Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-ші бабында: «Әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен қорғауға хақылы. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар» делінген [1].
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы “Қазақстан-2050” стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек.
Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес. Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет. Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс»,деген болатын [2].
Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 7-бабының 3-тармақшасы «апелляциялық саты – бірінші сатыдағы соттың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулысына апелляциялық шағымдар (наразылықтар) бойынша істі қарайтын екінші сатыдағы сот» деп апелляциялық сатыдағы соттың орнын көрсетеді [3].
ҚР ҚІЖК-сі аппеляциялық өндірісті заңды күшіне енбеген сот шешімдері мен үкімдерін қайта қарау деп түсінеді. Үкімнің заңды күшіне енуі сот шешімінің атқарылуға жіберілгендігін білдіреді. Басқаша айтқанда, осы уақыттан бастап сот мемлекеттің еркі, Қазақстан Республикасының территориясындағы барлық азаматтарға, заңды тұлғаларға, мемлекеттік органдарға міндетті болып саналады және өзінің құқықтық күшіне байланысты заң актісіне тең болып табылады.
Заң шығарушы сот қателерін анықтау және оны жою мақсатында ҚР ҚІЖК-нің кез келген уәкілетті субъектілері шағымдануға және наразылық білдіруге құқықты он бес тәуліктік мерзім белгілейді. Осыған сәйкес сот үкімдері мен шешімдеріне аппеляциялық наразылық келтіру және шағымдану институты сот шешімдерін тексерудің тиімді тәсілі болып табылады, елдегі сот билігін жүзеге асырудың заңдылығын және әділдігін қамтамасыз етеді.
Тергеу және сот тәжірибесі қылмыстық сот өндірісіндегі заңдылықты қамтамасыз етудегі апелляциялық қаулылар мен үкімдердің маңыздылығы нақты істер бойынша ғана шектелмейтінін көрсетеді.
Анықтауды жүргізген тұлғалар, қылмыстық істі тергеуге қатысқан тергеушілер, судьялар осы іс бойынша шығарылған апелляциялық қаулы немесе үкімде көрсетілген ережелерді өздерінің келесі тәжірибесінде ескеретін болады. Сонымен қатар екінші инстанцияда шығарылған қаулылар мен үкімдер тікелей және мәні бойынша қараған нақты адамдармен ғана емес, басқа да көптеген судьялармен, прокурорлармен, тергеушілермен зерттеледі. Осыған сәйкес, апелляциялық қаулылар мен үкімдер қылмыстық істерді тергеу мен қарау кезіндегі заңдардың бұзылуын алдын алуда үлкен маңызға ие.
Апелляциялық қаулылар мен үкімдер сот және тергеу тәжірибесі үшін айрықша маңызға ие, осылайша, қылмыстық сот өндірісіндегі, соның ішінде, апелляциялық өндірістегі заңдылықтың кепілдігін күшейтеді. Бір мезгілде, бұл апелляциялық қаулылар мен үкімдердің заңды, негізді болуына деген талаптарды қояды.
Апелляциялық іс жүргізудің мәні – заңды күшіне енбеген үкімнің, басқа да шешімнің заңдылығын, негізділігін және әділеттігін жоғары сатыдағы соттың жаңа сот тергеуін жүргізу арқылы, дәлелдемелерді зерттеуінде және апелляциялық сатыдағы судьяның ішкі сеніміне негізделген жаңа үкім шығаруында. Апелляциялық қайта қарауды енгізудің мақсаты – жеке тұлғаның құқықтық кепілдіген күшейту және заңсыз, негізсіз және әділетсіз үкімнің күшіне енуіне «тосқауыл» жасау, – деп сипатталған ресейлік апелляциялық іс жүргізу заңы [4, 93–94 бб.].
Сот шешімдерін қайта қарау сатыларында шағымдар мен наразылықтар келтіру бойынша жалпы процеске қатысушылардың іс-әрекеттері олардың тиісті сатыларда іс жүргізуді туындататын процессуалдық қызметі болып табылатыны жоғарыда аталған бөлімдерде көрсетілген. Мұндағы іс жүргізудің мәні алдыңғы сатыда қабылданған шешімді тексеру болып табылады. Апелляциялық қаулылар мен үкімдердің маңыздылығы олардың сот прецеденті ретінде қолданылуы деген сөз емес. Қазақстанда судьялар сот әділдігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және тек заңға ғана бағынады. Жоғары тұрған судьялардың қаулылары мен үкімдері, ондағы құқық нормасы мен дәлелдемелер талдауы тергеушілер мен судьялардың заңды дұрыс түсінуіне теориялық білімдерінің тереңдеуін, құқық нормасын қолданудағы практикалық білімге және олардың құқықтық санасының қалыптасуына әсер етеді. Дәл осы негізде және осындай жолмен екінші сот инстанциялары апелляциялық сатының өндірісіне түспейтін қылмыстық істердің де дұрыс шешілуіне септігін тигізеді.
Жалпы, қазіргі таңдағы апелляциялық инстанциядағы іс жүргізуде орын алған елеулі өзгерістердің бірі, ол егер апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыда шыққан соттың шешімінен қате тапса, істі қайтармай өзі қарап, дұрыс шешім шығарады. Бұл – сот шешімдерін тексерудің және әділ шешім шығарудың, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың бір жолы.
Іс жүргізу әрекеттеріне, сот шешіміне, сот өндірісіне шағымдану еркіндігінің конституциялық ұстанымын орындау мақсатында заң тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде айыптауға және қорғауға шағымдану, наразылық білдіру үшін бірдей құқық береді. Тараптар жасалынған шағымдарға, наразылықтарға қатысты өз ойларын айтуға, өздерінің қарсылықтарын білдіруге, іс кұжаттарын бірінші сатыдағы сотта қаралмаған қосымша материалдармен толықтыруға мүмкіндік алды. Егер шағымдану, наразылық білдіру мерзімдері дәлелді себептермен өтіп кетсе, оларды қалпына келтіруге кепілдік берілді.
Сонымен, заңды күшіне енбеген сот үкімдері мен шешімдерін қайта қарау – басты мақсаты азамат пен қоғамды сот қателерінен қорғау, қылмыстық-құқықтық қатынастардың барлық қатысушылардың заң нормаларын сақтауды камтамасыз ету, сот төрелігін әділ, ізгілікті және демократиялы жүргізілуіне кепілдік туғызу болып табылатын кылмыстық процестің ерекше сатысы [5].
Әдебиеттер
- 1995 ж. 30 тамызда қабылданған ҚР Конституциясы.
- Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жыл 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.
- Қазақстан Республикасының 1997 жыл 13 желтоқсандағы Қылмыстық іс жүргізу кодексі.
- Кряжевская О.В. Екінші инстанциядағы сот қызметінің кейбір дискуссиялық мәселелері // Вестн. Москов. ун-та. Серия 11, Право. – 2005. – № 1. – С. 93–94.
- Канафин Д.К. Қазақстан Республикасындағы Қылмыстық іс жүргізудегі апелляциялық өндіріс. – А., 2002. – 3 б.