Экономикалық қызмет саласындағы мемлекет мүдделерін қамтамасыз етуде кеден қызметі аса маңызды рольге ие, ол аталған саладағы негізгі құқық қорғаушы институттардың бірі болып табылады. Сыртқы сауда айналымын, жалпы алғанда, сыртқы экономикалық қызметті реттеуге қатыса отырып және фискальды қызмет атқара отырып, кеден қызметі мемлекеттік бюджетті толтыруға, ол арқылы экономикалық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Ал, кеден ісі аясында орын алатын қылмыс құрамдары сыртқы экономикалық қызмет саласындағы қылмыстардың бір тобын құрай отырып, кеден органдарының қалыпты қызмет етуіне қарсы бағытталады.
Кедендік қылмыстардың қылмыстық заңға енгізіліп, оларды жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтың бекітілуін келесі факторлармен байланыстырамыз:
- кеден ісі саласының дербес құқық саласы ретінде қалыптасуы;
- аталған қызмет саласындағы құқық бұзушылықтардың кеңінен таралуы және олардың өсу тенденциясының байқалуы;
- аталған қылмыс құрамдары келтіретін зардаптардың аса үлкен мөлшерде болатындығы;
- кеден ісі саласын, басқа да құқық салаларының жеткілікті дәрежеде қорғай алмауы, аталған саланы қылмыстық-құқықтық қорғаудың тиімділігі.
Қылмыстық құқықтың кеден ісі саласын қорғау функциясы қылмыстық-құқықтық тыйымдардың белгіленуі және аталған саладағы қылмыстық құқықпен қорғалатын қоғамдық қатынастарға қол сұғылмаушылықтың белгіленуі арқылы көрініс табады.
Біздің пікірімізше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі кеден ісі саласында орын алатын келесі қылмыс құрамдары үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейді:
- экономикалық контрабанда ( 209-бап);
- шетел валютасындағы қаражатты шетелден қайтармау (213-бап);
- кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтару ( 214-бап);
- айналысы шектелген және айналыстан алынған заттардың контрабандасы ( 250-бап).
ҚР Жоғарғы Соты Пленумының «Контрабанда үшін қылмыстық жауапкершілік туралы заңдарды қолдану практикасы туралы» қаулысының 5-тармағына сәйкес, контрабанда жасаудың жоғарыдағы бірінші тәсілінде – контрабанда заттарын кеден бекеттерін, өткізу пункттерін және кедендік рәсімдеу жүргізу үшін ҚР заңдарымен және кеден органдарымен белгіленген басқа органдарды айналып өтіп немесе рәсімдеу жүргізілетін уақыттан басқа кезде жібереді немесе алып өтеді. ҚР Президентінің «ҚР кеден ісі туралы» заң күші бар Жарлығының 25- бабына сәйкес, ҚР кеден органдары белгіленген жерлерден және олардың ҚР заңдарына сәйкес жұмыс істеу уақытында ғана тауарлар мен көлік құралдарының ҚР кедендік шекарасын кесіп өтуіне жол беріледі. Басқа жерлерден және ҚР кеден органының жұмысынан тыс уақытта тауарлар мен көлік құралдары ҚР кедендік шекарасын тек ҚР кеден органдарының рұқсатымен ғана кесіп өте алады. Контрабанда жасаудың екінші тәсілі – тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды жасыру,оларды құпия жерге тығу немесе табуды қиындататын басқа әдістер қолдану немесе затқа басқа заттың түрін беру. Заттарды кеден бақылауынан жасырып қалу үшін қолданылатын айланың түрі көп. Заттарды, мысалы, киімге, аяқ киімге, бас киімге, қобдиша түбіне, таяқ, шатыр саптарына, тағам ішіне тығады.
Контрабанданың үшінші тәсілінде кеден органдарында, сондай–ақ шекара бақылауын жүзеге асыратын адамдарға жарамсыз, заңсыз жолмен алынған, жалған, сондай–ақ жалған мәліметтер кірген құжаттар ұсынады, жасанды мөрлер, мөртабандар, пломбалар, кедендік ұқсастырудың басқа да сондай құралдарын пайдаланады немесе басқа объектілерге жататын шын ұқсастыру құралдарын ұсынады. Бұл тәсіл контрабанданың ең көп таралған және қауіпті түрлерінің бірі, себебі құжаттарды алдамшы жолмен қолдану арқылы шетелге әртүрлі құнды шикізат пен материалдары, қуат көзін (мұнай, бензин, мазут), т.б.көптеген алып өту мүмкіндік туады. Мұндай ірі масштабты операцияларды мемлекет ондаған, жүздеген мың доллар зиян шегеді. Контрабанданы осы тәсілмен жасағанда айыптының әрекетін құжаттарды бұрмалағандығы немесе қолдан жасағандығы үшін қосымша саралаудың қажеттілігі жоқ, себебі бұл әрекеттер контрабанда жасаудың осы тәсілінің міндетті нышандары болып табылады. Контрабанда жасаудың төртінші және бесінші тәсілдерінде алып өтуге тыйым салынған немесе шек қойылған не айналымнан алынған немесе басқа құндылықтар мен заттарға қатысты, заңда белгіленген ережелерге сай кедендік декларация беру міндетін орындамайды немесе дұрыс орындамайды. Контрабанда жасағанда затты кеден шекарасы арқылы алып өтеді. Жарлықтың 3-бабының 4- бөлігінде сәйкес республиканың кедендік аумағының іші, сондай–ақ еркін кедендік зоналар мен еркін қоймалардың периметрі кедендік шекара болып табылады. Айыптының осы әрекеті бап бойынша саралау үшін тауарлар немесе басқа заттар ірі мөлшерде өтуі тиіс. Осы бапқа берілген ескертуге сәйкес, егер тауарлардың құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асса, контрабанда ірі мөлшерде жасалынған деп табылады. Қылмыстық субъективтік жағы – тікелей ниет түріндегі кінә. Айыпты адам тиісті тауарларды немесе басқа заттарды кедендік шекара арқылы ірі мөлшерде өткізіп отырғанын түйсінеді, осы іс - әрекетті жасағанды қалайды.
Тауарлар мен басқа затты алып өтудің балама тәсілдерінің кемінде біреуін адам ойластыру қажет. Бұл бапты қалыптастырғанда жаза тағайындау кезінде ескерілу мүмкін себеп пен мақсат қалып қойған. Контрабанда жасаудағы мақсат, әдетте пайда табу, ол жазаны жекелеу принципін жүзеге асыру кезінде сот практикасында ескеріледі. Қылмыс субъектісі – жасы 16-ға толған, есі дұрыс адам. Осы баптың 2-бөлігіне сәйкес контрабанданың сараланған нышандарына контрабанданы бірнеше рет жасау, өз қызмет бабын пайдаланып лауазымды адамның жасауы, кеден бақылауын жүргізуге күш қолдану жатады.
Контрабанда бірнеше рет жасалынады деп саналады, егер ол екі немесе одан да көбірек жасалынса. Бұл жағдайда контрабанда үшін бүрынғы соттылығының алынбағаны немесе жойылмағаны, не бұрын жасаған контрабандасы үшін адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылғаны анықталуға тиіс. Өз қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған лауазымды адамға қызметтік борышы бойынша кеден немесе шекара бақылауын, ҚР мемлекеттік немесе кедендік шекарасы арқылы өтетін тауарларды немесе басқа құндылықтар мен заттарды қарауды жүзеге асыратын және шекараны кесіп өтуге рұқсат беретін адам жатады. Өз қызмет бабын пайдаланып осындай адамдар жасаған контрабанда лауазымдық қылмыстар заңның баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді. Қызымет бабын пайдаланып контрабанда жасаған өзге лауазымды адамдар жалпы негізде жауапқа тартылады, яғни лауазымдық қылмыстық туралы қылмыстық заң нормаларын қолдану көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша және осы саралаушы нысанға сілтейміз, ҚК-тің контрабанда туралы бабының тиісті бөлігімен жауапқа тартылады (ҚР Жоғарғы Сот Пленумының Қаулысының 9-тармағы). Контрабанданы кеден бақылауын жүргізуші адамға күш қолдану арқылы жасау дегеніміз – күш қолдану немесе психикалық қысым жасау. Күш қолдануға ұрып – соғу, денсаулығына әр дәрежеде (жеңіл, орташа немесе ауыр) залал келтіру т.б. жатады.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық құқық кодексі 2005ж.
- Уголовное право Росси Кудрявцева В.Н, Наумова А.В.
- И.Н.Голованов, В.Е.Перекислов, В.А.Фадеев. Теневая экономика и легализация преступных доходов., СПб:2003.
- Ю.Гармаев. Преступления в сфере ВЭД как объект уголовного права и криминалистики./ Уголовное право. № 2002.
- С.Душкин, С.Русов., Уголовное законодательство стран дальнего зарубежья о преступлениях в сфере таможенного дела./ Уголовное право. №2. 2002.