Құқықтық гармонизация мен унификацияның арақатынасы

Қазіргі жаһандану, интеграциялану кезеңінде мемлекеттердің құқықтық жүйелерін жақындастыру, олардың өзара әрекеттесуі мен ықпалдасуы – қазәргә құқықтық жүйелердің интернационализациялануының мазмұнын құрайды. Оған мысал ретінде Еуропалық одақтың құрылуын, посткеңестік мемлекеттердің интеграциялануы, ортақ нарықты қалыптастыруға ұмтылыс жасап жатқан ДСҰ мен ЕурАзЭҚ секілді халықаралық ұйымдарды, сонымен қатар олардың ұлттық құқық жүйені жақындастырудағы қадамдарын атап өткеніміз жөн.

Ұлттық құқықтық жүйелерді жақындастыру, олардың арасындағы айырмашылықтарды қысқарту және жою бір бірімен тығыз байланысты «гармонизациялау», «унификациялау» үрдістері арқылы көрініс табады.

Унификиацияны сипаттай отырып көптеген зерттеушілер оның жолдары, нысандары, тәсілдері туралы көп мәселе қозғаған.

Г.К.Дмитриеваның пікірінше құқықтың унификациясы – бұл белгілі бір мемлекеттердің ішкі құқығында бірдей құқықтық  нормаларды  құру,  өзгерту  немесе  жоюға  бағытталған мемлекеттердің ынтымақтастығы болып табылады және осындай түсініктегі унификация құқықшығару үдерістерінің бір түрі, ал оның негізгі ерекшелігі – құқық унификациясының екі құқықтық жүйеде, яғни халықаралық құқық пен мемлекеттің ішкі құқығында, халықаралыққұқықтық және ұлттық-құқықтық нысандар мен механизидер арқылы бірден жүргізілетіні [1, с. 112].

Ал Ю.А.Тихомировтың пікірі бойынша әдебиеттерде «унификация» ұғымы жалпыға міндетті бірыңғай құқықтық нормаларды даярлау және күшіне енгізу түрінде қарастырылса, «гармонизация» ұғымы ортақ көзқарастарды, ұлттық заңнамалар дамуының тұжырымдарын үйлесімге келтіру, сондай-ақ ортақ құқықтық қағидалар мен жекелеген шешімдерді дайындау үдерісі ретінде көрініс табады [2, с. 75].

Еуропалықғалымдар Р.Давид пен К. ЖоффреСпинозидің көзқарастары қызығушылық туғызады. Олардың айтуы бойынша «құқықты халықаралық унификациялау кезінде ұлттық құқықтық жүйелерді әлемдік деңгейде қабылданған біркелкі ұлттық құқықпен алмастыру жөнінде айтудың қажеті жоқ. Соншалықты алысқа барудың керегі жоқ... Халықаралық құқықтың белгілі бір унификациясы мен гармонизациясы бүгінгі күннің өзінде орын алып отыр, ал ертеңгі күні олардың қажеттілігі арта түседі... Бұл жерде унификацияның әртүрлі елдерде  қолданылатын  ерекшеліктерін  ескере отырып оның біркелкі техникасын даярлау қажет және унификацияға жұмсалған күштің барлығы неғұрлым табысты болуы үшін жағдай жасау маңызды» [3, с. 13].

С.Ж. Айдарбаевтың пікірінше Ю.А. Тихомировтың қолданатын тәсілі «мемлекеттердің үйлесімді құқықтық дамуының» әртүрлі нысандары арасында нақты айырмашылық белгілеуге мүмкіндік бермейді. Мысалы, «үлгілі заң актілерін» жеке құқықтық нысан ретінде қарастыру қиын, өйткені ол гармонизацияны жүзеге асыратын тәсіл болып табылады. Сонымен қатар, С.Ж. Айдарбаевтың пікірінше, гармонизация да, унификация да мемлекеттердің заңнамасын жақындастырады, сондықтан да, мұндай «жақындастыруды» мемлекеттердің үйлесімді құқықтық дамуының жеке нысаны ретінде қарастыру күдік туғызады. Осындай қорытынды жасай отырып, қазақстандық ғалым құқықты интернационализациялаудың екі түрін белгілейтін Г.К.Дмитриеваның көзқарасын дұрысырақ деп есептейді [4, с. 292].

Азаматтық құқық саласына қатысты О.Н. Садиковтың пікірінше  «унификация  жолдары бойынша «Ақталмаған дифференциацияны» жою үшін азаматтық-құқықтық реттеуге келесідей шаралар ұсынылуы мүмкін:

а)   Азаматтық   заңнама   негізінің   жалпы бөлімінде көрсетілген нормалар санын арттыру; б) көптеген ведомстволық актілердің орнына кең ауқымды қолданыстағы құқықтарды енгізу; в) жекелеген азаматтық-құқықтық институттарға жататын мазмұны бойынша жақын нормаларды келістіру» [5, с. 38].

СоныменқатарО.Н.Садиковунификацияның келесі жолдарын көрсетеді:

  • заңнамалық құзырет;
  • ортақ нормативтік актілерді дайындау;
  • ұқсас қатынастарды реттейтін нормаларды пайдалану;
  • жалпы нормалардың шеңберін кеңейту;
  • үлгілік актілерді шығару;
  • заң шығарушылық жұмысты үйлестіру [5, с. 44].

С.В. Поленина интеграция және унификацияның келесідей нысандарда болатынын атап өткен:

  • бір құқықтық институт шегінде бірегей реттеуді орнату;
  • нақты қатынастарды реттеуге арналған әрекет етуші нормаларды ұқсас қатынастарға тарату;
  • заң салаларының Жалпы бөлімдеріндегі біртектес қатынастардың ерекшеліктерін ескеретін біртұтас нормаларды қалыптастыру [6, с. 5].

М.К. Юков унификация мен  интеграция-  ны бірдей түсінік ретінде қарастыра отырып, интеграцияның келесідей бағыттарын көрсетеді:

  • жалпыламалау (генерализация), яғни нормативтік жазбаларды түйіндеу немесе нормалардың бірінің әрекетін басқа (типтік, біртектес) қоғамдық қатынастарға тарату;
  • біріктіру, яғни бұрынырақ құқықтың әртүрлі нормаларымен реттелген қоғамдық қатынастарды реттеу мүмкіндігі бар бірнеше нормалардан бір не ортақ нормативтік жазба туындату;
  • дефиниция, яғни нормалар біртұтастығы мен олармен  реттелетін  қоғамдық  қатынастар үшін отрақ өтпелі заңи түсінікті анықтау және бекіту [7, с. 126].

Көріп отырғанымыздай, заң ғылымында анықталған «унификация» ұғымы жоқ. Көптеген зерттеушілер унификацияның түрлері мен әдістерін қарастырумен ғана шектеледі. Кез-келген құбылыстың түсінігін, ұғымын оның мақсаттарын талдау арқылы анықтауға болатынын ескере кеткеніміз жөн. Унификацияның мақсаттары – туындайтын құқықтық реттеудің анықтылығы мен мінсіздігі, сонымен қатар құқықтық нормалардың икемділігі мен әртүрлі жағдайларға барынша бейімділігі  екенін  ескере отырып унификацияны нәтижесінде мемлекетаралық деңгейде қолданылатын біртұтас құқық нормасын туындатуға әкеліп соғатын үрдіс ретінде сипаттауға болады. Сонымен қатар унификацияны айқындаушы белгілерге:

  • енгізілетін унификацияланған нормалардың біркелкілігін;
  • бұл нормаларды бірнеше мемлекеттерде әрекет ету үшін енгізу міндеттілігін жатқызуға болады.

Келесі кезекте «гармонизация» ұғымын анықтауға ұмтылыс жасап көрелік. Себебі унификациялау мен гармонизациялау қатар қолданылғанымен олардың қолданылу тәсілі мен мақсаты біршама ерекшеліктерге ие болады. А.В. Барковтың пікірінше «гармонизация дегеніміз – халықаралық шарттар ережелерін ішкі заңнамаларға келісімді және нормативті түрде енгізу немесе біртұтас нормалар мен ережелерді қолдану мақсатында ұлттық заңнамалық актілерді өзгерту» [8].

Ал келесі зерттеушілер (Мамбеталиев Н.Т., Мамбеталиева Ж.Н.) «гармонизацияны – жалпы тәсілдеме мен тұжырымдардың келісілуі, құқықтық қағидалар мен жеке шешімдердің бірлесе дайындалуы» деп түсіндіреді [8].

Г.М. Вельяминов: «құқықтық гармонизация  унификацияға қарағанда әлдеқайда «жұмсақ» әдіс. Мемлекеттің әрекет етуші ұлттық құқықтық тәртібіне енгізілетін тең, бірдей құқықтық нормаларды қабылдаудың орнына мемлекеттердің өз құққықтық тәртіптеріне толық, жартылай енгізу немесе мүлдем енгізбеу еркін иелене алатындай нормалар мен ережелер туралы келісулері керек. Гармонизациялау әдісінің  ерекшелігі  –  мемлекеттер тарапынан тиісті акциялардың біржақтылығында» деген ойда [9, с. 235].

Құқық гармонизациясы кенеттен және нақты мақсат бойынша жүзеге асырылады. Кенеттен гармонизациялаудың мәні мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттесу процесі кезінде ұқсас немесе біртектес реттеулер туындауында. Бұндай өзара әрекеттесу түрлі нысанда болады, соның ішінде күштеу арқылы да жүзеге асатындары болады. Кенеттен гармонизациялау нәтижесінде құқықтарды жақындастыру жүзеге асқан басқа мемлекеттердің тәжірибелерін қолдануды да жатқызуға болады.

Құқықты гармонизациялаудың тағы бір тәсілі – рецепция – бір мемлекетпен басқалардың құқықтарының көптеген бөліктерін біржақты қабылдауы. Осы аталған тәсілдер мен жағдайлар кенеттен гармонизациялау болып табылады, өйткені бұл жағдайларда құқықты жақындастыру мақсаты қойылмаған болып табылады.

Құқықты гармонизациялау болса унификацияға қарағанда кеңірек ұғым, өйткені ол унификация шеңберінен тыс жерлерде де жүзеге асырылады. Гармонизация дегеніміз әртүрлі мемлекеттер құқығын жақындастыруға, олардың айырмашылықтарын жоюға немесе азайтуға бағытталған үдеріс.

Унификация мен гармонизация арасындағы негізгі айырмашылықтарды, біздің ойымызша, Г.К.Дмитриева айқын көрсете білген. Ғалымның пікірінше унификация мен гармонизация арасында келесі айырмашылықтар бар:

  • унификация мемлекеттер үшін міндетті болып табылатын нысанда, яғни келісім-шарт нысанында жүзеге асыру, бірыңғай нормаларды белгілеу болса, гармонизация қатал халықаралық-құқықтық міндеттемелерді талап етпейді, ол көп жағдайларда біржақты үдеріс болып келеді (бірақ халықаралық ұйымдардың халықаралық-құқықтық механизмдерін қолдану арқылы жүзеге асырылатын өзара гармонизация да құқықтық міндеттемелерді талап етпейді);
  • унификация әртүрлі мемлекеттердің ішкі құқығында бірдей нормалардың пайда болуына алып келсе, гармонизация құқықты жақындастырады, қайшылықтарды жояды;
  • унификацияланған нормалар ұлттық құқықтың құрамында арнайы норма болып есептеледі, өйткені халықаралық шартпен байланысты болғандықтан оларды қолдану тәртібі ерекше болып келеді, ал гармонизация үрдісі кезінде ішкі құқыққа ұлттық құқықтық жүйеге бейімделген және ұлттық құқықтың басқа нормаларынан ешбір айырмашылығы жоқ, сондайақ ұлттық заңи актілері нысанында қабылданып, жалпы тәртіп бойынша қолданылатын нормалар енгізіледі;
  • егер унификацияланған материалдық нормалар коллизия мәселесін шешетін болса және тікелей қолданылса, гармонизацияланған нормалар бұл мәселені шеше алмайды;
  • тәжірибе көрсететіндей мемлекеттер унификациялау үдерісі шеңберінде өздерін қатал құқықтық міндеттемелермен шектеуге тырыспайды, ал гармонизация болса мемлекеттерге мұндай міндеттемелерді жүктемейтін қарапайымдау үдеріс болғандықтан мемлекеттердің көңілінен шығып, құқықтық жақындастыруға нақты көмектеседі [1, с. 113-114].

Жоғарыда көрсеткеніміздей Ю.А.Тихомировтың ойы бойынша «мемлекеттердің үйлесімді құқықтық дамуын оны  жүзеге  асыра-  тын төрт негізгі бағыт пен нысанға қатысты қарастыруға болады:

а) заңнаманы жақындастыру – нақты саладағы жақындастырудың кезеңдері мен әдістері бойынша мемлекеттердің жалпы бағыты анықталған кезде;

б)  заңнаманы  гармонизациялау  –   жалпы тәсілдеме, ұлттық заңнамалардың дамуы тұжырымдамасы келісілгенде, жалпы құқықтық қағидалар мен жеке шешімдерді жасап шығарғанда;

в) үлгілі заң актілерін қабылдау барысында; г) заңнаманы унификациялау – жалпыға міндетті біртұтас заңи нормалар (ережелер) дайындалғанда  және  әрекет  етуге енгізілгенде жүзеге асырылады» [1, с. 75].

Ал С.Ж.Айдарбаевтың пікірінше гармонизация мен унификация жекелеген дербес үдерістер болғанымен екі түрлі объектіге қатысты жүзеге асырылады. Ол объектілер:

  • құқық (ұлттық құқықтық жүйе);
  • заңнама.

Осыған орай, С.Ж.Айдарбаев гармонизация мен унификацияның екі түрін бөліп көрсетеді:

  • құқықты гармонизациялау және унификациялау;
  • заңнаманы гармонизациялау және унификациялау [4, с. 291-292].

Сонымен, құқықты унификациялау не гармонизациялау кезінде ұлттық құқықтық жүйелер арақатынасқа түсетін болса, заңнаманы унификациялау не гармонизациялау кезінде – жекелеген құқықтық нормалар, институттар және салалар қарым-қатынасқа түседі.

Жоғарыдааталғанкөзқарастарменпікірлерді қарастыра отырып келесідей тұжырымдамалар жасауға болады.

Құқықты унификациялау – бұл әртүрлі мемлекеттердің ішкі құқықтарында біртектес, біртұтас нормаларды қалыптастыру, яғни құқықшығармашылық үдеріс тек мемлекеттің ішкі құзыреті және унификацияланған нормалардың бір ғана әдісі – мемлекеттердің ынтымақтастығы болып табылады.

Құқықты гармонизациялау – әртүрлі мемлекеттердің құқықтарын жақындастыру, олардың  арасындағы   айырмашылықтарды жою және азайту. Мемлекеттер тәжірибесіне қарайтын болсақ, мемлекеттердің ішкі құқықтарының дамуы гармонизация элементтері арқылы жүзеге асып отырған, мемлекеттердің құқықтық жүйелері бірінен біріне ауысып отырған.

Сонымен қатар, бір ескере кететін жағдай, «унификация» да, «гармонизация» да өте күрделі құқықтық түсінік екенін ескеру керек. Өйткені осы кезеңге дейін бұл ұғымдарға барлық ғалымдармен танылған анықтама берілген емес.

 

  

Әдебиеттер

 

  1. Международное частное право: Учебник /Отв.ред. Г.К.Дмитриева. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: ТК Велби, Издательство Проспект,
  2. Тихомиров Ю.А. Курс сравнительного правоведения. М.: Издательство НОРМА,
  3. Давид Р., Жоффре-Спинози К. Основные правовые системы современности: Пер. с фр. В.А.Туманова. – М.: Международные отношения,
  4. Айдарбаев С.Ж. Интеграционные процессы на постсоветском пространстве в условиях глобализации мира: международно-правовые аспекты. Монография. – Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 416 с.
  5. Садиков О.Н. Дифференциация и унификация гражданского законодательства // Советское государство и право. – 1969. – № 12. – С.
  6. Поленина С.В., Гаврилов О.А., Колдаева Н.П., Лукьянова Е.Г., Скурко Е.В. Воздействие глобализации на правовую систему России // Государство и право. – 2004. – № 3. – С.
  7. Юков М.К. Специализация норм гражданского процессуального права. С.
  8. Ш.Р. Мустакимов. Некоторые аспекты унификации и гармонизации законодательства в сфере интеллектуальной собственности / Вестник ТИСБИ. – 2007. – № 2. / http://old.tisbi.ru/science/vestnik/2007/issue2/Lowhtml
  9. Вельяминов Г.М. Международное экономическое право и процесс. – М.: Волтерс Клувер,
Жыл: 2014
Қала: Алматы