Алдымен сараптаманың не екеніне тоқталайық. Ол – мәселенің дұрыс шешілуі сол немесе басқа саладағы (медициналық сараптама, криминалистикалық сараптама, экологиялық, патенттік, бухгалтерлік, өнертанушылық, сот сараптамасы, салық сараптамасы және т.б.) кәсіптік зерттеулер мен арнайы білімдерді талап ететін мәселелерді, мамандар (сарапшылар) немесе мамандар тобының зерттеуі [1]. «Сараптама» деген сөз латынның «ехреrtus» сөзімен байланысты, бұл «тәжірибелі»,«хабардар» дегенді білдіреді [2]. Кез-келген адвокат кәмелетке толмағандардың құқығы мен мүдделерін қорғауда заңмен белгіленген бірқатар ерекшеліктерді пайдаланады. Бұл ерекшеліктер еліміздің қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көрсетілгенін ескеру керек. Адамның кәмелетке толмаған кезеңдегі дамуының ерекшелігін еліміздің және шетел психологтары мен заңгерлері мойындағаны белгілі.
Біздің ойымызша, ҚР ҚІЖК-нің 52-тарауындағы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық іс пен тергеу ерекшеліктері қылмыстық органдар қызметкерлері тарапынан дұрыс талданбай, қылмыстық сот төрелігіне зиян келтіріп, кәмелетке толмаған шақтағы қылмыстың қайталануына әкеліп соқтырады. Сот-тергеу практикасы көрсеткендей, сот және тергеу органдарының қызметкерлері кәмелетке толмағандарды психологиялық сараптамадан өткізу мәселесін тағайындауды заң бойынша өз міндеттеріне жатқызбай, тек өздерінің еркіне байланысты шешім қабылдау деп қарап, көбінесе психологтардың жұмысына араласу арқылы өкілеттіктерін асырады.
Соңғы кездері құқық қорғау органдарының жұмыс практикасына психологиялық сараптама еніп, қылмыстық іс жүргізу заңнамасы алдындағы мәселелерді шешудің мәні өсуде. Адвокаттың жұмысы шынайы шындықты орнықтырумен тығыз байланысты болғандықтан, осы сараптаманың негізгі бағыттарын күнделікті өмірде пайдалану мен оның алдында тұрған мәселелерді білу қажет.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы №195 «Адвокаттық қызмет туралы» заңында «адвокат көмек сұрап келген адамға ол мұқтаж болған кез-келген заң көмегiн көрсетуге құқылы» делінген. Сараптама мына жайттарды анықтау үшін міндетті түрде жасалады: өлімнің себебін, денсаулыққа келтірген зиянның түрі мен ауырлық дәрежесін, іске қажет жағдайда немесе жас жайында құжаттар болмаған жағдайда немесе ол құжаттардың ақиқаттығы күмән тудырған кезде күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің жасын анықтауға, күдікті немесе айыпталушының психикалық және физикалық жағдайы, есінің дұрыстығы жайлы, оның өз құқығы мен заңды мүддесін қорғауға мұршасы туралы дүдамалдық туса, өлім жазасына кесілген жағдайда айыпталушының қылмыс жасаған кездегі психикалық күйін білуге, жәбірленуші мен куәнің іске қатысты жауап беру кезіндегі жағдайды дұрыс қабылдауына күмән келген жағдайдағы олардың психикалық немесе физикалық күйін анықтауға, дәлелдердің нық болмаған басқа жағдайларда жасалады. «Сараптаманың мақсаты жаңа дәлелдеме алу – сарапшы қорытындысын, қылмыстық істің жаңа мән-жайын анықтау болып табылады» [3]. Қылмыстық іс жүргізу заңы сараптаманың келесі түрлерін міндетті түрде тағайындауды қарастырады, олар - сот-медициналық, сот-психиатриялық, сот-психологиялық сараптамалар. Сот-психологиялық сараптама міндетті түрде жүргізілетін сараптама ретінде тек қана
«сот өндірісінде өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алмайтын» және «қылмыстық іске қатысты жауап беруде жағдайды дұрыс қабылдай алмайтын жәбірленушілерге» қолданылатындықтан, сот-тергеу қызметкерлері бұл сараптаманы кәмелетке толмағандарға қатысты қолдануға рұқсат бермейді. Дегенмен заңды құрама бөліктерін бір-бірінен айырмай жүйелік байланыста жіктеген жөн. Қылмыстық өндірісте кәмелетке толмағандар ісінде қорғаушының міндетті түрде қатысуын дұрыс деп таныған заңнама (ҚР ҚІЖК 71-бабы) бойынша кәмелетке толмаған күдікті, айыпталушы немесе жәбірленуші қылмыстық істе өзін-өзі қорғай алмайтындықтан ҚР ҚІЖК 241-бабы негізінде оларға міндетті түрде сот-психологиялық сараптама тағайындаудың қажеттігін айқындайды. Бұл жайттарды іске асырғанда кәмелетке толмағандармен көп мәселелердің шешуін жеңілдетеді.
«...Бүкіл кәмелетке толмағандар бойынша құқық қорғау практикасы жасөспірімдердің құқықтық талапты қабылдауына және олардың тәртібін анықтау үрдісіне пайдалануына әсер етуі тиіс»[4].
Сот-психологиялық сараптама тек қана психикалық денсаулығының күйі күмән тудырмайтын жағдайда ғана тағайындалатындығын адвокат білуі керек және осыны айыруы қажет. Егер де осындай күмән туса, онда сот-психологиялық сараптаманың жасалуы міндетті. Бұл ой дамуының қалысы олигофрениямен байланысты болған жағдайда, психофизикалық инфантилизм, орталық нерв жүйесінің органикалық өзгерістері, психопатия, астеникалық синдром және басқа психикалық ауытқулар болған жағдайда жасалады. Кейде комплексті сот-психологиялық сараптаманың жасалуы міндетті. Психиатрия «нервті-психологиялық сферадағы ауытқуларды зерттейді және олардың алдын алу немесе емдеу жолдарын іздейді», «тууы мен дамуы іштен туған немесе кейін пайда болған психиканың ауытқуларымен байланысты» патологиялық күйлерді зерттейді. Ал психология психикалық іс-әрекеттердің қалыпта болу заңдылықтарын зерттейді. Сот-психологиялық сараптама психиканың патологиялық емес жағдайларын зерттеуге бағытталады, сондықтан да психикалық жағынан дені сау адамдарға арналған. Сот-психологиялық сараптама жүргізу мәселесін адвокаттар қорғанушының психикалық саулығы сот-психикалық сараптама жағынан дәлелденген жағдайда ғана көтергені жөн. Егер де қорғанушының психикалық саулығы күмән тудырса, мәселе сот-психикалық сараптама тағайындау немесе кешенді психологиялық-психикалық сараптама жүргізуге тірелуі тиіс.
Кешенді психологиялық-психикалық сараптама дегеніміз психология мен психиатрия шекарасындағы мәселені қозғайтын зерттеу жұмысы. Психология мен психиатрияда қалыптасқан арнайы әдістерді пайдалану мен психологиялық және психиатриялық зерттеулер нәтижелерінің бірігуі бұл сараптаманың ерекшелігі болып табылады. Сарапшы-психологтардың қорытындыларымен танысуда психологиялық сараптаманы өткізетін сарапшының қаншалықты білгір маман екеніне адвокаттың назар аударғаны жөн. Осындай сараптаманы жүргізуге психологиялық білімі бар маман тартылуы керектігін білу қажет. Әдебиеттерде сот-психологиялық сараптама төңірегінде көбінесе жалпы сот-психология облысына жатпайтын арнайы мәселелерді шешуге тура келгендіктен, сараптамаға құқықтық пихология облысындағы маманды қатыстыру керектігі жөнінде дұрыс ойлар айтылған. Әдетте сот-психологиялық сараптама сырттай жүргізілгенімен, қажет жағдайларда тұрақты түрде жүргізілуі де мүмкін. Кез-келген сараптама сияқты сот-психологиялық сараптама да бір маманмен немесе комиссиямен жүргізіледі.Психологиялық сараптаманың нәтижелері жазбаша түрде талдануы тиіс (қорытынды, сараптама актісі) және де кіріспе, зерттеу бөлімі, қорытынды сияқты үш бөліктен тұруы керек. Е.В.Полкунова айтқандай «психологилық-психиатриялық сараптаманың кешенді сот-психологиялық сараптамадан айырмашылығы оның педагогикалық тәрбие көрмеген кәмелетке толмағандарға арнап емес, жан дүниесінің ауруына байланысты ой дамуы қалып қойған, миына зақым келген және т.б. кәмелетке толмағандарға арнап жасалуында»[5]. Егер кәмелетке толмаған қылмыс жасаған уақытта өз іс-әрекетін бақылай алмаса немесе толығынан түсінбесе, онда қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қоса, балалар мен жасөспірімдердің сот алдында дұрыс жауап айтуы бұл жауаптар айыптаушының негізін қалаған жағдайда сот-психологиялық сараптаманың объектісі болады.
Практикада және әдебиеттерде кәмелетке толмағандардың аса ауыр қылмысқа қатысты берген жауаптарына сүйеніп құрылған айыптауларында психологтар тексеруі нәтижесінде жауаптар ойдан шығарылғаны жөнінде талай мысалдар белгілі. Мұндай жауаптар сот және тергеу органдары тарапынан сындарлы түрде бағалануы керек. Сот немесе тергеу органдарын қызықтыратын барлық жағдайларда кәмелетке толмаған адамның жауабының дұрыстығына тіпті аздаған күдік туған кезде сот-психологиялық сараптаманың қорытындысы қажет. Сондықтан сот-психологиялық сараптаманы тек қана жәбірленушінің психикалық күйін анықтау үшін тағайындап қана қоймай, кәмелетке толмаған немесе жас куәнің берген жауаптарына, олардың болған жағдайды дұрыс бағалауы мен қайта қарастыруына күмән туған кезде де тағайындаған жөн. Кәмелетке толмағандар қатысуымен болатын қылмыстық істерде сот-психологиялық сараптама кәмелетке толмаған жәбірленушінің жыныстық озбырлық жасау жайлы істе оның зорлау сипатын түсінуі мен қарсылық көрсетуін анықтау үшін тағайындалады. Мұндай сараптама жүргізудің себебі жәбірленушінің «кіші жаста (14 жасқа дейін) немесе кәмелетке толмаған жаста (14-18 жас) болуы, оның өзін-өзі бұрыс немесе ізденіп ұстауы, берген жауаптарының ретсіз және қарама-қайшы болуы, кінәлі тарапынан нақты қатер немесе зорлық тумаған жағдайда бәсең күйде болуы» болады [6].
Кәмелетке толмағандарға қатысты істі жүргізетін адвокат керекті сараптамаларды жүргізуі үшін жаңа сот сараптамаларының мүмкіндіктерін жақсы білуі керек. Адвокат бұл облыстағы ең жаңа ғылыми жетістіктерді, мемлекеттік сараптамалық мекемелерінің жүйесін білуі керек, сауатты және дәлелді түрде керекті сараптаманы жүргізу үшін мемлекет жүйесіне кірмейтін ғылыми-зерттеу институттарының жетістіктерін білуі қажет. Бұл туралы арнайы білім адвокатқа сараптамашының жасаған қорытындысын жақсы түсініп, оны өз жұмысында барынша тиімді пайдалануы үшін қажет. Сонда ғана ол өзінің тағдырын сеніп тапсырған жасөспірімге барынша көмек көрсете алады және өзінің кәсіби деңгейін жоғары ұстайды.
Әдебиеттер
- Насырова М.Р., Гуляева С.П. Юридический русско-казахский толковый словарь-справочник. -Алматы: Жеті жарғы,-С. 711.
- Бычкова С.Ф, Бычкова Е.С., Қалимова А.С. Сот экспертологиясы. -Алматы: Жеті жарғы, 2006. -С.
- Нұрмашев Ү. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу құқығы:Оқу құралы. -Алматы: Жеті жарғы, -С.90
- Жетписбаев Б.А. Ювенальная юстиция: Учебник. -Алматы: Данекер, 2001. -С.
- Полкунова Е.В. Уголовно-процессуальное значение судебно-психологической экспертизы несовершеннолетнего обвиняемого // Современное состояние и перспективы развития новых направлений судебных экспертиз в России и за рубежом: Материалы международной научно-практической конференции. – Калининград, – С. 82.
- Лисовцева В.М. Судебно-психологическая экспертиза потерпевшего: Учеб. пособие. – Саратов: Изд-во Сарат. ун-та,– С. 28.