Қазақстан Республикасының 2015- жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында көрсетілген шараларды біртіндеп іске асыру мақсатында білім беру саласында еңсерілген жұмыстардың бар екені белгілі. Егер тұжырымдаманың іске асырылуының бастапқы кезеңіне жоспарланған бастауыш жəне негізгі білім берудегі (1-10 сынып) бағыт-бағдар анықталып, қажетті бағдарламалармен қамтамасыз етілді десек, келесі кезектегі кəсіптік білім беру (11-12 сыныптар, ЖОО дейінгі кəсіптік оқу орындары, ЖОО) мəселесінде бірқатар педагогикалық, дидактикалық, ұйымдастыру жəне басқа да мəселелердің шешілуі қажет.
12 жылдық орта білім беру базасында оқытылатын 4 жылдық бакалаврлық оқыту (11+5 жылдық оқыту орнына 12+4 жылдық, жалпы алғанда 16 жыл) нəтижесінде берілген диплом иегері еңбек нарығында толыққанды маман болып даярлануы тиіс. Білім берудің жаңа жүйесіне сəйкес маман болып қалыптасу өрісінде жаңа пəндердің енгізіліп, бар пəндердің мазмұнында ығысулар(ауытқулар) орын алары сөзсіз. Олай болса, кəсіптік білім беру мəселесін жекеше қарастырудан гөрі, жоғары білім берумен сабақтастыра қарау қажеттілігі туындайды. Сонымен қатар, бұрын мектеп түлектерінің алдымен мектеп бағдарламасындағы білімді меңгеріп, оқу еңбегіндегі білік пен дағдыны қалыптастыру негізгі мақсат болып келсе, жаңа жүйеде алдымен оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастыру, жекеше іздене білуін, қажетті ақпаратты таба білуін, дағдысын қалыптастыра білуін негізі мақсат етіп отыр. Бұл мақсаттар түлектің құзіреттіліктері түрінде анықталып, білім беру үдерісінің соңғы мақсаты өзі таңдаған салада құзіретті тұлғаны тəрбиелеп шығару болып отыр.
Маман болып қалыптасуға қажетті білім мазмұнын, құзіреттіліктерін қалыптастыратын əдіс-тəсілдерді толықтай жобалап қарауға мүмкіндік беретін түрлі жүйелерді талдау барысында педагогикалық зерттеулерде оң бағасын алған модульдік оқыту жүйесінің артықшылығы байқалады.
Модульдік оқытудың теориялық негіздерін зерттеген П.А.Юцавичене модульді қойылған дидактикалық мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін, оқу материалының логикалық аяқталған бірлігінен, əдістемелік нұсқау мен мақсатты əрекет бағдарламасынан тұратын ақпараттық блок деп анықтайды да, модульді оқыту мақсатын тұлғаның дамуына қолайлы жағдай жасау деп біледі. Модульді оқытудағы қолайлы жағдай оқыту мазмұнының икемділігімен, тұлғаның жеке басының қажеттілігі мен базалық білім деңгейіне бейімделетіндігімен, оқу танымдық қызметін ұйымдастыра алу мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі [1].
Психолог К.Я.Вазина модульді қоршаған дүниені жүйелік бейнелеу құралы деген философиялық көзқарас ұсынады. Ал модульдік оқыту əрекет етудің нормативтік (заңдылық) əдістерін қалыптастыратын коллективтік жəне жекеше ой қызметінің жағдаяттық жүйесін ұйымдастыру деп қарастырады [2].
В.М.Монахов технологиясында модуль – жаңаша оқыту технологиясының архитекторы рөлін атқарады. Дидактикалық модуль оқу процесі жобасының жекеше алып қарастыруға болатын тəуелсіз бөлігі. Бұл бөліктің қаншалықты іске асқандығын оқушылардың алған білімі бойынша бағалап, педагогтің жоспарланған оқыту мақсатына жеткендігімен тексеруге болады [3].
Біздің ойымызша дидактикалық модуль – бұл нақты оқу процесін жобалаудағы қажетті жəне жеткілікті жұмыс жабдықтары, нақтырақ айтсақ оқу процесін жобалау кезеңінде де, оны жүзеге асырып, бағалау кезеңінде де оқытушы-педагогтің жеке көзқарасын, логикалық-теориялық əдіс тəсілдерін, интелектуалды қызметінің заңдылықтарын анықтайтын педагог іс- əрекетінің əдістемелік аппараты.
Модульде мақсатты əрекет ету жоспары, сұрыпталған нақты мазмұн, қойылған мақсатқа жетудің əдістемелік нұсқаулары көрсетіледі, сондықтан да модуль - модульді оқыту құралы ретінде көрініс табады. Модульді оқытудың басқа оқыту жүйелерінен өзгешелігі оның жүйелілігінде (модуль білім беру жүйесінің барлық белгілерін қамтыған), құрылымдық жобаланғандығында (модуль білім беру мазмұнын толықтай жобалайды), түзетіп жөндеуге болатындығында (əрбір оқытушы өз жағдайына икемдей алады), жоспарлау тиімділігінде.
Модуль, модульдік оқыту жөніндегі зерттеулерді жинақтай келгенде модульді бірін-бірі қамтитын үлкен үш тұрғыда қарастыруға болады екен:
Біріншіден, модуль - оқытылатын пəндер тізімі көрсетілген мамандықтардың мемлекеттік оқу жоспарының бірлігі;
Екіншіден, модуль - бір мамандық көлеміндегі пəндердің оқу процесіндегі байланыс ретін қамтамасыз ететін пəнаралық əдістемелік ұйымдастыру құралы;
Үшіншіден, модуль - бір пəн көлеміндегі əдістемелік ұйымдастырушы құрылым бірлігі.
Маман дайындау мақсатында ұйымдастырылатын негізгі іс-əрекет осы үш тұрғыдағы модульдердің жасалуымен қамтамасыз етіледі. Əр тұрғыдағы модульдің жасалатын деңгейі, ондағы модульдің атқаратын функциясы, оны жасайтын адамдары түрліше десек те,бұлар өзара тығыз байланыста екенін аңғару қиын емес. Біз модульді үшінші тұрғыда қарастырайық. Бұл тұрғыда модульдік оқыту жүйесі бір пəн көлемінде қарастырылады, модульдің атқаратын функциясы - пəн мазмұны мен оны оқыту процесін жобалау, жасайтын адамдары - пəнді меңгерген əдіскер-мұғалімдер, осы саладағы зерттеуші-ғалымдар, оқытушы- педагог мамандар.
Үшінші тұрғыда модульдің əдістемелік ұйымдастыру құрылымына дидактикалық мақсат, логикалық аяқталған оқу материалы жəне оқыту процесін ұйымдастыру тəсілі (əдістемелік нұсқау мен бақылау жүйесін) жатқызамыз.
Педагогикалық əдебиеттерде дидактикалық мақсатты деңгейлері (жалпы педагогикалық, пəндік, ағымдық деңгейлер) жəне дидактикалық функцияларына (танымдық, операциялық) байланысты екі бағытта қарастырады. Жалпы педагогикалық мақсат маманның классификациялық сипатын беріп, кəсіптік білім біліктерді сипаттайды. Пəндік мақсат пəн мазмұны мен пəн ерекшеліктерін сипаттаса, ағымдық мақсат нақты бір оқу материалын меңгертуге бағытталып, оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ал дидактикалық функцияларына байланысты танымдық мақсат оқу материалының теориялық мазмұнына байланысты қойылып,тұлғаның фундаментальді білімдер жүйесін қалыптастыруға бағытталса, операциялық мақсаттар оқуматериалының практикалық мазмұнына байланысты қойылып, тұлғаның білім, білік, дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Модульдің логикалық аяқталған оқу материалы немесе оқу мазмұны қойылған мақсатқа сəйкес мазмұнды таңдау критерийлері мен ұйымдастыру принциптеріне сүйеніп модульге жоспарланады.
Мазмұнды таңдау критерийлері ретінде мыналар анықталған:
- Мазмұнның толықтық критерийі - бар мазмұнды, оның жетілдірілуін жəне сол арқылы тұлғаның жан-жақты дамуын білім мазмұнында толықтай бейнелеу критерийі.
- Білім мазмұнының негізгісі мен мəндісін бөліп көрсету критерийі, яғни ең қажетті, əмбебап, болашақтағы қолданысы бар элементтерді бөліп көрсету.
- Мазмұнның жас ерекшеліктеріне сəйкес болу критерийі.
- Мазмұнның оқу жоспарындағы бөлінген уақытпен сəйкестік критерийі.
- Мазмұнды қалыптастырудағы отандық жəне дүниежүзілік тəжірибені ескеру критерийі.
- Мазмұнның материалды техникалық жəне əдістемелік базаға сəйкестік критерийі [4].
Көрсетілген критерийлер негізінде таңдалған мазмұнды жекелеген модульге жобалау модульдік оқыту жүйесінің негізгі жұмысы. Бұл жұмыстар оқыту мен тəрбиелеу мақсатына сəйкес оқыту процесінің заңдылықтарын ғылыми талдау нəтижесінде анықталатын дидактикалық принциптер негізінде жасалады. Өз кезегінде дидактикалық принциптер атқарылатын жұмыстың бағытын мазмұнын, ұйымдастыру тəсілдерін анықтайды.
Дидактикада жинақталған (оқытудағы ғылымилық принципі, жүйелілік пен бірізділік принципі, саналылық принципі, белсенділік принципі, теория мен практиканың байланыс принципі, көрнекілік принципі, білімнің ұзаққа сақталу принципі, нақтылық пен абстрактіліктің бірлігі принципі жəне т.б.) принциптерді модульдік оқыту жүйесіне қатысты былайша топтастыруға болады:
- құрылымдық принциптер модуль мазмұнына қойылатын бірізділік, бүтіндік, автономдық сияқты талаптарды қамтамасыз ете отырып нақты қойылған дидактикалық мақсатқа жетуді көздейді;
- кəсіптік қолданбалық бағытта болу принципінің мазмұны тұлғаның алдын болжай білуін, мəселені қоя білуін, мативациясын, танымдық активтілігін арттыруға саяды;
- бейімдеу принципі мазмұнды деңгейлік жəне кəсіптік дифференцациялауға бағытталған. Модульдік оқытудағы модуль ақпараттық блок түрінде оқу процесін басқару функциясын да атқаратындықтан, мұнда оқытудың түрлі əдіс тəсілдерін, құралдарын жəне олардың өзара ұтымды ұштастыруларын бейнелейді;
- байланыс орнату принципі бақылау, өзін-өзі бақылау жүйесін құру арқылы модульдегі оқу материалының қаншалықты меңгерілгендігін қамтамасыз етеді.
Құрылымдылық принциптер мынадай істердің атқарылуын міндеттейді: модульді оқытудың жалпы дидактикалық мақсатын анықтап алу; қарастырып отырған пəн мазмұнын құрайтын ұғымдар, заңдар, заңдылықтар, бір сөзбен айтқанда теориялық материалды жинастыру; таңдалған теориялық материалды меңгеруге, қолданысын көрсетуге, сол материал көлеміндегі білік, дағдыларын қалыптастыратын практикалық материалдарды жинастыру; теориялық жəне практикалық материалдарды блоктардағы модульдерге бөлу; модульдің логикалық құрылымын немесе оқу траекториясын жасау.
Кəсіптік қолданбалық бағытта болу принциптері мынадай істердің атқарылуын міндеттейді: мазмұнды кəсіптік бағытағы қолданыстарын көрсететін материалдарды жинастыру; осы материалдың оқушының мəселені қоя білуіне, мативациясын, танымдық, шығармашылық қызметін арттыруға тигізетін əсерін талдау; осы материалдың əр модульдегі орнын анықтау.
Бейімдеу принциптері мынадай істердің атқарылуын міндеттейді: білімнің оқу кезеңдеріндегі сабақтастығын анықтау; əр модульдегі мазмұнды қиындық деңгейіне қарай жəне оқыту түріне қарай саралау; мазмұнды кəсіптік бағыттағы қолданысына қарай саралау; мазмұнды меңгертудің қолайлы əдіс тəсілдерін айқындау.
Байланыс орнату принциптері мынадай істердің атқарылуын міндеттейді: əр модульді меңгеру нəтижесінде қалыптасатын оқушылардың құзіреттіліктерін тұжырымдау; модульді қаншалықты меңгергенін тексеретін тапсырмалар топтамасын құру; білімін бағалау жүйесін анықтау.
Осы принциптер міндеттейтін істердің атқарылуы 12 жылдық мектептің бейіндік оқуды ұйымдастыру ережелерін барынша қанағаттандырады. Бейіндік оқытудағы жоспарланған əр пəн мазмұны жағынан негізгі үш бағытта жоспарланған. Мысалы, математика əлеуметтік- гуманитарлық бағытта базалық (аптасына 3 сағат) компонент болып жоспарланса, технологиялық бағыт (аптасына 4 сағат) пен жаратылыстану-математикалық бағытта (аптасына 6 сағат) кəсіптік компонент болып жоспарланған [5].
Жүргізілген зерттеулер нəтижесінде модульді оқыту жүйесінің маман болып қалыптасуға қажетті мазмұнды толықтай жобалауға мүмкіндік беретіні айқындалды. Жəне осылай жобалау ең тиімді деп санаймыз. Өйткені, пəннің сəйкес бағыттағы жобаланған мазмұны бейіналды математикалық мазмұнды келесі деңгейдегі (орта, жоғары кəсіптік) оқу орнында өтілетін мазмұнмен сабақтастыра жалғайды, яғни, маман болып қалыптасуға қажетті математикалық мазмұн толығымен жобаланады. Бұл мазмұн бейінді мектептің 11-12 сыныптарында, болмаса жоғары оқу орнына дейінгі кəсіби оқу орындарында (арнаулы кəсіби мектептер, колледждер), одан кейін жоғары оқу орындарының 1-2 курстарында меңгеріледі. Ал бұл мазмұнның меңгерілуі, басқаша айтсақ оқыту процесін ұйымдастыру, модульдік оқыту жүйесіндегі жасалатын іс-əрекеттердің келесі кезеңі болып табылады.
Модульдік жүйеде математиканы оқыту процесін ұйымдастыру үшін мынадай міндеттер шешілуі керек деп санаймыз: 1) Математиканы меңгеруге келген оқушының немесе студенттің өз бетімен жұмыс жасауын, нақтылы жағдайда шешім қабылдай алуын, оқу үрдісіне талап қоя білуін қаматамасыз ететін субъективті көзкарасын қалыптастыру керек. Ол үшін модульдегі мазмұн студенттің өз оқу бағытын, деңгейін, көлемін таңдауға, оны меңгеру уақытын мөлшерлеуге, нəтижеге жетуіне жауапты болуына мүмкіндік беретіндей етіп құрылуы керек. 2) Студенттің қойылған мақсатқа жетуі үшін модульдегі əрбір жаңа ақпарды бұрынғы бар біліммен ұштастыра отырып жобалау қажет. 3) Студентті дамыту технологиясын іске асыру, яғни модульдегі мазмұн студенттің ақпарды жинауына, саралауына, нақтылы жағдайға бейімдеуіне, кəсіптік мəселені шешуіне бағытталып құрылған болуы керек. 4) Модуль кезекті деңгейді меңгергендігін тексеретін механизм ұсынумен қатар, студентті кəсіптік қабілеттілігін бағалауға мүмкіндік беретіндей материалмен қамтамасыз етуі керек.
Маман болып қалыптасуға қажетті пəн мазмұнның бірыңғай модульдік жобалануының өзіндік тиімдіктерін көрсетсек:
Біріншіден, оқушы (ата-анасы) немесе студент таңдаған мамандығындағы өзінің математикалық білім көлемін мөлшерлеп, даму траекториясын көре алады. Аяқталған модульдер түрінде берілген мазмұнның қандай деңгейде, қанша уақытта меңгерілуі өзіне байланысты.
Екіншіден, бейіндік мектептердегі пəн мұғалімдері оқу əдістемелік материалмен қамтамасыз етіледі. Өз оқу орнындағы оқу формасына, материалды техникалық жағдайына байланысты бейімдеуіне мүмкіндігі бар. Осы жерде модульдік оқытудың артықшылығы байқалады, себебі модульдік оқытуда мұғалімнің оқыту процесін ұйымдастыруға шектеу қойылмайды, өз идеясын шығармашылық жетіктігін көрсетуге мүмкіндік алады.
Үшіншіден, білімнің сабақтастығы сақталады, бірнеше модуль 11-12 сыныптарда немесе колледжде меңгерілсе,жоғары оқу орнында келесі модульдар меңгерілінеді.
Төртіншіден, қажетті мазмұнның оқытылмай қалып қою мүмкіндігі жойылады, бірізділік сақталады.
Бесіншіден, оқу кезеңдеріндегі материалдардың қайталанып берілуі жойылады, яғни уақыт үнемделеді.
Алтыншыдан, жоғары оқу орындарындағы оқытушы алдына келген студенттің осы жүйеде жобаланған мазмұнның қанша бөлігін меңгергендігін біліп, келесі модульдерді үйретуге кедергісіз кірісуіне мүмкіндік туады.
Жетіншіден, жекелеген мұғалімдердің жəне мұғалімдер коллективінің тəжірибе алмасу мүмкіндігі қалыптасады.
Сегізіншіден, бір бағыт көлеміндегі модульдің ішкі кəсіптік мазмұндағы материалдармен толығып, нақты бір мамандыққа арналған оқулықтың (мысалы, химиктерге, биологтерге, экономистерге, т.б. арналған математика) негізі жасалады.
Тоғызыншыдан, бір мамандық бойынша жасалған осындай пəндік жобаланған модульдер жиынтығы оқу процесіндегі пəнаралық байланыс ретін қамтамасыз етеді.
Бейінді оқытудың бірқатар мəселелерінің, алдымен бейінді оқытудың ережесі анықталуына, негіздеме ретінде алып жүрген жоба құжат мəртебесіне жетуіне осындай жобаланған модульдердің тікелей ықпалы бар. Нақты бір мамандыққа қажетті барлық пəндердің толығымен жобалануы, оқыту процесін ұйымдастырудың келесі кезеңіндегі жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді, яғни жоғарыда айтылған екінші тұрғыдағы модульдік жобалауды іске асыруға негіз болады.
Білім беру жүйесіндегі оқытушылардың, педагог-мамандардың, зерттеуші-ғалымдардың бірнеше рет талдауынан өткен, сұрыпталған модульдік жобалар негізінде ғана маманды қалыптастырудың оқу əдістемелік, нормативтік құжаттары дайындалады, жалпы алғанда бейінді оқыту іске асады.
Әдебиеттер
- Юцавичене П.А. Педагогические основы модульного обучения: Дис.д-ра пед.наук. –Вильнюс, 1990.
- Вазина К.Я. Саморазвитие человека и модульное обучение. – Н. Новгород,
- Қ.Қабдықайырұлы, В.М.Монахов, Л.Н.Оразбекова, Т.Ə.Əлдібаева. Оқытудың педагогикалық жаңа технологиясы. –Алматы, РИК,
- Бабанский Ю.К. Избранные педагогические труды/ Сост. М.Ю. Бабанский. - М.:Педагогика, 1989.
- 12 жылдық білім.№12, 2006 ж.