Бүгінгі таңда көптеген шет елдерінде конституциялық және басқа да заңнамалық деңгейлерде түрлі ұлттық, этникалық және тілдік азшылықтардыңбарболуынмойындайтын,сонымен қатар сол топтарды кемсітушілікке жол бермей, оларды қорғауды қамтамасыз етуге, өзіндік болмысы мен жеке-даралық өзгешеліктерін сақтауға бағытталған белсенді әрекеттер жүзеге асырылуда. Ұлттық азшылықтардың құқықтарын реттеу мен қорғау саласында арнайы конституциялық нормалар мен заңнамалық актілерді қабылдаудың мақсаты халықаралық нормалар мен стандарттардың ықпалымен қалыптасқан әр елдегі ұлттық азшылықтардың өмір сүруінің институционалдық жағдайларын қамтамасыз ету, мемлекет пен қоғамның демократиялық институттарының жүйесін жетілдіру, мемлекеттің плюралистік дамуын адам құқықтарының кеңеюі мен тереңдеуі үрдістерінің ықпалымен әрі қарай жетілдіру болып табылады.
Халықаралық құқық бойынша қандай топтар азшылықтарға жатады? 1992 жылы консенсуспен қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының Азшылықтардың құқықтары туралы декларациясының [1] 1-бабына сәйкес, азшылықтар ерекше болмысқа ие ұлттық немесе этникалық, мәдени, діни және тілдік топтар ретінде қарастырылады және мемлекеттер олардың тіршілік етуін қорғауға міндетті болып табылады. Қандай топтардың азшылықтарға жататыны туралы халықаралық деңгейде келісілген анықтама әлі де жоқ. Көп жағдайларда, азшылықтардың бар болуы ақиқат болып табылып, кез келген анықтама өзіне объективті факторларды (мысалы этникалық, тілдік, немесе діни ортақтықтың бар болуы сияқты) және субъективті факторларды (соның ішінде, жеке тұлғалардың өздерін азшылық мүшелері ретінде белгілеуі) қамтуы керек. Біріккен Ұлттар Ұйымының Дискриминацияны алдын-алу және азшылықтарды қорғау бойынша Шағын Комиссиясымен анықтама бойынша келісім табу жолында бірқатар талпыныстар мен әрекеттер қабылданды. Алайда, олар әлі ешқандай келісімге келген жоқ.
Ұлттық азшылықтарға жататын тұлғаларды қорғаудың мәні теңдік мүдделерін, әділеттілікті, тұрақтылықты, демократиялық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатындағы адам құқықтарын халықаралық қорғаудың құрамдас бөлігі ретінде Еуропада Еуропа Кеңесінің маңызды міндетіне айналды. Ұлттық азшылықтардың адам құқықтарын қорғаудағы Еуропа Кеңесінің басты құжаты «Ұлттық азшылықтарды қорғау туралы Шектелмелі (Рамочная) конвенциясы» [2] болып табылады (бұдан былай «Шектелмелі конвенциясы» деп аталады). Шектелмелі конвенциясының преамбуласында еуропалық тарих басынан өткерген күйзелістер ұлттық азшылықтарды қорғаудың осы контитенттегі тұрақтылық, демократия мен бейбітшіліктің сақталуы үшін қаншалықты маңызды екенін мойындады. Бұған қоса, плюралистік және нағыз демократиялық қоғам ұлттық азшылыққа жататын әрбір тұлғаның этникалық, мәдени, тілдік, діни өзіндік болмысын құрметтеп қана қоймай, оларға сол өзіндік болмысты білдіруге, сақтауға және дамытуға мүмкіндік беретін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету керек екендігіне басты назар аударады.
Осылайша, қатысушы-мемлекеттерден әрекетке көшу талап етіледі. Бұнымен қатар, осы конвенцияда «толеранттылық пен диалог климатын орнатудағы мәдени әртүрлілік жікке бөлінушіліктің негізі мен факторы емес, керісінше, әр қоғамның байытылуының негізі мен факторына айналуы үшін қажет» делінген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы да, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының (бұдан былай, ЕҚЫҰ) негізін құрайтын құжаттар да, азшылықтарға жататын тұлғалардың құқықтарын қамтыған адам құқықтарын құрметтейтін, тең құқылы, егемен мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастарын дамыту есебінен халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мен нығайтуға бағытталған. Расында да, тарихтың өзі көрсеткендей, адам құқықтарын құрметтемеушілік, оның ішінде, азшылық құқықтарын құрметтемеушілік мемлекетішілік тұрақтылықтың бұзылуына әкеліп соғып, мемлекет арасындағы қарым-қатынастарға теріс әсерін тигізуі мүмкін, осылайша, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіреді.
1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінің [3] «Хельсинки Диалогінің» VII принципінен бастап, ЕҚЫҰ-на кіретін мүше-мемлекеттер ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалардың заңды мүдделерін құрметтеу мен бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау арасындағы түбегейлі байланысқа ерекше назар аудара бастаған болатын. Осы байланысқа кейіннен қабылданған негіз құраушы құжаттар да қайта-қайта сілтеме жасап отырады, атап айтқанда, (1983 жыл) Мадрид кездесуінің Қорытынды құжатында (15ші принцип) [4], (1989 жыл) Вена кездесуінің Қорытынды құжатында (18, 19-шы принциптері) [5], Парижде «Жаңа Еуропаға арналған Хартиясында» (1990 жыл) [6], сонымен қатар, жоғарғы деңгейдегі кейінгі кездесулердің құжаттарында, мысалы, Хельсинки құжатында (1992 жыл) [7] (IV бөлімнің 24-тармағы) және Лиссабон құжатында (1996 жыл) [8], (ХХІ ғасырдағы Еуропа үшін қауіпсіздіктің жалпы және тегіс көлемде қамтылуының моделі туралы Лиссабон декларациясының І бөлімі, 2-тармағы). Бұнымен қатар, Парижде «Жаңа Еуропаға арналған Хартиясын» қабылдай отырып, ЕҚЫҰ-ның барлық қатысушы-мемлекеттері басқарудың демократиялық принциптеріне деген өздерінің адалдығын білдірді.
Азшылықтарға жататын тұлғалардың адам құқықтарын теңқұқылық деңгейде жүзеге асырулары үшін жан-жақты мүмкіндіктерді қалыптастыру қажет; олардың, яғни азшылықтардың шешімдер қабылдау процестерінде, әсіресе өздеріне байланысты мәселелерде шешім қабылдауда тиімді қатысуларын көздейді. Нақты жағдайлардың әртүрлі болатынына байланысты, азшылықтардың қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыру үшін кәдімгі қарапайым демократиялық шаралардың жеткілікті болатынына қарамастан, сонымен қатар, азшылықтардың шешімдер қабылдауда тиімді қатысуы мақсатында ерекше, арнайы шараларды қабылдау керек екендігін өмір тәжірибесі көрсетті. Мемлекеттердің осындай жағдайларда жасауға тиіс болатын міндеттері бірқатар халықаралық нормаларда бекітілген: осылайша, Адамзаттық өлшем жөніндегі Копенгаген кеңесі Құжатының (1990 жыл) [9] (бұдан былай, «Копенгаген Құжаты» деп аталады) 35-тармағына сәйкес, ЕҚЫҰ-ның барлық қатысушы – мемлекеттері «ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалардың құқықтарын құрметтейді, олардың мемлекет істеріне тиімді қатысуларын, оның ішінде, осындай азшылықтардың өзіндік болмыстарын көтермелеу мен қорғауға байланысты істерге қатысуларын қамтамасыз етеді» делінген; БҰҰ-ның Азшылықтардың құқықтары туралы декларациясының (1992 жыл) [1] ІІ бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес, «азшылықтарға жататын тұлғалар мемлекеттік өмірде белсенді түрде қатысуға құқылы», сонымен қатар, «өздері тиесілі болатын азшылықтарға байланысты немесе өздері өмір сүріп жатқан өңірлерге қатысты мәселелерде, ұлттық деңгейде, қажет болған жерлерде өңірлік деңгейлерде шешімдер қабылдауға белсенді түрде қатысуға құқылы» делінген; Шектемелі конвенцияның [2] 15-бабына сәйкес, қатысушы – мемлекеттер «ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалардың мәдени,қоғамдық және экономикалық өмірде, сонымен қатар, мемлекеттік істерді жүргізуде, әсіресе, оларға қатысы бар істерді жүзеге асыруда тиімді қатысулары үшін қажетті жағдайларды туғызуға міндетті» деп аталып көрсетілген.
Тең дәрежедегі абырой, қадір-қасиет пен бөлінбес құқықтар идеясынан адам құқықтары бойынша барлық халықаралық құжаттарда жүзеге асырылған кемсітпеу принципі өрбиді, ол құжаттардың арасында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының [10] 2-бабын, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің [11] 2 және 26-баптарын және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің [12] 2-бабын атап кетуге болады. Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияның [13] 1-бабында бұл құжат кемсітуге тиым салатыны туралы, жекелеп алғанда, «нәсілдік, ұлттық немесе этникалық шығу тегі» белгілеріне байланысты, кемсітуге тыйым салады деп нақты аталып көрсетілген. Адам құқықтары мен негізгі еркіндіктерін қорғау туралы Еуропа Конвенциясының (1950 жыл) (бұдан былай, «Адам құқықтары туралы Еуропа Конвенциясы» деп аталады) 14бабы да, «ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегі, ұлттық азшылықтарға тиістілік» белгілеріне байланысты Конвенциямен кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтар туралы сөз қозғалғанда, дискриминацияға немесе кемсітуге жол берілмейді деп аталып көрсетілген. Осы жағдайлар мен принциптер ЕҚЫҰ-ның барлық қатысушы-мемлекеттерінің көпшілігінің конституцияларында көрініс тапқан.
Осылайша, ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалар қоғамдық – саяси өмірде тиімді қатысуға құқылы болса, олар осы құқықты Копенгаген Құжатының [9] 3-тармағында, Шектелмелі конвенцияның [2] 4-бабында және БҰҰ-ның Азшылықтардың құқықтары туралы декларациясының (1992 жыл) [1] 4-бабының 1-тармағында көрсетілгендей ешбір шектеулерсіз пайдалануға мүмкіндік алулары тиіс. Бұнымен қатар, Шектелмелі Конвенцияның 4-бабының 2-тармағына сәйкес, ар-ождан мен қадір-қасиетті құрметтеуде теңқұқылылықты қамтамасыз ету, дискриминациядан бас тарту принципін ғана белгілеп қана қоймай, «ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалар мен халықтың басым тобына жататын тұлғалар арасындағы нағыз, іс жүзіндегі, толық теңдікті» білдіріп, мемлекеттер осы мақсат үшін «қажетті жағдайларда тиісті шараларды қабылдауға» міндеттеліп, жауапты болады және осыған байланысты, олар «ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалардың ерекше жағдайын дұрыс дәрежеде есепке алулары тиіс».
Адам құқықтарын құрметтеу мен «тиімді саяси демократияның» талаптарын білдіретін, азаматтық қоғам институттарын дамытудың арасындағы байланыс та қарастырылады, ал бұл қатынас Адам құқықтары туралы Еуропа Конвенциясының [14] алғы сөзінде, яғни преамбуласында айтылып кеткен бүкіл жер жүзіндегі әділеттік пен бейбітшілікті қамтамамсыз етумен тығыз байланыста болады. Жаңа Еуропаға арналған Хартиясында [6], ЕҚЫҰ-ның барлық қатысушы – мемлекеттері басқарудың демократиялық жүйесін таңдап, атап айтқанда, адам құқықтарын құрметтеу, гүлденудің негізін құрайды деп жариялаған болатын.
Ұлттық азшылықтардың қоғамдық-саяси өмірге тиімді қатысуын қамтамасыз ететін ерекше арнайы институттар, басқа адамдардың құқықтарының төмендетілуі есебінен жүргізілмеуі қажет. Адам құқықтары мемлекеттің сәйкесінше құзыреттіліктерді басқара алатын институттар тарапынан барлық жағдайларда және толықтай сақталуы тиіс. Копенгаген Құжатының [9] 33-тармағына сәйкес, ұлттық азшылықтардың өзіндік болмыстарын қорғау бойынша қатысушы-мемлекеттер қажетті шараларды қабылдай отырып, «осындай шаралардың кез келгені сәйкесінше қатысушы-мемлекеттердің басқа азаматтарына қатысты теңдік және кемсітпеу принциптеріне негізделіп қабылданатын болады» деп аталып көрсетілген. Әрі қарай, Копенгаген Құжатының 38-тармағында «қатысушымемлекеттер өздерінің ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалардың құқықтарын қолдау мен қорғау шараларында, өздерінің міндеттерін адам құқықтары бойынша сәйкесінше конвенциялар мен сәйкесінше басқа да халықаралық құралдарға негізделіп, толық көлемде сақтайтын болады» делінген. Осыған ұқсас ереже Шектелмелі конвенцияның [2] 20-бабында қамтылған: «Шектелмелі конвенцияда тарқатылған принциптерден туындайтын құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыруда, ұлттық азшылыққа жататын кез келген тұлға ұлттық заңнаманың ережелерін орындайды және басқа тұлғалардың құқықтарын, атап айтқанда, халықтың негізгі тобына жататын тұлғалардың немесе басқа ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалардыңқұқықтарынқұрметтейді» делінген. Бұған әйелдер құқықтарын құрметтеуді, соның ішінде, «елдің саяси және қоғамдық өміріндегі» дискриминациядан бостандықты да қамту керек, бұл туралы Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенцияның (1979 жыл) [15] 7-бабында айтылған.
Азшылықтарға жататын тұлғалардың өзіндік бірегейліктерін таныту принципінің негізінде түбегейлі міндеттемелердің бірқатары жатыр. Копенгаген Құжатының [9] 32-тармағында «тұлғаның ұлттық азшылыққа тиістілігі оның жеке таңдауы болып табылады және оның осы таңдауды жүзеге асыруынан ешқандай жағымсыз нәтижелер туындауы мүмкін емес» делінген. Шектелмелі конвенцияның [2] 3-баптың 1-тармағында осыған ұқсас түрде «ұлттық азшылыққа жататын кез келген тұлға өзінің азшылық болып танылу немесе танылмауын таңдауға құқылы және бұл таңдау немесе осы таңдаумен байланысты құқықтарының жүзеге асырылуы аталған тұлғаны төмендетіп, оған ешбір қысастық жасалуына әкеліп соқпауы керек» деп айтылған.
Кең көлемдегі шараларға қатысуға негізделген қызметтердің негізін толеранттылық құрайды. Өзара сенім мен теңдіктің әлеуметтіксаяси климатын заңнамалық тәртіпте, бірмезгілде, осы әлеуметтік әдепті бекіту бойынша тәрбиелік жұмысты барлық тұрғылықты халық көлемінде жүргізе отырып, қамтамасыз ету қажет. Шектелмелі конвенцияның 6-бабының 1-тармағында «екі жақ толеранттылық пен мәдениеттер арасындағы диалог рухын қолдайды, сонымен қатар, өздерінің территорияларында өмір сүріп жатқан, олардың, яғни азшылықтардың этникалық, мәдени, тілдік немесе діни тиістілігінен тәуелсіз, әсіресе білім беру, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары салаларында тұлғалар арасындағы өзара құрмет, өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа ықпал жасайтын тиімді шараларды қабылдайды» деп қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекеттер өздерінің көпшілік алдында орын алатын қоғамдық сөз сөйлеулерде адамның ар-намысын төмендететін, қорлайтын, оған менсінбеушілік танытатын, кез келген эпитеттер мен сөздердің қолданылуына жол бермеуге және теріс әсердегі стереотиптерді түбірімен құртуға міндетті. Іс жүзінде, аталмыш топтардың өкілдері осындай мәселелердің шешілуіне бағытталған кез келген шараларды анықтау мен жасап шығаруда қатысуға тиісті.
Адам құқықтары бойынша халықаралық конвецияларда қарастырылған құқықтардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында, қатысушы-мемлекеттердің өздеріне алған міндеттемелерінің орындалуының жүзеге асырылуын бақылау үшін комитеттер бекітілген болатын. Оларға:
- Адам құқықтары жөніндегі Комитет, ол Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
- Кемсітушілікті жою жөніндегі Комитет, ол Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияның жүзеге асуын бақылайды.
- Әйелдерге қатысты дискриминацияны жою бойынша Комитет, ол Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы Конвенцияның жүзеге асуын бақылайды.
- Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі Комитет, ол Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің жүзеге асуын бақылайды.
- Бала құқықтары жөніндегі Комитет, ол Бала құқықтары туралы конвенцияның жүзеге асуын бақылайды.
- Барлық көшіп-қонушы жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Комитет, ол Барлық көшіп-қонушы жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы Халықаралық конвенцияның жүзеге асуын бақылайды.
- Мүгедектер құқықтары жөніндегі Комитет.
- Азшылықтардың мәселелері бойынша Еуропалық Орталық.
Осы конвенцияларды бекіте отырып, мемлекеттер аталған сәйкес Комитеттерге өздерінің тарапынан қабылданған заңнамалық, сот ісі, саяси және басқа да шараларын көрсететін, осы келісімдерде бекітілген, атап айтқанда, азшылықтарға қатысты құқықтардың жүзеге асуына бағытталған шараларды қамтитын мерзімді түрде баяндама жасап, есеп беруге міндеттеледі. Комитеттерге берілетін осындай ақпараттардың негізінде, олар осы есептерді ұсынған қатысушы-мемлекеттермен диалог жүргізе алады. Қатысушы-мемлекеттер жасаған баяндамалар мен есептерді қарастыру нәтижелері бойынша, комитет тарапынан азшылықтар құқықтарының бұзылуы орын алған тұстары белгіленіп, мемлекетке алдағы уақыттарда осындай құқықтарға қол сұғушылықтан бас тарту ұсынылады немесе осындай жағдайды түзетуге бағытталған шараларды қабылдауға шақыратын ұсыныстар қамтылған «қорытынды ескертпелер» қабылданады.
Азшылықтардың халықаралық және ұлттық қорғалуын қамтамасыз етуді мақсат еткен халықаралық қауымдастықтар өздерінің құжаттары мен механизмдерінде осы мәселелерді мойындайды. Алайда, қоғам эволюциялық тұрғыда дамып отыратындықтан, қажет болғанда, азшылықтардың қоғам өміріне тиімді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жасап шығарылған осы құжаттар мен механизмдерді қайта қарау, талдау және түзетіп отыру аса маңызды болып табылады.
Осылайша, халықаралық құқықта тұлға құқықтарына аса үлкен назар аударылады. Көпшілік жағдайларда, азшылықтарға жататын тұлғалар толық көлемде адам құқықтары мен бостандықтарына ие бола алмайды, себебі, олар этникалық, діни немесе тілдік белгілері бойынша кемсітіледі немесе дискриминацияға ұшырайды. Кемсітпеуге қатысты жағдайлар азшылықтарға толық және тиімді теңдікті қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып табылады. Кемсітушілікке тыйым салу заң алдындағы теңдікке келіп саяды, бірақ, іс жүзіндегі теңдікті қамтамасыз етпейді. Бұған қоса, кемсітушілік стереотиптері жойып, іс жүзіндегі теңдікті жүзеге асыру үшін азшылықтарды қорғаудың айрықша құқықтары мен шараларын қабылдау қажет.
Еуропада азшылықтардың мәселелері бойынша Еуропалық Орталық қызмет етеді. Бұл ұйымның негізгі қызмет ету аясы жаһандану үрдістеріне негізделген азаматтық-саяси саладағы трансформацияларды кешенді зерттейді [16].
Азшылықтарға қатысты жағдайдың бір елде басқа бір елден ерекшеленетіні де шындық және осыған байланысты түрлі көзқарастар мен амалдарды ойлап табу талабы туындайды. Бұл жердегі жалпы мақсаттар мен қағидалардың кейбір жақтар тарапынан шектеулі түрде түсініліп, топшыланатыны да қауіп-қатер тудырады. Қағидаларды ішкі ұлттық заңнама мен саясатқа аударуға мүмкіндік беретін, олардың өзгеше, өзіндік, сол елге ғана тән болып табылатын жағдайын жақсырақ қамтитын осы икемділікті кейбір қатысушы-мемлекеттер өздеріне артылған міндеттемелері мен жауапкершіліктерін орындаудан бұлтарып, құтылып кетулері үшін пайдаланып кетулері де әбден мүмкін.
Аталған мәселенің барлығы халықаралық құқықтық нормалардың адам құқықтары мен бостандықтарының басымды екенін мойындатқызады. Осы ретте қазіргі жалпы халықаралық құқықтың негізгі қағидалары императивтік болып табылатындығын атап кеткен жөн. Жалпы халықаралық құқықтық нормалар мен ұлттық құқықтық нормалар тығыз байланыста болады, ұлттық құқықтық нормалар еш уақытта да халықаралық құқықтық нормаларға қайшы болмауы тиіс.
Әдебиеттер
- Declaration on the Rights of Persons Belonging to National or Ethnic, Religious and Linguistic Minorities (December 18, 1992) // http://www.ohchr.org/Documents/Publications/GuideMinoritiesDeclarationen.pdf
- Framework Convention for the Protection of National Minorities (Strasbourg, II.1995) // http://conventions.coe.int/Treaty/ en/Treaties/Html/157.htm
- Conferenceonsecurityandco-operationin Europe FinalAct(Helsinki, 1975)// http://www.osce.org/mc/39501?download=true
- Concluding document of the Madrid meeting 1980 of representatives of the participating states of the Conference on security and co-operation in Europe, held on the basis of the provisions of the Final act relating to the follow-up to the conference (Madrid, 6 September 1983) // http://fas.org/nuke/control/osce/text/MADRI83E.htm
- Concluding Document of the Vienna Follow-up Meeting of the CSCE (Vienna, 15 January 1989) // http://www.cvce.eu/obj/ concluding_document_of_the_vienna_follow_up_meeting_of_the_csce_vienna_15_january_1989-en-2a0e70b8-c4b2-4c20-a71bhtml
- Charter of Paris for a New Europe (November 21, 1990) // http://www.state.gov/t/isn/4721.htm
- Helsinki document “The Challenges of change” (9-10 July 1992) // http://www.osce.org/mc/39530?download=true
- Лиссабонский документ 1996 года // http://www.osce.org/ru/mc/39543?download=true
- Документ Копенгагенского совещания конференции по человеческому измерению СБСЕ // http://www.osce.org/ru/ odihr/elections/14304?download=true
- The Universal Declaration of Human Rights // http://www.un.org/en/documents/udhr/
- International Covenant on Civil and Political Rights // http://www.ohchr.org/en/professionalinterest/pages/ccpr.aspx
- International Covenant on Economic, Social and Cultural Adopted and opened for signature, ratification and accession by General Assembly resolution 2200A (XXI) of 16 December 1966 entry into force 3 January 1976 // http://www.ohchr.org/ EN/ProfessionalInterest/Pages/CESCR.aspx
- International Convention on the Elimination of All Forms of Racial Discrimination of 21 December 1965 // http://www.org/EN/ProfessionalInterest/Pages/CERD.aspx
- European Convention for the Protection of Human Rights and Fundamental Freedoms, also known as the European Convention on Human Rights (ECHR) (1950) // http://en.wikisource.org/wiki/European_Convention_for_the_Protection_of_Human_ Rights_and_Fundamental_Freedoms
- 34/180. Convention on the Elimination of All Forms of Discrimination against Women 107th plenary meeting 18 December 1979 // http://www.un.org/documents/ga/res/34/a34res180.pdf
- European Centre for Minority Issues //http://www.ecmi.de/clusters/archive/other-projects/minority-party-regulations-ineu28/