Жаңа технологиялар, жаңа материалдар, жаңа мүмкіндіктер – бұның барлығы адамның кәсіпқорлығына, оның біліміне және жұмыс істеу мүмкіндіктеріне, жағдайларға байланысты болады. Бұл факторлардың барлығы адамның өзіне тікелей байланысты. Әрбір адам өмірінің белгілі бір уақытында болашақта кім болатыны туралы және ол үшін қандай әрекеттер жасау керектігі туралы ойлана бастайды. Біздің өміріміз, болашағымыз біздің таңдауымызға байланысты, алайда біздің қандай маман болуымыздан басқа адамдардың да өмірі өзгерістерге ұшырауы мүмкін екенін ескеруіміз керек. Әрбір мамандық адамнан терең білімді, жауапкершілікті, ынталы жұмысты және тағы басқасын талап етеді. Баршамыз, белгілі бір қарым-қатынастарды, белгілі бір талаптарды анықтайтын және талап ететін, үлкен бір қоғамда өмір сүріп отырғандықтан біздің әрбір әрекетіміз із-түссіз қалмайды және белгілі бір салдарға ие болады. Сондықтан да әр адамның кәсіпқорлығы оның жеке басының шаруасы ғана емес, сонымен қатар, әрқайсымызға әсер ететін фактор болып табылатыны анық. Біз қандай да тауарды сатып алар алдында, қолданар алдында алдымен оның сапасына көңіл аударамыз. Біз әр нәрсенің сапалы болуын талап етеміз және біздің талаптарымыз орындалмаған кезде немесе үмітіміз ақталмаған жағдайда маманның кәсіпқорлығына айып тағамыз, біліксіз маман деп санаймыз. Алайда біз басқаларды сынаудан бұрын өзімізге келесідей сұрақтар қоя аламыз ба: мен өзімнің мандығымды қаншалықты жақсы меңгергенмін? Мен өзімнің жұмысымды ұнатамын ба? Менің өз жұмысыма көңілім тола ма? Менің өз жұмысымның жағдайларына көңілім тола ма? Мен өзімнің барлық мүмкіндіктерімді жүзеге асыра алдым ба?
Кейбіреулер бұл сұрақтарға кідірмей жауап бере алады, кейбіреулер болса жауап берудің алдында біраз ойланады, басқалары өздеріне өздері осындай сұрақтарды күнделікті қойып отыратыны туралы айтады және олардың жауаптарын да білетінін жасырмайды, алайда ешқандай әрекет жасамайды. Өзінің өміріне, жағдайларына, жұмысына көңілі толмаған адамдар көпшілік, алайда бұл жағдайларымен санаулы адамдар ғана күресуге бел буып, әрекеттер жасауда.
Кәсібилік, біздің қандай мамандықты таңдауымызға қарамастан, кез келген жұмыстың жоғары кәсібилігі болып саналады. Кәсіби мамандарды және адамның кәсібилігін қалыптастыру мәселелері белгілі бір әлеуметтікэкономикалық контекстен тыс қарастырылмайды. Жаңа ақпараттық технологиялардың ендірілуі, еңбектің және адам өмірінің компьютерленуі дәстүрлі кәсібиліктың әрекеттері, кәсіби мамандар және кәсібилік түсініктемелеріне жаңа түсініктер қалыптастыруда.
Жұмыстың мақсаты – кәсібиліктың маңыздылығын көрсету және Қазақстандағы (Алматы қаласы негізінде) мамандардың кәсібилігі мен білімінің сапасын зерттеу.
Берілген жұмыстың мақсаттарына сәйкес төменде келесідей міндеттер қалыптастырылды:
- кәсібиліктің маңыздылығын айқындау;
- кәсібиліктің категорияларын анықтау;
- адамның кәсібилік деңгейінің таңдап алған мамандығына қатысты бейімділігіне тәуелділігі;
- жұмысының сапасы мен кәсіпқорлығына байланысты адамның жағдайлары мен өмірі тәуелді болатын әр түрлі ұйымдардың кәсібиліктің деңгейін зерттеу.
Кәсібилік, тапсырылған жұмысты орындау барысында тиімді әдістерді қолдана отырып, физикалық және ақыл-ой күштерін аз жұмсау арқылы еңбектің айтарлықтай сапалы және сандық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Маманның кәсіпқорлығы өзінің біліктілігін жүйелі түрде жоғарылатуынан, шығармашылық белсенділігінен, мәдениеттілігінен және нәтижелі жұмыс істеуінен байқалады.
Өмірде өзінің белгілі бір орны болатын тұлға болуға және өзінің мансабын қалыптастыруға әр түрлі әрекеттер жасап жатқан жастар үшін олардың бұл жолдағы жинақтаған білімінің сапасы мен тәжірибесінің деңгейіне байланысты болашақта жұмысының сапасы айқындалатынын түсіну керек. XXI ғасырдың ғылымы жаңа технологиялар мен ақпараттармен қаныққан өмірдің деңгейінің өзгеруін, адам ролінің және адамзаттың әрекетерінің өзгеруін ескеруі керек. Бұл мәселенің өзектілігіне қарамастан психологияның қазіргі заман әдебиетінде кәсіпкерлік пен оның сипаттамалары туралы ақпараттар жеткіліксіз. «Мамандық» термині (лат. professio) – profiteor («өзімнің жұмысым етіп жариялаймын» мағынасында) латын сөзінен шыққан. Бұл дегеніміз белгілі бір теориялық білімге және тәжірибелік дағдыға ие болатын адамның еңбек әрекетінің түрі.
XX ғасырға қарағанда XXI ғасырда кәсібилік туралы түсініктер айтарлықтай өзгерген. Егер XX ғасырда кәсібилік негізіне білім, дағды және икемділік сияқты үш элемент жататын болса, XXI ғасырда олардың саны алтыға ұлғайды:
- білім;
- дағды;
- икемділік;
- өндірістік процестер туралы түсініктердің болуы;
- маманға өзінің жұмыс орнында қажет болатын адамгершіліктің болуы;
- тапсырылған жұмысты орындауға мүмкіндік беретін адамның денсаулығының күйі.
Кәсібиліктің категорияларын анықтап алғаннан кейін адамның кәсібилік деңгейінің таңдап алған мамандығына қатысты бейімділігіне тәуелділігін анықтайық. Әрбір адам өзіне тән белгілі бір мінезге ие болатынын білеміз, сонымен қатар, дара мүмкіндіктеріне ие болатынынан хабардармыз және соған байланысты оның болашақта таңдайтын мамандығына икемділігі қалыптасады. Мысалы, бала кезінен суретті жақсы салатын жасөспірім болашақта суретші болуы мүмкін; басқа жасөспірім жастайынан тамаша дауысқа ие болса, онда болашақта әртіс болуы мүмкін; жастайынан әр түрлі техника мен механизмдермен машықтанған жасөспірім болашақта техникалық мамандықтардың бірін таңдауы мүмкін және т.с.с. Алайда жастайынан ұнап жүрген мамандық немесе икемділігі бар мамандық жасөспірім үшін арман болып кетуі мүмкін. Бұл жағдайларға көптеген факторлар әсер етуі мүмкін. Алайда берілген жұмыста бұндай себептер мен факторлардың ішінен белгілі біреуіне тоқталайық. Қазіргі кезде көптеген жастар мектепті бітіре салысымен өздері армандап жүрген мамандықтарына түсуге тырыспайды, олар үшін ең маңыздысы түсуге ықтималдығы жоғары болатын немесе гранттар саны көп болатын мамандыққа түсу басты мақсат болып отыр. Көздеген мамандыққа түскеннен кейін студент болған жасөспірімге бұл мамандық бойынша кәсіби маман болу емес, бұл мамандық бойынша диплом алу мақсат болады. Кейінен бұл мамандық бойынша дипломды болып шыққаннан кейін жас маман өзіне ұнап жүрген мамандыққа түсуге талаптанады және бітірген мамандығы бойынша жұмыс істеуге тырыспайды. Бұндай жағдайда келесідей сұрақтар туу мүмкін: бұл мамандыққа түсудің қажеттілігі неде? Бұл орынға үміттенген басқа адамның орнын алудың мағынасы неде? Егер де тамамдаған мамандық бойынша жұмыс істеу мақсаттарын көздемеген болсаң, онда мемлекеттің бұл мамандыққа бөлген қаржысын бостан босқа жұмсаудың қажеті неде?
Бұл біздің мемлекетіміздегі шешімін табуға талап ететін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Егер де бұл мәселемен қазір күреспейтін болсақ, онда болашақта мемлекетке пайдасы жоқ қолдарында дипломы бар мамандардың саны көбеюі мүмкін. Біз адамдарды қалай емдеуін білмейтін дәрігерлерде емделмейтін едік; физиканы шала меңгерген инженерлер құрастырған авто көліктерді айдаудан бас тартар едік; өз пәнін жетік білмейтін мұғалімдер жұмыс істейтін мектепке өз балаларымызды оқуға жібермейтін едік және т.с.с. Осыған ұқсас көптеген мысалдар келтіруге болады, алайда ең бастысы жастарға мамандықты дұрыс таңдаудың және кәсіби маман болудың маңыздылығын түсіндіру керек.
Қазіргі кезде көптеген мектептерде психологтар жұмыс атқаруда, олардың мақсаты жасөспірімдердің бейімділігі бар мамандықты таңдауға көмектесу болып табылады. Бірақ мемлекетімізде психологтар барлық мектептерде бола бермейді, сонымен қатар, көптеген жасөспірімдер психологтарға сене бермейді. Бұндай жағдайларда олар өздерінің болашақ мамандықтарын ата-аналар тарапынан қалыптастырған түсініктерге немесе өздерінің кейде қате болатын түсініктеріне сүйене отырып таңдайды. Егер де біз жасөспірімдердің мамандықтарын таңдауына басынан бастап әсер ете алмасақ, онда бұл мәселені шешімін табудың басқа әдісін ұсынуға болады. Өз тарапымнан бұл мәселенің шешімі ретінде келесідей әдісті ұсынып отырмын: 1-2 курс студенттеріне өздерінің мамандықтарын ауыстыруға мүмкіндік беру. Бұл арада маңыздысы студентке өзіне ұнап жүрген, өзі оқығысы келетін мамандық бойынша оқуға мүмкіндік беріп қоймай, сонымен қатар, грантта қалдыру дұрыс шешім болар. Бұндай әдіс өз саласында білімі төмен, әрі тәжірибесі мен икемділігі жоқ, тек қана дипломы бар мамандардың көбеюіне жол бермейтін тиімді әдістердің бірі бола алады.
Кәсібиліктің төмен деңгейінің тағы бір себебі жастардың тәжірибесінің жоқтығымен байланысты. Бұл мәселенің шешімі ретінде студенттерді 1-2 курстан бастап әр түрлі зерттеу институттары, ұйымдар мен компаниялармен бірлесе отырып болашақ мамандарды тәрбиелеуді ұсына алам. Бұл көз-қарас бойынша студенттердің 1-2 курстан бастап тек қана теориялық білім беріп қана қоймай, сонымен қатар, параллель олардан тәжірибесі бар мамандарды даярлау болып табылады. Кез келген мекемеге білімі жоғары, тәжірибесі мол маман қажет, сондықтан 4 немесе 5 жыл бойы теориялық біліммен қатар тәжірибе жинақтаған маман әрқашан сұранысқа ие болады. Бұндай әдіс мемлекетімізде әлі күнге дейін орын алып отырған жұмыссыздық мәселесімен тиімді күресуге мүмкіндік беретін еді.
Мамандардың кәсібиліктің сынға алу немесе бағалау үшін әр түрлі зерттеулер жүргізіп, статистикалық ақпараттар жинақтау қажет. Бізге белгілі болғандай кез келген жұмыс орындарда белгілі бір уақыт аралықтарында мамандардың білімі мен біліктілігін тексеруге және бағалауға бағытталған тексерулер жүргізілуде. Алайда олардың нәтижелері көп жағдайларда көпшілікке жарияланбайды. Бұндай әрекеттер мамандардың біліктілігін, кәсібилігін жоғарылату үшін жүргізіледі. Бұндай ісәрекеттермен қатар мамандарға біліктілігі мен кәсібиліктің жоғарылатуға жағымды әсер ететін біздің елде және шетелде білімді жетілдіруді ұйымдастыру қажет. Бұндай әрекеттер мамандардың күнде өзгерістерге ұшырап отырған, әр түрлі жаңа талаптар тудырып отырған қазіргі заманға сай болуына мүмкіндік береді.
Қорытындылай келгенде кәсібиліктің, кәсіби маман болудың қазіргі заманда маңызы зор екенін айтып кету керек және әр адамның кәсіби маман болуына ұмтылуы қажет екенін айқындау маңызды болар. Мұндай қорытындылар адамның жеке басының дамуына ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттің де дамуына өз әсерін тигізу мүмкіндігіне негізделеді. Жоғарыда келтірілген ақпараттар мен ой-пікірге сүйене отырып, кәсібилікқа тағы бір анықтама бере аламыз: кәсібилік дегеніміз адамның (индивид, тұлға, белгілі бір субъект ретінде) өз жұмысын әр түрлі жағдайларда, тиімді, әрі жоғары деңгейде орындау қабілеттілігі. Осыған орай әрбір адам кәсіби маман болу үшін тек қана оқу мекемесінде жоғары білім алып қоймай, сонымен қатар, күнделікті білімін жетілдіріп отыруы қажет екенін атап айту керек.
Әдебиеттер
- Безносов С.П. Теоретические основы изучения профессиональной деформации личности. СПб., 1995. 167 с.
- Дмитриева М.А., Дружилов С.А. Уровни и критерии профессионализма: проблемы формирования современного профессионала // Сибирь. Философия. Образование. Альманах: СО РАО, ИПК, Новокузнецк, 2000 (выпуск 4). с. 8-30.
- Дружилов С.А. Психологические проблемы формирования профессионализма и профессиональной культуры специалиста.
- Новокузнецк: Изд-во ИПК, 2000. 127 с.
- Дружилов С.А. Психология профессионализма: инженерно-психологические аспекты / Учеб. пособие. Новокузнецк: Изд-во СибГИУ, 2000. 157 с.
- Романов И.В., Хван А.А. К анализу понятия ―профессия‖ // Вопросы прикладной психологии: Сборник научных трудов. Новокузнецк, 1995. с. 51-60.
- Тощенко Ж.Т. Профессиональная некомпетентность как фактор риска жизнеспособности и устойчивости общества// Образование и социальное развитие региона. Барнаул, 1995, № 3-4. с.35-37.
- Журнал "Кадровик", 2005, № 2, статья "Шесть требований к работнику в XXI веке".