Кеден ісін жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының кеден органдары Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгіленген кеден төлемдерін алады. Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы тауарлар алып өткен кезде және Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгіленген басқа да жағдайларда кедендік төлемдердің келесі түрлері: кедендік баж, кедендік рәсімдеу үшін кедендік алым, тауарларды сақтау үшін кедендік алым, кедендік ілесіп алып жүру үшін кедендік алым, Қазақстан Республикасы кеден органдарының лицензия бергені үшін алым, кедендік рәсімдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын бергені үшін алым, алдын ала шешім үшін төлемақы төленеді [1, 216-256-б.].
Қазақстанда қолданылатын кедендік төлемдердің топтастырылуы және олардың сипаттамасы ерекше зерттеп, талдауды қажет етеді. Қазақстан Республикасындағы кедендік төлемдерді заң ғылымдарының докторы, профессор М.А. Сарсембаев 1) баждар, 2) алымдар, 3) көрсетілген қызмет үшін төлемдер деп топтастыра отырып, бірінші топқа а) арнайы кедендік баждар, б) маусымдық кедендік баждар, в) өтемақылық (компенсациялық) баждар, г) демпингке қарсы (антидемпингтік) баждарды, екінші топқа а) кедендік рәсімдеу үшін алынатын алым, б) тауарларды сақтағаны үшін алынатын алым, в) тауарларды кедендік шығарып салу үшін алынатын алым, г) Қазақстанның кеден органдарының лицензия бергені үшін алынатын алым, д) кедендік рәсімдеу жөніндегі мамандық аттестатын бергені үшін алынатын алымды, ал үшінші топқа а) қажетті ақпаратты бергені және кеңес беру қызметін көрсеткені үшін төленетін ақы, б) алдын ала шешім қабылдау жөніндегі қызмет үшін төленетін ақы, в) кедендік аукциондарға қатысу мүмкіндігін бергені үшін төленетін ақыны жатқызады. [2, 106-б]
Заң ғылымдарының кандидаты С.Т. Әлібеков заңнамамен төмендегідей кедендік төлемдер (баждар, алымдар, төлемдер): кедендік баж; маусымдық баж; арнайы баж; демпингке қарсы (антидемпингтік) баж; өтемақылық (компенсациялық) баж; кедендік органдардың лицензия бергені үшін төленетін алым; кедендік рәсімдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын бергені үшін төленетін алым; кедендік рәсімдеу үшін төленетін алым; тауарларды сақтағаны үшін төленетін кедендік алым; тауарларды кедендік шығарып салу үшін төленетін алым; ақпараттандыру және кеңес беру үшін төленетін төлем; алдын ала шешім қабылдағаны үшін төленетін төлем; кедендік аукциондарға қатысқаны үшін төленетін төлем көзделген деп жазады [3, 41-б],[4, 128-б.].
Жоғарыда аталған кедендік төлемдердің барлығы бірдей қолданыла бермейтіндігін де атап өткен жөн. Бұл мемлекеттің әкімшілік мүмкіндіктерін қамтитын заң актілері үшін тән сипатта емес екендігін де ұмытпаған дұрыс. Кедендік төлемдердің сипаттамасын берген қазақстандық авторлар заң ғылымдарының докторы, профессор М.А. Сарсембаевтың және заң ғылымдарының кандидаты С.Т. Әлібековтің еңбектеріне қысқаша шолу жасап шығайық.
Профессор М.А. Сарсембаев: «Маусымдық кедендік баж Қазақстан Республикасы Үкіметімен қандай да бір маусым аралығында тауарларды алып келу және алып шығуды жедел реттеу үшін қолданылады. Заңнамамен мұндай баждар төрт айдан аспайтын уақыт аралығында ғана алынуы мүмкін деп бекітілген», – деп жазады [2, 107-б.].
С.Т. Әлібеков «маусымдық баждардың Үкіметпен және бидай дәніне қатысты ғана бекітілетіндігін, сондай-ақ оның тауарларды алып келу және алып шығуды жедел реттеу үшін және төрт айдан аспайтын мерзімге ғана белгіленетіндігін және осы уақыт аралығында кедендік баждардың басқа ставкалары қолданылмайтындығын» жаза отырып, «арнайы баждар қорғаушылық немесе жауапты шара ретінде, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға немесе басқа мемлекеттерге ескерту шарасы ретінде енгізіледі» деп көрсетсе [4, 129-б], М.А.Сарсембаев: «Кедендік баждардың «арнайы кедендік баж» секілді түрі қорғаншылық шара ретінде, ескерту және жауапты шара түрінде қызмет етеді. Қорғаншылық шараның мәні егер, Қазақстанның кедендік аумағынаелдіңэкономикалыққауіпсіздігінеқауіп төндіретіндей шарттармен және мөлшердегі тауарлар енгізілетін болған жағдайда арнайы кедендік баждар қолданылуымен түсіндіріледі. Баждың бұл түрі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың ішіндегі Қазақстанның экономикалық мүдделерін бұзатын және арам ниетті бәсекелестік элементтерін әкелуі мүмкін тұлғаларға қатысты ескерту шарасы ретінде қолданылады. Арнайы баж шет мемлекеттердің Қазақстанның экономикалық және басқа да мүдделерін шектейтін, кемсітетін әрекеттеріне жауапты шара рөлін атқарады», – деп неғұрлым толық сипаттама берген [2, 107-б.].
Әлібеков «демпингке қарсы баждар теңестіру қызметін атқарады және тауарларды анағұрлым төмен бағамен алып келетін жағдайда қолданылады, бірақ Қазақстанда қолданылмаған» деп жазса [4, 129-б], М.А. Сарсенбаев: «Демпингке қарсы баж Қазақстанға әкелінетін тауар елдегі бәсекелесті экспорт бағасынан анағұрлым төмен бағамен алып келінетін болған жағдайда алынады. Бұл бажды қолданудың міндетті шарты қазақстандық тауар өндірушілерге зиян келтіруі немесе зиян келтіру қаупінің туындауы болып табылады», – деп жазады [2, 107-108-б.].
«Өтемақылық (компенсациялық) баждар өндіру барысында субсидиялар қолданылған тауарларды алып келу және алып шығу барысында, сондай-ақ Қазақстанның мүдделерін қорғау шарасы ретінде қолданылуы мүмкін» [4, 129-б.] деп атап көрсеткен С.Т. Әлібековтің көзқарасын профессор М.А. Сарсенбаев «өтемақылық (компенсациялық) кедендік бажды өндіру барысында субсидия (тікелей немесе жанама) қолданылған тауарларды Қазақстанға алып келу барысында, сондай-ақ мұндай тауарды алып келу қазақстандық тауар өндірушілерге, әсіресе Қазақстандағы осы тектес тауарларды өндірушілерге шығын келтіруі мүмкін болатын жағдайларда қолданылады. Өтемақылық баж өндіру барысында субсидиялар қолданылған тауарларды Қазақстаннан алып шығу барысында және Қазақстанның экономикалық мүдделеріне шығын келтірген жағдайда да қолданылады», – деп толықтыра түседі [2, 107-б.].
Кеден ісі саласында едәуір еңбектер атқарған В.А. Некрасов пен И.А. Джандарбеков өздерінің ой-тұжырымдары мен көзқарастарын бірлесе атқарған «Осовы таможенного дела» деп аталатын жұмысында түйіндейді. Олардың пікірінше, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізу барысында келесі кедендік төлемдер: кедендік рәсімдеу үшін алынатын кедендік алымдар, кедендік баж төленеді. Кедендік органдарға Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңына сәйкес импортталатын тауарларға салынатын қосымша құн салығын және акциздерді салу жүктелген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарымен бекітілген жағдайларда кеден органдары төмендегідей кедендік төлемдердің түрлерін жинайды: кеден органдарының лицензия бергені және лицензияны қалпына келтіргені үшін алынатын алым; кедендік рәсімдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын бергені үшін және аттестаттың күшін қалпына келтіргені үшін алынатын алым; тауарларды сақтағаны үшін төленетін кедендік алым; тауарларды кедендік шығарып салу үшін төленетін кедендік алым; алдын ала шешім қабылдағаны үшін төленетін алым [5, 446-б.].
В.А. Некрасов пен И.А. Джандарбеков: «Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды, көлік құралдарын және халықаралық пошта жүктерінің ішінде, коммерциялық емес мақсаттарға арналмаған тауарларды, сондай-ақ көлік құралдарын кедендік рәсімдегені үшін кедендік алымдар алынады» деп жаза отырып, «кедендік рәсімдеу үшін кедендік алымдар – кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарларды немесе көлік құралдарын кедендік рәсімдеу үшін алынатын, кедендік төлем түрі», – деп анықтама береді және «тауарларды кедендік рәсімдегені үшін кедендік алым тауарлардың әрбір партиясын кедендік рәсімдеу барысында, яғни әрбір жүк кеден декларациясын толтырған жағдайда алынады», – деп жазады [5, 447-б.].
Жоғарыда аталған авторлар «Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» заңына сәйкес кедендік баж салынады», кедендік баж – кедендік территорияға тауарды әкелгені немесе осы территориядан тауарды алып шыққаны үшін кеден органдарымен алынатын және осындай алып келу мен алып шығудың ажырамас шарты болып табылатын төлем» деп анықтама бере отырып [5, 449б], «маусымдық баждар тауарларды әкелу және алып шығуды жедел реттеу үшін бекітіледі, баждың арнайы, демпингке қарсы, өтемақылық деп аталатын ерекше түрлері Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында алып келінетін тауарларға уақытша салынады» деп жазады [5, 450-б.].
Көріп отырғанымыздай, кедендік төлемдерді топтастырудың теориялық және тәжірибелік мәселелері әлі де болса терең ғылыми зерттеуді және кеден ісінің тәжірибесін ескере отырып, үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді.
Әдебиеттер
- Сарсембаев М.А. Таможенное право Республики Казахстан. – Алматы: Данекер, 2000. – 241 с.
- Алибеков С.Т. Таможенное право. (Внутренние и международные вопросы). Учебное и практическое пособие. – Алматы: Высшая школа права «Әділет», Издательство «ӘділетПресс», 1997. – 75 с.
- Алибеков С.Т. Казахстанское таможенное право (Общая и Особенная части): Учеб. пособие. – Алматы: ВШП «Әділет», 1999. – 204 с.
- Некрасов В.А., Джандарбеков И.А. Основы таможенного дела: учебник – Алматы, ТОО «Издательство LEM», 2002 г. – 552 с. – (Таможенное дело).