Адамзат тарихының ежелгі кезеңінде еркін сауда аймағы, кеден одағы не ортақ нарық сияқты интеграциялық бірігу нысандары «таза» түрінде кездескен емес. Әрине, әртүрлі уақыттарда әртүрлі өңірлерде орын алған үлкен империялар өздерінің көршілес елдерімен қарым-қатынастар құрған кезде аталған нысандардың кейбір элементтері кездескендей болады, бірақ олар басқа себептерге байланысты, басқа мақсаттарды көздейтін және интеграцияға тікелей қатысы болмаған іс-қимылдар екендігі түсінікті. Мәселен, бірқатар ұлы империялар шапқыншылық арқылы басып алған елдерінің аумақтарын сауда-экономикалық тұрғысынан біріктіріп, олардың барлығынан салық жинап отырғандығы белгілі. Мұндай аумақтарда халықаралық сауданың дамығаны да тарихи шындық, бірақ, әрине, бұл шараларды қазіргі интеграциялық процестермен салыстыруға болмайтыны түсінікті, өйткені сырттан жасалған біріктіру шаралары жауыз әрекеті ретінде қабылданып, халық пен жергілікті билеушілер тарапынан қолдау таппағандығы да шындық. Түбінде күшпен біріктірілген аумақтар ыдырап, бұрынғы жағдайларына қайтып келіп отырған. Демек, мемлекеттерді күшпен біріктіру алысқа апармайды.
Экономикалық себептерге байланысты әртүрлі аумақтардың бірігуіне келсек, ол көбінесе еуропалық елдер тарихында кездеседі және кеден одағына ұқсас нысанда жүзеге асырылған.
Тарихи фактілерге сүйенсек, әртүрлі кедендік сипаттағы шаралар орта ғасырларда, әсіресе Еуропадағы феодалдар мен қалалар арасындағы қарым-қатынастарда көбірек қабылданатынын байқауға болады [1]. Әрине, біз бұл жерде кеден баждары туралы айтып отырған жоқпыз, өйткені олардың пайда болуы ежелгі заман тарихына барып тіреледі. Алғашқы кедендік одақтар Батыс Еуропа тарихында XVIII ғасырда пайда бола бастады, бірақ олардың алдында да кеден одақтарына ұқсас құрылымдардың болғанын атап кетейік. Мәселен, орта ғасырлық Еуропада аумағына кіретін саудагерлерге салынатын салықтың жиналуын жеңілдету мақсатында феодалдар бір-бірімен одақ құру жағдайлары жиі кездесіп тұрған және мұндай бірлестіктер сол кездегі сауда режимдерін неғұрлым қатаңдату мақсатында құрылатын. Қалалар мен ауылдық жерлерде сауда жасау үшін жолдармен, көпірлермен және өзендермен өткен үшін кез - келген жерде алымдар жиналатын болған. Мұндай жағдай сауда-саттық пен өндірістің дамуын тежегені түсінікті. Жаңадан пайда болып келе жатқан капитализм үшін ең болмаса ел ішіндегі кедендік кедергілердің жойылуы мен ыңғайлылау фискалды режимнің керек екендігі белгілі болды. Сондықтан орта ғасырлардан жаңа дәуірге өту кезеңінде ішкі кедендердің саны үнемі қысқартылып, ал аумақтар біріктіріліп келді. Бірақ соның өзінде шекара жанындағы және ел ішіндегі алымдар жойылған жоқ.
Жергілікті кеден саясатынан жалпы мемлекеттік кеден саясатының басым болуының басты себебі – қалалардың өзара жасасатын келісім-шарттары болды. Бұл әсіресе XIII ғасырдағы Англия үшін тән қасиет еді, ал Францияда болса бұл құбылыс XV ғасырда орын ала бастады. Осы келісім-шарттар бойынша сауда-саттық мақсатында бір қаланың екінші қалаға барған тұрғындарына кеден баждары салынбайтын. Ерекше қызығушылық туғызатын жағдай - әртүрлі мемлекеттердің аумақтарында орналасқан қалалардың өз саудасын қорғау мақсатында құрған одақтары (неміс тілінен аударғанда – «ганза»). Мәселен, тарихта халықаралық сипаттағы келесі ганзаларды атап өтуге болады: Франция мен Англияның 17 қаласын біріктірген Лондондық ганза (бұл ганза алғаш рет 1240 ж. аталады), германдық қалалармен құрылған Кёльндық ганза (тарихта 1157 ж. бастап аталынып келеді). Кейінірек XIII ғасырдың екінші жартысында Кёльндық ганза өз маңыздылығын жоғалтып, оның құрамындағы қалалар 1267 жылы құрылған және орталығы Любекте орналасқан күшейіп тұрған Тевтондық (Ливондық немесе кейде оны Ұлы неміс ганзасы деп те атайды) ганзаға қосылды. 1367 ж. Ұлы неміс Ганзасының бірінші жиынында оның құрамына 77 қала кіретін, оның ішінде Новгород, Псков, Смоленск сияқты орыс қалалары да бар еді.
Тарихи әдебиеттерде ганзалардың пайда болу себебі ретінде Германияның сол кезде тұтас аумақты мемлекет бола алмауы көрсетіледі. Императорлардың әлсіреген билігі қалалардың өнеркәсібі мен сауда-саттығын көптеген феодалдар мен рыцарлардың тонауынан және неміс көпестерінің сыртқы саудасын қорғай алмайтын болғасын, қалалар Германияның ішінде де, сыртында да өз мүдделерін өздері қорғауға мәжбүр болды. Сондықтан олар одақтарға біріге бастады және бұл одақтар Германияның әртүрлі бөліктерінде пайда бола бастады. Осы ганзалардың мысалы ретінде олардың ең ірісі Солтүстік (ұлы) неміс ганзасын келтіріп кетейік. Басында жекелеген қалалар не олардың топтары арасында келісімдер жасалып, XIV ғасырдың ортасына таман Солтүстік Ганза жағалауда орналасқан және Солтүстік пен Балтық теңіздеріне келіп құятын өзендер арқылы теңіз саудасымен байланысты қалалардың басым көпшілігін біріктірді. Ганзаның ұйытқысын құраған Гамбург, Любек және Бремен қалалары еді. Сонымен қатар, оның құрамына Рейн бойындағы (мысалы, Кёльн), Везер, Одер бойындағы, сондай-ақ немістердің басып алған Пруссиядағы – Гданьск, Торн, Кенигсберг, Балтық теңізінің шығыс жағалауындағы – Рига, Ревель қалалары кіретін. Оңтүстік Скандинавиямен және Орыс жерімен сауда орталығы болатын Готланд аралындағы Висби қаласы, Кальмар сияқты нидерланд қалалары маңызды рөл атқарды. Ганзаның кеңселері Брюггеде, Лондонда, Бергенде, Новгородта және тағы да бірқатар жерлерде орналасқан еді. Ганзалық сауда- саттыққа Балтық елдерінің, Скандинавияның, Орыс жерінің тауарлары (нан, жүн, құндыздар, тұз, балық, бал, май, мыс және темір рудалары, ағаш және т.с.с.) түсетін. Осы шикізаттардың орнына батыс елдерінің дайын өнімдері (метал бұйымдары, маталар, шарап) және нидерланд қалалары арқылы өтетін Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі оңтүстік елдерінің тауарлары (хош иісті заттар және т.с.с.) келетін. Брюгге мен Новгород арасында сауда жолы тұрақтанды. Ганзалық сауда Балтық және Солтүстік теңіздерін толығымен қамтитын, ал ганзалық көпестер Еуропаның батыс жағалауымен Гибралтарға дейін барып келетін.
Ганзалық көпестер Ганза аймағындағы саудадан басқа елдердің саудагерлерін аластатуға ұмтылған. XIV ғасырдың екінші жартысынан бастап Ганза одағының құрылым жүйесі орнығады, оның негізіне Ганзаның мүшесі болып табылатын барлық қалалардың өкілдерінен құралатын жиындар жатқызылды. Барлық мәселелер осы жиындарда дауыстардың көпшілігімен шешілетін және азшылық болып қалған шаһарлар көпшіліктің еркіне бағынуы тиіс еді.
Германиядағы саяси бытырау жағдайында Ганзалық одақ ірі саяси күшке айналды. Ол тіпті дербес сыртқы саясат жүргізетін. Мысалы, Швеция мен Мекленбургке қосылып Ганза 1367 жылы Данияға қарсы соғысқа қатысып, 1370 жылы Штральзунд бітімі арқылы оны тізе бүктірді. Бұл бітім бойынша сауда артықшылықтарымен бірге Скандинацияның оңтүстігіндегі бірнеше қамалдарды иеленіп, Дания королін сайлау барысында Ганзаның келісімін қажет еткізетін қылып қойды. Осындай жағдайына қарамастан Ганза өз аумағында экономикалық не саяси орталықтандыруды жүзеге асыра алмады. Ганзалық одақтың әрбір мүшесі өз істерін дербес түрде жүргізетін. Ортақ басшылық не қаржы жүйесі болған емес. XV ғасырдан бастап Ганзалық одақ құлдырай бастады. Оның негізгі себебі одаққа кіретін жекелеген мүшелер арасындағы алауыздық пен саяси біріктірілген басқа елдер тарапынан күшейе түскен бәсекелестік еді. XV ғасырдан бастап Англияның саудасы күшейе бастады. Ағылшын көпестері Батыс Еуропадағы барлық теңіздерде сауда жасай бастады және ганзалықтардың олардыкіндей мықты мемлекеттік қолдауы болған жоқ. Сонымен қатар, нидерландық транзиттық сауда күшейе түсті. Осы кезде орыс патшасы Үшінші Иван Новгородты қолға түсіріп ганзалық көпестерді қудалауға ұшыратты. Ал Америка, Индиямен байланыстыратын жаңа теңіз жолдары ашылғаннан кейін Ганза толығымен маңыздылығынан айырылды [2, 430-431-бб.]. Ганзадағы қарым- қатынастардың ерекшеліктеріне қарамастан Ганзаға кірмеген қалаларға қолданылып келген айрықша кедендік-сауда режимі мұны қазіргі кедендік одақтарға ұқсастырады. Шынымен де, Ганзадағы ынтымақтастықтың басты қағидаларының бірі бажсыз сауда еді. Ганзалық қалалардың қазынасы жергілікті Ганза мүшелерінен жиналатын салықтардан құралатын, бұл болса кедендік баждардан бас тартуға мүмкіндік туғызды [3, 9-б.].
Әрине, жоғарыда көрсеткеніміздей Ганза одағы германдық қалалардың жалғыз одағы емес еді. Мысалы, XIV ғасырдың екінші жартысында Батыс Германияда қалалардың басқа да одақтары пайда болды. Ол кезде үлкен рейн жолындағы Майнц, Страсбург, Ульм, Шпейер, Вормс сияқты қалалар өздерінде тек ірі сауда ғана емес, жүн және тоқыма маталарының, металл өнімдерінің өндірісін дамытты. Осы қалаларда патрициат (аристократтар) пен цехтер арасында күрес жүріп отыратын. Ішкі әлеуметтік қақтығыстармен қатар, қалалар қарақшылықпен көп айналысатын рыцарлардан да қорғалуы керек еді. Осы қауіп-қатерлермен күресу мақсатында XIV ғасырдың 70-ші жылдарында Швабтық қалалар одағы, одан кейін Рейндік одақ пайда болады. Бұл одақтар 1381 жылы бірікті. Рыцарлар өз кезегінде қалаларға қарсы бірігіп, соғыс ашты. Түбінде 1388 ж. рыцарларға көмекке келген князьдар қалаларды талқандап жеңіске жетті [4, 432-б.].
Келтірілген тарихи фактілер орта ғасырлардағы кеден одақтарын құру қиындықтарын жарқын көрсетеді. Қысқаша тарихи шолуымыздың соңында, орта ғасырладағы кедендік одақтардың пайда болуы объективтік себептерге байланысты болды деп қорытындылауға болады. Жаңа дәуір кезеңінде отаршылдық империялар өздерінің сауда саясатын преференциалды сауда келісіміндеріне негіздеген. Сонымен қатар, империялар өздерінің арасында да осындай келісімдер жасасып отырғанын айтып кетейік. Мысалы, XVIII-XIX ғасырларды Австрия бес көршілес мемлекетпен еркін сауда жөнінде келісім жасасқан. Жалпы алғанда В.И. Лисовскийдің «XIX ғасырдың ортасына дейін елдер арасындағы экономикалық байланыстардың негізгі құралы болып сыртқы сауда табылды және оны жүргізу арқылы бір елдің тауары (өнімі) шетелдік валютаға айналатын» [5, 70-б.], - деп жасаған қорытындысына толық қосылуға болады.
XX ғасырдың 1930-шы жылдарында әлемдік сауда жүйесі ыдырау кезеңіне өтті. Үкіметтер маңызды мәселелердің шешілуіне либералды тәсілдің қолданылуын қамтамасыз ете алатын халықаралық экономикалық институттарға жүгіне алмай сұраныстың төмендеуімен күресті. Мәселені шешудің сол кезде табылған жолдарының бірі аймақтық артықшылықтарды (преференцияларды) қолдану еді. Мемлекеттердің іштей тұйылған топтарға бөлінуі Ұлы депрессиядан шығу қиындықтарын одан сайын ауырлатқаны сөзсіз. Осы тәжірибені ескере отырып, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халықаралық сауданың басты қағидасы ретінде барлық сауда серіктестеріне тең саясат жүргізу қабылданды. Бұл қағидадан ерекше жағдайларда бөлек ережелер қолдану мүмкіндігі, соның ішінде сауда топтарын, яғни еркін сауда аймақтары мен кеден одақтарын құру мүмкіндігі де қарастырылған болатын. Бастапқы кезде бұл ерекшелік көп қолданылмайтын, әрине оның көмегімен отаршылдық байланыстарын нығайту жағдайларын есептемегенде. Бірақ соғыстан кейінгі алғашқы он жылдықта бұл ереже 1947-ші жылы Бенилюкс елдері арасында кеден одағын құру, 1951-ші жылы КБЕБ-ті құру және 1957-ші жылы ЕЭҚ-ты құру арқылы Еуропаның саяси қайта қалыптасуына маңызды үлесін қосты.
ЕЭҚ-ң табысты дамуы 1960-шы жылдарда дамушы елдер арасындағы аймақтық интеграция процестерінің күрт өсуіне алып келді. Мұның басты себебі болған импортты алмастыру идеясы еді, яғни индустрилизацияны іске асыру үшін ішкі нарықты қорғау керек және мұндай қорғаныс неғұрлым кең экономикалық аумақты қамтыса, соғұрлым арзанға түседі деген саясат жүргізілді. Бұл кездегі аймақтық интеграциялық келісімдер протекционистік және интервенционистік сипатқа ие еді, олардың мәтінінде өнеркәсіптің қай салаларын және қай жерде өркендетуге болатындығы әкімшілдік жолмен белгіленген болатын. Бұл келісімдер экономикалық қызметті реттеу мен шектеудің көптеген құралдарын қарастырғанмен, нәтижелі болмады. 1970-ші жылдардың аяғында мұндай келісімдердің тиімсіздігі барлығына түсінікті болды. Олардың бірде біреуі экономиканың дамуына өз үлесін қоса алмады, біреулері ыдырап кетсе, тағы біреулері қарыз дағдарысынан жойылуға ұшырады.
1980-ші жылдары халықаралық сауда мен бәсекелестікке деген көзқарас түбегейлі өзгерді. ЕҚ шегінде дайындалған бірыңғай нарық Бағдарламасының ықпалымен бұрынғыға қарағанда әлдеқайда либералды жаңа интеграциялық аймақтық келісімдер пайда болды. Еуропалық Қауымдастықтың әлемдегі аймақтық интеграция процестеріне жасаған әсерін келесі мәліметтерден байқауға болады: 1990-шы жылдан бастап ДСҰ-а хабарланған (нотификация жеткізілген) 87 аймақтық интеграциялық келісімнің 13-де ғана еуропалық серіктес жоқ еді [6, 21-22-б.].
Кеден одағы халықаралық интеграцияның кең тараған нысандарының бірі және осы нысандар арасында ол еркін сауда аймағын құрудан кейін екінші орында тұрады. Мұндай одақтан кейін ортақ нарық, экономикалық, валюталық және саяси одақ құру нысандары орналасады. Кез - келген мемлекеттің интеграциялық бірлестікке қатысуы оның басқа елдермен жақындасуының әртүрлі дәрежесін білдіреді және интеграциялық процеcтердің өз заңдылығы бар - ол төменгі, қарапайым сатылардан жоғарғы, күрделенген сатыларға бірте-бірте көтеріле береді. Халықаралық экономикалық интеграцияға тығыз байланысты сауал – оның сатыларын (нысандарын) анықтау мәселесі. Ғалымдар аймақтық интеграцияны әртүрлі белгілер бойынша сыныптап жатады, солардың ішінде «жағымды» және «жағымсыз» интеграция деп жіктеу де кездеседі. Жағымды интеграция ретінде сауда-саттық қарым-қатынастарды либерализациялау, мемлекеттің көршілес елге қатысты протекционистік саясатынан бас тартуы түсінілсе, жағымсыз интеграция деп инвестиция, қаржы, өндірістік кооперация сияқты негізгі бағыттардағы мемлекеттердің бірігіп қызмет істеуін түсінеді. Аталған бағыттардағы мемлекеттік саясат елдің болашаққа ұмтылған, ұзақ мерзімді мүддесіне айналуы тиіс. Егер еркін сауда аймақтары мен кеден одақтарын жағымсыз интеграцияға жатқызатын болса, ортақ нарық пен экономикалық және саяси одақтарды – жағымды интеграцияның нысандары ретінде біледі [7, 7-б.]. Мұның себебі – жағымсыз интеграция кезінде еркін сауда аймағы не кеден одағы құрылғаннан кейін мемлекет тарапынан белсенді іс-қимылдардың болуы талап етілмейді, ал жағымды интеграция кезінде – керісінше, мемлекет интеграцияны ілгері жылжыту үшін үнемі белгілі бір арнайы сипатқа ие шаралар қабылдап отыруы керек.
Осы сыныптаманың қызықтыратын тұстары бар екендігі сөзсіз, бірақ қазір ол кең түрде таралмаған. Экономикалық интеграция нысандарының жалпы танылған сыныптамасы алдыңғы тарауларда келтірілген еді, олар: еркін сауда аймағы, кеден одағы, ортақ нарық, экономикалық және валюталық одақ, толық экономикалық және саяси интеграция. Әрбір аймақтық белгі бойынша құрылған экономикалық жүйенің өз ерекшеліктері бар екені түсінікті, өйткені кез-келген мемлекетаралық интеграциялық топтың экономикалық үлгісі – аймақтық шаруашылық кешенін қалыптастырған элементтердің ара-қатынасын белгілеп, олардың өзара әрекеттестік тетігін нығайтқан ұзақ тарихи процестің нәтижесі. Демек, кез-келген аймақтық интеграциялық топтың ерекшеліктері оның тарихи, соның ішінде экономикалық-тарихи факторларына байланысты болады. Бұдан шығатын қорытынды – белгілі бір мемлекеттердің аймақтық интеграция тәжірибесін басқа елдердің аймақтық интеграциясына толығымен қолдану мүмкін емес, оның тиімділігінің төмен болатынын алдын-ала болжауға болады.
Осыған қарамастан ғалымдар аймақтық интеграциялық бірлестіктерге салыстырмалы талдау жүргізу арқылы олардың айырмашылықтарымен қатар ортақ белгілерінің бар екендігін айқындаған болатын. Соның ішінде осындай ортақ белгілер аймақтық интеграцияның дамуымен қатар оның жүзеге асырылатын сатыларында да бар болып шыққан. Интеграцияның әрбір сатысына тән айрықша белгілерді қарастыра отырып, аймақтық интеграцияны қарапайым нысандардан күрделі нысандарға бағытталып дамып отыратын процесс ретінде көру арқылы Батыстың белгілі экономист-ғалымы Б.Балашша интеграциялық процесс сатыларын сыныптаған болатын. Бұл ғалым сыныптамасының негізіне жатқызылған идея – ынтымақтастық пен интеграцияның айырмашылығы, яғни ынтымақтастықтың мақсаты саудадағы кемсітушілікті (дискриминацияны) шектеу болса, интеграцияның басты мақсаты – мұндай кемсітушілікті толығымен жою. Сонымен, ғалымның сыныптамасы бойынша аймақтық интеграцияның (интеграциялық келісімдердің) келесі сатыларын (түрлерін не типтерін) атауға болады:
- еркін сауда аймағы;
- кеден одағы;
- ортақ нарық;
- экономикалық (және валюталық) одақ;
- толық экономикалық және саяси интеграция.
Интеграцияның осы негізгі бес нысанына қысқаша шолу жасап өткен жөн.
Сонымен, еркін сауда аймағы ретінде мемлекеттердің өзара саудадағы кеден тарифтері мен квоталарды алып тастауға келісетін интеграциялық келісім-шарттарды таниды. Сонымен қатар, үшінші (яғни еркін сауда аймағына кірмейтін) мемлекеттерге қатысты әрбір мемлекет өзінің ұлттық кеден тарифін сақтап қалады. Бүгінгі күні еркін сауда аймағының режимі Еркін сауданың Еуропалық ассоциациясында (ЕСУА/ЕАСТ), НАФТА, АСЕАН, ЕурАзЭҚ сияқты интеграциялық топтар шеңберінде жүзеге асырылып отыр.
Кеден одағы өзара сауда-саттықтағы кедергілер мен квоталарды алып тастаумен қатар, үшінші елдерге қатысты ортақ сыртқы сауда саясатының жүргізілуін талап етеді. Ол болса Кеден одағына біріккен елдердің өздерінің ұлттық кеден тарифтерінен бас тартып ортақ кеден тарифін қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда мемлекеттердің ұлттық кеден аумақтарының орнына ортақ кеден аумағы пайда болады және Одаққа кірген мемлекеттердің арасындағы ішкі кеден органдары алынып тасталып олардың қызметі сыртқы кеден шекараларына қарай ауысады.
Аймақтық интеграцияның бұл нысанында тауарлар сырттан емес Кеден одағына кіретін мемлекеттерден көбірек импорттала бастайды және тауар өндіру мен тұтыну жағынан өзгерістер пайда болады. Бұл өзгерістер Кеден одағына кірген мемлекеттерді интеграцияның келесі сатысына қарай итермелейді. Бүгінгі таңда мұндай кеден одағының режимі Еуропалық Одақ пен МЕРКОСУР шеңберінде жүзеге асырылған. Сонымен қатар, ЕурАзЭҚ сияқты бірлестіктер осындай кеден одақтарын құруға талпыныс білдіруде.
Аймақтық интеграцияның ортақ нарық құру сатысы қатысушы елдер арасындағы барлық өндіріс факторларының емін-еркін қоныс аударуына кедергі жасайтын шектеулерді алып тастауды талап етеді. Демек, мемлекеттердің ұлттық заңнамалары мен стандарттары жақындасады, интеграцияның институциялық жүйесі, яғни оны басқаратын ортақ органдар өз дамуын табады. Мемлекеттер тобының шеңберінде өндіріс факторларының еркін қоныс аударуы олардың ресурстарын тиімді пайдалануға, еңбектің бөлінуіне және өндірістің мамандануына, өндіріс ауқымының өсуінен экономикалық ұтыс табуға алып келеді. Бірақ бұл мақсаттарға толығымен қол жеткізу үшін ортақ нарықты құрған мемлекеттердің экономикалық саясаттағы айырмашылықтары кедергі жасайды. Бұл мәселені шешу интеграцияның келесі сатысына өту керек. Бүгінгі күні ортақ нарықты толығымен құрған жалғыз бірлестік - Еуропалық Қауымдастық, сонымен қатар ортақ нарыққа тән белгілер НАФТА шеңберінде кездеседі. Аймақтық интеграцияның төртінші нысаны – Экономикалық одақ әртүрлі салалар шеңберінде, олардың ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, ғылым мен техника және т.с.с. ортақ және үйлестірілген экономикалық саясат жүргізумен сипатталады. Экономикалық саясатты келісімге келтіру ісі белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін валюталық одақ құру қажеттілігі туындайды, яғни Экономикалық одаққа мүше мемлекеттер ортақ аймақтық валюталық жүйе енгізіп, ортақ банк пен ортақ валюта кіргізеді. Осы шаралар арқылы ортақ валюталық және ақшалы-несиелік саясат жүргізіледі, макроэкономикалық көрсеткіштер келісімге келтіріледі. Сөйтіп экономикалық және валюталық одақ нысанынан мемлекеттер соңғы, яғни толық экономикалық және саяси интеграция сатысына өтеді. Бұл сатыда бірыңғай нарықтық кеңістік тұтас экономикалық және саяси құрылымға айналады, экономикалық саясат пен заңнама толығымен унификацияланады. Қарапайым сөзбен айтқанда жаңа федеративтік не конфедеративтік мемлекет пайда болады.
Экономист-ғалым Б.Балашшаның ұсынған сыныптамасы Еуропалық Қауымдастықтың интеграциялық тәжірибесімен ұштасатынын байқауға болады. Бүгінгі күні осы интеграциялық бірлестік мемлекеттердің басқа интеграциялық топтарының арасында ең жемісті болғандықтан оның интеграциялық үлгісін «классикалық» деп біледі және бұл үлгіні құрайтын интеграция сатыларын да «классикалық» деп атауға болады. Ол дұрыс та шығар! Ал әлемнің басқа бірде-бір аймағында бұл үлгіні мемлекеттер барлық ниеттеріне қарамастан қайталай алмады.
Біздер үшін Еуропалық Қауымдастықтың интеграциялық тәжірибесі аса маңызды, өйткені Еуразиялық экономикалық қауымдастық шегінде тап осы тәжірибе басшылыққа алынған. Мысалы, С.Ж. Айдарбаевтың айтуынша ТМД елдерінің әртүрлі интеграциялық бірлестіктері шегінде қабылданған құжаттар көрсететіндей, олардың интеграциясының негізіне мемлекеттер тәжірибесінде пайда болған және ғылыми доктринамен өңделген интеграция теориясының негіз қалаушы ережелері жатқызылған [8, 7-б.]. Ғалымның пікірі бойынша ТМД Жарғысы қабылданған 1993-ші жылы аймақтық интеграция ТМД елдері ынтымақтастығының басты бағыттарының бірі ретінде Экономикалық Одақты құру туралы Шартта өзінің халықаралық-құқықтық негізіне, нақты мақсаттарына, қағидалары мен бағыт-бағдарларына ие болды [9, 5-б.].
Ол шынымен де солай, өйткені Экономикалық одақты құру туралы Шартта мұндай одақтың мақсаттарының бірі ретінде «нарықтық қатынастар негізінде ортақ экономикалық кеңістікті саты- сатысымен құру» белгіленген (2 бап). Шарттың 3-ші бабы бойынша Экономикалық одақта тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің еркін қозғалуы, келісімге келтірілген ақша-несие, бюджеттік, салық, баға, сыртқы экономикалық, кеден және валюталық саясат, Келісімге келуші елдердің шаруашылық заңнамаларын үйлесімге келтірілуі, ортақ статистикалық негіздің болуы қарастырылған. Экономикалық одақ интеграцияны сатылар бойынша тереңдету, экономикалық реформалардың жүргізілуіндегі іс-қимылдарды үйлесімге келтіру жолымен келесі сатылар арқылы жүзеге асырылуы тиіс еді:
- еркін сауданың (көпжақты) мемлекетаралық ассоциациясы;
- кеден одағы;
- тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің ортақ нарығы;
- валюталық (ақша) одағы.
Интеграцияның әрбір нысаны шеңберінде жекелеген келісімдерге сәйкес өзара байланысты шаралар кешені қабылданып, жүзеге асырылуы тиіс болатын (4 бап) [10]. Байқайтын болсақ, ТМД елдерінің құрылуға жоспарланған Экономикалық одағы еуропалық интеграцияның өткен сатыларын толығымен қайталайды. Бұл ұқсастық тиісті жекелеген шарттармен танысқан кезде күшейе түседі. Бұған дәлел ретінде осы бағытта жасалған екі халықаралық шартты келтіруге болады. Олардың біріншісі, 1994-ші жылдың 15-ші сәуірінде қабылданған Еркін сауда аймағын құру туралы Келісім еді [11]. Осы Келісім бойынша оған қатысушы тараптар еркін сауда аймағын құрудың төменде көрсетілген нақты міндеттерін шешуде өзара іс-әрекеттерді қамтамасыз етеді, атап айтқанда (1 бап):
- кеден баждарын, сондай-ақ оларға ұқсас әсері бар салықтар мен алымдарды, және сандық шектеулерді жояды;
- тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалуындағы өзге де кедергілерді жояды;
- сауда және өзге де операциялар бойынша өзара есеп-айырысу мен төлемдердің тиімді жүйесін құрады және дамытады;
- осы Келісімнің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инвестициялар, қаржы, әлеуметтік салаларындағы, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту және т.с.с. салаларындағы мақсаттарына жету үшін сауда-экономикалық саясатты жүргізуде ынтымақтастыққа түседі;
- салааралық және сала ішіндегі кооперация мен ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа көмектеседі;
- еркін сауда аймағының тиісті де тиімді қызмет етуі үшін қажетті болатын деңгейде Келісуші Тараптардың заңнамаларын үйлесімге және (әлде) сәйкестікке келтіреді.
Келісімнің 3-ші бабы бойынша Тараптар Келісуші Тараптардың біреуінің кеден аумағынан шыққан және басқа Келісуші Тараптардың кеден аумағына арналған тауарлардың кіргізілуіне және (әлде) шығарылуына кеден баждарын, сондай-ақ әсері соларға ұқсас салықтар мен алымдарды қолданбайды.
Екінші шарт – 1995-ші жылдың 20-шы қаңтарында қабылданған Кеден одағы туралы Келісім [12]. Бұл құжатта Кеден одағының мақсаттары мен құрылу қағидалары, тетігі мен сатылары және қызмет ету тәртібі белгіленген. Бірақ еркін сауда аймағы мен кеден одағының етене байланысын жарқын байқататын құжат – ол, 1999-шы жылдың 26-шы ақпанында қабылданған Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы Шарт еді [13]. Осылай деп айтуға толық негіз бар, өйткені Шарттың мазмұны алты тарауға бөлінгенмен, іс жүзінде ол екі негізгі бөліктен тұрады:
- біріншісі (III тарау) «Кеден одағының құрылуын аяқтау» деп аталса (8-24 баптар);
- екінші бөлік (IV тарау) «Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру» деп аталады (25-55 баптар).
Шарттың тағы бір назар аударатын тұсы – Кеден одағын құру процесінің аяқталуына арналған бөлімнің үш бөліктен тұратыны, олар:
- тауарлардың еркін саудасының режимі (8-10 баптар);
- тауарлардың сыртқы саудасын реттеу (11-19 баптар);
- кеден одағы (20-24 баптар).
Демек, Кеден одағы құрылуының толығымен аяқталуы еркін сауда аймағы режимін де қамтитынын көріп отырмыз. Ол, біздің ойымызша, бір жағынан, еркін сауда аймағы мен кеден одағы режимдерінің аймақтық интеграция процесі барысындағы белгілі бір тұтастықты құрайтын бір саты шеңберінде біріктірілетінін көрсетсе, екінші жағынан, мұндай біріктірудің объективтік негізі ретінде тарифтік реттеу әдісі жатқанын байқатады. Мәселен, Шарттың 7-ші бабы бойынша Бірыңғай экономикалық кеңістік сатылар бойынша құрылады және бір сатыдан екінші сатыға өту Шарттың ерекше мақсаттарына іс жүзінде қол жеткізу және Тараптардың өз мойнына алған міндеттемелерін орындау негізінде іске асырылады. Бізді ерекше қызықтыратын бір жай – Шарттың осы бабындағы интеграция сатыларының белгіленуі, олар:
- бірінші сатының мақсаты Кеден одағы мен бірыңғай кеден аумағының құрылуы;
- екінші сатыда тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен еңбектің ортақ (ішкі) нарығын қалыптастыруын, ортақ экономикалық саясаттың жүргізілуін және бірыңғай инфрақұрылымның құрылуын, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қызмет етуін қамтамасыз ететін Тараптар заңнамасын үйлесімге келтіру процесінің аяқталуын қамтитын Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы;
- Тараптардың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін келісімге келтіруге бағытталған экономикалық ынтымақтастықтың келесі сатылары.
Келтірілген мәліметтерді дұрыс түсіну үшін «бірыңғай экономикалық кеңістік» ұғымының Шартта бекітілген анықтамасына да көңіл бөлу керек (1 бап). Ол жерде Бірыңғай экономикалық кеңістік ретінде «Тараптардың аумақтарынан құралатын нарықтық қағидаларға және үйлестірілген құқықтық нормалардың қолданылуына негізделген экономиканы реттеудің біртиптес тетіктері қызмет ететін, бірыңғай инфрақұрылымы бар және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалуын қамтамасыз ететін келісімге келтірілген салық, валюталық-қаржылық, ақша- несие, сауда және кеден саясаты жүргізілетін кеңістік» түсініледі.
«Ортақ (ішкі) нарық» ретінде «бірыңғай кеден аумағындағы экономикалық қатынастардың жиынтығы» танылған, ал «бірыңғай кеден аумағы» деп «Ортақ кеден тарифы орнатылған, тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары қолданылатын, унификацияланған кеден ережелері әрекет ететін, кеден қызметтерінің бірдей басқарылуы қамтамасыз етілген және ішкі кеден шекарасындағы кедендік бақылау алынып тасталған Тараптардың кеден аумақтарынан құрылатын аумақ» түсініледі.
Жалпы алғанда ортақ ішкі нарық бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрамдас элементі болып табылатынын байқауға болады.Сонымен бірге, бірінші саты, яғни Кеден одағы құрылуының аяқталу сатысы еркін сауда аймағы мен кеден одағын құру мәселелерімен шектелмейді, өйткені Шарт бойынша бұл сатының тағы бір құрамдас бөлігі бар, ол – тауарлардың сыртқы саудасын реттеу. Бұл мәселеге қатысты Шарттың 12-ші бабы ерекше маңыздылыққа ие. Осы бапта сыртқы сауда қызметін реттеудің және оны бірдей өзгерту мен толықтыру бойынша шешім қабылдаудың бірыңғай тәртібі келесі салаларды қамтиды делінген:
- сыртқы сауда қызметін тарифтік реттеу;
- үшінші елдермен жүргізілетін сауданы реттеудегі тарифтік емес шаралар;
- үшінші елдермен қарым-қатынастарда орнатылатын сауда режимін белгілеу;
- үшінші елдермен жүргізілетін сыртқы сауда операцияларына жанама салық салу;
- сыртқы сауда операцияларын валюталық реттеу.
Бұл баптың көзге түсетін тұсы – тарифтік емес реттеу шараларының аймақтық интеграция процесінің бірінші сатысы шегінде қолданыла беруі, яғни, тарифтік және тарифтік емес реттеу интеграцияның біз ұсынып отырған бірінші сатысында да, екінші сатысында да қолданылады.
Келтірілген мәселелер осы күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ, өйткені біз қарастырған Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру туралы Шарт, біріншіден, әлі өз күшінде, екіншіден, ол Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы Астана Шартының негізіне жатқызылған [14].
Әлемдік банктің сарапшылары К. Михалопулос пен Дэвид Г. Тарр, ТМД елдерінің сауда режимдерінің келесі ерекшеліктерін атайды. Импортқа қатысты мемлекеттердің көпшілігі сандық шектеулер мен лицензияларды енгізуден бас тартып келді, бірақ протекционистік лоббидың қысымшылығы күшеюі кейбір елдерде (мысалы, Өзбекстанда) немесе кейбір салаларда (мысалы, Ресейдегі алкогольдік ішімдіктерді шығару) бақылаудың аталған түрлерінің енгізілуіне алып келді. ТМД елдерінінң тарифтік режимдеріндегі айырмашылықтар көп болғанымен, оларда 30%-н асатын тарифтерді табу қиын. Кейбір ТМД елдерінде өте төмен тарифтер қолданылады: мысалы, Арменияда ең жоғары тариф 10% тең, Қырғызстанда бірыңғай 10%-дық тариф енгізілген. Басқа ТМД елдерінде болса кейбір тауар түрлеріне қойылған тариф 100%-ға дейін жетеді.
Экспортқа келетін болсақ ТМД елдерінің көпшілігінде экспорттық бақылау қатал емес, бірақ ең маңызды деген тауар түрлерінің (мысалы, мақта, мұнай табиғи газ сияқты) сыртқа шығарылуы мемлекеттік сауда арқылы экспорттық бақылауға алынған. ТМД елдерінің өзара саудасы сауда туралы келісімдер негізінде еркіндік сипатына ие, бірақ тәжірибеде экспорттық және валюталық бақылау мұндай сауданы шектейді. Сол сияқты есеп айырысу жүйесінің әлсіздігі де сауда тежегіштерінің бірі болып отыр. Сонымен қатар, ТМД елдерінің көпшілігінде қосымша құн салығының аралас жүйесі орнатылған, яғни оларда ТМД елдерімен жүзеге асырылатын саудаға
«шығу жері» қағидасы қолданылса, басқа елдермен жасалатын саудаға тауардың «баратын жері» қағидасы қолданылады. Демек, сырттан келетін импортқа қосымша құн салығы салынатын болса, сыртқа кететін экспортқа нольдік баж ставкасы қолданылады [15, 212-б.]. Жоғарыда қарастырылған мәселелер біздің сыныптамамызды бұзбайды, себебі интеграцияның бірінші сатысында тарифтік реттеу мәселелері басым болса, оның екінші сатысында тарифтік реттеу мәселелері тіптен кездеспейді не өте аз мөлшерде кездесуі мүмкін. Демек, екінші саты шегінде тарифтік емес реттеу шаралары әлдеқайда басым болады. Бірінші сатыда тарифтік емес шаралар тарифтік реттеуді толықтыру және оның тиімділігін арттыру мақсатында ғана қолданылады десек қате болмас.
Сонымен, Шартқа қол қойған мемлекеттер аймақтық интеграцияның нақты екі сатысын белгілеген, олар – Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік – ал одан кейінгі сатылар жөнінде жалпы түрде ғана айтылған. Біздің пікіріміз бойынша, мұның басты себебі – бір жағынан, бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылғанынан кейін пайда болуы мүмкін мәселелерді бөлек шарттар негізінде шешу мүмкіндігі, ал екінші жағынан, интеграцияға қатысушы елдердің өз егемендігінен айырылғысы келмейтіндігі.
Интеграцияның «классикалық» нысандарын келтірген кезде бірден көзге түсетіні, олардың еуропалық интеграция сатыларын толығымен қайталауы. Ол түсінікті де, өйткені Еуропа аймағындағы интеграция бірегейлік сипатқа ие. Бірде-бір басқа интеграциялық бірлестік, тіпті дамыған елдердің бірлестіктері де, мысалы, не еркін сауданың еуропалық ассоциациясы (ЕСЕА/ЕАСТ), не НАФТА, бұл сыныптама бойынша бірінші не екінші сатыдан жоғары орын ала алмайды.
Ресейлік ғалым В.М. Алчиновтың пікірі бойынша халықаралық тәжірибе көрсететіндей, өзінің ішкі қайшылықтарына байланысты интеграцияның нақты процесі Еуропалық Одақ дамуының сатылық үлгісі байқататындай кезекпен және тұрақты болып жүре алмайды. Мұның себебі аймақтық интеграцияның қазіргі тәжірибесі бойынша бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудың күрделілігі және тараптар мүдделерінің әртүрлі болуы еуропалық үлгі пішініне сыймайды. Жаңа аймақтық интеграциялық топтардың қатысушы елдер үшін міндетті күші бар шешім қабылдайтын иерархиялық институциялық құрылымдары бола бермейді. Ол аздай, әртүрлі топтардағы саяси құралдар тізімінің өзі әртүрлі. Сонымен қатар, аймақтық топтар шегінде реттелетін мәселелер шеңбері маңызды өзгерістерге ұшырады. Яғни, бұрын тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің қозғалу жолындағы мемлекетаралық кедергілерді жою жөнінде әңгіме қозғалса, ендігі жерде мәселе ұлттық экономикалардың өзінде шаруашылық процестерді реттеу жағына бұрылды (салық жүйелерін, нарықтарға қол жеткізу режимін, стандарттар жүйесін және т.б. үйлесімге келтіру). Экономикалық саясатты аймақтық шеңберде үйлесімге келтіру бұрынғыға қарағанда тереңірек деңгейге жетіп отыр [16, 10-11-б.].
Аталған ерекшеліктер бұрындары басымдыққа ие болған аймақтық топтар тетіктерінің мәні мен интеграция сатыларының кезектілігі жөніндегі көзқарастарды маңызды өзгерістерге ұшыратты. В.М. Алчиновтың көзқарасы бойынша жаңа аймақтық бірлестіктер үшін, оның ішінде ТМД үшін де классикалық бес сатылы үлгінің сай келмеуі аймақтық топтардың қалыптасуын түсіндіру үшін бұрын ұсынылған тұжырымдардың да жарамсыздығына алып келеді [17, 12-б.]. Біз де осы пікірге қосыламыз. Демек, бүгінгі күннің аймақтық интеграция процестерін, оның ішінде аймақтық интеграцияның сатыларын түсіндіру үшін жаңа теориялық ізденістер керек.
Ю.В. Шишковтың айтуынша еркін сауда аймағы мен кеден одағы шартқа келуші мемлекеттердің «өзара кедендік қарусыздануының» екі баламасы болып табылады, сондықтан оларды бір процестің екі тұсы ретінде қарастыруға болады [18, 27-б.]. Сол сияқты ресейлік зерттеуші И. Погосов та аймақтық экономикалық интеграцияның бастапқы сатысы ретінде кеден одағын ғана мойындайды, бірақ оны сипаттаған кезде еркін сауда аймағының да белгілерін келітіреді [19, 14-б.]. Жалпы алғанда сыртқы сауданы реттеу құралдарының көп болуына байланысты (олардың саны мыңнан асады) оларды әртүрлі негіздер бойынша сыныптауға болады. Мысалы, ресейлік ғалым А.В. Данильцев мұндай сыныптамалардың бірталайын келтіреді, атап айтқанда:
- реттеу шараларының сипаты мен қолдану мақсаттары бойынша:
- тауарға кеден шекарасын кесіп өткен кезде реттеу шараларының қолданылуын талап ететін құралдар (шекаралық шаралар);
- ішкі нарыққа қатысты болып келетін, бірақ шетелдік тауарлардың ішкі нарыққа кіргізілу шарттарына әсер ететін шаралардың қолданылуын талап ететін құралдар;
- отандық тауарлардың шетелдік нарыққа шығарылу шарттарын жақсарту үшін қолданылатын құралдар;
- қолданылатын құралдардың сипаты бойынша:
- тарифтік құралдар – кеден баждары мен өзге де кедендік-тарифтік шаралар;
- тарифтік емес құралдар – жоғарыда көрсетілгендерден басқа құралдардың барлығы;
- бәсекелестік жағдайына әсер ету сипаты бойынша:
- ішкі нарықтағы шетелдік бәсекелестікті шектейтін құралдар;
- әділ бәсекелестікті қамтамасыз ететін құралдар;
- шетелдік нарықтардағы отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттігін арттыратын құралдар;
- шетелдік нарықтардағы бәсекелестікті шектеуге және тауарлардың осы нарықтарға жеткізілуін жеңілдетуге бағытталған құралдар;
- реттеу құралдарының қолданылу ерекшеліктері бойынша:
- автономиялық шаралар (біржақты тәртіпте қолданылады);
- екі жақты шаралар (екі жақты келісімдер шеңберінде қолданылады);
- көпжақты шаралар (көпжақты келісімдер шеңберінде қолданылады);
- протекционизм нысандарының тарихи дамуы мен халықаралық сауда эволюциясы бойынша:
- дәстүрлі протекционизм құралдары (шетелдік тауарлардың ішкі нарыққа кіргізілуіне жалпы кедергілер қою);
- таңдаулы протекционизмге тән құралдар (теріс пиғылды бәсекелестік пен аса қауіпті шетелдік бәсекелестерге қарсы бағытталады және қорғау мақсатынан көрі коррекция функциясын көбірек атқарады) [20, 22-25-бб.].
Демек, тарифтік және тарифтік емес реттеу - көптеген сыртқы сауданы реттеу құралдарының бірі, бірақ басқаларына қарағанда олар «таза» экономикалық белгілерге негізделген, сондықтан да көп жағдайларда, әсіресе сыныптама жүргізу кезінде басшылыққа алынады. Әрине, экономикалық тұрғыдан қарағанда кедендік-тарифтік реттеудің мазмұнын құрайтын кеден баждары жанама салықтарға, яғни тауар бағасына қосылатын салықтарға жатқызылады, бірақ ішкі салықтар мен кеден баждары қолданылуының құқықтық негіздері мен қолданылу тәжірибесі бойынша маңызды айырмашылықтарға ие [21, 62-б.]. Импорттық кеден бажы арқылы ішкі нарыққа арналған тауарлардың бағасы көтерілуі мүмкін. Сонымен қатар, импорттық баждар арқылы мемлекеттің бюджетіне қаржы түсетінін де ұмытпауымыз керек, яғни олар фискалды қызметті де атқаруы мүмкін. Әрине, егер баждардың деңгейі жоғары болатын болса импорт тіптен тоқтап қалуы мүмкін және бұл жағдайда мемлекет бюджетті толықтыратын мүмкіндіктен айырылады. Кеден баждарын енгізудің жалпы шығындары мен артықшылықтарының балансын қарастырған кезде ең жағымсыз жағдайда қалатындар тұтынушылар екені белгілі. Дегенмен де, кеден баждарымен қорғалатын экономиканың жекелеген саласы белгілі бір экономикалық ұтыста болғанымен, мемлекеттің экономикасы жалпы түрде шығындарға ұшырайды [22, 66-67-б.]. Демек, саудадағы шектеулер әрқашан да шығындарға алып келеді. Дэвид Г. Таррдың айтуынша ашық сауда режимін орнатудың ұтымды болуы соңғы 50 жыл ішіндегі әлемдік тәжірибемен дәлелденеді. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына кіретін елдер ДСҰ шегіндегі келіссөздер нәтижесінде сауда шектеулерін төмендетіп, сауда мен табыстарын ұлғайтуда. Басты кезде жоғары протекционистік кедергілер арқылы индустриализация саясатын жүргізуге талпынған дамушы елдер үкіметтерінің көпшілігі бүгінгі күні өз ұстанымдарын өзгертуде, өйткені импортты тежеу елдің экономикалық дамуын бәсеңдетеді, ал, ашық сауда режимдері экономикалық өсімге итермелейді. Кедендік тарифтердің унификациясына қарсы шығушылар сауда жағдайына, «стратегиялық» немесе жаңадан пайда болған салалардың дамуына көмектесуге, салалардың қайта құрылуына, мемлекеттік бюджеттің табыстарына немесе төлем балансына, ДСҰ шеңберіндегі келіссөздерде тарифтерді құрал ретінде пайдалануға байланысты дәлелдемелер келтіреді. Кедендік тарифтердің унификациясын жақтаушылар болса экономикалық- саяси себептерге, әкімшілік процедураларды жеңілдетуге, контрабанда мен кеден органдарындағы жемқорлықты қысқартуға байланысты дәлелдемелер келтіреді. Қалай болса да, тарифтердің унификациялануы тәжірибедегі ең ұтымды шешім, - дейді Дэвид Г. Тарр [23, 126-127-б.].
Осы қорытынды арқылы еркін сауда аймағы мен кеден одағын құрудың мәні мен түпкі мақсатын түсінуге болады. Сонымен, еркін сауда аймағы мен кеден одағы, біздің ойымызша, аймақтық экономикалық интеграцияның бірінші сатысын құрайды. Бұл сатыны ерекшелендіретін басты белгілер:
- құқықтық реттеудің объектісі - мемлекетаралық сауда мәселелері;
- осы объектіні реттеудің ортақ құралы – кедендік-тарифтік реттеу.
Сонымен қатар, еркін сауда аймағы да кеден одағы да халықаралық шарт негізінде құрылады, бірақ кеден одағы барлық жағдайларда халықаралық ұйымның құрылуын талап етсе, еркін сауда аймағы мұндай ұйымның болуын қажет етпейді. Дегенмен де, кейбір мемлекеттердің тәжірибесінде еркін сауда аймағының құрылуы да халықаралық ұйым шеңберінде жоспарланып іске асырылған.
Әдебиеттер
- История средних веков: Учебник. В 2-х т. Т.1. – М.: Госполитиздат, 1952. – 748 с.
- История средних веков: Учебник. В 2-х т. Т.1. – М.: Госполитиздат, 1952. – 748 с
- Таможенный союз стран Евразийского экономического сообщества. Комментарий и документы /С.И. Истомин, С.П. Булавин, Я.И. Моравек и др.; под общ. ред. Ю.Ф. Азарова. – М.: ЗАО «Издательство «Экономика», – 486 с.
- История средних веков: Учебник. В 2-х т. Т.1. – М.: Госполитиздат, 1952. – 748 с
- Лисовский В.И. Правовое регулирование международных экономических отношений: Учебное пособие. – М.: Высшая школа, 1984. – 191 с.
- Шифф М., Уинтерс Л. Алан. Региональная интеграция и развитие /Пер. с англ.; Всемирный банк. – М.: Издательство «Весь мир», 2005. – 376 с.
- Таможенный союз стран Евразийского экономического сообщества. Комментарий и документы /С.И. Истомин, С.П. Булавин, Я.И. Моравек и др.; под общ. ред. Ю.Ф. Азарова. – М.: ЗАО «Издательство «Экономика», – 486 с.
- Айдарбаев С.Ж. Общая характеристика сущности региональной интеграции в условиях глобализации // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.3-7.
- Айдарбаев С.Ж. Общая характеристика интеграционных процессов на постсоветском пространстве // Интеграционные процессы на постсоветском пространстве: сборник международно-правовых документов. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – С.3-7.
- Договор о создании Экономического союза (Москва, 24 сентября 1993 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.20-26.
- Соглашение о создании зоны свободной торговли (Москва, 15 апреля 1994 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.27-37.
- Соглашение О таможенном союзе (Москва, 20 января 1995 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.37-38.
- Договор о Таможенном союзе и Едином экономическом пространстве (Москва, 26 февраля 1999 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.101-114.
- Договор об учреждении Евразийского экономического сообщества (Астана, 10 октября 2000 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.118-125.
- Михалопулос К., Тарр Дэвид Г. Имеют ли Таможенные союзы экономический смысл на территории Содружества Независимых Государств // Торговая политика и значение вступления в ВТО для развития России и стран СНГ /Под ред. Дэвида Г.Тарра. – М.: Издательство «Весь мир», 2006. – С.209-227.
- Алчинов В.М. СНГ – Россия – Евросоюз. Проблемы и перспективы интеграции. – М.: Восток-Запад, 2008. – 220 с.
- Алчинов В.М. СНГ – Россия – Евросоюз. Проблемы и перспективы интеграции. – М.: Восток-Запад, 2008. – 220 с.
- Шишков Ю.В. Европейская интеграция и СНГ: западный образец и его отражение в восточном зеркале // Российский экономический журнал.- - № 8.- С. 25-36.
- Погосов И. Декларации об экономическом союзе и реальная жизнь // Проблемы теории и практики управления. - - №1. - С.12-19.
- Данильцев А.В. Международная торговля: инструменты регулирования. Учебно-практическое пособие. – М.: Издательский Дом «Деловая литература», 1999. – 302 с.
- Данильцев А.В. Международная торговля: инструменты регулирования. Учебно-практическое пособие. – М.: Издательский Дом «Деловая литература», 1999. – 302 с.
- Данильцев А.В. Международная торговля: инструменты регулирования. Учебно-практическое пособие. – М.: Издательский Дом «Деловая литература», 1999. – 302 с.
- Тарр Дэвид Г. О характере тарифной политики: аргументы «за» и «против» унифицированных тарифов // Торговая политика и значение вступления в ВТО для развития России и стран СНГ /Под ред. Дэвида Г.Тарра. – М.: Издательство «Весь мир», 2006. – С.126-137.