2-бөлім
Бұл мақаланың бірінші бөлімінде жақын көршілеріміз – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейдегі кен байытудан қалған қалдық қоймаларының қазіргі жай-күйі қарастырылған.
Ал Украинадағы кен-байытудан қалған қалдық қоймаларына келер болсақ, бұл елдегі осындай нысандардың ең үлкені, әрі «кәрісі» – Кривой-Рогтағы Орталық кен-байыту комбинатының үйінділері мен қалдық қоймалары болып саналады. Кривой-Рог темір кені бассейнінің тарихы бай. Мұнда кен өндіру 1881 жылы басталса, алғашқы кезде кен тек ашық әдіспен ғана өндірілді. Ал Кеңес дәуірінде Кривбаста жалпыкеңестік тауарлы кеннің 50 %-ына жақыны өндірілді. Соның нәтижесінде жыл сайын үйінділерге 62 млн м3 аршылым мен байыту өндірісінің 48 млн м3 қалдықтары тасылатын. Үйінді адырларының биіктіктері технологиялық жағынан шектеулі болатындықтан, қазіргі таңда үйінділер карьерлердің өз территорияларынан бірнеше есе үлкен аумақты құрап, карьерлердің маңайы тым үлкен аудандарды алып жатқан өткелсіз тас қайраңдарға айналуда. Кен өндіру басталғалы ауылшаруашылығындағы ұйымдарынан кен кәсіпорындарына 23 мың га-дан аса жер бөлінсе, қазір соның 21 мың га-сы бүлінген.
Кеңес дәуірінде әр кәсіпорынды, бүлінген жерлерді қалпына келтіруге міндеттейтін табиғатты қорғау бағдарламалары болатын, олар қалайда жүзеге асырылатын. ХХ ғасырдың 90 жылдары басталған өнеркәсіптік тоқырауға байланысты, көптеген кәсіпорындар қалпына келтіру жұмыстарын қысқартты, кейбіреулері тіпті мүлде тоқтатып тастады. «Үлкен жекешелендіру» басталғанда, аймақ экологиясы қайта көтерілді. Мемлекеттік емес, жекеменшік иелігіне Кривой Рогтағы басты кәсіпорындармен қатар, жылдар бойы қордаланып жатқан экономикалық, қаржылық және әлеуметтік проблемалармен бірге, қоршаған орта жағдайын жөнге келтіруге деген жауапкершілік те бірге өтті. Жаңадан келген жекеменшік жер иелері жер қойнауындағы байлыққа қомағайлықпен қарап, табиғатты қорғау іс-шараларын мүлде тоқтатып тастай ма, деген қобалжу тұрғылықты халықты қатты алаңдатқаны да шындық. Себебі, экологиялық қалпына келтіру бағдарламалары қожайындарына бірден түсер пайда әкемек түгіл, көп шығынды қажет ететіндігі түсінікті ғой. Болмыс бұл күдікті сейілтіп тастады.
Бүгінгі күні Орталық кен-байыту комбинатының (ОКБК) иесі – Донецкінің «Систем Кэпитал Менеджмент» («СКМ») компаниясы болып табылады (ОКБК-ның 90 %-ының иегері «СКМ» жабық акционерлік қоғамы болып табылады). Кәсіпкер табылған комбинатта тек өнеркәсіптік бағыттағы оңды өзгерістер ғана жүзеге асып қоймай, экологиялық бағытта да, жаңа бағдарламалар енгізді. Экологиялық бағыт кәсіпорынның басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылып, табиғатты қорғау іс-шараларына тың қаражат бөлінді. Мақсатты жүргізілген жұмыстар арқасында, аймақтағы экологияның жай-күйінде нағыз серпіліс жасалды. Экологиялық бағытқа бөлінген қаражатты комбинат басшылары Кривой-Рогтың ғана емес, бүкіл аймақтың алдағы ондаған жылдарға, болашағына құйылған қаражат деп қарастырды.
Орталық кен-байыту комбинатының негізінде 1961 жылы өндірістік-тәжірибелік кешен құрылған-ды. Сондықтан, мұнда Кеңес үкіметі жылдары көптеген жаңалықтар алғаш рет сыннан өтіп, бұл кәсіпорынның атағы көбіне жаңалықтарды тек «алғашқы» ашушы ретінде ғана емес, сондай-ақ аймақтағы ең лас кәсіпорын ретінде де шыққан еді. Әсіресе, тотыққан темір кенін қайта күйдіру технологиясын жүзеге асыру нәтижесінде, қала комбинаттан 10 км-лік «буферлік аймақпен» бөлініп тұрса да, қала үстін ащы түтіннің қою бұлты үнемі жауып тұрғандықтан, өнеркәсіпте өте сирек ұшырасатын жағдайға – кәсіпорынды жабуға дейін алып келген болатын. Байыту фабрикалары мен металлургиялық зауыттардан шығатын түтінмен бірге қалаға жоғарыда келтірілген, мыңдаған га жерді алып жатқан карьерлер мен олардың аршылымдарының үйінділерінен, үнемі шаң борап тұратын. Әрине, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін, бірақ олардың нәтижелерінің жоққа тән болғандығы, ал 90 күйзелу жылдарында мүлде жүргізілмегендігі сонша, қаладағы көлік жүргізушілер тіпті кейде тәуліктің күндізгі мезгілінде де, көліктерінің шамдарын жағып жүруге мәжбүр болған. Ауадағы шаң, күннің көзін жауып кеткен деңгейге де жеткен жағдайлар болған.
Сонымен, Кривой-Рогта қандай нақты экологиялық шаралар жүзеге асқанына, асып жатқанына тоқталайық. Орталық кен-байыту комбинаты Кривой Рогтағы Ботаникалық бақтың мамандарымен бірге, қалдық қоймаларында биологиялық қалпына келтіру технологиясын жүзеге асыруға кірісті. Қалдықтардың бетіне ерекше өсімдіктер – қырым қияғы мен қамыс өсіріле бастады. Нәтижесінде осы өсімдіктер темірді өндіру қалдықтары қоймасының бетіне қаулап өсіп, өсімдіктердің тамыр жүйесі оның бетін бекітіп, ал сабақтары мен жапырақтары шаңның көтерілуі мен тарауына бөгет жасады. Осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде шаң шығарылымдарының көлемін жылына 160–200 т дейін азайтуға қол жеткізілді.
Орталық кен-байыту комбинатындағы оттектік қажеттілікті қалпына келтіруде, комбинат аумағында жүзеге асырылып жатқан «Оазис» көгалдандыру бағдарламасының да үлесі мол. Осы бағдарлама аясында ОКБК-да 500-ден аса ағаш, 150 бұта, 20-дан астам гүлзар отырғызылған. Қазір комбинат аумағы өндірістік аймақты емес, пальмалар тәріздес қиылған ағаштар, гүлдер мен жасыл гүлзарлардан тұратын демалуға арналған тоғайлы паркті еске түсіреді. Осы шаралар нәтижесінде, комбинаттағы еңбеккерлердің денсаулықтарында да оң өзгерістер байқалып, кәсіби аурулар саны азая бастады.
Осындай экологиялық іс-шаралармен қатар, кенді өңдеу процестерінде де экологиялық көрсеткіштер жоғарылап, жаңа құрал-жабдықтардың қондырғылары іске қосылған. Осы қондырғылардың арқасында кенді өндіргенде зиянды бөліктер анағұрлым аз бөлініп шығады.
Комбинаттағы экологиялық мәселелерді шешудегі тағы бір ұтымды шешім – қазір жұмыс істеп тұрған Глееватск карьерінің аршылымдық бос таужыныстарын жұмысын тоқтатқан ескі № 2 карьерге төгу. Осы шешімнің арқасында біріншіден, қаншама жердің құнарлы топырағы бүлінбей, сақталып қалады және екіншіден, жұмысын тоқтатқан карьердің бос кеңістігі толтырылып, оны рекультивациялау процесі қатар жүргізіледі. 2004 жылдың бірінші жартысында ғана № 2 карьерге 260 мың м3 астам бос таужыныстары төгілді, алда 60 млн м3 аса бос таужыныстары төгілмек.
2004 жылдан бері бұл шаралардан басқа, осы өлкеде техногендік ландшафты тікелей қалпына келтіру бағдарламасы да жүзеге асырыла бастады. Тек сол жылы ғана 15 га жер қалпына келтіріліп, оның 10 га-сы Кировоград облысының «Кировоградлес» бірлестігіне қарасты, Долинск мемлекеттік орман шаруашылығы мен Петровск орманшылығына ормандық дақылдарды отырғызу мақсатында берілген. Ал қалған 5 га-сы Днепропетровск облысының ауыл шаруашылығы ұйымдарына ауыл шаруашылық дақылдарын отырғызу үшін берілді.
Орталық кен-байыту комбинатында жүзеге асырылып жатқан ұсақ масштабтағы, экологиялық тұрғыдан қарағанда маңызы зор тағы бір жоба бар. Ол – өндірістің тіке қалдықтарын
- құрамында сынабы бар пайдаланымнан шыққан шамдарды, аккумуляторлық батареяларды, қара және түсті металл қалдықтарын, пайдаланымнан шыққан автомобиль дөңгелектерін ғана емес, сондай-ақ, босаған шыны ыдыстарды, қағаз қалдықтарын қайта өңдеуден өткізу.
Мұнымен қоса, қалдық қоймаларында қордаланып жатқан байыту қалдықтарын да қайта өңдеп, кенге кедей қалдықтарды екінші қайта шикізат көзіне айналдырып, олардан қайтара металл алу практикасы комбинатта жедел дамып келе жатқан жобалардың бірі. Осындай тәсілмен құрамындағы темір 12? 13 %-ды құрайтын магнетиттік кварцит қалдықтары, қалдық қоймасында қайта өңделді. Карьерлердегі кен өндіру көлемі азайтылып, оның орнына қоймалардағы қалдықтарды өңдеу арқасында, шығарылатын өнімнің жалпы көлемі көбейтілді. Мысалы, 2004 жылы карьерлерден өндірілген кеннің көлемі 2003 жылға қарағанда 234 700 т азайтылды. Бірақ, шығарылған өнімнің жалпы көлемі байыту фабрикасында қайта өңдеуге түскен 2 650 600 т қалдық «құмды» өңдеуден алынған 535 100 т сапалы темір кені концентратының есебінен, 14 %-ға көбейді.
Украиндық мамандардың айтуынша қазір статистикалық мәліметтер бойынша, Украина жерінің 30 %-ы жерді тиімсіз пайдаланып, су мен ауаны эрозияға ұшыратудың себебінен тозуға ұшыраған. Ал осы «өлі» жердің 1/3-і Донецк облысының аумағында орналасқан. Кейінгі 10 жыл ішінде ғана 3 мың га жер тек кенді ашық өндіру жұмыстары негізінде бүлінген. Ол жерлердің 2,5 мың га-сы қазір пайдаланымнан шыққанымен, тек 2,1 мың га-сы ғана қалпына келтіріліп, басқа салаларға пайдалануға қайтарылған. Жалпы алғанда, облыс көлемінде 205 мың га жер тозып, 124 мың га жер өнімсіз, ауылшаруашылығына пайдалануға жарамсыз жерге айналған. Бірнеше ондаған жыл бұрын жағдай мүлде басқаша болатын. ХХ ғасырдың 70–80-жылдарында техногендік нысандар пайдаланымнан шыға сала қалпына келтіріліп отыратын. Мысалға, 70-жылдардың аяғында бұрынғы Дружковск кен басқармасы мен Часовоярск отқа берік саймандар зауытында өткен халықаралық симпозиумға келген шетелдік меймандар, отырыс өтіп жатқан көркем жазықтың орнында бұрын карьердің болғанына сенбей таңқалған болатын. Сол жылдары тіпті кен басқармасындағы қалпына келтіру тәжірибесі жөнінде «Слово о земле» атты фильм де түсірілген. Бірақ бүгінгі жағдай мүлде басқа, тоқырау жылдарында жиналып қалған экологиялық проблемалар, аймаққа үлкен қатер төндіріп тұр. Сондықтан, кәсіпорындардың бүгінгі басшылары бұл мәселеге өнеркәсіптік масштабта мән беріп, қалпына келтіру жұмыстарын кешенді түрде жүргізуді бастады. Ал «Дружковское рудоуправление» ашық акционерлік қоғамында бұған дейін 750 га жер қалпына келтіріліп, оның 640-ы шабындық мақсатқа, ал қалған 110 га-сы орман шаруашылығына берілсе, алдағы 10 жылға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, соның негізінде тағы 415 га жерді қалпына келтіру жоспарланып отыр. Ал «Веско» ашық акционерлік қоғамы бірнеше жыл бұрын жұмысын тоқтатқан «Южный» карьерін қалпына келтіріп, оның ауданында орман дақылдарын егуді жоспарлаған болатын. Қазір 100 га-ға жуық жерде қылқан жапырақты ағаштармен қатар, негізінен шағандық және үйеңкілік, тіпті арасында жеміс ағаштары да бар, екпе ағаштың 24 түрі отырғызылған. Бұл жұмыстардың нәтижесі бірден көзге ұрып тұр. Осы «Веско» ашық акционерлік қоғамы 2005 жылы Добропольск ауданына қарасты Новоколодецк ауылдық кеңесіне, мамандардың айтуынша 6–8 жыл ішінде қалың орманға айналуы тиіс, 30 га екпе орманды қалпына келтіріп берді. Жалпы алғанда, облыс аумағындағы орман үлесі тек 8 %-ды құрайды. Мамандардың пікірінше, қажетті экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін бұл сан 12 %-ға жетуі тиіс. Украинаның Жер кодексі бойынша, кен өндіруші кәсіпорындардан жерді бүлдіргендері үшін түсетін қаражатты тек экологиялық, яғни сол бүлінген жерлерді қалпына келтіру бағытында ғана пайдалануға болады. Сондықтан, атқарушы органдар өндіруші кәсіпорындардан түсетін қаражаттың негізгі көлемін, ағаш егуге жұмсауды көздеп отыр. Сонымен қатар, кен өндіруші кәсіпорындар мен үкіметтік экологиялық атқарушы органдар ағашты тек егіп қана қоймай, оны күтіп-баптауда да ауыл және орман шаруашылықтарына қаражаттар бөліп және тікелей күтіп- баптау жұмыстарында да көмек қолын созбақшы. Бұндай шешімге келу себебі – ауыл шаруашылығымен, әсіресе орман шаруашылығымен айналысушы шағын қожалықтарда қазіргі таңда бұл жұмыстарға жетерліктей қаражаттың жоқтығы. Сондықтан да қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп және ағаш не басқадай дақылдар отырғызылып, қаншама еңбек пен шығын жұмсалған еңбектері зая кетпес үшін, жоғарыда аталған кәсіпорындар мен мекемелер осындай шешімге келіп отыр.
Украинаның тағы бір кенді өлкесі – Луганск облысы. Бұл облыстағы шахталарды жабу, 1996 жылы басталған. Осы кезге дейін 41 шахтада жабылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын жылдары тағы 10-ға тарта шахта мен 1 байыту фабрикасын жабу көзделіп отыр. 29 шахта толығымен жабылды деп есептелініп, жабылу процесіне байланысты жұмыстар тоқтатылған. Бірақ, жабылғаны жөніндегі мемлекеттік қабылдап алу актісіне әлі қол қойылмаған, яғни жабылу жобасында көзделген жұмыстар әлі толық аяқталмаған. Себебі, шахталарды жабу жөнінде алғаш жасалған жобада кен өндіру жұмыстарының нәтижесінде аймақта қордаланып қалған, жалпы көлемі 5,3 га жерді құрайтын техногенді радиоактивті қалдықтар орналасқан жерлерді қалпына келтіру жұмыстары ескерілмей, кейіннен бұл жұмыстарды іске асыру үшін қосымша жобалар жасалған. Сонымен, «Луганская» және «Пролетарская» шахталарында радиациялық қауіпті нысандарды қалпына келтіру және жер бетін дезактивациялау жұмыстары басталды. Бірақ, табиғи радионуклидтермен залалданған технологиялық қондырғылар мен жалпы бүлінген аумақтарға ғылыми негіздегі мониторинг жүргізілмегендіктен, қажетті қаражат бөлінбеген, қалпына келтіру жұмыстары аяқсыз қалып отыр.
Луганщинадағы техногендік нысандардан табиғатқа төніп отырған тағы бір қатер – олардың облыс аумағындағы шағын өзендер әсері. Қазіргі таңда шағын өзендер шектерінде 500 ірі өнеркәсіптік нысандар, 488 бос таужыныстарының үйінділері және 87 тұрмыстық қалдықтардың полигондары орналастырылған. Осы мәселеге байланысты облыс аймағында 2000–2010 жылдарға арналған су көздері мен олардың алаптарын тазалау жөніндегі кешенді бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында шағын өзендерді тазалау нәтижесінде, шығатын қалдықтарды Донбастың террикондарын биологиялық қалпына келтіруде өнім ретінде пайдалану да жоспарланған.
Алыс шетелдер ішінде осыдан 15–20 жыл бұрын бұрынғы ГДР-де 400 мың га-дан аса жер тек қана ашық кен өндіру нәтижесінде бүлініп, ал АҚШ-та тек үйінділер ғана 350? 400 мың га жерді алып жататын [1]. Сондай-ақ, Чехословакия, Польша, бұрынғы ГФР, т.б. экономикасы жақсы дамыған елдерде өндірістік қажетке алынып, техногендік ландшафт айналған жерлер – табиғи ландшафтқа, ауыл мен орман шаруашылықтарына көп зиянын тигізетін.
Кен өндіретін кәсіпорындардың басым көпшілігі бүгінгі таңда толығымен жабылып, тіпті қалпына келтіру жұмыстары да көптеген жылдар бұрын аяқталып, олардың орындарында қазір бұрынғы өндіру қалдықтарының белгілері де қалмаған. Көпшілігінің орындары жайқалған бау- бақшаға, жайнаған орман-тоғайға айналдырылған.
Мысалға, техногендік объектілерден бүлінген жерлерді қалпына келтіруде жапондықтар классикалық жолмен – бүлінген жерлерге басқа жерлерден құнарлы топырақ қабатын алып келіп қалпына келіреді. Бір қызығы – бүлінген немесе бетіндегі топырақ қабаты алынып тасталған жерге, олар топырақты тікелей әкеліп төгіп тастамай, топыраққа сол жерге ыңғайланған, өсуі мүмкін өсімдіктердің тұқымдарын араластырып, араласқан массаны кенеп қаптарға салып, сол қаптар қалпына келірілуі қажет жерлерге тасталады. Мұндағы мақсат – уланған, бүлінген жерлерге топырақ бірден төгілсе, оған бүлінген жердегі улы заттар, ауыр металдар араласып кетіп, оның сапасы төмендеп, өсімдіктердің өсуіне зияны тиюі мүмкін.
Сонымен қатар, Жапонияның Канагава префектурасында қазіргі таңда салынып бітуге таяған, ұзындығы 1200 м, ені 300 м, енді қайта өңдеуге жарамайтын өндіріс қалдықтарын, алдағы 10 жыл ішінде көмуге арналған Орталыққа әкеліп төккенде, маңайына шаң шығармауы үшін, қалдықтардың әр партиясының бетіне топырақ қабатын жауып отыру көзделген: жобаланған қалдық көлемі 540 мың м3 болса, онымен араластырылатын топырақтың көлемі 210 мың м3. Сондай-ақ, қалдықтар төгілетін қазаншұңқырдың түбі де алдын ала дайындалуда: жоба бойынша бұл Орталыққа шыны мен керамика қалдықтары, қож, күл сияқты радиоактивті емес қалдықтар төгіледі деп жоспарланса да, оның түбіне алдымен әрқайсысының қалыңдығы 1,5 мм-ден тұратын, термопластикалық полиуретанның су өткізбейтін екі қабаты төселген; оның беті қалыңдығы 20 см болатын бетонит және топырақ қоспасымен жабылған; одан кейін қалыңдығы 10 см болатын бетон құйылған. Қазаншұңқырдың жақтауларына да алдымен жоғарыдағыдай әрқайсысының қалыңдығы 1,5 мм-ден тұратын, термопластикалық полиуретанның су өткізбейтін екі қабаты төселген; ал бетіне қалыңдығы 7 см болатын, құрылыстық бетондық ерітінді құйылған. Бұл жасалынған шаралардың барлығының мақсаты – қалдықтар астындағы таужыныстарымен, жерасты суларымен бірден араласып кетпей, оларды бүлдірмей, бірте-бірте, ондаған, жүздеген жылдар өте, табиғи жағдайларда әбден тазарғаннан кейін ғана, табиғи түрде араласып кетуі. 10 жыл өткеннен кейін, төгілген қалдық мөлшері жобадағы көлемге жетіп, қазаншұңқырдың беті толған кезде, оның бетіне магистральдық Сакамото – Асина тас жолын салып, ал маңайын көгалдандыру жоспарланған. Көгалдандыру шаралары қазаншұңқыр жақтауларының жоғары бөліктерінде қазір басталып та кеткен [2].
Ал жақын кезеңдерде арада кенорындарда мәселе алдымен жан-жақты толықтай зерттеліп, сол нысанға ұқсас әлемдік практика қарастырылып, үйренуге, алуға болатын әдіс-тәсілдер басқалардан алынып, содан кейін қалпына келтіру жұмыстарына жеткілікті шығын жұмсалып, қалпына келтіру жұмыстары тыңғылықты әрі жоспарлы түрде жүргізіледі. Тағы бір ескерілетін нәрсе, бұл елдердің барлығында дерлік экологиялық мәселелер жеке-дара қарастырылмай, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелер кешенді түрде, қарастырылып шешіледі.
Мысалы, Германия Федеративтік Республикасының шығыс өңірлеріндегі бүлінген аймақтарды қалпына келтіру жұмыстарын бастамас бұрын, осы бағыттағы Чехия, Югославия, Польша және Ресейдің тәжірибелері ескеріліп, соңғы 10 жыл ішінде қалпына келтіру жұмыстарына 10 млрд евроға жуық ақша жұмсалған. Германия бойынша жалпы алғанда қоңыр көмір бассейндері аймағында қалпына келтірілуі тиіс бүлінген жерлер 160 мыңнан астам гектарды құраған. Қазір соның 90 мың га-сынан астамы қалпына келтіріліп, оның 30 мыңдайы ауылшаруашылығына, 44 мыңнан астамы орман шаруашылығына берілсе, 8 мыңға жуығы су қоймаларына айналдырылып, қалған 8 мыңнан астам га-сына тұрғын үйлер, жолдар салынып, біраз бөлігі қоқыс қоймаларына айналдырылды [3]. Германияда енді қалпына келтірілуі тиіс бүлінген жерлер, шығыс Германияның қазір жабылған Лаузитц және Ортагерман көмір бассейндерінің аумақтары болып саналады. Лаузитц қоңыр көмір бассейні ГФР-дің екі аймағы – Бранденбург пен Саксонияның шекарасында орналасқан. Болашақта жұмысы тоқтаған карьерлердің ішін жерасты суларымен толтырып, су қоймасын жасау, бос таужыныстары үйінділерін орман алқаптарына айналдыру көзделген.
Сондай-ақ, ерекше көңіл аударуға тұратын тағы бір тәжірибе – бос таужыныстары мен қалдық қоймаларын шаруашылықтың басқа салаларына пайдалануға берерде, олардың болашақта шөгу мүмкіндіктеріне аса жоғары мән беретіндіктері. Мысалға, бұрынғы Коттбус аймағында үйінділер тау-кен телімінің 1/3 бөлігіндей жерді алып жатыр. Осы үйінділердің үстінен мемлекеттік маңызы бар темір жол салу жоспарланғанда, үйінділік массивтерге болашақта шөгу қаупінен басқа, осы жердің қабатын құрайтын грунттың сұйылу процесі де тән екендігі анықталған. Осы екі мәселенің анықталуына байланысты, бастапқы жоспар өз күшін жойып, темір жол салынбайтын болды. Ал Ортагерман бассейнінде Лейпцигтен оңтүстікке қарай орналасқан,
өндіру жұмыстары аяқталған Эспенхайн карьерінің биіктігі 70 м-лік үйіндісі қазір Крёберн қалдықтарының қоймасы (қоқыс тастайтын жері) ретінде пайдаланылады [4].
Енді жоғарыдағыларды қысқаша қорытындылай қарастырсақ.
Ферғана аңғарындағы қырғызстандық, тәжікстандық және өзбекстандық уран өндірісінен қалған қалдық қоймалары жалғыз бұл елдердің емес, бүкіл Орта Азия аймағының үлкен проблемасына айналып отыр. Егер жақын жылдары оның шешімі табылмаса, бүкіләлемдік проблема тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, осы аймақтағы жергілікті тұрғындардың экологиялық сауатын ашу, радиоактивті қалдықтарды қопарып, қозғап, үй салу немесе басқа да тұрмысқа қажеттілік үшін пайдаланудың олардың өз өмірлеріне қаншалықты зиянды екендіктерін түсіндіру де осы аймақтағы уақыт көтермейтін басты проблемалардың бірі.
Украинадағы Кривой-Рог кенді аумағында орналасқан Орталық кен-байыту комбинатында істелініп жатқан экологиялық іс-шаралар кімді болсын сүйсіндірерліктей. Украиндық әріптестеріміз, қалдық қоймалары мен бос тау жыныстары үйінділерін қалпына келтіргенде, олардың құрамындағы ауыр металдардың химиялық құрамын ескере отырып, соларға сәйкес келетін, дәл сол құрамда өсу мүмкіндіктері жоғары өсімдіктерді сұрыптап таңдап алған. Мұнымен қатар қалдық қоймаларын қайта өңдеуден өткізумен бірге, кімге болсын үлгі боларлықтай кривбастықтардың тағы бір қол жеткен жетістігі – өндірістің қосымша қалдықтарын да өңдеуден өткізіп, пайдаға асырып және осы шаралары арқылы тағы бір экологиялық проблеманы шешіп, ол қалдықтарды төгуден, тағы бір жер аумағын бүлінуден сақтап қалғандары.
Курск магниттік аномалиясы карьерлерінің жағдайларында геохимиялық бөгеттер құру мен техногендік рельефтің табиғи ладшафтпен ұштасып кетуін есепке алу, шайылмалы материалдарды осылай пайдалану тәжірибесінің болашағын айқындайды.
Әрине, Екатеринбургтік ғалымдар ұсынған пайдаланылмайтын таужыныстары үйіндісінің бетін құрамына минералды тыңайтқыштар немесе органикалық материалдар қосылған сумен шайып өту немесе қалдық қоймасына құйылар ақырғы төгіндіге жоғарыдағыдай құрамды қосып, іле-шала олардың бетіне көпжылдық шөптерді егу бұрынғы қалыптасқан классикалық жол – техногендік нысандардың бетін тың, құнарлы топырақпен жабуға қарағанда арзан, әрі көп еңбекті де қажет етпейді. Бірақ, оралдық ғалымдар бұл жаңалықтарын оралдық кәсіпорындарда ғана емес, еш өзгеріссіз сол қалпында, Қазақстанның Рудный аймағындағы Соколов-Сарыбай кенді өлкесіне әкеліп қолдабақшы болғанда, ол еш нәтиже бермей, жергілікті кәсіпорын тек шығынға душар болды. Бұл жерде ескеретін бір жағдай, кен өндіру қалдықтары болып саналатын бос таужыныстары үйінділері мен байыту технологиясы, оның қалдық қоймасының химиялық құрамы, жергілікті табиғи метеорологиялық, климаттық жағдайлар мен жергілікті жерге тән флора ескерілмегендіктен, осындай нәтиже алынған еді.
Ерекше көңіл бөлуге болатын тәжірибе – Челябинск ғалымдары жасап шығарған қалдық қоймаларын қайта өңдеу технологиясы. Бұдан тек металдардың тың концентрациялары ғана алынып қоймай, сондай-ақ қалдық қоймаларының да көлемдеріде кішірейіп, ең бастысы – ондағы металдардың мөлшері азайып, олардан қоршаған ортаға тарайтын зиянды әсерлердің шамасы азаяды.
Ресейдің Кемеров облысындағы, Атаманов топырақты қалпына келтіру зертханасының стационары техногендік ландшафттарды тау-кен, т.б. өнеркәсіптік жұмыстарды жүргізу нәтижесінде, бүлінген жерлерді қалпына келтіру қажеттілігіне байланысты туындайтын ерекше проблемалармен қатар, экологиялық және биологиялық ғылымдардың, олардың – ішінде топырақтанудың теориялық және практикалық проблемаларының бірқатарын шешуге ыңғайлы нысан деп қарастырады. Бұл стационар ғалымдарының пайымдауынша, ғылымдар үшін ол әрқашан «нөлдік сәт»: барлық биотикалық – тірі және қатып қалған – құрамбөліктер қалыптасуының бастауы белгілі. Сондықтан, олар экогенездің, оның жеке сатыларының: зоо-, микробо- және фитоценоздар, сингенетикалық сукцессияларының, сондай-ақ топырақ пайда болуының жеке элементарлық процестерінің жүру жолдарының бағыттары мен жылдамдықтарын анықтау үшін оңды үлгі деп есептелінеді. Осындай зерттеулер нәтижесінде, табиғи кешендерге техногендік әсерлердің сипаты бойынша, табиғи тепе-теңдіктің бұзылу деңгейіне, табиғи кешендердің төзімділігіне және табиғи тепе-теңдіктің бұзылуының адамдар өмірінің экологиялық жағдайларына әсеріне қарай, Сібір аймақтарын аудандарға бөлуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін экологиялық критерийлер жүйесі жасалды. Бұл жүйенің арқасында техногендік ландшафтыларда қалпына келтіру жұмыстарының әр түрлі экологиялық-географиялық жағдайларға байланысты қажеттілігін, бағытын және кезектілігін анықтау мүмкіндігі туды. Сібір мен Қиыр Шығыста қалпына келтіру жұмыстарын аудандаудың сұлба-картасы жасалды.
Бұл зертханада қазіргі кезде техногендік ландшафттарда топырақтың қалыптасу ерекшеліктерін зерттеу бойынша, стационарлық жұмыстар кең құлаш жаюда. Техногендік ландшафт қалыптасуының техногендіктен кейінгі фазасында қалыптасатын экологиялық жүйелердегі заттар айналымын зерттеуге жүйелі түрде келу қажеттілігі негізделуде. Биота негізгі құрамбөліктерінің сингенетикалық сукциссиялары техногеннік экологиялық жүйелерді қалпына келтіру, олардың топырақтық қабаттың ішкі биогеоценотикалық алуан түрлілігін қалыптастыруына, және қалыптасып келе жатқан топырақтың құрылысына, заттық құрамы мен қасиеттеріне әсері тұрғысынан қарастырылады. Сібірдің техногендік ландшафтындағы үдемелі экогенез бен топырақ құрау себептерін сипаттайтын ерекше материалдар алынған. Өсімдік қалдықтарының ыдырауы кезіндегі микробтық және зоокешендердің жоғары белсенділігі, сондай- ақ микробтық, зооценоздар мен жоғары деңгейдегі өсімдіктердің қалыптан тыс жылдам сингенетикалық сукциссияларын тудыратын факторлар, жан-жақты сипатталған. Бүлінбеген табиғи және техногендік экологиялық жүйелер топырақтағы шірінді заттардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарындағы ерекшеліктер, шіріндінің түзілу және шірінді жинақталу сипаттары мен қарқындары зерттелген. Кейінгі жылдары стационарда топырақ құраушы процестердің сипатын, қарқындары мен бағытын терең де, жан-жақты зерттеуде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Топырақ құралуының көп зерттеле қоймаған аспектілеріне: топырақтық-физикалық процестерге, әр түрлі техногендік ландшафтыларда топырақтың таралуы мен оның диагностикасына көп мән беріліп, терең зерттелуде.
Ресейдің Екатеринбург қаласындағы Уральск мемлекеттік техникалық университетінің мамандары жасап шығарған тағы бір қондырғы, көңіл аударарлықтай. Ауылшаруашылығының жылу сақтау шаруашылықтарына арналған бұл қондырғы, ауылшаруашылығы өсімдіктерінің бетін жабатын жұқа қабықшаны механикаландыруға арналған. Біз өзіміздің зерттеу еңбегіміздің тәжірибелік сатысында полиэтиленді қабатпен өсіретін өсімдіктің бетін жабу тәсілін қолданғандықтан, бұл қондырғыға көңіл бөлмей кетуге болмас. Сонымен, ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өсіру кезінде көшетжайлық тиімділікке қол жеткізуге көмек көрсету мақсатындағы бұл қондырғы – жеңіл алынып-салынатын, бума түрінде оралатын, иілмелі тартып тұратын элементтер шеттеріне бекітілген, күн сәулесін өз бойынан өткізе алатын жұқа қабатты матаны, өсімдік бетіне орналастыруға арналған.
Пайдаланған карьерлер мен олардың үйінділерін, т.б. техногендік нысандарды, сондай-ақ техногендік ландшафтты қалпына келтіру кезінде олардың инженерлік-геологиялық және геомеханикалық қамтамасыз етілу мүмкіндіктерін ескере отырып, басқа салаларға да пайдалануда неміс мамандарын жеткен нақты практикалық жетістіктері, біздегі ірі кен-өнеркәсіптік аудандарда бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу процестерінде іске асыруға болады.
Бірақ бұл шаралардың қайсыбірі уақытша болса, енді бірін жүзеге асыру үшін, көп қаржылық шығындар жұмсау қажет. Ал тағы біреулерінен нақты нәтиже алу үшін, көптеген жылдар қажет.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Мельников Н.В. Теория проектирования горных предприятий (состояние и задачи развития). Научные основы проектирования горных предприятий. – Москва: Наука, 1968. – 180 с.
- Полная утилизация промышленных отходов // Япония, Лекции AOTS. Лекция от 4 февраля 2005 г. / Материалы Центра утилизации промышленных отходов префектуры Канагава. – С. 2–7.
- Brounkohlentaqebau und Recultivierung. Landschaftsokologie-Folgen-nutzung-Naturschutz. Herausgeber Wolfram Pflug. Springer-Verlag. – Berlin-Heidelberg, 1998. – S. 7.
- Гальперин А.М., Щербакова Е.П. Экологические аспекты преобразования горнотехнических ландшафтов // Горный журнал, 2004. – № 12. – С. 101–103.