Қазақстан-НАТО ынтымақтастығының әскери-саяси аспектілері

Биполярлы әлемдік тәртіптің жойылуы халықаралық қатынастар жүйесіне көптеген позитивті өзгерістер әкелумен қатар, жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуына да жол берді. Әлемдік деңгейдегі екі қуатты мемлекеттің қауіпсіздігі контекстінде қарастырылып келген ғаламдық тәртіп жүйесі ендігі жерде халықаралық қатынастар жүйесіндегі жаңа өзгерістерге байланысты көптеген өзгерістерге ұшырады. Жаңа өзгерген жағдайға бейімделген бұндай жаңаруларды жүзеге асыру, ең алдымен халықаралық қатынастар жүйесінде әрекет жасап келген институттарды құрылымдық-басқару және даму стратегиясын қабылдап реформалау арқылы ғана мүмкін болды. Осындай жаңаруды басынан кешірген және жаңа жағдайға байланысты өзіне жаңа функциялар мен міндеттемелер қабылдаған ұйымдардың бірі НАТО болып табылады.

Соңғы жылдар аралығында НАТО қызметінде түбегейлі өзгерістер орын алып, әскери күш-жігерді жан-жақты қайта құру жүзеге асырылды. Бұл процесс Қазақстанның Солтүстік Атлантика Шартты Ұйымы (НАТО) шеңберінде әріптестіктің жаңа формаларын енгізу арқылы өз жалғасын табуда. Соның нәтижесінде НАТО-ның әскери құрылым стратегиясы елеулі өзгерістерге ұшырап, осы ұйымға мүше-мемлекеттердің қорғанысқа арналған әскери шығындары азайып, блоктың жеке құрамымен құрылымдық әскери бөлімдері қысқарды. НАТО-ны әскери ұйымнан әскери-саяси ұйымға айналдыру процесі күшейді. Бұрын КСРО- ға және Варшава шартының басқа да қатысушыларына бағытталған кейбір әскери және доктриналар қайта қаралды.

НАТО-Қазақстан қатынастары 1992 жылы Қазақстанның Солтүстікатлантикалық ынтымақтастық кеңесіне (1995 жылы Еуроатлантикалық серіктестік кеңесі болып өзгертілді) кіруімен басталды. Ынтымақтастық аясы кеңіп, 1995 жылы Қазақстан «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасына қосылды. 2002 жылы Қазақстан Жоспарлау және сараптау үрдісіне (ПАРП) араласып, әскери және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтті. 2005 жылы Қазақстанның алғашқы Серіктестік әрекеттерінің жеке жоспары (ИПАП) жасалғаннан кейін, ішкі реформалық үрдістерге баса назар аударылды [1].

Қазіргі кездегі НАТО-ның Шығысқа қарай кеңеюі барысында Қазақстан айналасында да үлкен саяси ойындардың жүргізіліп жатқандығының белгілері анық білінуде. НАТО жетекшілігінің кейінгі кездердегі Қазақстан Республикасына қатысты жүргізіп отырған саясаты еліміздің осы ұйымға мүше ретінде кіруінің дайындықтары іспеттес. Дегенмен, Қазақстан НАТО-ға мүше-ел ретінде кіруге кезекте тұрған жоқ деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің ресми мәлімдемесінен көруге болады. Онда: «Егер де осы ұйымның мүшесі деген мәртебе алу туралы айтатын болсақ, Қазақстанның НАТО-ға мүше ретінде енуі туралы мәселе бүгінгі күн тәртібінде тұрған жоқ, сондықтан біздің республикамыз Солтүстікатланттық альянсқа қатысушы елге айналды деп айту шындыққа сай келмейді. Сонда болса, Қазақстан НАТО- ның барлық әріптестік және ынтымақтастықты көздейтін барлық бағдарламасына белсенді түрде қатысады. Бұл ең алдымен Еуроатланттық әріптестік Кеңесі (СЕАП), «Бейбітшілік жолындағы әріптестік, «Бейбітшілік жолындағы ғылым», «Терроризмге қарсы күрес жоспары» және болашақта мүмкін болатын әріптестік бағдарламалар» делінген [2].

Қазақстанның НАТО ұйымымен белсенді өзара әрекеттестігінің басталуы 2000 жылдың орта шенінен Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назрбаевтың НАТО-ның бас хатшысы лорд Дж. Робертсонмен Брюссель мен Астанадағы кездесулерінен кейін мүмкін болды. Қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру осы кезде мемлекет басшысының альянс жетекшілігімен ұдайы пікір алмасулар өткізуімен, солардың ішінде нақтырақ айтсақ, Қазақстан-НАТО қатынастарының көкейкесті мәселелер, аймақтық қауіпсіздік және  көптеген т.б. мәселелерді талқылаулар орын алады. Екіжақты ынтымақтастық пен әріптестікке баға берер болсақ, сенімнің ең жоғары деңгейі НАТО және оның мүше-елдері қатысқан Ауғанстандағы антитеррорлық операцияны жүзеге асыру барысында көрсетілген болатын. Еуроатланттық әріптестік кеңесі шеңберіндегі Қазақстан мен НАТО ынтымақтастығы белсенді түрде іске асырылуда. Қазақстан НАТО-ның ЕАӘК/СЕАП/ мүше- елдері сыртқы істер министрлері, қорғаныс министрлері және НАТО-ның штаб-пәтері жанынан аккредитацияланған елшілер деңгейіндегі кездесулерде және аталмыш кеңес ұйымдастыратын тағы да басқа шараларға үнемі қатысып келеді.

2001-2003 жж. аралығында екіжақты ынтымақтастық пен әріптестік шеңберінде 26 жоспарланған шара іске асырылды. Оларға атап айтқанда, Cooperative Osprey-2001,  Combined Endeavor-2001, екіжақты «Қалқан-2001», «Аймақтық ынтымақтастық-2001» әскери жаттығуларын айтуға болады. Шаралардың бір бөлігі 2001 жылы 11 қыркүйек оқиғасына байланысты басқа ауыстырылған болатын. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Брюссельдегі НАТО штаб-пәтеріндегі біздің өкіліміз өз жұмысына кірісті, ол сонымен қатар Қазақстан Республикасының ГФР мен Бнеилюкс елдеріндегі әскери атташе ретінде өкілдік етеді [3].

Есірткі мен есірткі саудасының таралуының мәселесінде НАТО біздің республикамызға кеден мен шекара пунктілерінде жедел тез арада есірткіні іздеп тауып алу, диагностика, байланыс құралдарымен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастырып, осы бағытта көмек көрсетуге дайын. Сонымен бірге, республикамыз үшін мамандарды сапасы қажетті деңгейде дайындау мен қазақстандық мамандарды бақылаудың жаңа техникасы мен әдістемелерін, Қазақстан территориясы арқылы есірткі заттардың заңсыз тасымалдану арналарын тауып алып, жоюды үйрету бағытында да көп көмек көрсетілуде. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы мен НАТО арасындағы ынтымақтастықтың белсенділігін арттырудың барлық мүмкіндіктері бар. Осы шаралар қорғаныс саясат пен стратегия, қорғаныс салаларындағы зерттеу жұмыстарын жоспарлау, ұйымдастыру және технологияларды дамыту, жаппай қырып-жоятын қарулардың таралуына жол бермеуіне нұқсан келтіретін саяси және қорғаныс шаралары сияқты бағыттар бойынша өзара әрекет етуде жаңадан талпынастар мен ұмтылыстар қалыптасып келеді.

Қазақстан Республикасы НАТО ұйымымен ынтымақтастықта «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы бойынша ең алдымен маман-кадрларды дайындау мен әскери құрылымдарды жетілдіру мен дамыту сияқты мәселелерді бірінші орынға қойып отыр. Осы мақсатта 2003 жылдың 31 мамырында республикамыз «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы негізінде НАТО-ның шеңберіндегі операцияларға қатысуға мүмкіндіктер беретін «Қарулы күштер мен бақылау процесі» (ПАРП) деген бағдарламаға қосылды.

ПАРП бағдарламасы шеңберіндегі әріптестіктің аса маңызды мақсаттары: аэронавигация мен коммуникациялық жүйелерді сәйкестендіру, командалық-басқару штаб офицерлері үшін тілдік дайындық, НАТО-ның «БЖӘ» (ПИМ) бағдарламасы шеңберіндегі бітімгершілік операцияларға қатысу үшін қазақстандық әскери бөлімдерді дайындау, НАТО- ның картографиялық стандарттарын зерттеу шаралары жүзеге асырылуда.

2005 жылдың қаңтар айында, Ағымдағы жылдың қаңтар айында НАТО-ның штаб- пәтерінде «НАТО+Қазақстан» форматында әскери-саяси басшылық комитетінің мәжілісі өтіп, онда Қазақстан мен Солтүстік-Атлантикалық келісім ұйымы арасындағы диалогтың барлық сипаттары үйлестірілген «Серіктестік» Жеке іс-қимылдар жоспары қаралған  болатын. Қаңтардың 31-і күні осы Жоспар бекітіліп, өз күшіне енді. Осылайша, Қазақстан - НАТО-ның ынтымақтастықтың жаңа тетігін қабылдаған Орталық Азия аймағындағы бірінші серіктес-мемлекет болып отыр. Қазақстанның НАТО жанындағы миссиясының басшысы, Бельгиядағы Елші Константин Жигаловтың айтуынша, «Жоспарды әзірлеу және қабылдау жөніндегі жұмыстар қысқа мерзімнің ішінде, Қазақстанның барлық мүдделі ведомстволарының белсенді жұмыстарының арқасында жүзеге асырылды және ол 2005 жылдың шілде айында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы алға қойған НАТО-мен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған міндетті жүзеге асыру болып табылады» [4].

«Серіктестік» жоспары аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, Қарулы күштерді түрлендіруге, ғылым, төтенше азаматтық жоспарлау, экология салаларындағы ынтымақтастыққа, лаңкестікпен күреске бағытталған жан-жақты жоспар болып табылады.

Жоспарға қолдың қойылуына орай, НАТО Бас хатшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына құттықтау хат жолдап, НАТО мен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынасты дамытуға деген жеке ұстанымы үшін алғыс білдірді және қауіпсіздік саласындағы маңызды мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға үміт артты.

«НАТО+Қазақстан» форматында әскери-саяси басшылық комитетінің 2002 жылдың 15 мамырында Рейкьявикте өткен Еуроатланттық әріптестік Кеңесіне мүше-мемлекеттер сыртқы істер министрлері Кеңесінің отырысында Қазақстанның НАТО-мен жаңа қауіптердің алдын алу үшін ынтымақтастықтың пәрменділігін бекітіп, арттыру көзделді. Сонымен қатар Қазақстан тарапынан ЕАӘК-тің одан әрі қарай дамуы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар жасалынды.

НАТО-ның Халықаралық хатшылығы өкілдері тарапынан Қазақстан делегация басшысының айтқан сөздерінің мазмұны мен оның бағыттылығына оң баға берді. Сонымен бірге  Қазақстан  Республикасының  мемлекетік  хатшысы  әрі  сыртқы   істер   министрі   Қ.К. Тоқаевтың НАТО бас хатшысы Дж. Робертсонмен кездесуі барысында Қазақстан мен альянс арасындағы қорғаныс саласында, аймақтық қауіпсіздікті нығайту мәселелері екі- жақты мүдделілік білдіріліп, Қазақстанның Орталық Азия аймағында тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды ролі атап өтілді. Кездесу барысында Қазақстан тарапы «екі- жақты әріптестік деңгейі өте жоғары, алайда Қазақстан Республикасының НАТО-ға мүше-ел ретінде кіру туралы сөз қозғауға ешқандай негіз жоқ. Барлығы халықаралық жағдайдың өрбуіне және ең алдымен альянстың әлемдегі жаңа жағдайдағы трансформациялаудың динамикасына байланысты» деген еліміздің позициясы мәлімделінді [5].

Қазақстан – НАТО қарым-қатынасына алғашқы қадам 1992 жылдың қараша айында НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы М. Вернердің Алматыға  сапарымен  және  Президент  Н.Ә. Назарбаевтың 1993 жылдың ақпанындағы НАТО-ның штаб-пәтеріне сапарымен басталады. Сол уақыттан бері Қазақстанға Альянстың саяси және әскери басшыларының өкілдері бірнеше рет келіп кетті.

Қазақстанның геостратегиялық орналасуына байланысты НАТО-ның толық мүшелігін иемденуге  еш ниеті  жоқ. Бірақ,  ҚР  ойынша, Батыс  пен  Шығыс  Еуропаның және бұрынғы КСРО республикаларының әскери-саяси ынтымақтастығының белсенділігі Еуразия континентіндегі сенімділік климатының нығаюына үлкен әсер етеді. Қазақстан НАТО-мен біріккен жобаларға қатыса және альянстың үлкен әскери-техникалық күшіне назар аудара отырып, өзінің әскери дайындық дәрежесін көтеруді мақсат етеді.

1992 жылы Қазақстан НАТО-ның органы Солтүстік атланттық Ынтымақтастық Кеңесінің (ССАС) мүшесі болды. Бұл орган Шығыс Еуропаның және бұрынғы кеңестік республикалардың тәуелсіз мемлекеттерімен ынтымақтастықты орнату үшін арнайы құрылған. Қазақстанның НАТО-мен (ынтымақтастығы) ССАС жүйесі бойынша іскерлік  және өзара тиімді сипат алды.

1994 жылы 27 мамырда «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» құжатына қол қойып, Қазақстан бағдарламаның 19 қатысушы болды. 1994 жылдың желтоқсанында Қазақстан НАТО-ның жетекшілігіне болашақ ынтымақтастықтың бағыттары айқындалған презентациялық құжат ұсынды.

Бұл құжатта: ұлттық қорғанысты жоспарлау және қаржыландыру; қарулы күштерді демократиялық бақылаумен қамтамасыздандыру; жеке бөлімшелердің бейбітшілікті қолдау және гуманитарлық операциялар сияқты миссияларды орындау үшін және оларды дайындау мақсатымен біріккен жоспарлау мен әскери дайындық жүргізу; қарулы күштерге мамандар дайындау көзделген [6].

Қазақстан мен НАТО-ның біріккен қызметін бақылау үшін 1996 ж. қарашасында АҚШ- тың қолдауымен Моне қаласында (Бельгия) ҚР-дың НАТО жүйесіндегі серіктестігі бақылау тобында офисі ашылды. 1997 жылдың мамырында ССАС Еуроатланттық серіктестік кеңесі СЕАП болып өзгертілді. Қазақстан ССАС-тың мүшесі ретінде СЕАП-тың мүшесі автоматты түрде болды.1998 жылы 20 қаңтарда Брюссель келісіміне сәйкес НАТО-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның өкілдігі ашылды.

ҚР және НАТО ынтымақтастығының келісімді құқықтық негізі кеңеюде. 1996 жылы 31 шілдеде НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде Қазақстан мен НАТО арасында екі келісімге  қол  қойылды.  Оның  біріншісі  -  «Қауіпсіздік  туралы  келісім»  болса,  екінішісі - «Қарулы күштер мәртебесі туралы келісім». Бірінші келісім «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасының ынтымақтастық шеңберіндегі территориялардағы қауіпсіздік мәселесі бойынша (әскери оқулар жүргізген жағдайларда, т.б.) бірлескен іс-қимылдарды реттеудегі құжат болуымен маңызды болып табылады. Қазіргі кезде Қазақстан мен НАТО арасында ынтымақтастық жеке серіктестік бағдарламалар арқылы жүргізіледі. Бұл бағдарламада Қазақстан-НАТО ынтымақтастығының басымды бағыттары көрініс тапты.

Бірінші кезекте - әскери ынтымақтастық және оқыту. НАТО мен Қазақстан арасындағы қатынастардың орнаған күннен бастап, НАТО-ның мүше мемлекеттері мен басқа серіктес мемлекеттер өткізіп жатқан «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасындағы әртүрлі шараларға, курстарға, семинарларға, жұмыс кездесулеріне 200-ден астам қазақстандық офицерлер қатысты [7]. НАТО-ның әскери-оқу мекемелерінде Римде (Италия), Обераммергауде (Германия), стратегиялық зерттеу орталығы мен Дж. Маршалл атындағы қорғаныс экономикасында, Гармиш-Партенкирхен қаласында (Германия) және т.б. жерлерде оқыған көптеген қазақстандық әскери басқарманың өкілдері НАТО мемлекеттеріндегі ұйымдардың әртүрлі аспектілерімен танысуда, НАТО елдеріндегі әріптестерімен жеке байланыс орнатуда үлкен мүмкіндік алды. «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарлама- сындағы әртүрлі оқуларға қазақстандық офицерлер 1995 жылдан бастап бақылаушы ретінде қатысты. Қазақстанның қарулы күштер Академиясының курсанттары АҚШ-тың Форт-полк әскери базасында НАТО-ның бейбіт шараларына қатысты. 1997 жылы маусымда және 1998 жылдың сәуірінде медициналық көмек көрсету туралы американ-қазақ шаралары өткізілді.

Бейбітшілікті орнату мен қолдауды жүзеге асыратын  бітімгерлік  операцияларды бірлесе өткізуге көңіл баса бөлінуде. 1997 жылы ынтымақтастың қорытындысы бойынша, бас штатта 7 офицер бейбіт шараларын жоспарлау мен дайындау үшін және әртүрлі штаттық дәрежелердегі 15 офицер дайындалды. 20-дан астам әскери әуе күштердің офицері, байланыс құрылымдары, техникалық   қамтамасыз  етудегі  Қазақстан  Республикасының   Қарулы Күштерінің Бас штабы көп ұлтты күштердің бейбіт шараларына қатысты.

1997 ж. 10-11 наурызда НАТО-ның Бас Хатшысы Х. Солананың Алматыға сапары барысында Республика басшылығымен ынтымақтастықтың маңызды бағыттары белгіленді. Бұл ғылыми ынтымақтастық және Қазақстан үшін өзекті мәселе – қоршаған ортаны қорғау саласында. Сонымен қатар НАТО Бас Хатшысы аумақтық қауіпсіздік мәселесі бойынша ақпаратпен алмасуды ұсынды. Қазақстан өкілдері Альянстың негізгі форум және комитеттер жұмыстарына тұрақты қатысады. Оның ішінде: Сыртқы істер және Қорғаныс министрлері кездесулері, елшілер дәрежесіндегі айлық кеңестер; саяси, басқару комитеттерінің отырыстарының; экономикалық директораттың; ғылым және экология комитеттері; ИПП тереңдету бойынша жоғарғы қызмет тұлғаларынң топтасуы; құбырлар жүйесі бойынша НАТО комитеті; СЕАП елдерінің қарулы күштер Бас штабтарының басшылар кездесуі және т.б.

«НАТО – Қазақстан» (7-11 сәуір 2008 ж.) ынтымақтастық аптасы аясында Орта Азия және Кавказ елдері бойынша НАТО бас хатшылығының арнайы өкілі Роберт Симмонс  НАТО - Қазақстан ынтымақтастығы бойынша серіктестік қызметінің жеке жоспарлары (IPAP) мен жоспарлау және қайта қарастыру (PARP) процестері жөніндегі мәселелерді қарастыру үшін Алматы мен Астанадағы қазақстандық жауапты тұлғаларымен кездесу өткізді. Осы ынтымақтастық шеңберінде қоғамдық дипломатияның бірқатар іс-шаралары өткізілді.

11 сәуірде Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында НАТО депозитарлық кітапханасының ашылуы болды. Орта Азия мен Кавказ елдері бойынша НАТО бас секретариатының арнайы өкілі Роберт Симмонс өзінің құттықтау сөзінде: «НАТО  – Қазақстан ынтымақтастық аптасы» қазақстандық қоғамның НАТО серіктестік саясатын жете түсінуіне айтарлықтай үлес қосты әрі НАТО мен Қазақстанның өзара ынтымақтастығын нығайтты. ҚР академиялық кітапханасында ашылып отырған депозитарлық кітапхана НАТО мен Қазақстанның гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын әрі қарай қарқынды дамытуға ықпал ететін болады», - деді [8].

НАТО депозитарлық кітапханасын құрғаны үшін ҚР ҰАК бас директоры Роза Бердіғалиева Роберт Симмонс мырзаға алғыс білдіріп, НАТО мен Қазақстанның өзара ақпарат алмасу барысында бұл бастаманың маңызы зор деп атап өтті. Мәртебелі мейманға оқырман билеті табыс етілді. Бұдан соң Роберт Симмонс мырза кітапханадағы құрметті қонақтар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды. НАТО депозитарлық кітапханасының алғашқы ақпараттық материалдарына «НАТО анықтамалығы» жатады. Анықтамалықта 2005 жылдың күз мезгіліне дейін Солтүстік Атлантика Одағын дамытудың жан-жақты талдамасы, НАТО қызметі - «НАТО-Ресей. Прагматизм рухындағы серіктестік», «НАТО брифингі», «НАТО РИГИ-дан кейін» деген кітапшалары мен «НАТО жаңалықтары» бюллетені ұсынылған.

Бұдан әрі НАТО-ның мультимедиялық материалдары мен әр алуан жарияланымдары жеткізілмек. Аталған ақпарат құндылықтарын ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының оқырмандары еркін пайдалана алады.

Сонымен, Қазақстан-НАТО әріптестігі қазіргі кезде тараптар арасында қол жеткізілген уағдаластық негізінде алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға толық құқықтық негіз қаланған. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен НАТО әріптестігін дамытуға қолайлы жағдайлар қалыптастыруда. Сондай-ақ, Қазақстан мен НАТО арасындағы қатынастар толық, конструктивтілік пен өзара тиімді сипат алуда. Қазақстан-НАТО әріптестігінде маңызды орынды иеленетін жайт – тараптар арасындағы ынтымақтастықтың әскери-техникалық және саяси әріптестік мәселелері. Ал енді мұндай тығыз қатынастар аймақтағы және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосылған қомақты үлес екендігі ешқандай дау тудырмайды.

 

 Әдебиеттер

  1. Абдулпаттаев С. Халықаралық қатынастар және Қазақстанның сыртқы саясаты. - Алматы: Қарасай,- 226 б.
  2. Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. - Алматы: ҒӨ Пбк «САІІНАК», - 325 б.
  3. Бұл да сонда.
  4. Абдулпаттаев С. Халықаралық қатынастар және Қазақстанның сыртқы саясаты. - Алматы: Қарасай,- 226 б.
  5. Баймолда Д. Қазақстанда НАТО – Қазақстан екінші әріптестік апталығы өтіп жатыр //Егемен Қазақстан. 04.2008.
  6. «Егемен Қазақстан» 10.2008.
  7. Kazakhstan today. 11.2007.
  8. Kazakhstan today. 04.2008. 
Жыл: 2009
Қала: Алматы