Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Бас бостандығынан айрылған тұлғаларды азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын өтеу үшін берудің халықаралық жəне ұлттық құқықпен реттелуінің кейбір өзекті мəселелері

Сотталған шет елдіктерді өзі азаматы болып табылатын елде жазасын өтеу үшін беру институтын тəжірибеге енгізу 1975 жылғы өткен БҰҰ V конгресінде қабылданды. Бұл қылмыспен күресудің тиімділігін арттырып, сотталған тұлғаларды түзеуде септігін тигізіп олардың əлеуметтік қалпына келуіне жəне жаңа қылмыстардың алдын алуда көмегін тигізеді деп қарастырылды. Сотталған тұлғаларды азаматы болып табылатын елге жазасын өтеу үшін беру мемлекеттер арасындағы құқықтық ынтымақтастықтың ерекше нысаны болып табылады. Көбінесе қылмыскерлерді ұстап беру ретінде қарастырылғанымен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету аясында оларды ажырата білу керек. Екі жағдайда да қылмыскерлерді сот үкімін орындау үшін ұстап беру мен сотталған тұлғаларды беру кезінде де сот талқылауы мен айыптау үкімінің шығуы міндетті. Дегенмен ұстап беру кезінде сұрастырып отырған мемлекеттің сұрастырылып отырған мемлекеттің аумағында жүрген бірақ оның азаматы болып табылмайтын не сұрастырып отырған не үшінші мемлекеттің азаматы болып табылатын немесе азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты сот үкімі туралы айтылады. Ал беру өз юрисдикциясына жататын мемлекеттің қылмыс жасаған тұлғаға қатысты бірақ басқа мемлекеттің азаматы болып табылатын тұлғаның өз елінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өз аумағында өтеу үшін келісімін берген немесе сотталған тұлғаны қабылдауға ниет білдірген мемлекеттің сот үкімінің болуын қажет етеді (үкім шығарған мемлекет пен үкімді орындайтын мемлекет).[1]

Үкімді орындау үшін тұлғаны ұстап беру мен сотталған тұлғаларды берудің айымашылығы мынада. Кез келген мемлекеттің сот əділдігінен қашып шет мемлекетте тығылып қашып жүрген өз азаматтарын беруді талап етуге заңды құқығы бар. Ұстап беруді талап етудің мақсаты - өз елінің сот органдарымен үімді орындауы. Сотталған тұлғаларды ұстап берудің мақсаты – шет мемлекеттің аумағында қылмыстық жазаланатын əрекет жасаған жағдайдың өзінде өз азаматтарының мүдделерін шет мемлекеттің сотының үкімі бойынша жазасын өтеу үшін өз мемлекетінің аумағына қайтару арқылы қорғау. Егер ұстап беру ұстап берілетін тұлғаның ерік білдіруінсіз жүзеге  асырылса, ал сотпен бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалған жазаны өз азаматы болып табылатын елде өтеу үшін беру оның өтініш білдіруі немесе келісімі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Ұстап берумен салыстырғанда беру бұл қылмыстық сот əділдігін жүзеге асыру аясындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың салыстырмалы түрде жаңа бағыты. 1978 жылға дейін сотталған тұлғаларды беру шарттармен реттелмегендіктен тек қана өзара екі жақтылық қағидасы негізінде жүзеге асырылатын. Дегенмен, берудің талаптарының нақты реттелмеуіне байланысты бұл мəселе өте жай шешілді не мүлдем қарастырылмады. Бұл осы мəселенің ұлттық заңдарда реттелмегендігімен түсіндіріледі.

Н.Сафаров өз еңбегінде жалпы беру мен экстрадиция ұғымын ажырата білу қажеттігін көрсете отырып, халықаралық тəжірибеге сəйкес бұл процедураны қолданудың бірнеше жолын: біріншіден, айыпталушыларды беру – бұл мемлекеттердің халықаралық қылмыстық трибуналдармен ынтымақтастығының бір нысаны ретінде; екіншіден, бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын өтеу үшін беру туралы айтып өткен жөн; үшіншіден, тұлғаларды беру қамауға алудың Еуропалық ордерін қолдану аясындағы жеке процедура ретінде қолданылатындығын көрсетеді. Осыған байланысты ұстап беру процедурасын тұлғаларды берудің басқа түрлерімен араластырмау үшін экстрадицияның құрамдас элементтерін дұрыстап анықтап алған абзал.[2]

ҚР ҚІЖК-нің 2-бабында қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары мен мiндеттерi белгіленген. Осы аталған баптың 1-тармағында қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары əлеуметтiк əдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу болып табылады деп көрсетілген.

Қылмыстылықтың алдын-алудың маңызды шараларының бірі болып табылатын адамгершілік жəне адам құқықтарын қорғау қағидаларын басшылыққа ала отырып сотталған немесе жазасын өтеп жатқан тұлғаны қалыпты өміріне қайтару арқылы (тұрмыстық, отбасына жақын болуы) оның түзелуіне оң ықпал етуге болады.

Аталған мақсаттарға сəйкес қылмыстық-атқару заңдарының мiндетi болып жазаларды өтеудiң тəртiбi мен жағдайларын реттеу, сотталғандарды түзеу құралдарын анықтау, олардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн қорғау, оларға əлеуметтiк бейiмделуге көмек көрсету саналады. Бұл мақсатқа жету үшін көбінесе бас бостандығынан айрылған тұлғаларды өзі азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу мүмкіндігі берілген.

Бас бостандығынан айрылған тұлғаны өзі азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшін беру институтын қылмыстық заңның ізгілік бастау алуы мен берілетін тұлғаның азаматтығы қағидасымен үйлесетін қылмыстық жəне қылмыстық іс жүргізу заңдарының кеңістіктегі көрінісі ретінде қарастыру қажет(ҚР ҚІЖК 1,3,6 б.,ҚР ҚК 7,8, б.).

2000 жылғы ұлтаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы Конвенцияның 17 бабында қамтылған қылмыстарды жасағаны үшін бас бостандығынан айрылған немесе басқа да қылмысы үшін бостандығы шектелген тұлғалар жазаның мерзімін өздері азаматы болып табылатын мемлекеттің аумағында өтеу үшін сол мемлекетке беру туралы халықаралық келісімдерді жасауды ұсынады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы тікелей сотталған тұлғаларды беруге байланысты келесі конвенциялардың қатысушысы болып табылады. 1998 жылғы 6 наурыздағы жазасын əрi қарай өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы көпжақты Мəскеу Конвенциясының (Қатысушылары: Ресей Федерациясы мен Қазақстан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Тəжікстан, Өзбекстан Республикалары), жазасын əрi қарай өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы Қазақстан Республикасы мен Əзiрбайжан Республикасы арасындағы Алматы қаласында 1997 жылы 10 маусымда жасалған шарт (ҚР 30 желтоқсан 1999 жылғы заңымен ратификацияланды, 2007 жылы 7 тамызда өзгерістер енгізілді),Украина мен ҚР арасындағы жазасын əрi қарай өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы шарты (Киев қаласы, 17 қыркүйек, 1999 жыл) (ҚР 28 сəуір 2000 жылғы заңымен ратификацияланған), Түркіменстан мен ҚР арасындағы жазасын əрi қарай өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы Астана қаласында 5 шілде 2001 жылы жасалған шарты (2003 жылы 5 қарашадағы ҚР заңымен ратификацияланған).

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Прокуратурасының басқа тиісті мемлекеттік органдармен келесі шарттарды жасау қарастырылып отыр: Қытай Халық Ресубликасымен сотталғандарды беру туралы шарт; Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Үкіметінің келісімімен сотталғандарды беру туралы келісімі; Сондай-ақ, Бразилия мен Түркия мемлекеттерімен қылмыстылықпен күресу жəне сотталған тұлғаларды беру туралы шарттардың жобалары қаралуда.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда ҚР Президентінің Əкімшілігі бекіткен Жоспар-кестесіне сай, Бас прокуратура ҚР Сыртқы Істер министрлігімен бірлесіп 20 сəуір 1959 жылғы Қылмыстық істер бойынша бірлескен құқықтық көмек көрсету туралы Еуропалық конвенцияға жəне оның Қосымша хаттамасына, 13 желтоқсан 1957 жылғы Қайтарып беру туралы Еуропалық конвенцияға жəне оның екі Қосымша хаттамасына, 15 мамыр 1972 жылғы Қылмыстық істер бойынша өндірісті табыстау туралы Еуропалық Конвенцияға жəне 28 мамыр 1970 жылғы Қылмыстық істер бойынша сот шешімдерінің халықаралық шынайылығы туралы Еуропалық конвенцияға Қазақстанның қосылуы туралы мəселелерін пысықтау үстінде.

2009 жылдың 9 сəуірде ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен аталған мəселелер ҚР Сыртқы істер министрлігі өткізген Сараптау кеңесінің отырысында қарастырылды. Бас прокуратура ұстанымы барлық қатысы бар мемлекеттік органдар арасынан қолдау тапты жəне 10 сəуір 2009 жылы Еуропа Кеңесінің Директоратына Қазақстанды аталған конвенцияларға қосу туралы сəйкес өтініш жіберілді. 2009 жылдың қарашасында Бас Прокуратураның Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен жəне ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консульдік қызмет департаментімен бірлесіп Қазақстан Республикасының қылмыстық жауапкершілікке тартылған жəне жазасын шетелде өтеп жатқан азаматтары туралы деректер банкі құрылды.

Деректер банкін құру қажеттілігі бүгінгі күнге дейін Қазақстан мемлекеттік органдары осындай адамдарды мақсатты түрде тіркеу жүргізбегендігінен туындап отыр жəне тиісінше, шетелде қылмыс жасаған, кейінірек шетел соттарымен бас бостандықтарынан айыруға сотталған Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабында көрсетілген шетелде жүрген өз азаматтарын қорғау жəне оларға қамқорлық жасауды қамтамасыз етуге мемлекетті міндеттейтін құқығын толық пайдалана алмай отыр.

Деректер банкінің қызметі Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу жөніндегі Комитетімен мұндай категориялы адамдарды тіркеудің жүргізілуін көздейді, ал оның толтырылуын Комитеттің Астана қаласы бойынша Басқармасы ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің Консулдық қызмет департаменті арқылы Қазақстанның шетел мекемелерінен алынған сұрау салу пен растау құжаттары негізінде жүзеге асырады. Деректер банкіндегі ақпарат мемлекет үшін шетелде қылмыс жасаған жəне жазасын шетелде өтеп жатқан біздің отандастарымыз туралы мəліметтерге ие болуға мүмкіндік береді жəне қажетті жағдайларда мемлекет оларға тиісті құқықтық қорғау көрсете алады.

Сонымен бірге, Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерімен сотталған тұлғаларды беруге байланысты мəселені шешу керек. Себебі, бұл мемлекеттерде қазіргі уақытқа дейін ТМД мемлекеттерінің қатысушылары арасындағы сотталған тұлғаларды беру туралы Конвенцияны ратификациялаған жоқ. Осыған байланысты Ресей мен Өзбекстан аумағында қылмыс жасап жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтары жазасын өз елімізде өтей алмайды жəне өз кезегінде Қазақстанның түзеу мекемелеріндегі 854 Өзбекстан азаматы мен 736 Ресей азаматтары өз еліне қайтарылмай отыр. Бұл мəселені шешу үшін осы елдермен халықаралық құқықтағы екіжақтылық қағидасының негізінде сотталған тұлғаларды беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр. Осы жылы шет мемлекеттердің сотталған тұлғаларды беру жөніндегі 6 өтініші қарастырылып, қанағаттандырылды. Шетелдік соттардың үкімдерімен тағайындалған жазаны Қазақстан аумағында өтеу үшін Қазақстан азаматтарын ауыстыру туралы 6 өтініш шетелдік құзіретті органдармен қарастырылып, қанағаттандырылды.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 11-бабының 1-тармағына сəйкес Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды. Сотталғандарды жазасын өтеу үшін беру халықаралық шарт негізінде жүзеге асырылады, алайда бас бостандығынан айрылған тұлғаларды беру туралы заң əзірге қабылданған жоқ.

1978 жылғы Конвенцияда КСРО орындауға тиіс міндеттемелер көрсетілген. Осы Конвенцияның жарлығының 12-бабы бойынша жазасын өтеу үшін біздің мемлекетімізге берілген сотталған тұлғаларға қатысты, біздің мемлекетімізде нақ сондай қылмыс жасап сотталған тұлғалармен бірдей құқықтық салдар туындайды. Басқа мемлекетке бас бостандығынан айрылған тұлғаларды азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын өтеу үшін беру Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда белгіленген тəртіппен жүзеге асырылады.

Сонымен, қазіргі уақытта əрекет етіп отырған актілердің нормалары негізінен сілтеме сипатында болып келеді.

Бас бостандығынан айрылып сотталғандарды өзі азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын одан əрі өтеуге беру келесідей реттеледі.

  1. Бас бостандығынан айрылып сотталғандарды жазасын одан əрі өтеуге берудің негіздері.

Шарт бойынша сотталғандарды жазасын өтеуге беру соттың үкімі заңды күшіне енген соң ғана жол беріледі (1978 жылғы азаматы болып табылатын мемлекетке бас бостандығынан айрылып сотталғандарды жазасын одан əрі өтеуге беру туралы Конвенцияның 2-бабы, 1999 жылғы Қазақстан Республикасы мен Украина арасында жасалған жазасын одан əрi өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды беру туралы шарттың 3-бабына сəйкес жəне т.б.).

Сотталғандарды жазасын өтеу үшін беру өзара екі жақтылық қағидасы  негізінде жүзеге асырылған жағдайда мемлекеттер арасында шарттардың болмауы берудің заңдылығын жоққа шығара алмайды.

Бірақ көптеген авторлардың пікір бойынша өзара екі жақтылық қағидасы негізінде сотталған тұлғаларды беру жеткілікті реттелмеген. Беруді реттейтін халықаралық құқықтың қандай да бір қайнар көздерінде берудің мұндай негізі жоқтың қасы. Тек бұл негізді үкімді орындау немесе қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін ұстап беруге ұқсастығына байланысты қолданылу мүмкіндігі туралы болжам жасауға болады.

Екі жақтылық мемлекеттердің қандай да бір мəселеге байланысты біркелкі ұстанымын білдіреді. Ұстап беру туралы шарттарда көрсетілген екі жақтылық қағидасы əртүрлі жағдайларда қолданылады: біріншіден, шартта ұстап берудің кейбір жекелеген ережелері реттелмеген (көрсетілмеген) жағдайларда; екіншіден, ұстап берудің кейбір мəселелеріне қатысты əртүрлі көзқарастар болған жағдайда (бұл жерде екі жақтылық қағидасы қалыпты жағдайдан ауытқуды білдіреді).

«Л.Н. Галенскаяның пікірі бойынша, мемлекеттердің ішкі құқықтарында екі жақтылық қағидасы туралы айтылып, бірақ талап етіп отырған мемлекет пен баспана беріп отырған мемлекет арасында шарт болмаған жағдайда өзгеше жағдай қалыптасады. Негізінде ұстап беру талап етіліп отырған мемлекет екі жақтылық қағидасының қолданылу мүмкіндігі туралы мəселені шешіп қана қоймай нақты тұлғаны ұстап беру мүмкіндігі туралы мəселені де шешуі тиіс (жасалған іс-əрекеттің қылмыс болып танылуы, ескіру мерзімінің өтіп кетпеуі жəне т.б.)» [3].

Л.А. Лазутин өз еңбегінде ұлттық заңдардағы екі жақтылық қағидасының болуын жəне кейбір халықаралық шарттарда екі жақтылық қағидасының көрсетілмегендігін ескеріп оның қолданылуы мүмкін үш жағдайды көрсетеді:

а) ұқсас құқықтық жүйелердің болуы;

б) бұл мəселені шешудің қалыптасқан тəжірибесінің болуы;

в) мемлекеттер арасындағы түсіністік қатынастардың қалыптасуы.

Барлық жағдайда шешім қабылдау беру туралы өтініш білдіріліп отырған мемлекеттің қалауына байланысты. Осы себепті де халықаралық құқық Институтының екі жақтылық қағидасын құқықтық емес саяси салаға жатқызатын Оксфорд қарарының 50 бабын негізді деп есептеуге болады.[4]

ҚІЖК-нің 537-бабы бойынша берудің негізі болып Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен жасаған халықаралық шарт немесе Қазақстан Республикасының Бас прокурорының шет мемлекеттің уəкілетті органдарының лауазымды тұлғаларымен не өзара екі жақтылық негізіндегі жазбаша келісімі саналады.

Сотталғандарды берудің құқықтық негізін шарт жасау арқылы жүзеге асыру керектігімен келісе отырып «ҚР Бас прокурорының жазбаша келісімі» сотталғандарды берудің балама құқықтық негізі болып табылатын құқықтық негізбен келісе алмаймын (бұл жағдайда оның əрекеті жеке сипаттағы құқықтық акт болып табылады).

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша сотталғандарды беру халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырылады.

Бас бостандығынан айыру жазасына сотталған тұлғаларды өзі азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын əрі қарай өтеу үшін беру адам бостандығы мен құқығына тікелей əсерін тигізетінін ескерген жөн. ҚР Халықаралық шарттары туралы заңына сəйкес сотталғандарды жазасын өтеуге беру туралы нормасы бар шарттар міндетті түрде заңмен бекітілуі керек. Сотталғандарды жазасын өтеуге беру туралы тиісті мемлекетпен шарттың болмауы Қазақстан Республикасының беру туралы талаптың орындалмауы мүмкін екендігін білдіреді жəне керісінше шет  мемлекеттер Қазақстан Республикасына қылмыскерді беруден бас тартуы мүмкін.

2000 ж. 25 желтоқсандағы «ҚР Сот жүйесі жəне судьялардың мəртебесі туралы» ҚР заңына шет мемлекеттердің сотының қаулысының міндеттілігі тек халықаралық шартта көзделген жағдайда ғана міндетті екендігін білдіретін норманы қосу керек (беру бұл бірінші кезекте шет мемлекеттің үкімін тануды білдіреді). Себебі қазіргі уақытта ҚР шетелдік арбитраждық соттардың шешімдерін тану жəне орындау туралы 1958 жылғы 10 маусымдағы Нью-Йорк конвенциясының қатысушысы болып табылады (1995 жылғы 4 қазандағы Президенттің жарлығымен) жəне ҚР азаматтық кодексінің 425 бабына сəйкес заңда немесе халықаралық шарттарда көрсетілген жағдайларда шет мемлекеттердің жəне арбитраждық соттардың шешімдерін танып орындау мəселесі қарастырылған. ҚР бас бостандығынан айыру жазасына сотталған тұлғаларды өзі азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын əрі қарай өтеу үшін беру туралы заң болмағандықтан, шет мемлекетінің сот қаулысының міндеттілігі тек халықаралық шартпен анықталады.

Сонымен, ҚР ҚІЖК-нің 537 бабына өзгеріс енгізу үшін алдымен «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мəртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына  өзгеріс енгізу қажет.

  1. Жазасын өтеуге кімнің берілетіні жөніндегі мəселе шартта нақты шешілмеген. Халықаралық шарттар бойынша берілуі мүмкін тұлғалар:
  2. тек шартқа қатысушы-мемлекеттердің азаматтары (1978 ж. Конвенцияның 1-бабы, 1999 жылғы ҚР мен Украина арасында жасалған бас бостандығынан айрылғандарды беру туралы шарттың 2-бабы, 1997 жылы ҚР мен Əзірбайжан Республикасы арасында жасалған бас бостандығынан айрылғандарды беру туралы шарттың 3-бабы)
  3. осы мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын азаматтар мен тұлғалар, 2001 жылғы ҚР мен Түркіменстан арасында жасалған бас бостандығынан айрылған тұлғаларды беру туралы шарттың 2- бабына сəйкес шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтарымен қатар осы елдердің аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаларды беру мəселесі де қарастырылған.

ҚІЖК-де берілуі мүмкін тұлғалардың тізімінде сұрастырылып отырған мемлекеттің азаматы болып табылмағанымен сол мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын тұлғаларды беру көрсетілмеген жəне бұл ҚР халықаралық міндеттемелерін ескеретін болсақ негізсіз болар еді.

  1. Бас бостандығынан айыру жазасына сотталған тұлғаларды өзі азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын əрі қарай өтеу үшін беруді жүзеге асыруда қойылатын талаптар:

Шарттарда бекітілген берудің міндетті белгісі - берілетін тұлғаның өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің заңы бойынша оның қылмыстық іс-əрекеті қылмыс болып саналып, бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болу керек.

1998 ж. Конвенцияның 5-бабы бойынша бас бостандығынан айыру жазасымен сотталғандарды əрі қарай жазасын өтеуге берудің қосымша талаптары қарастырылған: беру туралы өтінішті алу; сотталушының немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімінің болуы; беру туралы өтінішті алу кезінде  бас  бостандығынан  айыру  жазасының  өтелмеген  бөлігі  6  айдан  кем  болмау  керек;  үкім шығарған мемлекеттің жəне сотталған тұлғаны қабылдап үкімді орындайтын мемлекеттердің беруге жəне тиісінше алуға келісімі қажет;

Н.И. Марышева сотталған тұлғаларды беруге байланысты нақты əрбір жағдайда мемлекттер арасында өзара келісімнің болуын берудің қажетті шарты ретінде қарастыру керектігімен келіспейді [5].

Л.А.Лазутиннің пікірі бойынша сотталған тұлғаларды беруге байланысты шарт нормаларын жүзеге асыру мəселесі əрбір жағдайда берудің мақсатына сəйкес жəне сот əділдігін жүзеге асыру мен сотталған тұлғаларды қалыпты өміріне қайтару үшін дербес шешілу керек деп есептейді. Сондай-ақ сотталған тұлғаларды беру туралы шарттарда жасалған қылмыстың түрлері (бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігіне қарсы əрекет, терроризм, жалдамалы кісі өлтіру жəне т.б.) ескерілмей, тек қана заңды күшіне енген сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру мекемесінде сотталған тұлғалардың жазасын өтеп отыруын ғана ескереді [6].

ҚІЖК-де берудің шарты негізі ретінде тұлғаның бас бостандығынан айрылу жазасына кесілуі жəне сотталушының немесе оның өкілінің өтініші, жəне сондай-ақ сотталған азаматтың келісімімен мемлекеттің уəкілетті органының өтініші қарастырылады.

  1. Беруден бас тартудың негіздері

Қазақстан Республикасының тəжірибесінде тұлғаны беруден бас тартудың негізін анықтаудың екі жолы бар:

  1. 1990 жылғы Қазақстан Республикасы мен Украина мемлекеттері арасында жасалған бас бостандығынан айрылған тұлғаны жазасын өтеу үшін өзара беру туралы шартта өтініштен бас тарту негіздері бекітілмеген, тек берілмеуі мүмкін жағдайлар ғана қарастырылған.
  2. 1978 жылғы Конвенцияның 4-бабына сəйкес азаматы болып табылатын мемлекеттің заңы бойынша оның жасаған əрекеті қылмыс болып табылмайтын болса; азаматы болып табылатын елде жасаған қылмысы үшін жазасын өтеген немесе ақталған болса не қылмыстық іс тоқтатылған болса немесе уəкілетті органмен жазадан босатылған болса; сол мемлекеттің заңы бойынша қылмыстың ескіру мерзіміне байланысты немесе басқа да негіздер бойынша жазалау мүмкін болмаса; үкім шығарылған мемлекетте сотталушы тұрақты тұратын болса; Конвенцияда көрсетілген жағдайларда сотталушыны беру туралы келісімге келе алмаса сотталғандар берілмейді. 1998 жылғы Конвенцияның 6-бабы бойынша егер қылмыскердің келтірген шығындары өтелмесе бас бостандығынан айрылған тұлғаны беруден бас тартылуы мүмкін.

1995 жылғы ҚР мен Түркіменстан мемлекетінің арасындағы жасалған шарттың 7-бабына сəйкес аталған жағдайлар тағы үшеуімен толықтырылады. Егер сотталушының жазбаша келісімі болмаса немесе жасына, физикалық немесе ақыл есі кемдігіне байланысты өзінің ықтиярын еркін жеткізе алмаған жағдайда оның заңды өкілінің келісімі болмаған жағдайда; сотталған тұлғаның жазасының өтелмеген мерзімі алты айдан кем болса жəне сондай-ақ тараптардың мүдделеріне нұқсан келуі мүмкін болса өтініштен бас тартылады.

1998 жылғы Конвенцияның 6-бабына сəйкес сотталған тұлғаларды беруден қылмыс жасау нəтижесінде келтірілген шығындар өтелмеген жағдайда да бас тартылу мүмкін.

Шын мəнінде ерекше жағдайларда жазаның өтелмеген мерзімі алты айдан кем болғанда жəне қылмыс нəтижесінде келтірілген шығындар толық өтелмеген жағдайларда да тараптар беру туралы келісімге келе алады (ҚР мен Украина арасындағы шарттың 3-бабының 3-бөлімі жəне ҚР мен Түркіменстан арасындағы шарттың 7-бабының 2-бөлімі).

ҚІЖК-нің 539-бабы бойынша Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамды ол азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн беруден, егер:

  • адам сол үшiн сотталған əрекеттерiнiң бiрде бiрi сотталушы азаматы болып табылатын мемлекеттiң заңдары бойынша қылмыс болып танылмаса;
  • жаза шет мемлекетте ескiру мерзiмiнiң өтуi салдарынан немесе осы мемлекеттiң заңдарында көзделген өзге негiз бойынша орындалмайтындай болса;
  • сотталушыдан немесе шет мемлекеттен азаматтық талап бөлiгiнде үкiмнiң орындалуына кепiлдiк алынбаса;
  • сотталушыны халықаралық шартта көзделген жағдайларда беру туралы келiсiмге қол жеткiзiлмесе;
  • сотталушының Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болса, бас тартылуы мүмкiн.

Н.И. Марышева сотталған тұлғаларды беруден бас тартудың негіздері шарттарда бас тарту негіздері көрсетілмеген жағдайда сұрастырылып отырған мемлекет қабылдауға (беруге) міндетті болатындай түпкілікті əрі нақты көрсетілу керек деп есептейді [7].

Л.Н. Лазутин бұл мəселені мемлекеттердің заңдарында шет мемлекеттердің соттарының үкімдерін мəжбүрлі түрде орындау міндетін қарастыратын нормаларды бекіту арқылы шешуді ұсынады (1970 жылғы қылмыстық істер бойынша үкімдердің халықаралық жарамдылығы туралы Еуропа конвенциясы көрсетілгендей) [8] .

Сонымен, ҚР ҚІЖК-нің 539-бабында бас бостандығынан айрылған тұлғаны беруден бас тартудың халықаралық негіздері ескерілмеген:

  • Сотталушының келісімінің болуы;
  • Сотталушының қылмыстық əрекеті үшін үкімді орындайтын мемлекетте бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайтын болса;

Беру туралы өтінішті алған кезде бас бостандығынан айыру жазасымен сотталған тұлғаның ҚР өтелмеген мерзімі алты айдан кем болса. Осы аталғандарды ескере отырып ҚР ҚІЖК-нің ережесін жетілдіру қажет.

  1. Үкімді шығарған мемлекеттің бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаны өзі азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшін беру туралы өтініш жасауға құқығы бар екенін түсіндіру міндеті.

Бұл міндет Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын барлық халықаралық шарттарда бекітілген.

1998 жылғы Конвенцияның 6-бабында бұл ереже толығырақ беріледі: «сотталушыға немесе оның заңды өкіліне үкім шығарған мемлекеттің қылмыстық-атқару жүйесінің орталық жəне аумақтық органдарының басқармасының лауазымды тұлғаларымен жазасын өзі азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшін берілу мүмкіндігі жəне оның құқықтық салдары туралы жазбаша түрде түсіндірілуі керек». Мысалы Ресей Федерациясына басқа мемлекеттің сотының үкімі бойынша бас бостандығынан айыруға сотталып жазасын ары қарай өтеу үшін берілген тұлғалар бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазаланған тұлғалар ретінде қарастырылады (2001 жылғы 12 қарашадағы РФ Жоғарғы Сотының Пленумының «Соттармен түзеу мекемелерінің түрін тағайындау тəжірибесі туралы» қаулысының 9 бөлімінің «г» бөлімшесі). Бұл жағдай осы тұлғалар жаңа қылмыс жасаған жағдайда түзеу мекемелерін таңдау кезінде ескеріледі. Үкімді шығарған мемлекет сотталушыға оның өтініші бойынша өзі азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеуге құқығының бар екендігі жəне оның құқықтық салдары туралы үкімді жариялаған кезде бірге жариялау керектігі көрсетілген халықаралық шарттарды дұрыс деп есептеймін (Ресей Федерациясы мен Куба Республикасы арасындағы азаматтық жəне қылмыстық істер туралы 2000 жылғы шартта). Бұл жағдайда, сотталушыға үкім жарияланған сəттен бастап өзінің құқығын қорғаудың тиімді тəсілін таңдау мүмкіндігі туындайды.

Сол себепті де үкімді шығарушы соттың сотталушының өзі азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшін берілу құқығын түсіндіру міндеті ҚР ҚІЖК-де бекітіліп қылмыстық істер бойынша жəне сотталған тұлғаларды беру туралы шарттарды жасау кезінде басшылыққа алыну қажет деп есептеймін.

  1. Өтініш жазуға құқығы бар құқық субъектілері Қазақстан Республикасының халықаралық тəжірибесінде бұл мəселе əртүрлі қарастырылады. Өтініш жасауға құқығы бар тұлғаларға:
  2. Келісуші тараптар (Украинамен жасалған шарттың 6-бабы);
  3. Сотталушы жəне оның жақын туыстары немесе заңды өкілі (1978 жылғы Конвенцияның 5- бабы, Түркіменстанмен жасалған шарттың 3-бабы жəне Əзірбайжан Республикасымен жасалған шарттың 6-бабы)
  4. Сотталушы, оның жақын туыстары, заңды өкілдері жəне адвокат (1998 жылғы Конвенцияның 5-бабы) жатады.

ҚІЖК–де (540 б. 1 т.) өтініш беруге құқығы бар адамдардың тізімі берілген. Шет мемлекеттiң соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматы, оның заңды өкiлi немесе жақын туған-туыстары, сондай-ақ шет мемлекеттiң құзыреттi органдары сотталушының келiсiмiмен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына сотталушының жазасын Қазақстан Республикасында өтеуi туралы өтiнiш жасай алады.

  1. Бас бостандығынан айыру жазасына сотталған тұлғаны өзі азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын өтеу үшін өтінішті қарау тəртібі.

Халықаралық шарттарға сəйкес жазасын өтеу үшін өзі азаматы болып табылатын мемлекетке беру туралы өтінішті үкімді шығарған мемлекетке де жəне сондай-ақ үкімді орындайтын мемлекетке де беруге болады. ҚР ҚІЖК-де бұл мəселе шешілмеген.

Өтінішті қараған мемлекеттің уəкілетті органы беру туралы өтініш жасайды. Уəкілетті орган болып не Бас прокуратура (РФ, ҚР, Түркіменстан) немесе Əділет Министрлігі (Украина, Əзірбайжан) табылады Əзірбайжан Республикасымен жасалған шартта бастапқыда өкілетті орган ретінде ҚР ішкі істер Министрлігі көрсетілген болатын.

1998 жылғы Конвенция (7-бабы) бойынша қатысушы-мемлекеттер Конвенция өзі үшін күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде өзінің уəкілетті органының атауы туралы депозитарийге хабарлауы тиіс. Халықаралық шарт нормаларында өтінішке қосымша тіркелетін əр түрлі қажетті құжаттардың тізімі бекітілген. Егер өтініш үкімді орындайтын мемлекетпен бағытталса оған қоса сотталған тұлғаның немесе оның жақын туыстарының өтініші қоса беріледі.

Халықаралық шарттарда қарастырылған ең аз деген мəліметтердің тізімі: сотталған тұлғаның азаматтығы туралы немесе оның тұрақты тұрғылықты жері туралы құжат; үкімнің куəлендірілген көшірмесі жəне іске қатысты соттың барлық шешімдері, үкімнің заңды күшіне енгендігі туралы құжаттар; сотталған тұлғаның жазаның өтелген жəне əрі қарай өтеуге тиіс жазаның бөлігі туралы құжат; егер болса тағайындалған қосымша жазаны орындауы туралы құжат; тұлғаны соттауға негіз болған қылмыстық заңның тиісті бабының мəтіні берілу керек.

1978 жылы Конвенцияның 7-бабы бойынша сотталған тұлғаны беру туралы өтінішке сот үкім шығарған мемлекеттің органдары қажет деп тапса басқа да қосымша құжаттар жəне сондай-ақ өтініштің жəне оған қоса тіркелетін құжаттардың куəландырылған аудармасы сияқты құжаттары қоса жіберіледі.

Түркіменстан, Украина жəне Əзірбайжан мемлекеттерімен жасалған шарттардың тиісінше 5, 7, 8- баптарына сəйкес бас бостандығынан айыру жазасына сотталған тұлғаның жазасын өзі  азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшін берілетін өтінішке қосымша сотталушының жеке басына қатысты мəліметтер (аты, фамилиясы, əкесінің аты, туған жері мен туған күні), үкімді орындайтын мемлекеттің аумағында жазасын əрі қарай өтеу үшін беруге оның немесе жақын туыстарының, сондай-ақ заңды өкілдерінің жазбаша өтініші, денсаулық жағдайы мен сотталған тұлғаның жүріс- тұрысы, келтірілген мүліктің шығынның бар-жоқтығы, оны өтеу тəртібі туралы мəліметтер қажет.

Сонымен қатар, үкімді шығарған мемлекет үкімді орындайтын мемлекеттің консул немесе басқа ресми өкілі арқылы сотталушының өтінішті өз еркімен жазғандығын тексеруін қамтамасыз ету қажет.

1998 жылға Конвенцияның 8-бабына сəйкес қосымша тіркелетін құжаттарға:

Сотталушының денсаулық жағдайы мен оның жүріс-тұрыс ерекшелігі туралы мəліметтер; оның келтірген зиянының мөлшері мен өтелгендігі туралы мəліметтер; үкімді шығарған мемлекет қажет деп тапқан басқа да мəліметтер ұсынылады.

Беру туралы өтінішті қараудың нақты мерзімі шарттармен біркелкі анықталмаған. 1978 жылғы Конвенцияның 8-бабына сəйкес уəкілетті органның сотталушыны қабылдайтыны немесе бас тартатыны туралы «қысқа мерзімде» хабарлау керектігі көрсетілсе, ал Əзірбайжан Республикасымен жасалған шартта қабылдау немесе бас тарту мерзімі 30 күн деп көрсетілген.

Түркіменстан жəне Украинамен жасалған шарттарда құжаттарды алған сəттен бастап 40 күннен аспайтын мерзімде беру көрсетілген 1998 жылғы Конвенцияда 40 күн мерзім көзделген.

Үкімді орындайтын мемлекет өз заңдарының негізінде сотталушының жағдайын нашарлатпай əрі қарай жазасын өтеуін қамтамасыз етеді. Үкім шығарылған мемлекеттің тағайындаған жазасы негізінде сотталушы жазасының қалған бөлігін өтейді. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзімі үкімді шығарған мемлекеттің аумағында орындалған бөлігі өтелген болып есептеледі.

Үкімді орындайтын мемлекеттің соты шығарылған үкімнің негізінде тағайындалған жаза сияқты өз мемлекетінің заңы бойынша сондай мөлшерде бас бостандығынан айыру жазасын белгілеп оны орындау жөнінде шешім қабылдайды. Егер үкімді орындайтын мемлекеттің заңы бойынша жасалған қылмыс үшін тағайындалатын жазаның шекті мөлшері тағайындалған жазадан аз болса сот сол мемлекеттің заңымен белгіленген бас бостандығынан айыру жазасының ең жоғарғы шегін белгілейді. Егер үкiм екi немесе одан да көп əрекетке қатысты болып, үкімді орындайтын мемлекетте бəрi бiрдей қылмыс деп танылмаса, сот қылмыс болып табылатын əрекетке жазаның қай бөлiгi қолданылатындығын айқындайды. Қосымша тағайындалған  жаза  егер үкімді  орындайтын мемлекеттің заңында сол қылмыстық əрекет үшін қосымша жаза көрсетілсе ғана сотпен оны орындау жөнінде шешім қабылданады (1998 жылғы Конвенцияның 12-бабы). Қосымша жаза да осы тəртіппен орындалады.

ҚІЖК-нің 540-бабында шет мемлекетінің сотының үкімін орындауға байланысты мəселелерді сотпен шешу тəртібі көзделген. Өтініш қанағаттандырылған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры шет мемлекетінің сотының үкімін орындау туралы облыстық немесе оған теңестірілген сотқа сотталушының Қазақстан Республикасынан кеткенге дейінгі тұрақты тұрғылықты жері бойынша ұсыныс енгізеді. Сотталушының тұрақты тұрғылықты жері болмаған кезде ұсыныс Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына енгізіледі.

Шет мемлекетінің шығарған үкімін орындау тəртібін анықтау жөніндегі мəселені қарау құқығын ҚР соттардың арасында бөлумен келісуге болмайды. Өкінішке орай, ҚР соттары беру мəселелерін реттейтін  халықаралық  шарттар  туралы  жақсы  хабарланбаған  жəне  нақты  жағдайларда  ескеруге қажетті шетел мемлекетінің қылмыстық құқығымен, қылмыстық іс жүргізу құқығымен іс жүзінде таныс емес. Сонымен қатар, сотталушының тұрақты мекен-жайын анықтау қиын. Шет мемлекетінің үкімін орындау тəртібін ҚР Жоғарғы Сотының қарауына берген дұрыс. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынысын судья сот отырысында сотталушыны қатыстырмай үкімді орындауға байланысты мəселелерді шешуге байланысты осы қылмыстық кодекспен белгіленген тəртіп пен мерзімде қарайды. Судья сот қарауының нəтижесінде Бас Прокуратураның ұсынысын ҚР халықаралық шарты мен заңына сəйкес келмейді деп тапса ұсынысты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Сот басқа жағдайлардың барлығында шет мемлекетінің үкімін орындау туралы ұйғарым шығарады. Шет мемлекетінің сотының үкімін орындау туралы судьяның қаулысында:

  • шет мемлекет сотының атауы, үкiмнiң шығарылған уақыты мен жерi;
  • сотталушының Қазақстан Республикасындағы соңғы тұрғылықты жерi, оның жұмыс орны жəне сотталғанға дейiнгi айналысқан кəсiбi туралы мəлiметтер;
  • азамат жасағанына кiнəлi деп таныған қылмыстың саралануы жəне оның қандай қылмыстық заңның негiзiнде сотталғандығы;
  • сотталушының жасаған қылмысы үшiн жауаптылық көздейтiн Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы;
  • жазаның (негiзгi жəне қосымша) түрi мен мерзiмi, сотталушы Қазақстан Республикасында өтеуi тиiс жазаның басталу жəне аяқталу мерзiмi; қылмыстық түзеу мекемесiнiң түрi, қуыным бойынша залалды өтеудiң тəртiбi көрсетiлуi тиiс.

Егер Қазақстан Республикасының заңы бойынша осы қылмыс үшiн бас бостандығынан айырудың шектi мерзiмi шет мемлекет судьясы тағайындаған үкiм бойынша тағайындалғаннан аз болса, судья осы қылмысты жасағаны үшiн бас бостандығынан айырудың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген ең жоғары мерзiмiн белгiлейдi. Егер бас бостандығынан айыру жаза ретiнде көзделмеген болса, судья Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде белгiленген шекте осы қылмыс үшiн жəне шет мемлекет сотының үкiмi бойынша тағайындалғанға мейлiнше сəйкес келетiн жазаны айқындайды.[7]

Егер үкiм екi немесе бiрнеше əрекетке қатысты болса, Қазақстан Республикасында бəрi бiрдей қылмыс деп танылмаса, судья шетел мемлекетi сотының үкiмi бойынша қылмыс болып табылатын əрекетке жазаның қай бөлiгi қолданылатындығын айқындайды.

1978 жылғы сотталғандарды беру туралы Конвенцияның 13-бабына сəйкес сотталған тұлғаға қатысты соттаған мемлекетпен рахымшылық немесе кешірім жасалуы мүмкін. ҚР мен Əзірбайжан Республикалары арасында жасалған шарттың 14-бабына сəйкес рахымшылық не кешірім  жасау үкімді орындайтын мемлекеттің еншісіне берілсе, ҚР мен Украина жəне Түркіменстан Республикалары арасындағы шарттардың тиісінше 13 жəне 12-баптарына сəйкес келісуші тараптардың екеуі де қолдана алады.

Сонымен ҚР ҚІЖК-сі ҚР халықаралық міндеттемелерін толық қамтымағандықтан оны жетілдіру қажеттігі туындап отыр.

  1. Сотталған тұлғаның иммунитеті.

Сотталушыны берген соң үкім шығарылған мемлекетте қылмыстық іс тоқтатылып қайтадан тергеу жүргізу немесе қайта сот талқылауы тағайындалғаннан басқа жағдайларда нақ сол əрекеті үшін қайтадан жауапкершілікке тартылмайды (1978 жылғы Конвенцияның 3 бабы). Бұл жағдайда жаңа істі қарау үшін қажетті шешімнің немесе басқа да құжаттардың көшірмесі осы  мемлекеттің заңы бойынша жауапкершілікке тарту жөніндегі мəселені шешу үшін сотталушыны қабылдаған мемлекеттің құзіретті органына бағытталады.

ҚР ҚІЖК сотталушының жеке басына қол сұқпаушылық жөніндегі мəселе шешілмеген.

Қазіргі уақытта құқықтық көмек көрсетуді реттейтін халықаралық шарттардың нормалары мен ҚР ҚІЖК-нің нормаларын қазіргі заман талаптарына сəйкес кешенді, келісімді қолданылуын жетілдіру қажеттігі туындап отыр.

 

 Әдебиеттер

Халықаралық шарттар

  1. Сотталған тұлғаларды беру туралы Конвенция (Страсбург, 21 наурыз 1983 ж.)
  2. Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясы (Вена, 23 мамыр 1969 ж.)
  3. Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы БҰҰ Конвенциясы ( Палермок, 13 желтоқсан 2000 ж.)
  4. Азаматы болып табылатын мемлекетке жазасын өтеу үшін бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы Конвенция, 1978 ж.// СДД СССР. Вып. М., 1981. С. 181–185.
  5. Жемқорлыққа қарсы ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің бас прокуратураларының ынтымақтастығы туралы келісімі(Астана, 25 сəуір 2007 ж.);
  6.  Жазасын əрi қарай өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы Конвенциясы (Мəскеу қ., 6 наурыз 1998 жыл);
  7. Мəжбүрлі түрде емдеу үшін психикалық аурулардан зардап шегетін тұлғаларды беру туралы Конвенция (Мəскеу, 28наурыз 1997 ж.)
  8. Түркіменстан мен ҚР арасындағы жазасын əрi қарай өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы Астана қаласында 5 шілде 2001 жылы жасалған шарты (2003 жылы 5 қарашадағы ҚР заңымен ратификацияланған )
  9. Украина мен ҚР арасындағы жазасын əрi қарай өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы шарты (Киев қаласы, 17 қыркүйек, 1999 жыл) (ҚР 28 сəуір 2000 жылғы заңымен ратификацияланған)
  10. Жазасын əрi қарай өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғаларды беру туралы Қазақстан Республикасы мен Əзiрбайжан Республикасы арасындағы Алматы қаласында 1997 жылы 10 маусымда жасалған шарт (ҚР 30 желтоқсан 1999 жылғы заңымен ратификацияланды, 2007 жылы 7 тамызда өзгерістер енгізілді)

Қазақстан Республикасының заңдары:

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жыл 30 тамыз
  2. Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі, 1997 жылғы 16 шiлде
  3. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексі, 13 желтоқсан 1997 ж.
  4. Қазақстан Республикасының қылмыстық атқару кодексі, 13 желтоқсан 1997 ж.
  5. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы заң, 2005 жылғы 30 мамыр
  6. Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» заңы 1995 жыл 21 желтоқсан Заң əдебиеттері:
  7. Международное право: учеб. для вузов/под ред. Г.В. Игнатенко, О.И. Тиунова.- 4-е изд.- С.
  8. Сафаров Н.А. Экстрадиция в международном уголовном праве: проблемы теории и практики.- С.
  9. Галенская Л. Н. Международная война с преступностью. С.
  10. Лазутин Л.А. Правовая помощь по уголовным делам как комплексное формирование в международном уголовном и уголовно-процессуальном праве.- С.
  11. Марышева Н. И. Международная правовая помощь по гражданским и уголовным делам.- С.
  12. Лазутин Л. А. Правовая помощь по уголовным делам как комплексное формирование в международном уголовном и уголовно-процессуальном праве. С. 220.
  13. Когамов М.Ч. Комментарий к Особенной части УПК РК.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.