Кіріспе
«Саясат», «білім беру саясаты», «мектептік саясат» әлеуметтік ғылымдар ішінде ең көп қарастырылатын мәселелердің бірі. О. Шпенглер саясатты «Саясат – жоғары мәнде өмір, ал өмір саясат» деп атап өтсе, ал Д. Истон «Саясат – қоғам ішіндегі құндылықтарды билік арқылы реттеу» деп қарастырған. Біздің мақаламызда біз саясат ұғымын мемлекет пен қоғамның байланыстарын сипаттайтын қоғамдық өмір салаларының бірі ретінде сипаттаймыз. Осындай қоғамдық өмір салаларының бірі және негізгісі білім беру. Э. Днепров еңбегіне сүйенетін болсақ білім беру саясаты білім беру үдерісі субъектілерінің қатысуларымен білім беруді дамыту бағыты анықталып, жүзеге асырылу үдерісі. Мектептік саясат білім беру саясатының бір аспектісі ретінде мектептік білім беру сапасының деңгейін жоғарылатуға байланысты, мемлекет және білім беру үдерісі субъектілерінің қатысуларымен мектептік білім беруді дамытуға бағытталған мақсат, идеялардың заңды жиынтығы, жүзеге асырылу үдерісі [1].
Білім беру саясаты (саясат, педагогика ғылымдарының бір саласы) мемлекеттік, жергілікті басқару саласының бір бөлігі, ол тек саясаттану және педагогика саласында ғана емес, сонымен қоса философия, әлеуметтану, экономика, психология, құқық салалары аясында қарастырылады. Білім беру саясатын кешенді пәнаралық зерттеулер аясында А.Қ. Құсаинов, А.К. Мыңбаева, Ш.Т.Таубаева, А.А.Булатбаева, Н.Анарбек шетелдік ғалымдардан T. Regan, Giroux H., Les Bell, Howard Stevenson, Э. Днепров, И. Кондаркова, С.Н. Еремина, В.И. Жукова, И.А. Кузьмина, В.Б. Миронова, В.И. Паршикова, В.Д. Семенова, Е.В. Семенова, О.Н. Смолина қарастырса, саясатта- ну аясында А.Р. Нұратзина, Ә.С.Жақсыбеков, А.Х. Бижанов, А.Н. Нысанбаева және т.б. ғалымдар зерттеген.
Негізгі бөлім
Білім беру саясаты көпқырлы күрделі құрылымға ие. Көп құрылымды білім беру саясатының төмендегідей аспектілерін бөліп көрсетуге болады: мектепке дейінгі білім және тәрбие саясаты; мектептік саясат; ЖОО саясаты; кадрлық саясат және т.б [2]. Біздің мақаламызда біз мемлекеттік және мектептік білім беру саясаты мәселесін қарастырамыз. Э. Днепров «білім беру саясаты» ғылымда XX ғасырдың 80-жылдары қарастырыла басталды деп жазған. Ғалымның зерттеуі бойынша мектептік саясат жалпы білім беру саясатынан ертерек қарастырыла бастады. Жалпы білім беру саясаты ЖОО-ң құрылуына, автономдылығына сәйкес ЮНЕСКО деңгейінде кеңінен қарастырылса, мектептік саясат адамдардың білім алу үдерісі қалыптасу барысында қарастырыла бастаған. Мектептік саясат мемлекет тарапынан түрлі ресми және бейресми бірлестіктердің көмегі негізінде жүзеге асырылды деп қарастырған [1].
Білім беру саясаты – кез келген қоғамда болған, бар және болатын үздіксіз үдеріс. Білім беру саясаты үдерісі мемлекет, қоғам, білім беру бірлестіктері өзінің білім беру жүйесін қалай жүзеге асырады, білім беру қандай мақсатты көздейді, білім беруде басқару жүйесі қандай, білім беруді басқару жане ұйымдастыруда кімнің қызығушылығы негізге алынған, білім беру жүйесі қалай қаржыландырылады деген сұрақтар аясында көрініс табады. Білім беру саясаты үдерісінің білім беру саласында кешенді сұрақтарға жауап беруі оның күрделі құрылымды бір бірімен тікелей байланысты, түрлі элементтерден құралған жүйе ретінде сипатталуын қажет етеді.
Білім беру саясаты мен мектептік саясат қалыптасуы көп құрылымды факторларға тәуелді. Оны біз мақаламызда 1-сурет негізінде сипаттап өтсек.
Мемлекеттік білім беру саясаты мен мектептік білім беру саясатына әсер етуші факторлар жүйесін біз білім беру саясатына байланысты жазылған педагогика, саясаттану, экономика, психология, әлеуметтану ғылымдарының теорияларына сүйене жасадық. Білім беру саясаты мен мектептік білім беру саясатының қалыптасу жүйесінің құрылымдық элементтерін біз 1-5-ке дейінгі сандар арқылы белгіледік. Сол белгіленген негізінде элементтерге сипаттама беріп өтсек.
Жүйенің ядросы «Білім беру саясаты», ядроның құрауыштары «Мемлекеттік білім беру саясаты» және «мектептік білім беру саясаты».
Философиялық, саясаттану және педагогикалық әдебиеттерге талдау жасау «Білім беру саясаты» мен «Мемлекттік білім беру саясаты» арасында кішкене айырмашылық бар екенін көрсетеді. Мұндағы:
- білім беру саясаты – білім беру үдерісінің субъектілері үкімет, ресми және ресми емес білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен білім беруді дамытуға бағытталған мақсат, идеяларының заңды көрінісі;
- мемлекеттік білім беру саясаты – мемлекеттік әлеуметтік экономикалық саясатқа сәйкес білім беруді дамытудың үкімет тарапынан айқындалған білім беруді дамытуға бағытталған идеялардың заңды (білім беруді дамыту стратегиялары, реформалар, бағдарламалар) көрінісі.
Мемлекеттік білім беру саясатының жалпы білім беру саясатынан негізгі айырмашылығы мұнда көбіне білім беруді дамыту бағдарламалары үкімет тарапынан айқындалып, білім беру субъектілері негізінен жүзеге асырылады. Ал білім беру саясаты – білім беру субъектілерінің барлығының ортақ қатысуы негізінде жүзеге асырылатын білім беруді дамыту мақсаттарының заңды көрінісі.
Білім беру саясаты негізінде мемлекеттік білім беру саясаты туындаса, мемлекеттік білім беру саясаты негізінде мектептік білім беру саясаты туындайды. Кейбір қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына байланысты мектептік білім беру саясатының оң нәтижеге қол жеткізуі оның мемлекеттік білім беру саясатына айналуы мүмкін.
Қазіргі таңда мектептік саясат мемлекеттік білім беру саясатына негізделе құрылады. Дегенмен, әр мектептің мемлекеттік білім беру саясатына негізделген ұстанымдарымен қоса,өзіндік қосымша ұстанымдары болуы керек. Ол ұстанымдар мектептің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, мектепте білім алушы оқушылар мен ата-аналар сұранысын, әкімшілік пен мұғалімдер сұранысын ескере құрылуы керек.
Ұлыбританиялық ғалымдар Thrupp және Willmott еңбектеріне сүйенетін болсақ білім беру ұйымында қызмет атқаратын кез келген білім беру субъектісінің өзіндік жұмыс жасау бағытында жалпы ұйымның білім беру саясатына сүйенілген өзіндік жұмыс саясаты болуы керек. Әрине мектеп әкімшілігінде, соның ішінде мектеп директоры мен оның орынбасарлары мектеп саясатын яғни мектеп миссиясын, мектептің әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайы ескерілген мақсатын, міндеті мен даму стратегияларын толық және терең білуі керек. Себебі, олар мектептің қызығушылықтары мен мүддесін мектеп аралық жиындар мен халықаралық байланыстарда тікелей қорғайтын – білім беру субъектілері. Әр мектептің саясаты айқындалу барысында, сол мектепте қолданылған алдыңғы мектеп саясатын, мектептің тарихи жағдайын зерттеу өте маңызды [3].
Жүйенің ядросы білім беру саясаты, мемлекеттік білім беру саясаты, мектептік білім беру саясатынан құралып оның дамуына төмендегі элементтер тікелей және жанама түрде ықпал етеді.
- Мемлекеттік білім беру саясаты мен мектептік білім беру саясатына әсер етуші факторлардың 1-ші элементі қоршаған орта.
Мұндағы «Орта» деп отырған элементіміздің негізгі құрауыштарына:
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жатады.
Les Bell және Howard Stevenson атты ғалымдардың «Білім беру саясаты: үдеріс, тақырыптар, әсерлер» (Education Policy: Process, Themes and Impact) еңбегінде білім беру саясатын қалыптасуына әлеуметтік-экономикалық жағдай тікелей әсер етеді деген идея қозғалған. Аталған идеяның негізгі мәні әр мемлекеттің білім беру саясаты оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, тікелей тәуелді және мемлекеттің адам капиталы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің көтерілуіне тікелей әсер етуі [[2]. Орысша-қазақша сөздікте әлеуметтік жағдай ұғымына «әлеуметтік жағдай – уақыттың және орынның нақты жағдайындағы әлеуметтік құрылымының әр түрлі элементерінің өзара әрекеттерінің қорытындысы. Бұл әртүрлі факторлардан сыналған күрделі, көп жақты құбылысты көрсетеді» деп сипаттама берген [4].
Ресей ғалымдары О.Е. Гайдамак пен Е.А. Пахомованың «РФ білім беруінің дамуына әлеуметтік-экономикалық фактордың әсері» деген эксперименталдық зерттеулерінде корреляциялық талдау арқылы мемлекеттің интеллектуалды капиталы мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік әлеуетінің жоғарылауына кепіл болады деген қорытынды шығарған. Сондықтан, әлеуметтікэкономикалық фактордың білім беру үдерісіне әсерін зерттеу маңызды [5].
- Мемлекеттік білім беру саясаты мен мектептік білім беру саясатына әсер етуші факторлардың 2-ші элементі білім беру саясатына тікелей және жанама түрде әсер ететін «Заңнамалық актілер». Мұнда біз заңнамалық актілер ретінде:
Конституция – Ата Заңымызды; ҚР «Білім туралы» Заңын;
Қазақстан Республикасының Конституциясы алғаш рет Алдыңғы конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған. Кейінгірек Қазақстан Республикасының Ата Заңы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9-тараудан, 98-баптан тұрады.
Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.
Конституция – жеке адам, қоғам мен мемлекет үшін өмірлік маңызы ең жоғары деңгейдегі әлеуметтік мәні бар құқықтар мен бостандықтарды баянды ететін негізгі заң. Ата заңымыз азаматқа қоғам мүшесі ретінде сол қоғамды басқаруға, жаңғыртуға қатысу үшін қажет. Конституциямемлекеттік құқықтық жүйенің ең жоғарғы күші бар референдум арқылы немесе Парламентте қабылданатын құрылтайлық дәрежеге ие негізгі заң. Мемлекет қоғам үшін Конституцияда құқықтардың маңызы сонда олар мемлекеттің демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мәнін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Конституцияға берілген сипаттамаға сүйенсек, біз Ата заңымыз білім беру субъектілері мен білім беру институттары мемлекеттік білім беру саясатына өзіндік идеяларын қоса алуға құқылы екені туралы қорытынды жасай аламыз. Ата заңымыз адамның білім беру саласында ғана емес,сонымен қоса жалпы өміріндегі құқықтары мен міндеттерін заңдық негізде айқындап белгілеген. Осы заңдар білім беру саласындағы субъектілердің құқықтары мен міндеттерін айқындап, білім берудің жалпы және мемлекеттік саясатының қалыптасуына негіз болады [6].
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Осы Заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін айқындайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚР «Білім туралы» Заңы алғаш рет 1992 жылы, кейін өзгеріс енгізген жыл 1999, 2007жылдары. ҚР «Бірлім туралы» Заңының мазмұндық сипатына енгізілген жалпы өзгерістердің ішінде нақты білім беру саясатының принциптеріне кесте түрінде салыстырмалы сипат беріп өтсек [1].
Кестеде көріп тұрғанымыздай, ҚР «Білім туралы» Заңында білім беру саласындағы мемлекеттік саясат принциптері жылдық сипатына қарай өзгеріп отырады. Біз оны біздің мақаламыздың алғашқы бөлімінде көрсеткен мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық жағдайы оның мемлекеттік білім беру саясатының жүргізілуіне әсер етеді деген ұлыбританиялық Les Bell және Howard Stevenson теориясына сүйене сипаттаймыз. Мұнда біз мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы білім беру саясаты мен білім беру саласындағы құжаттардың мазмұнына қарай әсер етсе, білім беру саясаты мен мемлекеттің білім беру саласындағы құжаттар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да солай әсер етеді деген идеяны ұстанамыз. Оны біз жоғарыда көрсетілген Рессей ғалымдары О.Е. Гайдамак пен Е.А. Пахомованың «РФ білім беруінің дамуына әлеуметтік-экономикалық фактордың әсері» деген эксперименталдық зерттеулерінде корреляциялық талдау арқылы сипаттаған идеясына сәйкес сипаттаймыз.
Әрине білім беру саласына әсер ететін құқықтық құжаттар қатарына көптеген басқа құжаттарды да қарастырған дұрыс болар еді, бірақ біз білім беру саясатына тікелей әсер ететін ең негізгі ҚР Ата заңымыз – «Конституция» жә- не ҚР «Білім туралы» Заңына тоқталуды дұрыс көрдік.
Мемлекеттік білім беру саясаты мен мектептік білім беру саясатына әсер етуші факторлардың 3-ші элементі білім беру саясатының әдіснамалық негізі.
Әдіснама – әдістер туралы ілім, әдістер теориясы зерттеліп отырған объекті жөніндегі мәліметтерді және жаңалықтарды бір ізге келтіру тәсілдерінің жүйесі.
Ғылым әдіснамасы негізінде білім беру саясатының теориялық мазмұны айқындалып, білім беру саясатының заңдары мен принциптері сипатталады.
- Мемлекеттік білім беру саясаты мен мектептік білім беру саясатына әсер етуші факторлардың 4-ші элементі «Білім беру саясатының жүзеге асыру механизімдері» олар:
- Білім беру стратегиялар;
- Білім беру бағдарламалары.
«Стратегия» ұғымын қарастырған А.И. Ракитов және педагогикалық, психологиялық әдебиеттерге талдау, аталған ұғымның алдағы мақсаты нақты айқындалған нәтижеге жету амалдары ретінде сипаттаған. Мұны біз зерттеуімізде ҚР білім беруді дамытудың стратегиялары ретінде сипаттаймыз. Ондай стратегияларға «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және т.б. даму стратегиялары мен бағдарламалар ретінде қарастырдық.
Жоғарыда аталған білім беруді дамытудың түрлі стратегиялары бір-біріне толықтыратын сипатта түрліше көрініс табады. Мысалы ҚР ББД 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы мемлекетіміздің дамыған 50 мемлекет қатарына енуін көздеген болса, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мемлекетіміздің дамыған 30 мемлекет қатарына көруді көздеп отыр. Аталған мақсаттарына сай ондағы білім беру саясаты аясында көрініс табатын білім беруді даму стратегиялар мазмұны түрліше сипатта болады.
Жоғарыда аталған білім беруді дамыту стратегияларына сәйкес қазіргі таңда мектептік білім беру жүйесінде төмендегідей өзгерістер көрініс табуда:
- «Үш тұғырлы тіл» саясаты;
- 12 жылдық оқу жүйесіне көшу саясаты және т.б.
АҚШ, Ұлыбритания секілді дамыған мемлекеттерде білім беру саласына енгізілетін білім беру бағдарламалары мен білім беру реформаларының мазмұндық құрауыштарына білім беру субектілерінің барлығы ой қоса алады. Ең бастысы мемлекеттің білім беруін дамытуға бағытталған білім беру саласындағы субъектілердің идеялары негізделген болуы керек.
Біз, білім беру саясатының дұрыс жүргізілуі мен үздік нәтиже беруінде жоғарыда көрсетілген мемлекеттік білім беру саясатын құруда оның негізгі жүзеге асырушы субъектілері идеясы мен ұсыныстарының ескерілуінде деп түсінеміз.
- Мемлекеттік білім беру саясаты мен мектептік білім беру саясатына әсер етуші факторлардың 5-ші элементі «білім беру саясаты мен білім беруді дамыту стратегияларының» дұрыс, жүйелі жүзеге асырылуы.
Les Bell пен Howard Stevenson атты ғалымдардың «Білім беру саясаты: үдеріс, тақырыптар, әсерлер» (Education Policy: Process, Themes and Impact) еңбегінде аталған білім беру саясаты мен білім беруді дамыту стратегияларының дұрыс, жүйелі жүзеге асырылуы келесі кезеңдерден өткізілуі керек:
- Ұйымдастыру кезеңі: мұнда білім беру саласын дамытуда қоғам, білім беру институттары мен білім беру субъектілерінің ұсыныстарын ескеріп, мемлекет тарапынан немесе құзырлы органдар тарапынан білім беру саясатын, білім беруді дамыту стратегияларын айқындау, идеяны заңды құжатқа айналдыру үдерісі;
- Түсіндіру кезеңі: Мемлекет тарапынан айқындалған білім беру саясатын, білім беруді дамыту стратегияларын оны жүзеге асырушы білім беру субъектілеріне жан-жақты түсіндіру, идеяның іске асырылу ережелері мен принциптерін түсіндіру үдерісі;
- Жүзеге асыру кезеңі: мемлекет және қоғам тарапынан қолдау тапқан білім беру саясатының операциялық жүзеге асырылу үдерісі[2].
Білім беру саясатының жүзеге асырылуы әр мемлекетте өзіндік сипатқа ие екенін ескере, жоғарыда аталған кезеңдер кейбір мемлекеттерде ескерілмейтінін атап өтеміз.
Қорытынды
Қорыта келе, әр елдің білім беру саясаты қандай болса, ол мемлекеттің білім беру деңгейі және оның нәтижесі, яғни әлеуметтік-экономикалық дамуы да сондай болмақ деген қорытынды жасаймыз. Білім беру саясаты, мектептік білім беру саясаты білім беруді дамытуға бағытталған үдеріс ретінде жүйелі құрастырылуы және жүйелі жүргізілуі керек. Мемлекеттің білім беру саясаты өздігінен пайда болмайды, ол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, тарихи-мәдени жағдайына сай қалыптасып түрленіп тұрады.
Мемлекеттік саясаттың бір бөлігі – ол мектептік саясат. Мектептік саясат мемлекеттік білім беру саясатына негізделе құралып өзіндік даму стратегиясын айқындайды. Мектептік саясат та, мемлекеттік білім беру саясаты секілді әр мектептің өзіндік әлеуметтік, экономикалық, тарихи, мәдени жағдайына сәйкес мектеп саясатын негіздейді. Мектептік саясаттың тиімді жүргізілуі мектептің оқу, әлеуметтік-мәдени шаралар тізбегінде жетекші орын алуларына кепіл болады.
Мақаламызда біз Мемлекеттік білім беру саясаты мен мектептік білім беру саясатына әсер етуші факторлар жүйесін сипаттауға тырыстық. Егер мемлекеттік білім беру саясаты жүйелі құрылса, мемлекетіміздің білім сапасы жоғарылау нәтижесіне сенімдік ұлғаяды.
Әдебиеттер
- Білім беру саясаты: теориялар және тұжырымдамалар, даму стратегиясының тенденциясы / А.К.Мынбаева, Ш.Т.Таубаева, А.А.Булатбаева, Н.Анарбек. – Алматы: Қазақ университеті, 2014. – 227 б.
- Білім беру саясаты: үдеріс, тақырыптар, әсерлер/Les Bell, Howard Stevenson. – LONDON AND NEW YORK: Routledge Taylor &Francis Group
- Thrupp , Willmott R. (2003) Тайм менеджменттегі білім беруді басқару: Beyond the Textual Apologists, Maidenhead: Ашық университеттік пресса
- Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. – 569 б.
- Гайдамак О.Е., Пахомова Е.А. Әлеуметтік-экономикалық фактордың РФ білім беруді дамытуға әсері. 21 басылым. Экономикадағы көрінісінің мәселесі. УДК 300-399-33 / http://www.regec.ru/articles/2013/vol1/2.pdf
- Әділет, ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі/http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U10000011 Ата заңымыз «Конституция» туралы Құрылу күні: 05.09.2007. Жаңартылу күні: 02.12.2014