Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында қылмыстық-іс жүргізу құқығын дамытудың басымдығы қылмыстық сот ісінің адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған негізін қалаушы қағидаттарын дәйекті түрде одан әрі іске асыру болып қала бермек делінген [1].
Қылмыстық іс жүргізудегі адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған негізін қалаушы қағидаттарының бірі куәлік айғақтар беру міндетінен босату (иммунитет). Бұл қағиданың құқықтық бекітілуін ҚР Констиуциясының «ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес, діни қызметшілер өздеріне сеніп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға міндетті емес» деген нормасынан көруге болады (77-б. 3-б.7-т.) [2]. Сонымен қатар куәлiк айғақтар беру мiндетiнен босату қағидасы ҚР-ның қылмыстық іс жүргізу кодексінің 27-бабымен реттеледі [3]. Бұл бапқа сәйкес ешкiм өзiне, жұбайына (зайыбына) және ауқымы заңмен айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге мiндеттi емес, дiни қызметшiлер өздерiне iшкi сырын ашуға сенiм бiлдiрген адамдарға қарсы куәлiк беруге мiндеттi емес. Осы бапта аталған адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және ол үшiн қандай да болсын жауапқа тартуға болмайды.
ҚІЖК-нің жаңа жобасы республикадағы едәуір құқықтық өзгертулерді болжайды. Дегенмен, қылмыстық іс жүргізудегі куәлiк айғақтар беру мiндетiнен босату қағидасын құрудың жаңа демократиялық негіздерінің, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің позицияларының барынша күшейтілуіне қарамастан, құқық қолдану практикасына байланысты қылмыстық іс жүргізудің қатысушыларының құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бүгінгі таңда өзекті болып тұр.
Латын сөзінен аударғанда «иммунитет» сөзі – (immunitas) жеңілдік деген мағынаны білдіреді. Батыс Еуропалық тілде «иммунитет» термині XIII ғ. бастап кездеседі. Орыс тілінде «иммунитет» сөзі XIX ғ. «белгілі бір лауазымынан немесе салықтан босату» дегенді білдірген. Батыс Еуропаның феодалдық құқығында «иммунитет» феодалдың өз иелігінде орналасқан аумағында кейбір мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру құқықтарының жиынтығы болып есептелінген. Куәлік иммунитет – сезіктінің, айыпталушының туыстарын (заңда бекітілген туыстық қатынасына байланысты) өзіне қарсы айғақ беруден босату [4,105].
Куәлік иммунитет институтының өзара құқықтық институт болып қалыптасуына, оның реттейтін қоғамдық қатынастарының ерекшеліктерімен айқындалады.
Азаматтардың кейбір санатына арналған қылмыстық іс жүргізудегі жеңілдіктер беретін институттар мен субинституттардың нормаларының жиынтығы көп деңгейлі процессуалды иммунитеттерді құрайды.
Иммунитеттер, жеңілдіктер және жалпы ережелерден алынған арасында нақты айырмашылығы жоқ деген ғалымдардың ой-пікірмен келісеміз. Бұл жағдай әрбір процессуалдық иммунитет және процессуалдық жеңілдік «таза» түрінде болмағанымен түсіндіріледі. Олардың әрқайсысы иммунитеттің де, жеңілдіктің де белгіленген ережелердің жиынтығын құрайды.
Куәлік иммунитет институтын екі мағынада түсінуге болады. Объективті мағынада, ол – аталған институт жүзеге асырылып жатқанда туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалардың жиынтығы. Субъективті мағынада жәбірленушілер мен куәгерлердің кейбір санаттарының қылмыстық іс бойынша айғақ беруден бас тартуға құқық беретін нормалар.
Куәлік иммунитетке куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақ беруден бас тарту субъективті құқығы жатады.
Куәлік иммунитет қылмыстық іс жүргізуге қатысушылардың арасында туындайтын және қылмыстық-процессуалдық қарым-қатынастар арқылы жүзеге асырылатын қылмыстық іс жүргізу құқығының институты болып табылады. Куәлік иммунитетке құқықтық қатынастарға қатысатын кез келген субъект емес, тек қана тікелей қылмыстық іс жүргізу заңында көрсетілген куәлік иммунитет субъектілері ғана ие болып табылады.
Сонымен, куәлік иммунитетке байланысты ережелерін екі топқа бөлуге болады:
Куәгер болуға мүмкіндігі бар азаматтың еркіне қарамастан болатын иммунитет. Бұл санатқа кәмелетке толмағандығына, сондай-ақ өздерiнiң құқығын қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айыратын дене және психикалық кемiстiктерден зардап шегушi азаматтар мен сезіктінің, айыпталушының қорғаушысы, жәбірленушінің, азаматтық талап арыз берушінің және жауапкердің өкілі мен діни қызметшілер жатады.
Субъектінің қалауына сәйкес куәлік иммунитеттің бекітетін нормалармен, оның айғақ беруден бас тарту құқығымен пайдалануға немесе пайдаланбауға таңдауға құқығы бар.
Өзін-өзі айыптаудан куәлік иммунитеттің мәні келесімен анықталады: тергеу әрекетін жүргізу барысында куәға оны жасалған қылмыс бойынша айыптайтын сұрақтар қойылмауы керек; куә осыған сәйкес мұндай сұрақтар қойылған жағдайда, оларға жауап беруден бас тартуға құқылы; қылмыстық іс жүргізу органдары мен лауазым иелері жауап алудың алдында жауап алынатын адамға жасалған қылмыс бойынша оны айыптайтын мән-жайлар туралы жауап беруден бас тартуға құқылы екендігін түсіндіруге міндетті.
Куәлардың жалпы құқықтарының кепілдіктерін, соның ішінде өзін-өзі айыптаудан кепілдігін күшейтуде қылмыстық іс жүргізу заңнамасында бекітілген куәнің адвокаттың қатысуымен жауап беру құқығының елеулі маңызы бар. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 82-бабының 3-бөлімінде куәнің келесі құқығы бекітілген:
«Куә, егер адвокаттың іске қандай да бір басқа жағдайда қатысы болмаса, адвокаттың қатысуымен айғақ беруге құқылы. Адвокаттың келмеуі жауап алуды тергеуші белгілеген уақытта жүгізуге кедергі келтірмейді».
Адвокаттың куәдан жауап алу кезінде қатысу қажеттігі, біздің ойымызша, толықтай ақталған. Адвокаттың куәға көмек көрсетуі қажетті болатын жағдайлар жеткілікті түрде кездеседі. Мысалы, көп жағдайда келешекте сезікті, айыпталушы болып танылатын тұлғалар бастапқысында алдымен куә ретінде іске қатысып, олардан куә ретінде жауап алынады. Ал куә жауап беруге міндетті болып табылады, жауап беруден бас тартса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Осындай жауапкершіліктен қорққан куә, одан жауап алу кезінде өзіне қарсы жауап беруі мүмкін.
Адвокаттың көмегі оларға қатысты қылмыстық іс қысқартылған сезікті не айыпталушы куә ретінде іске қатысқанда да қажет. Біздің ойымызша, заңды өкілдерден жауап алғанда да адвокаттың көмегі қажет болуы мүмкін.
Сонымен қатар Т. Кадышева мен С. Ширинскийдің келесі пікірімен де келісу керек: олардың ойынша күәдан жауап алу кезіндегі адвокаттың рөлі тек жауап алуға қатысуымен шектелмеуі тиіс. Мұндай адвокатқа тергеушінің рұқсатымен сұрақ қою құқығы берлуі тиіс, заңсыз әрекеттерді прокурорға шағымдану құқығы берілуі тиіс [5,42-43].
Шын мәнінде адвокаттың куәнің өкілі реттінде куәдән алдын ала тергеу барысында жауап алғанда қатысуы куәнің жауабының шындықа сәйкестігін, жарамдылығын қамтасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, егер жауап алу барысында куә оған қойылған сұрақтарды түсінбесе немесе заң талаптарын түсінбесе, адвокат куәға бұл мәселелер бойынша түсіндірме беруіне құқығы да, мүмкіндігіде бар.
Қылмыстық процеске адвокаттың куәнің өкілі реттінде қатысу институтын енгізуді қылмыстық іс жүргізудің құқықтық мемлекетке тән демократиялануының, гуманизациялануының көрінісі реттінде қарастыру қажет. Адвокатты куәдән жауап алуға қатыстыруға куәнің бастамашылығымен ғана жол беріледі. Мұндай қорытынды қылмыстық іс жүргізу заңнамасының мазмұнынан туындайды. Жоғарыда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 82-бабының 3-бөлімінде куәнің келесі құқығы бекітілген: «Куә, егер адвокаттың іске қандай да бір басқа жағдайда қатысы болмаса, адвокаттың қатысуымен айғақ беруге құқылы».
Құқық көздері, түрлі құқықтық актілер, құқық өз көрінісін табатын нысандар зерттелмейінше, құқық рөлін түсіну мүмкін емес. Құқық көздерінің маңызды болатын тағы да бір себебі – олар құқықтың қоғамдық болмысын білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге белгілі бір дәрежеде құқық қалыптастыру функциясын атқарады. Құқықтың дамуы қандай заңдылықтарға бағынып, қандай факторлармен айқындалатын болса, құқық көздерінің дамуы да жалпы алғанда сондай заңдарға бағынады және сондай факторлармен айқындалады.
Қылмыстық іс жүргізу құқығының Куәлік иммунитет институты – құқықтық құндылықтарды қорғау мақсатында куәлар мен жәбірленушілердің кейбір категорияларын қылмыстық іс бойынша жауап беруден босататын, сонымен қатаразаматтардыңқылмыстықісбойыншаөзіне қарсы жауап беруден бас тарту альтернативсіз және альтернативті құқығын қамтамасыз ететін құқықтық нормалардың жиынтығы.
Бұған:
- куә ретінде мүлдем жауап алмайтын тұлғалар;
- куә ретінде жауап беруден өз еркімен бас тартуға құқылы тұлғалар жатады.
Куәлік иммунитеттің мазмұнын келесі жағдайлар қамтиды: куә мен жәбірленушінің заңда белгіленген қылмыстық іс бойынша жауап беру міндетін орындаудан бас тарту субъективтік құқығы және азаматтардың қылмыстық іс бойынша өзіне қарсы жауап беруден бас тарту субъективтік құқығы, сонымен қатар қылмыстық іс бойынша өндірісті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазым иелерінің іске қатысушы тұлғаларға олардың құқықтарын түсіндіру ғана емес, олардың өз құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Куәлік иммунитет институты қылмыстық іс жүргізудің барлық сатыларында жүзеге асырылуы тиіс, өйткені жауап беруден бас тарту құқығы қылмыстық іс қозғалған уақыттан бастап емес, азаматтың құқық қолданушымен құқықтық қарым-қатынасқа түскен уақытынан басталады. Келтірілген арақатынас мынаны білдіреді:
- Іс жүргізу құқығына қатысты заңдылықты сақтау принципі қылмыстық іс жүргізу құқығының көздеріне, ғылыми, доктриналық түсініктемеде орын алып отырғанындай, кеңінен түсініктеме беруге мүмкіндік бермейді. Басқаша айтқанда, қылмыстық іс жүргізудің құқықтық көздері деп әдеттегі құқық пен сот прецедентін тануға болмайды;
- саланың заңмен қазіргі орнықтырылуы қажетті құқық көздерінің бәрін, атап айтқанда, заңға сәйкес нормативтік актілерді толық дәрежеде қамтымайды (Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрықтары жөнінде орын алып отырғанындай);
- салалық заңдар Қазақстан Республикасындағы құқық көздері туралы конституциялық ережелерге негізделген.
Куәлік иммунитет демократияландыру және ізгілендірудың басты элементі ретінде тек қылмыстық іс жүргізудің ғана емес, сонымен бірге жалпы қоғамның маңызды элементі болып табылады.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы 858 Жарлығы.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды // Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996. – № 4. – 217-құжат.
- Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы қылмыстық іс жүргізу кодексi // Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997. – № 23. – 335-құжат.
- Журсимбаев С.К. Юридический словарь. – Алматы: Заң әдебиеті, 2010. – 272 с.
- Кадышева Т., Ширинский С. Свидетель тоже нуждается в помощи адвоката // Российская юстиция. – М.: Юрид. лит., 1997. – № 7. – С. 42-43.