ХХ-ХХІ ғасырларда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, интеграциялық үрдістің дамуы басты орын алуда. Жаһандану кезеңінде мемлекеттердің дербес өмір сүруі мен дамуы, оның қалыпты әрекет етуі үшін халықаралық қатынаста басқа мемлекеттермен, жалпы алғанда, халықаралық қауымдастықтармен қарым-қатынас орнату мен оны одан әрі дамыту екенін ерекше атап өту керек.
Қазіргі кезеңде мемлекеттердің қарым-қатынасы – мемлекетаралық ынтымақтастық болып табылады. Ынтымақтастықтың ең тиімді деңгейі – мемлекеттердің құқықтық жүйелері арасындағы құқықтық жүйелердің бір-біріне әсер етуі мен құқықтық интеграция арқылы құқықтық жүйелердің тұтастай не оның құрамдас бөліктерінің жақындастырылуы [1].
Құқықтық интеграцияның негізгі нысандарына заңнаманы жақындастыру, гармонизациялау және унификациялау үрдістері жатады. Заңнамаларды жақындастырудың басты мақсаты – құқық жүйесінде өзара келісім мен біркелкілікті қамтамасыз ету және құқықтық жүйелердің бір-бірінен өзгешеліктерінің ең төменгі деңгейіне қол жеткізу.
Ұлттық құқықтық жүйелерді жақындастыру мәселелерін қарастыру, бірінші кезекте белгілі бір қарастырылып отырған құбылысты белгілеу кезінде оның атауына қатысты ортақ келісімнің болмауына назар аудару керек. Құқықтық әдебиеттер мен құқықтық актілерді қарастыратын болсақ, «унификация» ұғымының көп қолданылатынын байқауға болады. Сонымен қатар кейінгі кездері «унификация» ұғымымен қатар«құқықтық жүйені жақындастыру», «заңнамаларды гармонизациялау», «құқықтық нормаларды стандарттау», «құқықтық қызметті үйлестіру» және «құқықтық шешімдердің келісілуі» секілді ұғымдар да қолданысқа түсіп жүр [2, С.48-49].
«Унификация» ұғымы көлік, соның ішінде әуе қатынастары мен теңіз құқығы саласында жиі кездеседі. Оларға: 1929 ж. Халықаралық әуе тасымалына қатысты кейбір ережелерді унификациялау бойынша Конвенция; 1933 ж. Әуе кемелерін ескертпелі түрде тұтқындауға қатысты кейбір ережелерді унификациялау бойынша Конвенция; 1910 ж. Кемелердің соқтығысуына қатысты кейбір ережелерді унификациялау бойынша халықаралық конвенция; 1924 ж. Коносаментке қатысты кейбір ережелерді унификациялау бойынша халықаралық конвенция; 1952 ж. Теңіз кемелерін тұтқындауға қатысты кейбір ережелерді унификациялау бойын- ша халықаралық конвенция; 1961 ж. Теңізбен жолаушыларды тасымалдау туралы кейбір ережелерді унификациялау бойынша конвенция және т.б. жатады.
Керісінше, халықаралық келісімдерде «жақындастыру» немесе «гармонизация» ұғымы сирек қолданыста екенін де атап өткен жөн болар. Мысал ретінде 1992 ж. Достастыққа мүшемемлекеттердің шаруашылық заңнамаларын жақындастыру қағидалары туралы Келісімді немесе 1979 ж. Кедендік рәсімдерді жеңілдету және гармонизациялау туралы халықаралық конвенцияны және т.б. айтуға болады.
Заңнамаларды жақындастыру мен гармонизациялау мемлекеттердің өзара келіскен құқықтық дамуының бір-бірінен ерекшеленетін екі нысаны болып табылады. Мұндай өзара келісімдер бір-бірінен өзіндік деңгейі және сипаты арқылы өзгешеленеді.
Заңнамаларды жақындастыру деп мемлекеттердің бір салада не бағытта әрекет етуінің ортақ бағдары мен амалдарын, жақындасу тәсілдерін анықтауды айтамыз. Ал заңнамаларды гармонизациялау кезінде ортақ амалдар мен ұлттық заңнамалардың дамуының тұжырымдамалары өзара келісіледі, ортақ құқықтық қағидалар мен жекелеген шешімдер шығарылады. Унификациялау процесі болса, гармонизациялауға қарағанда бірқатар мемлекеттермен өзара бірдей құқықтық нормаларды қабылдау мен күшіне енгізуді білдіреді [3, С. 306].
Жоғарыда аталған нысандардың ішінде заңнамаларды гармонизациялау әдісі өзіндік артықшылықтарға ие. Заңнамаларды жақындастыруға қарағанда, гармонизациялау үрдісі тек құқықтық дамудың ортақ бағыттарын өзара келісумен ғана емес, сонымен қатар құқықтық жүйе болашақта өзіне сәйкес бірыңғай құқықтық қағидаларды шығарумен ерекшеленеді. Ал унификациядан ерекшелігі мемлекеттік құқықтық дамудың тарихи мирасқорлығын қамтамасыз ететін құқықтық жүйенің бірқатар ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу құқығы [4, С.39].
Айта кету қажет, гармонизация ұғымы, құқықтық сөздік пен ауызекі сөйлеуде кең қолданылады, алайда бүл ұғымның мағынасы әрқашан нақты болып келмейді. Нәтижесінде құқықты гармонизациялауды кең және тар мағынада түсіну қалыптасқан.
Кең мағынада заңнамаларды гармонизациялау – өз құқықтық жүйелерін өзара келістіру үшін жасалған мемлекеттердің кез келген әрекеттерін айтамыз. Ал тар мағынада, гармонизация – ортақ қағидалар туралы өзара келісу нысаны. Сәйкесінше, имплементацияның нақты нысанын таңдауды мемлекет тәуелсіз түрде жүзеге асырады [3, С.307].
Халықаралық тәжірибеде заңнамаларды гармонизациялаудың екі нысаны кездеседі. Біріншісі – заңнамаларды шарттық гармонизациялау, оған сәйкес мемлекеттер өз ұлттық құқықтық жүйелерін болашақта сәйкестендірулері үшін нақты халықаралық шарттар қабылдайды. Екіншісі, бір мемлекет нормаларын екінші бір мемлекет, мемлекеттер тобы немесе халықаралық қауымдастық тарапынан шығарылған нормаларға сәйкестендіреді.
Қазіргі кезде құқықты гармонизациялау – құқықтың түрлі салаларына жататын сұрақтардың кең шеңберін қамтиды. Оған дәлел ретінде гармонизациялау БҰҰ аясында әмбебаптық, Еуропалық кеңес, ТМД шеңберінде аймақтық деңгейде жүзеге асырылуда.
Құқықтық интеграция кез келген құқықтық құбылыс сияқты жағымды және жағымсыз беретінін де атап өту керек. Жағымды жағы, құқықтық интеграция арқылы мемлекетаралық ынтымақтастық үрдісі жеңілдетіледі, мемлекеттер арасындағы сауда айналымы күшейеді, ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері кеңейеді. Жағымсыз жағы, құқықтық интеграция жекелеген мемлекеттердің құқықтық жүйелеріне қатысты өз ерекшеліктерінің жоғалуына, ұлттық құқықтық тәртіптерге жат құбылыстарды енгізуге алып келеді [5, С.313].
Заңнамаларды жақындастыру мен гармонизациялау кейбір зерттеушілердің айтуынша, «әр түрлі мемлекеттердің құқықтық жүйелері мен жекелеген мемлекеттердің құқықтық жүйелерін жақындастыру – қазіргі заманғы дамудың бірінші кезекті мәселелерінің бірі» [6, С.92].
Мемлекеттер мен халықаралық бірлестіктердің ынтымақтастықтары ортақ мәселелер бойынша бірлескен әрекеттерді қамтамасыз етудің қажеттігін байқатады. Мысалы, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге ниет білдіруші мемлекеттер өз заңнамаларына әр түрлі салалар бойынша көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізулері керек. Алайда заңнамаларды жақындастыру не гармонизациялау кезінде басқа құқықтық жүйенің ережелерін толығымен унификациялау, қайталау, толығымен бір деңгейге келтіру міндетті шарт емес екенін де атап өткен жөн. Бұл жердегі басты мәселе мемлекеттердің құқық жүйелеріндегі реттеу ерекшеліктері мен өзгешеліктерін анықтау, оны қолдану кезінде назарға алу қажеттігі. Мұндай жағдайларда, бір заңнаманы екіншісімен алмастыру орнына заңнамаларды жақындастыру қажеттігі туындайды.
Заңнамаларды жақындастыру кезінде мемлекеттер ұлттық заңнамалардың өзіндік ерекшеліктерін назарға алғандары жөн. Заңнамаларды жақындастыру кезінде кейбір салалар бойынша мемлекеттер арасындағы қоғамдық қатынастардың біртектілігіне байланысты жақындастыру механизмі тез жүреді. Мұндай құбылыс, көбінесе өндірістік, сауда қатынастарында, экология саласында байқалады. Ал саяси, әлеуметтік, мәдени салаларда жақындастыру баяу және аз көлемде жүзеге асырылады. Оның негізгі себебі – мемлекеттердің өз ұлттық тарихи ерекшеліктерін, саяси мүдделер мен мемлекеттік билік егемендігін толықтай қамтамасыз ету мақсатында сақтап қалуды көздейді.
Сонымен, заңнамаларды жақындастыру, гармонизациялау және унификациялау үшін келесідей құқықтық құралдар пайдаланылуы мүмкін:
- жалпы және арнайы құқықтық режимдерді қолдану (инвестициялау, салық салу және т.б. );
- субъектілердің құқықтарының танылуының көлемін анықтау;
- бірыңғай стандарттар (экологиялық, санитарлық, техникалық);
- құқықтық қамтамасыз ету деңгейі (зейнетақылар, жәрдемақылар);
- заңи құжаттарды танудың біртұтас ережелерін енгізу;
- жеңілдетілген тәртіп енгізу (азаматтықты иелену саласы және т.б.);
- құқықтық ынтымақтастық туралы шарттар;
- құқықтық көмек туралы келісімдер;
- ортақ құқықтық кеңістік құру (салалар бойынша әрекеттерді үйлестіру);
- құқықтық актілер туралы келісу процедурасы;
- халықаралық құжаттарды жалпылай тану және т.б. [7, С.6-7].
Сонымен, жоғарыда айтып кеткен заңнамаларды гармонизациялау және жақындастыру ұғымдары көбінесе халықаралық тәжірибеде бір-біріне ұқсас ұғымдарды білдіретінін анықтадық.
Гармонизациялау әртүрлі мемлекеттердің заңдарын жақындастыруға, олардың арасындағы өзгешеліктерді азайту мен жоюға бағытталған процесс болып табылады.
Гармонизациялаудың тағы бір нысаны – рецепция. Ол бір мемлекеттің екінші мемлекетке қарағанда кең көлемдегі заңдарды қабылдап алуын білдіреді. Рецепцияның бір өзгешелігі – нақты бір мемлекеттің құқығы қабылданбайды, оның орнына дамыған құқықтық жүйелер тәжірибесі қолданылады. Сонымен қатар гармонизация арқылы мемлекеттер өз құқық жүйелерін тек қайта құрып қана қоймай, өз құқықтық жүйелерін басқа мемлекеттің не мемлекеттердің құқықтық жүйелерімен жақындастыру мақсатын алға тартады. Себебі құқықтық жүйелер, құқықтар арасындағы елеулі өзгешеліктер олардың арасындағы қарым-қатынастың орнауына кедергі болады [8, С.186-187].
Рецепция, өз кезегінде, әртүрлі көлем мен нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін. Н.Г. Павлованың айтуы бойынша, рецепция «технологиялары» да әртүрлі. Осылайша, автор рецепцияның келесі нысандарын бөліп көрсетеді:
- Рецепция «төменнен-жоғарыға» жүзеге асырылуы мүмкін (рим құқығы: алдымен – университеттерде, кейіннен мемлекет қолдауы) және «жоғарыдан-төменге» яғни, мемлекет еркімен.
- Рецепция тікелей болуы мүмкін, сырттан институттар мен құқық нормаларының қабылдануы арқылы және жанама, яғни дінді қабылдау арқылы (құқық пен дін үйлескен жағдайда.
- Рецепция «өзіндік» мамандар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, сонымен қатар сырттан ұлттық кодификация үшін немесе құқық шығармашылыққа шетелдік мамандарды тарту арқылы.
- Рецепцияның ерекше түріне құқықты халықаралық унификациялау жатады. Мысалы, Еуропа Одағы құқығының ықпалымен романо-герман және ағылшын құқығы арасындағы өзгешеліктер біртіндеп жойылуда [9, С.79].
Сонымен, заңнамаларды жақындастыру мен гармонизациялау ұғымдарының өзара ұқсас нысанындағы қызметті жүзеге асырып, кей жағдайларда бір ұғым ретінде қарастырыладык. Өз кезегінде С.Ю. Кашкин де осы көзқарасты ұстанады. Оның пікірінше «гармонизация – унификациямен қатар құқықтық нормаларды бірыңғай қалыпқа келтіретін құқықтық интеграция тәсілі». «Гармонизация – құқықтық интеграцияның жұмсақ тәсілі, ол ұлттық құқықты белгілі бір заң үлгісімен жақындастыру негізінде жүзеге асады. Гармонизация бірізділікті қалыптастыру емес, ол әртүрлі мемлекеттердің заңнамаларын жақындастыруға негізделеді» [10, С.38].
А.О. Четвериковтың пайымдауынша, «гармонизация тәсілі – қауымдастыққа мүшемемлекеттердің өз ішкі заңнамаларын және заңға тәуелді актілерін сәйкестендіру» бо- лып табылады. Гармонизация арқылы қауымдастыққа мүше-мемлекеттер заңнамаларын «жақындастырады», бірақ толықтай бірыңғайлық орнатпайды [11, С.89].
Өз кезегінде, П.А. Каличенко гармонизацияға өзіндік анықтама береді. Оның пікірінше «гармонизация – ұлттық құқықтық жүйелерді жақындастыру мақсатында шығарылған үлгі ережелерді құқықтық түрлендіру тәсілі. Мемлекеттер мұндай үлгі актілерді қабылдаған не рәсімдеген кезде толық көлемде бірыңғайлыққа қол жеткізілмейді» [11, С.103].
Ал С.Ю. Кашкиннің пікірінше, гармонизация немесе ұлттық құқықты жақындастыру мемлекеттердің кез келген деңгейдегі өз құқықтық реттеуін сақтай отырып, қоғамдық өмірдің нақты салаларында құқықтық реттеудің ортақ бастамаларын енгізу [10, С.9].
Көріп отырғанымыздай, заңнамаларды гармонизациялау не оларды жақындастыру ұғымдарына анықтама бергенде, ғалымдар өзіндік көзқарас ұстанады. Алайда әртүрлі ғалымдар мен заңгерлер арасында қарастырылып отырған ұғымдардың ұқсас функцияны атқарып, кейде еш айырмашылықсыз бір ұғым ретінде қолданылатындығы туралы көзқарас дау тудырмайды.
әдебиеттер
- Энтин М.Л. Современные императивы гармонизации законодательства и правовых систем // Российско-Европейский ЦентрЭкономическойПолитики(РЭЦЭП)М.,2005/электроныйресурс: www://гесер.гu//%D0%9F%D1%80%D0%b8%D0%bb-%D0%a0%D0%b5%D1%.
- Бахин С.В. Сотрудничество государств по сближению национальных правовых систем (унификация и гармонизация права) // Специальность 12.00.10 – международное право; европейское право //Диссертация на соискание ученой степени доктора юридических наук. Санкт-Петербург, – 292 с.
- Марченко М.Н. Является ли судебная практика источником российского права // Журнал Российского права. – М., 2000. – № 12 (декабрь). – С. 303-307.
- Магомедов С.К. Проблемы унификации терминологии в нормотворческой деятельности // Современное право. –– № 8. – С. 38-40.
- Тевелева В.Н. Интеграция правовых систем как форма сотрудничества государств //Управление в социальных и экономических системах: материалы ХҮІІ международной научно-практической конференции, Минск, 2-6 июня 2008 г. – Минск: МИУ, – С. 312-313.
- Бачило И.Л. Проблемы гармонизации в законодательстве // Журнал российского права. – М., 2000. – № 8 (август). – С. 89-97.
- Кудачкин А. Сближение и гармонизация законодательств: понятие и международно-правовая характеристика // Право и жизнь. – М., 2006. – № 99 (9). – С.1-10.
- Международное частное право: учебник / Под ред. Г.К. Дмитриевой. – М.: Проспект, 2000. – 656 с.
- Павлова Н.Г. Курс лекций к сравнительному правоведению. – М., 2005. – 110 с.
- Кашкин С.Ю. Стратегия и механизмы гармонизации законодательства России и Европейского Союза, как ключевые компоненты их эффективного взаиморазвития в XXi веке. – М.: Российско-Европейский Центр Экономической политики, 2005. – 43 с.
- Кашкин С.Ю., Четвериков А.О., Калиниченко П.А. Право Европейского Союза. – М.: Проспект, 2011. – 274 с.