Әр халық өзінің тарихи даму жолында өзіне тән этнос ерекшеліктерін айқындайтын дәстүр, әдет- ғұрып, әдебиет, мәдениет сияқты құндылықтарын қалыптастырады. Жеме-жемге келгенде аталмыш құндылықтардың бәрінің қайнар көзі-фольклор қалыптастырған, қоғамдық сана болмысында орын тепкен категориялар мен ұғымдар, әрекеттерімізге әсер ететін, құқықтық тәрбиелік сипатқа ие құндылықтар. Ғасырлар бойы этнос санасына қоғамдық тәжірибеде сыннан өту арқылы қоғамдық- саяси, философиялық және құқықтық ой-пікірден нық орын алған фольклор мемлекеттің дамуына, формалары мен рәміздеріне де тікелей ықпал етеді. XX ғасырдың ірі ойшылдарының бірі Карл Ясперес осындай құбылыс туралы мынандай тұжырым жасайды: Жизнь человека как такового в мире определена его связью с воспоминанием о прошлом и с предвосхищением будущего. Он живет не изолированно, а как член семьи в доме как друг в общении индивидов, как соотечественник, принадлежащий некому историческому целому. ОН становится самим собой благодаря традициям, позволяющим ему заглянуть в темные глубины своего происхождения и жить, ощущая ответственность за будущее свое и своих близких; погруженный на долгое время в субстанцию своей историчности, он действительно присутсвует в мире создаваемом им из полученного наследия. Его повседневное существование охвачено духом чувственно присутсвующего целого, мальенкого мира, каким бы он не был скудным». [1, 323 б.]
Адамзат тарихын, философиясын, мемлекет пен құқық мәселелерін зерттеген ойшылдар мен ғалымдардың назарынан ешқашан да фольклор мәселелері түсіп қалмаған. Керісінше, фольклордың бай құндылықтарын, ұлағатты сөздерін саяси-құқықтық, әлеуметтік тәжірибеде өте тиімді пайдаланған. Соның нәтижесінде жазған әдебиет көркемдік жағынан түрленіп, тәжірибеден алынған ұлағатты сөздер мен ғибратты мысалдар кітаптың рухын арттырды. Қоғамдық ғылымдарда фольклордың жетістіктері мен мол идеялары тиімді пайдаланылады. Осы мәселелерге ерекше назар аударған заң ғылымдарының докторы, профессор Н.О.Өсеров мына мағынадағы қарқынды ой-пікір білдіреді: « ... ұзақ дәуірлер бойы келе жатқан қазақ этносы өзіне хас тілінінен, дәстүр-салтынан, әдет ғұрпынан ажыраса немесе әлсіретіп, жоқ етсе, этностың кейпін жоғалтады. Қазақ деген атау тарихтан өшеді. Қазір осындай салдардың кейбірі көрініс беруде. Ол-тілінің, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің әлсіреуі. Егер дер кезінде оларды жинақтап, түзеп алмаса іс насырға шабары айқын. Құдайға шүкір, тәуелсіздігімізді алғалы қазақ тілі - мемлекеттік тіл аталып, орын алған келеңсіздіктер жойылу үстінде. Әрине, жолында этнология, мәдени, және әлеуметтік антропология, археология, тарих, әлеуметтану, тілтану, өнертану, фольклор, философия, құқық, жантану тәрізді ғылым салаларын бірлесе зерттеп, тұжырымдар жасаған абзал.» [2,45 б.] Міне, осыған байланысты қазақ зиялылары фольклордың қоғамдық, философиялық, саяси-құқықтық ой-пікірде алатын орнына ерекше мән берген, шығармашылықтарында кеңінен пайдаланған. Соның нәтижесінде шығарманың мазмұны тартымды, ойды тереңдеткен, мәндік мағынасы көркейе түскен.
М.О.Әуезов өзінің «Қазақтың ауыз әдебиеті» деген тамаша еңбегінде фольклордың маңызы туралы былай деп атап көрсетті: «Қазақтың ауыз әдебиетінің қазынасын жасаушылар және ғасырдан- ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырушылар халық ішінен шыққан талапты ақындар, жыраулар, жыршылар, суырып салма ақындар. Ақындар жырларды, дастанды, этностық шығармаларды шығарған, суырып салып айтқан. Сонымен бірге бұлар ауыз әдебиетінің көптеген ақындық шығармаларын өздерінің жадында сақтап келген, оларды шебер өңдеп, өздерінің ізін ұстағандарға жеткізіп отырған. Шын мәніне келгенде, суырып салып айтатын ақындар, жыршылар жазбасы жоқ өз халқының шежірелері болған. Бұлардың осы творчествалық дәстүрі ежелгі заманнан басталған» [3, 403 б.] Қазақ халқының көрнекті философы, қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Сәбетқазы Ақатай фольклордың бай рухани құндылықтарына ерекше көңіл бөлген. Ол қайтыс болғаннан кейін кейін 2008 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде оның бұрын еш жерде жарияланбаған мақаласы жарық көрді. Мазмұны терең, философиялық методологиясы жоғары деңгейде жазылған еңбекте ғалым фольклор туралы былайша тебірене жазады: «Жазба мәдениетінен кенде халық үшін фольклор зерде тоғысқан философиялық көзқарастық фөлімен қоса «ағарту мекемесі» қызметін атқарғанын айтып жүрміз. Адамзаттың әр буыны шама-шарқына (жасына, зейініне) орай өзінің әлеуметтік және рухани кемелденуіне қажетті үрдістерді фольклордан тауып отырған. Фольклор-көне заманның әліппесі, тіл емлесі болды. Бұл түсінікті де. Ал, ойын тек жеткіншектерге тіл жаттықтырушы құрал емес, әлеуметтік әдебиет, философия және логика пәндерінің ұлағаты болып «ұстаздық етуден жалықпағанын» білеміз бе! Жітілей зерде салсақ, фольклор әр адамның ақыл-ойын, іс-әрекетінде, дүние туралы көзқарасына тікелей ықпал етуші, бір жаңа буынды сөйлеу және ойлау мәдениетіне үйретуші оқу құралы міндетін де мойнына алған екен. Демек, фольклорды дүниені рухани игерудің логикасы, ойлау емлесі десек те болар». [4]
Қазақ фольклорының бай мұраларын, оның көшпелі қазақ қоғамында билік, басқару, құқықтық тәрбие саласында атқаратын рөліне тұңғыш болып Шоқан Уәлиханов назар аударды. Өзінің жазып қалдырған құнды еңбектерінде қазақ ағартушысы фольклордың көшпелі қазақ қоғамында ерекше мәндік сипатқа ие болғанын ерекше атап көрсетеді. Оның пікірінше фольклордағы шешендік өнер - билер институтының, әділсот ісін жүргізудің ең тиімді, ұлт санасына ғасырлар бойы қалыптастырған ел басқарудағы тиімді рухани құрал, сот прецеденті. Шоқан Уәлиханов халық дәстүрінің, салт- санасының, оның фольклорының қоғамдық дамуда өлшеусіз рөль атқаратындығына ерекше көңіл аударады. Ол өзінің жазған еңбектерінде тіпті сот жүйесіндегі фольклор қалыптастырған шешендік өнердің маңызының зор екеніне ерекше тоқталады. «Қазақтарда-деп атап көрсетті Шоқан Уәлиханов,-құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған. Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де танылған. Сөйтіп би атағы сот пен адвокаттық істегі патентке айналды да, бидің балалары заңнан тәлімі болғандықтан, әке орнына мұрагер болып қала береді.» [5, 135 б.]
Шоқан Уәлихановтың мойындауы бойынша би атағын тек фольклорды, оның ішінде мақал- мәтелдерді жетік білген, оның мазмұндарына жетік дәрежеде түсінік бере алатын адам ғана би бола алатынын өз сөздері мен еңбектерінде дәлелдейді. Ойшыл бұл мәселе туралы мынандай қорытынды жасайды: «Всякий порядочный би и султан помешан на пословицах и в разговоре с кайсаком старается пересыкать ими почти всякую фразу. Это рекомендует у них человека умного, дельного и совсем годного быть бием, судьею. Некоторые из поговорок по их языку остры, и кайсак, черезвычайно расположенный в пользу острот вообще, раскалывается со смеху, когда дельный человек отпустит какую-нибудь остроту, приняв на свою физиономию серезный вид без малейшей улыбки для придания большего веса остроумию.» [6, 388 б.]
Шоқан Уәлиханов өзінің белгілі «Абылай» деп аталатын мақаласында халық арасында қалыптасқан фольклордың бірнеше аңыздарын ғылыми негізде пайдаланады. Себебі, халықтың ауыз әдебиетінде сақталып қалған мәлімет, аңыз-әңгімелер бағалы қайнар көз ретінде пайдаланылады. Ал, «Абылайда» көрсетілген фольклорлық мәліметтер кейін ханның саяси-құқықтық көзқарастарын, өмірбаяны мен қолбасшылық қызметін зерттеген ғалымдар Шоқан Уәлихановтың фольклордан алған мәліметтерін архив деректерімен растады. Мысалы: Шоқан Уәлиханов «Абылай» мақаласында былай деп жазды: «В предании киргизов Аблай носит какой-то поэтический ореол; век Аблая у них является веком киргизского рыцарства. Его походы, подвиги его богатырей служат сюжетами эпическим рассказам... Народные песни: «Пыльный поход», сложенная во время набега, в которым был убит храбрый боготырь Баян; «Тряси мешки»-в память зимнего похожа на волжских калмыков, во время которого киргизы голодали 7 дней, пока не взяли добычи,-разыгрываются до сих пор киргизскими музыкантами и напоминают потомкам поколения Аблая прежние славные времена.» [7, 430 б.]
Қазақ ағартушысының қандай да болмасын шығармаларын зерттеп қарасақ, фольклордың кең пайдаланылғанын аңғарамыз. Мысалы: «Абылай туралы жыр» деп аталатын фольклорлық шығармада Абылайдың қазақ мемлекетінің қырғыздармен тату, тең құқылық дәрежеде қарым- қатынаста болу идеясы баяндалып, барлық мәселелерді соғыспай, дипломатиялық жолмен шешу баяндалады. Қырғыздарды басқарған Есенғұл, Садырға елші жібергені нақтылы баяндалады:
Есенғұл мен ер Садыр
Қырғызда даңқы бір шыққан ер еді.
Бар Садырға бара гөр.
Жауласпаймын Садырмен,
Елдесейін Садырмен,
Таластың бойы тар жайлау
Таласа барып жайлайық.
Кеңестің бойы кең жайлау
Кеңес барып жайлайық,
Қазы менен қартаны
Қия кесіп шайнайық. [7, 176-177 б.]
Қырғыздың ел билеген бай-манаптары Абылайдың мұндай дипломатиялық талаптарына дұрыс келісім-пікірін білдірмей, керісінше айбат көрсетеді. Шоқан жазып алған фольклор осы оқиғалар мына мағынада баяндалады:
Абылай деген кәрі құл,
Арағын ішіп есірді....
Боз баламды құл қылды,
Оныменнен тынбады,
Енді маған қарап қылғынды.
Қан қылмай, шешсін киімді.
Бөлек-бөлек етермін,
Боздай жыртып өтермін,
Дулығасын киермін.
Еңсесіне мінермін,
Кеудесіне сиермін,
Елімді шапқан сол құлдың
Сүйегінің үстіне
Мұнара қылып үйермін. [7, 178 б.]
Тарихи зерттеу тұрғысынан байқап, талдау жасап қарасақ, Абылайдың қырғыздарға жасаған жорығының себептері фольклордан көрініс тапқан және көптеген тарихи деректермен де расталады.
Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринның шығармашылығында, саяси-құқықтық көзқарастарында фольклор мәселелері кеңінен қамтылған және олардың негізінде құнды тұжырымдар жасалынғанын аңғарамыз. Ойшыл мысалы, қазақтардың некелік құқықтық қатынастарын зерттей келе, қазақ даласында кең қанат жайған аттастыру, айттыру институттарының қайнар көздерін фольклормен тікелей байланыстырып зерттеп баға береді. Отбасының қалыптасуына ықпал ететін аталмыш институттарға талдау жасап, мынандай қорытынды жасайды: «Даңқты қазақтар өзінің баласына басқа бір рудан, тайпадан барып, өзіндей даңқты адамдардың қыздарын айттыруға тырысады, қазір де солай. Қазақ арасындағы аңызға қарағанда, қыз айттырудың мұндай тәртібі Есім деген ханның бұйрығы бойынша орнаған көрінеді. Қазақ қарттары мұндай тәртіпте алысты болжағандық бар екенін, өйткені қазақ арасы тыныш болмаған кездерде оның халыққа пайда келтіргенін айтады. Шынында да, қазақтарға кейбір билердің ықпалының өте күштілігіне қарағанда ( би деген атақ қазір де бар), жауласып отырған рулардың басты адамдарының бір-бірімен құда болуы жеке рулардың өзара татуласуына себеп болды деуге болады. Қазақ арасында қазір берік орын теуіп отырған әдет, атап айтқанда, өзінің сегіз атадан жақын туысқандарының қызына үйленбеу әдеті, мүмкін осы себептен енгізілген болар. Бұл арада бір айта кететін нәрсе, Мұхамбеттің заң тіпті жақын қарындастарына да үйленуге рұқсат етеді. Бұл қазақтан басқа мұсылмандардың бәрінде бар» [8,247 б.]
Ыбырай Алтынсаринның қазақ фольклорын өзінің шығармаларында молынан пайдалануының бірнеше себептері бар. Біріншіден, фольклордағы саяси-құқықтық идеяларды билік жүргізу мен басқару ісінде тиімді пайдалану арқылы аппарат қызметкерлерін қарапайым болуға шақыру, бюрократиялық, өр көкірек, менмендік сияқты қасиеттерді тыю, әкімдердің халыққа жақын болуын, есеп беруін жақтауы. Мұндай көрініс оның «Әдеп» деп аталатын фольклорлық шығармасында былайша баяндалады: «Бір жұрттың бас әкімі екінші бір байға жолығысып, сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы мұжық өтіп бара жатып иіліп, бас ұрып сәлем берді дейді. Оған қарсы әлгі үлкен әкім төре одан да төменірек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай:
- тақсыр, осынша жұрттың үстінен қараған әкімсіз, осы бір мұжыққа неге сонша бас ұрасыз?- деп айтты дейді.
Сонда әкім:
- Ешбір ілім-білім үйренбеген мұжық сонша иіліп, әдептілік көрсеткенде мен одан әдепсіз болып қалайын ба?-деді дейді» [8, 104 б.].
Қысқа, нұсқа, бірақ философиялық, құқықтық және тәрбиелік мәні зор фольклорды пайдалану арқылы Ыбырай Алтынсарин мемлекет басқаратын, билік жүргізуге құзыры бар лауазымды тұлғалардың халыққа жақын, қарапайым болып, халық мүддесіне қызмет етуге шақырады, демократия идеясын насихаттайды. Фольклордағы қайырымдылық, жанашырлық және қамқорлық идеялары Ыбырай Алтынсаринның саяси-құқықтық көзқарастарынан өзінің шешімін тапқан. Мысалы: қазақ ағартушысының «Әділдік» деп аталатын қысқа әңгімесінде аталмыш мәселелер қарапайым әдеби тілмен өте тамаша баяндалған. Мемлекет басшысының, лауазымды тұлғалардың әділеттілік қағида негізінде билік жүргізу идеясы әңгіменің негізгі өзегі. Фольклордың қарапайым мағынадағы саяси-құқықтық идеялары үлкен ауқымы кең, мемлекеттік маңызы бар мәселелерге ұласады. Ұлы ағартушының көрегенділігі де осында. Қорыта айтатын болсақ, Ыбырай Алтынсарин «ағартушы гуманист, адамгершілік, озық педагогтік идеяларына халық шығармаларынан терең үндестік табады. Қоғамның білімді, әдепті, еңбекқор жаңа да жақсы адамын тәрбиелеу міндеті халықтың алыс дәуіріндегі адам туралы аңсаған арманымен, адамға деген үміт-тілегімен іштей байланыстылығын аңғарады. Толық мағынасындағы жақсы адамды тәрбиелеу ісіне ағартушы оқу ағарту мүддесі тұрғысынан қараса да, негізгі мәселелерде халықтың замандар бойына сыннан өткен тағылым-тәжірибелерінен жырақ кетпейді. Мұның өзі Ы.Алтынсаринның, түптеп келгенде, халықтық арман, халықтық мұратқа қызмет ету аңсарымен орайлас нәрсе. Бұл да ағартушының ауыз әдебиетіне деген көзқарасынан айқын көрінуі заңды құбылыс.» [9, 158 б.] Қазақстанның қоғамдық-саяси және құқықтық ой-пікірінің аса көрнекті ойшылы, хәкім Абайдың шығармашылығында фольклор кеңінен пайдаланылған. Абай өзінің жазған еңбектерінде фольклорлық материалдарды дерек, дәлел ретінде пайдалана отырып, тұжырымды және құнды пікірлер білдіреді. Ондай қасиет ойшылдың қазақ фольклорын жас кезінен жетік меңгергенін айқындайды. М.Әуезов бұл мәселе туралы мынандай пікір білдіреді: «Жиырма жасында Абай халық ортасында майдай басы шешен болады. Халық жайынан бұрынғы әдетті, ғұрыпты, ескі білікті билердің қиын іс туралы қылатұғын биліктерін көп білген. Өзінің зейіні артық болған соң, кәрі мақалдарды, неше түрлі қазақтың білімділері мысал үшін айтқан әңгімелерді бірін ұмытпай біліп алған» [10, 32 б.]
Хәкім Абай Құнанбаев «Үшінші сөзде» қазақтың әдеттік құқық жүйесін талдап, баға бергенде, фольклордағы мақал-мәтелдерді өте тиімді пайдаланудың нәтижесінде ғылыми маңызы осы күнге дейін зор, құнды тұжырымдар жасайды. Абай былай деп жазды: «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басында күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек»... «Би екеу болса, дау төртеу болады»... Оның мәнісі-тақ болмаса, жұп билер таласын, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Үйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды- білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендіктен түссе, әйтпесе түспесе» [11, 150 б.]. Бұл жерде Абай халықтың ұлағатты мақалын пайдалана отырып, билердің әділеттілік қағидасын арттыруды уағыздайды. Ұлы ойшылдың «Бесінші сөзінде» фольклордың бірнеше мақал-мәтелдеріне сын көзбен қарап, олардың ұлтты прогреске емес, керісінше енжарлыққа байлайтынын ашып көрсетеді, индивидуализмге қарсылық білдіреді, қоғамдық мүддені жоғары қою идеясын насихаттайды. Абай былай деп жазды: «... Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Малдың беті-жарық, малсыздың беті-шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», ... «Байдан үмітсіз –құдайдан үмітсіз», «қарның ашса, қаралы үйге шап», ... деген осындай сөздері есепсіз толып жатыр. Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тілеушілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.» [11, 152-153 б.] Абайдың зерттеу, ізденіс методологиясы фольклордың бай құндылықтарына негізделіп жазылғанын айта кеткен жөн. Мысалы, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп аталатын еңбегінде Абай фольклорлық материалдардың негізінде қазақ этносының шығуына баға береді, дәлелді мағынада 10 мақал пайдаланады. Ел ауызында сақталып қалған фольклорлық деректерге сүйене отырып, Абай мынандай тұжырым жасайды: «... Шыңғыс тауында. әскері Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі моңғолдың өз заңы бойынша «хан» деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Таудың Шыңғыс аталып, биігі хан аталмақ себебі де сол болса керек. Сол он екі кісінің бірі қазақтың Майқы би деген кісісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы-Майқы би» деген мақал болған. Майқы сол кісі екен». [11, 232 б] Фольклорға негізделіп жазылған Абайдың бұл еңбегіндегі Майқы би шын мәнінде тарихта болған адам, өзінің көргендігімен, данышпандық қасиеттерімен және би-шешендік өнерімен ел билеу ісіне өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Абайдың фольклор негізінде ол туралы жазған мәліметтері М.Тынышбаевтың, Шәкәрімнің, рашид-ад Диннің, «Жыми ат-Тауарих» сияқты еңбектерімен расталады. Мысалы, Алаштың ірі қайраткері, қазақ тарихы туралы құнды еңбектер қалдырған.
Шәкәрім Құдайбердиев өз еңбектерінде былай деп жазады: «Біздің қазақтың ескі сөзінше: бұл Шыңғыс тауының Шыңғыс аталғаны баяғыда Шыңғыс хан тамам мағол-татарды алып үлкен хан болғанда, осы Шыңғыс тауында қол астындағы елдердің тап басы бектері келіп, мына Қарауыл өзенінің күншығыс жағындағы хан биігінің басына ақ киізге салып хан көтеріп, Шыңғысты алып шыққан, сонда ұлы жүз қазағынан үйсін, Майқы би барған екен,- «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би» деп мақал болған кісі... Ұлы жүз Майқы биге таңбаң сүргі, яғни малатемір болсын, құсың бүркіт болсын, ағашың қара ағаш болсын, ұраның салауат болсын депті». [12.31 б.] Абайдың фольклорлық деректерін өзінің зерттеулерінде Шоқан Уәлиханов та растап, былай деп жазды:
«Киргизы Большой орды производит себя от древнего монгольского народа уйсунов, родоначальников своим считают Майки бия, современника Чингис-хана». [13, 273 бет]. Байқап қарасақ, «Абай фольклорға ақын есебінде ғана емес, сондай-ақ, ойшыл зерттеуші ретінде де барған. Өзінің көркем поэзиясында ол негізінен фольклорлық сюжет пен поэтиканы пайдаланса, қара сөзінде фольклорды тарихи-қоғамдық тұрғыдан қарастырып талдайды. Оның кейбір қазақ мақалдары мен мәтелдерін талдау принципі, зерттеу аспектісі ақынның өлеңдерінде көтерген проблемаларымен үндесіп жатады: қалайда адамды түзеу, сол арқылы қоғамды жөндеу. Ал, мұның өзі бір жағынан, халық утопиясына апарса, екінші жағынан, ислам дінінің иманды адам, жақсы қоғам туралы, хақ жолы жөніндегі түсінікпен де байланысып отырады». [14, 63 б.] Саяси-құқықтық ой-пікірдің тарихи дамуына баға беретін болсақ, қайсыбір ойшыл, қайраткер фольклордың бай түрлерін өздерінің еңбектерінде кеңінен пайдаланған. Аристотель, Сократ, Платон, Фома Аквинский, И.Кант, А.Шопенгауер, В.Гегель сияқты саяси-құқықтық ой-пікірінің ірі ойшылдары фольклордың бай рухани қазыналарын, рухани құндылықтарынан туындаған идеяларға ерекше мән берген. Бұдан туындайтын қорытынды: фольклор мемлекеттік – құқықтық қатынастардың, дипломатияның, дау- дамайды шешудің берік құралы болып табылады. Сондықтан қазақ зиялылары оның мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады.
XX ғасырдың бас кезеңінде қалыптасып, саяси аренаға шыққан қазақ зиялылары да фольклорды еңбектерінде кеңінен пайдаланған. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Райымжан Мәрсеков, Отыншы Әлжанов, Көлбай Тоғысов және т.б. шоқтығы биік алаштың арыстары фольклорды халық үні, оның әлеуметтік, саяси - құқықтық қатынастарынан туындаған бай рухани қазына, сарқылмас қайнар көз ретінде бағалады. Ахмет Байтұрсынов осы мәселелерге ерекше назар аударып, жазбаша тарихы жоқ қазақ халқының фольклорына қарап ,«ертеде болған аталарымыздың өткен тіршіліктерін жорамалдауға болады,» [15, 233 б.] деп ерекше атап кеткен. Қазақ зиялыларының сапынан фольклорға ерекше мән берген қайраткер Халел Досмұхамедов болды.
Әдебиеттер
- Карл Ясперс. Смысл и назначения истории. М., из-во «Республика», 1994,-527 бет. (Мыслители XX вв)
- Н.Өсерұлы. Этностардың пайда болуы және жойылуы жайлы бірер сөз // Вестник Центрально-Азиатского университета, №1, 2003, 44-46 беттер). Алматы.
- М.Әуезов 20 томдық шығармалар жинағы. 19 т, Алматы, «Жазушы»,
- Сәбетқазы Ақатай. Рухани әлемнің кәусәр бұлағы.// Қазақ әдебиеті, 7.11.2008 ж. 5 Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы, Алматы, «Жазушы», 1985,-556 бет.
- Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. т.4., Алма-Ата, Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1985, -462 бет.
- Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. т.1., Алма-Ата, Издательство АК Каз ССР, 1961,-777 бет. 8 И.Алтынсарин. Таңдамалы шығармалар. Қазақ ССР ҒА-ның баспасы. Алматы, 1955, 414 бет.
- Қазақ фольклористикасының тарихы. Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, Алматы, 1988,-432 бет.
- М.Әуезов. Әр жылдар ойлары. Алматы, 1959, ... бет.
- Абай Құнанбаев. Шығармалар. Екі томдық, 11 том, «Жазушы», Алматы, 1968,-251 бет.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы . Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы, «Сана» баспасы, 1991,-80 бет.
- Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. т.1., Главная редакция Казахской советской энциклопедии. Алма-Ата, 1984, -432 бет.
- С.Қасқабасов. Абай және фольклор. Алматы, «Білім», 1995, -64 бет.
- Ахмет Байтұрсынов. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», -320 бет.