1995 жылы 6 қаңтар күні Ресей мен Беларусь арасында жасалған Кеден одағы туралы Келісім [1] ерекше маңыздылыққа ие, өйткені кейін бұл екі жақты Келісім басқа мемлекеттердің қосылуы арқылы көп жақты шартқа айналып, түбінде Еуразиялық Экономикалық Қауымдастықтың құрылуына алып келді. Бұл құжаттың негізінде 1995 жылдың 20 қаңтарында үш мемлекеттің яғни Беларусь, Ресей және Қазақстанның Кеден одағы туралы бөлек Келісімі жасалды [2]. Осы Келісімнің 1 - бабында Уағдаласушы тараптар құрылуының мақсаттары мен қағидалары, механизмі мен құрылу сатылары, қызмет етуінің тәртібі, сондай-ақ кеден баждарының, салықтар мен алымдардың бөлінуі, уақытша шектеулер мен кеден бақылауын енгізу шарттары 1995 жылдың 6 қаңтарындағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы Келісімімен анықталатын бірыңғай Кеден одағын қалыптастырады делінген. Сол сияқты Келісімнің 2 - бабында Уағдаласушы тараптар жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша 1995 жылдың 6 қаңтарындағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы Келісімінен туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді толық көлемде өз мойнына алады деген ереже белгілінген. 3 баптың 2 тармағында тараптар Кеден одағының атқарушы органы құрылғанға дейін Ресей мен Беларусь арасындағы Келісімнің ережелерін басшылыққа алады деген норма бекітілген.
Демек, Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы Кеден одағы туралы үш жақты Келісім оның алдында жасалған ресейлік-беларустық Келісімге толығымен негізделген. Бұл осы үш жақты Келісімнің бірінші ерекшелігі. Оның басқа да құқықтық ерекшеліктерін атайтын болсақ, олар:
- бұл Келісімді біз үш жақты деп атағанмен, іс жүзінде өзінің құқықтық табиғаты жағынан ол екі жақты шарт болып есептеледі, өйткені Келісімнің кіріспе бөлімінде (преамбуласында) айтылғандай ол екі тарап арасында жасалған, яғни бір жағынан Беларусь Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі болса, екінші жағынан Қазақстан Республикасы Үкіметі;
- Келісімнің 9 - бабынан 5 бабы материалдық нормалар болып есептеледі, қалғандары процессуалдық баптар. Осы 5 баптың 4 бабы бланкеттік нормалар болып табылады, яғни олар басқа Шарттардың нормаларына (сол Шарттардың өзіне) сілтеме жасайды;
- 1995 жылдың 20 қаңтарындағы Келісімді 6 қаңтардағы Келісімнің жалғасы деуге болады. Құқық жағынан ол 6 қаңтардағы Келісімді жасаған екі субъектіге үшінші субъектіні қосады;
- 20 қаңтардағы Келісім 4 - баптың негізінде өзінің құрамына тағы екі құжатты енгізген, 4 - бапта былай делінген: «Уағдаласушы Тараптар Сыртқы экономикалық қызметті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы 20 қаңтар 1995 жылғы Келісім және Шектемелерсіз және айрықша ережелерсіз еркін сауда режимін енгізу туралы 20 қаңтар 1995 жылғы Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Хаттама осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылуына келісті».
20 қаңтардағы Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы Кеден одағы туралы Келісімнің өзі (кіріспе бөлімінде айтатындай) 24 қыркүйек 1993 жылғы Экономикалық одақты құру туралы Шартты жүзеге асыру үшін жасалған болса, 6 қаңтардағы Ресей мен Беларусь арасындағы Кеден одағы туралы Келісімнің жалғасы болып табылса және өз құрамына тағы екі шартты енгізген болса, бұл Келісім бір топ шарттар жүйесінің бөлігі болып табылады деген қорытынды жасауға болады. Сонымен, 1995 жылдың 20 қаңтарында Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында жасалған Кеден одағы туралы Келісімнен кейін осы жылдың 6 қаңтарында Ресей мен Беларусь арасында жасалған Кеден одағы туралы Келісімге қайтып келейік.
6 қаңтар 1995 жылғы Ресей мен Беларусь арасындағы Кеден одағы туралы Келісім құрылымы жағынан өте қарапайым жасалған, оның құрамында бөлімдер не тараулар жоқ, ол кіріспеден және 8 баптан тұрады. Олардың ішінен соңғы екі бап процедуралық мағынаға ие екендігін ескерсек, Келісімнің материалдық баптар саны бар-жоғы 6 болады.
Кіріспе бөлімде Ресей мен Беларусь үкіметтерінің:
- тұрақталған және өзара пайдалы экономикалық қарым-қатынастарды құру талпынысы;
- Біріккен Ұлттар Ұйымының құжаттарында бекітілген демократиялық қағидалар негізінде адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының одан әрі дамуын қамтамасыз ету ниеті;
- ГАТТ/ДСҰ (ВТО) ережелерін бағыт-бағдар ретінде басшылыққа алынуы мен экономикалық қатынастардағы жалпы танылған халықаралық нормаларды тануы;
- өзара пайдалы экономикалық ынтымақтастықтың еркін дамуына негізделетіндерін растауы,
- Кеден одағын саты-сатысымен қалыптастыруға өту арқылы Экономикалық одақ құру туралы Шарт ережелерінің жүзеге асырылуын жалғастыру ниеті;
- интеграцияның әрбір нысанына жекелеген келісімдер арқылы өзара байланысты шаралар кешенінің жасалуын көздейтін Экономикалық одақты құру туралы Шарттың 4 - бабын басшылыққа алуы;
- Ресей Федерациясы Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметі арасындағы 12 сәуір 1994 жылғы Сыртқы экономикалық қызметті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы Келісім (Мәскеу) шеңберінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуі;
- Кеден одағын саты - сатысымен қалыптастырудағы Уағдаласушы Тараптардың міндеттемелері мен құқықтарын анықтау мақсаты көрсетілген.
Келісімнің 1 - бабы «Кеден одағының мақсаттары мен қызмет етуінің қағидалары» деп аталады.
Бұл бап екі тармақтан тұрады:
- Кеден одағының мақсаттары, атап айтқанда:
- шаруашылық субъектілері арасындағы еркін экономикалық әрекеттесу үшін мемлекеттерді бөліп тұрған кедергілерді жою арқылы олардың әлеуметтік-экономикалық өрлеуін біріккен әрекеттермен қамтамасыз ету;
- экономиканың тұрақты дамуына, еркін тауар айналымына және адал бәсекелестікке кепілдік беру;
- өз елдерінің экономикалық саясаттарының үйлестірілуін нығайту және ұлттық халық шаруашылықтарының жан-жақты дамуын қамтамасыз ету;
- ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыру үшін жағдай жасау;
- Кеден одағына мүше мемлекеттердің әлемдік нарыққа белсенді шығуына жағдай туғызу;
- Кеден одағының қағидалары (Келісім мәтінінде «Уағдаласушы Тараптар Кеден одағын мемлекеттердің келесі қағидаларға негізделген экономикалық бірлестігі ретінде анықтайды» делінген):
а) Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағының болуы, бірыңғай кеден аумағының қалыптасуы келесі шаралар арқылы жүзеге асырылады:
- Уағдаласушы Тараптардың аумақтарынан шыққан тауарлардың саудасында кеден баждарын, салықтарды және ұқсас әсері бар алымдарды, сондай-ақ сандық шектеулерді жою;
- үшінші елдермен қарым-қатынастарда бірдей сауда режимін, ортақ кедендік тарифтер мен сыртқы сауданы реттеудің тарифтік емес шараларын белгілеу және қолдану;
- Кеден одағының үшінші мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынас механизмін Ресей Федерациясы Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметі арасындағы 12 сәуір 1994 жылғы Сыртқы экономикалық қызметті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы Келісім ережелерінің негізінде қалыптастыру;
б) унификацияланған заңнамаға және шаруашылық жүргізудің нарық қағидаларына негізделген экономиканы реттеудің біртектес механизмінің болуы.
Келісімнің 2 - бабы «Кеден одағын құрудың механизмі мен сатылары» деп аталады. Бұл ең көлемді және маңызды баптардың бірі, ол 9 тармақтан тұрады. Бірінші тармақ бойынша Уағдаласушы Тараптар Кеден одағын құру бойынша өзара байланысты шаралар кешенін жүзеге асырады және олар келесі міндетті элементтерді қамтуы тиіс:
- бірінші саты. 15 сәуір 1994 жылғы Еркін сауда аймағын құру туралы Келісімнің қызмет ету механизмін іс жүзінде қолдану және, ең алдымен, Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Ресей мен Беларусь арасындағы Шектемелерсіз және айрықша ережелерсіз еркін сауда аймағы режимін енгізу туралы 6 қаңтар 1995 жылғы Хаттамаға сәйкес өзара саудадағы тарифтік және сандық шектеулерді жою. Өзара саудадағы шектеулердің жойылуы Ресей мен Беларусь Үкіметтері арасындағы Сыртқы экономикалық қызметті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы 12 сәуір 1994 жылғы Келісімін қолдану және толығымен бірдей болып табылатын сыртқы экономикалық байланыстарды реттеу жүйелерін құру (оның ішінде тарифтік және тарифтік емес реттеу), сондай-ақ бірдей сауда режимін, үшінші елдерге қатысты ортақ кеден тарифтері мен тарифтік емес реттеу шараларын белгілеу негізінде жүзеге асырылады.
- Келісімге қол қойылғаннан кейін төрт ай ішінде сыртқы сауда, кеден, валюталық-қаржылық, салықтық және сыртқы экономикалық қызметке байланысты басқа да заңнаманы унификациялау, соның ішінде келесілерге қатысы бар заңнаманы:
- Уағадаласушы Тараптардың шаруашылық жүргізетін субъектілері үшін тең мүмкіндіктер мен кепілдіктерді қамтамасыз ететін нарықтық қағидалар негізіндегі шаруашылықтың экономикалық жайларына қатысты;
- баға саясатына қатысты;
- валюталық реттеу мен валюталық бақылауға;
- экспорттық бақылауға;
- теріс пиғылдағы бәсекелестік пен шектемелері іскерлік тәжірибеге;
- зияткерлік меншікке қатысты.
- Кеден одағынының үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынастар механизмін Уағдаласушы Тараптардың біреуіне тиісті өкілеттіктер беру негізінде қалыптастыру.
Екінші баптың екінші тармағы бойынша тараптар экономикалық қызметті реттейтін ұлттық заңнаманы унификациялау бойынша жұмысты ұйымдастырады. Олар бір - біріне қолданыстағы актілердің мәтіндерін беруге, ұлттық экономиканы реформалауға қатысты олардың ережелер мазмұынын түсіндіру және нақтылау бойынша көмектесуге міндет қабылдады.
Үшінші тармақта тараптар құқықты қолдану тәжірибесі мен келесі әдістердің бірдей қолданылуын қамтамасыз етілуіне бақылау жасауға келісті:
- үшінші елдерге рұқсат етілмеген кері экспортқа жол бермеуді бақылайтын сенімді механизмдерді орнықтыру;
- сауда және саудаға қатысы жоқ операциялар бойынша төлемдік-есептік қатынастарды екі жақты және көпжақты негізде жүзеге асыру;
- үшінші елдерге қатысты сыртқы экономикалық байланыстардың бірыңғай реттелуін қолдану;
- шаруашылық жүргізудің экономикалық жайларын жақындастыру;
- сыртқы саудадағы кедендік статистиканы жүргізу;
- тараптардың сыртқы кеден шекараларында сенімді кедендік бақылауды жүзеге асыру.
Екінші баптың 4 - тармағында Кеден одағын құрудың екінші сатысы белгіленген, яғни бірінші сатыда көзделген барлық шаралардың орындалуынан кейін тараптардың кеден аумақтарының бірыңғай кеден аумағына бірігуі және Кеден одағының халықаралық құқықтық субъектілігі мен қолданыстағы халықаралық шарттардың тағдырының шешілуі.
Екінші баптың бесінші тармағы бойынша тараптар 10 желтоқсан 1994 жылы ТМД Үкіметтер басшылары Кеңесімен мақұлданған ТМД қатысушы мемлекеттерінің кеден заңнамаларының Негіздерін қолданады. Алтыншы тармақ бойынша тараптар 10 желтоқсан 1994 жылы ТМД Үкіметтер басшылары Кеңесімен мақұлданған ТМД қатысушы елдерінің сыртқы саудадағы кедендік статистиканың бірыңғай әдістемесін қолданады. Жетінші тармақта тараптар 24 қыркүйек 1993 жылы ТМД Үкіметтер басшылары Кеңесімен бекітілген және кейін өзгертіліп толықтырылған, Тауарлардың шығу елін анықтау Ережелерін қолданады делінген. Сегізінші тармақта тараптар 15 сәуір 1994 жылы Мәскеуде қол қойылған Тауарлардың кері экспорты мен кері экспортқа рұқсат беру тәртібі туралы Келісімін қолдануға міндет қабылдады. Екінші баптың соңғы, тоғызыншы тармағы бойынша тараптар Келісімді жүзеге асыру барысында өзара келісім бойынша осы бапта көрсетілген сатылардағы жекелеген шаралардың мазмұны мен мерзімдеріне толықтырулар енгізе алады. Сонымен, Келісімнің 1-4 тармақтары Кеден одағын құрудың екі сатысы мен оның механизмін белгілейді. Екінші баптың 5-8 тармақтары бұрын жасалған Шарттардың Кеден одағына қатысты толық қолданылуын қарастырады. Ал соңғы тоғызыншы тармақ процедуралық сипатқа ие десек болады.
Келісімнің 3 - бабы «Кеден одағын құру бойынша жұмыстың ұйымдастырылуы» деп аталады және жалғыз нормадан тұрады. Бұл нормада тараптар Кеден одағын құру мақсатында оның құрылуының мақсаттарынан, қағидаларынан, шарттары мен сатыларынан туындайтын мәселелер бойынша екі жақты және (немесе) көпжақты кеңесулер (консультациялар) механизмін қолданады делінген.
Төртінші бап «Кеден баждарының, салықтар мен ұқсас әсері бар алымдардың бөлінуі» деп аталады және ол өз кезегінде, төрт тармақтан тұрады:
- Үшінші ел аумағынан шыққан тауарларға салынатын кіргізу кеден баждарының, салықтар мен ұқсас әсері бар алымдардың сомалары тауардың бағытталған елі болып табылатын тараптың бюджетіне енгізіледі.
- Үшінші ел аумағынан шыққан, бірақ бір Уағдаласушы Тараптың аумағынан екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына шығарылатын тауарларға салынатын шығару кеден баждарының, салықтар мен ұқсас әсері бар алымдардың сомалары осы тауар қай Уағдаласушы Тараптың аумағынан шығарылса соның бюджетіне төленеді.
- Кез - келген Уағдаласушы Тараптың аумағынан үшінші елге шығарылатын тауарлардың шығару кеден баждарының, салықтары мен ұқсас әсері бар алымдарының сомалары:
а) кез - келген Уағдаласушы Тараптың аумағынан шыққан тауарларға қатысты, келесі (төмендегі) тармақша ережесін ескере отырып («б» тармақшасы), қай тараптың аумағынан тауар шыққан болса, сол елдің бюджетіне төленеді;
б) кез - келген Уағдаласушы Тараптың аумағында басқа Уағдаласушы Тараптың аумағынан шыққан шикізат пен (немесе) материалдардан жасалған тауарларға қатысты, шығару кеден баждарының сомаларын келісіп бөлінуіне сәйкес Уағдаласушы Тараптардың бюджеттеріне төленеді;
в) үшінші ел аумағынан шыққан тауарларға қатысты, қай Уағдаласушы Тараптың аумағынан тауар шығарылса, сол елдің бюджетіне төленеді.
- Тараптар кеден баждарының, салықтар мен ұқсас әсері бар алымдардың өзара аударылу тәртібін келісімге келтіреді.
Сөйтіп, Келісімнің 4 - бабы Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бюджеттеріне төленуге тиісті кеден баждарының, салықтар мен ұқсас әсері бар алымдардың бөліну тәртібін белгілейді.
Қарастырып отырған Келісімнің 5 - бабы «Уақытша шектеулерді енгізу шарттары» деп аталады. Бұл өте маңызды бап, өйткені кез - келген шектеулер Кеден одағының режимін бұзады, оның мақсаттарына қайшы келеді. Сондықтан да, мұндай шектеулердің енгізілуі, біріншіден, қысқа мерзімге ғана рұқсат етілуі мүмкін, екіншіден, нақты белгіленген тәртіп негізінде енгізілуі мүмкін. Сонымен, тарифтік, сандық немесе өзге де осыларға ұқсас шаралар арқылы өзара саудадағы уақытша шектеулер келесі жағдайларда ғана қолданыла алады:
- ішкі нарықтағы белгілі бір тауардың шектен тыс жетіспеушілігі (острый дефицит) – нарықтағы жағдай тұрақтанғанша;
- төлем балансының шектен тыс жетіспеушілігі (дефициті) – төлем балансына қатысты жағдай тұрақтанғанша;
- егер Уағдаласушы Тараптардың біреуінің аумағына белгілі тауардың саны немесе жағдайы жағынан кіргізілуі ұқсас тауарларды немесе онымен бәсекелес тауарларды шығаратын отандық өндірушілерге зиян келтіретін болса немесе зиян келтіру қаупін туғызса.
- Шектеу шараларын қолдану қажеттілігі туындаған жағдайда, оларды қолдану алдында Уағдаласушы Тараптар бір - біріне кеңесу (консультация) үшін тиісті ақпарат беруі керек. Тараптар үшін қолайлы болатындай шешім қабылдау үшін жүргізілетін кеңесу неғұрлым қысқа мерзімде жүзеге асырылуы тиіс.
- Егер осындай кеңесулер нәтижесінде Уағдаласушы Тараптар тиісті ақпарат алғаннан кейін 45 күн ішінде қалыптасқан жағдайға байланысты қабылданатын шаралар жөнінде келісімге келе алмаса, кеңесу өткізуді талап еткен Тарап зиянның алдын алу немесе оны өтеу үшін қажетті болатын көлем мен мерзімге шектеу шараларын енгізуге құқылы.
- Зиянның орнын толтыру қиынға соғатын қауіпті жағдайларда аталған шаралар кеңесулерге дейін қолданылуы мүмкін, бірақ мұндай жағдайда кеңесулер шаралар қабылданғаннан кейін бірден өткізілуі тиіс.
- Уағдаласушы Тараптардың біреуі тауарларды кіргізуге және шығаруға уақытша шектеулер енгізілу сәтінен екінші Тарапқа неғұрлым қысқа мерзім ішінде хабарлануы тиіс.
- Уағдаласушы Тараптар өзара саудадағы тарифтік және (немесе) сандық шектеулерді енгізуге негіз беретін жағдайлардың пайда болу мүмкіндігін жою үшін нормативтік-құқықтық базасын унификациялау бойынша жұмысын жалғастырады.
- Тараптар квоталанатын және лицензияланатын тауарлардың шығарылуына (кіргізілуіне) бақылау жасайды.
Қарастырып отырған Келісімнің 6 - бабы «Кедендік бақылау» сауалына арналған. Бұл баптың бірінші тармағы бойынша Тараптар Беларусь пен Ресей Үкіметтері арасындағы тиісті Келісім негізінде кеден органдарының басқарылу бірыңғайлылығын қамтамасыз етуге келісті. Екінші тармақта, алдындағы тармақ ережелерін ескере отырып, Тараптар:
- тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуіне біріккен бақылау ұйымдастыруға келісті және мұндай бақылаудың ұйымдастырылуы мен тәртібі Уағдаласушы Тараптардың кеден органдары арасындағы жекелеген уағдаласулармен (хаттамалармен) реттелуі тиіс;
- өздерінің сыртқы шекаралардағы сенімді кедендік бақылауды қамтамасыз ету жағдайында ортақ шекарадағы кедендік бақылауды жоюға міндет қабылдады.
Келісімнің 7 - бабы айрықша ережелерге арналған, яғни Келісім кез - келген Уағдаласушы Тараптың халықаралық құқық пен ішкі заңнамасына сәйкес мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегелігін, өз халықтарының мәдени-тарихи мұрасын, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға құқығын шектемейді.
Келісімнің соңғы, 8 - бабы «Қорытынды ережелер» деп аталады және келесі тармақтардан тұрады:
- Келісім ережелерін түсіндіру және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез - келген даулар мен келіспеушіліктер кеңесулер арқылы шешіледі.
- Келісім Уағдаласушы Тараптардың осы Келісімге қайшы келмейтін басқа халықаралық шарттарының әрекетіне қатысы болмайды; қажет болған жағдайда Тараптар оларды осы Келісімге сәйкес келтіруге міндет қабылдайды.
- Кез - келген Тарап Келісімнен шығу жөніндегі ниетін шығу алдында 12 ай бұрын екінші Тарапқа жазбаша түрде ресми хабарлама жіберу арқылы Келісімге қатысуын тоқтата алады.
- Келісім қол қойылған сәттен бастап уақытша қолданылады және Тараптардың барлық қажетті ішкі мемлекеттік процедуралардың орындалуы туралы хабарламаларымен алмасу уақытынан бастап күшіне енеді.
- Келісім қосылу кезінде оның қолданыстағы ережелерін таныған және оларды толық көлемде орындауға дайын екендігін білдірген кез - келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттің қосылуына ашық.
Келісім Минск қаласында орыс және беларус тілдеріндегі екі дәлме-дәл данада жасалған және екі мәтін де бірдей күшке ие.
Сонымен, қарастырып өткен Келісім ерекше маңыздылыққа ие, оның ережелері Кеден одағын құрудың нақты сатылары мен механизмін белгілеген, мұндай Одақтың қызмет ету ерекшеліктерін көрсеткен. Кейін бұл Келісімнің ережелерін Қазақстан (екі апта өте), Қырғызстан және Тәжікстан қабылдады.
Әдебиеттер
- Соглашение о Таможенном союзе между Российской Федерацией и Республикой Беларусь (Минск, 6 января 1995 года) // www.cis.by
- Соглашение о Таможенном союзе между правительствами Республики Беларусь, Республики Казахстан и Российской Федерации (Москва, 20 января 1995 года) // Казахстан – международные договоры с государствами-участниками СНГ / Авт.-сост. Э.Б. Мухмеджанов, И.В. Межибовская. – Алматы: Баспа, 1997. – С.391-393.