Сабақтас құқықтар, зияткерлік меншіктік құқықтың ажырамас бөлігі ретінде, оның пайда болу тарихымен тығыз байланыста. Зияткерлік қызмет нəтижелерін құқықтық қорғаудың пайда болу алғышарттарының бірі, ол оларды əртүрлі қол сұғушылықтан қорғау қажеттілігі болды. Адамзат дамуында зияткерлік қызметке маңызды рөл бөлінген. Ойлау қабілеті арқасында адам, зияткерлік қызметке қабілеттері жоқ басқалардан жоғары тұрады. Адамның жеке ерекшеліктері ретінде ақыл-парасаттың дамуын, ақыл-есті адамның (homo sapiens) уақытына жатқызуға болады. Шығармашылық қызмет зияткерлікпен бір тұтас, сондықтан оларды бір уақытта пайда болды деп айтуға болады. Зияткерлік қызмет процесінің құқықтық қорғауына, адамның ойлау, шығармашылық қызметтерінің əділ нəтижелері ғана жатады. Алайда олардың пайда болу процесі жеке сипатта ғана болып, нормативті-құқықтық шектеріне жатқызуға болмайды. Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, зияткерлік меншік құқығының пайда болу тарихы ойлаудың пайда болу процесімен тығыз байланыста, бірақ оған ұқсас емес. Нормалардың жиынтығы ретіндегі құқықтың рөлі, ол шығармашылық еңбектің нəтижелерін тану, олардың үстемдігін бекіту, олардың жасаушылары жəне иеленушілерін қорғау болып табылады.
Біздің ойымызша, «зияткерлік меншік» санаты өзінің қалыптасуын, материалдық емес игіліктерді иелену жағдайына қатысты алғашқы құқықтық ережелерді бекітетін нормативтік құжаттардың пайда болуы кезінен бастаған.
«Сабақтас құқықтар» құқықтық санатының қалыптасуы, біздің пікірімізше, зияткерлік меншік құқығының айтарлықтай бекітілген институтының жаңа даму үрдістерінің пайда болуы нəтижесінде болған. Əртістердің өнер көрсетуін жазу мүмкін болмаған кезде, олар өз дауыстарын, дене қимылдарын жəне мимикаларын сатуды өздері бақылаған.
ХІХ ғасырдың соңы жəне ХХ ғасырдың басы аралығында Томас Альва Эдисонның фонографы, ағайынды Луи жəне Огюст Люмьерлердің кинематографы, Генрих Рудольф Герц жəне Гульельмо Марконидің радиосының пайда болуы, сабақтас құқықтарды мойындауға əкелген, техникалық прогрестің бастапқы қадамы болды. Осының нəтижесінде осымен екінші ғасыр қатарынан, орындаушы-əртістердің құқықтарын қорғау, авторлардың құқықтарын қорғау деңгейіне жақындай түсті.
Эдисон көшірмелердің кез келген көлемін шығаратын əдіс ашты. Ол матрицадан қайта құю техникасын қолданды. Осының нəтижесінде, цилиндр жəне диск көп уақытқа дейін бірге қолданылды, кейіннен диск біртіндеп цилиндрді шығарып тастады. Бруш өзінің еңбегінде, фонографиялық өнеркəсіпке едəуір шығын əкелген 1929 жылғы дүниежүзілік экономикалық дағдарыстың басталары алдында, шамамен 30 млн дискі дайындалғаны туралы жазады. Кейіннен ұзақ ойнайтын күйтабақтар, жоғары сапалы күйтабақтар, шағын-кассеталар, шағын-дискілер, сандық жазбалар пайда болды. Фонографиялық жазба жүйесінің эволюциясы мұнымен аяқталған жоқ. Бұл қайта жазып шығару сапасына, жеткізушілердің ықшамдалуына, сонымен қатар өнімнің өзіндік құнының қысқаруына қатысты болды [1, 306 б.]. Бұл жерде Д.Липциктің тарихи талдауын келтірген жөн болар, ол былай деп жазады, цилиндр жəне фонографиялық дискілер орындалған музыкалық туындыларды қайта шығару мүмкіндігіне ие болардың алдында, музыкалық жазба (кертігі бар цилиндрлер, музыкалық сағаттар, музыкалық машиналар, музыкалық қобдилар, пианол, фонол жəне т.б. көмегімен), осы жеткізгіштерде жазылып қайта шығарылған туындылардың авторларының құқығына тікелей қатысты болған.
Музыкалық қобдилар жəне механикалық музыкалық аспаптар қазіргі заманға сай болғанға дейін, авторлар өздерінің туындыларын осы механикалық аспаптарда орындалуына келісімдерін беретін, өйткені осының нəтижесінде олардың туындылары көпшілікке танымал бола бастайтын. Алайда музыкалық туындылардың авторлармен механикалық музыкалық аспаптарды жасаушылар арасындағы қарым-қатынастар үнемі жақсы болған жоқ. Музыкалық кобдилар жаңадан шыққан аспап болғандықтан ғана, көпшілік оған назар аударатын. Музыкалық туындылардың авторлары, механикалық музыкалық аспаптарды жасайтын өнеркəсіп иелерінен, өз туындыларын пайдаланғаны үшін сыйақы талап ете бастады. Авторлық құқық Францияның заңнамасында 1791 жəне 1793 жылдары нақты белгіленіп бекітілуіне қарамастан, авторлар өз талаптарын қанағаттандыра алмады. 1864 жылы Франция жəне Швейцария коммерциялық келісімге қол қойды, ондағы бір тармақ қана келіспеушілік туғызды, атап айтқанда, Францияға музыкалық кобдилардың экспорты. Ақырында бұл сұрақ авторлардың пайдасына шешілмеді, өйткені Франция швейцариялық музыкалық қобдилардың импортын, авторлық құқықтардың бұзылуы деп қарастырмайтыны туралы келісімге қол жеткізді [2, 306 б.].
Авторлар халықаралық аренада да қолдау таппады. Е. Шульцтың айтуы бойынша, 1886 жылдың 9 қыркүйегінде қол қойылған Берн конвенциясының бастапқы мəтінінде, механикалық музыкалық аспаптарды жасайтын швейцариялық өнеркəсіпшілерге ымыра беретін ереже болған [3, 307 б.]. Онда былай деп жазылған: «Жеке меншік болып саналатын, музыкалық туындыларды механикалық түрде қайта шығаруға арналған аспаптарды дайындау жəне сату, музыкалық контрафакция ретінде қарастырылмайды» [4]. Бұл ереже авторлар құқығын мойындауды қиындата түсті. Музыкалық туындыларды механикалық қайта шығару техникасы өз дамуын тоқтатқан жоқ. Берн конвенциясына қол қойылған кезде, дискілер жəне перфотаспалар табиғатта болмағандықтан, оларды бұрын болған механизмдермен салыстыруға болмайды деген өтінішпен авторлар өз құқықтарын қорғау үшін сот төрелігіне жүгінді. Өйткені жаңа аспаптардың ауыстырылатын бөлшектері болғандықтан, бұл аспаптарды пайдаланудан түсетін пайданың бір бөлігі авторларға берілу керек болатын.
Механикалық аспаптардағы музыкалық туындыларды қайта шығаруға қатысты авторлардың жағдайы 1908 жылы ғана қалпына келе бастады. Бұл жылы 1886 жылғы Актінің қорытынды хаттамасының 3 тармағындағы ереженің күшін жоятын, Берн конвенциясына Берлин актісі қабылданды. Берлин актісінің 13-бабының бірінші абзацында былай деп айтылған:
«Музыкалық туындылардың авторлары:
- механикалық əдіспен орындау үшін бұл туындыларды икемдеуге;
- көрсетілген аспаптардың көмегімен бұл туындыларды көпшілік алдында орындауға рұқсат етуге айрықша құқыққа ие». [5].
Алайда осы баптың екінші абзацында, Одаққа кіретін елдер 13 баптың қолдануына қатысты ескертпелер жəне шарттар тұжырымдауға жəне де олар, осы ескертпелер жəне шарттарды қабылдаған елдерде ғана күшіне ие болады деп айтылған.
Аталмыш 13 бап Рим актілерінде (1928 ж.) [6], Брюссель актілерінде (1948 ж.) [7], Стокгольм актісінде (1967 ж.) [8], одан кейін 1971 ж. Париж актісінде кездеседі. Онда қорғалатын мүліктік құқықтардың тізімінде қайта шығару (9-бап, 1-тармақ) құқығы кең көрсетілген жəне де туындыларды қайта шығарудың барлық түрлері қамтылған: «Осы Конвенциямен қорғалатын, əдеби жəне көркем туындылардың авторлары, кез келген əдіспен жəне кез келген түрде осы туындыларды қайта шығаруға рұқсат етуге айрықша құқыққа ие». Алайда қандай да бір жаңсақтықты болдырмау үшін 9-бап, 1-тармақ нақты жазылған: «Кез келген бейне немесе дыбыс жазу осы Конвенцияның мағынасында қайта шығару деп қарастырылады» [9].
Фонографиялық цилиндрлер жəне дискілерді дайындау техникасы жетілдіріліп оларды жаппай өндіру мүмкіндігі пайда болған кезден бастап, музыкалық туындыларды механикалық түрде қайта шығару орындаушы-əртістерге нұқсан келтіре бастады. Механикалық тəсілмен көшірілген жəне дайындалған дискілердің сатылымы өсіп, оларды радио немесе дауыс зорайтқыштар арқылы беру, сонымен қатар дауысты кинематографтың шығуы, орындаушылардың шетте қалуына əкелді. Бұл саладағы əртістер үшін техникалық үдерістің салдары өте қиынға əкеп соқты [2, 308 б.].
Халықаралық еңбек ұйымының 1939 жылы жариялаған баяндамасында, бұл дағдарыс жалпыға бірдей жəне қалыптасқан жағдайдың қиын екендігін дəлелдейтін бірқатар статистикалық мəліметтер берілген. 1932 жылы Францияда шамамен он мыңдай театр əртісі болса да, олардың бір жарым мыңы ғана тұрақты жұмыс істейтін. 1935 жылы Америка Құрама Штаттарының əкімшілігімен құрастырылған, жедел көмек көрсетуге мұқтаж адамдардың тізімінде жұмысы жоқ 15 мың музыканттың атыжөні тіркелген. Жапонияда өткізілген ой еңбегі жұмысшылары арасындағы жұмыссыздық проблемаларын зерттеу көрсеткендей, 1936 жылы музыканттар арасындағы жұмыссыздардың саны 41% құраған, салыстыратын болсақ өндірістік кəсіпорындардағы техникалық қызметкерлер арасында бұл 16% болған. 1937 жылы Венада музыканттарға қатысты жарияланған статистикалық мəліметтер бойынша, осы мамандыққа ие адамдардың 90%-ы жұмыссыз болған [2, 305 б.].
Техникалық үдеріс баршаға музыкамен шаттануға мүмкіндік берді: музыканы жазу жəне үйден шықпай тыңдау мүмкіндігі пайда болды. Кафе, отбасылық тойларда, театр залдарында, кештерде, кинотеатрларда жəне т.б. жерлерде орындаушыларды фонограммалар, радиобағдарламалар жəне кинофильмдердің дыбыс жолдарымен ауыстыра бастады. Музыканттармен туындыларды орындау мүмкіндігі өсуімен, олардың жұмысы азая бастады. Музыканттардың кəсіби ұйымдары бұл жағдайға жедел жауап қайтарды.
Д. Липциктің зерттеуі бойынша, ұлттық, сонымен қатар халықаралық деңгейлерде өткен əртүрлі конференциялар жəне кеңестер барысында, аталмыш ұйымдар, əдеби, музыкалық жəне көркем туындылары авторларына қатысты танылған тиісті тақырыптардағы үш құқықты, музыканттарға қатысты тануды талап еткен, атап айтсақ:
- көпшілік жерде орындалған, радио немесе телеарнадан берілген не болмаса көшіріліп жазылған механикалық, радиоэлектронды жəне басқа да құралдарды пайдалану арқылы олардың орындауларын жазуға, хабарлауға жəне қайта шығаруға рұқсат ету құқығы;
- əртістің жеке басын құрметтеуге қатысты, атап айтқанда, туындыны өзгертуге немесе бұрмалауға қарсылық білдіру құқығы жəне автордың есімі аталу құқығына қатысты, жеке мүліктік емес құқықтар;
- дискілерді сатудан түсетін пайдадан пайыз алу құқығы, сонымен қатар туындының көшірмесі көпшілік жиналатын жерлерде əрқашан орындалған сайын, егер де орындау арнайы осы үшін жасалып жəне осының негізінде орындаушылар сыйақы алмаған жағдайда, радио бойынша əрдайым берілген сайын туындының орындалуын өтейтін жəне де əділ болатын арнайы сыйақы алудағы мүліктік құқық [2, 309 б.]. Соңғысы туралы айтатын болсақ, Д. Липциктің пікірі бойынша, экономикалық өтемақы:
- тыңдаушылар қатарының кеңеюіне байланысты. Жаңа техникалық құралдарды пайдалану нəтижесінде тыңдаушылар қатарының кеңеюінен пайда алу үшін, концерттік залда өнер көрсететін əртіс, егер де оның спектаклі өзі өнер көрсетіп жатқан жерден басқа жерде (радио, дауыс зорайтқыш арқылы) жүргізілсе, арнайы сыйақы алуға құқығы болу керек. Жазбаларға қатысты айтатын болсақ, егер де жазбалар көпшілік жиналатын жерлерде қолданылса, тыңдаушылар санының кеңеюіне байланысты орындаушылар арнайы сыйақы алуға тырысты. Сонымен қатар олар əрбір сатылған дискінің құнынан пайыз төлеп отыруды талап етті, өйткені олардың пікірінше, əрбір дананың сатылуы тікелей орындауға тең келеді;
- радиохабар таратудың жазбамен өзара байланысын есепке алуға байланысты. Концерттік залдан тікелей хабар жүргізу, радиохабар жүргізу, тікелей эфирде орындаудың жазбасы жəне осы жазбаны қайта көрсету сияқты əртүрлі пайдалану тəсілдері, əртүрлі түрдегі сыйақы алуға құқық беретіні туралы белгілі болды [2, 310 б.].
Сондай-ақ көрсету сапасы жəне көркемдік деңгейіне байланысты орындаушылықты пайдалануды бақылау жəне табысты дұрыс бөлу əдістеріне қатысты бірқатар сұрақтар туындады. Осыған байланысты, орындаушылардың сыйақысы, музыкалық туынды авторлары алатын сияқты тиімді болу үшін, оны құқықтарды ұжымдық басқару органы жүзеге асыру керек деген пікірлер айтылды. Сонымен қатар музыкалық ансамбльдер немесе оркестрлер туралы да сұрақтар туындады, орындаушылардың барлығы осы құқыққа ие бола ма, жоқ əлде ол дирижерлер немесе оркестр жетекшілері немесе жеке солистке қатысты болу керек пе? Осы құқыққа ансамбль ие болса да, ол ансамбльдің атынан шығатын бір адам, мысалы, жетекшісі болу қажет деп аталып өтілді.
Ғылыми-техникалық үдеріспен байланысты орындаушылық өнердің дамуындағы осы барлық жағдайлар, ұлттық жəне халықаралық деңгейде орындаушылық құқықты құқықтық реттеу қажеттілігіне əкелді. Халықаралық деңгейде орындаушы-əртістер құқығының танылуы, авторлық құқық конвенциясынан тыс, фонограммалар құқығы жəне эфирлік хабарларды тарату ұйымдары құқығының танылуымен бір уақытта келді. 1961 жылы Римде үш халықаралық ұйымның бастамасымен осы құқықтарға қатысты конвенцияға қол қойылды: Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), Берн одағының Халықаралық бюросы (оның орнына ВОИС келді) жəне ЮНЕСКО [10].
Бұл акт орындау санатын зияткерлік меншік құқығының жеке объектісіне бөліп қана қоймай, құқықта фонограмма, эфирлік жəне кабельді хабарлар тарату объектілерін бекітті.
Бұл өте маңызды қадам болды, өйткені дыбыс жазудың пайда болуымен, фонограмма деп аталатын өндіріспен байланысты бір тұтас сала пайда болды. Оларды құру, жарнамалау жəне таратуға өте үлкен қаражаттар жұмсалды. Сонымен қатар шамамен ХХ ғасырдың ортасында телерадиохабарлар тарату ұйымдары, бөтен бағдарламаларды өздері ғана тегін таратумен қоса, олардың да бағдарламаларын бəсекелестері тегін алып қолданатынын байқаған. Осының барлығы орындаушылар, фонограмма жасаушылар, эфирлік жəне кабельді хабар тарату ұйымдары құқықтарын бір санатқа біріктіруді талап етті.
Осыған байланысты, «сабақтас құқықтар» терминінің пайда болуы, бұрын пайда болған орындау, қойылым, фонограмма жəне хабар тарату ұйымдарының бағдарламалары сынды зияткерлік қызмет объектілерін құқықтық қорғауының бөлініп шығуының соңғы кезеңі болып табылады.
1991 жыл – Қазақстанның тəуелсіздік алуынан бастап қазіргі уақытқа дейін, Қазақстан үшін ұлттық деңгейде сабақтас құқықтардың дамуының елеулі тарихи кезеңі болып саналады. 1991 жылға дейін, əлемде сабақтас құқықтардың бөлініп бекітілуі қарқынды жүргізіліп жатқан кезде, Қазақстан Кеңес социалистік елдер одағының құрамында болды, ал оның заңнамасында «сабақтас құқық» деген ұғым болған жоқ. Республика аумағындағы сабақтас құқықтардың қазіргі заманғы даму бағыттары, тəуелсіз Қазақстан заңнамасының даму тарихын белгілейді. Дүниежүзілік деңгейде ҚР сабақтас құқықтар туралы заңнамалық ережелердің қалыптасуын жəне жетілдірілуін кезең-кезеңмен қарастыратын болсақ, біздің мемлекет зияткерлік меншік объектілерін реттеу саласында, дүниежүзілік ісжүргізу саясатын ұстанады. Тиісті ережелердің даму кезеңдері Т.Е. Каудыровпен көрсетілген:
1) монополиялық артықшылықтар кезеңі (15-ғғ.);
2) зияткерлік меншікті қорғаудың ұлттық жүйесінің өркендеу кезеңі (1790-1883 жж.);
3) дүниежүзілік конвенциялар кезеңі (1883 жылдан бастап қазіргі кезге дейін) [11, 19 б.].
Осының барлығы Қазақстан Республикасында барынша қысқартылған мерзімде өтеді. Сабақтас құқықтардың даму тарихын, зияткерлік меншіктік құқық институтының бөлімшесі ретінде зерттеген кезде байқай аламыз. Оны келесі кезеңдерге бөлуге болады:
- авторлық туындыларды пайдалану құқығын іске асыру тұрғысында сабақтас құқықтарды қорғау кезеңі (автордың құқығын басым қорғау кезеңі);
- сабақтас құқықтардың ұлттық қорғау жүйесінің қалыптасу жəне өркендеу кезеңі (сабақтас құқықтар объектілерінің жеке топқа бөлініп, қорғауда меншіктік басымдылық көрсету кезеңі);
- сабақтас құқықтарды құқықтық қорғаудың дүниежүзілік интеграция жəне халықаралық конвенциялар кезеңі.
Əдебиеттер
- Bruch 1929–1979: 14–50 в кн. Липцик Д. Авторское право и смежные права / пер. с фр.; предисловие М. Федотова. – М.: Изд-во ЮНЕСКО, 2002. – 788 с.
- Липцик Д. Авторское право и смежные права / пер. с фр.; предисловие М. Федотова. – М.: Ладомир, Изд-во ЮНЕСКО, 2002. – 788 с.
- Schulze 1929–1979: 7 в кн. Липцик Д. Авторское право и смежные права / Пер. с фр.; предисловие М. Федотова. – М.: Ладомир, Изд-во ЮНЕСКО, 2002. – 788 с.
- Первоначальный акт Бернской конвенции об охране литературных и художественных произведений от 9 сентября 1886 года // www.bestpravo.ru/fed1991/data05/texhtm.
- Берлинский акт к Бернской конвенции об охране литературных и художественных произведений от 13 ноября 1908 года // www.bestpravo.ru/fed1991/data05/texhtm.
- Римский акт к Бернской конвенции об охране литературных и художественных произведений от
- Брюссельский акт к Бернской конвенции об охране литературных и художественных произведений от 26 июня 1948 года //www.bestpravo.ru/fed1991/data05/texhtm.
- Стокгольмский акт к Бернской конвенции об охране литературных и художественных произведений от 14 июля 1967 года //www.bestpravo.ru/fed1991/data05/texhtm.
- Парижский акт к Бернской конвенции об охране литературных и художественных произведений от 24 июля 1971 года //www.bestpravo.ru/fed1991/data05/texhtm.
- Ежегодный доклад Международной Организации Труда на тему «Занятость в мире». Вена, 1937 // официальный сайт МОТ.