Əлемде əлеуметтік жұмыстың ғылым ретіндегі мəні мен маңызына жете көңіл аударылмауынан, қазіргі заманғы қоғамда жемқорлық, бұзақылық пен əдепсіздік басым түсуде. Олармен күресте адамзат дамуының қозғаушы күштері – ғылым мен білім, өнер мен мəдениет жеңіліске ұшырауда. Мұны əлемдік моральдық дағдарыс деп түсінуші, əлеуметтанушы В.А. Канке этиканы мораль туралы ғылым деп танушыларға «имморализм» деген термин ұсынады. Философия, оның ішінде əлеуметтану ғылымының бір тармағы – əлеуметтік этикаға ұзақ ғасырлар бойы жеке ғылыми бағыт берілмеуінен, əлеуметтік этика білім саласынан қалыс қалды. Осы себепті өркениет дамуы этика дағдарысына душар болды, – деп атап көрсетеді.
Этика ілімінде өткен заманғы, осы заманғы Батыс ғылымы ғұламаларын тізбектей зерттеген əлеуметтанушы, этик-ғалым В.А. Канке өзінің
«Қазіргі заманғы этика» атты еңбегінде шығыс пəлсапашыларының шоқтығы биіктігін көрсетеді. Демек, Шығыс əлемінің этикалық құндылықтары əлемдік өркениетте өз орнын табуы тиіс деген қорытынды жасауға болады. Бұған дəлел ретінде бір-ғана əл-Фарабидің /870-950/ этика іліміне қысқаша тоқталып өтейік. Əл-Фараби этикасы - біздің халқымыздың бабалар тағылымының жалғасы, əдептік-теориялық ілім негізінің бастауы. Ол ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына жəне жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш деп білген.
Адамзат дамуы барысында болмыстық тұрғыда homo moralis-ке теңдесер балама жоқ. Сондықтан бұл жерде негізгі мынандай жағдайларға тоқталып өтейік біріншіден, этика мəселесі назардан тысқары қалды, екіншіден, бұл адамзат өркениетінде ауыр қиыншылықтарға соқтырды, үшіншіден, этика қамалын алу жолында шешуші шабуыл уақыты келді. ХХ ғасыр басында екі түрлі этикалық жүйе басым болды. Олар: И. Бентам, Дж.С. Милль жəне Г. Сиджуик жасаған кантшылдық жəне ағылшын утилитаризмі. Дегенмен шешуші жаңалық енгізген америкалық ғалым Дж. Роулздың «Əділдік теориясы» атты еңбегі еді. Бұл еңбекте этика қоғамдық ғылымдармен: экономикамен, саясаттанумен, заң ғылымдарымен біріктіріле қаралды. Алайда қазіргі заманғы этика мəселесі сол түйіні шешіле қоймаған күйде қалуда. Қазіргі заманғы ғылым мен техниканың алға қарыштап қадам басуы, қоғамның барлық деңгейінде көрініс тауып отырған «ақпараттық төңкеріс» нəтижесі жəне коммуникация дамуының серпінділігі жағдайында əлеуметтік қызметкердің сенімді жұмыс істей алуы үшін, олар ХХ ғасырда орнығып, бүгінгі таңдағы қолданымдағы теориялық жəне əлеуметтікфилософиялық жүйелерді оқып білу, зерттеп меңгеру міндеттері қойылып отыр. Мұндай жүйелер қатарына жоғарыда аталып өткендерден басқа марксизм, социал-дарвинизм, əлеуметтік жұмыс, əлеуметтік педагогика, əлеуметтік əрекет теориясы жəне басқалары кіреді.
Осы заманғы адам күнделікті өмір оқиғаларымен (əлеуметтік құбылыстар), əртүрлі ақпараттар ағымымен өмір сүреді. Соның салдарынан барлық оқиғалардың мінез-құлық ережелерін ескеру мүмкін емес. Сондықтан əлеуметтік сала маманы əдептілік тарихын зерттей отырып, қазіргі өмірдің жүріс-тұрыс ережелеріне сəйкес əрекеттену үшін өзін-өзі қалыптастыруы шарт.
Қазіргі заманмамандарының бойында əдептілік аса маңызды қасиетке ие. Онда конструктивті дамытуды əріптестермен мейірімді қарым-қатынас жасау, өз лауазымына сəйкес əдептіліктің жəне мəдениеттіліктің маңыздылығын ұғынуы тиіс. Клиенттермен жəне олардың жақындарымен, əріптестерімен, əртүрлі мекеме өкілдерімен қарым-қатынаста жəне мемлекеттік, солардың атынан əрекетік көрсететін ресми тұлға ретінде əлеуметтік қызметкерлер сыртқы келбетімен,жүріс-тұрысымен сөзі, жалпы қабылданған əдеп ережесіне сəйкес болуы керек. Оған тек қана сенімділік пен жұмыстың тиімділігіне байланысты емес, сонымен қатар əлеуметтік жұмыс туралы көпшіліктің ой-пікірімен санасуы тиіс. Өз жүрістұрысын əдеп ережелеріне сəйкес құру үшін əлеуметтік қызметкер этикет принциптерін, оның моральдық талаптарын, мəдениетін игеруі қажет.
Гуманизм принципі əлеуметтік қызметкерден адамның жеке тұлғасының қадірін тану, мейірімді қарым-қатынас жасау қасиеттерінің болуын талап етеді. Сондай-ақ əлеуметтік қызметкердің бойында гуманизмпринципімейірімділік,қарапайымдылық, мұқияттылық, сезімталдық, нақтылық, əдептілік қасиеттердің болуын міндеттейді.
Əлеуметтік жұмыстың нəтижелілігі, көрсетілген қызметтің кəсіптік мəдениет деңгейі бұл саладағы əлеуметтік қызмет орындарының жұмысына ғана емес, ең алдымен, оларда қызмет атқаратын адамдардың кəсіптік мамандануына байланысты.
Ерекше атап айта кететін мəселе, бұрын ұлттық кадрлардың шетелдерде білім алуы төменгі жағдайда болса, бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша, шетелдерде даярланған əлеуметтік жұмыс мамандары, республика жоғары оқу орындарында ашылған «Əлеуметтік жұмыс» мамандығын бітірушілер еліміздің қалаауылдарында қызмет атқаруда. Олардың мойындарына халықтың неғұрлым жағдайы төмен топтарымен жұмыс, əлеуметтік, экономикалық, денсаулық, психологиялық, эмоционалдық қамқорлық міндеттері жүктелген.
Əлеуметтік қызметкердің кəсіптік-этикалық ерекшеліктерін жетілдіру мəселесінде ең алдымен, ол ерекшеліктерді тізбектеп атап шығу керек болады. Мына жағдайды ашып айтқан жөн, елімізде толыққанды əлеуметтік кəсіптік қызмет те, кəсіби қызметкер де бұрын болған емес. Капитализм енді дами бастаған Ресей империясының бодандығында болған елде, тіпті Кеңестік заманда да жергілікті халықтың əлеуметтік жағдайын мемлекеттік реттеу ісі «жұмулы жұдырық» (тоталитарлық) əдіспен іске асырылып отырды.
Əрине, бұдан əлеуметтік этика халықта, мемлекетте мүлде сақталмады деген қорытынды шығаруға болмайды. Əлеуметтік-этникалық ортадағы əлеуметтік жұмыс технологиясына, тəсілдеріне тоқталатын болсақ, бізге, ұлттық, этностық түсініктер мен олардың ерекшеліктеріне жəне əр ұлт өкілдеріне қатысты мемлекеттің əлеуметтік саясатына қысқа болса да шолу жасауға тура келеді. Ұлттық қатынасқа түсетіндерді қарастырғанда ұлт, этнос, халық деген терминдерді пайдаланамыз. Солардың ішінен, ұлт деп тілі, діні, дəстүрі, мəдениеті, ділі, психологиясы ортақ адамдар бірлестігін айтады. Ұлтаралық қатынастарды жүйелегенде, бір немесе бірнеше ұлттардың арнайы бір территориядағы өзіндік мəдени, əлеуметтік, саяси, экономикалық қатынастарда болуын атайды.
Қазақстан Республикасы – көп ұлтты жəне көп конфессиялы мемлекет. Қазақ елінде əртүрлі этникалық топтармен əлеуметтік жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар технологиясы қалыптасқан. Соның ішінде, қазақ халқында мүсəпір адамды бөтенсіну деген болмайды. Заманында, қазір де, көп жерлерде ешқашан есікке құлып салынбаған. Қайыршы адамдар тобы дегенді ешкім де көрмеген. Үйіне енген адамның міндетті түрде сəлемдесуі, ал оған нан ауыз тигізу – ата-баба дəстүрі. Қазақ халқы ұстанған мұсылман діні бойынша су сұрағанға бермеген адам өлім жазасына кесілген. Ғасырлар бойы хандық билік қанына сіңген халқымыз, осы күнге дейін Республика Президентін – Елбасы деп құрметтейді. Ешбір кодекссіз-ақ оның атына кір жуытпауға тырысады. Қазақ ұлтының ұлтжандылығын, сонау Жəнібек, Керей сұлтандардың кезеңінен, соңына ерген елін өзге ұлттар сіңіріп кетпесін деп, əлеуметтік-этникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына барған хан, би, батырларының аруағына сыйынады немесе қазіргі заман тілімен айтқанда, ас беріп, құран бағыштайды. Сөйтіп, ата-баба дəстүріне беріктігін əйгілейді.
Қазіргі уақытта бізге өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, соның ішінде, инабаттылық, əдептілік, имандылық сияқты этикалық құндылықтарымызды уақыт тозаңынан тазартып, жауһарын жан азығы ету – ұрпақтық парыз деп білу қажет.
Əлеуметтік жұмыс тəсілінің бірі – кеңес беру жəне оны жүзеге асыру мүмкіндігін көрсету. Оның өзі бірнеше жағдайда қолданылады. Мысалы, кеңес беруді алдын ала əрекетке дайындау ретіндегі психологиялық процесс немесе көмек көрсетудің ерекше əрекет қатынасы деп қарастыруға болады. Кеңес берудің өз ерекшеліктері бар. Олар адамға, оның қалауы бойынша, белгілі бір амалдарды таңдап алып, солар бойынша əрекет етуіне көмектеседі. Екіншіден, кеңес беру өтініш иесінің еркіне, мінез-құлқына ынта-жігерлік жағдай туғызады. Жеке тұлғалық кеңес беру жəне оны жүзеге асырудың мысалына, кеңестің құрылымдық моделі ретінде, отбасына кеңес беруді айтуға болады. Бұған ерлі-зайыпты жұптар, ата-аналар, балалар тартылуы мүмкін. Кеңес берудің модельдік стратегиясы адамдар көзқарасының жүйелік құрылымдары шеңберінде, өзін-өзі қисынды ұстау туралы ерекшеліктен туындайды. Əлеуметтік қызметтің негізгі технологиясы – коммуникативтік ерекшелік. Қазіргі болмыс – адамның жеке бас бостандығына қиянат жағдайымен əйгілі. Нəтижесінде, қылмыскерлермен, қандай да бір себеппен айыпталған адаммен əлеуметтік қызметкер етене айналысуға мəжбүр. Мұндай орындағы адаммен, топтармен жұмыста психологиялық қажыр-қайрат қажет болатыны, топ артындағы адамның жан-жүрегіне, сана-сезіміне жол таба алу оңай емес екені əркімге түсінікті. Бұл мекемелерге тəуелді болған адамдармен арнайы дайындығы бар кəсіби мамандар, қоғамдық немесе діни ұйым өкілдері, заңгерлер, əлеуметтік жұмыс мамандары, педагогтар, психологтар жəне т.б., негізінен, құқықтық жəне психологиялық жұмыстар жүргізеді. Мыңдаған жыл тарихында адамзат баласы адам өмірін оның ар-ождандық имандылығымен қатынасқа қойып, таразылаған болса, біздің қазіргі жеткен жеріміз – жабайылық деңгейіне түскен индивидті ит қорлықта байлапматап, қамап, тіршілікке зорлау болып отыр. Халықтың өзін-өзі моральдық тазалауын, тек зорлық-зомбылық принципімен шешуді тоқтатып, өлімді немесе өмірлік түрме жазасын таңдауын индивидтің дилеммалық шешімі принципіне қоюмыз қажет шығар.
Əлеуметтік қызметкер кəсіби тілде сөйлеуге жəне тыңдай білуге міндетті, яғни əлеуметтік қызметкердің кəсіби міндеттерін орындауда сөйлей білу қарым-қатынасы ең қажетті құрал болып табылады. Тиімді, дұрыс тыңдай білу дағдыларын дамыту үшін жинақталу немесе шоғырлану, тыңдағаныңды талдай білу, сын ескертпені қабылдай алу, көмекші құралдарды пайдалана білу дағдылары қажет.
Адамдармен қарым-қатынас жасау барысында əлеуметтік қызметкер өзінің кəсіптік-этикасын қалыптастыру мақсатында көптеген үлгі алар жағдайларды ескеруі қажет болады. Өзгені ықыласпен тыңдай білу үлгісі, əдептілік үлгісі, тəрбиелік, тектілік, мəдениеттілік үлгілері сияқты өркениеттілік үлгілер кəсіптік əдебиеттерден, тəжірибеден, мəдениетті қызметтестері үлгісінен бойға сіңеді. Бұл қасиеттер əлеуметтік қызметкерге өзі атқарып жүрген жұмысына байланысты, арождан тазалығымен, орындаушылық тəртіппен, жоғары жауапкершілік қасиеттерімен бірге келеді.
Адам баласы жан асқақтығына бір мезетте жете қалмайды. Білім, тəрбие, ғылым, тəжірибе арқылы əлеуметтік адам оған əрдайым жақындаумен болады. Жеке адам тарапынан көрсетілетін риясыз көмек немесе мемлекеттік міндетті көмек - бұл «садақа» да емес, жанашырлық та емес, Ф. Рузвельттің сөзімен айтқанда, əлеуметтік əділеттілік. Өйткені қоғамның əрбір мүшесінің өзіне тиесілі ризығы, өркениетті қоғамдастықта белгіленген өмір сүру деңгейінің тиісті қажеттілігі жөніндегі құқығы бар. Сондықтан сəбиді жылатпай тамақтандыр, жағдайын жаса, баланы əдепке баулы, жасөспірімді мəдениетке, мəдени ортада тəрбиеле, отбасыңның беріктігін сақта, ата-ана тəрбиесінен тəлім ал, кемшіліктерге кешірімді бол, жақсылықты ұмытпа жəне тағы басқа көптеген адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттер кəсіптік қана емес, жалпы адамдық əдептілікті, инабаттылықты қалыптастыру үлгілері болып табылады.
Кім болса да, жетім-жесір, жас-кəрі, бай-кедей, ұяң-сотқар, сау-ауру, жұмысы бар-жұмыссыз, білімді-білімсіз, жақсы-жаман екенін сезінтіп, білдіріп, жіктеп жатпай, əлеуметтік қызметкерге келген немесе оның өзі барған клиентке, жасының басынан сипап, байыппен жай-күйін біліп, жағдайынан шығуды кəсіптік этиканың қалыптасқан үлгісі деп білген дұрыс.
Көптеген елдерде əлеуметтік жұмыс қызметкерлерінің кəсіптік этикасын жетілдіру тəсілдерінің қатарына адамның адамгершілік қасиеттерін анықтау тестісін өткізу жатады. Онда:
- Объективтілік.
- Эмоциялық жетілу.
- Жанашырлық.
- Өз іс-əрекетіне жауапкершілік мəселелері қамтылады.
Қазіргі кезде барлық елдерде дерлік, əлеуметтік жұмыста ақпараттық технологияны, ғаламторды кеңінен пайдалану дамып келеді. Жалпы, əлеуметтік жұмыс негізі, Қазақстанда іс-тəжірибе арқылы орнығып келе жатқанын, ал ғылыми-зерттеулер, көбіне Ресейде жүргізілетінін атап өткен жөн. Мəселе түйіні, шынайы жағдайда тəжірибелік білім хатталып, жазыла бермейді. Нəтижесінде, ұзақ жылдар бойы жинақталған ілім-білім, тəжірибені жас ұрпаққа, əлеуметтік қызметкерге беру мүмкін болмай қалады. Əрбір келесі ұрпақ, бұрынғылар өткен жолды қайталауға мəжбүр. əлеуметтік жұмыстағы жақсы нəтижелер, құнды тəжірибелер жинақталмайды. Мұның өзі кəсіптік əдіс-тəсілдердің дамуына елеулі кедергі болуда. Сол себепті елімізде осы уақытқа дейін біршама социологиялық-əлеуметтанулық қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізілуде. Өркениеттің, мəдениеттің дамуына ғылымитəжірибелік талдау жасалып, əлеуметтік жұмыс қызметкерлерінің жұмыс істеуінің тиімді жəне перспективалық нұсқаларын əзірлеу, дəріптеу, көшпенді жəне жергілікті тұрақты мəдениетті жəне олардың өзара іс-қимылының аспектілерін, ежелгі уақыттан бастап, бүгінгі күнге дейін Еуроазия аумағында болып өткен басқа да этно-мəдени үдерістерді зерделеуді ұйымдастыру көзделіп отыр Əлеуметтік жұмыс қызметкері əртүрлі əлеуметтік рөлдер мен қатар келесі функцияларды атқарады:
Оқыту-тəрбиелік қызметкер ересектер мен балалардың тəрбиесі мен қызметіне мақсатты түрде бағытталған педагогикалық əсер етуді қамтамасыз етеді, олардың білім алуы мен тəрбие жұмыстарына, басқа да əлеуметтік институттарға кəсіби əсер етеді. Олар: отбасы, білім беру мекемелері, еңбек ұжымы, бұқаралық ақпарат құралдары, діни мекемелер жəне қоғамдық бірлестіктер. Диагностикалық қызметкер «əлеуметтік диагноз» қояды, психологиялық жəне жастық ерекшеліктерін, адамның қабілетін анықтайды. Олардың қызығушылықтарын, өмір сүру сапасын, қоршаған ортасын бақылап, проблемаларына позитивті жəне негативті əсер етеді.
Ұйымдастырушылық қызметкер балалар мен ересектердің қоғамдық қызметтеріне əсер етеді. Кəсіби бағытталуына, бейімделуіне, еңбекке орналасуына көмектеседі. Клиенттің медицина, білім беру, мəдениет, спорт, құқықтық мекемелермен, қоғамдық жəне қайырымдылық ұйымдармен қарым қатынасына əсер етеді. Жоба жəне бағдарламалардың, жоспарлардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
Болжамдық қызметкер жоспар құруға, əртүрлі микро əлеуметтік бірлестіктердегі жəне микро аудандардың əлеуметтік дамуының бағдарламалары мен жоспарларына қатысады, баланың нақты тұлғалық дамуына əлеуметтік экономикалық бағдарламаларды ойластырады, əлеуметтік педагогикалық тапсырмаларды шешу үшін схема, алгоритм ойластырады.
Профилактикалық жəне əлеуметтік терапиялық, негативтік əсердің алдын алуда əлеуметтік қызметкер əлеуметтік құқықтық, психологиялық тұрғыдан көмектеседі, қоғамдағы адамның құқығын қамтамасыз етеді, жастар мен жасөспірімдердің əлеуметтік жəне кəсіби қалыптасуына септігін тигізеді.
Ұйымдастырушылық-коммуникативтік əлеуметтік қызметкер өз бетінше көмек көрсетушілер мен клиент арасында жеке жəне іскерлік байланысты орнатады, олардың бірлескен демалыс пен еңбектерін ұйымдастыруға көмектеседі, əртүрлі əлеуметтік институттармен ақпараттық жəне өзара қарым-қатынастарын бір жүйеге келтіреді.
Құқық қорғаушылық клиенттің қызығушылығын қанағаттандыру үшін барлық құқықтық нормаларды қолданады. Клиентке тікелей немесе жанама түрде қарсылық көрсеткен адамдарды заңды түрде жауапқа алады.
Делдалдық əлеуметтік қызметкер отбасымен, əлеуметтік білім беру мекемелерімен, жақын ортамен, баланың қызығушылығындағы институттармен жақын қарым-қатынаста болады.
Болашақ əлеуметтік қызметкер ең бірінші өздерін халықтың əлеуметтік топтарының арасындағы көшбасшы ретінде сезінуі керек. Кəсіби дəрежесіне жету үшін, олар адамдардың дамуын, қарым-қатынасын, өзгерісін, қиыншылық əсерлерін, мəселелерін, жеке адамдардың қоғамдық өмірін білуі керек, сонымен қатар олардың ішкі жан дүниесін, мүмкіндіктерін ашуға көмектесу керек. Əркім өз өмірін қалауынша сүруге жəне қалыптастыруға құқылы екендігін түсіндіру керек. Оқыту-тəрбие процесінде туындаған проблемалардың жолын іздестіруде тəрбие, даму жəне тұлғаның əлеуметтенуіне көмектесу барысында жаңа қызметтерді енгізуге алып келді. Мектептерде педагог-психолог, педагог, əлеуметтік педагог сияқты мамандықтар ашылды. Əрқайсысының өзіндік ерекшелігі, біліктілік дəрежесі, білім беру процесінде орны бар.
Білім беру жүйесіндегі əлеуметтік педагогтың келесідей атқаратын бағыттарын көрсетуге болады:
- тəрбиемен, білім берумен, балаға қараумен байланысты отбасында туындаған проблемаларды шешу;
- балаға қоршаған ортаның негативті əсерін жоюға көмектесу;
- əлеуметтік педагогикалық мерекелермен, акцияларға қатысуға балалармен, ата-аналарды тарту;
- шиеленіс, мəселе, өмірлік қиын жағдайларды, баланың ерте даму кезеніңдегі қиыншылықтарды біліп, тану, алдын алу;
- балаларға, ата-аналарға, педагогтарға отбасындағы баланың тəрбиеленуі туралы топпен немесе жеке кеңестер беру;
- білім беру мекемесінің əртүрлі қызмет бағыттары бойынша жоспар, бағдарламалар дайындау;
- балалар, ата-аналар, педагогтар құқығын анықтау;
- оқушылардың сабақтан тыс уақыттарын ұйымдастыру.
Əлеуметтік ортада клиенттердің құқықтарының сақталуын, денсаулығына зиян келмеу, психологиялық жағдайын, өмірінің қауіпсіздігін əлеуметтік қызметкер қамтамасыз етуі керек. Əлеуметтік қызметкердің кəсіби жетістігі оның қызметінің нəтижелігімен анықталады. Ойдағыдай қарым-қатынасқа жету үшін əлеуметтік қызметкер келесідей қасиеттерді иеленуі керек:
- ашық мінез;
- достық қарым-қатынас;
- көмектесе білу;
- сыпайылық;
- əділеттілік.
Бірақ бұлардан басқа əлеуметтік қызметкерлерге мыналар маңызды:
- қызметтік міндеттердің орындалуы;
- жұмыс уақытының кестесі;
- жеке кабинет;
- методикалық əдебиеттер;
- кəсіби даму мүмкіндіктері;
- теңдей еңбекақы төлеу;
- теңдей əлеуметтік дəреже.
Əлеуметтік қызмет мамандығының көп ауқымды жəне көп бағытты екендігін айта кету керек. Əлеуметтік жұмыскердің қызмет бағыттары олардың ауқымына байланысты, «бала-отбасықоғам», ал тар мағынаға қиын балалармен жұмыс, балалар мен ересектердің мəдени, бос уақыттарын ұйымдастыру, балалар құқығын қорғау аймағындағы жұмыс.
Əлеуметтік қызметкеркелесідейфункцияларды атқарады:
- ұйымдастырушы-коммуникативтік;
- диагностикалық;
- ұйымдастырушылық;
- болжамдық;
- профилактикалық, əлеуметтік-ізгіліктік;
- құқық қорғаушылық;
- делдалдық.
Əлеуметтік қызметкердің құқықтық қатынастар жүйесіндегі білім сапасын көтеру қажеттілігі
Қазіргі кезде Қазақстан барлық салада, соның ішінде əлуметтік салада құқықтық базаны реттеуге басты назар аударушы мемлекет болып табылады. Əлеуметтік қызметкер Қазақстан Республикасының əрбір азаматы сияқты нормативтікқұқықтық базаның толық мазмұнын білуі тиіс. Осы заңдарды біле отырып, ол келесі нормативтікқұқықтық актілерге ерекше ден қоюы керек:
- халықаралық құжаттарға (конвенция, акт жəне келісімдер);
- мемлекеттік маңызы бар құжаттар;
- білім беру саласына байланысты құжаттар;
- мекемеішілік құжаттар;
- ҚР Конституциясы.
Əлеуметтік жұмыстағы іс-қағаздарды жүргізу тəртібі:
- мекеме мен жұмысшының қызметін анықтайтын нормативтік-құқықтық актілер;
- мекеме мен жұмысшының жылдық, айлық жəне апталық жоспарлары;
- тексеру актілері;
- ағымдағы жеке жазбалар;
- проблеманы шешуге байланысты қатынасқа түскен ұйымдармен арадағы хаттамалар жəне есептер;
- əлеуметтік-педагогикалық жəне басқа да зерттеулердің негізіндегі аналитикалық анықтамалар мен есептер;
- жеке тұлғалармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың құжаттары жəне медико-психологопедагогикалық жұмыстар;
- мəселе бойынша ұйымдастырылған отырыс, жиналыс, кездесулер мен педкеңестердің хаттамалары.
Жоғарыда айтылғандай, əлеуметтік қызметкер өзінің клиентінің мүддесін қорғай отырып, əртүрлі ведомствалар, арнайы əлеуметтік ұйымдар мен құзыретті тұлғалармен қарым-қатынасқа түсе білуі керек.
Қазіргі заманда қоғамдық ауыр дерттер – нашақорлық, маскүнемдік, улы затқа елту, ақша салынатын ойын, т.б. зиянды əуесқойлықтар адамдарды бұзуда. Осы күрес майданында адам баласы əдепке мойын ұсынып, аман қала ма, əлде əлеуметтік апаттың құрбаны болып, құрып кете ме? – деген сұрақ шешілу үстінде.
Дəрулік қымызы, шұбаты болған, арақты аузына алмаған, насыбайшыны нəжіс жеуші есептеген, өкпесін темекі түтініне ыстайтындарды «апиыншы» атаған, ортаға қоспаған қазақ ұлты алдында, өз елінде, мемлекетінде əлеуметтік психологиялық реабилитация орталықтарын ашып, адамдарды əдепке бейімдеу, емдік əлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау сияқты шаралар жүргізу міндеттері пайда болды. Аталған қоғамдық жағдайдың түп-тамырына үңілсек, мыналарды ашық айтуға тура келеді:
- біріншіден, қазіргі заман қоғамының шектен тыс коммерциялануы, адам ой-санасына орасан зор негативтік əсер етті;
- екіншіден, жеке бастың да, əлеуметтік топтардың да күрделі экономикалық əділетсіздік, рухани əдепсіздіктерге тап болуы, өрескел əдепсіздікті жан-тəн қажеттіліктерімен ақтаушылық белең алды;
- үшіншіден, адамның рухани жəне өмірлік қажеттіліктерге асқан мұқтаждығы нəтижесінде, азғындық идеологиясы ашықтан-ашық ақпарат құралдары арқылы адамдардың санасына құйылуда.
Осының барлығы жинақтала келіп, ар-ұяттық адами құндылық аяққа тапталып, аталған теріс факторлар жеткіншектердің кейбір топтарының, қоғамның белгілі бір бөлігінің өмірге бейімделе алмауына – дезадаптацияға əкеліп соғуда.
Əлеуметтік жұмыстың маңыздылығы сол - одан туындаған проблемаларды тəжірибелі адамдар да, отбасының дос-жолдастары, тілеулес шенеуніктер де шеше алмайтын мəселелермен əлеуметтік қызметкерлер ғана жұмыс істейді. Олардың кəсіптік дайындығы болмаса елдегі əлеуметтік жағдайларды, қиын мəселелерді талдау да, шешу де мүмкін емес. Əлеуметтік қызметкер халықпен, отбасымен жұмыс жүргізетіндіктен, ол əлеуметтік жұмыстың ғылыми тұжырымдамасын жасау, əлеуметтік технология, əлеуметтік жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу керек.
Əлеуметтік қызметкердің кəсіптік тұлғасы əлеуметтік жұмыс қызметінің жан-жақты түрі болып саналады. Ол маманнан əр сала бойынша білімді болып жəне оны тəжірибеде қолдана білуін талап етеді. Біліктілік анықтамасы əлеуметтік қызметкердің əртүрлі лауазымдық міндеттерін құрайды:
- əлеуметтік медициналық, заңдық, психологиялық-педагогикалық, материалдық жəне басқа көмекті, адамгершіліктік, физикалық пен психикалық денсаулықты қорғауды қажет ететін отбасылар мен адамдарды анықтауға;
- қиындық, жанжал жағдайларын тудыратын себептерді белгілеуге, қиындықтар мен жанжалдарды шешуде ықпал етуде жəне əлеуметтік қорғауға;
- көмекті қажет ететін халық тобына қажетті əлеуметтік-экономикалық көмек көрсетуде əртүрлі қоғамдық жəне мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге ықпал етуге;
- кəмелетке толмаған балалары бар əйелдердің, мүгедектердің, зейнеткерлердің үйдегі жұмысы туралы еңбек келісімшартын жасау жəне отбасы тəжірибесіне көмек көрсетуге;
- отбасы жəне некеге тұру мəселелері бойынша психологиялық, заң кеңесін жəне тəрбиелік жұмыс жүргізуге;
- қамқоршылық пен қамқорлық көрсетуді, емдейтін жəне оқитын тəрбиелейтін мекемелерге орналастыруды, материалдық, əлеуметтік-тұрмыстық жəне басқа көмекті қажет ететін балалар мен ересектерді анықтауға, оларға ықпал етуге;
- кəмелетке толмаған тəртіп бұзушыларды қоғамның атынан қорғауды ұйымдастыруға, сотта олардың қоғамдық қорғаушысы ретінде сөйлеуге;
- тұрмысы ауыр отбасыларға, жетімдер үйіне əлеуметтік көмек көрсетуге орталықтарын, мүддесі бойынша жеткіншектердің, балалардың жəне отбасының орталықтары мен бірлестіктерін жəне тағы басқа құруға, қатысуға міндетті.
Жалпы, қоғамдық өмірде, оның сан қырлы жақтарында, дамуы барысында, туындап отыратын əртүрлі деңгейдегі шиеленістердің шешілуі жəне де жоғары кəсіптік-этикалық дəрежеде шешілуі, өмір дамуының заңдылығы, əлеуметтік қызметкерлердің ажырамас қызметтік парызы болып табылады.
Тақырыптың ерекшелігі сол, Қазақстан Республикасы тəуелсіздігін жариялағанға дейін, əлеуметтікжұмысжекекəсіптікжұмысдепқаралған жоқ. Елде «Коммунизм құрылысшысының моральдық кодексі» болды. Өтпелі кезеңнің бастапқы кезінде Қазақстан мемлекеті ақшаның құнсыздануы, бюджет тапшылығы, өндірістің құлдырауы, экономиканың бейресми секторының өсуі жағдайында əлеуметтік қорғаудың ағымдық мəселелерімен айналысуға мəжбүр болды.
Əлеуметтік қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілердің кəсіптік-этикасының жағдайы, ерекшеліктері туралы бұл кезеңде мəселе мүлде көтерілген емес. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу мен заттай жеңілдіктерді ақшалай төлемдермен ауыстыруды қоспағанда, əлеуметтік саладағы реформалардың нəтижесі ағымдық мəселелерді шешуге арналған жауаптар ғана еді.
Төменде келтіріліп отырған, жарық көрген басты Қазақстан Республикасының заңнамалық құжаттарынан басқа, республика халқын, əлеуметтік қызметкерлерді, ел, ұрпақ жанашырларын толғандырып отырған, сөзбұйдаға салмай, қабылдануы тиіс əлеуметтік заңнамалық құжаттар жобалары болып отыр. Елімізде, мемлекеттік қызметшінің ар-ождан кодексі негізгі бағдарлық құжат болғанымен, ол заңнамалық күшке ие емес екенін айта кету қажет. Бұл жерде мəселе əлеуметтік қызметкер мен мемлекеттік қызметші статустары туралы болып отыр. Қоғамдық өміріміздің негізгі құжаты Қазақстан Конституциясында «қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеу...» жөніндегі 12-баптың 5-тармағын,«имандылық» терминін «инабаттылық» терминімен синоним деп қарасақ қана этикалық ұғымға сыйдыра аламыз. Сонымен қатар халықты əлеуметтік қорғауға бағытталған қандай да болмасын мемлекеттік құжат, əлеуметтік жұмыстағы кəсіби-этикаға қарамақайшы болмауы шарт. Қабылданған заңдарға, жүргізілген қайта құруларға қарамастан, қазіргі кездегі əлеуметтік қорғау жүйесі күрделілігімен, заңнамалық жүйе жеткіліксіздігімен ерекшеленіп отыр. Соңғы жылдарда экономикадағы қолайлы өзгерістер жəне тұрақты өсуді қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар əлеуметтік қорғаудың кешенді жүйесін құруды қолға алуға, кəсіптік-этика дəрежесінің артуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Қазақстанның қазіргі жəне болашақтағы басымдықтары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, халықты əлеуметтік қорғаудыңжаңатұжырымдамасынəзірлеуқажеттілігі туындайды. Əлеуметтік қызметкердің кəсіптікэтикасында, мұндай жаңалану қолға алынғанда, тиісті нақтыландыру болатыны өзінен-өзі түсінікті.
Қазіргі уақытта еліміздегі барлық əлеуметтік жұмыс, этикалық талаптық мəселелер мемлекеттік реттеу объектісі болып қалып отырғанда, зерттеу жұмысында пайдаланбау мүмкін болмаған мемлекеттік құжаттар тізімі – 1992 жылы қабылданған «Мүгедектерді əлеуметтік қорғау туралы» заң, 1998 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң, 2003 жылы қабылданған «Міндетті əлеуметтік қамсыздандыру туралы» заң жəне т.б.
Заңнамалық құжатты қажет етпей-ақ адамның өмірге келуі мен өмірден өтуі кезеңдерін əл-ауқаты келгенше,барыменбазарболып,қауымдасыпөткізу жағдайларын ойлағанда, сол екі ортадағы көзді ашып-жұмғандай болатын адамның əлеуетті өмір сапарын біздің мемлекет деп, басымызға көтеріп қойған алпауыт күш аласапыран жасайтынына таңғаласың. Есіркесе, өзіңнің немесе өз ата-анаңның ақшасынан қайыршыға бергендей ғып, тиынтебенбереді,ондадақолыңдыжайып,жалбарынсаң, арыздансаң, қорқытып-үркітесің. Бюрократтықшенеуніктік мемлекетте, мемлекеттік қызметшілер жемқорлыққа шалдыққан ауру болса, заңнама реттеу құралы емес, кедергі құралына айналса, несіне жаңа заң қабылдау туралы айтуға болады деген де ой келеді.
Қазақстан Республикасындағы Білім беру саласындағы əлеуметтік қызметкерлерге арналған заңнамалық құжаттардың негізгілері:
- «Арнаулы əлеуметтік қызметтер туралы».
- «Білім туралы».
- «Кемтар балаларды əлеуметтік жəне медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы».
- «Қазақстан Республикасында мүгедектерді əлеуметтік қорғау туралы».
- «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы».
- «Неке жəне отбасы туралы».
- «Кəмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз жəне панасыз қалуының алдын алу туралы» заңдары.
Қазақстан Республикасының заңдарын, арнаулы əлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі өзге де нормативтік-құқықтық актілерді, арнайы педагогика, психология жəне əлеуметтік жұмыс негіздерін білу əрбір əлеуметтік қызметкерден міндетті түрде талап етіледі. Аталған талаптар:
- Қарт адамдарға күтімі бойынша қызмет көрсету.
- Кереуеттен тұруға, киінуге, жуынуға тамақтануға, дəретхананы пайдалануға, үйде жүріптұруға, хат жазуға жəне оқуға, стационарлық мекемеге апаруға жəрдемдесу.
- Тамақ өнімдерін, ыстық түскі асты, бастапқы қажетті өнеркəсіптік тауарларды, дəрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жəне үйге жеткізу, тамақ дайындауға жəрдемдесу.
- Жеке үйлерде су əкелу, пеш жағу, орталық жылуы жоқ үйлерде тұратын адамдар үшін отынмен қамтамасыз етуге жəрдемдесу.
- Заттарды кір жуу орындарына, химиялық тазартуға, жөндеуге тапсыру жəне оларды кері қарай жеткізу, киімдерді жууға көмектесу.
- Тұрғын үй жəне коммуналдық қызмет көрсетулерді төлеуге жəрдемдесу, əдет-ғұрыптық қызмет көрсетулерді ұйымдастыру.
- Денсаулық жағдайын ескере отырып, күтімді қамтамасыз ету, санитарлық-гигиеналық қызметтер көрсету – сылау, жуындыру, гигиеналық ванналар, тырнағын алу, тарау.
- Денсаулық жағынан бақылау дене қызуы мен қан қысымын өлшеу.
- Дəрігердің тағайындауына сəйкес, медициналық рəсімдерді жасау – дəрі қабылдау, тамшы тамызу, компресс қою, өңдеу, тазарту, клизма жасау.
- Психологиялық көмек көрсету əңгімелесу, тыңдау, сергіту, белсенділікке ықылас, өмірлік тынысын психологиялық қолдау, шұғыл дəрігерге дейінгі көмек көрсету.
- Техникалық көмек құралдарын алуға көмектесу, оңалту бағдарламасына сəйкес санаториялық-курорттық емделуге жіберу, госпиталдандыруға жатқызуға жəрдемдесу.
- Медициналық-əлеуметтік сараптама жүргізуге жəрдемдесу.
- Əлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетуді ұсыну, əлеуметтік мəселе бойынша консультация беру.
Əлеуметтік қызметкерлер бастапқы, физиологиялық сипаттағы өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыруға қызмет көрсетеді. Штаттық нормативтер 1457-2005 Қазақстан Республикасының стандарттарына сəйкес айқындалған.
Қоғам үшін əлеуметтік қызметкердің маңыздылығын арттыру
1991 жылдың сəуір айынан бастап Қазақстанда жаңа мамандық – əлеуметтік қызметкер мамандығы ашылды, оның қызметі қиын өмірлік жағдайлардағы қамқоршылық, мейірімділік жəне қайғысына ортақтасу қасиеттері негізінде ғана емес, сонымен қатар адамның өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандырудың біртұтас жүйесіне, адамдардың өмірлік жағдайларына, оның біртұтастылығына бағытталған.
Осы уақытта елімізде шетелдік тəжірибеден алынған «əлеуметтік қызметкер» мамандығының институциялану процесі жүрді жəне ол «əлеуметтік жұмыс бойынша маман» деген атпен мемлекет тіркеуіне енгізілді. Сол кезден бастап əлеуметтік көмек көрсетудің бірнеше түрлері жəне халықты əлеуметтік қорғау жүйесі мақсатты бағыттала бастады, ал бұл саладағы мемлекеттің рөлі қоғаммен келісіліп 1995 жылы қабылданған Ата Заңда көрініс тапты: Қазақстан Республикасы өзін əлеуметтік мемлекет ретінде бекітті. Оның əрі қарай дамуы əлеуметтік саладағы заңдар, басқа да əкімшілік актілерден көрініс тапты. Осыдан келіп елімізде əлеуметтік жұмыстың нормативтікқұқықтық, ұйымдасқан жəне материалдық негізі - халықпен əлеуметтік жұмыс мекемелерінің орнағанын көреміз.
Бұл мекемелерде қызмет ететін адамдар қоғамның əртүрлі өмірлік, əлеуметтік жəне психологиялық ауыртпалықтарына тап болған топтарымен жұмыс жүргізудің тауқыметін тартып, олармен жүргізілетін жұмыстарды жауапкершілікпен атқаруда. Бірақ əлеуметтік қызметтерді жүзеге асырушы қызметкерлердің бұрын алған білімдері қазіргі кəсіби қызметтеріне сəйкес емес. Нақты білім мен кəсіби шеберлік болмасада барлық қызмет шын жүректен, жағдайды түсіне білу жəне басқаға көмектесуге деген ынталылықтан жүзеге асып отырады. Бұл қызмет үлкен күшті, толық, аяусыз қызмет принципінде құрылады. Сонымен қатар ол мемлекетке де, мемлекеттен көмек алған тұлғаларға, жанұяларға да қызмет ету барысында нəтижелілікке бастайды.
Əлеуметтік қызметкердің қызмет көрсету аясы кең, балалардан бастап қарттарға дейінгі аралықты қамтиды. Мəселен, қарт адамдар қоғамның аз қамтылған, мобильділігі төмен, əлеуметтік енжар тобы болып табылады. Бұл олардың аурулардың əсерінен физикалық жағдайындағы ауытқушылықтарға байланысты, сонымен қатар қарт адамдардың көбіне қатысты соматикалық потологиялық жағдай, аз қимыл қозғалысына да байланысты. Одан басқа бұл топтың əлеуметтік қаматамасыз етілу дəрежесінің төмендігі олардың қоғаммен байланысын қиындататын адекватты психологиялық жағдайына тəуелді болады. Қарт адамдарға қатысты психологиялық проблемалар, зейнетке шығуға байланысты бұрынғы байланыс пен қатынастың болмауы, жарынан айырылуына байланысты туындаған жалғыздық, ұмытшақтық процесінде пайда болатын хроникалық ауруларға тəуелді болу. Бұның барлығы эмоционалдыеркіндіктің бұзылуы, депрессияның дамуы, əрекетінің өзгеруіне əкеледі.
Жоғарыда келтірілген ақпараттан бұл топтағы адамдарға қажетті əлеуметтік көмектерді əлеуметтік қызметкер тəжірибе жүзінде жүзеге асырады. Бұл қызметті кім жəне қалай жүзеге асыруына да тікелей байланысты жəне ол қарттардың проблемасын шешуде дұрыс шешім қабылдауына əсер етеді.
Клиенттермен жұмыс əлеуметтік қызметкер тəжірибесінің орталық бағдарында. Əлеуметтік қызмет көрсету мекемелеріне туындаған проблемаларды қалай шешу жолдарын білмейтін тұлғалар көмек сұрап келеді.
Мекемеге келмес бұрын клиент проблемаларын өзі шешуге тырысады. Өзінің жолының болмағанын, бұл проблемаларды өзі жалғыз шеше алмайтындығын түсінгеннен кейін клиент əлеуметтік қызметкерге келеді.
Əлеуметтік жұмыстың теориясын меңгерген əлеуметтік қызметкер бұл проблемаларды шешуге жəрдемдеседі, адамға адамгершілікті тұрғыдан қарай отырып диалог құру əдісін пайдаланады. Адамдық потенциалды дамыту мақсатында барлық кəсіби мамандар қолданатын ортамен, жеке тұлғамен диалогиялық қатынас туындатады. Адамдар арасындағы адамгершілік принципі бір-біріне жанашырлық, келісімділік, сəйкестік қасиеттері орын алғанда ғана жүзеге асады.
Ереже бойынша əлеуметтік қызметкердің бойында қиын жағдайға тап болған клиентке деген ынтызарлық жəне сүйіспеншілік қасиеттер туындайды. Бұл оның жағдайын жақсарту мен себебін жоюға деген қозғаушы күш болып табылады. Бірақ адамның жағдайын жеңілдету оның өзіндік ынтасынсыз, ең болмағанда жауапты белсенділігінсіз жүзеге аспайды. Ал əлеуметтік қызметкер болса, осы жағдайда клиенттің жағдайын жақсартуына деген ынтасын туындатып, қызығушылығын арттыруы тиіс.
Сонымен қатар əлеуметтік қызметкер депрессияға, агрессияға жəне т.б. жағдайларға тап болған клиенттермен жұмыс атқарады. Бұл клиенттер өзін келесідей ұстауы мүмкін: тыныш болу, ұялшақ немесе агрессивті болу, эмоционалды; тұйық, үрейлілік немесе тілалғыштық, шектен тыс байланыстылық; ақкөңіл, қорғансыз, əділеттік мəселесіне сезімтал немесе эгоистік, өзінің жағдайын жақсартуға қатысты тұйық болу жəне өз қиындықтарын жеңуде əлсіз болу.
Əлеуметтік қызметкер өзінің тəжірибелік қызметінде клиентпен ерекше қатынастың нəтижелі қызметін атқарады, сонымен қатар олармен қатынасты бекітеді жəне байланысты ұстайды. Қызмет процесінде туындайтын шиеленістерді болдырмау үшін дағдарысты жағдайларды ескерту жəне реттеуге байланысты нақты технологияларды қолданады. Клиентпен жұмыстың нəтижелілігіне қол жеткізу үшін бір-біріне сенімділік, бір-біріне түсіністікпен қарау, оның қажеттіліктері мен қызығушылықтарын анықтау арқылы қатынас орнату қажет.
Қазіргі кездегі əлеуметтік қызметкерлердің кəсіби этикасын қалыптастыру үлгілері туралы тұжырым жасау үшін, елдегі əлеуметтік қорғау жүйесінің жайкүйін анықтап алу қажет болады. Еліміздегі əлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі қаржыландыру көзі мен реттеушісі – мемлекет. Ал оның негізгі реттеу құралы -тиісті заңнамалық құралдар. Жетілдірілмеген заңнама, əлеуметтік қорғау жүйесінің тым көп кемшіліктері, сол жүйеде қызмет ететін кəсіптік қызметкерлердің кəсіптік-этикалық көзбояушылыққа баруына апаратыны түсінікті. Əділдік жоқ жерде этика ұстанымдары жөнінде екіжүзді адам ғана мəселе көтереалады.Кеңестікзамандасоциалистікəлеуметтік қорғау жүйесін басынан өткерген халықтың басым бөлігі, негізінен, елдегі əлеуметтік жағдай халықтың ауыртпалыққа ұшырау жағдайы деген ой-пікірде. Осындай жағдайда, кəсіптік қызметкердің ғалымсынуы, этика, мораль талаптарын ұсынуы немесе талап етуі оның абыройын арттыру орнына, ең азы, күлкіге ұшырататыны анық. Жазушы Рудий Фиш:
«...Заңгер – құқық əрпіне ақылсыз жармаспай, əмірші қысымына беріле салмай, заңның рухтық қасиетін бойына сіңіре отырып, құқық пен өз ар-ожданына қызмет етуі тиіс. Шешім өктемдікпен, өткен күннен емес, бүгінгі күнгі жағдайдан туындауы қажет...» деп жазған екен.
Қорыта айтқанда, Қазақстандық əлеуметтік қызмет пен ондағы қызметкерлер алдында кезек күттірмес бірқатар мəселе қойылып отыр, біріншіден, кəсіптік-этикалық деңгейге кəсіптік заңнамалық дəреженің сай болуын түбегейлі шешу қажет; екіншіден, қоғамдағы əділеттілік пен тəртіптілік мəселесін, егер күштік құрылымдар шеше алмайтын болса, қоғам өз қолына алатыны анық.
Əдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы,
- «Арнаулы əлеуметтiк қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жыл 29 желтоқсандағы № 114-IV Заңы.
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс кодексі. (Мемлекеттік қызметкерлердің қызмет этикасы ережелері) = Кодекс чести государственных служащих Республики Казахстан. – Алматы: Жетi жарғы,
- Əл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым,
- Кант И. Основы метафизики нравственности. Соч. в 6 т. Т.4.Ч.1. – М.,1965
- Агапов Е.П. Методика исследований в социальной работе: учебное пособие. – М.: Дашков и К,
- Бейсенбаев Ж. Əдептілік əлемі. – А.,
- Галагузов А.Н. Социально-педагогические задачи: учебное пособие. – М.: Владос,
- Жарықбаев Қ.Б. Əдеп жəне жантану. Ұлттық тəлім-тəрбие. Хрестоматия. – А., Атамұра, 10 Канке.В.А. Современная этика. – М.: Омега-Л, 2008.
- Курбатов В.И. Социальная работа: учебное пособие. – М.,
- Қазақтың тəлімдік ой-пікір антологиясы. 2 Т. – Алматы: Рауан,
- Құдиярова А.А. Қарым-қатынас этикасы. – Алматы,
- Павленок П.Д. Введение в специальность «Социальная работа»: учебник – М.: ФОРУМ-ИНФРА-М,
- Роулз Дж. Теория справедливости. – Новосибирск,
- Тілеужанов М. Қазақ тағылымы. – Орал