Кəсіпкерлік - экономиканың барлық салалары мен аумақтарына таралған көп қырлы экономикалық қызметтің түрі. Кəсіпкерлік бастамаға негізделген əрекет болғандықтан өндірістің барлық кезеңдерінде кездеседі. Бір-бірінен тəуелсіз болғанымен кəсіпкерлік қызметтің бұл түрлері бір-бірімен ұштасып жатуы мүмкін. Кəсіпкерлік қызметтің қандай да түрі нақты ұйымдастырушылық нысанда жүргізілуі мүмкін жəне əртүрлі құқықтық реттеу механизмдері қолданылады. Нарықты экономиканың дамуы қоғамдық қатынастардың өзгеруіне себеп болып, шаруашылық қызметті реттейтін көптеген заңдар мен нормативтік актілердің өзгеруіне жəне жаңадан қабылдануына себеп болды. Кəсіпкерлік қызметтің пайда болуына жəне дамуына негіз болған актілер қатарына «Қазақ КСР-ындағы шаруашылық қызмет бостандығы мен кəсіпкерлік қызметтің дамуы туралы», «Жеке кəсіпкерлік қызметті қорғау жəне қолдау туралы» заңдар жатқызсақ. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы ерікті кəсіпкерлік қызмет құқығын тек бекітіп қана қоймай, оның негізгі кепілдіктерін де бекітті. Сонымен қатар кəсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың құқықтық негізі болып ҚР Конституциясына сай қабылданған Азаматтық Кодексті айтуға болады.
Кəсіпкерлік қызмет түсінігінің құқықтық бекітілуі бірнеше кезеңдерден өтті. Алғашқы рет кəсіпкерлік қызмет түсінігі «Қазақ КСР-ындағы шаруашылық қызмет бостандығы мен кəсіпкерлік қызметтің дамуы туралы» Заңында өз көрінісін тапқан. Осы заңға сəйкес əрекет етіп жатқан заңның шегінде өзінің несиелік немесе басқа мүліктер есебінен бастамашылық негізде жүргізілетін шаруашылық қызмет деп бекіткен. Осы заңға сəйкес кəсіпкерлік қызметтің субъектісі ретінде азаматтар мен заңды тұлғалар бекітілген болатын. Осы заңнан кейін қабылданған (1991 ж.) кеңестік
«Азаматтардың кəсіпкерлігінің негіздері туралы» заңға сəйкес кəсіпкерлік қызмет ретінде пайда немесе жеке табыс табуға бағытталған азаматтардың ерікті бастамашылық қызметі деп бекіткен [1, с. 30]. Одан кейінгі заңдарда да кəсіпкерлік қызметтің анықтамасы осындай бағытта берілген болатын.
Кəсіпкерлік қызметті басқа қызмет түрлерінен, оның ішінде шаруашылық қызметінен бөліп көрсету үшін оның белгілеріне талдау жасау қажет. Заң жүзінде кəсіпкерлік қызметтің келесі түрдегі белгілері бекітілген: 1) еріктілік жəне тəуелсіздік негізде; 2) бастамашылық негізінде; 3) пайда табу немесе сұранысын қамтамасыз ету үшін; 3) тəуекел негізінде жүзеге асыру.
Нарықты экономика экономикалық таңдау еркін білдіреді, яғни кəсіп түрін еркін таңдау, тауарларды өндіру мен айналымға шығару еркін, бəсеке, тұтыну, тағы басқа ерікті əрекеттерді білдіреді. Кəсіпкерлік қызметтің еріктілік белгісі конституциялық нормаларға сүйене отырып туындап отырған белгі қатарына жатады. Қазакстан Республикасының Конституциясының 26 бабының 4тармақшасына сай жүргізіледі. Ерікті кəсіпкерлік қызметтің көрінісін мемлекет тарапынан кепілдік беру мен қолдауда тауып отыр. Конституцияның осы нормасын қамтамасыз ету барысында 1996 жылы «Еркін кəсіпкерлік қызметті қамтамасыз етудің жүзеге асыру жолдарының қосымша шаралары туралы» ҚР Президентінің Жарлығы қабылданған болатын. Ерікті кəсіпкерлік қызмет əр адамның конституциямен бекітілген құқықтарының қатарына жатады.
Кəсіпкерлік қызметтің екінші белгісіне бастамашылық белгісін жатқызамыз. Бастамашылық белгіге сай кəсіпкерлер экономикалық қызметтің заңмен шектелмеген түрі мен өз бастамасымен айналысуды білдіреді. Бастамашылық белгі, негізінен, еріктілік белгісінен туындап отыр. Əр жеке тұлға өзінің қажеттілігіне сүйене отырып кəсіпкерлік қызметпен айналысуға ынтасын білдіруі қажет.
Кəсіпкерлік қызметтің соңғы белгісіне таза табыс табуға бағытталған əрекет ретінде болуы. Бұл қызмет кəсіпкерлік қызмет нəтижесінде таза табыс табуға бағытталуы қажет. Егер тұлғаның əрекеті таза табыс табуға бағытталмаса кəсіпкерлік қызмет өзінің мəнін жоғалтады.
Кəсіпкерлік қызметтің түсінігін анықтағаннан кейін мемлекет өз тарапынан кəсіпкерлік қызметтің нысандарын анықтауға тырысты. Əрекет етуші заңдылыққа сай кəсіпкерлік қызмет түрлері бірнеше көрсеткіштерге негізделіп анықталады. Яғни, меншік нысанына байланысты, кəсіпкерлік қызметтің субъектісі мен оның ұйымдық нысанына байланысты. Кəсіпкерлік қызметтің түрлерге бөлінуі құқықтық реттелудегі ерекшеліктеріне негізделеді. Құқықтық реттеу ерекшеліктеріне сай олардың сипаттары анықталып, үстемдіктері мен кемшіліктері, күшті жəне əлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Ең сонында заң шығарушының кəсіпкерлік қызметтің қандай да түріне көп көңіл бөлуі оның дамуына негіз болуы мүмкін. Жеке меншік құқығына негізделген кəсіпкерлік қызмет жеке меншікке негізделген қызмет түріне жатады. Жеке кəсіпкерлік қызмет нысандары əртүрлі болып келеді. Негізінен жеке кəсіпкерліктің ұйымдық-құқықтық нысандарын анықтау арқылы кəсіпкерлік қызметтің субъектісін де анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының заңдылығына сүйенсек жеке кəсіпкерлік қызметті жеке жəне заңды тұлғалардың кəсіпкерлік қызметі ретінде қарастырылады. Заңда «жеке тұлға» ұғымы азаматтар деп берілген, бірақ «азаматтар» ұғымына ҚР азаматтары, шетел азазаматтар жəне азаматтығы жоқ тұлғалар да кіреді. Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке кəсіпкерлік қызметпен айналысуға шектеулер қойылмайды.Олар арнайы заңды тұлға құрмай кəсіпкер ретінде танылуы мүмкін, бірақ мемлекет тарапынан оларға кəсіпкер ретінде міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өту қажет.
Аталған қызметтен басқа кəсіпкерлік қызметтің қоғамдағы мəнін жəне рөлін көрсететін факторға оның əлеуметтік жауапкершілігін айтуға болады. Кəсіпкер саяси жəне əлеуметтік-мəдени ортада əрекет еткендіктен, өз мүдделері мен қоғамдық мүдделердің жүзеге асырылуын үйлестіре білуі керек. Сонымен қатар қоғамның тұрақтылығы тиімді экономиклық қызмет ету үшін қажетті жағдай болғандықтан əлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға мүдделі болып келеді. Кəсіпкерлердің əлеуметтік жауапкершілік негізде əрекет етуі оларды тиімді дамуларына негіз болады. Кəсіпкерліктің əлеуметтік жауапкершілігі тұғырнамасы алғашқы рет ХIХ ғ. аяғында ХХ ғ. басында Америкада пайда болған [2, с. 47].
К.Уолтон қазіргі уақыттағы бизнестің əлеуметтік жауапкершілігінің келесі компоненттерін бөліп көрсеткен: біріншіден, жеке бастың пайда табу көзқарасынан айрылу қажет, өйткені ол қоғамның өркендеуіне əкелмеуі мүмкін. Егер жеке мүдде мен қоғамдық мүдденің арасында қарама-қайшылық туындаса ол қоғамдық мүддеге бағыну жағдайы туындайды; екіншіден, экономикалық жүйе плюрализм мен конституционализм қағидасына сүйеніп, əрекет етуі қажет; қоғамның игілікті тұрмысы өкімет немесе бизнес бөлек-бөлек қамтамасыз етулері мүмкін емес, сондықтан осы екі субъект арасындағы қарама-қарсы тұруды азайтып келіссөзге келу қажет; төртіншіден бизнес жұмысшылардың да, инвесторлардың да, бəсекелестің де, тұтынушылардың мүдделерін теңестіріп маңыздысын анықтауы қажет [3, с. 28]. Осы əрекеттер жүзеге асырылса нарықтық экономика жағдайында қоғамдық мүдделер шектелмеу мүмкін. Қазақстан Республикасының Конституциясы тікелей бизнестің əлеуметтік жауапкершілігін 1 баптың 2 тармақшасанды келесі түрде бекітіп отыр:«... бүкіл халық игілігін көздеген экономикалық даму...» қағидасы ретінде бекітіліп отыр.
Субъектілер құрамына байланысты жеке кəсіпкерлі қызмет заңды жəне жеке тұлғалардың қызметі ретінде қарастырылса, мемлекеттік кəсіпкерлік қызмет мемлекеттік заңды тұлғаларымен сипатталады.
Жеке кəсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда ғана құрыла алады.
Жеке кəсіпкерлік субъектілері:
- шағын кəсіпкерлік субъектілеріне;
- орта кəсіпкерлік субъектілеріне;
- ірі кəсіпкерлік субъектілеріне жатқызылуы мүмкін.
Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлердің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кəсіпкер жəне кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жұмыскерлердің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын жыл бойы активтерінің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кəсіпкерлік субектісі болып табылады.
Есірткі заттарының, психотроптық заттардың жəне прекурсолардың айналымымен байланысты қызметті;
- акцизделетін өнімді өндіруді жəне (немесе) көтерме сатуды;
- астық қабылдау пунктерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;
- лотереялар өткізуді;
- ойын жəне шоу бизнес саласындағы қызметті;
- сертификаттау, метрология жəне сапаны басқару саласындағы қызметті;
- мұнай, мұнай өнімдерін, газ, электр жəне жылу энергиясын өндіру, қайта өңдеу жəне сату жөніндегі қызметті;
- радиоактивті материалдардың айналымымен байланысты қызметті;
- банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) жəне сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа);
- аудиторлық қызметті;
- бағалы қағаздар нарығындағы кəсіби қызметті жүзеге асыратын дара кəсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кəсіпкерлік субъектілері болып таныла алмайды.
Шағын кəсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны осы субъектінің филиалдарының, өкілдіктері мен басқа да оқшау бөлімшелерінің жұмыскерлерін қоса алғанда барлық жұмыскерлері ескеріле отырып айқындалуы қажет. Заңды тұлға құрмаған жағдайда жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кəсіпкерлер жəне жеке кəсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елуден астам, бірақ екі жүз елу адамнан аспайтын жəне жыл бойғы активтердің орташа жылдық құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар орта кəсіпкерлік субъектілері болып табылады. Жеке кəсіпкерлікті жүзеге асыратын, жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердің жалпы құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын заңды тұлғалар ірі кəсіпкерлік субъектілері болып табылады. Дара кəсіпкерлік өзіндік немесе бірлескен кəсіпкерлік түрінде жүзеге асырылды. Өзіндік кəсіпкерлік бір жеке тұлға өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай ақ мүлікті пайдалануға жəне оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырлды. Егер де некеде тұрған жеке тұлға жұбайын кəсіпкер ретінде көрсетпей өзіндік кəсіпкерлікті жүзеге асырған кезде ол жұбайдың кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға келісімі талап етілмейді. Жеке тұлға өзіндік кəсіпкерлікті жүзеге асыру үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында, немесе ерлі-зайыптылардың арасындағы өзге келісімге өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының келісімі қажет.
Бірлескен кəсіпкерлікті жеке тұлғалар (дара кəсіпкерлер) тобы өздеріне ортақ меншік құқығымен тиесілі мүлік негізінде, сондай ақ мүлікті бірлесіп пайдалануға жəне оған билік етуге жол беретін өзге де құқыққа орай жүзеге асырады. Яғни, бірлескен кəсіпкерлік кезінде жеке кəсіпкерлікпен байланысты барлық мəмілелер бірлескен кəсіпкерліктің барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен міндеттер олардың атынан алынады жəне жүзеге асырылады. Бірлескен кəсіпкерліктің нысандары: ерлі-зайыптылардың ортақ 1) бірлескен меншігі негізінде жүзеге асырылатын ерлі-зайыптылардың кəсіпкерлігі; 2) шаруа қожалығының ортақ бірлескен меншігі немесе жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік негізінде жүзеге асырылатын отбасылық кəсіпкерлік; 3) жеке кəсіпкерлік ортақ үлестік меншік негізінде жүзеге асырылатын жай серіктестік болып табылады.
Ерлі-зайыптылардың кəсіпкерлігін жүзеге асырған кезде жұбайлардың бірі екінші жұбайдың келісімімен іскерлік айналымда ерлі-зайыптылардың атынан əрекет етеді, келісім дара кəсіпкерді тіркеу кезінде расталуы немесе дара кəсіпкердің қызметі мемлекеттік тіркеусіз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша түрде көрсетіліп, нотариалдық жолмен куəландырылуы тиіс. Ерлі- зайыптылардың біреуінің іскерлік айналымда ерлі-зайыптылар атынан əрекет етуіне екіншісінің келісімі болмаған кезде іскерлік айналымда əрекет ететін жұбай дара кəсіпкерлікті өзіндік кəсіпкерлік түрінде жүзеге асыратындығы көзделген. Жеке кəсіпкерлік субъектілері астында көрсетілгендей бірнеше құқықтар мен міндеттерге ие.
Құқықтары:
- егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе жеке кəсіпкерліктің кезкелген түрін жүзеге асыруға;
- Қазақстан Республикасының заңдарын сəйкес жалдамалы еңбекті пайдалана отырып, жеке кəсіпкерлікті жүзеге асыруға;
- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тəртіппен филиалдар мен өкілдіктер құруға;
- Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өндірілген тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) бағасын дербес белгілеуге;
- жеке кəсіпкерлік субъектілеріне өтеу негізінде қарызға қаражат беруге;
- өзінің құқықтық қабілеті шегінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға;
- жеке кəсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін құруға;
- жеке кəсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері арқылы сарапшылдық кеңестердің қызметтеріне қатысуға;
- бақылау жəне қадағалау функцияларын жүзеге асыратын құқық қорғау органдарына жəне мемлекеттік органдарға жеке кəсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзуға кінəлі тұлғаларды жауапқа тарту мəселелері бойынша шағымдануға;
- өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сот органдарына жүгінуге;
- жеке кəсіпкерлікті қолдау жəне қорғау мəселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына септігін тигізетін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды мемлекеттік органдардың қарауына енгізуге құқылы.
Міндеттері:
- Қазақстан Республикасының заңнамасын жеке жəне заңды тұлғалардың құқықтарын жəне заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға;
- өндірілетін өнімнің (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сəйкестігін қамтамасыз етуге;
- Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңына сəйкес лицензиялауға жататын жеке кəсіпкерлік түрлерін жүзеге асыруға лицензиялар алуға;
- Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес азаматтық құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.
Жеке кəсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген еркін бəсекелестікке басқа жеке кəсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзу жолымен бəсекелестікті шектеуге немесе жоюға бағытталған іс-əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) тыйым салынады.
Ішкі нарықты қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес тарифтік емес реттеу шараларымен жүзеге асырылады. Коммерциялық құпияны қорғау коммерциялық құпияны қорғайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салудан тұрады. Жеке кəсіпкерлік субъектсі коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа еркін қол жеткізу құқығы бар адамдар тобын айқындайды жəне оның құпиялылығын қорғауға шаралар қолданады. Жеке кəсіпкерліктің субъектісі немесе ол уəкілеттік берген адам өз қызметкерлерінен коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жария ету туралы қол қоюын талап етуге, ал оны тексеруді жүзеге асыратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жауапкершілік туралы ескертуге құқылы. Міндетті түрде жариялануға не акционерлердің, шаруашылық серіктестік қатысушыларының немесе өзге де белгілі бір адамдар тобының міндетті түрде жеткізуге жататын ақпараттың тізбесі Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жеке кəсіпкерлік субъектісінің құрылтай құжаттарымен белгіленеді.
Жеке кəсіпкерлік субъектісі тіркеу, бақылау функцияларын орындау кезінде жəне де басқа да іс əрекеттер жасау кезінде мемлекеттік органдарға жəне лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, оларға жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті ақпараттан басқа, коммерциялық құпияна қорғайтын ақпаратты бермеуге құқылы.
Әдебиеттер
- И.В. Амирханова, В.А. Романкова Правовое обеспечение индивидуального предпринимательства: проблемы теории и практики.- Алматы, 2003. – 149 с.
- Ф. Шамхалов Государство и экономика. Власть и бизнес. - М., 1999. - 177 с.
- Г.С. Сапаргалиев, Ж.Салимбаева Проблемы конституционной ответственности. - Алматы, 2001. - 208 с.