Қазақстан Республикасындағы позитивті əлеуметтік өзгерістер заманауи əлемнің тенденцияларымен қатар келе жатыр, сонымен бірге, ұлттық жəне аймақтық ерекшеліктер сақталынған. Осы үрдістің маңызды факторлары мен негіздері Қазақстан Республикасы Елбасының кітабында айқындалған [1]. Қоғамдық құрылымда жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің негізгі мақсаты – маңызды элементтерінің бірі қоғамдық денсаулық болатын халықтың өмір сапасын жоғарылату.
Қоғамдық денсаулық – адамдар əл-ауқатының физикалық, əлеуметтік-экономикалық, психологиялық жəне т.б. түрлерін қамтитын өзара байланысты элементтер мен құрылымдар негізінде қалыптасатын күрделі ашық жүйе. Қоғамдық денсаулық категориясын денсаулықтың негізгі ресурстары адамдардың табысы, тұрғын үй мəселесі, тамақтануы мен өмір салты екенін ескере отырып, жүйелі бағытта қарастыру керек. Сондықтан денсаулықты жақсарту осы компоненттердің, сонымен қатар, денсаулықты жақсартатын экономикалық, физикалық, əлеуметтік жəне мəдени ортаның шарттарының тұрақтылығын талап етеді.
«Медицина əлеуметтануы» терминінің бірінші рет айқындалуын (1895 ж.) Ч.Мак-Интайр есімімен байланыстырады, дегенмен, денсаулық сақтаудың қоғамдағы орны туралы əлеуметтанулық талдау алғаш рет атақты саясаткер экономист У. Петтидің «Саяси арифметика» атты еңбегінде ұсынылған (1690 ж.).
Денсаулық пен сырқат туралы əлеуметтанулық концепциялардың ішінде ерекше маңыздылыққа жарты ғасыр бойы дамытылып келе жатқан рөлдік теория алады [2]. Медицина мен қоғамның, оның əлеуметтік институттарымен өзара байланысын, денсаулық сақтау жүйесінің дамуын əлеуметтік феномен ретінде интенсивті зерттеу тек XX ғасырда дəрігер мен пациенттің арасындағы байланыстың əлеуметтік аспектілерін зерттеген Толкотта Парсонстың еңбектерінен кейін басталады. Оның рөлдік теориясында (1951-1958 жж.) еңбекке қабілетсіздік пен девиацияның парадигмалары «дəрігер мен пациент» жүйесінде қарастырылады. Т. Парсонс тек əлеуметтанулық немесе психологиялық бағыттарда емес, жүйелік бағытта, сонымен қатар, экономикалық бағытта өндіруші мен тұтынушы арасындағы айырбас ретінде зерттеді [3].
Атақты американдық психолог, қазіргі менеджменттің негізін салушыларының бірі Абрахам Маслоу денсаулық мəселесін қарастыру кезінде, барлық дене жəне психоəлеуметтік мүмкіншіліктерді жүзеге асыру – өзіндік актуализациялану деп жазған, бірақ физикалық құрылым психикалық құрылым секілді «норма» жəне «денсаулық» түсініктеріне сəйкес келе бермейді [4].
Осылайша, əлеуметтанулық бағыт бойынша «денсаулық» түсінігін қарастыру кезінде, оның екі түрлі сипаттамасын айқындаймыз. Біріншіден, қоршаған орта мен адам арасындағы үйлесімділік міндеттемесі. Осы үйлесімділікті түсінудің субъективті жəне объективті сипаттамасы бар. Біріншісі адамның жəне қоршаған ортаның субъективті бағалауымен байланысты. Əр түрлі авторлардың нəтижелері сəйкес келмеуі мүмкін: субъект өзін үйлесімді, дені сау тұлға ретінде қабылдауы мүмкін, ал қоршаған адамдар науқас жəне қалыпты емес, жəне керісінше.
Денсаулықты түсінудің екіншісі қазіргі білімнің деңгейімен шеттелген «денсаулықтың» салыстырмалы күйімен байланысты. Себебі қалыпты генетикалық кодтың барлық элементтерін толық білгенде ғана салыстыру үшін үлгі пайда болады. Ол уақытқа дейін, соматикалық денсаулықтағы, мінез-құлықтағы ауытқулар (айқын көрінетіндерінен басқа) индивидуалдық ретінде қарастырылуы мүмкін.
Осыған байланысты Гоффманның стигматизация теориясы ерекше қызығушылықты туғызады. Осы теорияға сəйкес, сырқаттың немесе кемшіліктің болуы қоршаған ортаға проекцияланады жəне əлеуметтік өзара қарым-қатынаста көрінетін науқас адамға белгілі бір мінез-құлық ерекшеліктерді белгілейтін науқасқа деген ерекше қатынасты айқындайды [5].
Осылайша, «Абсолютті сау адам бар ма?», – деген сауал туындайды. Мұның жауабы көбіне теріс. Əрбір адамның белгілі бір гендік кемшіліктері болады, ол ауру механизмін жібереді.
Сонымен қатар, травмаға деген тұқымқуалаушылық бейімді айқындайтын зерттеулер мəлім.
Денсаулық жəне сырқатпен байланысты көптеген теориялар мен концепциялардың түрлілігін ескере отырып, Н.И. Скок оларды мынадай топтамаларға жіктеді: философиялық, əлеуметтік-биологиялық, биологиялық, əлеуметтанулық, əлеуметтік-психологиялық [6]. Əлеуметтік-философиялық жəне əлеуметтанулық бағыттар 1кестеде көрсетілген.
Қазіргі уақытқа дейін «қоғамдық денсаулық» түсінігінің ортақ анықтамасы жоқ.
Бір топ зерттеушілер қоғамдық денсаулықты «бір жағынан, жеке адамның индивидуалдық өмір ұзақтығын, екінші жағынан, жалпы қоғамның жəне оның үздіксіз, үйлесімді даму мүмкіншіліктері мен əлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын қоғамдық денсаулықтың индивидуалдық деңгейлерінің жиынтығы» ретінде қарастырады [7].
Екінші көзқарас бойынша, қоғамдық денсаулық бұл «биологиялық жəне абиотикалық шарттарға бейімделу деңгейін көрсететін, əлеуметтік факторлармен айқындалған, тарихи негізделген, индивидуалдықтан жоғары адамдардың іс-əрекетін ұйымдастыру нысаны. «Қоғамдық денсаулық» түсінігінің мазмұны бұл – өмір салты арқылы трансформацияланған денсаулық сақтау саласындағы шынайы қоғамдық қатынастардың бірегей нысандағы бейнесі. Басқаша айтқанда, қоғамдық денсаулық əлеуметтік организм ретінде қоғамның жəне оның институтының, соның ішінде, денсаулық сақтау, нəтижесі» [8].
Осылайша, қоғамдық денсаулық күрделі əлеуметтік категория жəне көптеген факторлардың жүйелі есептемесі мен талдауын қажет етеді. «Қоғамдық денсаулық» категориясы мынадай əлеуметтанулық түсініктермен тығыз байланысты: «өмір салты», «өмір сапасы», «денсаулық сапасы» жəне т.б. Олардың көбі «өмір деңгейі» деген категорияға негізделеді.
Модельдік бағыт ғылыми зерттеулердің бағыттарын жүйелеуге жəне денсаулық күйінің динамикасының мүмкіншілікті өзгеру тенденцияларын болжауға мүмкіндік береді (1-сурет).
Денсаулық мəселесі жеке адамдар үшін өзекті мəселе жəне сонымен бірге, қоғамның көптеген ғылымдарының зерттеу нысаны. Əрбір мемлекеттің алға қойған негізгі мақсаттары дені сау ұрпақ қалыптастыру. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіпөркендеуі, қауіпсіздігі жəне əл-ауқатын жақсарту» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың денсаулығын сақтау деңгейін жақсарту қажет екендігін айқындаған. Соңғы онжылдықтың ішінде елімізде жүргізіліп отырған денсаулық сақтау саласындағы саясат экономикалық жəне саяси трансформациялардың салдары болды, сонымен бірге, денсаулық сақтаудағы реформаларға көзқарас бірнеше рет түбегейлі өзгерді.
Еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы жағдайды талдай отырып, жалпы саланың күшті жақтары ретінде мыналарды атауға болады:
- денсаулық сақтау саласын дамытудың нақты белгіленген басым бағыттары;
- денсаулық сақтау саласын мемлекеттік қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюы;
- ел халқының негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің тұрақтануы мен жақсаруы, оның ішінде əлеуметтік мəні бар аурулар бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі;
- денсаулық сақтау объектілерінің қалпына келтірілуі жəне жаңаларының салынуы;
- емдеу-диагностикалық үрдіске жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі;
- ауылдық жерлердің медициналық ұйымдарында телемедициналық пункттердің болуы;
- халықтың дəрілік заттарға қолжетімділігінің жақсаруы.
Əлсіз жақтары:
- денсаулық сақтау ұйымдарының, əсіресе ауылдық аумақтарда қанағаттанарлықсыз материалдық-техникалық базасы;
- мемлекеттің, жұмыс берушінің жəне азаматтың денсаулық сақтау үшін ортақ жауапкершілігінің жоқтығы;
- өңірлерде жəне республикалық маңызы бар қалаларда ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасындағы үлкен айырмашылық;
- кардиохирургия, нейрохирургия, трансплантология, травматология, басқа да бірқатар мамандықтар бойынша кадрлар тапшылығы;
- денсаулық сақтау жүйесінің, əсіресе ауылдық өңірлерде білікті кадрлармен нашар қамтамасыз етілуі;
- ауылдық жерлердегі шалғай орналасқан елді мекендердегі, əсіресе халықтың əлеуметтік аз қамтылған топтарының медициналық қызметтерге қолжетімділігінің төмендігі;
- денсаулық сақтау ұйымдарында əлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандардың болмауы.
Халықтың денсаулығын жақсарту – мемлекеттік жəне индивидуалдық деңгейде шешілуді талап ететін маңызды мəселе. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты салауатты өмір салтын бұқараландыруға, денсаулық саласында ұсынылатын қызметтердің сапасын жоғарылату жəне қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Сонымен бірге, осы қызметтерді тұтынушылар оны алуға мүдделі болуы керек.
Әдебиеттер
- Назарбаев Н.А. Критическое десятилетие. – Алматы: Атамұра, 2003. – 240 с.
- Парсонс Т. О структуре социального действия. –М.: АНКО Проект, 2000. – 879 с.
- Маслоу А. Дальние пределы человеческой психики. – СПб.: Евразия, -430.
- Goffman E. Stigma: Notes of the Management of spoiled Identity. – USA.: N.G,1993. – 250
- Андреева Г.М., Донцов А.Н. и др. Социальная психология в современном мире. – М.: Аспект–Пресс, – 335 с.
- Скок Н.И. Социальная регуляция потенциала лиц с особыми потребностями. – Тюмень: Вектор Бук, 2004. -212 с.