Өзіміз білетіндей өкілдік институты азаматтық және азаматтық іс жүргізу құқығы салаларына тән және аталған салалардың мақсаттары мен міндеттеріне сай бұл институт анағұрлым зерттелген. Сонымен қатар еңбек құқығы қазіргі заң шығару процесінде қолданылатын қазіргі заманғы теоретикалық-құқықтық және заңшығарушылық технологияларының аясында дами отырып, азаматтық құқықтың кейбір институттарын, нормаларын қолданады, Мысалы, қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу мәселесі. Нарықтық қатынастардың дамуы жағдайында еңбекті қолдану мен пайдалану аясында ұқсас қоғамдық қатынастарды реттеу белгілі заңи қиындықтарға тап болады, себебі, «азаматтық құқық пен еңбек құқығын бөлу процессі қазірігі кезде де аяқталды деп айтуға келмейді» [1]. Мысалы, еңбек туралы Заңның 89 бабына сәйкес жеке еңбек шартының тарабы екінші тарапқа келтірілген зиянды осы заңның ережелеріне сәйкес немесе өзге де заң актілеріне сай сот шешімі негізінде немесе ерікті түрде өтейді.Бұл баптың құрылымы азаматтық құқық нормаларына жүгінуді қарастырады, себебі, еңбек заңнамасында денсаулыққа келтірілген зиянды өтеуге байланысты нақты нормалар жоқ. Бұл жағдай азаматтың өмірі мен денсаулығына шарттық міндеттемелерді және еңбек міндеттемелерін орындау кезінде келтірілген зиянды азаматтық заңнаманың нормаларына сай өтеледі деп айтуға мүмкіндік береді, нақты айтқанда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 47 тарауының нормалары реттейді, бұл тарау «зиян келтіруден туындаған міндеттемелер» деп аталады, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе келтірілген зиян осы тараудың ережелеріне сәйкес өтеледі [2]. Азаматтық құқық нормаларының еңбек қатынастарын реттеуде бұлайша қолданылуы, еңбек құқығының салалық нормалары жоқ болған жағдайда еңбек құқығының саласымен қарастырылған.
Осы тұрғыда азаматтық құқықта белгіленген өкілдік институтын еңбек құқығы саласында қолданылу мүмкіндігін қарастыруға болады. Бұл мәселені біршама қарастырғанымызбен [3], еңбек саласындағы өкілдік етушілердің құқықтық жағдайын белгілеу қажет, өйткені азаматтық құқықтағы немесе азаматтық іс жүргізу саласындағы өкілдіктерден еңбек құқығындағы өкілдіктің айрықша белгілері мен ерекшеліктері бар.
Еңбек туралы заңның 1 бабында жұмыс берушілердің өкілінің түсінігі қарастырылған, оған сәйкес өкіл дегеніміз жұмыс берушінің немесе жұмыс берушілер тобының мүдделерін қорғауға құрылтай құжаттары бойынша өкілеттігі бар заңды не жеке тұлға болып табылады. Осы жерде қызметкердің де өкілінің түсінігі берілген. Қызметкердің өкілі дегеніміз ҚР заңдарына сәйкес құрылған кәсіподақ ұйымдары,олардың бірлестіктері немесе өзге де өкілеттілік берілген тұлғалар мен ұйымдар. Осыған байланысты жұмыс беруші мен қызметкердің атынан жеке және заңды тұлғалар да өкілдік ете алады. Өкілдік субъектілерін анықтауда еңбек құқығы оларға заңды тұлғаларды жатқызу арқылы азаматтық құқықтың ережелерін қолданады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі жобасының «Еңбек қатынастарының субъектілері» деп аталатын 19 бабында бұл қатынастардың субъектілері жұмыс беруші және қызметкер деп көрсетілген. Осы бапта жұмыс беруші мен қызметкердің өкілдері туралы да айтылып, олар да субъектілер қатарына жатқызылған.Жобаның 19 бабына сәйкес заңды және жеке тұлғалар жұмыс берушілер мен қызметкерлердің мүдделерін өздеріне нормативтік құқықтық актілердің, сот шешімінің және де құрылтай құжаттарының немесе сенімхаттың негізінде берілген өкілеттері шегінде қорғайды.
Еңбек қатынастарының субъектілері ретінде тараптардың өкілдері қызметкерге ғана тиесілі құқықтардан басқа тиісінше құқықтар мен міндеттерге ие болулары қажет, себебі қызметкердің өзіне ғана тиесілі құқықтары басқа тұлағаларға берілмейді. (еңбек шартын жасасу, міндеттерін жүзеге асыру және т.б.).
Біздің ойымызша жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілдерінің құқықтық мәртебесі арнайы еңбек құқық қабілеттілікпен байланысты айрықша арнайы сипатта болады.
Әдебиеттер
- .Скобелкин В.Н. Трудовые правоотношения. М., 1999-с.11.
- .Комментарий к Закону Республики Казахстан «о труде в Республике Казахстан». – Алматы; ТОО Баспа, -с.179. 3.Шаменова Ш. Ж. К вопросу о представительстве в трудовом праве.-// Юридическое образование, наука и практика в XXI веке: преемственность и перспективы: Материалы Республиканской научно-практической конференции, посвященной 70-летию КазНУ им.аль-Фараби и 65-летию юридического образования в Казахстане. Алматы, КазНУ им. Аль-Фараби, 24 октября 2003 г. Сост. Е.М. Абайдельдинов.- Алматы: Қазақ университеті, 2004 № - с.365-367.