Кеңес өкіметі жылдары мейірбикелер дербестілікті, жігерлікті, жұмысқа деген шығармашылық көзқарасты жоғалтты, мейірбикелердің кәсіптік біліктілік деңгейінің төмендеуі, мамандық беделінің жоғалуы осыған байланысты. Қазақстандық денсаулық саласындағы ғаламдық өзгерістер көбіне медициналық кадрлардың біліктілігіне байланысты, соның ішінде мейірбикелер біліктілігіне.
Мейірбикелер ісі бакалаврын яғни, мейірбикелердің жаңа генерациясын дайындау тек қана мамандық беделін жоғарылатып қоймай, дәрігерлердің атқаратын қызметтерінің көп үлесін мейірбикелерге беруге мүмкіндік береді, дәрігерлер кадрларының жетіспеушілігін төмендетеді.
Кіріспе. Бүкіл дүние жүзінде денсаулық сақтау жүйесі бірнеше онжылдықта білім алуға, оқытуға, жалақыға, жұмыс жағдайына және менеджментіне инвестициялардың жеткіліксіздігі нәтижесінде дамыған денсаулық сақтау қызметкерлерінің созылмалы тапшылығына байланысты өткір дағдарысты бастан кешуде. Бұл кәсіби мамандардың жеткіліксіздігіне, ауысымдардың артуына және зейнеткерлікке ерте шығу, сондай-ақ, ұлттық және халықаралық көші-қон мәселесіне алып келді. Статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ, әлемде дәрігер, акушер, мейірбикелер, фармацевттер, стоматологтар және басқа да медицина мамандарының саны небәрі 4 миллионды құрайтыны мәлім болды. Шикізаттарды қанағатсыз бөлу, білімді тиімсіз пайдалану, сонымен бірге денсаулық сақтау саласындағы мамандардың шетел асып кетуі бұл жағдайды одан әрі ушықтырып жібереді. [1].
Ғ ылыми зерттеудің сараптамасы жоғарғы білімді мейірбикелердің кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыру мейірбике ісінің дамуында маңызды рөл атқаратынын дәлелдеп отыр. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінде соңғы 6 жылда мейірбике ісі бойынша мейірбикелік білім беру жүйесінің өзгерісіне, мәртебесінің өзгерісіне, кәсіптік қызмет аймағының кеңеюіне, дәрігер және мейірбике арасындағы міндеттерді қайта бөлуге бағытталған қайта құрулар жүргізілуде. Нәтижесінде мейірбикелердің алдында кәсіптік өсуінің жаңа мүмкіндіктерін ашатын, білім берудің үш деңгейін және дипломнан кейінгі дайындықты қоса алатын, мейірбикелерді кәсіби дайындаудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасты [15].
Қазіргі таңда орта медицина қызметкерлерін (ОМҚ) оқыту үрдісі өзекті проблемалардың біріне айналды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ОМҚ саны жеткіліксіздігі жылдан жылға ұлғайып бара жатыр.
2007 жылдан бастап Қазақстанда жаңа оқу жоспарымен дайындалған мейірбикелер шығарыла бастап, тәжірибелік денсаулық сақтауда мейірбике ісі мамандар қатарын мейірбикелік үрдісті меңгерген, мейірбике ісі философиясын құптайтын, жаңа оқу стилі бар мейірбикелермен толықтырылуда. Жоғарғы оқу мекемелерінде білім алушы мейірбикелердің кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыру мәселесі дәл қазіргі уақытқа дейін ғылыми пайымдаудың пәні болмады. Ғ ылыми зерттеулердің сараптамасы жоғарғы білімді мейірбикелердің кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыру жайлы сұрақтың анықталмағанын көрсетіп отыр. Жоғары білімді, жаңа дайындық деңгейіне ие мейірбикелердің пайда болуы, денсаулық сақтауды және тәжірибелік медицинаны ұйымдастырушыларының алдында бірқатар мәселелерді қойды.
Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің өсу динамикасының орнын, керісінше, жоғары дәрежелі медицина қызметкерлерінің азаю динамикасы алмастырып отыр. Зерттеу бойынша дәрігерлер мен орта медперсоналдардың арақатынасы әлемнің басқа елдеріндегі көрсеткіштер бойынша 1:4,0 болса, отандық көрсеткіш 1:1,8 шамасын құрап отыр [2].
Мейірбикелердің дайындығының әлемдік стандартқа сай болмауы өзекті проблема. Медициналық колледждер ғылыми талдаулар жасай алмайтын, бастамашыл емес, басқарушылық және әкімшілік жұмыстарға араласа алмайтын қарапайым орындаушыларды дайындауды жалғастыруда. Қазақстанда мейірбикелердің кәсіби құзіреттілігінің деңгейі төмен.
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, ОМҚ жеткіліксіздігінің себептері барлық мемлекетте шамамен бірдей бұл төмен жалақы, біліктілігіне сай келмейтін жұмыс ауқымының кеңдігі, бірсарынды күнделікті жұмыс (дәрілік препараттарды тарату және реттеу, сараптама қорытындыларын жапсыру және медициналық құжаттарды толтыру,т.б.). Қазақстанда мейірбикелердің азаюының тағы бір себебі мейірбикелердің беделінің түсуі және ұжым мен емделушілер арасында сенім тудырмауы [6].
Тарихи және халықаралық тәжірибе мейірбикелердің науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуде, алдын-алу мен оңалтуда жетекші рөлін дәлелдейді.
Әлемдік тәжірибе. Барлық Батыс елдерінде мейірбикелер өз бетімен жұмыс істейді, науқастарды қабылдап, өзінің құзіреттілігі аясында ем тағайындайды, науқастар арасында биік беделге ие, дәрігер олардың ойларымен әрқашан санасады. Батыс елдерінде мейірбикелер өздері жұмыс істейтін мекемелерде: аттестация, сертификация, педагогикалық және тәлімгерлік іс-әрекеттер, ғылымизерттеулер, мансаптық өсу мүмкіндігі, жоғары мейірбикелік білім алудың және мейірбике ісінде ғылыми деңгей (магистр, PhD) алу сияқты іс-шараларға белсене қатыса алады.
1899 жылы, Англия, АҚШ, Канада сияқты мемлекеттердің мейірбикелерін белсенді түрде қорғау барысында әйелдердің әлем бойынша алғашқы кәсіби ұйымы құрылды, сол сәтте Лондонда орта және кіші медициналық қызметкерлерді даярлауды ұйымдастыру ұсынылды. Заманауи мейірбике ісінің негізін қалаушылар болып, Бірінші Севастополь қорғанысында жараланған сарбаздарға алғашқы көмекті ұйымдастырған ағылшындық Флоренс Найтингейл және орыс ұлтынан Даша Севастопольская болды [3,18]. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жараланғандарды құтқару үшін 300 мың мейірбике баға жетпес үлес қосты. Солардың ішінде 9 мыңнан астамы шайқас алаңында қаза тауып және із-түссіз хабарсыз кеткендер [4]. «Мейірімді сіңлі» құрметті атағын және көпшіліктің құрметіне ие болып, жылдар өткен сайын мейірбикелер дәрігердің бұйрығын орындайтын қарапайым орындаушы болып, өз абыройларын жоғалтып, бастамасыз және құқықсыз тұлғаға айналған.
Швеция, Финляндия, Англия елдерінде науқасты біріншілік бақылау, оның дәрігер қабылдауына жазылуы, ауруханаға жатқызылуы, клиникалық хаттамаларға сәйкес кейбір дәрілік препараттарды тағайындау, дәрілік терапия режимінің өзгеруі туралы сұрақтармен, созылмалы және күрделі жағдайдағы (қант диабеті, бронх демікпесі, жүрек жеткіліксіздігі, психикалық аурулар) науқастарға жоғары квалификациялы көмек көрсету шараларымен мейірбикелер айналысады [5, 16-17].
Англияда мейірбикелер белгілі бір аурулар бойынша (қант диабеті, бронх демікпесі) мамандандырылған көмек көрсету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Бұл олардың функционалдық міндеттерін одан ары кеңейтеді.
Көптеген Еуропа мемлекеттерінде және АҚШ-та орта медицина қызметкерлері әкімшілік-басқарушылық істеріне кеңінен араласады, тәуелсіз кәсіби мамандар мәртебесіне ие болады [8-12].
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мейірбикелерді дайындау сапасы, халыққа қызмет көрсету және медициналық қызметтің қол жетімдігі жағынан Финляндияның денсаулық сақтау жүйесін үлгі ретінде ұсынады[13]. Финляндияда 80% науқастар ең алдымен мейірбикелерге келеді, содан кейін керек болған жағдайда дәрігерге жолығады және тек 20% емделуші дәрігер қабылдауына бірден бара алады. Скандинавия елдерінде жалпы денсаулық сақтау орталықтарында жетекші рөлді мейірбикелер (бакалавр) атқарады [14].
Финляндияда жалпы тәжірибедегі мейірбике (ҚР-да орта білімді мейірбике) үшжылдық оқудан кейін, бакалавр бітірген жоғары білімді мейірбикелердің қарамағында жүріп, науқастарға күтім көрсетеді. Жоғарғы оқу орнына түсер кезде талапкерлер оқуға деген қабілеттіліктерін бағалау үшін арнайы сынақтан өтеді.
Жалпы тәжірибедегі мейірбикелердің міндеттерінің басты бағыты алғашқы көмек көрсету, науқасқа біріншілік және негізгі күтім жасау. Ал, тамырішілік инъекция, рецепт жазу, наркотикалық препараттарға қолжетімділік, әкімшілік жұмыстарына араласуға құқық берілмеген. Үлкен құзіреттілік пен кәсіби дағдыларға ие болғандықтан, мейірбике ісі бакалаврына медициналық қызмет көрсетудің жетекші рөлі тиесілі. Функционалдық міндеттеріне палаталық, пост, ем-шара кабинеті, операциялық блок жұмыстарын атқару жатады. Мейірбике бакалаврлары пациенттерді жекелей қабылдау, алдын ала диагноз қою, емдік және диагностикалық процедураларды тағайындайды, рецепт жазады, вакцинацияға жібереді, телефон арқылы консультация жасайды, дәрігер қабылдауының қажеттілігін анықтайды. Елде медицина қызметкерлерін оқыту мен кәсіптік дағдылары медицина мамандықтары бойынша заң және ұстанымдары арқылы қатаң түрде реттеліп отырады.
Финляндияда мейірбикелер әкімшілік жұмыстарына араласа алады, жоғары және орта техникалық оқу орындарында педагогикалық жұмыспен, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады, мейірбике ісі аймағында докторлық дәреже алуға мүмкіндігі бар. Әр жыл сайын шамамен 200 талапкер магистр дәрежесін, 50 доктор дәрежесін иеленеді. Финляндияда мейірбике ісі мамандары кәсіби оқу орындарының деңгейінде дайындықтан өтеді, сондай-ақ, бакалавриатура, магистратура, докторантура деңгейін университет базасында қолданбалы ғылым саласында білімдерін жетілдіреді.
Финляндияда мейірбикелер дайындығы Еуропалық Одақ детективасына негізделген: оқудың ең аз көлемді жүктемесі 4600 сағатты құраса, Қазақстанда 3528. Осыған орай Финляндияда және Еуроодақ елдерінде сағаттың жартысынан көбі тәжірибе жүзінде өтеді. Медициналық мекемелерде мейірбикелердің дайындығы оқытушылардың бақылауымен және тәжірибелі мейірбикелердің тәлімгерлігімен өтеді. Финляндияның мейірбикелерді дайындау мен қайта дайындықтан өткізу тәжірибесі әлемдік деңгейде мойындалған. Соған байланысты бұл жүйені медициналық колледждерге енгізу қазақстандық мейірбикелер дайындығына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Мейірбикелердің статусы мен мәртебесін қабылдау рөлдердің өзгеруі мен денсаулық сақтау жүйесінде орта медицина қызметкерлерінің қызметін тиімді пайдалануға көмегін тигізеді. Бұндай шешім медициналық қызмет көрсету сапасына және максималды түрде халыққа көмек көрсетуді барынша кең ауқымды жүргізуге, денсаулық сақтауда шығынның қысқаруына, дәрігерлік кадр тапшылығын төмендетуге айтарлықтай оң әсерін береді [7]. Мейірбикелердің құзіреттілігі алғашқы симптомдар мен белгілерді уақытылы анықтау, ерте диагностика мен профилактика шараларына байланысты. Денсаулық сақтау жүйесінде денсаулық мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, медико-әлеуметтік мәселелерді шешу, дәрігерлік іс-шаралар мен құзіреттіліктер қатары, шешімді өздігімен қабылдау мүмкіндіктері сияқты міндеттер мейірбике құзіреттігіне берілу керек.
Қолданбалы бакалавриат бұл жоғары білікті мамандардың тәжірибе жүзіне бағытталған дайындық болғандықтан, мейірбике ісі бакалавриатураның бағдарламасының жасалып шығуына жоғарғы оқу орнының, орта оқу орнының тәжірибелі педагогтары, сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің тәжірибелі, біліктілігі жоғары мамандары мен жұмыс берушілері қатыстырылуы керек.
Тәжірибелік денсаулық сақтау мамандары, жұмыс берушілер мейірбике бакалаврларының ие болуға міндетті: маманның өздігімен емдік-диагностикалық, реабилитациялық, медико-профилактикалық істерге, сонымен бірге ұйымдастыру-басқарушылық және ғылыми жұмыстар сияқты кәсіби құзіреттіліктерін оңай жолмен анықтап бере алады.
Мейірбике ісі бакалавриатының білім стандарты құзіреттілік тәсіліне негізделген мейірбикенің кәсібитәжірибелік дайындығына бағдарлануы тиіс. Яғни, практикалық жұмыстарды өз бетінше істеу, талдау, клиникалық ойлауға, шығармашылық, ғылыми және зерттеу іс-әрекеттері сияқты жоғары білімді мейірбикенің барлық құзіреттілігін бейнелеуі тиіс.
Теориялық бөлімде ғана емес, практика жүзінде де бейнеленетін әрбір білім алушының ғылыми-зерттеу және өзіндік жұмыстары ерекше маңызға ие. Әр студентті өзінің жұмысын талдауға, шешім шығаруға және осы көрсеткіштерді жақсарту жолдарын табуға үйрету маңызды. Студент-бакалаврдың практикалық дайындығы медициналық мекемеде өтуі керек және студенттің практикалық дағдыларын жетілдіруге ат салысуы қажет. Мейірбике бакалавриатурасы бағдарламасының енгізілуі мен жүзеге асырылуы терең теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгерген, практикалық жұмыстарға дайын жаңа буын кәсіби мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Қолданбалы бакалавриат бағдарламасы болашақ мамандардың, практикалық дайындығына бағдарлануы тиіс. Уақыттың 50%-дан кем емес бөлігі клиникалық базалар жағдайында өтуі тиіс.
Жоғары білімді мейірбике-менеджерлерді және орта буын мейірбикелерді дайындауда, клиникалық базаларда мейірбике ісі бакалаврының практикалық дайындықтан өтуді қадағалайтын белсенді оқу әдістерін қолданатын жоғары білікті оқытушыларды, үлкен тәжірибесі бар мейірбике-тәлімгерлерді қосымша дайындықтан өткізуді талап етеді. Болашақ перспективасы үшін және өзінің ұйымына мамандардың аса қажет екенін сезінетін жұмыс беруші үшін қолданбалы бакалавриат үлкен маңызға ие [8]. Қорытынды. Қазіргі уақытта республикамызда мейірбикелерді үшдеңгейлі дайындықтан өткізу жүзеге асырылып жатыр: орта кәсіптік білім беру, жоғары және ЖОО кейінгі білім беру. Сондай-ақ, біліктілікті көтеру курстары және мамандарды қайта даярлау жұмыстары жүргізілуде.
Мейірбикелерге арналған алғашқы курстар Қазақстанда 20жылдардың соңына қарай ұйымдастырыла бастады, ал 1994 жылы Алматыда «Эмили» институты ашылды [4]. Бұл институт Қазақстан Республикасы және Орта Азиядағы жоғары білімді мейірбикелерді дайындайтын жалғыз оқу орны болды. Факультет миссиясы денсаулық сақтау жүйесін сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті, білімді, ұйымдағы жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша басқарушылық шешімдерді қабылдай алатын мамандармен қамтамасыз ету.
Бітіруші түлектер «Мейірбике ісі бакалавры» академиялық дәрежесіне ие болады, «Мейірбике-менеджер» біліктілігімен жоғары білім туралы диплом беріледі. Мейірбике ісі бакалавры кәсіби қызметін: мейірбике ісі бойынша бас дәрігердің орынбасары; аға мейірбике; мейірбикелік күтім бойынша ауруханада, хоспис, денсаулық сақтау пунктерінде меңгеруші; ЕПО бөлімдерінде аға мейірбике; медициналық колледждерде мейірбикелерді дайындауда оқытушы болып атқара алады, сондай-ақ магистратурада білімін жалғастыру мүмкіндігі тағы бар.
ЖОО жоғары білімді мейірбикелерді және мейірбике ісіндегі менеджерлерді дайындап, өз жұмысын жасап келеді. Соған қарамастан, 90 жылдан бері мейірбикелерді даярлау бағдарламалары өзгермеді, ал жоғары білімді мейірбикелер колледж бітірген орта буын қызметкерлерімен тең дәрежеде саналады. Мәселе мейірбикелердің жаңа статусын қабылдауға кедергі туғызатын менталитетте ме немесе білім сапасында ма?
Осылайша, құзіреттілік тәсіліне негізделген және студенттердің дайындығына бағдарламасы өз бетімен жұмыс істеу тәжірибелік бағытталған қолданбалы бакалавриат бойынша оқыту, денсаулық сақтау жүйесіндегі бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді:
ең алдымен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі, науқастардың мәселелерін сауатты шеше алатын, емделушілердің денсаулықтарын мейірбикелердің өмір сапасын жақсартатын және нығайтуға жәрдемдесетін жаңа генерациясымен толығады.
Мейірбике ісі Қазақстанда денсаулық сақтаудың тәуелсіз саласына айналуы керек.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Lincoln Chen, David Evans, Tim Evans, Ritu Sadana, Barbara Stilwell, Phyllida Travis, Wim Van Lerberghe, Pascal Zurn. Ред. Leo VitaFinzi және Barbara Campanini Әлемдегі денсаулық сақтау жағдайы туралы баяндама. Женева: 2006. -153 б.
- Donahue M.P. Nursing: the finest art an illustrated history. St.Louis: Mosby Year Book, 1985. 508 p.
- Sovetskie medicinskie sestry, nagrazhdennye medal'ju Florens Najtingeil (spravochnik-katalog muzejnyh fondov) (The Soviet nurses who were awarded the Florence Nightingale Medal (reference catalog of museum collections)). L.: 1989. 84 р.
- Вишневский Н.А. Soviet doctors in the days of the Great Patriotic War of 1941-1945. L.: 1990. Р. 21-22.
- Buchan, J.and Calman, L. Skill-mix and Policy Change in the Health Workforce: Nurses in Advanced Roles. Paris: OECD, 2005. 63 p.
- Work-related stress in nursing. Geneva: ILO, 2000. 52 p.
- Sing, D.Which Staff Improve Care for People with Long-term Conditions? A Rapid Review of the Literature. Birmingham: University of Birmingham and NHS Modernization Agency, 2005. 70 p.
- Кашафутдинова Г.Т., Байсугурова В.Ю. Современное состояние сестринского дела в развитых странах: расширение сестринской практики // Вестник КазНМУ. 2013. №. С. 303-306.
- Sibbald B., Shen J., McBride A.Changing the skill mix of the health care workforce // J Health Serv Res Policy. 2004. №9, Suppl 1(6). Р. 28-38.
- Cheek J., Price K., Dawson A., et al. Consumer perceptions of nursing and nurses in general practice. Adelaide: Centre for Research into Nursing and Health Care, 2002. 549 р.
- Hengey D., Price K., Patterson E., et al.Australian consumer's expectations for expanded nursing roles in general practice choice not gatekeeping // Aust Fam Physician. 2004. №33. Р. 845-849.
- Hegney D., Buikstra E., Fallon T., et al. Consumer perceptions of practice nursing. Toowoomba: University of Southerm Queensland, 2004. 167 р.
- Борисов К.Н., Алексеев В.А., Шурандина И.С., Здоровье для всех стратегия системы Финляндии (Health for All a strategy of Finland) // Rosmedportal.kom. 2011. №2 URL: http://www.rosmedportal.com/
- Комаров Ю.М. О подготовке врачебных кадров в Российской Федерации (On the training of medical staff in the Russian Federation) // Medicina. 2013. №3. Р. 1-11.
- Абдрахманова А.О., Калиева М.А., Байгожина З.А., Хандиллаева М., Кабдрахманова Н.М., Проблемы медицинских сестер и пути их решения в Республике Казахстан (Problems of Nursing and their solutions in the Republic of Kazakhstan) // Международный журнал прикладных и фундаментальных исследовании. 2014. №11. С. 96-99.
- Stromberg A., Martenson J., Fridlund B., Nurse Led heart failure clinics in Sweden // Eur J Heart Fail. 2011. №3. Р. 139-144.
- Karlberg I., at al. Managing Chronic Conditions: Experience in Eight Countries, Copenhagen: European Observatory on Health Systems and Policies. London: 2008. 181 p.
- Денисова И.Н., Трудный путь к диалогу (The hard way to dialogue) // Сестринское дело. 2007. №1. С. 8-9.