Иран елі оңтүстік-батыс Азияда орналасқаны белгілі. Өзінің аумағы жағынан осы өңірдегі екінші орынға ие ел. Экономикалық даму деңгейі бойынша жəне технологиялық тұрғыдан алғанда аймақтағы алдыңғы қатарлы елдердің бірі болып табылады. Сонымен бірге Иранда мұнай мен табиғи газдың мол қоры шоғырланған. Ал Иранның ядролық бағдарламасы соңғы кездердегі халықаралық қатынастардың өзекті мəселелерінің біріне айналды.
Иранның ядролық технологияларды жетілдіре түсуі əлемнің бірқатар елдерін əбірге салуда. Өйткені əлемнің жетекші елдері, оның ішінде, ең алдымен, АҚШ мемлекеті ирандық ядролық бағдарламалардың бейбіт мақсатқа бағытталғандығына сенгісі келмейді. Бұл елдердің ең басты қауіптері – Иранның уранды байыту саласындағы мүмкіндіктері. Иранның уранды байытудағы мүмкіндіктеріне 2003 жылы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) тарапынан жүргізілген бақылаудың нəтижесінде Натанзадағы осы мақсатқа бейімделген қондырғыны айқындаудың негізінде халықаралық қауымдастықтың көзі жеткен болатын [1]. Тек Натанзадағы зауыттың басты міндеті болашақ Атом электр станцияларын ядролық жанармаймен қамтамасыз ету екендігін мəлімдеген ирандық биліктің уəжі халықаралық сарапшылардың күмəнін сейілте алмаған еді. Сенімсіздіктің басты себебі ирандық саяси жүйенің батыстың көңілінен шықпауында ма деген ой қалдырады.
Екінші жағынан, АҚШ мемлекеті Иранға қатысты қандай саясат ұстанады, басқалары соның аузын бағатындай. Əсіресе Дж. Буш кіші өзінің президенттік дəуірінде бұл мəселені əбден ушықтырғаны белгілі. АҚШ президенті болып сайланған Барак Обама алғашқы сəттен бастап Иранның ядролық бағдарламасын дамыту мəселесін бейбіт түрде шешуді ұсынған болатын. Сонымен бірге жаңа билік Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі өткізілетін БҰҰ мен Еуропалық Одақтың келіссөздеріне қатысуға ұсыныс білдірген болатын. Бұл мəселедегі америкалық саяси ұстаным ирандық ядролық мəселені шешу үдерісінің саналы арнаға бет бұратындығының айғағы еді.
Батыс пен Иранның бір мəмілеге келе алмауының негізгі себебі батыс елдері Иран атом қаруын иеленуге талпынуда десе, Иран өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатқа бағытталғандығын дəлелдеуге тырысады. Ирандық ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздер Иран мен «алтылық» өкілдері арасында өтуде.
«Алтылық» мемлекеттерді БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері мен Германия құрайды.
2003 жылдан бері «Алтылық» пен МАГАТЭ ядролық таратпау тəртібіне қауіп тудыратын уранды байыту бойынша жұмыстарды Иранның тоқтату қажеттігін талап етіп келеді. МАГА- ТЭ басқару Кеңесі Иранның агенттікті хабардар етпей уранды байыту жөніндегі екінші зауытты салғандығын айыптаған кезде 2009 жылы келіссөздер үзілген болатын.
Бір жылдан астам уақыт кездеспеген Иран мен «алтылық» өкілдері арасында 2012 жылы ирандық ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздер үш мəрте өтті. Алайда 2012 жылғы 14 сəуірде Ыстамбұлда, 23-24 мамырда Бағдат қаласында, 18-19 маусым күндері Мəскеуде өткен келіссөздерде нақтылы нəтижелерге қол жеткізілмеді.
АҚШ, Батыстың бірқатар елдері жəне Израиль Иранның бейбіт тұрғыдағы атом бағдарламасын ядролық қаруға қол жеткізудегі тек бүркеме деп күмəнданады. Өйткені 21 ақпанда ғана Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) жариялаған ақпараты бойынша Иран Натанза қаласындағы ядролық алаңда жаңа үлгідегі IR-2 біртекті емес жүйені ажыратуға арналған қондырғылардың 180 данасын орнатуы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қабылдаған қарарына қайшы келді [2]. Сонымен бірге Иранның бұл қадамы екіжақты сенімсіздікті тіпті өршіте түсуде. Қазіргі кезеңде Иранға қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрт тыйым салу қарары мен бірқатар елдердің жəне ұйымдардың біржақты қарарлары əрекет етеді. Бұл қарарлардың басты талабы Иран ядролық бағдарламасының толық ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс жəне оның тек бейбіт мақсаттарға арналғандығын дəлелдеуі керек.
Осы орайда, Еуропалық Одақ (ЕО) елдерінің ирандық мұнай импортына қатысты эмбаргосы 2012 жылдың 1 шілдесінде күшіне енген болатын. ЕО елдері өз əрекеттерін Тегеранға ядролық құмарлықтан бас тартқызу мақсатында істеп отырғандығымен түсіндіреді.
2013 жылдың басында АҚШ Иранға қатысты бірқатар жаңа санкциялар енгізеді. Оның ба- сты мəні Иранның мұнай табыстарын шектеуіне бағытталған, сондай-ақ ирандық мемлекеттік телекомпанияларға қарсы қабылданған шаралар болатын. Бұл өз кезегінде Ираннан мұнай сатып алатын елдердің санының азаюына əкелуде. Соның салдарынан Тегеран шетелге сатқан мұнай табыстарына қол жеткізуде шектеулі күй кешуде. Соңғы келіссөздерден кейін екі тарап сегіз ай уақыт өткеннен соң 2013 жылдың 26 ақпанында Алматықаласындакездесті.Келіссөздердіңбасты тақырыбы: Тегеран тарапынан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің талаптарының орындалмауы жəне уранды байыту үдерісін тоқтату. Өйткені Батыс елдері уранды байыту тек атом бомбасын жасау мақсатында деп түсінеді.
Иран билігі өздерінің сындарлы келіссөздерге дайын екендіктерін мəлімдеген болатын. Осы орайда Иранның Сыртқы істер министрлігінің басшысы Əли Ақбар Салехи «Алматыдағы біздің келіссөздер бұған дейінгі Иран мен «бес плюс бір» тобы арасындағы мəжілісімізді жалғастыра түседі. Егер осы жолы əріптестеріміз тарапынан осы мəселені реттеуге деген шынайы ерік болатын болса, біз дайынбыз... Соңғы мəжілісті бұған дейінгі мəжілістермен салыстыратын болсақ, біз əлдеқайда алға жылжыдық. Біз дұрыс бағыттамыз», – деп атап өткен еді [3].
Рейтер агенттігі хабарлағандай халықаралық бітістірушілердің «алтылығы» Тегеранға ирандық ядролық бағдарлама бойынша шектеулікке келіскен жағдайда өз санкцияларын жұмсартатындығын ұсынады. Тек, Иранның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Рамин Мехманпараст «алтылықтың» мұндай ұсынысын парапар деп санамайтындығын мəлімдейді [4]. Алматыдағы 26 ақпанда өткен екікүндік келіссөздердің алдында Еуропалық Одақ өкілдерінің басшысы Кэтрин Эштон «Иран өкілдері де бұл келіссөздерде икемділік танытады ғой» деп сенетіндігін білдірген еді.
Ал Иран тарапы болса батыстық əріптестерден жаңа ұсыныстар ести алмадық деп кейіді.
«Алтылық» өкілдері болса (АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция жəне Германия) Тегеранға ядролық бағдарламаны реттеу бойынша əлдеқайда жаңа ұсыныстар жасағандықтарын алға тартады. Дегенмен де келіссөзге қатысушылардың наурыздың 17-18 күндері сарапшылар деңгейінде Ыстамбұлда, кейін 5-6 сəуірде Иран мен «алтылық» өкілдерінің қайтадан Алматыда кездесуге уағдаласқандықтарының өзі үлкен жетістік десе болады. Ыстамбұлда сарапшылар Тегераннан тыйым шараларын алу мəселесін, жалпы екіжақты қадамның тепе-теңдігін қарастыру жүктелген еді. Ыстамбұлдағы сарапшылар деңгейіндегі кездесу барысында «алтылық» елдері мен Иран сарапшылары мəселені саралауда жан-жақты пікір алмасулары өзара сенімділікті де нығайта түсті деп мəлімдеді Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі – Хун Лэй [5]. Екі тарапта мəселені бірлесе шешуге ынталығын білдірді. Иран тарапынан ұсыныс жасалғандығы айқын болғанымен, оның нақты мəні құпия болып қалды. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков бұл жөнінде: «Біз («алтылық») бұл ойпікірді қарастыратындығымызды қуаттай отырып, ирандық тарапқа сенімділікті орнату үшін қалыптасқан жағдай үйлесімді қатынасты талап ететіндігін мəлімдедік», – дейді [6].
Ирандық ядролық бағдарлама бойынша халықаралық бітістіруші «алтылық» Алматы кездесуінде Тегеранға егер Иран Фордо қаласындағы ядролық алаңда уранды байытуды 20 пайызға дейін шектесе, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан тыйым салу шараларын жұмсартып жəне қосымша шаралар қабылдамауды ұсынған еді. Жалпы, «алтылықтың» Иранмен болған Алматы кездесуі тараптар үшін тиімді бол- ды. Бірқатар толыққанды мəжілістермен қатар екіжақты кездесулер барысында мəселенің əртүрлі шешілу жолдары мен өзара сенімділікті нығайту шаралары қарастырылды.
5-6 сəуірде Алматы қаласында өткен «алтылық» пен Иран арасындағы келіссөздердің басталар шағында ЕО Жоғары өкілінің сыртқы істер жəне қауіпсіздік саясаты бойынша баспасөз-хатшысы Майкл Манн тілшілерге берген сұқбатында «алтылық» Иранның бейбіт атомға деген құқын мойындауға дайын, Тегеран халықаралық қауымдастыққа өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт сипатта екендігін дəлелдеуі тиіс деп атап өткен болатын.
Кездесу барысында екі тарапта өз уəждерін алға тартқанымен нақты бір мəмілеге келе алмады. Дегенмен келіссөздердің бірінші айналымының қорытындысы бойынша Иран ұлттық қауіпсіздігі Жоғары кеңесінің хатшы- сы Саид Джалили «алтылық» ұстанымы əлдеқайда шынайылыққа жақындай түсті, кейбір тармақтар бойынша тараптардың ұстанымында жақындаушылықбайқалды, алнақтылынəтижеге жетуде əлі де тараптар арасында терең тұңғиық жатқандай деп мəлімдеген еді. Ал ЕО Жоғары өкілінің сыртқы істер жəне қауіпсіздік саясаты бойынша баспасөз-хатшысы Майкл Манн болса Тегеран тарапынан ешқандай жаңа ұсыныстар шықпағандығын, келіссөздер барысында сол ақпандағы мəселелер талқыланғандығын хабардар еткен болатын [7].
Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков: «келіссөздер өте қарқынды екпінде, нақтылы мəселелер бар ықыласпен қарастырылды, тараптардың басты мəселеге көңіл бөлуі – бұл үлкен жетістік», əрине, «бізге ортақ қиылысу шебін табу əлі қиынға соғуда», – деп атап өткен еді [8]. Еуропалық Одақтың сыртқы істер жəне қауіпсіздік саясаты бойынша жоғары өкілі Кэтрин Эштон Алматыдағы келіссөздер барысында ирандық ядролық бағдарлама бойынша «алтылық» пен Иран арасында алғаш рет шынайы пікір алмасу орын алды деп көрсетті. Əрине, тараптардың ұстанымы əзірше бір арнадан шықпауы өкінішті екендігін білдірді. Оның сөзіне қарағанда, Иран мен «алтылық» арасындағы келіссөздер үдерісінің табысқа жетуі үшін келіссөздерге қатысушылар аса жоғары қарқында жұмыс жасаулары тиіс. Сонымен бірге келіссөздерді үйлестіру мақсатында ирандық өкілдердің басшысы Саид Джалилмен əрқашан байланыста болатындығын тілге тиек етті.
Саид Джалил осы кездесу барысында уранды байыту Тегеранның ажырамас құқы болып табылатындығын тағы да атап өтті. Сол орайда ол: «Бұған дейін бірнеше рет айтқанымыздай, уранды байыту, 5 немесе 20 пайыз бола ма, ол Иран халқының ажырамас құқы болып табылады. Келіссөздер кезінде де біз бұл жөнінде айттық», – деп ескертті. Ол: «Мəскеулік мəжілісте кешенді жоспар алға тартылған еді. Уранды байыту біздің құқымыздың бір бөлігі жəне ол құқықты иран халқының құқы мен қажеттілігіне сай пайдалануды көздеудеміз деп жеткіздік, дегенмен ынтымақтастыққа қатысты мəселелерді келесі келіссөздерде талқылауға болады», – деп жалғастырды [9].
Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябковтың пікірінше, Иранның ядролық бағдарламасын шешу үлгісі ретінде МАГАТЭ тарапынан ирандық ядролық бағдарламаға жан-жақты қамтыған бақылау қоюға келіскен жағдайда Тегеранға Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарт бойынша барлық құқықты беру қажет. Сондай-ақ Иранды барлық тыйым салу шараларынан азат еткен дұрыс деп есептейді.
Өз кезегінде Иран жағы да ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартты негізге алған жағдайда келіссөздер үдерісінде ілгерілеушілікке мүмкіндік туар еді дегенді айтады.
Алматы келіссөздерінен кейін, 8 сəуір күні ирандық агенттік «Фарс» мəліметі негізінде IslamNews Иранның ұлттық қауіпсіздік жəне сыртқы саясаты мəселелері жөніндегі комиссия төрағасы Алаэддин Боруджерди Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарт пен МАГАТЭ ережелерін құрметтей отырып, Батыстың осы келісімшарттардағы баптарды елемеуі, яғни ядролық қаруды қысқартуды жəне Иранның атом энергиясын пайдалану құқын мойындамауы Иранның келісімшарттан шығу мəселесі ел парламентінің талқылауына түсуі əбден мүмкін екендігін мəлімдегенін хабардар етті. Иə, Иран Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарттың (ЯҚТК) «жікшілдік сипатына» өзінің күйзелісін білдіруде. Иранның МАГАТЭ жанындағы тұрақты өкілі Əли Асгар Солтание 24 сəуірде Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарттың ықпалын қарастыру жөніндегі 2015 жылғы мəслихат бойынша дайындық комитетінің мəжілісінде əлемдегі қарусыздану үдерісі «алаңдатушылық пен түңілушілік» туғызатындығын мəлімдеді. Оның айтуынша, ядролық қаруды өндіруші елдерде 10 мың ядролық оқтұмсықтың болуы жəне ядролық технологияның үзіліссіз жетілдірілуі адамзатқа орасан зор қауіп тудырады. «Ядросыз» елдер, олардың қатарына Иран да жатады, мұндай жағдайда олар өздерін өте əлсіз сезінеді», – деп атап өтті өз сөзінде Əли Асгар Солтание. АҚШ мемлекетінің таяуарада ядролық оқтұмсықтарға өткізген сынақтарын ядролық əлеуетін нығайтуы деп түсінуге болады, бұл өз кезегінде қарулану жанталасының жаңа айналымын туғызуы да мүмкін дейді Иранның тұрақты өкілі. ЯҚТК бойынша міндеттерге адалдығын қуаттай отырып, Иран ешқашан өзінің бейбіт мақсатта ядролық технологияларды пайдалану құқынан бас тартпайтындығын ескерте келіп, Иранға қатысты Батыс екіжүзді дұшпандық саясат ұстанса «сəтсіздікке ұшырайтындығын» да атап өтті [10].
Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі пікірталаста саналы ой алда болып, салихалы саясатты негізге алып, елдердің саяси билігіне қатысты іштегі бір тар қыжылын шетке ысырып тастап, бар ықыласты басты мəселеге ғана аударғанда нəтижелі мəмілеге келу мүмкіндігі ұлғая түсері сөзсіз. Дау қуған ел тозбаса, озбайды деген, аймақтың, жаһанның қауіпсіздігі басты орынға шығар күн жеткендей.
Осы орайда, Иран мен МАГАТЭ Тегеранның ядролық бағдарламасы шеңберіндегі кезекті кездесуін МАГАТЭ жанындағы Иранның Венадағы миссиясының ғимаратында 15 мамырда өткізуді белгілеп отыр. Бұл кездесулерде де екіжақты ымырашылдық басым болар деп үміттенеміз.
Əдебиеттер
- Əліпбаев А.Р., Бюжеева Б.З. Қазіргі халықаралық қатынастардағы Иран еліне қатысты саясаттың кейбір астарлары //ҚазҰУ хабаршысы. Халықаралық қатынастар жəне халықаралық құқық сериясы. – Алматы, 2009. – №3 (41). – Б.127-131.
- МАГАТЭ: Иран приступил к масштабному монтажу современных центрифуг для обогащения урана в Натанзе // support@ tass-online.ru
- Встреча в Алма-Ате вывела переговоры «шестерки» с Ираном на правильный путь МИД Ирана// http://www.regnum.ru/ news/1631072.html#ixzz2S7Onu3JD
- Встреча «шестерки» по Ирану в Алма-Ате: санкции или уступки // itar-tass.com/c11/701089.html 5 МИД Китая: Встреча в Стамбуле по иранской ядерной программе была полезной //
- http://www.regnum.ru/news/1638530.html#ixzz2S7SArjHH
- В Казахстане начался очередной раунд по ядерной программе Ирана // vesti.ru/theme.html?tid=73253
- Никаких предложений от Тегерана по урегулированию его ядерной проблемы нет: Манн // http://www.regnum.ru/ news/1645198.html#ixzz2S7RwpLc0
- «Шестерка» и Иран обменялись предложениями по ядерному урегулированию// tvrain.ru/articles/v_alma_ate_nachi. 10 Тегеран готов пожертвовать ураном ради доверия «шестерки» // vesti.ru/theme.html?tid=73253
- 11 Ядерная программа Ирана является законным правом страны постпред Ирана в МАГАТЭ// http://www.regnum.ru/ news/1644858.html#ixzz2S7OUtWzn