Тәуелсіз елдің ұрпақтарын, соның ішінде студент жастарды және оқушыларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу оқу тобы тәлімгерлері мен мектеп ұстаздарының басты мақсаты болып табылады. Себебі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріне сай келмейтін жат елдің рухани құндылықтарына бойұру жастардың арасында барған сайын өршіп келеді. Егер өркениет осы бағытта дами берсе осындай жойқын ақпарат ағыны кезінде ұлттық бағыт - бағдарынан айырылып қалған жастар әртүрлі экстремисттік діни ағымдардың шырмауына тез шалынады. Сол себепті жастардың патриоттық сезімін қалыптастыру жұмысы сөз жоқ күрделіне түспек. Сондықтанда, ондай қоғамдық кеселдің алдын алған дұрыс болады. Бұл салада студент жастар мен оқушылардын арасында әртүрлі, тәрбиелік мәні бар жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керек.
Бұл бағытта жұмыс жүргізген кезде жастарды аға ұрпақтың жеңісті жолдарымен таныстыру ерекше рөл атқарады. Ол үшін тәлімгерлер мен мектеп ұстаздары тәрбие жұмысының жоспарын жан - жақты ойланып құрғаны дұрыс. Жоспарда тәрбие жұмысының әртүрлі бағыттары көрініс табуы керек. Бұл арада ағаұрпақтың еліміздің тәуелсіздігі жолындағы шешуші шайқастар өткізген жерлерге немесе Ордабасы сияқты ел бірлігінің символына айналған мекендерге экскурссия ұйымдастыруға болады.
Алайда алыс аймақтарға мұндай экскурссия ұйымдастырудың өзіндік қиыншылықтары бар. Атап айтқанда студенттер мен оқушылардың өтініштерінен басқа олардың әрқайсысының денсаулықтарына байланысты дәрігерлік құжаттар қажет. Сонымен қатар міндетті және манызды автопарк әкімшілігімен алдын-ала келіскен дұрыс болады. Экскурссияға баратын аймақтың жергілікті әкімшілік органдарымен де студенттер мен оқушыларды жататын жермен, тамақпен қамтамассыз ету жөнінде күнібұрын хабарласу керек.
Сонымен қатар тиімді түрде жүргізуге студенттер мен оқушыларды мұрағат, мұражай мекемелеріне алып барып аға ұрпақтың Ұлы Отан соғысы майдандарында және тылдағы ерліктеріне байланысты сирек кездесетін фото, кино және қағаз бетіне түсірілген тарихи құжаттармен таныстыру, ардагерлермен кездесулер өткізудің отан сүйгіштік қасиетті қалыптастыруда маңызы зор.
Біз тәрбие жұмысының осы аталған арналары ішінен мұрағат мекемелері мен істелінетін жұмыстарға тоқталып өтпекпіз. Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында, сонымен қатар Қазақстан Республикасыны Орталық кино-бейне және дыбыс құжаттары мұрағаты қорларында жерлестеріміздің Ұлы Отан соғысы майдандарындағы және еңбектегі ерліктерін айғақтайтын құжаттар молынан жинақталған. Осындай құнды құжаттармен танысу сөз жоқ студенттер мен оқушылардың отан сүйгіштік және ұлтжандылық сезімін орнықтыра түседі.
Мұрағат мекемелері режимдік мекемелердің қатарына жатады. Сондықтанда оған кітапханаға, мұражайға барғандай кезкелген уақытта кіруге болмайтындығын есте ұстаған жөн. Ең алдымен оқу орнынан арнайы хат алып барып мұрағат мекемелерінің басшыларымен экскурссия өткізетін күннің уақытын келісіп алу керек, сонда ғана бұл жұмыс нәтижелі болады. Мұрағат қызметкерлері студент жастар мен оқушыларды Ұлы Отан соғысына байланысты деректі филмдермен, бейне құжаттармен таныстыра алады. Атап айтқанда Кеңестер Одағының Батырлары Б.Момышұлының, М.Ғабдуллиннің жеке қорларындағы ерлікке толы сәттерді баяндап бере алады. Бұл деректермен танысқан студенттер мен оқушылар даңқты жерлестеріміздің майдандағы ерлік істеріне куә болса, екінші жағынан қазақ халқының жауынгерлік дәстүрлерінің сабақтастықтарын өз көздерімен көруге мүмкіншілік алады.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының ғимаратында тұрақты құжаттық көрме де ұйымдастырылған екен. Оның сөрелерінен Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын алған Т.Бегелдиновтың ұшқыштық кітапшасымен, Ә.Молдағұлованың туыстарына жазған хаттары мен республика халқының қазақ жауынгерлеріне арнап жазған т.б. құжаттарымен де таныса алады.
Бұл құжаттық көрмеде сонымен қатар Қазақстан еңбекшілерінің тылдағы ерліктерін айғақтайтын деректерде қойылған. Атап айтқанда майданға қару-жарақ, азық-түлік тасымалдауда ерекше көзге түскен қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Социалисттік Еңбек Ері паровоз жүргізушісі Ж.Асаиновтың, тары өнімінен әлемдік рекорд жасаған Ш.Берсиевтің т.б. еңбек озаттарының жетістіктерін көрсететін құжаттармен танысуға болады. Осындай тарихи деректерді өз көзімен көрген студент жастар мен оқушылардың туған еліне деген сүйіспеншілігі артып, ұлттық рухы асқақтай түседі. Тәлімгерлік және сынып сағаттарында студенттер мен оқушыларға экскурссия кезінде өздері көрген деректерге байланысты 3-4 студентке немесе оқушыға рефераттар жазғызып оларды келесі тәрбие сағатында тыңдап талқылап, пікір - сайыстар ұйымдастыруға болады.
Топ тәлімгері мен ұстаз тәрбие жұмысының жоспарын құрған кезде мұрағат мекемелерінің басшыларымен алдын-ала келісіп алса мұндай экскурссияларды ақысыз ұйымдастыруға болады. Нарық заманында бұл жағында ескерген дұрыс болады. Себебі егер экскурссия тек ақылы ғана болса оған кез-келген студенттің немесе оқушының материалдық жағдайы көтере бермейді.
Сөйтіп тәуелсіздік тұғырын нығайтамыз десек студент жастар мен оқушыларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің маңызы зор деп айта аламыз.Тек сонда ғана біз әлемдік өркениет көшінен қалып қоймай әлемдік үде рісте тиісті орнымызды таба аламыз. Қорыта айтқанда тәрбие жұмысын тиімді жүргізсек:
Біріншіден студент жастармен оқушылардың дүниетанымы қалыптасып әртүрлі діни секталардың жетегінде кетпейде, теріс жолға түспейді;
Екіншіден өскелең ұрпақ елін қорғауға жан - тәнімен берілген отаншыл белсенді азамат болып қалыптасады;
Үшіншіден алған білімін өз елінің өркендеуі үшін жұмысайтын патриот болып өседі;
Төртіншіден өз халқының тарихын, салт-дәстүрін нық меңгеріп алады.