Күннен-күнге қылмыстық сот төрелігі саласында қылмыстық іс жүргізуді жеңілдетуге бағытталған институттардың, процессуалдық механизмдердің жаңа түрлерін тергеу, сот тәжірибесінде қолдану мен жетілдіру қажеттіліктері өсіп барады. Жасалатын қылмыстардың көбі ұйымдасқан сипатқа ие болып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғам және мемлекет мүдделері мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Ұйымдасқан қылмыстылықпен, терроризм, діни экстремизм, есірткі бизнесі, сыбайлас жемқорлық сияқты қауіпті әрекеттермен күрес жүргізу және оны ескертуге қазіргі өмір талаптарына сәйкес келетін жаңа нысандарды қолдануды талап етеді.
Сонымен қатар романо-германдық құқықтық жүйедегі мемлекеттердің заңнамасында, оның ішінде бұрынғы Кеңес Одағы Республикаларын қоса алғанда, қылмыстық сот өндірісінде өзіне тән емес англо-саксондық құқықтық жүйенің кейбір белгілерінің пайда болуы байқалады. Мұндай өзгерістер ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында интеграциялық процестердің дамуы, белгілі бір міндеттерді шешуге шетел мемлекеттерінің тәжірибесін пайдалану қажеттілігі салдарынан адам қызметінің барлық салаларын қамтумен сипатталады. Бұл процестер заң шығару саласында бөліп қалдырмады.
Профессор У.С. Джекебаев атап өткендей «құқық қорғау органдарының тәжірибесіндегі мәселелерді шешу іргелі ғылыми зерттеулер жүргізусіз мүмкін емес, ал ол өз кезегінде оны өзімізде қолдану мақсатында құқықтық құрылыстың шетелдік тәжірибесіне сүйене отырып, ғылыми приоритеттерді өзгертуді талап етеді. Сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық реформа заң шығарушы тек қана өз елінің ұлттық ерекшеліктері мен құқықтық әдет-ғұрыптарын сақтаған жағдайда ғана нәтижелі болады деуге болмайды, сонымен қатар салыстырмалықұқықтық әдіске де негізделуі тиіс. Біздің ойымызша, онсыз өтпелі экономикадағы елдерде кардиналды құқықтық реформаларды жүргізу мүмкін емес. Әрбір уақытта дамыған елдердің заң шығарушылары шетел құқығын зерттеумен айналысқан. Бұл бүкіл дүниежүзінде қалыптасқан үдеріс, шетел мемлекеттерінің құқығын салыстырмалы зерттеу өз құқығымызды түсінуге мүмкіндік береді», – деп көрсеткен [1, 4 б.].
Шетел мемлекеттерінің заңнамалық тәжірибесін салыстырмалы зерттеу, оң нәтижелерін алу күннен-күнге өзектілігін арттыруда. Заң шығарушы әрдайым белгілі бір реформалар жасау барысында шетелдердің тәжірибесін зерттей келе заңдар қабылдайды.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында қылмыстық іс жүргізуге байланысты заңнаманы жетілдіруге бағытталған біршама шаралар жүзеге асыруда, оның нәтижесінде қазіргі тергеу, соттың қызметін жаңа деңгейге көтеру мақсатын көздейтін жаңа редакциядағы қылмыстық іс жүргізу кодексін қабылдау көзделеді.
Кодекстің жаңалықтарының бірі болып «іс жүргізушілік келісім» [2] институтын айтуға болады, ол өзінің мәні бойынша Америка Құрама Штаттарының қылмыстық әділет тәжірибесінде кеңінен қолданылып келе жатқан «кінәні мойындау туралы мәміле (plea bargain)» институтының кейбір элементтерін қамтыған.
Осыған байланысты «іс жүргізушілік келісім» институтын қолдану бойынша англосаксондық құқықтағы Америка Құрама Штаттары сияқты мемлекеттерінің заңнамалық тәжірибесін қолданудың жағымды-жағымсыз жақтарын салыстырмалы талдау міндеті туындайды.
Аталған мақалада кінәні мойындау туралы мәмілені Америка Құрама Штаттарының қылмыстық сот өндірісінде қолдану ерекшеліктерін қарастырып жаңа редакциядағы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексінде көрсетілген іс жүргізушілік келісімнен айырмашылықтары, жағымды-жағымсыз жақтары анықталынады.
Отандық қылмыстық іс жүргізу құқығы ғылымында Америка Құрама Штаттарындағы кінәні мойындау туралы мәміле институтын зерттеу жеткілікті көлемде терең зерттелді деп айтуға болмайды, бұл институтты зерттеуге бірен-саран авторлардың еңбектері арналды, монографиялық деңгейде зерттелген жұмыс мүлдем жоқ. Бұған қатысты Ресей ғалымдарының ғылыми ізденістері біршама көп және жеткілікті дәрежеде зерттеліп, Ресейдің қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен салыстырмалы талдаулар жүргізілуде.
Аталмыш институтты салыстырмалы талдау жүргізбес бұрын оның Америка Құрама Шттаттарында қолдану ерекшеліктерін қарастырайық. Американың қылмыстық сот төрелігі сала-
сы қылмыстық істі айыпталушы мен айыптау тарабы арасында бірқатар маңызды сұрақтар бойынша келісімге келу негізінде компромистік құқықтық құбылыс ретінде «кінәні мойындау туралы мәміле (plea bargain)» сияқты институтының болуымен сипатталады. Бұл мақалада «кінәні мойындау туралы мәміле (plea bargain)» термині Америка Құрама Штаттарының сот өндірісінің құрамдас бөлігі болып табылатын институт ретінде түсіну қажет. Себебі жаңа редакциядағы Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасында көрсетілген іс жүргізушілік келісім жасаудың бір нысаны ретінде көрсетілген «кінәні мойындау туралы мәміле» [2] жоғарыда аталған америкалық институтының заңи әдебиеттерінде [3] берілген аудармасы мен термині бірдей атауда болғанымен екі түрлі институт. Олардың біршама өзгешеліктері мен ерекшеліктері бар.
Мәселен, В.Н. Махов, М.А. Пешков өз еңбектерінде Америка Құрама Штаттарындағы ағылшын тілінде «Plea bargain» деген атауда қолданылатын бұл институтқа келесідей анықтама береді «кінәні мойындау туралы мәміле ─ бұл айыптау мен қорғану тарабы айыптау тармақтарын қоса алғанда және ол бойынша айыпталушы өзінің кінәсін мойындауы тиіс істің шешілуі бойынша келісімге келу арқылы жасалатын келісім». Мұндай келісімдер көп жағдайларда айыпталушымен айыптау актісінде көрсетілген айып тармақтарының бірі бойынша немесе жасалған қылмыс үшін тағылған айыптан жеңілдірек қылмыс бойынша кінәсін мойындаумен аяқталады. Ал кейбір жағдайларда айыптаушы, алқа билермен айыпталушының жасаған қылмысы бойынша кінәлі болып танылуы екі талай деп ұйғарса, ол көзделген айыптан гөрі жеңілдірек айып тағады екен. Мысалға, қасақана адам өлтіру бойынша прокурорға қылмыскердің адам өлтіруді алдын ала жоспарлағаның дәлелдеуді талап етеді. Осыған байланысты прокурор алқа билерге оны дәлелдей алатыны бойынша күмәнданса, ол абайсызда адам өлтіру бойынша айып таға алады. Көп жағдайларда прокурор мен айыпталушы тек қана айып тармақтарының саны мен әрекетті саралау бойынша ғана келісімге келмей жазаның көлемі мен түрі, айыппұл, жазаны орындау орны және т.б. сұрақтар бойынша да келісім жасай алады [3, 169 б.].
Америка Құрама Штаттарының құқықтық жүйесінің ерекшеліктері мен қылмыстық процесінің сайысушылық типіне жататынын ескере отырып, американың сот процесінде сот төрелігімен «мәміле» жасау ешқандайда кедергі келтірмейтіндігін көрсетеді. Керісінше, капиталистік мемлекет ретінде, салық төлеушілердің мүдделерін ескеру, процессуалдық және экономикалық үнемдеу сияқты факторлардың болуы салдарынан мұндай мәмілелер сот төрелігінің күнделікті қызметіне айналған.
Мұндай келісімдерді жасау мүмкіндігі қылмыстық сот өндірісін дау ретінде қарастырып, егер де айыпталушы өзінің кінәсін мойындайтын болса, қылмыстық процесті әрі қарай жүргізу қажеттігінен босатады.
Сол сияқты америкалық қылмыстық сот өндірісінде қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтау сияқты мәселелер формальды сипатта болады. Ағылшын және американ ғалымдары заңи процесті ақиқатты анықтауға негізделмейді деп санайды. Олардың пікірі бойынша, сот іс материалдарына негізделе отырып шешім шығарады. Бұл жағдайда шешім ақиқатқа сәйкес болуы мүмкін, бірақ та ол міндетті емес [4].
Бұл институт америкалық қылмыстық процестің құрамдас бөлігі ретінде тәжірибе жүзінде 150 жылдан астам қолданылып келеді. Америкалық заңгер Реймонд Молидің ақпараттарына сүйенсек 1839 жылы Нью-Йорк штатында қылмыстық істердің үкімдердің 22%ы, 1869 жылы қылмыстық істердің 70%-ы осындай жолмен шешілген болса, Ал 1920 жылы қылмыстық істердің 88%-ы «кінәні мойындау туралы мәміле» арқылы шешілген, қазіргі кезде бұл институт арқылы АҚШ-та қылмыстық істердің 90%-ы өз шешімін табуда [3, 168]. Мәселен, Американың Вермонт Штатында қылмыстық істердің 98%-ы осындай тәртіпте аяқталады екен [5].
Аталған институттың дамуына Америка Құрама Штаттарының сот жүйесіне қылмыстық істер жүктемесінің өсуі күшті түрткі болды. Америкалық ғалым Д. Фишер өз еңбегінде кінәні мойындау туралы мәміле жасау арқылы қарастырылған қылмыстық істер пайызы өсуінің жоғарғы шегі қылмыстылық деңгейінің елдегі XIX ғасырдың ортасындағы экономикалық қатынастар саласында ұйымдасқан қылмыстылықтың өсуіне алып келген өндірістік және көліктік революция; Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа мемлекеттерінен халықтың Америка Құрама Штаттарына жаппай иммиграциясы, нәтижесінде ірі этникалық қылмыстық топтардың, соның ішінде италиялық мафия – «cosanostra» америкалық нұсқасының пайда болуы; Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болған «бэби-бум» салдарынан кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстар санының өсуі; XX ғасырдың екінші жартысында есірткінің заңсыз айналымының өсуі және т.б. күшті криминологиялық факторлардың салдарынан болғандығын көрсетеді. Аталған мән-жайларда Америка Құрама Штаттарының құқық қорғау жүйесі қылмыстық істерді қарау кезінде процессуалдық үнемдеу мен соттергеу органдарының жүктемесін жеңілдету бағытталған кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалды институтты ойлап табуға мәжбүр болды. Д. Фишер айтуы бойынша, сот төрелігімен мәміле жасау қылмыстарды тергеу процесін жеңілдету мен соттардың істерді қарау жүктемесін азайту жағынан ғана пайдалы емес, сондай-ақ қаржы жағынан да пайдалы. Өйткені АҚШ-тың Конституциясы барлық сотталғандарға істерін алқа билер соты арқылы қарау құқығын қамтамасыз етеді. Ал бұл өз кезегіндеарзанпроцедураемес(қазіргікездеалқа билерге барлық төлемдер мен төлемақыларды ескере отырып, сот отырысының бір күні 10000 АҚШ долларына дейін барады) [6].
Америка Құрама Штаттарында кінәні мойындау туралы мәмілені реттейтін құқықтық нормалар қылмыстық процестің Федералды ережелерінің «Айып тағу мен сотқа дайындалу» IV тарауының 11 ережелерінің нұсқауларымен жүзеге асады, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарының Жоғарғы Сотының келесідей істері бойынша шешімдерінде көрініс тапқан: «Солтүстік Каролина штаты Алфордқа қарсы» (1970 ж.), «Нью-Йорк штаты Сантобеллоға қарсы» (1971ж.), «Риккетц Адамсонға қарсы» (1987 ж.), «Борденкичер Хайеске қарсы» (1978 ж.), «Құрама штаттар Брейдиге қарсы» (1970 ж.), «МакМанн Ричардсонға қарсы» (1970 ж.), «Құрама штаттар Джексонға қарсы» (1968 ж.), «Блэклидж Пэрриға қарсы» (1974 ж.), «Бойкин Алабамаға қарсы» (1969 ж.), «Годинез Моранаға қарсы» (1993 ж.), «Хендерсон Морганаға қарсы» (1976 ж.), «Хилл Локхартқа қарсы» (1985 ж.) «Холлэвэй Арканзасқа қарсы» (1978 ж.), «Құрама Штаттары Херчивальға қарсы» (1927 ж.), «Лефковиц Ньюсомға қарсы» (1975 ж.), «МакКарти Құрама штаттарға қарсы» (1969 ж.), «Мэнна Нью-Йоркқа қарсы» (1975 ж.), «Солтүстік Каролина Паркерге қарсы» (1970 ж.), «Құрама штаттар Хайдқа қарсы (1997 ж.), «Құрама штаттар Тиммерикқа қарсы (1979 ж.), «Толлет Хендерсонға қарсы» (1973 ж.), «Құрама штаттар Броусқа қарсы» (1989 ж.), «Уайт Мэрилендқа қарсы» (1963 ж.) істер [7].
Айта кететін жағдай Америка Құрама Штаттарының кейбір штаттарының жергілікті заңдарымен бұл институтты қолдануға жол берілмейді, мысалы: Аляска, Жаңа Орлеан, Вентруа графствосы (Калифорния) және Окленд графствосы (Мичиган) [8, 283].
Америкалық ғалымдардың пікірі бойынша, кінәні мойындау туралы мәміле Америка Құрама Штаттарының қылмыстық сот төрелігінде басым күшке ие және америкалық соттардың күнделікті жұмыс уақытында әрбір екі секунд сайын қылмыстық істер кінәні мойындау туралы мәміле түрінде келіп түседі екен [79, 25 б.].
Әрине, Америка заңгерлерінің мұндай мәмілені қолдануға байланысты пікірлері бір тұтас емес, олардың арасында қарамақайшылықтар да бар. Былайша айтқанда, бұл институтты қолдануға қатысты жақтаушылар мен оған қарсы шығушылардың болуымен сипатталады.
Кінәні мойындау туралы мәміле институтын қолдануға қарсы шығушылардың бірі Америка Құрама Штаттарының Като институтының ғалымы Тимоти Линчтің пікірі бойынша, әділет органдарының қызметкерлері айыпталушыларды кінәні мойындау туралы мәміле жасауға мәжбүр ету арқылы құқықтарын шектейді, яғни олардың толық сот талқылауға құқықтарын қамтамасыз етпеу арқылы сот, прокурор, адвокаттардың қызметін жеңілдетеді деп санайды. Өзінің дәйектерін ол 1978 жылғы «Борденкичер Хайеске қарсы» сот прецедентін мысалға келтіру арқылы дәлелдейді. Аталған прецедент бойынша, Америка азаматы Пол Люйс Хэйс 88,30 доллар құрайтын жалған чекпен төлем жасамақшы болып ұсталынады. Бұл әрекет үшін америкалық сот төрелігімен 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді екен. Прокурор Хэйске мәміле жасауды ұсынады, мәміле бойынша егер де ол кінәсін мойындайтын болса, оны 5 жыл бостандығынан айыру түрінде жазаға ауыстырады. Сонымен бірге прокурор егер де ол кінәсін мойындамай, сот талқылауын талап ететін болса, мемлекет оған жаңа айып тағатыны туралы хабарлайды. Жаңа айып бойынша, оның бұрынғы қылмыстық өмірі үшін оған өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделеді екен. Айыптау тарабы жағынан жасалған үлкен қысымға қарамастан Хэйс сот талқылауының өткізілу құқығын пайдаланды. Нәтижесінде сот оған өмір бойы бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданады. Хэйс сотпен келіспей апелляциялық шағым беріп, прокурордың оның Америка Құрама Штаттарының Конституциясында бекітілген сот талқылауында істі қаралуына құқығын пайдаланғаны үшін қауіп келтірілгенін айтты. Дегенмен де сот прокурордың заңды әрекет еткенін және дәлелдемелердің негізінде шешім шығарғанын ашық жария етті. Аяғында «Борденкичер Хайеске қарсы» іс Америка Құрама Штаттарының Жоғарғы сотында қаралып, сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл прецедент бойынша, Тимоти Линч Америка Құрама Штаттарының Жоғарғы Соты неге дұрыс емес шешім шығарғанын тұжырымдай отырып, оны келесідей аргументтер арқылы негіздейді: алғашында, айыптау тарабының әрекеті мейірімді көрінеді, себебі ол сотталушыға көзделген жазадан төменірек жаза ұсынады, бірақ та соттың келесі әрекеттері егер де ол кінәні мойындау туралы мәмілемен келіспесе жаңа айып тағу қаупін туғызды. Осыған байланысты штат соты мен Американың Жоғарғы сотының әрекеттері Конституция нормаларына қайшы келді, себебі Конституция бойынша кінәні мойындау туралы мәміле айыпталушылардың ресми сотқа құқығын шектемей мемлекет тарапынан жүзеге асуы тиіс деп бекітті [9, 25-26 бб.].
Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің профессоры Артур Розеттің пікірі бойынша, тәжірибеде айыпталушымен мәмілені жиі қолдану сот төрелігі үшін үлкен мәселе болып табылады. Себебі бұл тәжірибе әртүрлі сипаттағы теріс әрекеттерге әкелуі мүмкін. Егер де сотқа тәжірибелі, мықты адвокат жалдай алатын бай адам тартылған болса, олар бұл жүйеде нәтижелі айла қолдана алады. Ал егер кедей, сот төрелігіне қате көзқарасы бар адам келсе, керісінше бұл жүйе онымен жеңіл болады деп санайды. Сондай-ақ қорғау мен қорғану тарабы ашық «шайқасқа» түсетін өзіміздің алқа билер сотын сонша қадірлеп, бағалайтын болсақ неге 10 жағдайдың 9-ында ғана біз алқа билер сотының орнына сот төрелігімен мәмілені қолданамыз деген заңды сұрақ туындайды [10].
Кейбір ғалымдар кінәні мойындау туралы мәміле қылмыстық элементтерге артық мейірімділік көрсетеді деп санайды. Сонымен бірге бір қатар бұл институтқа қарсы шығушылар мәміле жасауға мүмкіндіктің болуы кінәсіз айыпталушыларға немесе айыптаудан қорғануға мүмкіндігі бар тұлғаларды толық сот отырысында кінәлі болып қалуынан қауіптеніп мәміле жасауға итермелейді дейді. Бірақ та Америка Құрама Штаттарының Жоғарғы сотының шешімдері кінәні мойындау туралы мәміле процедурасы конституциялық талаптарға сәйкес келеді деп шешті. Жоғарғы сот бұл процедураны сот төрелігін жүзеге асыру процесінің құрамдас бөлігі деп анықтап, егер де мәміле тиісті түрде орындалып жасалса, мұндай мәмілелер жасау тәжірибесін қолдау қажет деп тапты [11, 468 б.]. Мұндай пікірді М. Кинсли де қолдайды, өзінің «Неге кінәсіз адамдар кінәсін мойындайды» деген мақаласында «мұндай нұсқаны жасау америкалық жүйені кінәсіз адамдарға жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүр ететіндігіне» аса назар аударады [12].
Т. Сәрсенбаев кінәні мойындау туралы мәміленің кемшіліктері ретінде қылмыстық процесті жүргізуші органдар мен лауазымды тұлғалардың айғақтарды кез келген жолмен алу мақсатымен байланысты айыптаушылардың өзін-өзі жала жабуын атап өтеді. Тиісінше, мәміле жасау кезінде жалған кінәні мойындау кінәсіз адамды соттаумен қатар кінәлі адамды жазасыз қалдырады. Сондай-ақ айыпталушымен жасалмаған қылмыстар бойынша айып тағылу мүмкіндігі, ресми тергеудің мәртебесіне нұқсан келтіру және т.б. атайды [13].
Жоғарыда аталған кінәсіз адамның мәміле жасауға бет бұру салдарынан соттың қате үкім шығаруын жоққа шығармайтын америкалық сот тәжірибесінде болған келесі істі айтуға болады: 1977 жылдың тамыз айында 21 жасар Керри Макс Кук 21 жасар Линда Джо Едвардсты зорлап, оған хайуандық жолмен қаза келтірді деген айыппен қамауға алынды. Бір жылдан кейін оған өлім жазасы тағайындалған үкім шықты.
1996 жылы қылмыстық істер бойынша Апелляциялық инстанциядағы сот айыптаудың ештеңеге негізделмеген куәгерінің айғағына ғана сүйенген үкімнің күшін жойды. Келесі куәгерсіз өтетін сот отырысы прокурордың пайдасына шешілмеуші еді. Сондықтан прокурор сотталушыға мәміле жасауды ұсынады, мәміленің шарттары бойынша сотталушы кінәсін мойындайтын болса, оған тағайындалатын жаза оның өлім жазасын күтуге кеткен мерзімімен өтеліп ол бостандыққа шығар еді. Сот төрелігіне тағы 22 жылын бергісі келмеген Кук прокурордың ұсынысын қабылдайды. Мәміле жасалғаннан кейін 2 ай және қылмыстың өткеніне 22 жыл өткен соң ресми емес қайнар көздер жәбірленушінің ішкі киімінде қалған ұрық іздеріне жүргізілген сараптама қорытындысы, бұл ұрық іздері Куктікі емес деп тапты. Шың жүзінде бұл дәлелдемелер соңғы сот отырысы болғанға дейін қылмыстық іс материалдарына тіркелуі тиіс еді. Қарастырылған оқиға бойынша кейбір мәмілелер сот төрелігімен жасалуы мүмкін қателіктерден қашу мақсатын көздейді, себебі азаматтардың өзі сот процесінде ақталуы мүмкін екендігіне, Америка Құрама Штаттарының Конституциясында баянды етілген құқықтарға күмәнмен қарайтының куәландырады [11, 1199 б.].
Керісінше, кінәні мойындауды қолдаушылар бұл процедура сот өндірісінің сайысушылық принципімен ұштасумен қатар, қылмыстық сот төрелігі жүйесінің тәжірибелік қажеттілігі мәселесімен байланысты деп санайды. Егер де қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың 3/1 бөлігі алқа билердің қатысуымен толық сот процесін жүргізу құқығын талап етсе, қылмыстық сот төрелігі жүйесі құлдыраушы еді [11, 465 б.].
Соттөрелігіменмәміленіңпайдаболусебебін көрсете отырып Б. Стефанос «жылдамдылық, бағасы, еріктілік автономиясы, нақтылығы мен анықталатындығы» сияқты маңызды процессуалдық құндылықтарды атап өтеді [14]. Өз кезегінде Ф. Истербрук, Р. Скотт және В. Штунц «кінәні мойындау туралы мәмілені» құқықтарды «сатып алу-сату» деп атайды, олардың пікірлері бойынша ол тәуелсіздік пен нәтижелілікті, уақыт пен ақшаны үнемдейді деген көзқараста [15].
Бұл институттың Америкадағы плюстары мен минустары туралы айта отырып, Ллойд Л. Уайребтің аталған институтқа қатысты пікірі ерекше көрінеді, ол тәжірибеде қылмыстық істердің көбі кінәні мойындау туралы мәміле арқылы жүзеге асқанымен, ешкімде толық сот талқылауын қамтамасыз ететін қылмыстық процесті құру мақсатында қылмыстық жазаланатын әрекеттер шеңберін азайтуды ұсынбайды [16, 93], – деп санайды.
Гарипов Р.Ф. Америка Құрама Штаттарындағы алқа билер сотының қызметін талдай келе, бұл мемлекеттегі қылмыстылық деңгейінің жоғары болуы, оның салдарынан қылмыстық істер санының өсуі сот механизміне үлкен ауыртпалық жүктейді. Америка Құрама Штаттарының Конституциясы барлық азаматтарға қылмыстық істерді алқа билер сотымен қарау құқығын қамтамасыз етеді. Тәжірибе жүзінде Америкада жалпы қылмыстық істер санынан қоғам назарын аударған күрделі істердің 10%-ы ғана алқа билердің қатысуымен жүргізіледі екен. Сондықтан да жыл сайын 2 миллионға жуық Америка азаматтары қылмыстық істер бойынша алқа билер ретінде қатысып, мемлекет тарапынан оның қалыпты жұмыс істеуіне кететін қаржы 500 млн. долларды құрайды. Бұл қаржы алқа билердің гонорары, көліктік шығындар, қоңақүйде тұру және т.б. шығындарды құрайды. Осындай жағдайда сот қызметінің жүктемесін жеңілдететін, қаралатын қылмыстық істердің 90%-ын құрайтын қаржы мен уақыт үнемдеу тұрғысынан алғанда пайдалы кінәні мойындау туралы мәміле институтын атауға болады дейді [17].
Сонымен, жоғарыдағы Америка Құрама Штаттарының қылмыстық сот өндірісіндегі кінәні мойындау туралы мәміле институтын қолданудың жағымды-жағымсыз жақтарының болуына қарамастан, аталған институт сот органдарында қаралатын қылмыстық істердің көп болуы салдарынан сот органдары қызметінің жүктемесін жеңілдетуге бағытталған жалғыз институт екенін айтуға болады. Америка Құрама Штаттарының қылмыстық әділет саласы бұл институтқа балама жолды ойлап тапқан жоқ. Керісінше, оның өзі қылмыстық істі алқа билер сотында қарауға кететін қаржының көп болуы салдарынан бұл институтқа балама ретінде сипат беріп тәжірибеде қолданылады. Оған қарамай, бұл құқықтық құбылыстың ықпалы дүние жүзінің көптеген мемлекеттеріне оның ішінде өзге де құқықтық жүйелерге таралу үстінде. Осыған байланысты Стэнфорд университетінің Джордж Фишердің «Кінәні мойындау туралы мәміленің триумфы: кінәні мойындау туралы мәміленің тарихы» [6] атты еңбегі еріксіз ойға түседі.
Қазақстандық қылмыстық іс жүргізу заңнамасында «іс жүргізушілік келісім» институтының пайда болуы Америка Құрама Штаттарының қылмыстық сот төрелігіндегі кінәні мойындау туралы мәміле институтымен салыстырмалы талдау жүргізу арқылы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтауды қажет етеді.
Қарастырылып отырған екі институтта түрлі құқықтық жүйелерде қолданылуына қарамастан бірқатар жалпы ұқсастықтары бар.
Жаңа редакциядағы қылмыстық іс жүргізу кодексініңжобасының 63тарауындакөрсетілген «іс жүргізушілік келісім» институтының және америкалық мәмілелерді реттейтін нормаларды талдай келе келесідей бірқатар ұқсастықтарын анықтауға болады:
- аталған екі институтта қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің қызметін қысқарту мақсатын көздейді;
- келісімдердің екі моделі де тараптардың еріктілік негізінде жүзеге асады;
- өзінің мәні жағынан екеуі де сот өндірісінің қысқартылған нысанына жатады;
- келісімнің екі түрі де тараптардың бірбіріне шегініс жасау жүйесі негізінде жүзеге асады;
- айыпталушымен қылмыстық әрекеттен кейінгі жағымды әрекеттер жасауы (кінәсін мойындау, дәлелдемелер табуға көмектесу, қылмыстарды ашуға жәрдемдесу, қылмысқа қатысушыларды анықтау);
- айыпталушымен келісім жасау алдында және жасағаннан кейін білікті заң көмегін алуы;
- сотталушының жазасы мен жауаптылығының жеңілдетілуі;
- кінәні мойындау туралы мәміле мен іс жүргізушілік келісімнің екінші нысаны ынтымақтастық туралы келісім, ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қылмысқа қатысушылық арқылы жасалған қылмыстар бойынша сезікті, айыпталушымен ынтымақтастық негізінде қылмыстарды ашуды көздейді;
- екеуі де нақты (жазбаша) нысан алу жолымен келісім түрінде жасалады.
Жоғарыда аталған екі келісімнің ұқсастықтары олардың бір институт екендігі туралы тұжырым жасауға негіз бола алмайды.
Сондықтан келесі қарастыратын сұрағымыз олардың айырмашылықтары туралы сөз болмақ. Біздің ойымызша, кінәні мойындау туралы мәміле мен іс жүргізушілік келісімнің бірқатар айырмашылықтары бар, олар 1-кестеде ұсынылады.
Көрсетілген талдау бойынша, біздің ойымызша, америкалық кінәні мойындау туралы мәміле моделінің кейбір жағымды жақтарын ескеру керек. Отандық заңнамада мұндай келісімнің пайда болуына бұл институттың англо-саксондық құқықтық жүйедегі мемлекеттен пайда болуына қарамастан кейбір элементтері алынды. Оның ұқсастықтары жоғарыда көрсетілді. Дегенмен де «іс жүргізішілік келісім» ұлттық құқықтық жүйе мен тергеу сот тәжірибесінің айғақтарын ескере отырып, тарихи қалыптасқан қылмыстық процестің аралас типін өзгертуді қажет етпейтін бөлігінде қолдануға болады.
Біздің ойымызша, қылмыстық іс жүргізу тұрғысында америкалық мәміленің келесідей оң жақтарын атап қылмыстық іс жүргізу кодекс жобасында қабылдау кезінде ескеру болады:
- Кінәні мойындау туралы мәміленің (Plea bargain) барлық типтерін сотпен бекіту туралы нормалары, жоғарыда көрсетілгендей іс жүргізушілік келісімнің ынтымақтастық туралы нысаны сотпен бекітіледі, бірақ та оның бірінші нысаны кінәні мойындау туралы мәміле бойынша келісімді жасау-жасамау туралы мәселені прокурор шешеді, біздің ойымызша, іс жүргізушілік келісімнің екі нысаны бойынша да тергеу судьясымен бекітілу қажет, бұл өз кезегінде соттық бақылауды сотқа дейінгі сатыларда нығайтуға мүмкіндік береді.
- Ынтымақтастық туралы келісімді жасаудың шарттарының бірі ретінде жәбірленушіге зиянды өтеу туралы нормаларды бекіту, мәселен, америкалық кінәні мойындау туралы мәмілені реттейтін нормалар бойынша судья егер де айыпталушы өзінің әрекетімен қойылған талаптарды бұзса, кінәні мойындау туралы мәмілені қайтарып алады.
- Келісім жасау кезінде қорғаушының өкілеттіктерін реттейтін нормаларды нақтылау қажет, америкалық заңнама айыпталушы мен сотталушыға білікті заң көмегін процестің барлық сатыларында алуына ерекше маңыз береді. Қорғаушының көрсеткен қызметінің сапасын судья тексереді.
- Іс жүргізушілік келісімнің ынтымақтастық туралы нысаны бойынша келісім жасаудың салдарын дифференциациялау. Америкада айыпталушы, сотталушымен мәміле жасалса жаза жеңілдетіледі, егер де сезіктімен жасалған жағдайда оған қатысты қылмыстық ізге түсу қысқартылады. Қазақстандық қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің жобалары бойынша жаза тағайындау мен жауаптылықтан босату мәселесі сотпен шешіледі.
Сонымен, қазақстандық іс жүргізу заңнамасына енгізілгелі жатқан іс жүргізушілік келісім институты америкалық кінәні мойындау туралы мәмілемен біршама ұқсастықтары болғанымен ондай мәміле болып табылмайды.
Өзінің атауы жағынан іс жүргізушілік келісімнің бірінші нысаны кінәні мойындау туралы мәміле мен америкалық кінәні мойындау туралы мәміленің ұқсастықтары атауында ғана емес, сонымен бірге бірқатар маңызды позициялар бойынша ұқсастардың болуымен сипатталады. Қазақстандық іс жүргізушілік келісім екі нысанда жүзеге асады, яғни кінәні мойындау туралы мәміле мен іс жүргізушілік келісім. Америкалық заңнама мәміленің бірқатар типтері болғанымен оларды кінәні мойындау туралы мәміле мен іс жүргізушілік келісім деп бөлмейді, олар бір атауда, яғни кінәні мойындау туралы мәміле (Plea bargain) аясында көзделген шарттармен жүзеге асады.
Қылмыстықпроцестекелісімгекелупроцедураларының потенциалы Америка Құрама Штаттарындағы кінәні мойындау туралы мәміле (Plea bargain) кезінде жақсы жүзеге асумен сипатталады. Оны, ең біріншіден бұл мемлекеттің қылмыстық процесінің сайысушылық типіне жатқызылуымен байланыстыруға болады. Яғни қорғаушы мен айыптау тарабы күреске түсетін бұл процесс типі мұндай мәмілелер жасауға арналған жағымды орта болатыны анық.
Жоғарыда аталған ұсыныстарды ескере отырып, қазақстандық қылмыстық іс жүргізу заңнамасына іс жүргізушілік келісімдерді енгізу, ең біріншіден, қылмыстық процесс аясына тартылған адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен сақтау, келісімдерді жасау процедурасын максималды түрде құқықтық реттеу тұрғысынан жүзеге асуы тиіс.
Әдебиеттер
- Джекебаев У.С. Основные принципы уголовного права Республики Казахстан (сравнительный комментарий к книге Дж.Флетчера и А.В.Наумова «Основные концепции современного уголовного права»). – Алматы: Жеті Жарғы, – 256 с.
- Досье ITS на проект Уголовно-процессуального кодекса Республики Казахстан (новая редакция) (по состоянию на 30 сентября 2013 года) //http://www.zakon.kz/4526068-dose-its-na-proekt-ugolovno.html
- Махов В.Н., Пешков М.А. Уголовный процесс США (досудебные стадии): учебное пособие. – М.: ЗАО «Бизнес-школа «Интел-Синтез», 1998. – 208 с.
- Морозова И., Анненков А., Дадонов С. Сделка о признании вины как вариант мирового соглашения // Российская юстиция. ‒ 2000. – № 10. – С. 37.
- Сравнение сделки о признании вины в уголовно-процессуальном праве штата Вермонт и в уголовно-процессуальном кодексе РФ.
- George Plea bargaining’s triumph: a history of plea bargaining in America». Stanford, CA: Stanford University Press, 2003.
- Сарсенбаева Б.Б. Сделка о признаний вины в уголовном судопроизводстве: дис. ...канд. юрид. Наук. – Алматы,– 151с.
- Иванов А.А. Правовое регулирование института сделок о признании вины в США // Вестник Нижегородского университета им. Н.И. Лобачевского. 2012. № 2 (1). С. 282–286.
- By Timothy Lynch. The Case Against Plea Bargaining. Regulation. Fall 2003
- Марина Ефимова. Сделка с обвиняемым маленький секрет правосудия//http://www.svoboda.org/content/ transcript/24200051.html
- Уильям Бернам. Правовая система Соединенных Штатов Америки.Москва: РИО «Новая юстиция», 2006. 3-й выпуск. – 1216 с.
- kinsley Why Innocent People Confess // www.washingtonpost.com
- Сделка о признании вины в уголовном процессе РК / Т. Сарсенбаев. Юрист. – 2004. – №
- Stephanos B. Garmonizing substantive criminal law values and criminal procedure // Cornell Law Review. 2003. – №6.
- Easterbrook Plea Bargaining as Compromise // Yale L.J., 1992. – №101.
- Ллойд Л.Уайреб. Отказ в правосудии. Уголовный процесс США. – М.: Юрид.лит., 1985. – 191с.
- Гарипов Р.Ф. Сделка о признании вины» как альтернатива суду присяжных заседателей в уголовном правосудии США / Евразийский юридический журнал. – № 3 (10). – 2009.