Сот талқылауында іс бойынша барлық дәлелдер тікелей зерттелуге тиіс. Сот сотталушы адамның, жәбірленушінің, куәлардың айғақтарын тыңдауы, сарапшылардың қорытындыларын жария етуі және зерттеуі, заттай дәлелдемелерді тексеруі, хаттамалар мен өзге де құжаттарды оқуы, Қазақстан Республикасының ҚІЖК-де көзделген жағдайларды қоспағанда, дәлелдемелерді зерттеу жөнінде басқа да сот іс-әрекеттерінін жүргізуі тиіс.
Істі бір судья немесе судьялардың сол бір құрамы қарайды. Судьялардың бірінің сот талқылауына қатысуды жалғастыруы мүмкін болмаған кезде ол басқа судьямен ауыстырылады, ал істі талқылау Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 313-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда қайтадан басталады. Талқылау үшін ұзақ уақытты қажет ететін істі алқалы қарау кезінде запастағы судья тағайындалуы мүмкін. Запастағы судья басты сот талқылауында сот отырысы ашылғаннан бастап немесе сот оның қатысуы туралы шешім қабылдаған кезден бастап қатысады және судьялардың бірі шығып қалған жағдайда оны алмастырады. Бұл ретте істі талқылау жалғастырыла береді. Запастағы судья судьялардың бірі шығып қалған жағдайда соттың құрамына кірген кезден бастап судьяның құқықтарын пайдаланады. Шығып қалған судьяның орнына кірген запастағы судья кез-келген сот әрекетін жаңартуды талап етуге құқылы [1, 41].
Басты сот талқылауына қатысушы мүдделі және мүдделі емес тұлғалардың, сондай-ақ процеске қатысушы өзге де адамдардың қатысуы төменде көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады. Басты сот талқылауы ҚІЖК-нің 315-бабының 2 бөлігінде көзделгеннен басқа жағдайларда сотталушының міндетті түрде қатысуымен өтеді. Сотталушы келмеген кезде іс кейінге қалдырылуы тиіс. Сот дәлелді себептерсіз келмеген сотталушыны келтіруге, оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдануға немесе өзгертуге құқылы. Күзет пен ұстаудағы сотталушы сот отырысына келуден бас тартқан кезде сот істі қорғаушының міндетті түрде қатысуымен ол болмағанда қарауға құқылы. Сотталушы болмағанда істі талқылауға:
- ауырлығы шағын қылмыс жасағаны үшін айыпталған сотталушы істі оның қатысуынсыз қарау туралы өтініш берген;
- сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған және сотқа келуден жалтарған жағдайларда ғана жол берілуі мүмкін.
Басты сот талқылауы жәбірленушінің немесе оның өкілінің қатысуымен жүргізіледі. Жәбірленуші келмеген жағдайда сот істі талқылау немесе оны жәбірленушінің болмауынсыз істің барлық жағдайларын толық анықтаудың және оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың мүмкін болуына қарай оны кейінге қалдыру туралы мәселені шешеді. Егер сот отырысына жәбірленушінің өкілі келсе, сот бұл мәселені өкілдің пікірін ескере отырып шешеді. Жәбірленушінің өтініші бойынша сот оны айғақ беру үшін белгілі уақытта келуге міндеттей отырып сот отырысына қатысудан босата алады. Жеке айыптау ісі бойынша жәбірленушінің сот отырысына дәлелсіз себептермен келмеуі істі қысқартуға әкеліп соғады, бірақ сотталушының өтініші бойынша іс мәнісі жөнінде жәбірленушінің қатысуынсыз қаралуы мүмкін [2, 318-бап]. Сот талқылауына азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері қатысады. Азаматтық талапкер немесе оның өкілі сотқа келмеген кезде азаматтық талап қаралмауы мүмкін. Азаматтық талапкердің азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою құқығы сақталады. Сот азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің өтініші бойынша азаматтық талап қоюды азаматтық талапкердің қатысуынсыз қарауға құқылы [3, 45]. Сот қажет деп тапқан жағдайда немесе талап қоюды прокурор қолдағанда сот азаматтық талапты азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің келу-келмеуіне байланыссыз қарайды. Азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің келмеуі азаматтықталап қоюды қарауды тоқтатпайды. Басты сот талқылауы тек айыпкерге қатысты және сотқа берілген айыптаудың шегінде ғана жүргізіледі [2, 320-бап] Айыптауды өзгертуге бұл арқылы сотталушының жағдайы нашарламаған және оның қорғауға деген құқығы бұзылмаған жағдайда ғана жол беріледі. Егер басты сот талқылауы барысында алдын-ала тыңдау сатысында бастапқы айыптауды негізсіз өзгертуге байланысты айыптауды неғұрлым ауыр айыптау етіп өзгерту қажет болса, онда істі тағылған айыптау шегінде қарау үшін сот айыптаушы тараптың бұл жөніндегі өтініші бойынша, процестің басқа қатысушыларының пікірін ескере отырып, сот талқылауын жеті тәулікке дейін мерзімге кейінге қалдырып, істі жаңадан алдын-ала тыңдау өткізе алады. Сот отырысына шақырылған адамдардың бірінің келмеуі салдарынан немесе жаңа дәлелдер алдыру қажеттігіне байланысты істі талқылау мүмкін болмаған кезде сот істі талқылауды кейінге қалдыру туралы қаулы шығарады. Осымен бірге сот келмеген адамдарды шақыру немесе жаңа дәлелдерді алдыруға шаралар қолданады. Сот істі талқылау кейінге қалдырылатын мерзімді белгілейді [4, 131].
Қазақстан Республикасы ҚІЖК-тің 50-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген негіздер болған кезде сот бір немесе бірнеше сотталушыға қатысты іс бойынша іс жүргізуді осы жағдайлар жойылғанға дейін уақытша тоқтатады және басқа сотталушыларға қатысты сот талқылауын жалғастыра береді. Жасырынып жүрген сотталушыны іздеу сот қаулысымен жарияланады. Басты сот талқылауы кезінде сот сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдап алуға, өзгертуге немесе оның күшін жоюға құқылы. Сотталушыны бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу мерзімі істің сотқа түскен күнінен бастап үкім шығарылғанға дейін алты айдан аспауға тиіс. Ауыр қылмыстар туралы істер бойынша Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 322-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін сот өзінің қаулысымен қамауға алу мерзімін он екі айға дейін ұзартуға құқылы. Жоғарыда көрсетілген қамау мерзімдері аяқталғаннан кейін сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үйде қамауда ұстау немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат беруге ауыстыруға тиіс. Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 322-бабының екінші және төртінші бөліктерінде белгіленген шектеулер аса ауыр қылмыстар туралы істерге қолданылмайды. Сот ҚІЖК-тің 303- бабында көзделген талаптарды ескере отырып, істі қосымша тергеуге жібереді. Іс қосымша тергеу аяқталғаннан кейін сотқа келіп түскен кезде сот отырысын тағайындау туралы мәселе жалпы тәртіппен шешіледі. Егер басты сот талқылауы барысында Қазақстан Республикасы ҚІЖК-тің 37- бабының бірінші бөлігінің 3-12-тармақтарында көрсетілген жағдайлар анықталса, сондай-ақ айыптаушы Қазақстан Республикасы ҚІЖК-тің 317-бабының алтыншы бөлігінің ережелеріне сәйкес айыптаудан бас тартқанда, іс басты сот талқылауында қысқартылуға тиіс. Іс Қазақстан Республикасы ҚІЖК-тің 38-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша да басты сот талқылауында қысқартылуы мүмкін. Басты сот талқылауы кезінде сот шешетін барлық мәселелер бойынша сот қаулы шығарады, ол сот отырысында жариялануға тиіс.
Істі қосымша тергеуге жіберу туралы, істі қысқарту туралы, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы, бұлтартпау шарасын таңдау, өзгерту немесе оның күшін жою туралы, бас тарту туралы, сараптама тағайындау туралы қаулылар және жеке қаулылар кеңесу бөлмесінде шығарылады және жеке құжат түрінде жазылады, өзге қаулылар соттың қалауынша не Қазақстан Республикасы ҚІЖК- тің 325-бабының екінші бөлігінде көрсетілген тәртіппен, не сол орнында сот отырысы залында қаулы сот отырысының хаттамасына енгізіле отырып шығарылады. Басты сот талқылауы соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайда өткізіледі. Соттың сот отырысы залына кіруінің алдында сот приставы: "Сот келе жатыр» деп хабарлайды, сот отырысына қатысып отырғандардың бәрі орындарынан тұрады, мұнан соң төрағалық етушінің ұсынуы бойынша өз орындарына отырады. Сот талқылауына қатысушылардың бәрі сотқа қарап сөйлегенде, айғақтар бергенде және мәлімдеме жасағанда орындарынан тұрады. Бұл ережелерден ауытқуға төрағалық етушінің рұқсатымен жол беріледі.
Басты сот талқылауының барлық қатысушылары, сондай-ақ сот отырысы залы қатысып отырған азаматтардың барлығы төрағалық етушінің сот отырысының тәртібін сақтау туралы өкіміне бағынуға тиіс [2, 184]. Он алты жасқа дейінгі адамдар, егер олар тарап немесе куә болмаса сот отырысы залына жіберілмейді. Қажет болғанда сот приставы азаматтан оның жасын куәландыратын құжатты талап етуге құкылы. Залға сондай-ақ мас адамдар жіберілмейді. Сот отырысы залында суретке түсіруге, дыбыс-бейнежазбаларды қолдануға және киноға түсіруге төрағалық етушінің рұқсатымен ғана жол беріледі. Сот отырысында тәртіп бұзған, төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаған, сол сияқты сотты құрметтемеуді анық куәландыратын өзге де іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған кезде төрағалық етуші сот отырысы залынан адамды шығарып жіберуге немесе сотты құрметтемеу фактісінің анықталғаны туралы жариялауға және кінәлі адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға құқылы. Шығарып жіберу айыптаушы мен қорғаушыдан басқа, процестің кез келген қатысушысына немесе өзге адамға қатысты жүргізілуі мүмкін. Әкімшілік жаза сотталушыға қолданылмайды. Егер сот отырысы залынан сотталушы шығарып жіберілсе, онда үкім оның көзінше жариялануға немесе ол жарияланғаннан кейін дереу қолхат алып хабарлануға тиіс. Сот отырысы залынан процеске қатысушыны шығарып жіберу және әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулы шығарады. Сот отырысы залында қатысып отырған, бірақ процеске қатысушы болып табылмайтын адамдар тәртіп бұзған жағдайда олар төрағалық етушінің өкімі бойынша сот отырысы залынан шығарылады. Бұған қоса сот оларға әкімшілік жаза қолдануы мүмкін. Егер тәртіп бұзушының сот отырысындағы іс-әрекетінде басқа әкімшілік құқық бұзушылықтың не қылмыстық белгілері болса, сот тиісті тәртіппен қылмыстық немесе әкімшілік іс қозғау үшін материалдар жібереді [1, 43].
Басты сот талқылауы кезінде сот отырысының хатшысы Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 328- бабына сәйкес хаттама жасайды. Хаттама қолдан жазылуы немесе мәшинкелік, не компьютерлік әдіспен дайындалуы мүмкін. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшін стенография қолданылуы мүмкін. Сот отырысының хатшысы жасаған хаттамада: басты сот талқылауының күні, оның басталу және аяқталу уақыты; қандай іс қаралып жатқаны; соттың атауы мен құрамы, хатшы, аудармашы, айыптаушы, қорғаушы, сотталушы, сондай-ақ жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сот шақырған басқа да адамдар; сотталушының жеке басы туралы деректер және бұлтартпау шарасы; соттың жүргізілген реттегі іс-әрекеті, іске қатысушы адамдардың арыздары, қарсылық білдірулері және өтініштері; соттың кеңесу бөлмесіне бармай шығарылған қаулылары, қаулылардың кеңесу белмесінде шығарылуына нұсқау; іске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілуі; айғақтардың егжей-тегжейлі мазмұны; сарапшыға қойылған сұрақтар және оның жауаптары; сот мәжілісінде жүргізілген тексерулер мен дәлелдерді зерттеу жөніндегі басқа да іс-әрекеттердің иәтижелері; іске қатысушы адамдар хаттамада куәландыруды өтінген фактілерге нұсқамалар; тараптардың сот жарыссөзінде сөйлеген сөздерінің және сотталушының соңғы сөзінің негізгі мазмұны; үкімінің жарияланғаны және оған шағымдану тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы нұсқама көрсетіледі. Бұған қоса, хаттамада егер орын алған болса, сотты сыйламаушылықты куәландыратын фактілер және тәртіп бұзушының жеке басы мен соттың тәртіп бұзушыға қолданған ықпал ету шаралары да атап көрсетіледі. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейінгі бес тәуліктен кешіктірілмей жасалып, төрағалық етуші мен хатшы қол қоюға тиіс. Сот талқылауы барысында хаттама бөліп-бөлі|п жасалынуы мүмкін, оларға және бүтіндей хаттамаға сот отырысына төрағалық етуші және хатшы қол қояды. Сот талқылауы хаттамасының дұрыс жазылуы туралы сот отырысының төрағалық етуші мен хатшысының арасында түсініспеушілік болған кезде, соңғысы өзінің келіспеушіліктерін жазбаша түрде сот отырысы барысында жасалған жазбалармен бірге хаттамаға қоса тіркеуге құқылы [2, 185].
Басты сот талқылауы кезінде киноға тусіру, бейне, дыбыс жазбасы қолданылуы мүмкін, олардың материалдары сот отырысы хаттамасына қоса беріледі, оларға сүргіш салынып, іспен бірге сақталады. Хаттамада аталған техникалық құралдардың қолданылғаны туралы белгі қойылады. Төрағалық етуші тараптарға басты сот талқылауының хаттамасын дайындау туралы хабарлауға және онымен танысуға мүмкіндік беруге міндетті [1, 42]. Басты сот талқылауында жауап алынған адам хаттамадағы өз айғақтарының жазылуымен таныстыру жөнінде өтініш жасауға құқылы. Мұндай мүмкіндік өтініш мәлімделгеннен кейінгі күннен кешіктірілмей берілуге тиіс. Басты сот талқылауының хаттамасына қол қойылғаннан кейінгі бес тәуліктің ішінде тараптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ҚІЖК-тің 328-бабының сегізінші бөлігінде көрсетілген өзге де адамдар хаттамаға ескертпелер беруге құқылы. Аталған мерзімді іс бойынша төрағалық етуші тараптардың өтініші бойынша он тәулікке дейін ұзарта алады. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертпелерді төрағалық етуші, ал ол ұзақ уақыт бойы болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол нақтылау үшін ескертпе берген адамдарды шақыртуға құқылы. Ескертпелерді қарау нәтижелері бойынша судья олардың дұрыстығын куәландыру туралы не оларды қабылдамау туралы дәлелді қаулы шығарады. Хаттамаға және судьяның қаулысына жасалған ескертпелер басты сот талқылауының хаттамасына қоса тігіледі [2, 330-бап]. Сонымен, сот алқа заседательдерінің қызметі мынандай қағидаларды сақтауы тиіс:
- заңдылық, қылмыс және оны жазалау тек қылмыстық заңмен анықталуы тиіс;
- әділеттілік, қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі мен мінез-құлқын, кінәлінің жеке басын, тағайындалған жеңіл және ауыр жазасын анықтап, сот алқа заседательдерінің әділетті жаза тағайындауы;
- сот пен заң алдында азаматтардың теңдігі, қылмыстық сот ісін жүргізу барысында ешкімді де шыққан тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге қатысы, сенімдері, тұрғылықты жері бойынша қандай да болсын кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.
- кінәсіздік презумпциясы, әр адам оның қылмыс жасағандығы үшін кінәлілігі дәлелденгенге және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп саналады. Ешкімде өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес. Айыпталушының кінәлілігіне сейілмеген күдік оның пайдасына түсіндіріледі. Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңын қолдану кезінде пайда болған күмәндар да айыпталушының пайдасына шешілуге тиіс. Айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол ақиқат дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс [2, 14].
Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу Қазақстан Республикасының ҚІЖК-де анық айтылған. Ондағы
«сот ісін жүргізу тілі» деген 30-бабынан мысалдар келтіруге болады. Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісінде мемлекеттік тілмен бірдей орыс тілі немесе басқа да тілдер қолданылады. Сот ісін жүргізуде тіл мәселесіне, оның ішінде мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлінген. Алайда сот мәжілісіне қатысушылар өз құқықтарын пайдалана бермейді немесе білмейді. Мәселен, көпшілік жағдайда сотқа келіп түскен материал орыс тілінде болса, сот мәжілісінде «мен орыс тілін білмеймін» деп қарап тұрады. «Ойпыр-ау, іс сотқа орыс тілінде келді. Сондықтан, заңда көрсетілгендей істі орыс тілінде жүргізуге тиіспіз». Дегенмен, тіл мәселесі жөнінен оңды бет-бұрыстар бар: іс қағаздарын қазақша толтырып, жиналыстарды ана тілімізде өткізе бастадық. Бәрібір мемлекеттік тілді меңгеруде кемшіліктерден кенде емеспіз. Басты сот талқылауы – бұл бірінші сатыдағы соттың қылмыстық мәні бойынша қарау. Яғни қылмыстық ізге түсу органдарынан келіп түскен қылмыстық материалдар бойынша сотта талқылап, оны ақтау немесе айыптау үкімін шығарумен аяқтау.
Қылмыстық істер бойынша сот өндірісіндегі басты сот талқылау сатысының дұрыс жүзеге асырылуы ең біріншіден, сот процесін жүргізуші органдардың атқаратын қызметінің заңға сәйкес, қатаң түрде жүргізілгеніне тікелей байланысты болады. Қылмыстық істер бойынша сот өндірісіндегі басты сот талқылауы барысында маңызды мәселелер шешіледі. Нақ осы сатыда сот өндірісін жүргізуші органдардан басқа, сот мәжілісіне қатысушы тұлғалар мен тараптардан жауап алынып, істің мән-жайын толығымен ашады. Сотталушы тұлғаның жеке басын анықтап, оған ақтау немесе айыптау үкімін шығару туралы мәселелерге байланысты сұрақтар, басты сот талқылау сатысында өз шешімін табады. Қылмыстық істер бойынша сот өндірісіндегі басты сот талқылауының маңызы алдын-ала тергеу кезінде анықталған қылмыстық істердің мән-мағынасын ашып, ол бойынша баға беру болып табылады. Яғни бұл жерде сот ісін жүргізуші тұлғалардың алатын орны орасан зор. Мысалы, прокурор мемлекет атынан азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаса, қорғаушы өзінің қорғауындағы тарапты қорғап, соттың әділ де дұрыс үкім шығаруына ықпал етіп отырады.
Сонымен, басты сот талқылауы – ортаңғы, негізгі, шешуші сатысы болып табылады. Өйткені осы сатыда ғана қылмыс жасады деп айыпталған тұлғаның кінәсі дәлелденіп немесе кінәсіздігі анықталып, қылмыстық іс мәні бойынша қаралады.Сөйтіп, Қазақстан Республикасының қылмыстық істер бойынша сот өндірісіндегі басты сот талқылау сатысының теориялық-тәжірибелік, оқу- әдістемелік, ғылыми түрде жүргізілген зерттеулерді ескере отырып, қылмыстық істер бойынша басты сот талқылауының мемлекет пен қоғам үшін атқаратын қызметінің маңыздылығына, сапасына жан- жақты зерттеу жүргізіліп, тақырыптың мәні мен маңызы толық негізде ашылды деген ойға келуге болады.
Әдебиеттер
- Фойницкий И.Я. Курс уголовного судопроизводства. Т.2. СПб., 1910. - 357 с.
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу Кодексі (1998 жылғы 9 желтоқсандағы № 307-і 2000 жылғы 29 наурыздағы № 42-II және 2000 жылғы 5 мамырдағы №. 47-II Қазақстан республикасының заңдарымен өзгертулер мен толықтырулар енгізілген мәтін. – 2 басылым. Алматы: Жеті-жарғы, 2000. – 608 б.
- Уголвный процесс: Учебник для вузов. М., Юрист, 1995. - 175 с.
- Уголовный процесс: Учебник для студентов вузов, обучающихся по специальности «Юриспруденция» / Под ред. В.П.Божьева. Изд. 3-е, испр и доп. М., Спарк, 2002. - 336 с.