Кез келген құқық саласы сияқты экологиялық заңнаманың даму негізі табиғат-қоғам қатынастарын реттеудегі мемлекеттің жалпы концептуалды əрекеттерін анықтайтын ҚР Конституциясы болып табылады. Онда азаматтардың негізгі экономикалық құқықтары мен міндеттері бекітіліп, экологиялық тұрғыдан тиімді əрекеттерді қолдау көрсетілген. ҚР Конституциясы негізінде қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар кешенін біріктіретін экологиялық заңнама жəне жекелеген табиғат объектілері туралы нормативтік-құқықтық актілердің жүйесі қалыптасқан. Сонымен қатар, соңғы жылдары барлық заңнаманы экологизациялау назарға алынуда. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қоғамдық қатынастардың кешені денсаулық сақтау, сот жүйесі, жергілікті өзін-өзі басқару, салық салу туралы т.б заңнамалармен де реттеледі. Қоршаған ортаны қорғау саласын құқықтық тұрғыдан қолдау осылай жүзеге асырылып отырғанына қарамастан бүгінгі таңда мемлекетімізде шешуі қиын экологиялық мəселелер орын алып отыр. Соның бірі, əлем жұртшылығын алаңдатып отырған - Арал теңізінің экологиялық жағдайы.
Арал теңізі - Қазақстанның інжу-маржаны. Арал теңізі ірі экологиялық апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі - 1066 км, тереңдігі - 30-60 м, тұздылығы - 10-12% болған. Қойнауы кəсіптік бағалы балықтарға бай, жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Сол кездерде жылына 50-150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едəуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. 1966 жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдан Өзбекстан мен Тəжікстан 1,5, Түрікменстанда 2,4, Қазақстанда 1,7 есеге өсті. Ал Амудария мен Сырдария бойындағы халықтың саны 1960-1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай, 1970-1980 жылдар аралығында Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Оның негізгі себептері - антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы Шардара) суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі, сонымен қатар ауылшаруашылығының басқа да салалары қарқынды дамыды. Өзен бойлары игеріліп, суды ысыраппен пайдалану жүзеге асты. Мəселен, Аралға 1960-1965 жылдар арасында 44 мың м3 су құйылса, ал 1990 жылдары екі есеге қысқарды. Нəтижесінде, Арал теңізінің деңгейі 23 м-ге дейін төмендеп, оның су айдыны 30-200 км-ге дейін қусырылды. Судың тұздылығы 40 %-ға дейін артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Тыңайтқыштарды қолдану 10-15 есеге өскен. Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты. Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зияндылығы өте жоғары 2 млн. тонна тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарай бастады [1].
Сонымен, Арал апатына себеп болған факторларға:
- жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
- ауылшаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
- суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу;
- жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау жəне суды үнемді пайдаланбау;
- табиғат ресурстарын пайдаланудағы жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады.
Осы аталған факторлар Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулыны экологиялық дағдарысқа əкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істеген қателігі ретінде дүниежүзіне белгілі болды. Арал өңірінде туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар нышаны жыл өткен сайын теңіз суын таратуда. Оның фаунасы мен флорасы жойылып бітуге жақын. Топырақтың тұздануы өте жылдам жүруде. Арал теңізінде балық өсіру шаруашылығы тоқталып, соңғы 1-2 жылда ғана қайта қолға алынды. Ондағы тұрғындардың əлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздардың мөлшері жылына 13-20 млн. тонна деп есептеледі. Тіптен, тұзды шаңдар əсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп, ауылшаруашылығына зардабын тигізуде. Арал өңіріндегі климаттың өзгеруі шөл белдеменің табиғи ландшафтарын бірте-бірте күрделі əрі қайтымсыз атропогендік экожүйелерге қарай ығыстыруда. Арал өңіріндегі антропогендік факторлар ондағы тұрғындардың салт-дəстүрлеріне, экономикалық-əлеуметтік жағдайына тікелей əсер етуде. Жұмыссыз қалған балықшылар əлеуметтік жағынан қорғаусыз қалып, басқа аймақтарға еріксіз қоныс аударуда. 1992 жылы 18 қаңтарда тəуелсіз Қазақстан елінің Жоғарғы Кеңесі «Арал аймағы тұрғындарының тұрмыстық жағдайларын түбегейлі жақсартудың бірінші кезектегі шаралары туралы» жарлық шығарса, сол жылдың 11 сəуірінде Ресей Федерациясының президенті Б. Ельцин «Биологиялық қару жөніндегі халықаралық келісімді орындауды қамтамасыз ету туралы» № 390- жарлыққа қол қойды. Ажал аралына айналған Возрождение əскери сынақ нысаны осыдан кейін барып қана жабылған еді. Бірақ, əскери нысанды жапқанмен, басты қауіп əлі алда болатын: ол - аралдың мүлде қараусыз қалып, ондағы бактериялар мен вирустардың ауа арқылы жан-жаққа таралу қатерінің зор екендігі байқалатын. Өзбекстан жағы американдық мамандарды шақырып, 1995 жылы олар Возрождение аралына жасырын келіп, əлгі жерасты моласындағы антракс ұнтағын алып, соған тəжірибе жасаған. Сөйтсе, антракс споралары жер астында 10 жыл көміліп жатқанына қарамастан, өз күшін əлі жоймаған болып шығыпты. АҚШ бактериологтары сол өзбек жағының шақыруымен аралға тағы да екі рет (1997, 1999 жылдары) келіп, əлгі антракс спораларына американ вакциналары төтеп бере ала ма, жоқ па, соны тексеріп, тəжірибе оң нəтиже бергеннен кейін ғана барып кемелденсе керек»[2].
«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды əлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сəйкес, Арал өңіріндегі экологиялық қасірет аумағы: экологиялық апат; экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймақтар болып экологиялық зияндылықтың үш деңгейі анықталды [3]. Бұл сол кездегі Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының ғылыми тұжырымдарына негізделген болатын. Оған сəйкес экологиялық апат аймағына Қызылорда облысындағы Арал жəне Қазалы аудандары жəне Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданы аумақтары, экологиялық дағдарыс аймағына Қызылорда облысының Арал жəне Қазалы аудандарынан басқа барлық аудандарының аумақтары, ал экологиялық дағдарыс жағдайындағы аймаққа Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Темір аудандары, Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Отырар, Созақ, Шардара аудандары жəне Түркістан, Арыс қалалары, сондай-ақ Қарағанды облысының Ұлытау ауданы аумақтары жатқызылған. Егер аталмыш заңның 1992 жылы қабылданғанын ескерсек, оның үстіне Елбасымыздың халықаралық қызметінің нəтижесінде қолға алынған халықаралық қауымдастық тарапынан жасалып келген жəне республика Үкіметі тарапынан жүргізіліп келе жатқан аймақ экологиясын сауықтыруға бағытталған жұмыстарды есепке алсақ, осы уақыт ішінде аймақтың экологиялық жағдайын қаншалықты өзгерді деген сұрақ туындайды. Осы орайда 2006 жылы 26 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Арал аймағы мəселелерін кешенді шешу бойынша бағдарламаға қарасақ, онда аймақтың экологиялық ахуалы қолданылған шараларға қарамастан күрделі күйінде қалып отырғандығы айтылады.
1993 жылдың наурызында Президент Н.Ə. Назарбаевтың бастамасымен Қызылорда қаласында Арал проблемаларына арналған алғашқы Халықаралық конференция өтті. Жаңадан тəуелсіздік алған Орта Азия мемлекеттері - Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тəжікстан Республикасы, Түркіменстан жəне Өзбекстан Республикасының мемлекет басшыларының шешімімен мемлекетаралық координациялық су шаруашылығы комиссиясы құрылды. Конференцияда Халықаралық Аралды сақтап қалу қоры құрылып, оны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Орта Азия мемлекеттерінде жаһандық экологиялық қордың Арал теңізі бассейнінде су ресурстары жəне қоршаған ортаны басқару ұлттық топтары жұмыс істей бастады [4].
Халықаралық Аралды қорғау қорының президенті Алмабек Нұрышев өзінің сұхбатында: «Осы уақытқа дейін теңізді қайта тірілту бағытында біраз жұмыстар жасалды. Əрине, Арал таяу арада бұрынғыдай бола қоймас. Алайда, Солтүстік Аралды əлі де сақтап қалу мүмкіндігі бар. 1994 жылы Аралмен шектесетін 5 ел президенттерінің келісімімен Солтүстік Аралды сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Содан бері барлық жұмыс пен қаржы да осы мақсатқа жұмсалып келеді. 1996-1997 жылдары қордың бастамасымен Сырдарияның Арал теңізіне құятын Солтүстік бөлігіне бөгет салынды. Бұл бөгетті салу үшін Қазақстан 60 млн. теңге бөлді. Қалған қаржыны Дүниежүзілік банк берді. Бөгеттің салынуымен Солтүстік Арал біршама жанданып қалды. Қазір де бұл іс-шаралар өз жалғасын табуда. Жақында Дүниежүзілік банктен 1,5 млрд. доллар алдық. Бұл қаржы Арал теңізін Арал қаласына дейін жеткізуге жұмсалмақ» - деді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 3 желтоқсандағы №1241 Жарлығымен мақұлданған ҚР-дың 20004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасында атап көрсеткендей, экологиялық қауіпсіздіктің негізгі міндеттерінің біріне экологиялық апат аймақтарын, əскери-ғарыш полигондары мен сынақ кешендерін оңалту жатады [5]. Міне осы айтылған жəйттердің бəрі біздің өңірден тиісті өз орындарын алады. Мысалы, Арал апат аймағын,«Байқоңыр» ғарыш аймағын жəне қауіпті «Возрождение» аралын бұған жатқызуға əбден болады. Демек, бұлардың қолайсыз экологиялық зардаптарының өңір халқының денсаулығына айтарлықтай зияндарын тигізіп келеді. Жеке тоқтап айтар болсақ, Арал өңірі экологиялық аймағында (186,3 мың халқы бар 178 елді-мекен) тұрады. Сондай-ақ бұл өңір тұрғындарында ішек-қарын аурулары мен қан аздығы, əсіресе əйелдер мен балалар арасында балалар өлімі мен туа біткен аурулар жəне балалардың жүйке аурулары көбею үстінде. Мысалы, облыста 2001-2003 жылдар аралығында 1408 бала алғаш тер мүгедектігіне куəландырылды. Демек, балаларды мүгедектікке шалдықтырып отырған негізгі аурулардың ішінде белді орынды жүйке (нерв жүйесі) аурулары иеленеді. Өткен жылы куəландырылған 355 баланың 104-і (29,9) ал қайта куəландырылған 1186 баланың 364 (30,6%) осындай науқасқа шалдыққан. 2002 жылы бұл көрсеткіш 458 баланың 108-і (23,5%), қайта куəландырылған 1293 баланың 433-ін (33,4%) құраған-ды. Сондай-ақ өткен жылы алғаш рет 84 бала ақыл-есі кем балалар санатына жатқызылса, қайта куəландырылғандардан өткен жылы 250 бала (2002 жылы-317) осы дертке шалдыққан. Ал, былтыр 62 бала (2002 жылы – 98) туа бітті кемтарлыққа ұшыраған. Облыс бойынша жалпы мүгедек балалардың 2003 жылы 1541 баланың 468-нің (2002 жылы – 1751 баланың 541) жүйке ауруына шалдыққаны анықталды. Демек осы науқастың түрі балалар арасында жылдан-жылға етек алып келеді.
Арал теңізін құтқару жөнінде бірнеше ғылыми болжамдар мен жобалар бар. Олар:
- Сібір өзендерін Қазақстанға бұру.
- Амудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу арқылы суды молайту.
- Арал теңізін жартылай сақтап қалу.
- Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы əкелу.
- Жер асты суларын пайдалану.
- Арал теңізінің өздігінен табиғи реттелуін немесе толысуын күту.
Аралды құтқару халықаралық қоры құрылғаннан бері Орталық Азия Басшыларымен Арал теңізі бассейнінде экологиялық жəне əлеуметтік-экономикалық дағдарыстан шығу мен аймақтағы жағдайды жақсарту мақсатында Нүкүс (1995 ж.), Алматы (1997 ж.), Ашхабад (1999 ж.), Душанбе (2002 ж.) Декларациялары қабылданды.
Нүкүс декларациясының міндетемелер бөлімінде былай делінген:
Тұрақты даму принциптерімен Арал дағдарысын шешу жөнінде көпжылдық стратегиялар мен бағдарламаларды мына жолдармен дамыту жəне іске асыру қажет:
- тұрақты дамытудың негізі ретінде су, жер, биологиялық ресурстардың мағыналы маңыздылығын тану;
- ауыл жəне орман шаруашылығы жүйесінде баланс жасау мен ғылыми негіздемеге көшу;
- су ресурстарын пайдаланудың экономикалық əдісін құрастыру, суару жəне қоршаған ортаны қорғау жаңа технологияларын пайдалану арқылы жер суландырудың (ирригацияның) тиімділігін арттыру;
- жер жəне су ресурстарын пайдаланудың ұзақ мерзімді түрлерін ынталандыру.
Бір уақытта болашақ ұрпақ үшін келешекте лайықты өмір қамтамасыз ете отырып, адам өмірінің (тұрмысының) дəрежесін төмендетуді болдырмау жолдары:
- адам денсаулығын жақсартуға, тұрмыс дəрежесін көтеруге жəне мəдени мұраны сақтауға бағытталған бастамалықтарға қолғабыс ету;
Аймақтағы табиғи ресурстарды кешенді басқаруды жетілдіру жолдары:
- қоршаған ортаның, əсіресе су ресурстарының жағдайын қадағалаудың аймақтық жүйесін құру;
- қоршаған орта мониторингі жөнінде ақпаратпен алмасу жүйесін құру;
- экологиялық стандарттарды жəне оған байланысты заңнамаларды үндестіру [6].
Əрине, бұл жобалар болашақтың ісі болғанымен, уақыт талабы оны күттірмейді. Бəрі де қаражатқа тірелуі мүмкін. Ал оның іске асуы адамзат қауымының білімі мен біліктілігіне байланысты екені анық. Арал мен Каспийдің аянышты тағдыры біздің бəріміз үшін табиғатқа жəй көзбен қарауға болмайтынын, қоршаған ортамен қарым-қатынас кезінде əрбір жан жасаған іс-əрекетінің нəтижелері жайлы жиі ойлау керектігін үйрететін маңызды сабақ, қатал ескерту болып табылады.
Әдебиеттер
- Сахариев Е. Аралдағы табыттар мен молалар ертең ажал аждаһаларына айналады // Қазақстан - - 2008. - 7ақпан (№ 6). - 1,7 б.
- Мамашарипова Г.А. Арал теңізінің су-экологиялық мəселелері мен Семей аймағының экологиялық мəселелері жəне БҰҰ даму бағдарламасының рөлі // Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы. - Халықаралық қатынастар жəне халықаралық құқық сериясы. - 2008. - № 1. - 34-39 бб.
- «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды əлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы Заңы
- Айдосов А. Арал теңізі бассейнінің кеңістігіндегі əлеуметтану мəселелері // Ізденіс. - Гуманитарлық ғылымдар сериясы. - 2008. - № 2. - 163-167 бб.
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 3 желтоқсандағы №1241 Жарлығымен мақұлданған ҚР-дың 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы
- 20 қыркүйек 1995 жылғы Нүкүс Декларациясы.