Конституционализм – бұл әлемдік өркениеттің ең бір ірі құбылысы – Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының ерекшеліктерін анықтайтын бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан демократиялық дәстүрлер мен ғұрыптардың іргетасы.
Жалпы, Қазақстанның конституциялық даму процесін бірнеше тарихи кезеңге бөлуге болады. Олардың әрқайсысы конституциялық құқықтың белгілі бір қайнар көздерінің даму уақытына сай келеді.
Қазақстанның ұлттық құқығының тарихы академик М.Т. Баймахановтың көзқарасы бойынша қазақ мемлекеттігінің пайда болуынан басталады. ХV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылу кезеңінде дала заңы қазақтың әдет-ғұрып нормаларына негізделді. Сол уақытта құқықтық реттеудің дамымағанына қарамастан, оның өз уақыттылығы мен тиімділігіне қазақ халқының тағдыры мен қазақ мемлекеттігі тікелей байланысты, тәуелді болды [1, 213 б.].
Ресейдің отарлауы кезеңінде Қазақстанның өз мемлекеттігін жоғалтуы оның құқықтық жүйесіне де әсер етті. А.А. Черняковтың пікірі бойынша, «әдет құқығының, кеңес құқығының кезеңдерінен-ақ конституциялық процестің, конституционализмнің, конституциялық құқықтың туылуы, қалыптасуы, жалғаспалы дамуы байқалады» [2, 24-б.], ол егемен Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңінде жалғасымын тапты.
Біздің көзқарасымыз бойынша, конституциялық заңнаманың даму кезеңдерін қарау кезінде анықтаушы өлшемді таңдау маңызды. Мұндай өлшем болып мемлекеттік билік субъектісі табылады. Тиісті таңдауды біз билік қатынастары конституциялық құқықтың құқықтық реттеу пәнінің аса маңызды бөлігі болып табылатындығымен, қайнар көздері мемлекетте және қоғамда болып жатқан барлық процестерді байқататындығымен байланыстырамыз. Кезеңге бөлу туралы айтсақ, ҚР конституциялық құқық ғылымында ол туралы түрлі көзқарастар бар. А.К. Котовтың пікірінше:
«Қазақстанның конституциялық эволюциясы тұтастай алғанда өзіне мәні бойынша бүкіл XX жүзжылдықты қамтиды және келесідей кезеңдерге бөлінеді: кеңес заманына дейінгі кезең (1900-1917 жж.), оның мазмұнын Алаштың Конституциясында көрініс тапқан ұлттықдемократиялық идеялар құрайды; кеңестік кезең (1920-1980 жылдардың аяғы) және кеңестік заманнан кейінгі кезең (1991-1993 жж.).
Қазақстанның егеменді дамуының бастапқы кезеңі – 1990 жылдың қазанында басталып бүгінгі күнге дейін жалғасуда [3, 5 б.].
Профессор Ғ.С. Сапарғалиев Қазақстан Республикасының конституциялық заңнамасының дамуын әрқайсының мазмұны мен ерекшеліктерін аша отырып төрт кезеңге бөледі.
«Бірінші кезең «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы)» заңын қабылдаудан басталады. 1990 жыл 25 қазандағы Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы Декларация осы кезеңнің конституциялық сипаттағы маңызды актісі болып табылады.
Екінші кезең Қазақстан Республикасы 1991 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақ Кеңестік Социалистік Республиканың атауын өзгерту туралы» Заңнан басталады.
Үшінші кезең Жоғарғы Кеңестің 1993 жылғы қаңтарда жаңа Конституцияны қабылдауынан басталады.
Төртінші кезең 1995 жылы қабылданған Конституциямен байланысты. Бұл кезең одан әрі жалғасуда», – деп көрсетеді ғалым Ғ.С. Сапарғалиев [4, 58-64 бб.].
Осы орайда, М.Т. Баймаханов конституциялық заңнаманың даму кезеңдеріне қатысты Ғ.С. Сапарғалиевтікінен өзгеше келесідей пікір білдіреді: «екінші кезеңнің басталуын 10.12.1991 жылғы Заңның («Қазақ Кеңестік Социалистік Республиканың атауын өзгерту туралы») қабылдануымен емес, 16.12.1991 жылғы конституциялық заңның («Мемлекеттік тәуелсіздік туралы») қабылдануымен байланыстырған дұрыс болады, себебі оның енгізген өзгерістеріне ештеңе тең келмейді: бұл заңдардың біріншісі республика атауының ауысқаны туралы айтса, екіншісі – Қазақстан Республикасына тәуелсіз, егемен мемлекет сипатын бере отырып, еліміздің мәртебесін түбегейлі түрде өзгертті» [1, 104 б.]. Біз осы көзқараспен келісеміз.
М.М. Нарбинова ҚР конституциялық заңнамасының даму процесін келесідей негізгі кезеңдерге бөледі:
Кеңес Одағы коммунистік партиясының Орталық Комитетінің сәуірдегі (1985 ж.) Пленумынан басталған бірінші кезең. Ол 1990 жылдың күзіне дейін жалғасты.
Екінші кезең – 1990 жылдан 1991 жылдың соңына дейін;
Үшінші кезең – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңның қабылдануынан 1993 жылдың соңына дейін;
Төртінші кезең – 28.01.1993 жылғы ҚР Конституциясының қабылдануынан 1995 жылдың ортасына дейін;
Бесінші кезең – 30.08.1995 жылғы ҚР екінші Конституциясының қабылдануынан 07.10.98 жылға дейін;
Алтыншы кезең – 07.10.98 жылдан бүгінгі күнге дейін [5, 61-69 б.].
Ал келесі ғалым С.К. Амандыкова Қазақстанның конституциялық дамуының бес кезеңін көрсетеді:
- Қазақстанның аумағында конституциялық идеялардың туындау кезеңі;
- кеңестік мемлекеттік құрылыс дәуірі;
- конституциялық қалыптасудың өтпелі кезеңі;
- конституциялық қалыптасудың қазіргі кезеңі;
- Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының ең жаңа кезеңі [6, 13 б.].
Біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуын келесідей бес кезеңге бөліп қарауға болады:
Бірінші кезең – 1900-1917 жылдарды қамтитын кеңестік заманға дейінгі кезең;
Екінші кезең – 1917 жылдан 80-жылдардың соңына дейінгі уақытты қамтитын кеңестік кезең;
Үшінші – 1990-1994 жылдар аралығындағы кезең;
Төртінші – 1995-2007 жылдар кезеңі;
Бесінші – 2007 жылдың 21 мамырынан бүгінгі күнге дейінгі кезең.
Бір мақала шегінде Қазақстанның конституциялық заңнамасы дамуының барлық кезеңдерін баяндау мүмкін болмайтындықтан, біз мақалада кеңестік заманға дейінгі және кеңестік кезеңдерде Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуын қарастырамыз.
Бірінші кезең атап кеткеніміздей кеңестік заманға дейінгі, яғни патшалық Ресей отарында болу уақытын қамтиды. Патшалық Ресейде Конституция болған жоқ. Онда 1905 жылғы революцияның нәтижесінде буржуазиялықдемократиялық сипаттағы бірқатар баптар енгізілген негізгі мемлекеттік заңдар болды. Уақытша Үкімет (1917 ж. ақпан – қазан) Конституция қабылдап үлгермеді. Ресейдің бірінші Негізгі заңы 1917 жылы Кеңес төңкерісінен кейін ғана қабылданды [7, 367 б.].
Қазақстандық құқықтанушы С. Өзбекұлы ғылыми кеңестікке Ресей империясының отарлығында болған Қазақстанның бірінші Конституциясының жобасы 1911 жылы ірі қоғам қайраткері Барлыбек Сыртановпен даярланғаны туралы деректер енгізді. Бұл құжат «Қазақ елінің Уставы» деп аталды. Алайда ол заң актісі ретінде қабылданған жоқ. Уставтың негізгі идеясы Қазақстанды Ресей құрамынан шығару және қазақ жерінде дербес ұлттық егемен мемлекет құруда болды. Аталған ғалымның көзқарасы бойынша, Б. Сыртановтың жобасы бүгінгі күнде де тарихи құндылығын және ғылыми маңыздылығын жойған жоқ [8, с.161-168].
Қазақстанның мемлекеттігінің қазіргі конституциялық негіздерінің туылуы, конституциялық даму процесінің басталуы біртұтас аумақ ретінде Қазақстанның конституциялық құқық қабілеттігін нормативтік бекіткен, 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен «Алаш» партиясының бірінші съезімен қабылданған ұлттықреспубликаныңмемлекеттіктәуелсіздігін жариялаған резолюцияның қабылдану сәтімен байланысты.
Президент Н.Ә. Назарбаев кеңестік үлгідегі барлық конституцияларға қарағанда «Алаш» партиясының Бағдарламасының конституциялизмді көбірек көрсеткенін атайды [9 ].
«Алаш» партиясының Бағдарламасы бірінші рет 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған болатын. Алаш Орданың, қазақтардың автономиялық ұлттықдемократиялық мемлекеттік құрылымының Үкіметі 1917 жылдың желтоқсанынан 1919 жылдың желтоқсаны аралығында өмір сүрді. Заң жүзінде ол өз қызметін 22.10 (4.11)1918 жылы Омскіде Уақытша Үкіметтің Жарлығына сәйкес тоқтатты [10, 143 б.].
Демократиялық федеративтік Ресейдің шегіндегі «Алаш» ұлттық-аумақтық автономиясының қысқа тәжірибесінен кейін 1917 жылғы ақпандағы буржуазиялық-демократиялық революция үміт берген Қазақстанның мемлекеттігі кеңестік негізде, өз ұлттық табиғатын сақтай отырып, объективті дамыды [11, 5 б.].
Бұлбіріншікезеңніңбастыерекшелігіретінде Конституцияның болмауы, буржуазиялық мемлекеттік басқару аппаратымен бір мезгілде екі дамушы басқарушы жүйенің: жұмысшылар мен солдат депутаттардың Кеңестері мен шаруа депутаттар Кеңестерінің болуы табылды. Бұл сол кезеңдегі заңнамада көрініс тапты.
Қазақстанның конституциялық заңнамасының дамуының екінші кезеңі – 1917 жылдан 80-жылдардың соңына дейінгі уақытты қамтитын кеңестік кезең. Бұл кезеңнің ерекшелігі болып конституциялық актілердің көп санының қабылданылуы табылады. 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін Ресейде Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы (Декларация прав народов России) және 1918 жылғы бірінші кеңестік Конституцияның құрамына кірген Еңбекшілердің және қаналушы халықтың құқықтарының Декларациясы (Декларация прав трудящихся и эксплатируемого народа) қабылданды.
Конституция РСФСР-ды «еркін ұлттардың еркін одағы негізінде ттік ұлттық республикалардың федерациясы ретінде (2-бап) құрды және «ерекше тұрмысы мен ұлттық құрамы бойынша ерекшеленетін» облыстарға «автономиялық облыстық одақтарға» бірігу құқығын берді әрі олардың «РСФСР-ға федерация негізінде кіретіндігі белгіленді» (11 бап) [10, 20-б.].
Қазақстанда кеңес үкіметі құрылғаннан кейін оның қоғамдық және мемлекеттік құрылысы, заңдар шығару тәртібі, мемлекеттік биліктің жоғарғы және жергілікті органдарын ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері РСФСР-дің бірінші Конституциясымен, РСФСР-ның Халық Комиссарлары Кеңесінің (СНК) 10.06.1919 жылғы «Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитет туралы» декретімен және РСФСР-ның Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті (ВЦИК) мен Халық Комиссарлары Кеңесінің (СНК) 26.08.1920 жылғы «Автономиялық Қырғыз Социалистік Советтік Республикасы туралы» декретімен анықталды. Онда (соңғысында) Ресей Федерациясы құрамындағы автономияның аумағы анықталды. Сол кезеңде декреттер неғұрлым кең тараған құқықтық актілер болып табылды. Париж коммунасы қолданған «decret» француз сөзін 1917 ж. жұмысшылар мен солдат депутаттардың кеңестері мен шаруа депутаттардың кеңестері өздерінің құқықтық актілерін атау үшін пайдаланды.
Қырғыз АКСР еңбекшілері құқықтарының Декларациясы Қазақ Республикасының бірінші конституциялық актісі болып табылды. Ол қазақ кеңестік мемлекеттігін құруды заңи бекіткен Қырғыз Автономиялық Социалистік Советтік Республикасы Советтерінің бірінші Құрылтайшылық съезінде (Орынбор, 04.10.1920 ж.) қабылданды [12, 31-б.].
Кеңестік Қазақстанның конституциялық заңнамасын құру Советтердің конституциялыққұқықтық актілерінің біртұтас жүйесінен бөлінбейді. Социализмнің негіздерін құру кезеңінде бұл процесс құқықтың қайнар көздерінің көптігімен және алуан түрлігімен сипатталды. Мемлекеттік құқықтың нормалары советтер съезінің, Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің (ВЦИК), оның Президиумының және Халық Комиссарлары Кеңесінің (СНК) қаулысымен және декреттерімен, сондай-ақ бірқатар жағдайда халықтық комиссариаттармен бекітілген декларациялар, қаулылар, резолюциялар, үндеулер, ережелер, нұсқаулықтар секілді актілерде көрініс тапты. Көлемі бойынша бұл локальді актілер қағида нормаларынан, ұран нормаларынан, анықтама нормаларынан құралды. Көптеген декреттер үндеу хаттар, декреттердекларациялар таза құқықтық емес, саясиидеологиялық сипатта болды. Құқықтың «қайнар көзі» ретінде революциялық құқықтық сана мен құқықтық әдет-ғұрып та жиі пайдаланылды.
1925 жылы Қазақстан Советтерінің V съезі «Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Респбликасы» (ҚАССР) деп республиканың жаңа атауын қабылдай отырып, қазақ халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтірді. 1924 жылы Советтердің 4-ші Бүкілқырғыз съезімен қабылданған кеңестік Қазақстанның бірінші Конституциясының мәтіні Қырғыз Орталық Атқару Комитетінің екінші сессиясында қаралды және 1925 жылғы РСФСР Конституциясының 44-бабы автономиялық республикалардың конституцияларын бекітуді қарастырғандықтан, тиісті Конституцияның жобасы Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің (ВЦИК-ң) бекітуіне жіберілді. Алайда Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің Президиумымен тиісті Конституция жобасы қаралмады.
М.Т. Баймаханов атап көрсеткендей, «ҚАССР-ның 1926 жылғы Конституциясының заңи күшін анықтау кезінде оның 1920 жылдың екінші жартысында қабылданған өзге көпшілік автономиялық республикалардың конституциялары секілді талқылау мен бекітудің барлық белгіленген инстанцияларын өтпегенін ескеру қажет. Десе де ҚАССР-ның барлық республикалық және жергілікті органдары өз қызметінде оны басшылыққа алды, ол азаматтардың жүріс-тұрысына әсер етті, республикада орныққан құқықтық тәртіптің негізіне алынды [1, 31 б.]. Бұл Конституция РСФСР-дің жоғары органдарымен бекітілмесе де Қазақстан аумағында әрекет етті. Сондықтан 05.12.1936 жылғы КСРО Конституциясының және 20.03.1937 жылғы ҚазКСР Конституциясының қабылдануына дейін Қазақстан өзіндік конституциясынсыз дамыды деп есептеуге болмайды.
ҚАССР-ң тиісті Конституциясы еліміздің конституциялық дамуына бастау болды. 1936 жылғы КСРО Конституциясы кеңестік құқықтың қайнар көздері үшін нысан құрушы фактор болды. Онда мемлекеттің барлық органдары үшін нормативтік-құқықтық актілердің барлық түрлері анықталды (32, 38-40, 49, 59,99, 73, 81, 98-баптар), құқық қайнар көздерін заңдар және заңға тәуелді актілер деп бөлу жүргізілді, заңға негізделушілік-тәуелділік (подзаконность) қағидасы құрылды (66, 73, 81, 85, 98-баптар), нормативтік-құқықтық актілердің сатысы белгіленді. Алайда барлық актілердің заңдар негізінде және қатаң түрде оған сәйкестікте қабылдануына кепілдік беретін заңға негізделушілік-тәуелділік қағидасының сақталуына бақылау жасау тетігі құрылмады.
1937 жылдың 20 наурызынды оныншы төтенше бүкілқазақ советінің съезімен ҚазКСР Конституциясы қабылданды. Ол ҚазКСР-дың КСРО құрамында құрылуын бекітті. ҚАССР (Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы) ҚазССР болып қайта құрылды. Бұл Конституцияда бірінші рет қоғам құрылысы туралы арнайы тарау пайда болды. Онда кеңестік мемлекеттіктің таптық мәні анықталды.
Құрылымы мен мазмұны бойынша 1937 жылғы ҚазКСР Конституциясының мәтіні қоғам мен мемлекет құрылысының негіздерін, сот және прокуратура органдарының қызметін реттейтін тарауларда 1936 жылғы КСРО Конституциясымен сай келді. Ол Қазақстанның тарихи, ұлттық және әкімшілік-аумақтық ерекшеліктерін байқатты. ҚазКСР Конституциясы республиканың жағдайларына қатысты КСРО Конституциясының ережелерін нақтылады және одақтық мемлекеттің конституциялық заңнамасының бірыңғай жүйесінде дербес жеке буын болды.
Конституцияның дамуы сайлау жүйесіне өзгерістер енгізу мүмкіндігімен, жаңа мемлекеттік органдар құру және тарату, олардың өкілеттіктерін өзгерту, атауларын қайта белгілеу, ҚазКСР-ның әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгерту, жеке баптарға редакциялық түзетулер енгізумен, т.с.с. байланысты болды.
Нысаны бойынша екі Конституция да демократиялық болды. Алайда шынайы мазмұны және тәжірибеде қолданылуы бойынша ол екі Конституция да сол кезеңде орын алған саяси қуғын-сүргінді, кез келген оппозициялық көріністі және кез келген өзгеше ойлауды басып тастауды заңи жасыру үшін қызмет етті.
1937 жылғы ҚазКСР Конституциясының конституциялық заңнама жүйесіндегі рөлі мен орнын көрсету үшін оның бұрынғы конституциялардан алған нышандарын, сондай-ақ тұтастай кеңестік мемлекеттің және оның құрамындағы ҚазКСР-ның әлеуметтік-экономикалық базасының дамуы сипатымен себептелген оның ерекшеліктерін де ескеру қажет.
Қазақстанның конституциялық құқығының және оның қайнар көздерінің дамуында кезеңдік рөлді 1978 жылдың 20 сәуірінде ІХ шақырымдағы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында қабылданған 1978 жылғы ҚазКСР Конституциясы атқарды. Оған сәйкес бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбекші интеллигенция таптарына бөлінген халықтың қолында болды. Кеңес Одағының коммунистік партиясы республиканың өкімет пен басқару органдарының жүйесінен жоғары қойылды (6-бап). Республиканың экономикалық жүйесінің негізін мемлекеттік және колхоздықкооперативтік меншік нысанындағы социалистік меншік құрады. 1978 жылғы Конституцияда республиканың ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылысы, ҚазКСР-ның мемлекеттік өкіметі мен басқаруының жоғарғы және жергілікті органдарының мәртебесі, сайлау жүйесінің негіздері, халық депутаттарының құқықтық жағдайы, экономикалық және әлеуметтік дамудың мемлекеттік жоспары, мемлекеттік бюджет, сот әділдігі, арбитраж және прокурорлық қадағалау, т.с.с. институттар анықталды. Олай болса, 1977 жылғы КСРО Конституциясының негізінде қабылданған бұл Конституция 1937 жылғы ҚазКСР Конституциясына қарағанда Қазақстанның мемлекеттік дербестігін бекітті. Осыған байланысты академик М.Т. Баймаханов былай дейді: «КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының егемендігінің көрінісі болып тек Конституцияны ғана емес, сондай-ақ көпсалалы заңнаманың дамуын да қамтыған өзіндік құқықтық жүйесінің болуы есептелді. Мұнда республиканың құқық жүйесінің КСРО Конституциясы мен одақтық заңнаманың жалпы ережелерін Қазақстанның жағдайына бейімдеу тиістілігі, оның ұлттық, тарихи, тұрмыстық және өзге ерекшеліктерін ескеру тиістілігі меңзеледі. Ол жалпыфедералдық және республикалық мүдделердің дұрыс балансын орнатуға әсер етеді. Алайда республиканың құқықтық құрылысында жалпылық пен ерекшелікті (жекелікті) үйлесімді байланыстырудың орнына іс жүзінде оны жалпыресейлік нышандармен матап қою және Қазақстанның ұлттық және өзге ерекшелікерін толығымен дерлік елемеу орын алды [1, 217 б.]. ҚазКСР-ның 1978 жылғы Конституциясы 1977 жылғы КСРО Конституциясының негізгі ережелерін қайталады. Бұл Конституциялардың демократиялық мазмұнына қарамастан, олардың ережелерін қолданысқа енгізу шынайылыққа сай келмеді. Иә, жалпыодақтық жүйе құрамында Қазақстанның өзіндік құқықтық жүйесінің болуы жалпы алғанда формальды болды, ол құқықтық бірегейліктің көрінісі болып табылды. Кеңестік Қазақстанның конституциялық заңнамасын талдау құқықтың қайнар көзі ретінде оның Конституциясының өмірге қабілетсіздігі Кеңес Одағының коммунистік партиясының мемлекеттен және құқықтан жоғары тұруы себепті болғандығын көрсетеді. Алайда бұл конституциялардың декларативтігіне қарамастан, олар республиканың мемлекеттік-құқықтық дамуын заңи бекіту тәжірибесін жинақтай отырып, еліміздің конституциялық дамуында өзінің рөлін атқарды.
80-жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында ҚазКСР-інде, кейін Қазақстан Республикасында 1978 жылғы Конституцияға мәнді түзетулер енгізген бірқатар заңдар қабылданды. ҚазКСР-ның 1978 жылғы Конституциясы барлық өзгерту, түзетулермен қоса 1993 жылғы Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясын даярлау және қабылдау үшін тірек, негіз болды.
1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясына дейінгі барлық конституциялық актілер айқын таптық сипатқа және социалистік идеологияға ие болғанымен, олар социализм жағдайында тиісті актілер үшін қоғамдық-саяси құрылыстың негіздері туралы, мемлекеттік билік жүйесі туралы, азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері туралы дәстүрлі қажетті ережелерді құрады. Кеңестік конституциялардың азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын формальды бекітудегі кезектілігін, олардың жалпы кеңестік ғылым мен білімнің, мәдениеттің дамуына оң ықпалы болғанын атап кетуге болады.
19601980 жылдарда осы салалардың дамуының кепілдендірілу дәрежесі кеңестен кейінгі кезеңге қарағанда жоғары болды. Олай болса, ҚР 1993 жылғы Конституциясына тиісінше баға беруде Қазақстан Республикасының конституциялық заңнамасының дамуында кеңестік конституциялық заңнаманың рөлін тиісінше бағаламауға болмайды.
Әдебиеттер
- Баймаханов М.Т. Становление казахской государственности // В кн. Избранные труды по теории государства и права.– Алматы: АЮ-ВШП «Әділет», 2003. – 709 с.
- Черняков А.А. Конституционное право в контексте правовой системы Казахстана: основные исторические этапы эволюции (ст. 2-я) // Научные труды «Әділет». – 2005. – №2 (18). – С.23-26.
- Котов А.К. Конституционное становление Казахстана как нового независимого государства // Мысль. – №7. – С. 5-9.
- Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы. – Алматы: Жеті жарғы, 2004. – 480 бет.
- Нарбинова М.М. Законодательное оформление государственной независимости Республики Казахстан. Дисс... к.ю.н.,– Алматы, 2001. – 157 с.
- Амандыкова С.К. Становление доктрины конституционализма в Казахстане. Автореф. дисс... д.ю.н. – Алматы, – 47 с.
- Кукушкин Ю.С., Чистяков О.И. Очерк истории Советской Конституции. – М.: Политиздат, – 367 с.
- Өзбек ұлы С. Барлыбек Сыртанов. – Алматы: Жеті жарғы, 1996. – 108 б.
- Назарбаев Н.А. Доклад на торжественном заседании, посвященном Дню Конституции // Казахстанская правда. – 1996. – 30 августа
- История Советской Конституции (в документах.) 1917-1956 гг. / Сост. А.А. Липатов, Н.Т. Савенков; Предисл. и общ. ред. А.А.Студеникина. – М.: Госюриздат, – 1046 с.
- Алаш-Орда: Сб. док. / Сост. Н.Мартыненко. – Алматы: Айқап, 1992. – 192 с.
- Конституционные основы статуса союзной республики. Кол. моногр. / Под ред. Баймаханова М.Т. – Алма-Ата: Наука, – 247 с.