Созылмалы инфекциялық емес аурулар қазіргі заманғы денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі болып қала береді. Көптеген отандық және шетелдік зерттеулерді талдау созылмалы инфекциялық емес аурулардың көпшілігінің алдын алуға болатынын растады. Бұл шолуда Қазақстан Республикасында созылмалы инфекциялық емес аурулардың алдын алу және қауіп топтарын басқарудың өзекті мәселелеріне назар аударылған. Ауруларды басқару бағдарламасы созылмалы инфекциялық емес аурулармен ауыратын тұрғындардың өз денсаулығын басқарудың ең тиімді әдісі ретінде қарастырылған.
Қазіргі әлемдік қоғам үшін созылмалы аурулар медициналық ғана емес, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жаһандық мәселе болып табылады [9]. Қазақстанда және әлемнің көптеген елдерінде созылмалы инфекциялық емес аурулар аурушаңдық, мүгедектік, уақытша еңбекке жарамсыздық және госпитализациялау, өлім құрылымында алғашқы орындарда тұр [13,16]. Созылмалы инфекциялық емес аурулардың негізгілеріне жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, қатерлі ісіктер, өкпенің созылмалы аурулары, психикалық бұзылыстар және қант диабеті жатады [10,13,23].
Жыл сайын созылмалы аурулармен ауыратын науқастар саны артып келеді, олар еңбекке қабілеттілігінен айырылып, ауыр асқынуларға және ұзақ уақыт шығынмен емдеуге, оның ішінде стационарлық емдеу қажеттілігіне әкеп соқтырады [9].
ДДҰ мәліметтері бойынша созылмалы инфекциялық емес аурулардан жыл сайын 41 миллион адам өледі, бұл әлемдегі барлық өлім жағдайының 71%-н құрайды. Уақытынан бұрын болатын өлім жағдайларының 85%-дан астамы кіріс көлемі төмен және орташа деңгейдегі елдерде кездеседі. Созылмалы инфекциялық емес аурулардан өлім құрылымында жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары көп үлесін алады, одан кейін ісік аурулары, тынысалу жүйесінің аурулары және қант диабеті тұр, яғни созылмалы инфекциялық емес аурулардан болатын барлық өлім жағдайларының 81%-ы осы төрт аурулар тобына келіп отыр [10].
Созылмалы инфекциялық емес аурулар қоғамдық денсаулыққа, денсаулық сақтау жүйесіне қауіп тудырады және көптеген елдердің экономикалық дамуына кедергі келтіреді. Созылмалы патологиясы бар аурулар деңгейінің жоғары болуы және қауіп факторларының айтарлықтай таралуы тұрғындар денсаулығының теріс тенденциясына, медициналық-әлеуметтік жоғалтуға және экономикалық шығынға алып келеді [14,20].
Соңғы жылдары Қазақстанда да созылмалы инфекциялық емес ауруларды диагностикалауға және емдеуге кететін шығындардың өсуі байқалады. Бұл шығындар мемлекеттің денсаулық сақтау саласына кететін барлық шығындарының 95-96%-н құрайды. Оған қоса, елімізде профилактикалық шараларға кететін шығынның үлесі денсаулық сақтау саласына кететін шығынның 3%-н құрайды, ал бұл көрсеткіш ЭЫДҰ елдерде 19%-ы құрап отыр. Сондықтан, елімізде созылмалы инфекциялық емес аурулар денсаулық сақтау саласы үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады [11].
Көптеген эпидемиологиялық зерттеулердің мәліметтері бойынша созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуына шылым шегу, артериалдық гипертензия, артық салмақ, қандағы глюкоза мен холестерин деңгейінің жоғары болуы, ішімдік ішу, физикалық белсенділіктің төмен болуы сияқты көптеген факторлар әсер ететіні айқындалған. Созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуына әсер ететін қауіп факторларының алдын алу бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейіндегі медициналық қызметкерлердің жұмысының маңызды бағыты болып табылады [16,24].
Қазіргі кезде ауруды алдын алу бойынша шаралардың басымдығы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің бірі болып табылды. Бұл созылмалы инфекциялық емес аурулардың таралуын азайтуда жаңа шешімдерді табуға әсер етеді [12,17,19].
Созылмалы инфекциялық емес аурулардың алдын алу мен емдеудегі және аурудың негізгі көріністерін бақылаудағы басым бағыттарының бірі науқастарды өзін-өзі басқаруға және өзіне-өзі көмек көрсетуге үйрету болып табылады. Ауруды басқару бұл жеке адамның созылмалы ауруларға тән симптомдарды, емдеуді, өмір салтының физикалық және психологиялық ақыры мен өзгерістерін басқару қабілеттілігі [6]. Disease Management тұжырымдамасы ондаған жылдар бұрын медициналық қызмет көрсетуде соңғы жылдарда туындаған бірқатар мәселелерге жауап ретінде ұсынылды. Disease Management науқастың функционалдық мүмкіндіктерін жүзеге асыруды барынша қамтамасыз ететін, аурулардың даму қаупін, мүгедектігі мен өлім-жітімді төмендететін және денсаулық сақтаудың өнімділігі мен рентабельділігін жаңа деңгейге көтеретін жаңа құрылымдалған жүйелік тәсіл. Ауруды басқарудың американдық қауымдастығының (DMAA) анықтамасына сәйкес Disease Management халықтың денсаулығын сақтау мақсатында үйлестірілген араласулар мен коммуникациялар жүйесі, бұл жағдайда науқастың денсаулығын қорғау бойынша күш-жігері елеулі болып табылады. Бұл тәсілдің ерекшелігі науқасқа медициналық көмек алу кезінде әртүрлі факторлар әсерінен туындауы мүмкін өз мінез-құлықтары мен сезімдерін басқаруда неғұрлым құзыретті болуға көмектеседі. Тұжырымдама әсіресе созылмалы аурулар кезінде тиімді. Ауруды басқару денсаулық сақтауды жоспарлау мен қамтамасыз етудің оңтайлы тәсілі ретінде халықаралық қолдауға ие. [13].
Созылмалы инфекциялық емес аурулардан болатын мерзімінен бұрын өлім-жітімді және мүгедектікті төмендету үшін 30-дан аса елде медициналық көмек көрсетуде профилактикалық және жүйелік тәсілге негізделген «Ауруларды басқару бағдарламасы» енгізілді [1,5,18].
Қазақстанда созылмалы инфекциялық емес аурулар мәселесінің өзектілігін, халықаралық тәжірибені ескере отырып, алғаш рет созылмалы инфекциялық емес аурулар патологиясы анықталған тұрғындар арасында ауруларды басқару жобасын пилотты аймақтарда енгізу 2013 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бастапқы медициналық-санитарлық көмектің жаңғыруы және басым дамуы ретінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі болып табылады [8,17,19].
Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу созылмалы инфекциялық емес аурулардың алдын алу және олармен күрес мәселелерінде, науқастардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігін арттыруда, медициналық қызметкерлердің өзара іс-әрекетін жақсартуда және мүмкін асқынуларды немесе жай-күйін ауырлатуды болдырмауға бағытталған қолда бар барлық ресурстарды пайдалануда елеулі өзгерістер қажеттігінен туындады. Ауруларды басқару бағдарламасы бұл денсаулық сақтау саласының шығындарын азайту және интеграцияланған көмек көрсету арқылы аурудың асқынуын төмендету немесе алдын алу жолымен созылмалы аурулары бар науқастардың өмір сапасын жақсарту концепциясы. Ауруларды басқару бағдарламасы бұл созылмалы аурулармен ауыратын науқастардың белгілі бір топтарына арналған, өзіндік басқару пен өзіне өзі көмек көрсетудің маңызды компоненті болып табылатын үйлестірілген және біріктірілген медициналық әрекеттер мен коммуникациялардың жүйесі. Бағдарлама «Пилоттық жоба аясында созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқарудың кейбір сұрақтары» туралы бұйрығы мен 2017-2019 жылдарға Ауруларды басқару бағдарламасының Жол картасының жоспары бойынша жүзеге асырыла бастады [21].
Ауруды басқару бағдарламасын енгізу бірнеше кезеңдерден тұрады. Бірінші кезеңі бағдарламаға қатысатын науқастарды анықтау. БМСК қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі бағдарламаға қатысатын патологиясы бар науқастарды анықтау болып табылады. Бағдарламаға созылмалы инфекциялық емес аурулар ретінде артериалдық гипертензияның ІІ және ІІІ сатысындағы науқастар (қосарланған, ауыр созылмалы аурулары жоқ), ІІ типті қант диабетімен ауыратын науқастар (компенсация, субкомпенсация сатысындағы, ауыр асқынулары жоқ) және қауіп факторлары бар созылмалы жүрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастар қатыса алады.
Ауруларды басқару бағдарламасының тиімділігі медициналық қызметкерлердің тұрғындармен тығыз жұмыс жасауына байланысты. Қант диабеті, артериалдық гипертензия және созылмалы жүрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарға көмек көрсетуді ұйымдастырудағы маңызды міндеттердің бірі бекітілген халық арасында осындай науқастарды анықтау процесін ұйымдастыру болып табылады. Қазіргі уақытта созылмалы ауруларды халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық тексеру (скринингтер), сәйкес шағымдары бар науқастардың өздігінен қаралуы бойынша анықтайды [12].
Бағдарламаға қатысатын созылмалы аурулары бар науқастарды анықтап алған соң келесі кезеңде науқастарға сауалнама жүргізіледі. Сауалнама бағдарлама туралы тұрғындардың ақпараттану деңгейін, тұрғындарға арналған бағдарлама туралы ақпараттың ең үздік арнасын, бағдарламаға қатысу-қатыспау келісімі және олардың себептерін, науқастың бағдарламаға қатысуға ынталану деңгейін және науқастың не күтетінін анықтау үшін жүргізіледі. Егер науқас бағдарламаға қатысуға келісім берсе, кейін оған тағы да оның бағдарламаға қатысуының артықшылықтарын, науқастың бағдарлама шеңберінде құқығы бар екендігін, сондай-ақ оның міндеттерін түсіндіру қажет. Бағдарламаға қатысатын науқас пен медициналық ұйым арасында Ауруларды басқару бағдарламасына қатысуға Келісім жасалады. Келісімде медициналық ұйымның да, науқастың да жауапкершілігі мен міндеттері жазылады [21].
Германияда Ауруларды басқару бағдарламасын жүргізу тәжірибесі келісім-шарт жасалған сәттен бастап денсаулық сақтау қызметкерлері клиникалық нұсқаулықтардың соңғы ұсыныстарына сәйкес адамды емдеуі, ұсынылатын ережелерді қатаң сақтауы және барлық құжаттаманы компьютерге мұқият енгізуі тиіс екенін көрсетеді. Сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкерлерінен жеке емдеу мақсаттарын анықтау талап етіледі, бұл аурудан зардап шегетін әрбір адаммен бірге істеу керек, содан кейін жеке емдеу жоспарын әзірлеу қажет. Әрбір науқас алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерге тіркелу, нақты мәселелер бойынша білім беру семинарларына бару және емханаға немесе дәрігерлік амбулаторияға үнемі бару керек [4].
Науқастарды өзіне-өзі көмек көрсетуге үйрету Ауруларды басқару бағдарламасының ажырамас бөлігі болып табылады. Медициналық қызметкерлер ауруларды басқару бағдарламасы шеңберінде сапалы медициналық көмек көрсетуде, сондай-ақ науқастарды олардың ауруы туралы және өз жағдайын жақсы басқаруды үйрету де маңызды роль атқарады.
Өзін-өзі басқару бұл науқастардың емдеу процесіне белсенді қатысуы. Өзін-өзі басқарудың мақсаты созылмалы аурудың денсаулық жағдайына және тіршілік әрекетіне әсерін төмендету. Өз-өзіне көмек көрсетуді қолдау өзіне деген сенімділікке жетуде тиімді, өзіне-өзі көмек көрсетуге және емнің нәтижесін жақсартуға әкелетін ісәрекеттерді таңдауда ақпаратты дәстүрлі беру және науқастарды оқытудан бастап оларға көмек көрсетілгенге дейінгі медициналық қызметкерлердің рөлін кеңейтеді [18]. Дәрігерлер науқасқа ауруы туралы жан-жақты ұсыныстар бергенімен, бұл науқастың өмірінде кездесетін кез-келген жағдайды толық қамти алмайды. Барлық созылмалы ауруларды амбулаториялық жағдайда науқастардың өздері белсенді ем жүргізбей сәтті емдеу мүмкін емес. Мысалы, диабетті емдеу адамнан көптеген арнайы білім мен дағдыларды талап етеді. Әрине, мұндай дағдыларды игеру үшін медициналық мамандардың қатысуымен арнайы дайындық қажет. Терапевтік оқытудың негізгі мақсаты ауру туралы ақпаратты беру ғана емес, емдік әсерді көрсету болып табылады [12].
Емханалар жанында науқастарды өз-өзіне көмек көрсету қағидаларына, өз денсаулығына дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін, салауатты өмір салты бойынша ақпараттық материалдармен қамтамасыз ететін денсаулық мектептері жұмыс істейді. Денсаулық мектептері қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы, артериалдық гипертония, инсульттан кейінгі жағдайлар, асқазан-ішек жолдарының, онкологиялық аурулар, психикалық аурулар және т.б. созылмалы инфекциялық емес аурулары бар науқастар үшін ұйымдастырылады [16,22].
Денсаулық мектептерінде оқытудың әдіснамалық негізі арнайы әзірленетін бағдарламалар болып табылады. Бағдарламаның құрылымы көлемді нақты реттеуді және материалды баяндаудың белгілі бір дәйектілігін білдіреді. Әрбір бөлім үшін оқу мақсаттары қалыптасады және көрнекі материалдардың қажетті жиынтығы, сондай-ақ білім мен дағдыларды меңгеруге, қайталауға және бекітуге бағытталған педагогикалық тәсілдер айтылады. Науқастарды аудио-визуалды құралдар: буклет, брошюра, жадынама, алгоритмдер түріндегі көрнекі материалдармен қамтамасыз етеді.
Оқытудың негізгі түрлері топтық және жеке болып табылады. Диабет мектебі көбіне ересектермен жұмыс істеу кезінде жеке оқытудан әлдеқайда тиімді, өйткені тәжірибемен бөлісу, басқалардың жетістіктерін бақылау және осындай жетістіктерге қол жеткізуге ұмтылу мүмкіндігі пайда болады.
Теориялық білімдерден басқа, денсаулық мектептерінде міндетті түрде өзін-өзі бақылауға қатысты практикалық дағдылар беріледі. Осылайша диабет кезінде қан глюкозасын өз бетінше бақылауға, инсулинді инъекциялау техникасына, аяқты күту, дұрыс тамақтануды таңдауға, физикалық жүктемелерге және жалпы еркін өмір салтын жүргізуге үйрету қажет. Оқытудың қажетті компоненті "науқастың жеке күнделіктерімен" жұмыс істеу болып табылады. Артериалдық кан қысымы немесе қан глюкозасын өзін-өзі бақылау нәтижелерін науқас күнделікке енгізеді, ол өз бетінше емдеу және оны кейіннен дәрігермен талқылау үшін негіз болып табылады. Науқас базистік препараттардың дозасын өзі өзгерте алады немесе болашақта асқынулардың дамуына жол бермеуге мүмкіндік беретін қолайлы мәндерге қол жеткізе отырып, өзінің тамақтануын түзете алады. Білім алушылар жүргізетін күнделіктер негізінде қателерді талдау және сабақта талқылау кезінде түсініксіз қалған мәселелерді түсіндіру жүргізіледі [12].
Осылайша, науқастарды оқыту өзін-өзі бақылауды жақсартады, емделушілердің емге бейімділігін арттырады. "Денсаулық мектептерінде" оқыту нәтижесінде науқастардың өмір сүру сапасы жақсарады, ауруханаға жатқызу мен жедел медициналық жәрдем шақырулар санының төмендеуі байқалады.
Науқастарды жүргізу кезінде негізгі бақылау жасайтын мамандардың бірі учаскелік дәрігерлер болып табылады. Учаскелік дәрігерлер бағдарламаға қатысатын науқастардың негізгі қауіп факторларын анықтау; СӨС дәрігерімен бірге қауіп факторларын төмендету бойынша жеке бағдарламалар дайындау; ауруларды басқару бағдарламасы туралы науқастар арасында түсіндіру; науқастың қатысу картасын толтыру және науқастың жеке жоспарын жасау; «Денсаулық мектептерінде» сабақ жүргізу үшін топтарды ұйымдастыру; науқасты емдеу және жүргізу үшін мультитәртіптік топқа қатысу; науқастың өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізу және ұсыныстарға бейімділігіне мониторинг жасау; науқаспен үнемі байланыста болу; жеке жоспарға немесе көрсеткіштерге сәйкес мамандарды тексеруді, кеңес беруді ұйымдастыру; ауруларды басқару бағдарламасына қатысатын науқастар туралы деректерді жинау және талдау жұмыстарын атқарады [12].
Келісімге сәйкес медициналық ұйым бағдарламаға қатысатын науқаспен үнемі қарым-қатынас жасай отырып, науқасқа динамикалық бақылау жасайтын мультитәртәптік топ құрады. Бұл мамандар барлық топ мүшелерімен және БМСК басқа да мамандарымен тығыз жұмыс жасауы керек. Мультитәртіптік топтың құрамындағы мамандар жетекшілік ететін нозологияға байланысты бөлінеді. Мультитәртәптік топ құрамына дәрігер терапевт немесе жалпы тәжірибе дәрігері, дәрігер-кардиолог, дәрігерреабилитолог, дәрігер-офтальмолог, дәрігер-эндокринолог, дәрігер-диетолог немесе тамақтану сұрақтары бойынша оқытылған орта медициналық қызметкер, салауатты өмір салтының маманы, науқастарға кеңес беру және оқыту бойынша медбике, науқастарға телефон арқылы кеңес беретін медициналық қызметкер, әлеуметтік қызметкер, психолог және басқалары кіреді.
Топ мүшелерінің міндеттері шеңберіне оқыту, медициналық көмек және емдеу, ішкі ережелерді әзірлеу, іс-шаралар өткізу және мониторинг кіреді. Медицина қызметкерлерінің көпшілігі, ал кейде оларға емделушілер де көмектеседі, білім мен құзыреттілікке байланысты осы міндеттердің барлығын немесе бір бөлігін орындайды, бұл олардың білімімен едәуір дәрежеде айқындалады.
Топ мүшелерінің әрқайсысының өз мамандану саласы мен дағдылары бар. Белгілі бір санаттағы мамандар, мысалы, диабетпен ауыратын науқастың аяғын күту немесе мейірбике ісі саласында осы санаттағы қызметкерлер үшін белгіленген құқықтық және кәсіби талаптарға сәйкес жұмыс істейді. Мамандардың әрқайсысы шектеулі білімі мен құзыреттілігі бар екенін ұмытпау керек, сондықтан қажет болған жағдайларда науқасқа кеңес беруі қажет немесе басқа маманға жіберу керек [12,17,18,21].
Ауруларды басқару бағдарламасының соңғы кезеңі науқастар туралы алынған мәліметтерге мониторинг жасау және нәтижелерін бағалау болып табылады. Бағалау қызметі бағдарламаның маңызды бөлігі. Мониторинг дәстүрлі емдеумен салыстырғанда ауруды басқару жөніндегі бағдарламалардың тиімділігін бағалау, сондай-ақ бағдарламаларға қанағаттанушылық деңгейін анықтау. Науқастың картасы мен индикаторларды пайдалана отырып, науқастардың басқару бағдарламасына қатысуы барысында алынған барлық нәтижелерді тіркеу өте маңызды. Өзін-өзі бақылау күнделіктері ерекше рөл атқарады. Гликемияның күнделікті мониторингінің немесе артериалдық қысымды өлшеудің алынған нәтижелері, сондай-ақ қолданылатын дәрілік заттардың дозалары, науқастың пікірі бойынша артериалдық қысым немесе глюкозаны бақылауға әсер етуі мүмкін оқиғалар, өзін-өзі бақылау күнделігіне жазылатын талдау және кейінгі әрекеттер үшін үлкен ақпарат береді. Тиісті тұрақты жазбалары бар күнделік өз бетінше де, дәрігермен кеңес беру кезінде де емдеуді түзету үшін негіз болып табылады. Өзін-өзі бақылау күнделігін жүргізбейтін емделушілерге, аурудың жақсы бақылауына қол жеткізу және оның ауруын басқару қиын.
Қазіргі уақытта диагностика мен емдеудің тиімді әдістерін дамытудың арқасында қант диабеті, артериялық гипертензия сияқты созылмалы аурулардың көпшілігі толығымен емдеуге болмайтын болса да, асқынулардың алдын алуды сенімді бақылауға және қамтамасыз етуге болады [12]. Өлім-жітім және өмір сүру мерзіміне әсерін бағалайтын зерттеулер нәтижелері, Ауруларды басқару бағдарламасына қатыспаған науқастармен салыстырғанда, бағдарламаға қатысқан науқастар тобына оң әсер еткенін көрсеткен.
Германияда Ауруларды басқару бағдарламасы 10 шақты жыл бұрын енгізілген. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі АББ-на қатыспайтын науқастарға қарағанда Ауруларды басқару бағдарламасына қатысатын науқастар тобына оң әсер көрсеткен. Германиядағы 2 типті қант диабетіне арналған бұл бағдарлама мәліметтері науқастарды оқытуда жақсарғанын, яғни басқарушы принциптердің қатаң сақталғанын көрсетті. Бірақ та шылым шегу, семіздік немесе HbA1c бақылауда айтарлықтай жақсарулар байқалмады [3,15].
Сол сияқты АҚШ-та және Финляндияда өткізілген Аруларды басқару бағдарламасы шеңберінде гипертонияны басқару зерттеулеріне қатысты, олар инсульт жиілігінің төмендеуін, оның ерлер арасында таралуын анықтады. Зерттеушілер бұл нәтижелерді гипертонияны бақылауда барлық ресурстардың науқастардың өздерін, олардың туыстарын, медицина қызметкерлерін, сондай-ақ санитарлық ағарту, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысумен байланыстырды [2,7].
Осылайша, Ауруларды басқару бағдарламасының басты тиімділігі науқастың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артады, өз жағдайын бақылау арқылы аурудың асқынуына жол бермеуді үйренеді, мультитәртіптік топ мамандарымен жүйелі байланыс орнатып, олардың кеңестеріне бейімделіп, жағдайын жақсарта алады. Бұл бағдарлама бастапқы медициналық көмек жүйесіне, жедел жәрдемге, ауруханаларға түсетін жүктемені азайтуға ықпал етеді. Ең бастысы науқастың өмір сапасын арттыруға, өмір-жасын ұзартуға мүмкіндік береді. Ауруды басқару бағдарламаларын енгізу созылмалы инфекциялық емес аурулардың үздік көрсеткіштеріне ықпал етеді, бірақ бұл науқастың ғана емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің күшжігерін талап етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМ
- Egginton JS, Ridgeway JL, Shah ND, et al. Care management for Type 2 diabetes in the United States: a systematic review and metaanalysis // BMC Health Serv Res. 2012. №12. Р. 15-21.
- Luepker RV, Murray DM, Jacobs DR, Mittelmark MB, Bracht N, Carlaw R, Crow R, Elmer P, Finnegan J, Folsom AR, Grimm R, Hannan PJ, Jeffery R, Lando H, McGovern P, Mullis R, Perry CL, Pechacek T, Pirie P, Sprafka JM, Weisbrod R, Blackburn H. Сommunity education for cardiovascular disease prevention: risk factor changes in the Minnesota Heart Health Program // Am J Public Health. 1994. №84. Р. 1383-1393.
- Michael Mehring, Ewan Donnachie, Florian Cornelius Bonke, Christoph Werner and Antonius Schneider1Disease management programs for patients with type 2 diabetes mellitus in Germany: a longitudinal population-based descriptive study // DiabetolMetabSyndr. 2017. №9. Р. 91-94.
- Nagel H, Baehring T, Scherbaum WA. Implementing Disease Management Programs for Type 2 Diabetes in Germany // Managed Care. 2006. №2. Р. 50-53.
- Pimouguet C, Le Goff M, Thiеbaut R, Dartiques JF, Helmer C. Effectiveness of disease-management programs for improving diabetes care: a meta-analysis // CMAJ. 2011. №183. Р. 115-127.
- URL: soz.zdravkrg.kz/
- Tuomilehto J, Nissinen A, Wolf E, Geboers J, Piha T, Puska P. Effectiveness of treatment with antihypertensive drugs and trends in mortality from stroke in the community // BMJ. 19857 №291. Р. 857861.
- URL: www.mzsr.gov.kz
- URL: www.rcrz.kz
- URL: www.who.int
- URL: www.zakon.kz
- Актаева Л.М., Гаркалов К.А., Кулкаева Г.У. Внедрение программ управления заболеваниями в практическое здравоохранение: Методические рекомендации. Астана: 2013. 39 с.
- Бойцов С.А., Чучалин А.Г. Профилактика хронических неинфекционных заболеваний. Рекомендации. М.: 2013. 138 с.
- Грузева Т.С. Борьба с хроническими неинфекционными заболеваниями: Европейский и Украинский контекст // Здоровье основа человеческого потенциала: проблемы и пути их решения. 2013. №1. С. 96-101.
- Калмаханов С.Б., Кошербаева Л.К., Текебаева С.У., Жумакожаева М.М, Бектасова А., Берикханова Б. Анализ удовлетворенности пациентов в участии программы управления заболеванием по сахарному диабету // Вестник КазНМУ. 2018. №1. С. 386-389.
- Касапов К.И. Медико-социальные обоснование развития сети школ для обучения самоконтролю пациентов с хроническими неинфекционными заболеваниями // Вестник Всероссийского общества специалистов по медико-социальной экспертизе, реабилитации и реабилитационной индустрии. 2013. №1.С.19-21.
- Кулкаева Г. Внедрение программы управления хроническими заболеваниями в Республике Казахстане // Онкология и радиология Казахстана. 2015. №37(3). С. 8-9.
- Кулкаева Г.У. Методы управления собственным здоровьем // Международный научно-исследовательский журнал. 2015. №9(40). С. 52-53.
- Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы.
- Лисицын Ю.П. «Модус» здоровья россиян // Экономика здравоохранении. 2001. №2(52). С. 32-37.
- Пилоттық өңірлерге созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасын енгізу туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 5 сәуірдегі № 211 бұйрығы.
- Сагеев С.С. Школа здоровья для пациентов — важнейший фактор качества медицинской помощи // Вестник КазНМУ. 2012. №1. С. 400-404.
- Толеу Е.Т., Каусова Г.К.. Организационные технологии в управлении сердечно-сосудистыми заболеваниями // Вестник КазНМУ. 2017. №4. С. 303-305.
- Тюлюбаева Ж.С., Гаркалов К.А. Ответственность пациентов с хроническими заболеваниями в рамках «Программы управления заболеваниями» // Менеджер. 2014. №3(12). С. 35-37.