Бүгінгі күні Еуропалық Қауымдастық мемлекеттердің басқа интеграциялық топтарының арасында ең жемісті болғандықтан оның интеграциялық үлгісін «классикалық» деп біледі және бұл үлгіні құрайтын интеграция сатыларын да «классикалық» деп атауға болады. Ол дұрыс та шығар! Ал әлемнің басқа бірде-бір аймағында бұл үлгіні мемлекеттер барлық ниеттеріне қарамастан қайталай алмады.
Біздер үшін Еуропалық Қауымдастықтың интеграциялық тәжірибесі аса маңызды, өйткені Еуразиялық экономикалық қауымдастық шегінде тап осы тәжірибе басшылыққа алынған. Мысалы, С.Ж. Айдарбаевтың айтуынша ТМД елдерінің әртүрлі интеграциялық бірлестіктері шегінде қабылданған құжаттар көрсететіндей, олардың интеграциясының негізіне мемлекеттер тәжірибесінде пайда болған және ғылыми доктринамен өңделген интеграция теориясының негіз қалаушы ережелері жатқызылған [1, 7 б.]. Ғалымның пікірі бойынша ТМД Жарғысы қабылданған 1993-ші жылы аймақтық интеграция ТМД елдері ынтымақтастығының басты бағыттарының бірі ретінде Экономикалық Одақты құру туралы Шартта өзінің халықаралық-құқықтық негізіне, нақты мақсаттарына, қағидалары мен бағыт-бағдарларына ие болды [2, 5 б.].
Ол шынымен де солай, өйткені Экономикалық одақты құру туралы Шартта мұндай одақтың мақсаттарының бірі ретінде «нарықтық қатынастар негізінде ортақ экономикалық кеңістікті саты-сатысымен құру» белгіленген (2 бап). Шарттың 3-ші бабы бойынша Экономикалық одақта тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің еркін қозғалуы, келісімге келтірілген ақша-несие, бюджеттік, салық, баға, сыртқы экономикалық, кеден және валюталық саясат, Келісімге келуші елдердің шаруашылық заңнамаларын үйлесімге келтірілуі, ортақ статистикалық негіздің болуы қарастырылған. Экономикалық одақ интеграцияны сатылар бойынша тереңдету, экономикалық реформалардың жүргізілуіндегі іс-қимылдарды үйлесімге келтіру жолымен келесі сатылар арқылы жүзеге асырылуы тиіс еді:
- еркін сауданың (көпжақты) мемлекетаралық ассоциациясы;
- кеден одағы;
- тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің ортақ нарығы;
- валюталық (ақша) одағы.
Интеграцияның әрбір нысаны шеңберінде жекелеген келісімдерге сәйкес өзара байланысты шаралар кешені қабылданып, жүзеге асырылуы тиіс болатын (4 бап) [3].
Байқайтын болсақ, ТМД елдерінің құрылуға жоспарланған Экономикалық одағы еуропалық интеграцияның өткен сатыларын толығымен қайталайды. Бұл ұқсастық тиісті жекелеген шарттармен танысқан кезде күшейе түседі. Бұған дәлел ретінде осы бағытта жасалған екі халықаралық шартты келтіруге болады. Олардың біріншісі, 1994-ші жылдың 15-ші сәуірінде қабылданған Еркін сауда аймағын құру туралы Келісім еді [4]. Осы Келісім бойынша оған қатысушы тараптар еркін сауда аймағын құрудың төменде көрсетілген нақты міндеттерін шешуде өзара іс-әрекеттерді қамтамасыз етеді, атап айтқанда (1 бап):
- кеден баждарын, сондай-ақ оларға ұқсас әсері бар салықтар мен алымдарды, және сандық шектеулерді жояды;
- тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалуындағы өзге де кедергілерді жояды;
- сауда және өзге де операциялар бойынша өзара есеп-айырысу мен төлемдердің тиімді жүйесін құрады және дамытады;
- осы Келісімнің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инвестициялар, қаржы, әлеуметтік салаларындағы, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту және т.с.с. салаларындағы мақсаттарына жету үшін сауда-экономикалық саясатты жүргізуде ынтымақтастыққа түседі;
- салааралық және сала ішіндегі кооперация мен ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа көмектеседі;
- еркін сауда аймағының тиісті де тиімді қызмет етуі үшін қажетті болатын деңгейде Келісуші Тараптардың заңнамаларын үйлесімге және (әлде) сәкестікке келтіреді.
Келісімнің 3-ші бабы бойынша Тараптар Келісуші Тараптардың біреуінің кеден аумағынан шыққан және басқа Келісуші Тараптардың кеден аумағына арналған тауарлардың кіргізілуіне және (әлде) шығарылуына кеден баждарын, сондай-ақ әсері соларға ұқсас салықтар мен алымдарды қолданбайды.
Екінші шарт – 1995-ші жылдың 20-шы қаңтарында қабылданған Кеден одағы туралы Келісім [5]. Бұл құжатта Кеден одағының мақсаттары мен құрылу қағидалары, тетігі мен сатылары және қызмет ету тәртібі белгіленген.
Бірақ еркін сауда аймағы мен кеден одағының етене байланысын жарқын байқататын құжат – ол, 1999-шы жылдың 26-шы ақпанында қабылданған Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы Шарт еді [6]. Осылай деп айтуға толық негіз бар, өйткені Шарттың мазмұны алты тарауға бөлінгенмен, іс жүзінде ол екі негізгі бөліктен тұрады:
- біріншісі (III тарау) «Кеден одағының құрылуын аяқтау» деп аталса (8-24 баптар);
- екінші бөлік (IV тарау) «Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру» деп аталады (25-55 баптар).
Шарттың тағы бір назар аударатын тұсы – Кеден одағын құру процессінің аяқталуына арналған бөлімнің үш бөліктен тұратыны, олар:
- тауарлардың еркін саудасының режимі (8-10 баптар);
- тауарлардың сыртқы саудасын реттеу (11-19 баптар);
- кеден одағы (20-24 баптар).
Демек, Кеден одағы құрылуының толығымен аяқталуы еркін сауда аймағы режимін де қамтитынын көріп отырмыз. Ол, біздің ойымызша, бір жағынан, еркін сауда аймағы мен кеден одағы режимдерінің аймақтық интеграция процессі барысындағы белгілі бір тұтастықты құрайтын бір саты шеңберінде біріктірілетінін көрсетсе, екінші жағынан, мұндай біріктірудің объективтік негізі ретінде тарифтік реттеу әдісі жатқанын байқатады.
Мәселен, Шарттың 7-ші бабы бойынша Бірыңғай экономикалық кеңістік сатылар бойынша құрылады және бір сатыдан екінші сатыға өту Шарттың ерекше мақсаттарына іс жүзінде қол жеткізу және Тараптардың өз мойнына алған міндеттемелерін орындау негізінде іске асырылады. Бізді ерекше қызықтыратын бір жай – Шарттың осы бабындағы интеграция сатыларының белгіленуі, олар:
- бірінші сатының мақсаты Кеден одағы мен бірыңғай кеден аумағының құрылуы;
- екінші сатыда тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен еңбектің ортақ (ішкі) нарығын қалыптастыруын, ортақ экономикалық саясаттың жүргізілуін және бірыңғай инфрақұрылымның құрылуын, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қызмет етуін қамтамасыз ететін Тараптар заңнамасын үйлесімге келтіру процессінің аяқталуын қамтитын Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы;
- Тараптардың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін келісімге келтіруге бағытталған экономикалық ынтымақтастықтың келесі сатылары.
Келтірілген мәліметтерді дұрыс түсіну үшін «бірыңғай экономикалық кеңістік» ұғымының Шартта бекітілген анықтамасына да көңіл бөлу керек (1 бап). Ол жерде Бірыңғай экономикалық кеңістік ретінде «Тараптардың аумақтарынан құралатын нарықтық қағидаларға және үйлестірілген құқықтық нормалардың қолданылуына негізделген экономиканы реттеудің біртиптес тетіктері қызмет ететін, бірыңғай инфрақұрылымы бар және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалуын қамтамасыз ететін келісімге келтірілген салық, валюталық-қаржылық, ақша-несие, сауда және кеден саясаты жүргізілетін кеңістік» түсініледі.
«Ортақ (ішкі) нарық» ретінде «бірыңғай кеден аумағындағы экономикалық қатынастардың жиынтығы» танылған, ал «бірыңғай кеден аумағы» деп «Ортақ кеден тарифы орнатылған, тарифтік емес реттеудің бірыңғай шаралары қолданылатын, унификацияланған кеден ережелері әрекет ететін, кеден қызметтерінің бірдей басқарылуы қамтамасыз етілген және ішкі кеден шекарасындағы кедендік бақылау алынып тасталған Тараптардың кеден аумақтарынан құрылатын аумақ» түсініледі.
Жалпы алғанда ортақ ішкі нарық бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрамдас элементі болып табылатынын байқауға болады.
Сонымен бірге, бірінші саты, яғни Кеден одағы құрылуының аяқталуы сатысы еркін сауда аймағы мен кеден одағын құру мәселелерімен шектелмейді, өйткені Шарт бойынша бұл сатының тағы бір құрамдас бөлігі бар, ол – тауарлардың сыртқы саудасын реттеу. Бұл мәселеге қатысты Шарттың 12-ші бабы ерекше маңыздылыққа ие. Осы бапта сыртқы сауда қызметін реттеудің және оны бірдей өзгерту мен толықтыру бойынша шешім қабылдаудың бірыңғай тәртібі келесі салаларды қамтиды делінген:
- сыртқы сауда қызметін тарифтік реттеу;
- үшінші елдермен жүргізілетін сауданы реттеудегі тарифтік емес шаралар;
- үшінші елдермен қарым-қатынастарда орнатылатын сауда режимін белгілеу;
- үшінші елдермен жүргізілетін сыртқы сауда операцияларына жанама салық салу;
- сыртқы сауда операцияларын валюталық реттеу.
Бұл баптың көзге түсетін тұсы – тарифтік емес реттеу шараларының аймақтық интеграция процессінің бірінші сатысы шегінде қолданыла беруі, яғни, тарифтік және тарифтік емес реттеу интеграцияның біз ұсынып отырған бірінші сатысында да, екінші сатысында да қолданылады.
Келтірілген мәселелер осы күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ, өйткені біз қарастырған Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру туралы Шарт, біріншіден, әлі өз күшінде, екіншіден, ол Еуразиялық экономикалық қауымдастықты құру туралы Астана Шартының негізіне жатқызылған [7].
Әлемдік банктің сарапшылары К. Михалопулос пен Дэвид Г. Тарр, ТМД елдерінің сауда режимдерінің келесі ерекшеліктерін атайды. Импортқа қатысты мемлекеттердің көпшілігі сандық шектеулер мен лицензияларды енгізуден бас тартып келді, бірақ протекционистік лоббидың қысымшылығы күшеюі кейбір елдерде (мысалы, Өзбекістанда) немесе кейбір салаларда (мысалы, Ресейдегі алкогольдік ішімдіктерді шығару) бақылаудың аталған түрлерінің енгізілуіне алып келді. ТМД елдерінінң тарифтік режимдеріндегі айырмашылықтар көп болғанымен, оларда 30%-н асатын тарифтерді табу қиын. Кейбір ТМД елдерінде өте төмен тарифтер қолданылады: мысалы, Арменияда ең жоғары тариф 10% тең, Қырғызстанда бірыңғай 10%-дық тариф енгізілген. Басқа ТМД елдерінде болса кейбір тауар түрлеріне қойылған тариф 100%-ға дейін жетеді.
Экспортқа келетін болсақ ТМД елдерінің көпшілігінде экспорттық бақылау қатал емес, бірақ ең маңызды деген тауар түрлерінің (мысалы, мақта, мұнай табиғи газ сияқты) сыртқа шығарылуы мемлекеттік сауда арқылы экспорттық бақылауға алынған. ТМД елдерінің өзара саудасы сауда туралы келісімдер негізінде еркіндік сипатына ие, бірақ тәжірибеде экспорттық және валюталық бақылау мұндай сауданы шектейді. Сол сияқты есеп айырысу жүйесінің әлсіздігі де сауда тежегіштерінің бірі болып отыр. Сонымен қатар, ТМД елдерінің көпшілігінде қосымша құн салығының аралас жүйесі орнатылған, яғни оларда ТМД елдерімен жүзеге асырылатын саудаға «шығу жері» қағидасы қолданылса, басқа елдермен жасалатын саудаға – тауардың «баратын жері» қағидасы қолданылады. Демек, сырттан келетін импортқа қосымша құн салығы салынатын болса, сыртқа кететін экспортқа нольдік баж ставкасы қолданылады [8, 212 б.].
Жоғарыда қарастырылған мәселелер біздің сыныптамамызды бұзбайды, себебі интеграцияның бірінші сатысында тарифтік реттеу мәселелері басым болса, оның екінші сатысында тарифтік реттеу мәселелері тіптен кездеспейді не өте аз мөлшерде кездесуі мүмкін. Демек, екінші саты шегінде тарифтік емес реттеу шаралары әлдеқайда басым болады. Бірінші сатыда тарифтік емес шаралар тарифтік реттеуді толықтыру және оның тиімділігін арттыру мақсатында ғана қолданылады десек қате болмас.
Сонымен, Шартқа қол қойған мемлекеттер аймақтық интеграцияның нақты екі сатысын белгілеген, олар – Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік – ал одан кейінгі сатылар жөнінде жалпы түрде ғана айтылған. Біздің пікіріміз бойынша, мұның басты себебі – бір жағынан, бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылғанынан кейін пайда болуы мүмкін мәселелерді бөлек шарттар негізінде шешу мүмкіндігі, ал екінші жағынан, интеграцияға қатысушы елдердің өз егемендігінен айырылғысы келмейтіндігі.
Интеграцияның «классикалық» нысандарын келтірген кезде бірден көзге түсетіні, олардың еуропалық интеграция сатыларын толығымен қайталауы. Ол түсінікті де, өйткені Еуропа аймағындағы интеграция бірегейлік сипатқа ие. Бірде-бір басқа интеграциялық бірлестік, тіпті дамыған елдердің бірлестіктері де, мысалы, не Еркін сауданың еуропалық ассоциациясы (ЕСЕА/ЕАСТ), не НАФТА, бұл сыныптама бойынша бірінші не екінші сатыдан жоғары орын ала алмайды.
Ресейлік ғалым В.М. Алчиновтың пікірі бойынша халықаралық тәжірибе көрсететіндей, өзінің ішкі қайшылықтарына байланысты интеграцияның нақты процессі Еуропалық Одақ дамуының сатылық үлгісі байқататындай кезекпен және тұрақты болып жүре алмайды. Мұның себебі аймақтық интеграцияның қазіргі тәжірибесі бойынша бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудың күрделілігі және тараптар мүдделерінің әртүрлі болуы еуропалық үлгі пішініне сыймайды. Жаңа аймақтық интеграциялық топтардың қатысушы елдер үшін міндетті күші бар шешім қабылдайтын иерархиялық институциялық құрылымдары бола бермейді. Ол аздай, әртүрлі топтардағы саяси құралдар тізімінің өзі әртүрлі. Сонымен қатар, аймақтық топтар шегінде реттелетін мәселелер шеңбері маңызды өзгерістерге ұшырады. Яғни, бұрын тауарлардың, қызметтердің, капиталдар мен жұмыс күшінің қозғалу жолындағы мемлекет-аралық кедергілерді жою жөнінде әңгіме қозғалса, ендігі жерде мәселе ұлттық экономикалардың өзінде шаруашылық процесстерді реттеу жағына бұрылды (салық жүйелерін, нарықтарға қол жеткізу режимін, стандарттар жүйесін және т.б. үйлесімге келтіру). Экономикалық саясатты аймақтық шеңберде үйлесімге келтіру бұрыңғыға қарағанда тереңірек деңгейге жетіп отыр [9, 10-11 б.].
Аталған ерекшеліктер бұрындары басымдыққа ие болған аймақтық топтар тетіктерінің мәні мен интеграция сатыларының кезектілігі жөніндегі көзқарастарды маңызды өзгерістерге ұшыратты. В.М. Алчиновтың көзқарасы бойынша жаңа аймақтық бірлестіктер үшін, оның ішінде ТМД үшін де, классикалық бес сатылы үлгінің сай келмеуі аймақтық топтардың қалыптасуын түсіндіру үшін бұрын ұсынылған тұжырымдардың да жарамсыздығына алып келеді [9, 12 б.].
Біз де осы пікірге қосыламыз. Демек, бүгінгі күннің аймақтық интеграция процесстерін, оның ішінде аймақтық интеграцияның сатыларын түсіндіру үшін жаңа теориялық ізденістер керек.
Ю.В. Шишковтың айтуынша еркін сауда аймағы мен кеден одағы шартқа келуші мемлекеттердің «өзара кедендік қарусыздануының» екі баламасы болып табылады, сондықтан оларды бір процесстің екі тұсы ретінде қарастыруға болады [10, 27 б.]. Сол сияқты ресейлік зерттеуші И. Погосов та аймақтық экономикалық интеграцияның бастапқы сатысы ретінде кеден одағын ғана мойындайды, бірақ оны сипаттаған кезде еркін сауда аймағының да белгілерін келітіреді [11, 14 б.].
Жалпы алғанда сыртқы сауданы реттеу құралдарының көп болуына байланысты (олардың саны мыңнан асады) оларды әртүрлі негіздер бойынша сыныптауға болады. Мысалы, ресейлік ғалым А.В. Данильцев мұндай сыныптамалардың бірталайын келтіреді, атап айтқанда:
- реттеу шараларының сипаты мен қолдану мақсаттары бойынша:
- тауарға кеден шекарасын кесіп өткен кезде реттеу шараларының қолданылуын талап ететін құралдар (шекаралық шаралар);
- ішкі нарыққа қатысты болып келетін, бірақ шетелдік тауарлардың ішкі нарыққа кіргізілу шарттарына әсер ететін шаралардың қолданылуын талап ететін құралдар;
- отандық тауарлардың шетелдік нарыққа шығарылу шарттарын жақсарту үшін қолданылатын құралдар;
- қолданылатын құралдардың сипаты бойынша:
- тарифтік құралдар – кеден баждары мен өзге де кедендік-тарифтік шаралар;
- тарифтік емес құралдар – жоғарыда көрсетілгендерден басқа құралдардың барлығы;
- бәсекелестік жағдайына әсер ету сипаты бойынша:
- ішкі нарықтағы шетелдік бәсекелестікті шектейтін құралдар;
- әділ бәсекелестікті қамтамасыз ететін құралдар;
- шетелдік нарықтардағы отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттігін арттыратын құралдар;
- шетелдік нарықтардағы бәсекелестікті шектеуге және тауарлардың осы нарықтарға жеткізілуін жеңілдетуге бағытталған құралдар;
- реттеу құралдарының қолданылу ерекшеліктері бойынша:
- автономиялық шаралар (біржақты тәртіпте қолданылады);
- екі жақты шаралар (екі жақты келісімдер шеңберінде қолданылады);
- көп жақты шаралар (көпжақты келісімдер шеңберінде қолданылады);
- протекционизм нысандарының тарихи дамуы мен халықаралық сауда эволюциясы бойынша:
- дәстүрлі протекционизм құралдары (шетелдік тауарлардың ішкі нарыққа кіргізілуіне жалпы кедергілер қою);
- таңдаулы протекционизмге тән құралдар (теріс пиғылды бәсекелестік пен аса қауіпті шетелдік бәсекелестерге қарсы бағытталады және қорғау мақсатынан көрі коррекция функциясын көбірек атқарады) [12, 22-25 б.].
Демек, тарифтік және тарифтік емес реттеу - көптеген сыртқы сауданы реттеу құралдарының бірі, бірақ басқаларына қарағанда олар «таза» экономикалық белгілерге негізделген, сондықтанда көп жағдайларда, әсіресе сыныптама жүргізу кезінде басшылыққа алынады.
Әрине, экономикалық тұрғыдан қарағанда кедендік-тарифтік реттеудің мазмұнын құрайтын кеден баждары жанама салықтарға, яғни тауар бағасына қосылатын салықтарға жатқызылады, бірақ ішкі салықтар мен кеден баждары қолданылуының құқықтық негіздері мен қолданылу тәжірибесі бойынша маңызды айырмашылықтарға ие [12, 62 б.].
Импорттық кеден бажы арқылы ішкі нарыққа арналған тауарлардың бағасы көтерілуі мүмкін. Сонымен қатар, импорттық баждар арқылы мемлекеттің бюджетіне қаржы түсетінін де ұмытпауымыз керек, яғни олар фискалды қызметті де атқаруы мүмкін.
Әрине, егер баждардың деңгейі жоғары болатын болса импорт тіптен тоқтап қалуы мүмкін және бұл жағдайда мемлекет бюджетті толықтыратын мүмкіндіктен айырылады. Кеден баждарын енгізудің жалпы шығындары мен артықшылықтарының балансын қарастырған кезде ең жағымсыз жағдайда қалатындар тұтынушылар екені белгілі. Дегенмен де, кеден баждарымен қорғалатын экономиканың жекелеген саласы белгілі бір экономикалық ұтыста болғанымен, мемлекеттің экономикасы жалпы түрде шығындарға ұшырайды [12, 66-67 б.]. Демек, саудадағы шектеулер әрқашанда шығындарға алып келеді.
Дэвид Г. Таррдың айтуынша ашық сауда режимін орнатудың ұтымды болуы соңғы 50 жыл ішіндегі әлемдік тәжірибемен дәлелденеді. Экономикалық ынытмақтастық пен даму ұйымына кіретін елдер ДСҰ шегіндегі келіссөздер нәтижесінде сауда шектеулерін төмендетіп, сауда мен табыстарын ұлғайтуда. Басты кезде жоғары протекционистік кедергілер арқылы индустриализация саясатын жүргізуге талпынған дамушы елдер үкіметтерінің көпшілігі бүгінгі күні өз ұстанымдарын өзгертуде, өйткені импортты тежеу елдің экономикалық дамуын бәсеңдетеді, ал ашық сауда режимдері экономикалық өсімге итермелейді. Кедендік тарифтердің унификациясына қарсы шығушылар сауда жағдайына, «стратегиялық» немесе жаңадан пайда болған салалардың дамуына көмектесуге, салалардың қайта құрылуына, мемлекеттік бюджеттің табыстарына немесе төлем балансына, ДСҰ шеңберіндегі келіссөздерде тарифтерді құрал ретінде пайдалануға байланысты дәлелдемелер келтіреді. Кедендік тарифтердің унификациясын жақтаушылар болса экономикалық-саяси себептерге, әкімшілік процедураларды жеңілдетуге, контрабанда мен кеден органдарындағы жемқорлықты қысқартуға байланысты дәлелдемелер келтіреді. Қалай болса да, тарифтердің унификациялануы тәжірибедегі ең ұтымды шешім, - дейді Дэвид Г. Тарр [13, 126-127 б.].
Осы қорытынды арқылы еркін сауда аймағы мен кеден одағын құрудың мәні мен түпкі мақсатын түсінуге болады.
Сонымен, еркін сауда аймағы мен кеден одағы, біздің ойымызша, аймақтық экономикалық интеграцияның бірінші сатысын құрайды. Бұл сатыны ерекшелендіретін басты белгілер:
- құқықтық реттеудің объектісі - мемлекетаралық сауда мәселелері;
- осы объектіні реттеудің ортақ құралы – кедендік-тарифтік реттеу.
Сонымен қатар, еркін сауда аймағы да кеден одағы да халықаралық шарт негізінде құрылады, бірақ кеден одағы барлық жағдайларда халықаралық ұйымның құрылуын талап етсе, еркін сауда аймағы мұндай ұйымның болуын қажет етпейді. Дегенменде, кейбір мемлекеттердің тәжірибесінде еркін сауда аймағының құрылуы да халықаралық ұйым шеңберінде жоспарланып іске асырылған.
Әдебиеттер
- Айдарбаев С.Ж. Общая характеристика сущности региональной интеграции в условиях глобализации // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.3-7.
- Айдарбаев С.Ж. Общая характеристика интеграционных процессов на постсоветском пространстве // Интеграционные процессы на постсоветском пространстве: сборник международно-правовых документов. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – С.3-7.
- Договор о создании Экономического союза (Москва, 24 сентября 1993 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, – С.20-26.
- Соглашение о создании зоны свободной торговли (Москва, 15 апреля 1994 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, – С.27-37.
- Соглашение О таможенном союзе (Москва, 20 января 1995 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.37-38.
- Договор о Таможенном союзе и Едином экономическом пространстве (Москва, 26 февраля 1999 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – С.101-114.
- Договор об учреждении Евразийского экономического сообщества (Астана, 10 октября 2000 года) // Право и интеграция в СНГ: сборник международно-правовых документов /Составитель и автор вступительной статьи С.Ж. Айдарбаев. – Алматы: Қазақ университеті, – С.118-125.
- Михалопулос К., Тарр Дэвид Г. Имеют ли Таможенные союзы экономический смысл на территории Содружества Независимых Государств // Торговая политика и значение вступления в ВТО для развития России и стран СНГ /Под ред. Дэвида Г.Тарра. – М.: Издательство «Весь мир», 2006. – С.209-227.
- Алчинов В.М. СНГ – Россия – Евросоюз. Проблемы и перспективы интеграции. – М.: Восток-Запад, 2008. – 220 с.
- Шишков Ю.В. Европейская интеграция и СНГ: западный образец и его отражение в восточном зеркале // Российский экономический журнал.- - № 8.- С. 25-36.
- Погосов И. Декларации об экономическом союзе и реальная жизнь // Проблемы теории и практики управления. - - №1. - С.12-19.
- Данильцев А.В. Международная торговля: инструменты регулирования. Учебно-практическое пособие. – М.: Издательский Дом «Деловая литература», 1999. – 302 с.
- Тарр Дэвид Г. О характере тарифной политики: аргументы «за» и «против» унифицированных тарифов // Торговая политика и значение вступления в ВТО для развития России и стран СНГ /Под ред. Дэвида Г.Тарра. – М.: Издательство «Весь мир», – С.126-137.