Кiріспе
Кеңес Одағы тұсында мұғалімдер қауымы «мәдени майдандағы көшбасшы тұлғалар» ретінде қарастырылып, кеңестік идеологияны насихаттауда маңызды рөл атқарды. Олар мансаптық жолында кеңестік партия қатарына тартылып, жоғары еңбекақы, мүлтіксіз қоғамдық құрметке ие болды. Алайда дағдарыс дискурсы Кеңес Одағының білім беру жүйесіне оның ыдырауының алдында ене бастады. 1980 ж. соңында Гершунский мен Пуллин (1990) жүргізген сауалнамаға сәйкес сауалнамаға қатысқан 1000 мұғалімнің 72.6% мектеп жүйесі дағдарыста деп сенсе, жартысына жуығы (46.5%) сол кездегі мұғалім мамандығының төмен абыройы туралы сөз қозғады [1].
Кеңес Одағы ыдырап, посткеңестік елдер өздерінің білім беру жүйесін демократия, либерализм, нарықтық экономика қағидаттарына сәйкес ету мақсатында кешенді құрылымдық реформаларды қолға алған кезде, аймақта жапатармағай пайда болған халықаралық ұйымдар мен сарапшы мамандар посткеңестік білім беру жүйесіне «дағдарыс, қорқыныш, құлдырау тән» деген сияқты баяндаушылық мәнерге салып, посткеңестік мұғалім сипаты жағынан «дәстүрлі, ескіше, жаңалыққа бейім емес, авторитарлы, өзгеріске жаны қас, кәсіби және тиімді емес» деген тұжырымдамалар жасап жатты. Халықаралық ұйымдардың білім беру саласына қатысты «посткеңестік реформалар жиынтығын» жергілікті контекстіге бейімдеудегі ерекшеліктерге қарамай, мұғалім мамандығының төмен абыройы барлық посткеңестік мемлекеттерге бірдей тән болды. Сондықтан көптеген ұстаздар мұғалім мамандығын нарықтағы табыс көзі молырақ басқа да мамандықтарға айырбастады. Бұл қалалық және ауылдық аймақтағы мұғалімдердің жетіспеушілігін тудырып, мектептегі мұғалімдердің еңбек жүктемесін молайта түсті. Олар бала саны шамадан көп сыныптарда өздерінің пәндерінен бөлек басқа да пәндерден сабақ беруге мәжбүр болды, ал еңбекақы мөлшері осының есебінен көбейтілмеді.
Негізгі бөлім
Штейнлер-Хамсидің (2008) пікірінше, посткеңестік қоғамдағы мұғалім мамандығының төмен абыройының түрлі көрсеткіштері бар, олар [4]:
- төмен жалақы;
- педагогика мамандығына сұраныстың төмен болуы;
- педагогика мамандығында оқып жатқан студенттердің мұғалімдікке бармауы;
- мұғалімдердің кадрлық жетіспеушілігі;
- жасы ұлғайған мұғалімдердің көптігі;
- мамандықтың феминизациялануы.
Бұдан басқа, аймақтағы БАҚ құрылымдары мұғалімдер туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға өлшеусіз әсер етті. Бұл бұрынғы партия тапсырмасымен ақпарат дайындауға машықтанған БАҚ-тың енді нарықтық жағдайда оқырман қауымын тартып, ақпараттың өтімділігін қамтамасыз ету үшін үнемі жаңсақ, селт еткізер, әсіреленген мәнерге салуымен түсіндіріле алады.
Батыс академиялық әдебиеті білім беру мен БАҚ құрылымдары арасындағы өзара байланысты әлдеқашан зерттеп келеді. Себебі баспасөз тек білім беру туралы ғана емес, «білім берудің не екендігі туралы» жазады [5]. Қоғамға қажет деп тапқан күн тәртібін орната отырып, БАҚ білім беру туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға әсер етеді. Сондықтан баспасөздегі ақпаратты қадағалау үкімет, мектептер, мұғалімдер, мектеп басшылары, ата-аналар үшін өте маңызды. Зерттеулерге сәйкес баспасөздегі білім беруге қатысты хабар негізін «дағдарыс ділін» [6] қалыптастырып, «моральдық байбалам» салады және «кінә арту» [8] туралы жазады. Келесі зерттеулер БАҚ білім беру саясатына әсер етіп және керісінше үкіметтің саяси бағытын қоғамға жеткізуде дәнекер бола алатынын көрсетеді. Осы орайда, баспасөздегі ақпараттың адамдардың басқа салаларда қалай әрекет ететініне ықпалын түсіндіру үшін «медиатизация» концепті дамытылды. Онда Равол (2010) білім беру туралы жазатын тілшілер қауымының рөліне тоқталып өтеді [9]. Тілшілер сұхбат алуда білім беру саласындағы мамандар мен құзыретті сарапшылардың емес, саясаткерлердің пікіріне жүгіне отырып, білім беру дискурсының «министерилизациясы» мен «саясилануына» ықпал етеді. Жалпылай алғанда, қазіргі таңдағы білім беру туралы ақпараттың «білім беру саласындағы қызметкерлер тұтынушының сұранысына есеп беретін» неолибералды сипатқа ие болып келе жатқандығы анық.
Баспасөздегі мұғалімдердің бейнесіне арналған бірқатар зерттеулер батыс баспасөзіндегі мұғалімдердің «батыр», «құтқарушы», «алтын жүректі» сияқты жағымды бейнелерімен қатар,«қаскүнем», «жалқау», білім беру стандарттарының құлдырауына «кінәлі», «тұтынушы, нарық әрі бүкіл ұлттың алдында жауапты» сынды жағымсыз бейнелердің кең екендігін көрсетеді. Кейбір зерттеулер мұғалімдердің баспасөздегі бейнесі уақыт өткен сайын өзгеріп отыратынын көрсетеді. Қазіргі таңда батыс мемлекеттерінің өзінде мектеп басшылары мен мұғалімдерінің білім беру туралы қоғамдық пікірталас барысында ақпарат алаңында өзіндік жеке үн қосуы өте сирек кездеседі. Зерттеулерге сәйкес, мұндай counter-narrative мұғалімдердің кәсіби тұлғалық қасиетін (teacher professional identity) жағымды жағынан қалыптастыруға септігін тигізген болар еді [10].
Дегенмен, посткеңестік кеңістіктегі БАҚ пен білім беру саласын өзара байланыстарған академиялық зерттеу тапшы. Жоғарыда аталған зерттеулер географиялық шеңбері жағынан тек батыс мемлекеттерін қамтиды. Ал Орталық Азиядағы мұғалімдердің әлеуметтік абыройына арналған зерттеулер мұғалімдердің жетіспеушілігі, төмен жалақы, кәсіби мұғалімдердің аздығы сияқты факторларды атап көрсетеді. Джонсон Қырғызстан Республикасының мысалында мұғалім мамандығы туралы пікір қалыптастыруға ықпал ететін мұғалімдердің коррупциясы мәселесін қарастырады [11]. Сондай-ақ, этнографиялық зерттеу тәсілдеріне сүйенген зерттеуде Де Янг мұғалім мамандығының ғылыми сипаттарына тоқталып, оқытудағы білім базасының (knowledge base) қирауы оқытушылардың институционалдық рөлі мен қоғамдық статусына қалай әсер еткендігін зерттейді [12].
1966 ж. ЮНЕСКО конференциясында қабылданған «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатында келесідегідей іс-шаралар атқару қажет деп көрсетілген:
- мұғалімдерді бастапқы даярлау;
- болашақ мұғалімдерді көтермелеу және менторлық қолдау көрсету;
- кәсіби дамуда қолдау көрсету және жаңа мүмкіндіктер беру;
- шешім қабылдауда кәсіби дербестік беру;
- ынталандыру (бастапқы жалақы, ең көп жалақы, зейнетке шығу төлемдері);
- әлеуметтік мәртебесі мен абыройын көтеру [13].
Қазақстанға қатысты халықаралық білім беру есептемелері бойынша да мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеру мәселесі көрініс тапқан. Мысалы, ЭЫДҰ-ның «Қазақстандағы білім беру жүйесіне шолу» атты құжатта Қазақстандағы мұғалім мәртебесі мен абыройының төмен деңгейіне тоқталған. Есептемеге сәйкес, озық мұғалімдердің үлгерімі нашар мектептерге емес, материалдық жағдайы жасалған және дарынды балаларға арналған мектептерге кеңінен тартылуы мұғалімдік еңбек күшінің біркелкі емес таралуына әсер етіп отыр [14].
Қазақстанда мұғалімдердің әлеуметтік статусын көтеру туралы дискурс саяси құжаттарда, мемлекеттік бағдарламаларда, білім беру есептемелерінде, ресми тұлғалардың сөйлеген сөздерінде басым болып келеді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Білім туралы Заңында мұғалімдердің статусын көтеру білім беру жүйесінің мақсаттарының бірі ретінде көрсетіледі [15]. Аталмыш заңда «Педагогикалық қызметкерлердің мәртебесіне» арналған арнайы тарау бар. Мұнда «мемлекет педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруға жағдай жасайды» деп жазылған. Алайда тарауда осы ерекше мәртебені қамтамасыз ету үшін қоғам тарапынан қандай шаралар қарастырылғандығы көрсетілмеген.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында педагог мамандығының мәртебесі арнайы қарастырылады [16]. Оның негізгі міндеттері: білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету және педагог қызметкерлердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту. Бағдарламада келесі мәселелер:
Бүгінгі таңда педагог еңбегін материалдық және моральдық жағынан ынталандыратын және оның әлеуметтік мәртебесін көтеретін барабар заңнамалық база мен жүйе құрылмаған.
Жұмыс істейтін әрбір бесінші мұғалімнің жасы 50-де және одан да үлкен.
Педагогтардың жалпы санынан 3 жылға дейінгі өтілі барлар – 13%. Жыл сайынғы жас кадрлар есебінен толығу тек 2,6%-ды құрап отыр. Гендерлік сәйкессіздік, кәсіп феминизациясы (81,3 % әйел мұғалімдер) байқалып отыр. Төмен жалақы (еліміздегі орташа жалақының 60 %-ға жуығы), педагог кәсібінің беделінің болмауы жоғары білікті кадрлардың бұл саладан кетуіне ықпал етеді. 2000 жылдан бастап қызметкерлер жалақысының 400 %-ға өскеніне қарамастан, оның деңгейі еліміздегі төмен деңгейлердің бірі болып қалып отыр.
Ваучерлік-модульдік қаржыландыру жүйесін енгізумен педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесі жаңғыртылады. Педагог кадрларды даярлау сапасын бақылау және ынталандыру үшін біліктілік деңгейін бағалау тәуелсіз коммерциялық емес үкіметтік емес агенттіктерде өтетін болады.
Мұғалімнің кәсіби беделін көтеру мақсатында қоғамда педагогтың оң имиджін қалыптастыру үшін: «Жыл мұғалімі» конкурсы, акциялар, БАҚ-пен ортақ жобалар, шеберлік сыныптары, жаңашыл педагогтар форумдары, конкурстар, педагогтар әулеттерінің слёттері, ғылыми-педагогикалық семинарлар мен симпозиумдар, семинар-тренингтер және дөңгелек үстелдер жұмысы жүргізілетін болады деп атап көрсетіледі бағдарламада. Президент Н. Назарбаев өзінің 2005 ж. Халыққа жолдауында «өте өзекті мәселе» ретінде ауылдық аймақтардағы мұғалім мамандығының абыройын көтеруге басым назар аударды [17]. 2012 ж. кезекті Жолдауында да Елбасы мұғалім мамандығының мәртебесі мен абыройын қайтару туралы сөз қозғады [18].
Берілген мақалада 2013 жылдың ақпан айы мен 2014 жылдың қаңтар айы аралығында Қазақстанның ұлттық баспасөзіндегі мұғалімдердің бейнесін зерттеуге назар аударылады. Осы мақсатта республикалық деңгейдегі екі басылым – «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская Правда» қарастырылады. Аталмыш басылымдар республикадағы таралымы ең көп әрі оқырманы тұрақты жалпыұлттық ұлттық басылымдар болып табылады. «Егемен Қазақстанның» таралымы 200 601 дана, ал «Казахстанская Правда» басылымының таралымы100 913 дана. Аталмыш басылымдардың зерттеу объектісі ретінде таңдалуы олардың мемлекеттік әрі ресми бағыттағы басылымдар болуымен түсіндіріледі. Мемлекет жүргізіп отырған білім беру саясатын тереңірек түсіну мақсатында мемлекет ақпарат тарататын негізгі екі басылым қарастырылды. Республикадағы қазақ тілді басылымның қоғамдық пікірге ықпалына баға беру оның билингвалды оқырмандық сипаты себебінен қиын болып табылады. Қариннің пікірінше, елдегі қазақ тілді басылымдар де-юре жүзінде құруға тыйым салынған «ұлттық партияның міндетін атқарып отыр» [19]. Ал MediaNet International Center for Journalism есептемесіне сәйкес, Қазақстандағы қазақ тілді және орыс тілді басылымдар екі түрлі мәселе көтеріп, бөлек ақпараттық күн тәртібін қоятын «параллель екі әлем» болып табылады.
Шудсон жаңалық жасау (social news production) зерттеулеріне тән 3 дәстүрді атап көрсетеді: саяси экономия; феноменология мен этнометодология және мәтіндік зерттеулер (textual studies)[20]. Саяси экономия зерттеу бағыты Маркс ілімінің негізінде кез келген ақпарат саяси құрылымның идеологиялық ұстанымына сәйкес жасалады деп тұжырымдайды. Феноменология және этнометодология бағыты бойынша жеке тілшілер, БАҚ институттары, сондайақ оқырман қауымы барлығы бірігіп, қоғамдық ақиқат жасауға (social construction of reality) қатысады. Мәтіндік зерттеу бағыты тікелей түрде баспасөздегі жаңалықтардың мәтіндерін қарастырып, ондағы сөз қолданысына мән береді. Осы мақала феноменология мен этнометодология және мәтіндік зерттеу бағыттарын біріктіре отырып, құнды әрі объективті ғылыми нәтиже жасауға мүмкіндік беретін біртұтас тәсілдемені (holistic approach) ұстанады.
Бейне (representation) ұғымы «бір нәрсені айналаға мағыналы түрде жеткізу үшін тілдік сөз қолданысы» дегенді білдіреді. Ол арқылы белгілі бір құбылыс жөнінде мән-мағына қалыптасып, қоғам мүшелері арасында өзара таралады. Бір нәрсенің бейнесін не көрінісін жасай отырып, адамның тұлғалық қасиеті (identity),стереотиптік түсінігі қалыптасады. Стереотип белгілі бір құбылысты шынайы, табиғи түрде сипаттап, айырмашылықтарды баса көрсететін құбылысты білдіреді. БАҚ құрылымдары белгілі бір қоғамдық құбылыс жөнінде хабар дайындай отырып, оны ақиқат ретінде оқырман не көрермен қауымға ұсынады. Мысалы, елдегі азшылық ұлт не мигрант жұмысшылардың бейнесін жағымсыз жағынан көрсете отырып, БАҚ олар туралы жалған қоғамдық түсінік қалыптастырады. Мұндағы құрастыру (construction) белгілі бір контекстіге қойылып әзірленген баяндаушылық мәнердегі хабар, ақпарат дегенді білдіреді. БАҚ мәтіндік жаңалықпен қатар, графикалық бейне, кесте-диаграммаларды қолдана оты- рып, тұтынушылар арасында «біз» және «олар» сияқты әлеуметтік жік арқылы өзінің тұлғалығын белгілі бір топпен айқындауға ықпал етеді. Сонымен, БАҚ құрылымдары онда жұмыс істейтін тілшілер, редакция басшылығы, келіп түсетін хаттар арқылы қоғамға қажет деп тапқан ақпараттық күн тәртібін белгілейді және соған сәйкес хабар дайындайды. Алайда тілшілер не туралы жазатынын ғана емес, оны қалай жазатынынына да көңіл бөледі. Ақпаратты белгілі бір қалыпқа сала отырып, БАҚ құрылымдары құбылысқа моральдық баға береді, себебін айқындайды және жауапкер тұлғаларды көрсетеді. Сондықтан БАҚ шеңберінде қалыптасатын дискурс қоғамдық пікірге ықпалды, қуатты болады. Феноменология және этнометодология дәстүрі бойынша ақпараттың жасалуы, таралуы, оның тұтынушыға ықпалы және сол мезеттегі елдегі әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдай барлығы бірдей кешенді түрде әрі өзара әрекеттеседі. Осы мақала феноменология және этнометодология дәстүрі шеңберінде дамытылған әлеуметтік құрастыру (social constructionism) теориялық негіздемесін ұстанады.
Сараптамаға келер болсақ, «Егемен Қазақстан» басылымында «нағыз мұғалім» тіркесі жиі кездеседі. Мысалы, басылым Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның сөзін келтіре отырып, «мектепке дейінгі бала тәрбиесі мен орта білім берудің қыр-сыры туралы ойын ортаға салып, тәуелсіздік алған жылдар ішінде білім саласында көптеген реформалардың болғандығын, білімнің негізі мектепте, ұстаз қолында екенін айтты. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру ісінде жастардың үлкен рөл атқаратынын, оларға жүйелі білім беру, тәрбиені жетілдіру, сөйтіп, ұлт мақтанышына айналдыру қажеттігін нағыз кәсіби мұғалім әзірлеуді, сауатты бағдарлама жасауды және сынып жетекшілеріне төленетін қаржының мардымсыз екенін де еске салды» деп жазады (1 ақпан 2013). Сондай-ақ қазіргі заманға сай жаңа мұғалім бейнесі де жасалады. Мысалы, «Осындай елімізде болып жат- қан құндылықтардың өзгеруі жаңа ғасырдың мұғалімін дайындау міндетімен байланысты» (16 ақпан 2013). Мұнда мұғалімнің жаңа бейнесі жаңа ғасырмен тікелей байланыстырылып отыр. Ал «Жақсы мұғалімдер жақсы оқушыларды жасайды» (12 қыркүйек, 2013), Мұғалім мамандығы – адамтанудың қайнар көзі (17 тамыз, 2013) сияқты тақырыптарға назар аударатын болсақ, жақсы мұғалім болудың моральдық категориялары берілген. Сонымен қатар, мұғалімдердің рөлі ұрпақ тәрбиелеуге жауапты ретінде көрсетіледі. Мысалы, «Тіпті, жалғыз әкімдер ғана емес, мектептегі әр мұғалім өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі үлкен жауапкершілікті сезіне білсе, ұлтымыздың біртұтастығына нұқсан келмес еді. Қазіргі қоғамдағы ахуалды алып қарайтын болсақ, еліміздегі ұлттық бағыттағы идеологиялық жұмыс әлі әлсіз (12 наурыз 2013). Алайда, олардың қағазбастылығы мәселесі сол рөлді ойдағыдай атқаруға жол бермей отыр: «Ай сайын, тоқсан сайын бума-бума қағаз толтырып, жоғары жаққа есеп беруден қолдары босамайтын мұғалімдер тәрбие тұрмақ, тиісті сабағын берудің өзіне уақытты әзер табады. Осыдан келіп жас буын өздерінің «буымен пісіп-жетілуде». Өскелең ұрпақтың бос жүріске салынып, неше түрлі қылмыстық әрекеттерге баруының жылдан-жылға көбейе түсуі де сондықтан» (19 сәуір 2013).
Айта кететіні, соңғы жылдары Қазақстан аймағында өршіп тұрған діни жағдайға байланысты, «Дінтану» пәнін жүргізетін мұғалімдердің білім деңгейінің төмендігіне назар аударылады. Мысалы, «Бұған қоса, шешен осы пәнді жүргізетін мұғалімдердің өзінің діни сауаттарының аздығы турасында да мәселе туындайтынын алға тартты. Сол себептен облыс бүгінгі күні мұғалімдердің осы саладағы біліктілігін арттыруда жұмыстар жүргізуде» (2 ақпан 2013), «Арнайы осы саланың мұғалімдерін дайындаудың маңызы зор. Өйткені, мұғалім дінге қатысты барлық сұраққа жауап бере алатын болуы тиіс» (18 мамыр 2013).
Сонымен қатар «Егемен Қазақстандағы» мақала тақырыптарына назар аударатын болсақ,«өлім» мен «жәбір» дискурсының басым екендігін байқауға болады. Мысалы, «Мәскеуде оқушы мұғалім мен тәртіп сақшысын атып өлтірді» (2 ақпан, 2014), «Қостанайда екі мұғалім өмірмен қоштасты» (31 қаңтар, 2014), «АҚШ-та оқушы өз мұғалімін атып өлтірді (22 қазан, 2013)»,«Мұғалім әйелін ұрып өлтірді» (12 қазан, 2013),«Солтүстік Қазақстанда оқушыға жәбір көрсеткен мұғалім жұмыстан шығарылды»(3 қазан, 2013), Марихуана сатқан мұғалім оқушыларға қандай тәлім беріп келген? (27 маусым 2014). Мұндай ақпарат қоғамдағы мұғалім туралы пікірдің теріс қалыптасып, қоғамдық алаңдаушылық тууына ықпал ететіні сөзсіз.
Аталмыш басылымда кадрлық жетіспеушілік, еңбекақы сияқты мұғалімдерге қатысты өзекті мәселелер жиі көтеріліп келеді. Мысалы, «Облыс аумағындағы мектептерде бірқатар пәндер бойынша мұғалім кадрлар жетіспеушілігі орын алуда. Бұл көрініс те білім сапасының деңгейіне кері әсер етеді. Шағын мектептердегі білім сапасының деңгейі де көңілден шыға бермейді» (22 ақпан 2013), «Математика, химия, ағылшын тілі, қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, физика пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе, Хромтау, Қобда, Темір аудандарында мұғалімдерге зәрулік басым болып отыр» (17 сәуір 2013) деп кадрлық жетіспеушілік, төмен білім деңгейі тілге тиек етіледі. Сонымен қатар мұғалімдердің жалақысы мәселесі жиі назарға аударылады. Мысалы, «Биылғы оқу жылынан бастап, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің жалақысы өсіріліп, дене шынықтыру пәні аптасына бір рет емес, үш рет өткізілетін болып ұйғарылды» (12 шілде 2013).
«Казахстанская Правда» басылымында да мұғалім бейнесі әралуан болып келеді. 2013 жылы 16 тамызда «Учитель – хранитель интеллектуального потенциала нации» атты мақалада мұғалім ұлттың зияткерлік әлеуетін сақтаушы ретінде бейнеленген. Сонымен қатар, оқушыларға берілетін білім сапалы болу үшін олардың біліктілігін арттыру мәселесіне үздіксіз назар аударылады. 2014 жылдың 16 қаңтар айында «Сядут за парты учителя» атты мақалада ҰБТ нәтижелері төмен болғандықтан, мұғалімдердің білімін тексеру және біліктілігін көтеру туралы жазылады. Сонымен қатар «На территории Новой Москвы совершено еще одно убийство педагога» (4 ақпан 2014), «В Костанае два педагога покончили жизнь самоубийством» (28 қаңтар 2014), «Открывший стрельбу в американской школе ученик покончил с собой» (22 қазан 2013) тақырыбымен берілген мақалаларда мұғалім бейнесі жапа шегуші қырынан көрсетіледі. Мұндай жайттардың әлеуметтік себептерге байланысты екенін ескерсек, мұғалімдерді әлеуметтік қорғау, еңбекақысын көтеруге аса назар аударылып келеді. Мысалы, «Премии педагогам» (9 қазан 2013), «Почти 50 лучших учителей Казахстана получили по 1,7 млн тенге» (4 қазан 2013) атты мақалаларда мұғалімдерді марапаттау, қаржылық көтермелеуге назар аударылған. Сонымен қатар, нағыз мұғалім болудың сипаттары мен қоғамдағы рөлі белгіленеді. «Какой учитель нам нужен» тақырыбымен берілген 2013 жылдың 11 желтоқсандағы мақалада «педагог мамандар өздерін жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайындау керек. Себебі педагогтарға деген талап соңғы уақытта айтарлықтай өсті. Бүгінде ол рухани бай, шығармашыл, кәсіби қасиеттерге ие, жаңашылдыққа құмар тұлға» дей отырып, мұғалімнің жаңа замандағы жаңа бейнесіне назар аударылған.
Қорытынды
Осы мақалада мұғалімнің бейнесін жасаудағы БАҚ-тың рөлі қарастырылды. Зерттеулер посткеңестік елдердегі мұғалім мамандығының аса танымал болмауының көптеген саяси-экономикалық, әлеуметтік себептері бар екендігін көрсетеді. Ал осы зерттеу мұғалім туралы қоғамдық пікірді түсіну үшін БАҚ сияқты ақпарат алаңына назар аудару маңызды екендігіне тоқталады. Зерттеу көрсеткендей, республикадағы «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская Правда» жалпыұлттық басылымдарында мұғалімдерге қатысты ақпарат әралуан. Онда мұғалімдерге қатысты «өлім», «жәбір» дискурсымен қатар, «ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершілік»,«біліктілікті көтеру», «материалдық ынталандыру» сияқты дискурстар басым. Бір қызығы, Республикадағы қазақ тілді және орыс тілді басылымдарға тән екі түрлі ақпарат тарату сипаты«Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская Правда» басылымдарында байқалмады. Бұл олардың ресми бағыттағы жалпыұлттық басылымдар болғандығымен түсіндіріле алады.
2014 жылдың 31 шілдесінде www.abai.kz сайтында Қазақстан Республикасы Білім жә- не ғылым министрімен өткен арнайы онлайнконференцияда мұғалімнің қазіргі таңдағы хал-ахуалына қатысты сауалға А. Сәрінжіпов келесідегідей жауап қайтарды: «Жалпы, соңғы жылдары мұғалімдердің имиджіне қатысты проблемалар жиі сөз болып жүргені рас. Оған тек министрлік пен мұғалімдердің атсалысуы жеткіліксіз.
Ата-ана да көмектесуі керек. Мұғалімдердің беделін арттыру кешенді идеологиялық жұмысты талап етеді. Сол бағытта жұмыс біртіндеп басталып жатыр». Министр мұнда мұғалімнің мәртебесін көтеруде кешенді идеологиялық жұмыстың маңыздылығына көңіл бөліп отыр. БАҚ идеологиялық насихаттың маңызды арнасы болып табылатынын ескерсек, білім беру саясатында баспасөздегі мұғалімдердің бейнесіне зер салу аса қажет.
Әдебиеттер
- Gershunsky , Robert T. Current Dilemmas for Soviet Secondary Education: An Anglo-Soviet Analysis/Comparative Education. – 1990. − Vol. 26. – No. 2/3. − C. 307-318.
- Silova, Globalization on the margins: Education and post-socialist transformations inCentral Asia. –Charlotte, NC: Information Age Publishing, 2011.
- Perry, L.B. American academics and education for democracy in Post-communist Europe: From the Spanish-American war to Iraq. In: Sobe, N.W., (ed.) American Post-conflict educational reform: Palgrave Macmillan, New York, U.S.A, 2009. – C. 169-188.
- Steiner-Khamsi , Harris-Van Keuren C., Silova, I., Chachkhiani, K. The pendulum of decentralization and recentralization reforms: Its impact on teacher salaries in the Caucasus, Central Asia, and Mongolia. Background Paper for UNESCO Global Monitoring Report, 2009.
- Pettigrew M., MacLure, M. The press, public knowledge and the grant maintained schools policy /British Journal of Educational Studies. – 1997. – Vol.45. – C. 392–405.
- Thomas S.Education Policy in the Media: Public Discourses on Education. –Teneriffe: Post Pressed –
- J., Garrick, B. Creating Catch 22: Zooming in and Zooming out on the Discursive Constructions of Teachers in a News Article /International Journal of Qualitative Studies in Education. – 2011. – № 4(4). – C. 419–434.
- Ball, S.J. The education debate. Bristol: Policy Press, 2008.
- Rawolle S. Understanding the mediatisation of educational policyas practice. Critical Studies in Education. – 2010. –№51:1.– C. 21–39.
- Lingard, B., Rawolle, S. Mediatizing educational policy: The journalistic field, sciencepolicy and cross field effects. Journal of Education Policy. – 2010 – №19(3). – C. 361–380.
- Blaming the Context not the Culprit: Limitations on Student Control of Teacher Corruption in Post-Soviet Kyrgyzstan.
- DeYoung A. Teaching as a Profession in the Kyrgyz Republic: The Quest for Building/ Rebuilding the Knowledge Base.
- Recommendation concerning the status of teachers. Adopted by the Special Intergovernmental Conference on the Status of Teachers, Paris, 1966.
- Reviews of National Policies for Education: Secondary Education in Kazakhstan. – 2014 –OECD Publishing.
- Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі N319 Білім туралы Заңы. http://www.edu.gov.kz/sites/default/ files/zakon_kaz_2007_no_319.pdf
- Қазақстан Республикасындабілім беруді дамытудың2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. http:// edu.gov.kz/sites/default/files/2011-2020_zhzh._memba-darlama_0.pdf
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында,
- Қазақстан Респуликасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – қазақстан дамуының басты бағыты,
- Қазақ журналистикасы тәуелсіздік жылдарында ұлттық қозғалыстың, ұлттық партияның рөлін атқарып келді – Е.Қаринhttp://www.inform.kz/kaz/article/2530221
- Schudson, M. The sociology of news production. Media, Culture andSociety.– 1989. – №11. – C. 263–83.