымен қорғалатын ортаға зиян келтіру мүмкіндігін саналы түрде болжамайды, бірақ жағдайға байланысты оны болжау мүмкіншілігі болады (менмендік) – кінә дәрежесі қасақаналыққа қарағанда төмен;
- тұлға сақтық шараларын сақтамау салдарынан қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін әрекетті (әрекетсіздікті) жасау барысында, қылмыстық құқықпен қорғалатын қоршаған ортаға зиян келтіру мүмкіндігін саналы түрде болжамайды, бірақ ұқыптылық танытқан жағдайда оны болжау мүмкіншілігі болады (немқұрайдылық) – кінә дәрежесі менмендікке қарағанда төмен болады.
Кінә дәрежесі қасана кінә нысанында қылмыскердің өзінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) деген қарым-қатынасына байланысты. Яғни кінә дәрежесі тұлғаның қылмыстың белгілі бір салдарының болуын қалағандығына, ол салдарға менмендік танытуына немесе оған ұқыпсыздықпен қарағандығына байланысты. Қасақана кінә нысанында кінә дережесі қасақаналықтың қалыптасу процесіне тәуелді болады. Егер тұлға қылмысты алдын ала ойластырған қасақаналықпен жүзеге асырса, оның дәрежесі жоғары болады, ал егер тұлға кенеттен туындаған қасақана ниетпен қылмыстық әрекет жасаған жағдайда оның дәрежесі төменірек болады. Қылмыстық әрекеттегі қасақаналықтың қалыптасу себептері де тұлғаның кінә дәрежесіне ықпал етеді. Қылмысты жасаудағы шынайы себептердің болуы, мәселен, ерлізайыптылардың арасындағы опасыздық кінәні төмендетеді, ал егер қылмыс жасауға себептің болмауы мен оны ойдан ойластырған жағдайда кінә дәрежесі жоғарылайды.
Кінә институтының дамуы. Ежелгі рим құқығында 2,5 мың жыл бұрын «sine coupa non aliguis puniedus» (ешкімді кінәсіз жазаға тартуға болмайды) деген ұстаным болған. Яғни ежелгі римде кінә қағидасына сай, кінәліні ғана жауапқа тарту ұстанымы қалыптасқан. Құл иеленушілік және феодализм кезеңінде жауапкершілікке тарту қылмыстық әрекетті қасақана немесе абайсызда жасағанына қарамай, келтірілген материалдық шығын негізінде, яғни келтірілген кінәнің деңгейімен анықтады [7].
Дегенмен жауапкершілікке тартудың дұрыс жолға түсуіне рим заңгерлері ықпал еткендігін айта кеткен жөн, олар адамның әрекетінің ішкі еріктілік жағына мән берді. Яғни қылмыстың субъективтік жағын анықтауға тырысып, кінәнің деңгейімен қатар әрекеттің жасалу нысанын белгілеуге жол ашты. Қылмыстық-құқықтық доктринаны зерттеуші ғалымдар субъективті жауапкерлішікке тартудың негізін қалаған рим классикалық мектебі болып табылады, ол ең алғаш кінәнің ішкі түсінігін – қасақаналықты (dolus) ғылыми айналымға енгізді. Бұл түсінік (dolus) қылмыстық нәтиженің болуын тілеуді білдірді. Егер тұлға зиян тигізуді тілемесе, онда ол орын алған қылмыстық нәтиже үшін жауапты және кінәлі болып саналмады. Бұдан кейін «тікелей қасақаналық» (dolus malus) және «абайсыздық» (culpa) түсініктері қалыптасты.
«Тікелей қасақаналық» (dolus malus) ретінде тұлғаның ерікті және саналы түрде өзгенің құқығын бұзуын түсінуі. Егер тұлға алдын ала әрекет жасау барысында өзі жауапты болатын, біреуге зиян тигізуді саналы түрде көздемесе бұл абайсыздық (culpa) болып табылады [8, 90 б.]. Демек, ұзақ жылдарғы өркениет пен қылмыстық құқық ғылымының дамуында рим заңгерлерінің ұстанымы ықпал еткенін аңғаруға болады. Сонымен қатар «қасақаналық» пен «абайсыздықты» кінәнің нысаны ретінде ерекшеленгенін және оның қоғам талабына сай өзгеріске ұшырағандығы айқын байқалады.
Адамның сыртқы әрекетін зерттеуде ішкі еркіне мән беріп, осының негізінде субъективтік жауапқа тартуда кінәнің еріктілік (психикалық) концепциясының қылмыстық құқықта бекітілуі жүзеге асты. Осы сәттен бастап тұлға кінәлі деп, егерсаналытүрдезиянкелтіргенжағдайдатанылды. Бірақ қылмыс жасаған тұлғаның еркін тану процесі өте ұзақ жүрді. Алғашқы субъектінің өз әрекетінің зиянды салдарына деген қатынасын білдіретін кінә түсінігі бірнеше ғасырлардан кейін ғана қалыптасты [9, 19 б.]. Ресейде кінәліні жауапкершілікке тарту қағидасы заңды түрде ХVІІ ғасырдың ортасында Александр Михайлович патшаның жинағында бекітілді. Ресей қылмыстық құқығында субъективті жауапқа тарту ХІХ ғасырда өзгертілді. О. Горегляд қылмыс түсінігін анықтай келе, бұл «мемлекетке және жеке адамға зиянды, қасақана заңға қайшы жасалатын әрекет». Қасақана емес, яғни тұлғаның қасақана және саналы түрде жасалмаған әрекет «қылмыс болып табылмайды» [10, 10 б.]. Яғни, 1903 жылғы Ресей Қылмыстық жинағы кінәліні жауапкерлікке тарту қағидасына негізделіп (виновного вменения) жасалған. 1903 жылғы Ресей қылмыстық жинағының 43 б. «Не вменяется в вину преступное деяние, коего учинивший не мог предвидеть или предотвратить». Бірақ революцияға дейінгі Ресей қылмыстық құқығы объективті жауапқа тартуға да жол берілген [11, 258-259 бб.]. Ресей қылмыстық заңындағы «кінәға» қатысты өзгерістер мен толықтырулар сол кезеңдегі қазақ қоғамындағы саяси жағдайды ескеретін болсақ, біздің елімізді алаңдатпай қалдырмады, себебі патшалы Ресей аумағындағы өзгерістер біздің елде де қолданылғаны анық.
Қазақ дәстүрлі қоғамында қылмыс деп материалдық және моральдық зиян келтірулер танылды. Тәуке ханның Заңдар жинағында (1680-1718) қасақана және абайсыз жасалған қылмыстар үшін айырмашылық айқын көрсетілмеген. Дегенмен бізге жеткен деректерде Тәуке хан, ең алдымен, қасақана жасалған қылмыстық әрекет үшін жауапкершілікті бекіткен. Мысалы, ұрлық, қарақшылық, зорлық және т.б. қасақана қылмыстық әрекеттер. Сонымен қатар аталған жинақта қасақана немесе абайсызда жасалатын өлтіру, жаралау және т.б. жауапкершілік белгілеген. Мәселен, қасақана сұлтанды өлтірсе кінәлі 1500-2000 қой көлемінде құн төлейді, ал абайсызда өлтірсе,құнның жарты мөлшерін төлеген [12, 78 б.].
ХVІІ ғасырдың 70-жылдарында неміс криминалисті Пуфендорф қылмыстық құқықтағы кінә анықтамасына теологиялық түсінікті енгізді, соған сәйкес алдын ала қылмыс жасаған тұлға өз кінәсі үшін жауап беруі тиіс. Теологиялық ұстанымдар дінмен тығыз байланыста болуына қарамастан, өз кезегінде прогрессивтік маңызға ие болды. Өз «кінәсі» үшін кінәліні жауапқа тарту субъективті жағдайға байланысты тұлғаның жеке жауапқа тартылуын білдірді, сол арқылы ұжымдық жауапкершілік пен объективті жауапқа тартуға тосқауыл болды [13, 102 б.].
Қылмыстық құқықтың классикалық мектебінің өкілдері кінә мен жауапкершілікті адамның толық еркінің негізінде қалыптастырды. Осы мектептің өкілі неміс криминалисі А. Бернердің көзқарасы бойынша қылмыстық жауапқа тартудың негізі болатын ерік мен бостандық тұлғаның ішкі түйсігі, шешімі мен ниетіне сай оның әрекетінде көрініс табады [14, 62-63 бб.]. Бұл тұжырымнан Бернер өз көзқарасын қылмыстың нәтижесіне қарағанда оның қылмыстық ниетіне көп көңіл бөлгендігін аңғаруға болады.
Заң ғылымының атақты орыс криминалистері «Ресей криминологиясының атасы» болып саналатын С.И. Баршев кінә және қылмыстық жауапкершілік мәселесінде неміс ғалымдары секілді, жауаптылыққа негіз болатын идеологиялық еріктің бостандығына сүйенеді.
«Свобода как способность разумных существ не покоряеться чувственности, но действовать произвольно, есть необходимое условие всякого, следовательно, и юридического вменения» [15, 4 б.].
Шетелдік қылмыстық құқық ғылымындағы кінә институты. Дегенмен жаһандық негіздегі әлеуметтік, саяси экономикалық өзгерістерге орай, қазіргі таңда кінә түсінігі әлемдік деңгейде әрқырлынегіздедамуда. Атапайтқанда, шетелдік қылмыстық құқықта екіден төртке дейінгі дербес кінә нысанын ерекшелеп көрсетеді. Осы орайда олардың ортақ ұғымы, тиісінше бірізді болмайды. Ағылшын қылмыстық құқығында үш нысанды атап көрсетеді: мақсат, абайсыздық және ұқыпсыздық. Оқталу (intent) – ағылшын қылмыстық құқығындағы кінә нысаны ретінде тек қана ерікті сәт ретінде қабылданады. Егер ол әрекет жасау барысында нақтылы зардаптардың болуын біле тұра есептеліп жасалған болса, орындаушының жасаған әрекеті ерікті болып табылады. Ағылшын құқығында қалыптасқан презупцияға сәйкес, құқыққа қайшы әрекет немесе әрекетсіздік фактісі арнайы дәлелдеуді қажет етпейді, себебі «ақыл-есі дұрыс адамның» жасаған әрекеті әрқашан оның еркі негізінде жүзеге асырылады. Мұндай презумпцияны қате деп тану күдіктінің құқығы, егер оның жалған екендігін дәлелдей алмаса, онда ол өзінің еркі немесе еріксіздігі салдарынан жазаға тартылады. Абайсыздық (recklessness) – ағылшын қылмыстық-заңындағы доктринада қылмыстық нәтиженің тууын саналы түрде елемеуі деп түсіндіріледі. Абайсыздық жасалған әрекетке тұлғаның жасаған әрекетінің салдарын алдын ала есепке алмауы және оларды болжамауы да қарастырылады, бірақ оны алдын ала болжауы тиіс, себебі «ақыл-есі дұрыс» адам бұл қабілетті жасай білуі керек. Ұқыпсыздық (negligence)– Ұлыбритания және АҚШ қылмыстық құқығының Жалпы бөлімдерінде ең аз нақтылы ұғым ретінде анықталған. Бұл түсініктерді нақты жағдайларға қарай соттың өзі анықтайды. Байқаусыздық пен ұқыпсыздық шекаралары типтес көмескі [16, 298-304 бб.].
АҚШ құқық құқығында да төрт нысанды ерекшелеп көрсетеді: мақсат, сана, абайсыздық, ұқыпсыздық. Атаған нысандардың әрқайсысы нақтылы барлығына бірдей немесе кейбір қылмыстың «заттық» элементтеріне ғана қатысты болады.
Францияның Қылмыстық кодексінде кінә құрылымы жағынан кез келген әрекетті сипаттайтын, жалпы кінә түсініктерінің негізінде құрылады. Ол жай ғана ерікті сәттен тұрады: себебі кез келген ақыл-есі дұрыс адамның күшжігері өзінің еркіне сай жүзеге асырылады, сонымен қатар жасалған әрекеттен материалдық жағдай мен психикалық белгілерді де көруге болады. Кінәнің қасақана жасалуында тұлға өзінің әрекетінің заңсыз сипатын көріп қана қоймай, оның зиянды салдарына да мақсатты түрде жетуді көздейді. Қазіргі Франция мемлекетінің Қылмыстық кодексіне сәйкес, барлық қылмыстар бұл – қасақана жасалған әрекеттер. Теріс қылықтардың көп бөлігі де қасақана жасалатын әрекеттер болып саналады. Франция мемлекетінің заң әдебиеттерінде кінә нысанының аралығы туралы да жиі айтылады. «Аралық» белгіні қасақаналыққа немесе абайсыздыққа жатқызу мүмкін емес, олар сипаты жағынан біріншінің де, екіншінің де белгілерінен құралады. Сонымен қатар мұндай кінә нысандарының сипаты әртүрлі болып келеді, себебі бұл аталған мәселені зерттеп отырған автордың позициясы тұрғысында жасалады. Францияның қылмыстық құқық теориясында кінәнің қасақана түрінің әртүрлі сатыларын атап көрсетеді: алдын ала ниет және арнайы ниет. Алдын ала ниет Францияның ҚК белгілі бір қылмысты немесе теріс қылық барысында қалыптасып, қылмыстық әрекеттің қатарын қиындататын жағдайға жатады. Ал егер қылмыстық құқық диспозициясының нормасында арнайы мақсатқа жетуді көздеп, қылмыстық әрекет пен мақсатты негізделіп жасалса арнайы ниет болып табылады. Бұл жағдайда ниет қылмыстық әрекеттің негізгі элементі болып, дәлелдеуді қажет етеді. Саналы және ерікті түрде зиянды зардаптың болуын көздемеуі абайсызда жасалған әрекет болып табылады. Францияның қылмыстық құқығының Жалпы бөлімінің нормасында кінәнің абайсыздық нысаны әртүрлі әрекеттің тәсілдері арқылы анықталады. Қылмыстық әрекеттерге сараптама жасайтын болсақ, абайсызда жасалған кінә нысаны үшін жауапкершілік егер оның салдары ауыр болған жағдайда (өлімге, ауыр дене жарақатына және т.б.) ғана жауапқа тартылады. Абайсызда жасалған әрекеттер Францияның ҚК сай кез келген жағдайда теріс-қылық болып табылады [17, 117-164 бб.].
Кінә туралы түсінік герман қылмыстық құқықтық доктринасында кінә ретінде көрсетіледі. Кінәнің сипаты тұлғаның әрбір іс-әрекетінің қасақана немесе абайсызда жасағандығына байланысты анықталады. Кінәні сот кінәлінің іс-әрекетінің салдарының заңға қайшы екендігін сезінгендігіне сай шығарады. Герман қылмыстық құқықтық доктринасында және қылмыстық іс-жүргізу тәжірибесінде кінә түсінігі орындаушының кінәлілікті сипаттайтын өз іс-әрекетіне деген ішкі қарым-қатынасына сай анықтайды. Кінәнің екі нысаны туралы айтылады: қасақана – құқыққа қайшы әрекетке бағытталған ерікті түрдегі іс-әрекет және абайсыздық – алдын ала жасалған әрекеттің салдарын жеткілікті түрде болжамауы. Сондайақ қасақаналықтың да тікелей және жанама түрлерін бөліп көрсетеді. Қылмыс субъектісі тікелей ниетпен белгілі бір мақсатқа жетуді көздеп әрекет жасады, бұл оның еркінің белгілі бір мақсатқа бағытталғандығын көрсетеді. Тікелей ниетке қарағанда жанама ниетте қылмыс субъектісі заңның бұзылуын тек болжайды, кейбір жағдайларда зиянды зардаптың болуын тілемейді, демек, олардың орын алуымен келіседі. Осы орайда оның әрекеті ерікті түрде жүзеге асады.
ҚХР Қылмыстық кодексінде кінәнің екі нысанын атап көрсетеді: қасақаналық және абайсыздық. 14-бапқа сәйкес, «егер тұлға өзінің іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екендігін ұғынып оның салдарының саналы түрде болуын тілесе, қылмыс қасақана жасалған болып табылады». Осы нормада сонымен қатар қасақана жасалған әрекет қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп көрсетілген. Осылайша, қытайдың қылмыстық құқығында қасақаналықтың ерікті және инттелектуалды түрлері қамтылады, бірақ тікелей және жанама қасақаналық анықтамасы көрсетілмейді. 15-баптаабайсыздықанықтамасы көрсетілген. Қытай қылмыстық құқығында абайсыздықтың екі түрі берілген: ұқыпсыздық және немқұрайдылық. Егер тұлға әрекетті жасау барысында қоғамға қауіпті зардаптың болуын болжап немесе оны ұқыпсыздық салдарынан болжамай, немқұрайдылықтан оның алдын аламын деп көздеп оның салдарының орын алуы деп заңнамада арнайы көрсетілген жағдайда, қылмыстық әрекет абайсызда жасалған болып танылады. Аталған нормада, сонымен қатар абайсызда жасалған қылмыстық әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік ҚК негізінде жауапқа тартылады деп көрсетілген [18, 210-214 бб.].
Әртүрлі мемлекеттердің қылмыстық заң шығарушалары кінә түсінігіне үш түрлі көзқараста қарайды. Көптеген мемелекеттер бұл терминді мүлдем қолданбайды, тек қасақаналық және абайсыздық түсініктерімен ғана шектеледі (мысалы, Германия, Дания, Испания, Польша, Швеция және т.б.). Өзге мемлекеттер кінә ұғымын анықтамай, қылмыстық әрекетке кінәлі деп қасақана немесе абайсызда жасаған тұлға табылады деп көрсетеді (мысалы, Литва Республикасы ҚК 8-бап, Қытай Халық Республикасы ҚК 16-бап). Тек кейбір мемлекеттер ғана кінә түсінігіне ҚК арнайы анықтама береді. Белорусь Республикасының ҚК-нің 21-бабы
«Кінә – бұл қасақана немесе абайсыздық нысанында бейнеленген тұлғаның жасаған қоғамға қауіпті әрекетіне деген психикалық қарымқатынасы». Кінә түсінігіне бұған қарағанда толығырақ анықтаманы Украинаның ҚК-нің 23-бабы белгіленген: «Кінә – аталған кодексте ескерілген, тұлғаның жасаған әрекетіне немесе әрекетсіздігіне және оның қасақана немесе абайсызда жасалған нысанына деген психикалық қарым-қатынасы болып табылады». Кінә түсінігіне психологиялық тұрғыдан қарастыру Ресей қылмыстық құқықтық ғылымында да үстемдікке ие.
Рарог А.И. кінәні сипаттайтын негізгі категориялар қатарына мазмұн, деңгей, нысан және болмысты жатады. Ең негізгісі ретінде мазмұнын атап өтеді Философияда мазмұн ұғымына объекттің барлық құрама элементтерінің жиынтығы, оның қасиеттері, ішкі процестері, байланысы, қарама-қайшылықтары мен тенденциялары ретінде түсіндіріледі, осының негізінде құбылыстар мен объектілерді анықтауға болады [19, 531 б.]. Кінә – қылмыстық құқықтық түсінік – бұл белгілі бір қылмыста көрсетілген психикалық қарым-қатынас. Оны құрайтын элементтер сана және ерік болып табылады. Қылмыстық заңмен алдын ала ескерілген саналылық және еріктілік элементтері кінәнің әртүрлі модификациясын құрайды. Сондықтан да интеллект пен ерік кінәнің мазмұнын құрайтын негізгі элемент болып табылады [20, 51 б.].
Сонымен, жоғарыда аталған кінә түсінігі туралы пайымдауларды қорыта келе, көптеген елдердің қылмыстық құқығы мен сот тәжірибесіне сай кінә – бұл қылмыстық заңмен тыйым салынған қасақаналық немесе абайсыздық нысанындағы тұлғаның онымен жасалған қоғамдық қауіпті іс-әрекетке және оның салдарына психикалық қатынасы. Құқықтық ғылыммен тұжырымдалған бұл пайымдау шын мәнісінде барлық заңгерлермен қабылданған деген тұжырым жасаймыз.
Әдебиеттер
- Ағыбаев А.Н. Қазақстан Республикасының Қылмыстық құқығы. – Алматы, 2010. – 807 б.
- Ошерович Б.К вопросу о степенях виновности // Ученые записки ВИЮН. – Вып. 1. – М., 1940. – С. 68-69. 3 Макашвили В.Г. Уголовная ответственность за неосторожность. – М.: Госюриздат, – 209 с.
- Наумов А.В. Российское уголовное право. Общая часть: Курс лекций. – М.: Бек, 1999. – 572 с.
- Тарарухин С.А. Установление мотива и квалификация преступления. – Киев: Вища школа, – 432 с.
- Скляров С.В. Вина и мотивы преступного поведения. – Санкт-Петербург: Юридический центр Пресс, 2004. – 324 с.
- Памятки русского прав. – Вып. / Под ред. К.А. Софроненко. Соборное уложение царя Алексея Михайловича 1649 г. – М.: Гос. изд-во юридической литературы, 1957. – 503 с.
- Чезаре С. Курс римского частного права.Учебник / Под ред. Д.В. Дождева. – М.: БЕК, – 400 с.
- Люцик. В.В. Учение о вине по уголовному праву Республики Казахстан и зарубежных государств. Канд. дисс. – Алматы, 2005. – 28 c.
- Горегляд О. Опыт начертания Российского уголовного права. – Спб., 1815. – Ч. 1. – 224 с. 11 Сергеевский Н.Д. Русское уголовное право. Часть общая. – СПб., 1908. – 385 с.
- Материалы по казахскому обычному праву /Сост.Т.М. Культелеев. – Алматы: Жеті жарғы, 1998. – 208с.
- Пионтковский А.А. Уголовно-правовые воззрения Канта, А. Фейрбаха и Фихте. – М.: Юрид. изд-во НКЮ СССР,– 192 с.
- Бернер А.Ф. Учебник уголовного права. – Т.1: – Часть Обшая. – СПб. – М., 1865. – 940 с.
- Баршев С.И. О вменении в праве. – М., 1840. – 61 с. // Безбородов Д.А. Уголовно-правовое и криминологическое исследование подстрекательства : Автореф. дис. канд. юр. наук. – М., 1998 – 213 c.
- Уголовное право: Часть общая / Под ред. А.С. Михлина. – М.: Юриспруденция, 2005. – 400 с.
- Миньковский Г.М., Магомедов А.А., Ревин В.П. Уголовное право России. – М.: Новый век, 2002. – 528 с.
- Уголовное право России. Общая часть. / Под ред. Малкова В.П.,Сундурова Ф.Р. – Казань: Казанский университет, 2000. – 751 с.
- Философский энциклопенический словарь / Гл. редакция: Л. Ф. Ильичёв, П.Н. Федосеев, С.М. Ковалёв, В.Г. Панов. – М.: Сов. Энциклопедия, 1983. – 840 с.
- Рарог А.И. Настольная книга судьи по квалификации преступлений (2-е издание). – М.: Проспект, 2009. –218 с.