Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан соң жағдай түзеліп, діни өркениетті көзқарас демократиялық өзгерістердің бір бөлігіне айналды. 1992 жылы 15 қаңтардағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының қабылдануы маңызды оқиға болды.
Қазақстан Республикасындағы дін аясы бірқатар заңнамалық актілермен: Конституциямен, Азаматтық кодекспен, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңмен, басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Қазақ жері тарихи жағдайлармен ұлы өркениеттердің - ислам, христиан, буддизм, конфуциандық өркениеттерінің өзара іс-қимыл орнына айналды. Біздің шексіз кең байтақ даламыз өзіне алуан түрлі өркениет пен мәдениетті сіңірді. Сондықтан қазіргі полиэтностық және поликонфессиялы Қазақстан - ғасырлар бойғы рухани және мәдени дәстүрлердің мұрагері. Қазақстанда түрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі үшін қажетті құқықтық және ұйымдық жағдайлар жасалған, конфессияаралық қатынастарды үндестіруге бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптасты. Қазақстан Республикасы өзін құқықтық, демократиялық және зайырлы мемлекет ретінде орнықтыра отырып, адамның дін бостандығы құқығының сақталуына үнемі көңіл бөліп отырады.
Қазіргі таңда, Қазақстанда 45 діни конфессия жұмыс істейді. Республикада олардың тұрақты диалог негізінде бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасалған. Мемлекет бұл процесте бастамашылық жасайды және қолдайды. Қазақстанның тәуелсіз дамуы жылдарындағы алғашқы қадамдардың бірі қазақстандықтардың дін бостандығына кепілдік беретін діни бірлестіктер туралы Заңның қабылдануы болды. «Қазақстандағы адамның құқықтары: қоғамдық пікір» жобасы шеңберіндегі әлеуметтанушылық зерттеулердің мәліметтері азаматтардың діни наным мен дін бостандығы құқықтарының сақталуына респонденттердің 78,2% оң баға бергенін көрсетеді, бұл азаматтардың діни сенім бостандығының конституциялық құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттің қолданып жүрген шараларының дұрыстығын дәлелдейді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2 съезі өткізілді. Съезде “Әлемдік дәстүрлі діни сенімдер өркениеттер диалогында байланыстырушы буын бола алады және қазіргі әлемдік тәртіптің тірегін бұзуға тырысқан радикал бірлестіктердің теріс ықпалынан қоғамды қорғай алады” деп мойындалды.
Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарымен 2004 жылғы 6 мамырдағы кездесуінде сөз сөйлеген АҚШ-тың Діни және қоғамдық саясат институтының президенті Джозеф Грибоски мырза Қазақстанның полиэтностық мемлекеттегі ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығын сақтаудағы қызметіне жоғары баға берді және «Қазақстан конфессияаралық келісімнің моделі болып табылады» деп атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара қарым-қатынастары туралы жалпы отырыста Әділет министрлігінің Дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ардақ Досжанның баяндауы бойынша. Ол еліміздегі ұлысаралық және конфессияаралық диалогты қамтамасыз етудің құқықтық қырларына тоқталды. Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте діни толеранттықты көтермелеу және діни азшылықтың құқықтарын құрметтеу ісінде көшбасшы болып келеді, ал біздің ұлысаралық және дінаралық диалогтағы тәжірибемізге бүкіл әлемде назар аударылып отыр. Қазақстан үшін діни кеңістіктің құрылымдық өзгеру қарқыны жоғары сипатта болып отыр. Егер бұдан 15 жыл бұрын республикада бірнеше діни бағыттарға жататын 700-ге тарта діни қауымдар болса, бүгінде 45 конфессия мен аталымдарды білдіретін бірлестіктердің саны 4 мыңды құрады. Қазақстанда діни бірлестіктер қоғамнан тыс томаға-тұйық күйінде қалған жоқ, олар қоғамдағы азаматтық тыныштық пен рухани келісімді нығайтуға бағытталған әлеуметтік-мәдени шараларға тартылуда. Ардақ Досжанның пікірінше, «әлемдік діндердің зор мүмкіндіктері мен ресурстарын адамзаттың туындаған саяси, экологиялық, рухани проблемаларын шешуге тарту қажет. Танымал саясаткермен қатар ауызы дуалы беделді діни қайраткердің сөзінің де бүгінгі әлемде маңызы зор. Қазақстанда өтіп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездері де осындай жаһандық миссияға шақырады». Қазақстан аумағында азаматтардың заңды түрде кез келген дінді еркін ұстануына, діни бірлестіктерге және шағын діни топтарға бірігуіне рұқсат етілген. Дінге сенушілердің өз ұйымдарын мемлекеттік өкімет орындарында тіркеуді немесе есепке қоюды (хабардар ету) таңдауына құқығы бар. Сонымен бірге кейбір діни қауымдар тарапынан діни факторды жандандыру келеңсіз құбылыстарға, адамгершіл-психологиялық ахуалға, тіпті кейде азаматтардың денсаулығына да кері әсер ететінін түсінбеушіліктер бар. Кейбір осындай қоғамдық бірлестіктердің жігерлендірушілері игілікті идеялардың атын жамылып, жеке өз басының қамын күйттеп жүретіндері де бар.Сарапшылардың пікірінше, діни наным-сенім бостандығы саласындағы қазақстандық заңнама ТМД-дағы ең ымырашыл болып отыр. Бірақ та бұл республикамызға қызметі Қазақстандағы әртүрлі конфессияларға сенушілер арасындағы толеранттық пен конфессияаралық келісім ұстанымдарына қатер туғызатын миссионерлердің еніп кетуіне мүмкіндік туғызады. Қазіргі таңда, Қазақстанда діни бірлестіктермен әр түрлі өзара іс-қимыл нысандарын орталық және жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
2005 жылғы желтоқсанда өз құзыреті шегінде азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарды қамтамасыз ету, мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара іс-қимылы саласындағы іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Діни істер комитеті құрылды. Қазақстан Республикасының Үкіметінің және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері жанынан 2000 жылы құрылған діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес өз қызметін жалғастыруда. Діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуінің конституциялық қағидатына сәйкес құрамына діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін кеңестерде, ғалымдар мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің атқарушылық-билік ету функциялары жоқ және консультативтік-кеңесші органдар ретінде жұмыс істейді. Ірі діни орталықтар мен бірлестіктердің жетекшілері де республикалық және Қазақстан халықтары кіші ассамблеясының, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның құрамына кіреді. Жүйелі мониторинг пен талдауды ұйымдастыру, діни салада сапалы ғылыми зерттеулер жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы құрылды. Республиканың екi немесе одан да көп облыстарының аумағында қимыл жасайтын дiни басқармаларды (орталықтарды), бiрлестiктердi, сондай-ақ олар құратын дiни оқу орындарын, монастырьларды және басқа да бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының әдiлет министрлiгi, ал жергiлiктi дiни бiрлестiктердi тiркеудi аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасында діни ахуал тұрақты күйінде қалып отыр. Ойластырылған және мақсатты мемлекеттік саясат көпконфессиялы қоғам жағдайында діни тұрғыдағы араздықты болдырмауға мүмкіндік берді. Бұған қазақстан қоғамының төзімділік деңгейінің дәстүрлі жоғары болуы көп рөл атқарды. Сонымен қатар, осы салада ыждаћатты назар аударуды және мемлекеттің шешімін қажет ететін бірқатар проблемалық мәселелер бар. Өз қатарларына Қазақстан азаматтарын, әсіресе жастарды тартуға бағытталған дәстүрлі емес діни бірлестіктердің белсенді қызметі конфессияаралық қатынастардың белгілі бір шиеленісуін туғызуда. Олардың әлеуметтік қауіптілігі - өз мақсаттарын жариялай және іске асыра отырып, олар жеке адамның бостандығына қол сұғады, қоғамда қалыптасқан мәдени және рухани дәстүрлерді, сондай-ақ заңнаманың нормаларын ескермейді. Республикадағы конфессияаралық қатынастарды тұрақсыздандыру факторының бірі оларды тасушылар ретінде түрлі конфессиялық спектрлері бар жекелеген діни ұйымдар болады және көбіне діни қабықты жамылған радикалды және экстремистік идеяларды тарату фактілері болуы мүмкін.
Қазақстанда діни ахуалда шиеліністер пайда болуының алғышарттары мынадай проблемалар болуы мүмкін:
- біріншіден, азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарды, әсіресе жергілікті деңгейде қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты мемлекеттік органдардың жеткіліксіз үйлестірілген қызметі.
- екіншіден, діни кемсітушілік пен діни-экстремистік идеологияның кез келген нысандарына қарсы әрекет ету жөніндегі ақпараттық-ағартушылық жұмыстары сипатының жетілмегені, осы жұмысты ұйымдастырған кезде білім беру саласы жеткіліксіз қамтылады және мақсатты дәрісханалар ерекшелігі ескеріледі, бұл оны өткізудің тиімділігі мен нәтижелерін едәуір төмендетеді.
- үшіншіден, мемлекеттік құрылымдардың діни ахуал мониторингін, оны талдау мен болжауды жеткіліксіз жүйеде жүргізуі, діни ахуал туралы қажетті сапалы ақпаратты алуға, діни салада ықтимал қатер дәрежесін бағалауға мүмкіндік бермейді, шиеленіскен жағдайлар себептерінің, әсіресе олардың ертерек алдын алуға кедергі келтіреді.
- төртіншіден, діни бірлестіктермен өзара әрекет ететін мемлекеттік қызметшілердің дінтану дайындығының жеткіліксіз деңгейі. Бұл діни бірлестіктердің типологиясын, дін ілімдерінің ерекшеліктерін және діни практиканы білмеуінен байқалады.
- бесіншіден, миссионерлік қызметтің, діни мазмұндағы өнімді таратудың, рухани білім беру ұйымдарының қызметін лицензиялаудың жеткіліксіз тиімді құқықтық регламентациясы, діни практикамен шұғылдануға құқығы бар заңды тұлғаларға арналған бір жақты өлшемдердің болмауы.
Осындай жағдай бірқатар діни құрылымдардың өз қызметтерін тіркеусіз немесе діни емес қоғамдық бірлестіктер мен әр түрлі қорлар болып қызмет етуіне себеп болып отыр. Миссионерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты жөнсіздіктер, әсіресе шет ел азаматтары тарапынан діни және діниге жақын әдебиеттерді қандай да бір шығу мәліметтерінсіз және конфессиялық тиесілігін көрсетпей таратулары орын алып отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 қыркүйектегі N 953 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында халықаралық стандарттар мен Қазақстан халқының қалыптасқан ұлттық- мәдени дәстүрлерін ескере отырып, кейбір заңнамалық актілерге діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу көзделген. Мемлекеттік- конфессиялық саясатты, оның тиімділігін жетілдіру белгіленген проблемаларды ескеру мен шешуге тәуелді болады, бұл мемлекетке азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі өздерінің әлеуметтік функцияларын неғұрлым толық іске асыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттің мұндай көзқарасы діни бірлестіктер тарапынан заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға және қазақстандық қоғамға діни, мәдени және өзге де алуан түрлілікке, төзімділікке қатысты білдірілген тиісті түсінік тудыруға тиіс. Қазақстан Республикасы егеменді ел болып демократиялық процесстер жүргізіле басталғалы дін саласында да едәуір өзгерістер болды. Діни бірлестіктердің саны бірнеше есе өсті. Дәстүрлі діни конфессиялардың өсуімен қатар, елімізде бұрын болмаған діни ағымдар да пайда бола бастады. Бұның барлығы дінаралық бәсекеге алып келіп соқтырады және осы салада қарама-қайшылық пен жанжалға алып келу үрейін туғызуы мүмкін. Діни бірлестіктердің негізгі қасиеті, әсіресе дүниежүзілік діндер-өз дінінің ықпалы үлкен аймақты қамтып өктемдік жүргізсе деген мақсатта. Христиан және ислам оқуларын алып қарайтын болсақ дәл осындай тұжырымдамалар негізделген және іс жүзінде толығымен расталған. Соңғы кездері дінді жамылған және Орталық Азия аумақтарында бүлдіру қызметін жүзеге асырып жүрген экстремистік діни бірлестіктердің белсенділігі байқалады. Елге Конституцияға қарсы мазмұндағы діни әдебиеттер әкелудің көптеген фактілері бар. Діни ғимараттарды заңсыз салумен байланысты құқық бұзушылықтар кең тараған. Діни ілімді заңсыз зорлап оқыту және насихаттау фактілері де бар. Діни оқу орындарында экстремистік ілімді оқытқан жағдайлар да анықталған. Сол себепті, дін аралық пікірталастық бәсекеге алып келіп соғады. Бұның барлығы мемлекеттің, қоғамның және дін басшыларының өркениетті түрде ұйымдастыруына байланысты болады.
Қазақстан бүгінгі күнде қатер туғызатын діни экстремизм ұғымдарын тарату мен әр түрлі десруктивтік діни өкілдерінің жедел өсіп келе жатқандығымен нақты түрде кездесті. Көп конфессиялық Қазақстан үшін діни салада үрей тұғызу мемлекетіміздің болашағы үшін үлкен қорқыныш әкелуі мүмкін.Сол себепті тек қана мемлекеттің ғана емес, бұкіл қоғамның негізгі тапсырмасы, діни саладағы жанжал шығуы мүмкін деген факторларға көбірек көңіл бөліп оларды болдырмауға, конфессияаралық келісімді нығайту және сақтау болып табылады. Діни тұрғыда жанжалдың пайда болуының және діни экстремизмнің таралуының алдын алу мақсатында халықтың діни саладағы базалық білімін қалыптастыруда кешенді ақпараттық-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде шаралар қолданылатын болады. Осындай жанжалдардың туындауының себебі адамның санасын баурап алуға және азаматтарды теріс пиғылды діни табынушылыққа итермелеуге мүмкіндік беретін қазақстандықтардың негізгі бөлігінің діни сауаттылығының төмен деңгейі болып табылады. Сондықтан ақпараттық-ағарту жұмысы діни-экстремистік ағымдардың әлеуметке қарсы өзегін ашуға, азаматтарға теріс пиғылды діндер туралы ақпарат беруге, діни төзімділік мақсаттарының қалыптасуына бағытталуға тиіс. Осы бағытта тек қана айту арнасы емес, қоғамдық пікірді қалыптастырудың қуатты құралы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті мол.
Қазіргі таңда Елбасымыз Қазақстан халқының алдында «Әркімнің ар-ожданы, абройы мен беделі қадірленетін, мәртебелі мораль, этникалық негіздер мен рухани құндылықтар ірге тепкен қоғам құруды» басты мақсат етіп қойып отыр. Ал оны жүзеге асыруда мұсылмандардың қосатын үлесі сүбелі болмақ. Өйткені бізде ислам дінін ұстағандар Қазақстан халқының 9 миллионнан астамын, яғни 70 пайызын құрайды. Кез келген адамның қоғамнан, мемлекеттен тыс өмір сүре алмайтыны белгілі. Яғни Қазақстанда қоғамды топтастыруда Ислам діні қуатты күшке айналуға тиісті. Осыны жете түсінгендіктен, мешіт имамдары өздерінің күнделікті уағыз, ағарту, насихат жұмыстарында жамағаттың басын қосып, елімізді алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына қосуға әрбір мұсылманның ат салысуға тиісті екендігін айтып, ұлтаралық, дінаралық татулықты ұлықтап, оны өзіміздің діни басылымдарымыз бен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында басты әңгіме тақырыбына айналдыруда. Діни экстремистік топтардың, Батыстан келген миссионерлердің береке, бірлігі жарасып отырған елімізге іріткі салмауына айрықша көңіл бөліп, оларға қарсы да үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыр. Ислам радикалдарымен мұсылмандық-құқықтық теория проблемалары бойынша бетпе-бет пікірталасына түсуде діни істер тәжірибесіне енгізіле басталды. Осы орайда біздің айтар тілегіміз: «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңымызға келешекте бүгінгі заман талабына, еліміздің ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жаңадан толықтырулар мен түзетулар енгізілуде. Соңғы жылдары елімізде «Бейбітшілік пен келісімге қадам басу» Декларациясы, «Экстремистік қызметке қарсы қимыл жасау туралы Заң қабылданып, Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі өткізілді, республика Әділет министрлігінде Діни істер комитеті құрылды. Мәдениет пен ақпарат министрлігінің қолдауымен елордада «Дін, ғылым және Бұқаралық ақпарат құралдары: үнқатысу және ынтымақтастық» атты конференция ұйымдастырылды. Мұның бәрі елімізде діни істер реформасын тереңдетіп, еліміз Қазақстанда қоғамды топтастырудағы рөлін арттырды. Қазақстан-демократиялық жолмен дамып келе жатқан зайырлы жас мемлекет. Қазіргі таңда біздің елімізде мемлекетіміз, халқымыздың біртұтастығын, рухани бірлігін сақтау-басты міндет. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың белгілеп берген «Қазақстан-2030» стратегиясының да ең негізгі мақсаты-экономикасы, әлеуметтік жағдайы, мәдениеті дамыған, ұлтаралық татулықты, бейбітшілікті төбесіне ту етіп көтерген демократиялық, құқықтық мемлекет құру болып табылады.
Сондықтан, Қазақстан Республикасының Конституциясы елдің әрбір азаматына ар-ождан бостандығы құқығына кепілдік береді. ҚР Конституциясының 22-бабының 2 тармағына сәйкес ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс. Мемлекет, ұлт немесе дін бөгде мәдени кеңістікті басып алу, жаулап алу тұрғысынан қарастырар болса, онда әманда өзінің өмір сүру ортасын аздырып-тоздырмай қоймайды. Қазақтарда бағзы замандардан бері әр өңірдің өзінің әулиесі, өзінің рух берер күштері, өзінің сыйынар аруақтары болған. Адамның, діннің, жердің мұндайлық терең өзара кірігуі - жүздеген жылдар бойы халқымыздың жанын сақтап қалған кұтқарушы сүзгі сынды. Казақтар кең болғанның кем болмайтынын кітаптан оқып емес, өмірден тоқып білген. Бір мәдени дәстүрдің өз құндылықтарын басқа мәдениеттерге тану ниеті, басқаның сызғыштары бойынша қоғамдық қатынастарды құру әрекеті ешқашан өзара түсіністікке жеткізбейді. Керісінше, мұндай қатал мәдени жаулаушылық одан кем емес қатал қарсылықты туғызады.
Басқа халықтардың тарихи дәстүрлеріне деген кұрмет қана, өркениеттердің, діндер мен халықтардың қатынасындағы әділдік пен шынайылық қана келісім мен имандылық әлемін құруға қабілетті. Қазақстан өзінің нақтылы саясатында адамның ішкі бостандығы ғана конфессияаралық төзімділіктің шарты екенін басшылыққа алады. Ұлтаралық және дінаралық келісімнің бізде қалыптасқан үлгісі - Казақстанның әртүрлі конфессиялардың өзара іс-әрекет етуінің жалпы әлемдік үрдісіне қосқан үлесі. Бізді халықаралық ауқымда дәл осылай танығанын қалаймыз.
Әдебиеттер
- “Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы Қ.Р-ң 1992 жылғы 15 қаңтардағы №1128-XII Заңы”.
- Қ.Р-ң Конституциясы.
- Қ.Р-ң Азаматтық Кодексі.
- http///google.kz