Бүгінгі таңда өндірістік ортамен байланысты жазатайым жағдаяттар санының төмендемеуін, ал кейбір экономикалық бағыттарда, керісінше, белең алуын ескеріп, қоғамның эволюциялық даму үдерісін ескере отырып, осы бағыттағы міндеттердің іске асырылу жағдайын анықтау, құқықтық тұрғыда баға беру, кезек күттірмейтін мəселе екендігі баршамызға мəлім.
Мемлекеттігіміздің дамуы əркімнің құқықтары мен бостандықтарының қаншалықты айқындалғандығымен жəне осы аталмыш құқықтардың қамтамасыз етілу тəсілдерінің қандай деңгейде белгіленуімен, олардың іске асырылу жағдайымен тікелей байланысты екендігін əрқашан ескеруіміз қажет. Осы терең теориялық жəне практикалық маңызы бар мəселелердің себебін жəне даму кезеңдерін анықтауымыз үшін мемлекеттігіміздің даму кезеңдерін, сонымен қатар құқықтық жүйенің даму кезеңдерін айқындауымыз қажет. Осы мəселелер қатарында еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілу жағдайы өзекті мəселе болып қала бермек. Осы мəселеге қатысты белгілі ғалым С.С. Сартаевтың еңбектеріне ой жүгіртуді қажет деп сайнамын.
С.С. Сартаев өз еңбектерінде, кеңестік басқару дəуірінің орныққан кезінде, Қазақ елінің қосалқы шикізат базасына айналғандығы,демократиялық қағидаттардың тек қана қағаз бетінде айқындалып, іс жүзінде республикалардың мүдделерінің ескерілмегендігі жиі айтылады. 1918 жылдың орта шенінде, Қазан төңкерісінен кейін, Қазақстанның түпкір-түкпірінде Кеңестік басқару жүйесі құрылып, КСРО-ны құру туралы алғашқы Шарт 1922 жылдың 30 желтоқсанында қабылданғаны жəне осы Шартқа төрт республиканың – РСФСР, Украина, Белорусия жəне ЗСФСР (Грузия, Армения, Əзірбайжан) өкілдері ғана қол қойғаны, осы шарттың тоталитарлық мемлекетті тудырғаны баршаға мəлім. 1920 жылдың 26 тамызында Қырғыз (Қазақ) АКСР-ын құру туралы Декрет қабылданды, 1925 жылдың 15 сəуірінде өткен советтердің 5-ші Бүкілқазақстандық съезінде қазақ халқына шынайы тарихи атауын қайтарып беру жөнінде арнайы қаулы қабылданды [1, 185 б.]. Қазақстан 1936 жылға дейін, құқықтық негіздемесі айқындалмаған күйде, Ресей Федерациясының құрамында болды, 1936 жылғы Конституция қабылданар кезде біздің республикаға одақтық республика мəртебесін беру туралы мəселе көтерілді, осылай 1922 жылғы Шартқа қол қоймаған республикалардың құқықтары конституциялық жолмен заңдастырылды, бірақ іс жүзінде олар егемендікке қол жеткізе алмады. Егемендікке жету жолы Қазақстан халқына тым ауыр, қайғылы кезеңдермен жалғасты [2, 434 б.]. Республиканың стратегиялық маңызы бар объектілері орталықтың қатаң бақылауында болды. Одақтық шартта, республикаларға қатысты, егемендік мəселесі бойынша белгілі бір ережелердің, құқықтардың айқындалғаны рас, бірақ биліктің орталық органдарының қисапсыз көп дерективалары мен нұсқаулары негізінде өкілеттілігін жүзеге асырған, республикалардың егемендігін шектеген, бұрмалаған жүзден астам одақтық министрлік, комитеттер, басқармалар болды [2, 126 б.].
С.С. Сартаевтың «Жаңа одақ шартының жобасын дайындау процесі жəне КСРО-ның күйреуі» атты тарихи маңызы бар материалдар жинағында «Егемендіктің ақ жолы» тақырыбындағы бөлімінде келесідей пікірлері айтылған: кеңестік одақ дəуірі кезіңіндегі адамның, қызметкердің еңбек жағдайына байланысты «тек түсті металлургияны өндіру мақсатында,республикада 15 қала жəне 48 жұмысшы поселкесі салынды. Олардың көпшілігінде жылу, су құбыры, əлеуметтік мекемелері болмады десе де болады. Тұрғын үй кезегі жылдарға созылды, кəсіпорындарда адамды қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету қоры болмады, шикізатқа бай өлкенің осындай қайыршылық кейпі ешқандай елде кездеспейді» деп өзінің пікірін білдіреді. «Бұл проблемалардың бəрі орталық жүргізіп отырған саясаттың «жемісі» деп атап көрсетті [1, 132 б.]. Осы мəтіндегі С.С.Сартаевтың мақаласы 1990 жылғы 19 шілдедегі «Социалистік Қазақстан» басылымында жарыққа шыққан болатын. С.С.Сартаевтың осы басылымында
«Президенттің жүз күні» (Сто дней Президентства)» тақырыбындағы бөлімінде: «ҚазКСРнің Президенті Н.А. Назарбаевтың келесідей сөздерін еске алады: «бүгін шикізат өндіруге машықтандырылған республиканың экономикасына айтарлықтай нұқсан келтірілуде, байлық қоры мол республика кедейлік өмір кешпеуі тиіс» [1, 163 б.].
Басқа еңбегінде С.С. Сартаев келесідей пікірін білдіреді: «Одақтас республикалардың егемендігі мемлекеттік, саяси, экономикалық, əлеуметтік егемендік ұғымдарынан құралады, алайда абсолютті егемендікке одақтас республикалар ие болмады» [2, 473 б.].
«1990 жылдың 20 маусымында РСФСР Кеңесінің мəжілісі болып, онда жаңа Одақтық шарттың жобасын қарау мəселесі талқыланды. Қазақстандық Жобада өз өкілеттіліктерін жүзеге асыратын министрліктер мен ведомствалардың құрылу негізділігі алға қойылды» [1, 479 б.].
«КСРО-ның жаңа Одақтық шартының жобасын дайындау жəне қарау мəселесіне байланысты егеменді республикалардың орны мен рөлі жөніндегі ұсыныстар орталықпен қабылданбады, осыған байланысты менің қатысуыммен дайындалған жаңа Одақтық Шарт қабылданған жоқ. Осы жағдайлардың орын беруіне байланысты Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 1990жылғы 25 қазандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданды» [3, 16 б.], соңынан 1991 жылғы 24 тамыздағы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің «Республика егемендігін бекіту жөніндегі шаралар мен ағымдағы жағдайды бағалау туралы» Қаулысы [3], 1991 жылғы 25 тамыздағы «ҚазКСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Осы Заңда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары басты мəселе болып айқындалды. Аталған актілер Қазақстанның егемендігін, тұтастығын, əр-алуанды экономикалық бағыттағы мемлекет екендігін анықтайтын актілер ретінде конституциялық маңызы бар заңнаманың дамуы жолындағы кезекті маңызды қадам болды деп жазады ардақты ұстазымыз С.С. Сартаев. Осы 1991 жылғы 25 тамыздағы заңмен жарияланған
құқықтар 1993 жəне 1995 жылдардағы Қазақстан Республикасының Конституцияларының негізін құрады. Еліміздің конституциялық жүйесінің даму кезеңінің келесі сатысы болып 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы айқындалды. Алғаш рет осы заң, Қазақстан Республикасының заңнамасы тарихында, конституциялық заң деп аталды. Осы мəселеде белгілі ғалым З.Ж. Кенжалиев келесідей пікірін білдіреді: «сонымен, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы тəуелсіз мемлекет екендігін ресми мəлімдеп, бүкіл əлемге өзгелермен тең ел екендігін жариялады. 1992 жылы мемлекетіміздің рəміздері – əнұраны, елтаңбасы, мемлекеттік туы, кейінгі төрт жыл ішінде (1991-1995), халықтың кең талқылауы жəне қолдауы арқасында, Қазақстан Республикасының 1993 жəне 1995 жылғы Конституциялары қабылданды» [2, 438 б.].
Қазақстанда нарықтық экономикалық қатынастардың қалыптасуы жəне соған байланысты əлеуметтік, экономикалық қатынастардың өзгеруі жағдайында халықты əлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құру мəселесі күн тəртібінде тұрған негізгі мəселе болып табылады. Осы мəселеде Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сəйкес – адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы, 28-бабының 1-тармағына сəйкес – Қазақстан Республикасы азаматының əлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі. Осы қағидаттарға сəйкес Қазақстан Республикасында, халықаралық стандарттарға сəйкес, халықты əлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру, айқындау, бүгінгі таңда, мемлекеттің негізгі міндеті болып табылады.
Конституцияның 24-бабына сəйкес, тек қызметкердің ғана емес, əркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайымен қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ жұмыссыздықтан əлеуметтік қорғалуға деген құқығы жария етілген. Осы бағытта əркімнің жұмыспен қамтылу құқығын қамтамасыз ету жəне өндірістік ортаға байланысты тек қана қызметкерлердің ғана емес, сонымен қатар қандай да бір жұмысты белгілі бір нысанда орындайтын басқа да жеке тұлғалардың еңбек жағдайын айқындау мəселесі бүгінгі таңда кезек күттірмей шешуді қажет ететін мəселе болып табылады.
Əркімнің осы бағыттағы құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық негіздемелерін айқындау жəне осы байланысты қажетті заңнамалық актілердің қабылдану қажеттілігі əр жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арналған Жолдауларымен белгіленеді. Əр жылғы Жолдаулар елдің экономикасын дамыту, халықтың əл-ауқатын жақсарту жəне осы бағыттағы саяси, əлеуметтік-экономикалық міндеттер шегінде мемлекеттік басқару жүйесін одан əрі дамытуға бағытталған құқықтық маңызы бар бағдарламалық құжаттар ретінде танылады. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында» белгіленгендей халықтың өркендеуі экономикалық тұрақтылықпен, ертеңгі күнге деген қамқорлықпен жəне адами факторлармен қатар өсуі тиіс [4]. Сəйкесінше еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасына қойылатын талаптарды күшейту мемлекет үшін, қоғам үшін стратегиялық маңызды міндет болып табылады. БҰҰ-ның 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Жалпыға бірдей адам құқықтары жөніндегі Декларацияға,ХЕҰ-ның Конвенциялары мен ұсынымдарына жəне басқа да əлемдік қауымдастықтармен қабылданған актілерге сəйкес, өндіріс ортасымен байланысты, адамның жəне азаматтың өмірін, денсаулығын, еңбек ету қабілеттілігін сақтауға деген құқығын айқындау жəне іске асырылуын қамтамасыз ету барлық мемлекеттердің міндеті болып саналады.
Соңғы жылдардағы өндіріс орындарында орын беріп жатқан жазатайым жағдайлардың жай-күйін, себептерін айқындау барысында қазіргі қолданыстағы қалыптасқан құқықтық тəсілдердің жеткілікті деңгейде емес екендігі айқындалуда жəне еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасы мəселелері бойынша жаңа міндеттердің шешімін ғылыми негізде айқындау қажеттілігі күн тəртібінде тұрған мəселе болып саналады.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 тамыздағы № 854 Қаулысына сəйкес құрылды.
Халықаралық стандарттарға сай еңбек қатынастарын құқықтық реттеуде, өндірістік ортада еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жəне соған байланысты адамның өмірін, денсаулығын сақтау қоғамның ең жоғарғы құндылығы екендігі баршаға мəлім. Осы бағытта еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стандарттарын жетілдіру қажеттілігі барлық деңгейде айтылуда. Аумақтық стандарттарды айқындау жəне қабылдау қажеттілігі келесі құжаттан туындайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан ТМД-дағы жəне басқа да дүниежүзілік қауымдастықтар деңгейінде іске асырылып жатқан интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Ресей, Беларусь жəне Қазақстан Республикасының Кеден одағының құрылуы – қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың жаңа белеске көтерілуіне негіз болады деп атап көрсетілген болатын [5].
«Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың: «Қазақстанның əлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында билік өкілдеріне мемлекеттік деңгейде əлеуметтік саясат жүргізудің жаңа талаптарының айқындалуын барлық деңгейде зерттеуді жəне іске асыруды табыстады: «Менің назарымдағы басты мəселе – əр қазақстандыққа қамқорлық көрсету. 27 қаңтарда мен Парламентте «Əлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауымды жарияладым», – деп атап өтті.
Əдебиеттер
- Сартаев С.С. Процесс подготовки проекта нового Союзного договора и развала СССР – Алматы: ТОО РПИК Дəуір,
- Сартаев С.С. Мы живем в Конституционном пространстве. // Султан Сартаев. – Алматы, ТОО РПИК Дəуір, 2010.
- Қазақ Советтік Социалисттік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация – Декларация о государственном суверенитете Казахской Советской Социалистической Республики. – Алма-Ата: Қазақстан,
- Қазақстан Республикасының еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау Министрінің 2006 жылғы 18 шілдедегі № 173-II Бұйрығымен 2006-2010 жылдарға арналған жемқорлық пен күрес бағдарламасы бекітілді // «Еңбек жəне əлеуметтік қамсыздандыру сұрақтары», ҚР еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау Министрлігінің бюллетені, – № 10,
- М.В. Молодцов. Место трудового права в системе советского права // Правоведение. – М., –1984.–№2.