Мақаладабүгінгі таңда дүниежүзілік ғылым тарихында дәстүрлі және қазіргі методологиялық бағыттар өмір сүреді. Дәстүрлі методологиялық бағыттардеп эволюционизм, диффузионизм, функционализм, позитивизм аталады. Ал қазіргі методологиялық бағыттарға феноменология, этнометодологияжатады. Ал кейде методология ретінде айтылып жүрген өркениеттілік, модернизм мен постмодернизм, структурализм және т.б. макро немесе мегатеория дәрежесіне де жетпейді, бұрынғы методологиялық бағыттардағы кейбір тұжырымдардың жасанды жалғасы ғана болып табылатынын ескеруіміз қажет.
Дәстүрлі методологиялық бағыттарды ұлттық тарихты зерттеу мен оқытуда пайдалану мәселелеріне қысқаша тоқтала кетейік. Бұлардың ішінде алғаш болып кең таралғаны эволюционизм. Эволюционизм - биогеоценоздардан, сондай-ақ таксондар мен түрлерден тұратын Жер биосферасының біртіндеп прогресті түрде дамитындығы туралы тұғырнамалық көзқарастар жиынтығы. Чарльз Дарвиннің биологияның негізгі концепциясы ретінде пайда болып, негізделіп дамыған және бүгінгі таңда эволюцияның синтетикалық теориясы (ЭСТ) арқылы жаңғыра түскен эволюционизм дүниежүзілік тарихи үрдісті жанжақты сипаттауға толық мүмкіндік бермейді. Мәселен, эволюционизм бойынша Хетт, Ассирия және т.б. тарихи сахнадан шығып қалған кептеген халықтар мен елдердің дамуының тоқтап қалуын түсіндіру мүмкін емес. Ал қазақ елі тарихына келетін болсақ оның эволюционизм бойынша алғанда, бірізді және үздіксіз дамығандығы жөніндегі тұжырым шындыққа қайшы келеді. Онда көптеген тоқыраулар, тіпті кері кетулер болғандығы белгілі. Бұларды эволюционизм бойынша жаза беру тарихи шындықты бұрмалау болып табылады. Сондықтан де әлі күнге дейін қазақ тарихы дұрыс жазылмай келеді және оның көптеген ауқымды мәселелері бойынша пікірталастар да толастамай отыр.
Жалпы тарихты, соның ішінде әсіресе қазақ тарихын жазуда жаңа көзқарастар мен парадигмалар керек. Ал оған қол жеткізу эволюционизмнен басқа да методологиялық бағыттарды пайдаланғанда ғана мүмкін. Өйткені олар негізінен алғанда эволюционизмнің кемшіліктері мен біржақтылықтарын айқындау мен дәлелдеу барысында дүниеге келген методологиялық бағыттар еді.
Солардың алғашқыларының бірі болған диффузионизм қоғамдық даму негізі мәдениеттің бір орталықтан келесісіне таралуы мен алмасуы үрдісінде деп есептейді. Эволюционизмнен ерекшелігі диффузионистер мәдениеттің таралуына ең алдымен жаулаушылық, сауда, отарлау әсер етті. Ал дамудың ішкі факторлары содан кейінгі орында, яғни екінші қатарда тұрады деп есептейді.
Бұл методологиялық бағыттың пайда болуында үлкен рөл атқарған Фридрих Ратцель белгілі бір мәдениеттің қалыптасуында адамдардың бейімделіп, үйренісіп кететін географиялық ортасының маңызын баса көрсетеді. Сол мәдениеттің таралуында халықтардың қоныс аударуын басты фактор ретінде қарастырады. Ал мәдениетті тірі организммен салыстыра отырып, оны басқа жерге сеуіп, өсірсе даму жолы басқаша болады, адам мәдениетті жасаушы емес, тек оны таратушы деп есептеген және мәдениет морфологиясы теориясын жасаған Лео Фробениус диффузионизмді дамыта түсті. Мәдениет элементі бір жерде, бірақ рет пайда болып, содан соң Жер бетінің басқа аймақтарына таралады дей отырып, мәдени шеңберлер теориясын жасаған Фриц Гребнер диффузионизмнің тарала түсуінде үлкен рөл атқарды. Материалдық мәдениет ескерткіштері, салт-дәстүр, дүниетанымдық және діни сенімдер негізінде Жер бетіндегі сегіз мәдени шеңберді ерекшелеген оның идеялары кейін өркениеттер туралы Шпенглер мен Тойнбидің теорияларына ықпал етті.
Диффузионизм Австрия мен Германияда кең таралды. Одан соң Англияда Уильям Риверс,Грэфтон Эллиот-Смит, ал АҚШ-та Эдуард Сепир сияқты зерттеушілер дамытып, тарата түсті. Диффузионизмнің жаңара, жаңғыра түсуіне норвегтік зерттеуші Тур Хейердалдың ежелгі замандарда-ақ халықтардың трансмұхиттық саяхаттар жасауы мүмкін екендігі туралы идеялары мен тәжірибелері үлкен әсер етті.
Қазіргі қазақ жерінің басқыншылық шабуылдар мен отаршылдық алаңы болып келгені барлығымызға белгілі. Бұлармен қатар оның табиғи-географиялық жағдайы ежелден-ақ Азия елдерінің ғана емес, Шығыс пен Батыстың сауда және мәдени байланыстарының басты аймағы болғандығы да анықтала түсуде. Оның айқын дәлелі ежелгі және ортағасырлық кезеңдерде дүниежүзілік көлемде үлкен рөл атқарған Ұлы Жібек жолының қазақ жері арқылы өтуі. Одан ертерекке үңілсек қазіргі қазақ жері арғы отаны болған және ұрпақтарының негізгі бөлігі осында қалған, арийлердің Еуропаға, оңтүстікбатыс Азияға, Үндістанға қоныс аударуы, олардың ұрпақтары сақтардың Алтай мен қазіргі Шыңжаннан бастап, Фракияға дейінгі ұлан ғайыр аумақты мекендегендігі, сол аумаққа кейінде ие болған қыпшақтардың, тіпті көне түріктердің де тарихының толық жазылмай отырғандығы осы диффузионизмді методологиялық бағыт ретінде қолданбауымыздан болып отыр. Моңғол және жоңғар шапқыншылықтары мен олардың салдарлары туралы, тіпті орыс отаршылдығы жөніндегі көптеген мәселелердің айқын болмауы, толық зерттелмеуі де осыған байланысты екендігін түсінгеніміз жөн. Қазақ тарихын қазіргі Қазақстан Республикасы шеңберінен асырмауға тырысудың өзі диффузионизмді білмеуден, сол себепті де тарихи уақыттың тарихи кеңістікті өзгертіп отыратынын, яғни белгілі бір кезеңдерде қазақ тарихының территориялық ауқымының одан кеңейіп, ал кейде тіпті тарылып отырғандығын, түсінбеуден болып отыр. Бұл аталған мәселелерді тереңірек зерттеу барысында диффузионизмді методологиялық бағыт ретінде ұстанғанда ғана көптеген мәселелердің айқындала, ал қазақ тарихының шынайылық дәрежесі арта түседі.
Келесі бір дәстүрлі методологиялық бағыт функционализм. Оны кейінгі кездері құрылымдық функционализм деп те атайды. Оның бастапқы негізін салушылар Огюст Конт, Герберт Спенсер, Эмиль Дюркгейм болды. идеялары мен теорияларына сүйенеді. Құрылымдық функционализмді негіздеушілердің және алғашқы дамытушылардың бірі Англиялық Бронислав Малиновский болды. Ол Тынық мұхитындағы Тробрианд аралдарының, ал РэдклиффБраун Бирманың жағалауына жақын Андаман аралдарының тұрғындарын зерттеу барысында қоғамды немесе мәдениетті зерттеу барысында оларды біртұтас, бүтін нәрсе ретінде қарастыруымыз қажет. Сонда ғана олардың маңызды институттарын түсініп, олардың мүшелерінің нег басқаша емес, дәл солай өздерін ұстайтынын ұғындыра аламыз, дейді. Олар мысалы, кейбір қоғамдардың діни сенімдері мен әдет-ғұрпын талдау барысында, қоғамның әртүрлі бөліктерінің бір-бірімен тығыз байланыста дамитындықтан, оларды басқа да институттармен байланыста қарастырамыз. Қоғамның әлеуметтік қызметінің түрінің немесе институтының функциясын зерттеу оның қоғамның өміртіршілігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін талдау деген сөз, деп есептейді бұл зерттеушілер. Міне осылайша кез-келген мәселені зерттеу барысында оның құрылымдық бөлшектерінің қызметін талдай отырып зерттеу ғана шынайылыққа қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігін баса көрсететін жаңа көзқарастар жүйесі қалыптаса бастады.
Құрылымдық функционализм қоғам әрқайсысы өзіндік қызмет (функция) атқаратын құрылымдары бар әлеуметтік жүйелерден тұрады деп есептейді. Оның методологиялық бағыт ретінде дамитүсуінде америкалық зерттеуші Толкотт Парсонс өзіндік рөл атқарды. Құрылымдық функционализмнің басты идеяларының бірі «әлеуметтік тәртіп» идеясы. Мұның басты мәні кез-келген жүйенің өзінің тепе-теңдігін сақтауға ұмтылуы, өзінің әртүрлі элементтері арасында келісімге қол жеткізуі болып табылады. Парсонстың тұжырымы бойынша қоғамның өмір сүруінің жалпы механизмдерін біртұтас жүйе ретінде қарстыру, ондағы әрбір элементтердің рөлі мен орнын, қоғамдағы жеке тұлға және мәдениет сияқты әлеуметтік жүйелермен байланыста зерттеу қажет. Ол әлеуметтік жүйедегі, ең алдымен қоғамдағы тұрақтылықтың қалыптасуының негіздеріне терең талдау жасалатынын көрсетті. Құрылымдық функционализмнің одан әрі дамуына Роберт Мертон үлкен үлес қосты. Ол функционалдық талдаудың Рэдклифф-Браун пен Малиновский ұсынғаннан гөрі күрделі жолын жасапды. Мертон функцияны айқын және бүркемелі деп екі түрге бөлді. Мұнымен қатар ол дисфункция ұғымын енгізеді. Әлеуметтік қызметтің дисфункционалды аспектілерін, яғни қоғамның біртұтастығына қауып төндіретін қырларын зерттеу қажеттігін де көрсетті. Екі түрлі дінді, немесе тіпті бір діннің әртүрлі бағыттарын ұстанатын топтардың әрекеттері ауқымды әлеуметтік қақтығыстарға, кейде қоғамның бөлінуіне алып келетін жағдайларды да тудыруы мүмкін екендігі туралы айтады. Сөйтіп ол құрылымдық функционализмді бүгінгі таңдағы қоғамдық қатынастарды зерттеу барысында пайдалану жолдарын айқындай түсті. Батыс Еуропалық әлеуметтануда құрылымдық функционализм саяси тарихты, әлеуметтік тарихты, соның ішінде әсіресе қылмыстар тарихын, отбасы мәселелерін, әлеуметтік стратиграфияны зерттеуде кең қолданылды. Құрылымдық функционализм бүгінгі таңда да жетекші методологиялық бағыттардың бірі ретінде сақталып отыр.
Дәстүрлі методологиялық келесі бағыт позитивизм. ХІХ ғ. 30-40 жылдарында пайда болған бұл методологиялық бағытты негіздеуші Огюст Конт деп есептеледі. Ол әлем туралы адамзаттық білімді екі топқа: позитивті және спекулятивті деп бөледі. Позитивті білім теориялық жолмен алына отырып, тәжірибе арқылы тексеруден өтіп барып жинақталады. Ал спекулятивті білім ақыл-ой арқылы жинақтала отырып, тәжірибелік тексеруден өткізуге келмейді, сондықтан оның шынайылығын айқындау мүмкін емес. Сондықтан да метафизикалық, немесе теориялық философиялық теориялар мен ілімдер ғылымның дамуына кедергі келтіретіндіктен, ғылымнан шеттетілуі керек,деп жариялады.
Позитивизмнің қалыптасуы мен дамуына Джон Милль (1806 1873) мен Герберт Спенсер (1820 1903) үлкен үлес қосты. Жалпы алғанда позитивизм өз дамуында махизм, неопозитивизм және постпозитивизм кезеңдерін бастан өткерді. Осы сатылардан өте отырып, жетіле түсуі, әсіресе ғылыми және технологиялық прогреске сенім білдіруі методологиялық бағыт ретінде қалыптасып, бүгінгі таңның өзінде кең таралуына ықпал етті. Енді қазіргі таңда басымдыққа ие болып отырған методологиялық бағыттың бірі феноменологияға тоқталайық.Феноменология ғылыми-философиялық бағыт ретінде ХХ ғ. басында пайда болды деп есептеледі. 1900-1901 жылдары Эдмунд Гуссерлдің логикалық зерттеулері, Александр Пфендердің ерік феноменологиясы, Макс Шелердің трансенденталды және психологиялық әдіс туралы еңбектері жарық көрді. Үшеуі үш қалада Э. Гуссерл Галлада, А. Пфендер -Мюнхенде, ал М. Шелер Йенде доцент қызметтерін атқарғандарына, бірін бірі танымайтындықтарына қарамастан олардың көзқарастары, әсіресе «психологиялық» және «трансенденталды» ұғымдары философияның әдістері мәселесі көлемінде біршама пікірталастардың арқауы болды.
Бұл үшеуі Германиядағы ғана емес, кейінірек Франциядағы, Белгиядағы, тіпті Америкадағы философтар ат салысқан жаңа қозғалысқа түрткі болды. Зертеушілер жалпы феноменологияның пайда болу және қалыптасуы мен даму сатыларын Э. Гуссерльдің өмірі мен қызметімен байланыстыра сипаттайды. Бұл бекер емес еді. Өйткені ол бұл методолгиялық бағыттың қалыптасуында басты тұлға болды.
Феноменологияның бірінші кезеңі бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына тура келді. Бұл кезеңде Э. Гуссерльдің ғылыми жетістіктері мен жеке қызметі маңызды рөл атқарды. Жоғарыда аталған еңбегі жарияланғаннан кейін, 1901 жылы ол Геттинген университетінде профессор болып тағайындалды. Сонда ол 1916 жылға дейін жұмыс істеді. Соғыс басталғаннан кейін оның шәкірттері майданға кетті. Соғыстың басталуынан бір жыл бұрын Э. Гуссерльдің «Таза феноменологияның иедеялары» атты екінші көлемді еңбегінің бірінші бөлімі жарияланды. Зерттеушілер бұл еңбектің шығуымен феноменологияның бірінші кезеңі аяқталып, Э. Гуссерльдің көзқарасында жаңаша ойлар, бетбұрыстар пайда болып, феноменология тарихының екінші кезеңі басталды деп есептейді.
Жалпы алғанда, Э. Гуссерльдің Геттингендегі алғашқы кездердегі жағдайы өте жақсы бола қоймаған. Факультетке бағынбайтын жеке кафедрасының болғанына, экстроординарлық профессор аталғанына қарамастан оған факультеттегілер қарсы болып, оның ординарлық профессор атағын алуына мүмкіндік бермеді. Алғашқы кездері оның дәрістеріне аздаған ғана студенттер келетін болды. Сондықтан ол көпшіліктің арасында бедел жинауға тиісті болды. Міне осы жағдай оның жаңаша ойлауына, жаңа ғылыми бағыт ашуына ұмтылысын тудырды. Ақыры ординарлық профессор атағын алды. Оның дәрістері оқылатын аудитория тола бастады.
Бірақ 1916 жылы Э. Гуссерль Фрайбургке ауысты. Сөйтіп феноменологияның қалыптасуының екінші кезеңі басталды Алғашқы кезде ондағы жағдай Геттингендегі алғашқы уақыттарға ұқсас болды: студенттер аз, таныс емес орта. Мұнда ол мүлде бөлек орта жинақтауға тиіс еді. Дегенмен, біртіндепЭдит Штайн, Мартин Хайдеггер сияқты шәкірттер жинала бастады. Бірнеше жылдан кейін жаңа ортаны топтастыра алды. 1921-1923 жылдары оның семинарларына басқа қалалардан студенттер мен жас философтар келе бастады. Феноменологияның өрлеу үрдісі басталды. 1929 жылы Э. Гуссерльдің трансенденталды логика туралы еңбегі жарияланды. Ол бұл көзқарасын өзінің дәрістерінде дамытып, насихаттап отырды. Лондонға, Амстердамға, Парижге дәрістер оқуға барып, феноменология туралы ойларын жариялап, насихаттады.
1936-37 жылдары ол «Еуропа ғылымының дағдарысы және трансценденталды феноменология» атты еңбегін жазды. Мұнымен феноменологияның үшінші кезеңі басталады. Бірақ бұл кезеңде Э. Гуссерльдің егде тартқан және феноменологияның ықпалы бәсеңдеген еді. 1938 жылы Э. Гуссерль қайтыс болды.
Лувендегі Философия институтының директоры Ноэль Фрайбургтегі Э. Гуссерльдің қолжазбаларын жинатып алдырады. Ол 30000 беттік қолжазба болып шықты. Оларды реттеужәне баспаға дайындау жұмыстары жүргізілді. Соның барысында 1950 жылдан бастап, бұл еңбектер жариялана бастады. «Гуссерлиана» деген атпен белгілі болған бұл еңбектердің 11 томы жарық көрді. Бұл феноменологияның келесі кезеңін бастап берді.
Жалпы феноменологияның алдымен философиялық, кейінірек метологиялық бағыт ретінде танылуы бірден бола қойған жоқ. Ол туралы бұл бағытты негіздеушілердің өмірі мен қызметіне және сол кезеңдердің ерекшеліктеріне арнайы тоқталған дұрыс. Бұл жерде Біз тек оның кейбір мәселелеріне ғана тоқталамыз.
Феноменологияның маңызды құрамдас бөлімі феноменологиялық психология кеңістіктікуақыттық шындықты, EGO яғни толғандыратын, қабылданатын, ойлантатын, жетектейтін қабылет қасиеті бар нәрсе ретінде, өзінің зерттеу обьектісі ретінде қарастырады.
Феноменология термині алғаш И.Г. Ламберттің «Жаңа органон» атты 1764 жылғы еңбегінде кездеседі. Онда феноменология «көз көрерлік дүниелер туралы ілім» мағынасында айтылады [1]. И. Кант Ламбертке жазған хаттарының бірінде «негізгі феноменология» ұғымы қолданылған және оны метафизикалық пән ретінде айтып өткен екен. Ал Г.Ф. Гегельдің «Рух феноменологиясы» атты еңбегінде феноменологияны сананың тәжірибесі туралы ілім ретінде сипатталған[2].
Феноменология тек ХХ ғасырда ғана қазіргі философиялық ойдың жетекші бағытына айналды. Оның негізін салушы 1859-1938 жылдары өмір сүрген Эдмунд Гуссерль. Э. Гуссерль рационализмді, интуитивизмді, эмпиризмді сынай келе сана феноменологиясын негіздейді. Оның «Логикалық зерттеулер» (1900/01 жж.), «Таза феноменология мен
феноменологиялық философияға идеялар» (1913), «Еуропалық ғылымның дағдарысы және трансценденталды феноменология» және басқа еңбектерінде бұл тұжырым методологиялық бағыт дәрежесіне көтеріледі [3-5]. Сондықтан да «Жаңа философиялық энциклопедия» атты еңбекте: «Феноменология Гуссерля широкое, в потенции бесконечное поле методологических, а также гносеологических, онтологических, этических, эстетических, социально философских исследований любой темы философии через возврат к феноменам сознания и их анализу. Главные принципы и подходы гуссерлевской феноменологии, в основном сохраняющие свое значение на всех этапах ее эволюции и при всех оговорках признаваемые в различных (хотя и не во всех) модификациях феноменологии как направления», деп көрсетілген [6, 217] .
Тікелей тәжірибеге, болған оқиғаға қайта орала отырып, феноменология әлемді оның санадағы бейнесі, яғни феномен ретінде қарастырады. Бұл феноменология сыртқы әлемнің өмірін жоққа шығарады деген сөз емес. Феноменология шынайы болмыс туралы ешқандай тұжырымдар жасамайды.
Зерттеушілер мұны феноменологияның принципті бағыты деп те көрсетеді. «Феномендерді зерттеу, дейді олар, феноменологиялық тұрғыда біздің табиғи жағдайымызда өктемдік ететін болмыстың «метафизикалық» алғышарттарынан еркін, біздің нейтралды-теориялық талдау жолына түсуімізге мүмкіндік бермейді. Сана туралы Гуссерлдік ілімнің негізін интенционалдылық, яғни сананы пәндік салыстыру идеясы құрайды. Бір нәрсені кез-келген тану, мойындау феноменологияда «толғаныс», өзінің құрылымы бойынша интенционалды дүние ретінде қарастырылады», дейді [7, 79].
Феноменологияны методологиялық бағыт ретінде «феномендер туралы ілім» деп қана бағалап, анықтама беру және оны психология, дін мен онтология философиясы, жекелеген жаратылыстану ғылымдары философиясы, тіпті тарих философиясы ретінде қарастыру оның мәні мен мазмұнын толық сипаттауға мүмкіндік бермейді.
ОныБізфеноменологияныметодологиялықбағы третінденегіздеген Э.
Гуссерльдіңөзтүсіндірмесіненкөреміз: «чистая, или трансцендентальная феноменология получит свое обоснование не как наука о фактах, но как наука о сущностях (как наука „эйдетическая"}, как наука, которая намерена констатировать сущности" — Соответствующая психологического „сущности", или мышлении („эмпирической") всеобщности до всеобщности „сущностной" есть редукция эйдетическая»[4, 3].
Байқап отырғанымыздай феноменология нақты фактыны ғана феномен ретінде қарастырудан бас тарта отырып, оның мәні мен мазмұнын тануды басты деп есептейді. Соның негізінде Э. Гуссерль феноменологияны барлық ғылым салаларына, жалпы танымға негіз болатын әмбебап философиялық көзқарастар жиынтығы ретінде ұсынады [8]. Ол ғылыми зерттеулер жүргізудегі феноменологиялық редукцияның маңызын ерекшелей отырып оның үш түрі бар екендігін де байқатады. Олар сыртқы әлемге аңғалдықпен ене бермей, назарды санадағы актыге (ойға, уайымға) шоғырландыру керек,дейді және оны феноменологиялық-психологиялық редукция деп атайды. Бұл суждения фактической бірінші түрі. Ал екінші түрін жоғарыда аталған эйдетикалық редукция деп көрсете келе, санадағы бұл ой мен уайымды нақты факты ретінде емес, идеалды мазмұн ретінде қарастыру қажет екендігіне тоқталады. Міне осыдан соң сыртқы ортаны ғана емес рухани дүниедегі толқулар мен ойлар таза санаға жеткізеді, бұдан үшінші түрі - трансценденталды редукция қалыптасады деп есептейді. Байқап отырғанымыздай феноменологиялық редукцияның бұл үш түрі бір-бірімен байланысты және бірінен бірі туып жататын түрлері. Феноменологиялық методологиялық бағытты ғалымдар мен зерттеушілер осы жүйе негізінде пайдаланса біршама жаңаша тұжырымдар жасауға қол жеткізе алады.
Осы айтылған феноменологиялық методологиялық бағыт бойынша ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы қазақ тарихын, соның ішінде экономикалық-әлеуметтік даму мәселелерін зерттеу барысында фактологиялық негізден гөрі мәндік, мазмұндық танымға баса көңіл аударған дұрыс деп есептеледі. Сондықтан да сол кезеңдегі қазақтардың тарихының кейбір мәселелерін зерттеу мен жазу барысында феноменологиялық редукция мен оның түрлері басшылыққа алынуы жаңа тұжырымдарға бастау бола алады деп есептейміз. Мәселен, феноменологиялық трансценденталды редукция дәстүрлі қазақ шаруашылығын күйретті деп қана қоймай оның түпкі мәні мен мақсатын айқындауды және ашық жазуды қажет етеді. Бұл негізде ойлайтын болсақ Біз патша үкіметі мен оның саясатшыларының түпкі мақсаты қазақтарды көнсе крепостной шаруа, құл жағдайына келтіру, көнбесе халық, ұлт ретінде жою болғандығын көреміз. Сонда біздің тек «патша үкіметінің отарлауы» деп қана қоймай, «Патша үкіметінің қазақтарды резервациялау және ұлт ретінде жою тарихы» деген тақырыпта зерттеулер жүргізуіміз қажет. Ал сол кезеңдегі келеңсіз оқиғалар тарихы мәселесіне феноменологиялық тұрғыда келетін болсақ экономикалық тарих бойынша «ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы табиғи-географиялық жағдайлар және қазақтардың өмірі мен тіршілігі», «Қазақ даласындағы жұттар тарихы» деген тақырыптар ерекшеленеді.
Әлеуметтік тарихтың көптеген мәселелері де арнайы зерттеуді, сонымен қатар қайта қарауды талап етеді. Мәселен, «Қазақ байлары және буржуазиясының қалыптасуы», «Қазақтардың кедейленуі» және т.б. Ал бізде Қазақстан тарихына арналған басқа оқулықтарды айтпаған күннің өзінде, соңғы бестомдықтың үшінші томында баяғы таптық көзқарас негізінде «Жатақтар» мен «Пролетариат» тақырыптары параграфтар ретінде ерекшеленген.
Мәдениет тарихы мен төңкерісті құбылыстар тарихы мәселелері әлі де болса эволюционизм негізінде сипатталады. Мысалы, білім беру жүйесін әлі күнге заңды құбылыс ретінде баяндайды. Қазақ баспасөзі мен әдебиетінде ілгерілеушіліктің болғаны рас. Бірақ бұл салалар эйдетикалық редукция тұрғысынан қарайтын болсақ, отаршылдыққа қарсылық және сол тұрғыда халықтың сана сезімін ояту мақсаты мен бағытында дамыды. Ал білім беру жүйесіндегі басты саясат пен іс-әрекеттің қазақ халқын орыстандыру және рухани езу сипатында болғандығы феноменологиялық тұрғыда айқындала, жан-жақты ашыла түседі.
Бүгінгі таңда метатеория ауқымынан аса отырып методологиялық бағыт дәрежесіне жеткен этнометодологияны да кейбір зерттеушілер жазып жүргендей тікелей аударудағы «этнос» және «методос» сөздерімен ғана байланыстыру оның мәнін айқын түсінуге кедергі келтіреді. Бұл тұжырымымыздың дәлелділігін айқындай түсу үшін этнометодологияны негіздеген Г.
Гарфинкельдің өз тұжырымына көңіл бөлейік: «Мен «этнометодология» терминін индексті сөздің және басқа да нақты әрекеттердің күнделікті өмірдегі ұйымдасқан жасанды тәжірибенің болуы мүмкін үздіксіз жетістігі ретіндегі рационалды қасиеттерін зерттеуді көрсету үшін пайдаланамын»/9/. Сонымен Г. Гарфинкельдің айтуы бойынша күнделікті, қарапайым өмір нағыз әлеуметтік шындық этнометодологияның басты мәселесі.
Этнометодологиялық зерттеулер күнделікті заттар мен құбылыстарды ақылға қонымды және іс жүзінде түсіндіруге болатын, яғни қарапайым, күнделікті іс-әрекетті ғылыми негізде сипаттайтын дәрежедегі талдаулар жасау үшін қажет. Мұндай зерттеулер, Г. Гарфинкельдің түсіндіруі бойынша,
қатысушылардың шынайы, күнделікті әрекеттерінің практикалық әлеуметтанушылық ойды талдауға мүмкіндік беретін әдістерден құралатынын айқындауға, сонымен қатар, күнделікті, практикалық, кемел ойға негізделген әрекеттің формалды қасиеттерін ашуға бағытталады. Мұндай зерттеулер жүргізу барысында қоршаған ортаға күнделікті таныс нәрсе емес, бөтен, белгісіз дүние ретінде қарау керектігі басты принциптердің бірі және ол этнометодологиялық индифференттілік деп аталады.
Бұлжердетіпті Жергекелген жатпланеталықтура лы да мысалкелтіреді.
Қазақ тарихында белгісіз, айқын емес, тіпті мифологиялық көзқарастармен астасқан мәселелер өте көп. Сондықтан да этнометодологиялық индифференттілік ұстанымын негізге алу кейбір мәселелерді жаңаша, басқаша қарастыруға мүмкіндік береді. Этнометодологияның басты ерекшелігі күнделікті өмірмен байланысын ерекшелей отырып зерттеу болғандықтан рулық, тайпалық салт-дәстүрлердің пайда болуын, қолданылу жүйесін, маңызын және бүгінгі сипатын зерттеудің мәні үлкен. Бұл рулар мен тайпалардың өткендегі тарихын ғана емес, ұзақ уақыт өмір сүру себептерін, бүгінгі қоғамдағы алатын орнын айқындауда да этнометодологиялық негізде зерттеудің қажеттілігін, маңызын көрсетеді.
Әлемдік ғылыми әдебиетте теориялық концепцияларды микро және макро дәрежелерге бөлу орын алып отыр. Этнометодологияда осының екеуі де бар, әрі оларды біріктіру, аралас қарастыру да орын алады. Мұндағы микродәрежедегі зерттеулердің басты обьектісі өзара қатынастағы саны ең аз адамдардан тұрады және ол тұлғааралық интеракция деп аталады. Ал макродәрежедегі әлеуметтік өзара әрекеттер дін, отбасы, экономика, әлеуметтік қатынастар және тағы басқа да негізгі қоғамдық институттардан құралады /10/.
Қорыта келгенде, біз әлі күнге дейін тек бір ғана методологиялық бағытты эволюционизмді ғана пайдаланып, негізге алып келеміз. Бұл Қазақ тарихын терең, әрі жан-жақты сипаттауға мүмкіндік бермеуде . Сол себепті де Қазақ тарихының көптеген мәселелері айқын емес, толық зерттелмеген, пікірталасты болып отыр. Ал ұлттық тарихты тереңдете, кеңейте зерттеу үшін жоғарыда аталған методологиялық бағыттарды плюрализм негізінде қатар және аралас қолданғанда біраз мәселелер айқындалып, шынайылығы, ғылыми құны арта түсер еді.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Ламберт И. Г. Феноменология, или Учение о видимости (пер. К. А. Волковой) // Историкофилософский ежегодник. М.: Наука, 2006. С. 105-113.
- Гегель Г.В.Ф. Сочинения. Т.4. Феноменология духа. М.: 1959. 164 с.
- Гуссерль, Э. Логические исследования. М. : Дом интеллектуальной книги, 2001. 267 с.
- Гуссерль Э. Идеи к чистой феноменологии и феноменологической философии. М.: ДИК, 1999. 6 с.
- Гуссерль Эдмунд. Кризис европейских наук и трансцендентальная феноменология. СПб.: Владимир Даль, 2004. 281 с.
- Новая философская энциклопедия. М.: 2009. 149 с.
- Феноменологическая концепция сознания: проблемы и альтернативы. М.: РГГУ, 1998. 234 с.
- Гуссерль Э. Феноменология (Статья в Британской энциклопедии) // Логос. 1991. №1. С. 26-34.
- Гарфинкель Г. Исследования по этнометодологии.СПб.: 2007. 20 б.
- Ритцер Дж.Современные социологические теории. М.: 2002. 418 б.