Тәуелсіздік алған жылдан бастап жан-жақты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанда этномәдени білім беру мен осы саланы зерттейтін ғылым қазақ этнопедагогикасының әдіснамалық-теориялық негіздері қалыптасты.
Тәуелсіз елімізде оқушыларға этностық-мәдени білім берудің әдіснамалық, теориялық және практикалық мәселелерін шешуде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың өкімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасында мәдени-этникалық білім беру» тұжырымдамасының маңызы зор болды.
Бұл ғылыми-теориялық құжат өмір қажеттілігінен туындады. Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасы адамның ұлтына қарамастан оның құқықтары мен бостандықтарын тануға, ұлттардың тең құқықтылығы мен этносаралық тұрақтылықтың сақталуына, қазақстандық патриотизмнің кеңінен тарап, халықтың этностық-мәдени мүдделерінің іске асуына бағытталды. Білім беру саласында да оң өзгерістер қанат жайды: жаңа типті оқу орындары өмірге келді, жаңа буын оқулықтары әзірленді, ұлттық тәлім бағдарламалары іске асырыла бастады, мектепке ұлттық құндылықтар орала бастады.
Оқыту мен тәрбиенің этномәдени бағыттылығы Қазақстан Республикасындағы қазіргі білім беру саясатындағы басты бағыттардың бірі болып отыр. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы мемлкеттік саясатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұғырнамасында республикада тұратын барлық халықтар мәдениетінің өзіндік ерекшелігіне тиісті көңіл бөлінетіндігі және кез келген мәдениет қайталанбас, теңдесі жоқ қазына және белгілі бір халық өзін дүниежүзіне сол арқылы толық танытатындығы айтылған [1].
С. Қалиевтың «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы [2] еңбегінде автор көне заманнан бергі көрнекті ойшылдардың еңбектеріне сүйене отырып, тәлім-тәрбиенің ұлттық сипаты, қазақ этнопедагогикасының туып, қалыптасу тарихы жайында баяндайды. Еңбектің «Этностар мәдениетін зерттеудің ғылыми методологиялық негіздері және қазақ этносы тәлімі тарихының даму кезеңдері» атты бірінші тарауында этнопедагогика, этнолингвистика, этнос ұғымдарына сараптамалық түсініктер берген. Халық тәлімінің тарихи кезеңдерін алғашқы қауымдық құрылыстан бастап бүгінгі күнге дейін дамуын 8-ге бөліп көрсетіп берген.
Осы сегіз кезеңнің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, педагогикалық ойлардың даму үрдісін көрсетіп берген.
«Қазақ этнопедагогикасының ғылыми теориялық мәселелері» атты екінші тарауда этнопедагогикалық түсініктерге ғылыми анықтамалар берілген, этнопсихология мен этнопедагогиканың ортақ белгілері анықталған, қазақ этнопедагогикасының өзіндік ерекшеліктері сраланған, халық педагогикасының негізгі қағидалары және оның ғылыми педагогикамен байланысы дәлелденген.
Халық педагогикасының қағидалары «сегіз қырлы, бір сырлы», мінезі майда, ары таза, тәні сау, өнегелі өнерлі, жан-жақты жетілген «толық адам» тәрбиелеуді көздеуден туғандығын айтады [3, 60].
«Қазақ этнопедагогикасының бастау бұлағы және тарихи даму кезеңдері» атты үшінші тарауда қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде туып, қалыптасып, даму кезеңдерін көрсетіп берген. Осы кезеңдерге бөлуге сәйкес қазақ этнопедагогикасының бастау бұлағын ХХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтардан алатындығын ғылыми тұрғыда дәлелдеп береді. Сонымен қатар осы бау бұлақтарға арнайы тоқталып өткен.
Тарихтан шетел ғалымдарының қазақ халқының мәдениеті қатты қызықтырғаны мәлім. Осы тарауда ұлы ғалым осы шетел ғалымдары орыс тарихшысы М. Вяткин, Италия ғалымы Марко Поло, француз П.С.Паллас, венгер ғалымы А. Вамбери, француз ғалымы Элизе Рекло, белгілі шығыстанушы Г. Клапорт, дат ғалымы Э.С. Фульфсон, неміс оқымыстысы, академик В.В. Радлов, ресей ғалымы А.И. Левшин, Адольф Янушкевич, Н.М. Ядринцев, фольклорист, өлкетанушы Г.Н. Потанин т.б. ұлы халқымыздың мәдениеті, тарихы, тілі, салт-дәстүрлері туралы ой пікірлеріне барынша тереңірек бойлаған.
С. Қалиевтың қазақ этнопедагогикасын дамытуға үлес қосқан қомақты еңбегі «Қазақ этнопедагогикасының тарихы (кеңестік дәуір 1920-1990)» [2]. Автордың бұл еңбегін қазақ этнопедагогикасы тарихын бір жүйеге келтірген тұңғыш құнды еңбек деуге болады.
Қазақ этнопедагогикасының әдіснамалықтеориялық мәселелерін терең қарастырған ғалым К.Ж. Қожахметова. Бұл зерттеулер автордың «Казахская этнопедагогика: методология,теория, практика» [4], «Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: теория және практика» [5], т.б. еңбектерінде жан-жақты келтірілген. Ғалым «Қазақ этнопедагогикасы (әдіснамалық аспект)» [6] деген оқу құралында этнопедагогиканың бағыттау негізі – педагогиканың әдіснамасы екенін ашып көрсетеді. Этнос теориясының этнопедагогика мазмұнын терминологиялық негіздеудегі мәнін ашады. Этнопсихологияның этнопедагогикадағы және этнос ерекшеліктерін танудағы орны, этнопедагогикалық дүниетанымдағы этникалық философияның мәні мен маңызы, этнопедагогиканың мазмұнын анықтаудағы мәдениет теориясының орны, т.б. мәселелер қарастырылған.
Қазақ этнопедагогикасының ғылыми-теориялық, әдіснамалық негіздерін қалаушылардың бірі ғалым С.А. Ұзақбаева өзінің зерттеуінде халықтық педагогиканы халық бұқарасы білімінің, іскерліктері мен дағдыларының жиынтығы ретінде мектептегі оқу-тәрбие процесінің әдіснамалық негізі тұрғысынан қарастырған. Олардың негізінде ұрпақтан ұрпаққа ауысып, рухани бай жеке адамды тәрбиелеуге мүмкіндік беретін белгілі бір әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер қалыптасқандығын тұжырымдайды. Қазақ халқының ұлттық мәдениетіне негізделген оқушыларға тәрбие беру тұжырымдамасын жасайды. Жеткіншек ұрпаққа халықтық педагогика құралдары арқылы эстетикалық тәрбие берудің мазмұнын, ұйымдастыру түрлері мен әдістерін дамытудың бағыттарын бөліп алуға мүмкіндік беретін қазақ халық педагогикасының тарихнамасына тоқталады. Эстетикалық тәрбие беруде халық ауызекі поэтикалық шығармашылығы, музыкалық шығармашылығы, сәндік-қолданбалы өнерінің мазмұнын, мақсаты мен міндеттерін, негізгі талаптарды ашып көрсетеді [7].
Философия ғылымдарының докторы, профессор Н. Елікбаев «Ұлттық психология» (көмекші оқу құралы) және «Дәуір тынысы: қазақ ұлтының психологиясы» атты монографиясында қазақ халқының ұлттық психологиясының қалыптасуы мен заңдылықтары, оның өзіндік табиғаты, құрылымы, тарихы мен әлеуметтікмәдени негіздері сөз болады. Сонымен бірге, тарихи сана мен ұлттық мәдениет – ұлт рухының өзегі, қазақстандық патриотизм мен ұлттық тәрбие – рухани топтасудың тірек екені, Қазақстан Республикасында этникалық қарым-қатынас мәдениеті мен келісімін жетілдіру арналары анықталады [8].
Біздің зерттеуіміз үшін Ж. Наурызбайдың «Оқушыларға этникалық-мәдени білім берудің ғылыми-педагогикалық негіздері» атты іргелі зерттеуінің орны орасан зор болды. Автор өз еңбегінде оқушыларға этномәдени білім беру тұжырымдамасы мен моделін, тіл саясаты тұжырымдамасын ұсынған. Оқушыларға этномәдени білім берудің ғылыми-теориялық негіздері, мақсаты мен міндеттері, құрылымы мен жүзеге асыру принциптері айқындалған. Оның ойынша, этномәдени білім беру тұлғаның ұлттық-мәдени және тілдік сәйкестілігі мен этникалық топтың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, басқа мәдениет құндылықтарын игертуге бағытталған білім беру үлгісі [10].
Автордың: «Мәдени-этникалық сұраныс көптеген факторлардың ықпалымен тарихи ұзақ уақытта қалыптасады. Бұған этностың саны, орналасу тығыздығы және жас ерекшелігі, білімділік деңгейі, әлеуметтік-кәсіптік құрамы және діни дәрежесі бойынша бөлінуі, этносаралық қарым-қатынастың шағын ортасы мен этносаралық байланыстың әлеуметтік ортасы және басқалар жатады. Бұл факторлар мәдени-этностық қажеттіліктің қалыптасуын мына жағдайларда анықтайды:
а) ана тілін дамыту, оны біліп, қарым-қатынастың түрлі саласында қолдану, көркем әдебиет пен баспасөзді оқу;
ә) өз халқының тарихын, ұлттық батырларын білу;
б) қазыналық мәдениетті (ұлттық тағам, киім, тағы басқалары) білу;
в) халықтық әдет-ғұрып пен ырым-жораларды (үйлену тойы, жерлеу, т.б.) білу және қолдау;
г) халық әндерін, ертегілерін, қиссалары мен аңыздарын, қазіргі ұлттық көркем мәдениетін білу», – деген ой-тұжырымымен толық келісуге болады [10].
Сондай-ақ автордың қазақ халқының өз ұлтының мәдени-этникалық жетістікстерімен шектеліп қалмай, басқа ұлт өкілдерінің мәдени-этникалық мүдделерін оқып үйрену қажеттігін ескеруі де жаһандану заманындағы көкейкесті проблеманың шешімін іздестіруінің айғағы. Бұған дәлел автор: «Қазақ халқының Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің әдет-ғұрыптары, ырым-жоралары, салт-дәстүрлері оқып-үйренуді және даму үшін ықпал жасауды қажет етеді. Сонда ғана оның тамыры – ұлттық мәдениет оның ұшар басы – білімге өмірлік күш береді. Ал, әлемдік мәдениет, адамзат құндылығы – күн, оның сәулесі – жапырақтарда бүкіл ағаш өмірінің негізі фотосинтез арқылы оған жан бітіреді. Мәдениет біткеннің тепе-тең, бірін-бірі байытып, біріне-бірі астаса түскен үндестігі, бірлігі, түптеп келгенде, адамдықтың, руханилық пен имандылықтық негізі болса керек», – деген келелі ой айтады [10].
Талданып отырған кезеңде тағы бірқатар кең ауқымды тұжырымдамалар өмірге келді. Олар: «Қазақстанда оқушыларға мәдени этникалық білім беру тұжырымдамасы» (Ж.Ж. Наурызбай) «Қазақ халқының ұлттық мәдениетіне негізделген оқушыларды эстетикалық тәрбиелеудің тұжырымдамасы» (С.А. Ұзақбаева), Қазақ халқының көркем мәдениет дәстүріне негізделген бүгінгі таңдағы музыкалық-эстетикалық тәрбие тұжырымдамасы (М.Х. Балтабаев), Қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендіру тұжырымдамасы (Р.Қ. Дүйсембінова), Қазақ халқының еңбек тәрбиесі дәстүрлерін үздіксіз білім беру жүйесінде пайдалану тұжырымдамасы (Қ.Қ. Шалғынбаева), «Жоғары сынып оқушыларын жаңа әлеуметтік мәдени жағдайда адамгершілікке тәрбиелеу тұжырымдамасы» (Р.К. Төлеубекова), Қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерін бүгінгі білім беру жүйесінде пайдалану тұжырымдамасы» (Ұ. Әбдіғаппарова) т.б.
Қазіргі таңда, этнопедагогика біріншіден, жеке оқу ретінде әдіснамалық, теориялық және практикалық жағынан негізделіп отыр. Екіншіден, білім стандарттары жасалып, бағдарламалары әзірленіп, оқулықтары жазылды. Үшіншіден, жеке оқу пәні ретінде оқу орындарына ендірілді. Бұл мәселені жан-жақты зерттеген ғалым Ш.И. Джанзакованың «Этнопедагогиканы жеке пән ретінде құрудың ғылыми негіздері» [11] атты ғылыми еңбегінде философия мен ғылым әдіснамасындағы ғылыми және оқу пәндері арақатынасының әдіснамалық негіздерін анықтаған, этнопедагогиканың ғылыми пәндік моделі компоненттерінің мазмұны нақтыланған, жеке оқу пәні мәртебесіндегі этнопедагогиканың болжамдық моделі қарастырылған, этнопедагогиканың құрылымдық-мазмұндық-қызметтік компоненттерінің сипаттамасын береді.
Зерттеуде «Этнопедагогиканың» жеке оқу пәні ретіндегі мәртебесі философия мен педагогикалық ғылымтанудағы ғылыми пән мен оқу пәні арақатынасы әдіснамасына сүйеніп анықталды; «Этнопедагогиканың» ғылыми пән ретіндегі теориялық сипаттамасы беріліп, ғылыми және оқу пәні ретіндегі «Этнопедагогиканың» түсініктік-терминологиялық қоры нақтыланды және толықтырылды; «Этнопедагогиканы» жеке оқу пәні ретінде құрудың логикасы сипатталды;
«Этнопедагогиканың» жеке оқу пәні ретіндегі құрылымдық-мазмұндық-қызметтік моделі «білім мазмұны», «педагогикалық және этнопедагогикалық білім мазмұны», «оқулық», «оқыту процесі» теориялары мен тұжырымдамалары негізінде құрастырылды; алғаш рет «Этностық дидактиканың», «Салыстырмалы этнопедагогиканың» жеке оқу пәні ретіндегі «Этнопедагогиканың» құрылымындағы орны теориялық тұрғыда негізделді; этнопедагогиканың жеке оқу пәні ретіндегі «Этнопедагогиканың даму тарихы», «Этнопедагогиканың теориялық-әдіснамалық негіздері», «Этностық дидактика», «Этнос тәрбиесі», «Оқу-тәрбие ісін этнопедагогикаландыру», «Салыстырмалы этнопедагогика» атты құрамдас бөліктерден тұратын құрылымы берілді және олардың мазмұны нақтыланды [11].
Ш.М. Мұхтарова «Жоғары педагогикалық білім мазмұнының этностық компонентін қалыптастырудың теориялық негіздері» атты докторлық диссертациясында [12] «жоғары педагогикалық білім мазмұнындағы этностық компонент» түсінігінің мәні ашылған, сонымен қатар зерттеліп отырған жаһандану жағдайындағы феноменнің рөлі мен орны педагогикалық идеяларды және қоғам дамуы тарихындағы позитивті тәжірибені ғылыми рефлексиялау негізінде анықтаған. Жоғары педагогикалық білім мазмұнындағы этностық компонентті құрылымдаудың ғылыми негіздері, оның ізгілік парадигмасы және этнопедагогикалық бағыттылығы, Қазақстанның жоғары педагогикалық білім мазмұнындағы этностық компоненттің қалыптасу және даму кезеңдері мен шетелдердің білім беру жүйелерінде оны қалыптастырудың негізгі үрдістеріне сипаттама берген. Білім беру мазмұны теориясы (В.С. Леднев) негізіндегі жоғары педагогикалық білім мазмұнындағы этностық компонентті құрылымдаудың теориялық қағидаларының негіздемесінен және мақсаттарды, қызметтерді дидактикалық ұстанымдар мен шарттар жиынтығын, инновациялық тұғырларын (аймақтық, кроссмәдени, жаһандық), болашақ педагогтың полимәдени тұлғасын қалыптастыру процесі- не сәйкес келетін этностық компонентті құрылымдаудың бинарлық моделін ұсынған; оны іске асырудың блоктік-модульдік технологиясын қамтитын, білім берудің полимәденилік және аймақтық идеяларына негізделген ҚР жоғары педагогикалық білім мазмұнындағы этностық компонентті қалыптастырудың тұжырымдамасын жасаған. Педагогика ғылымының заманауи теориясы мен практиканың сұраныстарына сәйкес болашақ педагогтың полимәдени тұлғасының білімділік идеалы, сонымен қатар болашақ педагогтың полимәдени тұлғасының құрылымдық құрамының (этностық, азаматтық, планетарлық сәйкестілік және аймақтық, этнопедагогикалық, мәдениетаралық құзыреттіліктер) қалыптасу деңгейлері, критериилері мен көрсеткіштерін берген.
Автор этно және полимәдени білім беру идеяларын іске асыруға білімдік жүйеге этностық компонентті енгізу арқылы қол жетеді және бұл аталған мәселенің өзектілігі мен жаһандану жағдайында пайда болған қайшылықтарды ескере отырып, оның шешімін шығармашылықпен іздеудің маңызды екендігін көрсетеді.
Ғалым болашақ педагогтың полимәдени тұлғасын қалыптастырудың заманауи тәжірибесі талданған және ұрпақтарды этностық және этносаралық әлеуметтендіру процесіндегі мұғалімнің рөлін терең зерттеген.
Р.Қ. Дүйсембінова «Қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірудің ғылыми-педагогикалық негіздері» (2001) атты ғылыми еңбегінде қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірудің әдіснамалық-теориялық негіздері мазмұнына жасалған, мектептің оқу-тәрбие процесінің негізінің бірі ретінде қазақ этнопедагогикасының функционалдық мүмкіндіктері айқындалған, қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірудің тұжырымдамасы жасалған, қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірудің шарттары мен өлшемдері анықталған [13]. Автордың еңбегінің құндылығы сол алғаш рет «Қазақ этнопедагогикасын оқу-тәрбие процесіне ендіру тұжырымдамасын» жасаған. Тұжырымдама мынадай бөліктерден тұрады: Қазақ этнопедагогикасы материалдарын сұрыптау өлшемдері мен ендіру принциптер; Оқу-тәрбие процесіне ендіруге болатын қазақ этнопедагогикасы материалдарының үлгі-мазмұны; Қазақ этнопедагогикасы материалдарын оқу-тәрбие процесіне ендіру формалары мен әдістері.
Сонымен, Қазақстанда этномәдени білім берудің даму кезеңі еліміздің тәуелсіздік алып, халықтың ана тілі, ұлттық мәдениеті, төл тарихымен толыққанды қауышуға мүмкіндік алған тарихи кезеңнен, яғни 90-жылдардан басталып, бүгінгі күнге дейінгі әзірге қысқа да болса ғасырларға бергісіз аралықты қамтиды. Отбасына, мектепке ұлттық тәрбие қайта оралды, қоғамда халықтық тәлім-өнегеге бетбұрыс басталды, бұл үдеріске қазақстандық педагог-ғалымдар да өз үлестерін қосуда. Соның нәтижесінде:
- Этномәдени білім, этностық педагогиканың әдіснамалық-теориялық негіздері жасалды (С. Қалиев, К.Ж. Қожахметова, Ж.Ж. Наурызбай, С.А. Ұзақбаева т.б.)
- Этнопедагогика жеке оқу пәні болып қалыптасты (Ш.И. Джанзакова, Р.Қ. Дүйсембінова, Қ.Б. Жарықбаев, Ш.М. Мұхтарова, Ә. Табылдиев т.б.).
- Этностық-мәдени білімнің тарихи-педагогикалық, этнопедагогикалық, этнопсихологиялық, этнофилософиялық, мәдениеттанушылық негіздері зерттелуде (М.Х. Балтабаев, Қ. Бөлеев,С. Ғаббасов, Қ.Б. Жарықбаев, Е.Ө. Жұматаева, Б.А. Жетпісбаева, К.Ж. Ибраева, С.Т. Иманбаева, Р.Қ. Төлеубекова т.б.).
- Ұлттық тәрбие, этномәдени білімнің ғылыми-теориялық мәселелерінің терең де жан-жақты зерделенуіне тәлімдік бағдарламалар (М. Құрсабаев, А. Қыраубаева, З. Ахметова, К. Адамова, Л.С. Сырымбетова, т.б.) мен оқулықтар авторлары (Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, Ә. Табылдиев, З. Әбілова, т.б.) үлкен үлес қосты.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы Мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. – Алматы,
- Қалиев С. «Қазақ этнопедагогикасының тарихы (кеңестік дәуір 1920-1990). – Алматы.: Білім, 1999. – 160 б.
- Ұзақбаева С., Қожахметова К. Жоғары мектеп студенттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы.
- Алматы: Өнер баспасы,
- Кожахметова К.Ж. Казахская этнопедагогика: методология, теория, практика. – Алматы: Ғылым, 1998. – 317 с.
- Есімов Ғ. Сана болмысы. – Алматы: Ғылым, 1994. – 123 б.
- Қожахметова К.Ж. Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: теория және практика. – Алматы,
- Қожахметова К.Ж. Қазақ этнопедагогикасы (әдіснамалық аспект). – Алматы, Алматы, 1999. – Алматы, 1995. 223б.
- Ұзақбаева С.А. Халықтық педагогикадағы эстетикалық тәрбие: пед. ғыл. докт. ...дисс. автореф. – Алматы, 1993. – 46 б. Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкім актілер жинағы. – 2004. – № 2. – 5-6 бб.
- Елікбаев Н. Ұлттық психология. – Алматы: Қазақ университеті, 1992.-96.
- Оразбекова К.А. Жеке тұлға ұлттық тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері».-Алматы, -423б.
- Джанзакова Ш.И. Этнопедагогиканы жеке оқу пәні ретінде құрудың ғылыми негіздері: Пед. ғыл. докт. ...дис.автореф. – Қарағанды, 2007. – 48 б.
- Мухтарова Ш.М. Этнокультурное образования будущих педагогов. – Караганда: Санат, 2008. – 418 с.
- Дүйсембінова Р.Қ. Қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірудің ғылыми-педагогикалық негіздері: Пед. ғыл. докт. ...дисс. автореф. – Алматы, 2001. – 46 б.