Бұл мақалада Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының маңыздылығы мен қазіргі таңда ондағы қазақ жазуын латын әрібіндегі әліпбиге көшіру барысындағы жүргізіліп отырған іс-шаралар, гуманитарлық білім саласына қазақ тіліндегі 100 оқулық бағдарламасының жүзеге асыруылуы мен «Туған жер», «Қазақстандағы 100 есім», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларының орындалу барысы айқындалады. Қазақ тіліне аударылып, қазіргі таңда жоғары оқу орындарының пайДаланылуына берілген оқулықтарДың білім беру үрДісінДе тиімДілігі, сонДай-ақ, ҚазақстанДағы киелі орынДарДың мемлекеттің тарихынДа ерекше орны нақтыланаДы.
Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Рухан жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарлама іспеттес мақаласында еліміздегі таяу жылдардағы атқарылатын бірнеше міндеттерді нақтылап көрсеткен болатын. Таяу арада қолға алынатын мына міндеттер еді: қазақ жазуын латын әрібіндегі әліпбиге көшіру, гуманитарлық білім саласына қазақ тіліндегі 100 оқулық бағдарламасы, «Туған жер», «Қазақстандағы 100 есім», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары [1].
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты бағдарлама іспеттес мақаласында елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосатын бағыт беріп, жол көрсете отырып, таяу жылдарға қойылған міндеттердің қатарына қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын қойған болатын. Негізінде 2007 жылғы Жолдауында қазақ жазуын латын әрібіне көшірудің маңыздылығын көрсеткен болатын. Бұл латын әліпбиіне көшу концепциясы Қазақстан халық Ассамблеясының ХІІ сессиясында да айқындалған еді.
Президентіміздің айтқанындай, қазақ жазуын латын графикасына көшіру Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайта түседі. Осы уақытқа дейін латын әліпбиіне көшу үшін латын графикасына негізделген қазақ әліппесі реформасына қатысты қоғамдық пікірге талдау жасалынуы мен халық арасында қазақ жазуын латын графикасына көшірудің тиімділігі жөнінде түсіндірме, ұғындыру және насихаттау жұмыстарын жүргізілуінен кейінгі шығарған қорытындыда латын әліпбиі енгізіп, қолдауды көпшілік қолдайтындығы аңғарылды.
Сондықтан Президентіміз Н.Назарбаевтың: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деуі осыған дәлел.
Мақала жарық көрген күннен бастап осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңызы, өзектілігі жанжақты айтылғаны белгілі. Мемлекет тарапынан нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Қазақстандық тіл мамандары латын әліпбиінің бірнеше нұсқасын жасап, халықтың талқылауына ұсынды. Нәтижесінде 2017 жылдың 26 қазанында Елбасы қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету жөніндегі жарлыққа қол қойылып, ресми түрде мақұлданды. Халық арасында қызу талқылауға салынып, түрлі ойлар баспасөз беттерінде жарық көргеннен кейін әліпбиге түзетулер енгізіліп, 2018 жылдың 19 ақпанында түпкілікті бекітілді. Енді еліміздің алдындағы маңызды мақсаты 32 әріптен тұратын әліпбиді қолданысқа енгізу болып табылады.
Президентіміз Н. Назарбаев бізге латын әліпбиіне көшуді реттеп, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын жазуына көшудің нақты кестесін жасауды жүктеп отыр. Ол үшін 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуді ұсынуы аса орынды деуге болады. Дегенмен, ХХ ғасыр 30-40 жылдардағы жазуды латын графикасына көшірудегі және де осы латын әрібіне негізделген әліпбиге көшкен бұрынғы КСРО құрамындағы елдердің тәжірибелеріне қаперге алу аса маңызды. Себебі, өткен ғасырда қазақ жазуын үш бірдей арабқа, латынға, латыннан орыс жазуына (кириллица) көшіру мәдени даму барысына біршама кедергілер келтірді. Бұл біріншіден, жаңа әріп жасауда, оны насихаттауда, жаңа оқу құралдарын, кітаптарды шығаруда баспаханаларды ыңғайлауда көп қаражатты қажет етсе, екіншіден, араб жазуынан енді латын жазуын қабылдап, терең біліп келе жатқанда орыс жазуына көшіру тұрғылықты халықтың арасында қобалжулықтарды да туындатты. Қазақ жазуының бірнеше рет өзгеріске ұшырауы мәдени құндылықтарымызды пайдалануда біршама қиындықтар тудырды. Араб, латын әрібінде жазылып, жарық көрген көптеген кітаптарымыз кітапхана сөрелерінде жатып қалды. Міне, осындай жағдай қайталанбас үшін бұрынғы қателіктерімізді ескеруіміз орынды.
«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы жайында Елбасының: «...Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. Жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелестікке қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады...», деуі, 2017 жылы әлемдегі жоғары оқу орындарында қолданылудағы таңдаулы кітаптардың қазақстандық студенттердің білім сапасын арттыруына лайықтылығы нақтыланған болатын. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы негізінде 2018 жылдың өзінде іріктелініп алынған 18 оқулық қазақ тіліне аударылып, қазіргі таңда жоғары оқу орындарының пайдаланылуына берілді. Бұлардың арасында гуманитарлық ғылым заманауи білім сапасын артыруға Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері», Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы», Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы, Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. «Әлеуметтік психологияға кіріспе», Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция». Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы», Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс», Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент» кітаптарының қосары мол боларына сенеміз.
Аударылған оқулықтарда әлеуметтану, мәдениеттану, тіл білімі, антропология, менеджмент, философия, психология мен экономика және тағы басқа ғылымдар қамтылған. Әр оқулықтың ерекшеліктері, маңыздылығы бар. Оқырман оқып отырған мәселесіне қатысты шетел ғалымдарының көзқарасымен танысып, өзіндік пайым жасауға әбден мүмкін. Мәселен, оқулардың арасында британдық философ, дінтанушы Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» кітабы әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған. Құдайды тануға, жалпы дінтануға арналған бұл кітап яхудилік, христиан және ислам діндерінің әлемдегі орнынан бастап, Авраамнан бастап, діннің антикалық, орта ғасыр, жаңа заман мен қазіргі кездегі даму кезеңдерін көрсетеді.
Энтони Кеннидің екі томдық «Антика философиясының» 1-ші томында Ежелгі Жерорта теңізі маңындағы философияның тууы және өркендеуі, ойлауы мен пайымдауының өрісі жөніндегі Пифагор мен Фалестен бастап, Аугустинге дейінгі аралықтағы ақыл-ой философиясын, Сократ пен Платонның ілімін, Аристотельдің саяси теориясын, жан мен сана, түйсіну мен ойлау, ерік, сезім, ізгілік, рахат, бақыт, құдай туралы ойлар қамтылса, ал 2-ші томында Аугистиннен бастап, яғни 387 жылдан1512 жылғы Латеран соборына дейінгі аралықтағы тарих қарастырылады.
Автор бұл еңбегінің кіріспе бөлімінде: «Философияның пайда болуынан бастап, қазіргі қалпына дейін қамтылатын бұл ой тарихында мен екі мақсатты да жұмыстың әр бөлігінде өзінше дамытқым келеді. ...даналық ілім тарихын жазу үшін мақсаты айқындаудан бұрын азырақ аялдап, нағыз философияның табиғатын саралап алу қажет», дей келе, кітап жазуының мақсатын «өмірден өткен ғұламалардың философиясы уақытпен шектелмейтінін және бүгінде біз ұлы еңбектерді мұраға алып қалып, оларды егжей-тегжейлі оқи отырып, философиялық танымға қол жеткізе алатынымызды көрсету» деп келтіреді [2, 20]. Ал белгілі француз ғалымы Реми Хесс «Философияның таңдаулы 25 кітабында» оқырмандарын батыстың көрнекті ойшылдарымен және олардың шығармаларымен таныстыруды мақсат тұтқан. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықтағы Платоннан бастап, Жан-Франсуа Маттеи сияқты Батыс философтарының 25 шығармасы іріктеліп алынған кітаптың авторы алғы сөзінде кітаптың жас ұрпақтың философиямен алғаш танысуына көмектесуге арналғандығын, осы кезге дейін еңбегінің он екі тілге аударылғандығын, енді, «қазақ тіліне аударылуы жаңа бір мәдениетке жол ашқан қақпаға айналып отыр» дей, философия оқуға, жазуға, өмір сүруге және ойлауға тәрбиелейді деген тұжырым жасады. Автордың оқырмандарға ұсынған бір ұсынысы бұрынғы философтардың тәсілімен философиялық күнделік жүргізу. Өзінің Джон Локк, МаркАнтуан Жюльен, Мен де Биран және басқа ойшылдардың дәстүрін жалғастырып, күнделік жазумен айналысып келуі «талқылау, пікір алмасу диалектикасын қалыптастыруға мүмкіндік береді» деген тұжырымды ұстанады [3, 13-14]. Бір сөзбен айтсақ, философтардың еңбектерін оқу арқылы өмірде сабақ аларлық, қажетті ой-пікірлерді, ұстаным, тұжырымдарды жазып алу арқылы, беделге, мәдениетке, адамгершілік құндылықтарды бойға сіңіруге ұмтылу болып табылады.
Реми Хесстің кітабы арқылы Платонның шығармасынан махабатты, Гоббс, Локк, Руссо мен Сартрдағы саясатты, Кант пен Шопенгауэрдің танымын, Әулие Аугустиндегі дінді, Гуссерль мен Хайдеггердегі уақытты, Аристотель мен Спинозадағы этиканы, Гегельдегі құқықты, Маркстегі идеологияны және т.б. философтардың әдіснама, қоғам жайындағы көзқарастарын оқи отырып, өз заманындағы осы мәселелерге қатысты көзқарастың қалай өрбіп отырғандығын салыстырмалы түрде қарастыруға болады [4, 19].
Қазақшаланған Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» еңбегі антропологияның қалыптасу мен даму тарихына арналған. Осы ғылымға қатысты туындаған көзқарастар мен түсініктерді талдай отырып, антропологиядағы эволюция, диффузионизм және мәдени аймақтар теориялары, функционализм және құрылымдық фунционализм, структурализм, интерпретациялық және постмодернистік әдістері және тағы басқа тұжырымдарды кеңінен қамтыған. Бұл кітаптың негізгі мазмұны антропология теориясына арналғандықтан, автор оқырмандарын антропология идеяларының дамуымен таныстыруды мақсат еткен [5, 9].
Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері» оқулығы қоғам және оның құрылымы, қоғамдағы түрлі әрекеттер мен мінез-құлықтар туралы, әлеуметтанудың негізгі ұғымдарын, зерттеу әдістері мен теорияларын, әлеуметтанудағы негізгі көзқарастарды саралауға арналған. Бұл еңбекте этностық теңсіздік, отбасы, білім, дін, халық саны, әлеуметтік өзгерістер, ғаламдық проблемалар мысалдар негізінде жан-жақты ашып береді [6, 5-7].
2018 жылы Елбасының тапсырмасымен 30 кітапты сапалы аударып, басылып шығуына барлық жағдайлар жасалуда. Жалпы, бұл кітаптардың біріншіден, білім беру үрдісінде тиімділігі зор, екіншіден, студенттердің заманауи білімге қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Ал үшіншіден, жоғары оқу орындарының білім сапасын арттырып, білім саласындағы жаһандық бәсекелестікке мүмкіндік береді.
ҚР Президенті Н.Ә. бағдарламалық мақаласында міндеттеген келесі бір мәселе «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе дайындалуға
Назарбаевтың қолға алуды «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Осы жоба аясында Елбасының тапсырмасымен ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы құрылып, өңірлік комиссияның, өлкетанушылардың, ғалымдардың пікірлері ескеріле отырып, киелі орын саналған 100 нысанның тізімі ұсынылды. Сараптамалық кеңестің шешімімен осы тізімге енгізілген қасиетті нысандар бес тоқа жіктелді:
- Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар.
- Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған, Қазақ мемлекетінің, Ұлы жібек жолының құрылуына ұйытқы болған ортағасырлық қалалар кіреді.
- Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындар. Бұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыстыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға айналған, көне түркі дәуірі және орта ғасырлардағы, сонымен бірге ХІХ аяғы ХХ ғасырдың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды.
- Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батырбилерін жиып, елдік маңызды мәселелерді шешкен хандар, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың батырлары, ұлтазаттық қозғалысының жетекшілері, қолбасшылары, ғылым мен білімге, мәдениетке қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағартушылар туралы мәні зор орындар алынып отыр.
- Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ халқының бірлігі үшін болған шайқастарды, ерлікті, батырлықты, қайсарлықты
насихаттайтын, елдің бірлігін білдіретін ескерткіштер мен ел жадында өшпес із қалдырған қасіретті орындар мен қоғамның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар мемлекетіміздің жаңа нышандары еніп отыр [7, 9].
«Ерекше қорғалатын табиғи ескерткіштердің» тізімінде Ұлытау, Әулиетау (Ақмешіт) шыңы, Едіге шыңы, Алтын шоқы, Бекет ата тауы мен үңгірі, Иманқара кешені, Жылаған ата бұлағы мен үңгірі, Ақмешіт үңгірі, Қазығұрт тау кешені және т.б. енгізілсе, ал «Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтарға» Торғай геоглифтері, Таңбалы (Тамғалы) археологиялық кешені, Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені,
«Бозоқ» қалашығы, «Боралдай», «Есік» тарихиархеологиялық кешендері, Яссы, Қойлық қалашығы, Жанкент қалашығы және т.б. орындар болса, «Дін және ғибадат орындарын» Үкаш ата, Абат-Байтақ кесенесі, Ботағай кесенесі және тағы басқа қазақ жерінде сақталып қалған кесенелер, «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындарға» Қобыланды батыр мемориалды кешенінен бастап, Қапал, Қабанбай, Қарасай, Ағынтай және тағы басқа қазақ халқының батырлары, Махамбет, Исатай, Есет, Жанқожа сияқты ұлт-азаттық қозғалыстың басшыларының мавзолейлері мен кесенелері, ағартушы Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Абай, кешендері мен қазақ халқының қамын ойлап, екі бірдей жүйемен күрескен, қуғын-сүргін нәубетіне ұшыраған А. Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары мен мемлекет қайраткерлерінің, Ж. Жабаевтай ақын-жыраулардың мемориалдық үйлері, тарихи-мәдени кешені, кесенесі, сондай-ақ, саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар енгізілді. Мәселен, 1921-1922 және 1931-1933 жылдарындағы ашаршылық құрбандарына арналған монумент енгізілуі, бұл қазақ ұлтының тарихындағы орны толмас қасіреттің өскелең ұрпақтың біліп, өткен тарихты үнемі еске алып, оларға тағзым етуіне жөн сілтері сөзсіз. Немесе Орбұлақ, Аңырақай, Бұланты сияқты қазақтардың жоңғар шапқыншыларына қарсы шайқастары болған жерлердің қасиетті жерлерге айналуы, сол шайқаста жері, елі үшін өмірін қиған қаншама абзал азаматтарға құрмет көрсету деп түсіну керек. Бұл болашақта туристік нысандарға айналып, тарихымыздың сыр шертетін қасиетті мекені болса, бай рухани тарихымыз ұлт жадында мәңгі сақталар еді.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Туған жер» бағдарламасының патриоттық маңызы бар. Қазақ халқы ғасырлар бойы жерін, ұлттық салтдәстүрін, тілін, дінін, мәдениетін, әдебиетін, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухын сақтауға, ұрпақтан-ұрпаққа қалдыруға тырысты. Себебі, ұлттық құндылығын жоғалтқан халық еш уақытта еңсесін көтере алмайды, ондай елді ешкімде мойындамайды. Қаншама халықтың дүниетанымынан, жерінен, тілінен, дінінен айырылып, біреулерге кіріптар болып отырғандығы тарихтан белгілі. Елбасының рухани жаңғыруда осындай ұлттық құндылықтарымызды сақтауымыздың маңыздылығын көтеруінің мәнісі де осында.
Өскелең жастарымызды ең бірінші өзі туып өскен жерін сүюге, тарихын, мәдениетін біліп, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұстануға, сол жерден шыққан, еңбегі сіңген, белгілі азаматтардың есімдерін ұлықтау арқылы баулу аса қажет. Туған жерді қастерлеу, оннан өніп-өсіп шыққан тұлғалардың жасампаздығын тарихта қалдыру ұлттық рухымыздың биіктігін көрсетері сөзсіз. Бүгінгі өркениеттілікке ұмтылған егеменді ел, мемлекетіміздің патриоттық ұрпағын тәрбиелеуде өткенімізді еске алып, өшкенімізді жандандырып, ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді жаңғыртып, санамызға тек адамгершілікті қаситеттер мен жұртымыздан қалған құндылықтарымызды бағалау аса маңызды. Міне, осы жағдайды Елбасының рухани жаңғыруға қатысты тұжырымдамасы меңзеп көрсетеді.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. Алматы: 2018. 56 б.
- Кенни Энтони. Батыс философияның жаңа тарихы. 1-том. Антика философиясы. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018. 408 б.
- Хесс Р. Философияның таңдаулы 25 кітабы. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018. 360 б.
- Хесс Р. Философияның таңдаулы 25 кітабы. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018. 360 б.
- Барнард А. Антропология тарихы мен теориясы. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018. 240 б.
- Бринкерхоф Д., Уейтс Р., Ортега С. Әлеуметтану негіздері. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018. 464 б.
- Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары. Астана: Фолиант, 2017. 496 б.