Мақалада қазақ тіліндегі сөз жұту заңының лингвистикалық сипаты, олардың тіл деңгейлеріндегі көрінісі, сөз жұтуды тудырушы факторлар сөз болады. Үнемдеу заңының тілдегі негізгі ұғымдары анықталып, олардың қолданыс ерекшеліктері мен тілдегі қызметі теориялық тұрғыдан қарастырылды.
"Жұту" сөзі ғылымның бірнеше саласында қолданылады. Және қолданылу аясына сай мынадай мағыналары бар: 1) сұйықты жұту (биология); 2) су жұту - тау жыныстарының су сіңіру қабілеті(физика); 3)Адсорбтану - қатты немесе сұйық заттар бетінің газ, бу және еріген заттарды сіңіруі (химия). Жоғарыда аталғандай "жұту" сөзі ғылымның биология, химия, физика сияқты салаларында термин ретінде қалыптасқан. Тіл білімі саласында да бұл сөз қолданыста бар. Әсіресе тұрақты сөз тіркесінің кұрамында көп кезедеседі. Мысалы: жер жұту- жоғалу, басын жұту - жою, қан жұту -қайғыру, құса болу. Ал тіл білімінде "жұту" сөзін термин ретінде қарастыру мәселесі - кейінгі жылдардың еншісінде. Әсіресе, қазақ тіл білімінде..
Тіл білімінде "жұту" сөзі термин ретінде психологиялық фактормен байланысты болып келеді. "Адам психикасымен байланыстылығын нақтылай түсетін бірінші құбылыс - сөз жұту, үнсіз қалу (апозиопезис, апосиопезис немесе апозиопеза, апосиопеза; грек тілінен- үнсіздік) немесе басқаша айтқанда аяқталмаған, үзілген сөйлемдер" [1,72 б.]. Жұтылған сөйлемдер негізінен ауызекі сөйлеу және екі кітаби - көркем әдебиет және публицистикалық стильдер тіліне тән бола келе, сөйлеушіні белгілі бір қырынан танытып, әр түрлі эмоциялық әсерлері мен жай-күйлерін білдіреді. Нақтырақ айтсақ, адамның "қорқу"; "толқу"; "өкіну"; "ашулану"; "сенімсіздік"сияқты жай-күйлеріне байланысты сөз жұтылады. Яғни, сөз жұту құбылысы жеке адамның психикалық жай-күйіне байланысты болмақ.Сөйлеушінің сөйлеу әрекетіндегі сөздерінің жұтылуы түрлі психологиялық жағдаятқа байланысты екенін жоғарыда аталған түрлі сезім мен көңіл-күйдің өзгерісінен пайда болатын психологиялық жай- күйлердің әсерін анықтауға болады. Психикалық жай- күйі ұғымдарын лингвистикалық қырынан сипаттау бүгінгі күнде тіл білімінің өзекті мәселесінің бірі болып отыр.
Сөйлеушінің өз ойын әдейі аяқтамауы немесе үзілуі ерекше бір екпінмен жеткізіледі(көркем шығармада көп нүктемен беріледі). Мысалы:
- "Өзіңді -өзің алдама, Есеней, аярланба!" - деп тұр. Көңілге бір ой кіргелі қылаңдап тұр ма, қалай.[2,26 б.].
Көркем шығарманың тілінде жұтылған сөйлемдер жиі кездесетіндіктен, жоғарыда аталған жай-күйлердің әрқайсысына жекелей тоқталып, мысалмен талдап көрейік.
- "Қорқу" психологиялық жай-күйіне байланысты сөз жұту
Мысалдар:
- Жарты -ақ шақырым қалды ағашқа... Оқ бойы... Арқан бойы... Құтылды-ау қан жауғыр Қой
ұмтылмаса болмас
- Кімге деп отырмын ғой? - деді Қалампыр екіленіп. Айтқанымен де ұсынысы өтпеуіне көзі жеткен Баймырза еркін билеп алған әйелінен сырын жасыра алмады.
- Тоқсанбайдыкіне - деді ол күмілжіп [3,26 б.].
- Ол қала жаққа үркек аттай шекесінен қарап қойды.
- Дәуке, осы жақта колхозға қарсы шыққан басмашы бар деуші еді... Өзі былай...Өзі былай... Ұры- қары паналайтын жердің түрі екен, - деді ол күмілжіп [4,123 б.].
Қорқынышты сезу - бұл әр адам үшін қалыпты нәрсе. Қорқу эмоциясы кезінде адамның қимыл- қозғалысымен қатар сөйлеу мәнері өзгереді. Қорқу жағдайына байланысты адам өз ойын үзіп, сөзі жұтылып, аяқталмай қалуы мүмкін. Тіпті орнынан қозғала алмай, даусы шықпай қалатын кездері болады. Қорқыныштың жеңіл түрі - тынышсыздану, ауыры - үрейі ұшу. Жоғарыда келтірілген мысалдардан қорқыныш жағдайының екі формасына да байланысты сөз жұтуды байқауға болады.
Алғашқы мысалда адресанттың үрейі ұшуы жағдайына байланысты ойының үзілгенін байқаймыз. Яғни ойы қорқыныштан сан-саққа кеткендіктен, сөзін аяқтау мүмкіндігі болған жоқ. Үшінші мысалдан да адресант сөзінің жұтылуы қорқу жағдайының ауыр формасы - үрейленуге байланысты екенін көреміз. Адресанттың өзі хабардар оқиғадан шын қорқатындығын "өзі былай..." тіркесін қайталай бергендігінен байқауға болады. "Өзі былай..." тіркесі арқылы сөйлеуші қаланың "қауіп- қатерлі" жер екенін аңғартқандай.
Екінші мысалда қорқыныштың жеңіл формасы - күмілжу, тынышсыздану әсері басым. Күйеуінің қайда болғанын анықтау мақсатында анталаған Қалампырдың сұрағына "Тоқсанбайдікіне " деп
жауап беруінен Баймырзадан тартыншақтану, күмілжу, үрейлену сияқты эмоцияларды байқамыз. Бұнда адресанттың бойынан сенімсіздік те байқалады. Бірақ әйелінің бәрінен қанық болуы Баймырзаның бойында қорқыныш сезімін тудырғандықтан, сенімсіздікпен жауап берді.
- Толқу психологиялық жай-күйіне қатысты сөз жұту
Адамның бойында толқыныс қуану және ұялу жағдайына байланысты туындайды.
а)Қуану жағдайына байланысты толқуға мысалдар:
Кош келіп, байдың үйлері үлкен-үлкен жаба салмасын жасап алған кезде, сиырларының тілін салақтатып, сілекейін шұбыртып, бүйірін солықтатып, жүгіріп, сиырларын ұстап, жүгін түсіріп жатканда Шекерлер де келді. Түтігіп,
Күнікейге:
-Сайтан-ау! Сонша шауып... астыңдағыны алып қойса қайтесің? Маңдайыңа
басқан атыңнан жаман... -дегенде, Күнікей жайымен жұмыс істеп жатып:
- Ойбай, апа-ай! Ат беретін кісі мендей бола ма? Бүгінгі күні менікі болған жоқ па! - деді.
-Не дейді, ойбай, мына қыз! - деген соң, Күнікей бүгінгі әңгімесін айтып шықты. Шекер түк айта алмады.
- Сен бе? Сен -деп тамсанып жымыйды [4,123 б.].
Жоғарыдағы мысал диалогпен берілген. Диалогтың өн бойынан Шекерді "ашулану", "қорқу" және "қуану" психологиялық жай-күйлерін аңғаруға болады.
Күнікейдің байдың балаларымен бәйге жарыстырғанын естіген Шекердің бойын алдымен ашумен қоса қорқыныш биледі. "Атты тартып алып қойса қайтеді?" деген қорқыныштан ол қызына ашуланды. Кейіпкердің әр түрлі қорқу, ашулану, мазасыздану сияқты психикалық жай-күйлерін "Сонша шауып..." "Маңдайыңа басқан атыңнан жаман..." деген жұтылып, аяқсыз қалған сөздерінен байқауға болады. Кейіпкердің түрлі жай-күйі тұтас бір азат жолда бірнеше мәрте өзгергенідігін ары қарай тағы байқаймыз. Қызының бүгінгі күнде басып озып, бәйге алғанын естігенде Шекердің көңіл-күйі бірден өзгерді. Ол қуаныштан айтар "Сен бе? Сен " деп сөз таба алмауы, қызына тамсанып, оны мақтан тұтуымен байланысты. Адресант "Сен бе? Сен..." сөзінен кейін айтпақ ойын тежеп қалған. Ол "қуану" жағдайына байланысты толқыныс әсерінен дыбыстау мүшелерінің тежелуі себебінен. Алайда бұдан диалогтың мазмұны "зардап шеккен жоқ". Себебі автор адренсанттың жұтылған сөзін "тамсанып" етістігімен толықтырып тұр. Яғни Шекердің қуаныш, мақтаныш кернеген сезімін осы етістік айқындап тұрғандай. Шаттанып қуанған Шекер мүмкін "Сен бе? Сен қыздан ол шығады!", "Сен бе? Сен қыз, не болса да осы кедейліктен бізді сен құтқарасың.", "Сен бе? Сенің қолыңнан келеді", "Сен бе? Сен қыздан бұны күтуге болады" деп те айтқысы келген шығар. Оқырман Шекердің жұтылған сөзін өз қалауынша таңдау жасап, аяқтап алуына мүмкіндігі бар...
ә) Ұялу жағдаятына байланысты толқуға мысалдар:
- - Кеше мен сені жақсы көріп кеттім ғой, оны білдің бе? - деді.
-Сүйттіңіз бе?
-Сүйттім Сен ше?
-Мен бе?.. білмеймін... -деп Күнікей тұқырып, мырс етті [5,123 б.].
- - А, балақайым, алақайым, шырақайым. . . Қайдан келесің? - деп басын сипады. Ақбілек не дерін білмей күмілжіп, міңгірлеп қалды.
-Дуана-еке, мен... мен... Мамырбай
ақсақалдың... - дей беріп еді [6,65 б.].
- -Мына төбенің астында. Біздің топты көріп, ошарланып қалды. Сені шақырғалы келе жатсам, неге ұрдың мені?!
- Жау екен деп
Ұяттан беті қызарған Балуан Шолақ атынан қарғып түсіп, жығылған атқа қараса, соққан қамшы маңдай сүйегін айырып түскен екен [7,214 б.].
- - Енді одақ алмастырып ойналық, - деді.
- Мен жақсы ойнай алмаймын. Тек... - деп қызарақтады Әбен [3,143 б.].
- -Е, ән салып келесіңдер ме? Қане айтыңдаршы - деді Шәмши. Байдың қызы жоқта ыңырсып келе жатқан жаман-жұман қыздар:
- Ойбай- ау... жоқ... әншейін деп құты қашып,
дымын қоя қойды [6,48 б.].
Бірінші мысалдағы сөз сұраулы сөйлемдер негізінде жүзеге асқан. Күнікейге Байман өз сезімін білдіріп, қыздың ойын білмекке қарсы сұрақ қояды.
Оқырман Күнікейдің "Мен бе?... білмеймін..." деп іркіп қалуынан алғашқыда сенімсіздіктен бе деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ Күнікейдің ұлттық танымдық тұрғыдан қазақ қызына тән ұялшақтықтығы басым түсіп, "білмеймін..." деп сөзін жұтуын "ұялу" жағдайына байланысты толқудан деп түсінуге болады. Күнікейдің де Байманға деген сезімін "Мен бе?... білмеймін " дегенінен аңғару қиын емес. Бірақ автор Күнікейдің сөзін айтқызбай, көп нүктемен аяқтаған. Яғни қыздың толқып, ұялуы себебінен сөзі жұтылған.
"Өкіну" психологиялық жай-күйіне қатысты сөз жұту
- - Қайдан білейін, әлгі балалар болады деген секілді еді.
- Жақсылық жасаған жақсы, әрине. Бірақ заңның да обалы бар емес пе? Заң жарықтықты сыйламай болмайды. Апырай, ә?
- Заңға обал болса...
- Жоқ, жоқ. Бұл арада сіздің ешқандай жазығыңыз жоқ!
- - А... Апырай, ә [3,184 б.].
Жоғарыда берілген мысалда ақсақалдың сөзінен мүгедек ағайынына машинаны рұқсатсыз беріп қойғанына өкініп, өз-өзіне ренжігенін байқаймыз. "Заңға обал жасағанына" налып, өкіну әсерінен адресанттың сөзі жұтылған. Одан әрі "А... Апырай, ә " одағай сөзінің өзі ақсақалдың өкіну жағдайын аңғартып тұр. "Апырай" одағайы үнемі "өкіну", "ренжу", "налу" сияқты психологиялық жай-күйлерді сипаттайды. Сондықтан ақсақалдың сөзі жұтылса да, аталған одағай арқылы айтпақ ойы түсінікті болып тұр.
"Ашулану" психологиялық жай-күйіне қатысты сөз жұту
- - Опыр-ай.. Опыр-ай... аузын...! - деп келіп Қасен жуан қамшының басын Көксеректің көмекейіге тығып жіберіп, мықтап басып тұрып, жауының тұмсығын жоғары қарай керіп жіберді [8,56 б.].
- Бұл кезде Бейсембай да қара пышақты Көксеректің өкпесіне салып-салып жіберіп еді.
- Осы... осы.. Осы ит... - десті [8,56 б.].
- Жеңген адамның айқайына салып, баптап боқтағысы келді.
-Мен бар-ау... Сенің бар-ау, әй... іркіт құятын ескі мес сияқты қатыныңның бар-ау тап-тап бар-ау
[2,94 б.].
- -Сен мырзасың... Кәкөй шорт сен мырза... От, мен мырза болсам... Сол ма Иван?... Мен мырза бүкіл қарашұнақты бір уысқа сыйдырар едім... [3,55
б.].
- - Солай ма? Мен білсемші! Жеңгетайым сырттан бәрін байқап жүр екенсің ғой! - деп, Күнікейдің қолын байырына тартып, жүрегіне басып сипап қояды.
- Әнеугүніден бері жеңешемізге бір келіп амандасуға жарамай, ағаңыздың қадірі барлығы ғой... Кісі көргендей үйіміз де, күйіміз де жоқ, сонда да ... - деп Байманды бір састырды [6,165 б.].
- Құлтұманың тайталасқанына Шекердікі де ұстап кетті:
- Сенің не білгенің бар? Немене аузыңа келгенді күйсеп отырғаның ... Малға ие жігіт боп... Мал тұрсын, басыңда билік бар ма?... Сенде түйсік, сенде мынамдай сана болса, Күнікейден мал аяр ма едің? Жұрттың басынатыны - сенің қортықтығың ғой... Қысып отыр, аузымды қыздырмай... - деп Құлтұманы біржола орнынан тұрғысыз етті [6,189 б.].
"Ашулану" психологиялық жай-күйге байланысты сөз жұтылу жайлы филолология ғылымдарының кандидаты Ж. М. Баймұрынов өзінің "Синтаксистегі үнемдеу құбылыстары" еңбегінде былай дейді: "Ашу психологиялық жай-күйге қатысты айтылыста берілмек мазмұнды тасымалдаушы қатысымдық тұлғалар саны сөз саптау үдерісіндегі әуелгі жоспарға сай бола бермейді. Қатысымдық тұлғалардың сан жағынан бұлайша кеміп қалуы ашулы жағдайда сөйлеген адресанттың хабарды жарыққа шығаруға қатыстатын тиісті сөздерді таңдауда эстетикалық талғамын әлсіретіп алатындығымен түсіндіріледі. Айталық, ашуға құқық берген адамның анайы сөздерді де айтып салатыны, өрескел әрекеттерге де баратыны да бар. Себебі бар: психикадағы кенеттен болған күшті реакция сөйлеу иіліне тән салиқалы шешімге мұрша келтірмейді" [9, 148].
Ғалымның айтқан пікіріне сүйене отырып, жоғарыда берілген мысалдарды талдап көрсек.
Бірінші және екінші мысалдарда Қасен де Бейсембай да Көксеректі жек көріп кеткендіктері соншалық, ашуға булығып, айтар сөз таба алмай, анайы сөздер қатарын қолданулары да мүмкін еді.
Ал үшініші сөйлемде адресанттың сөзі не үшін жұтылғандығын автордың өзі айтып өтеді. Адресант анайы сөзді қолданбай, оның орнын "бар-ау..." нақтылау сөзімен толықтырған.
Ғалымдардың пайымдауынша, адамның қатты ашу-ызаға бөлену жағдайы жоғары жүйке қызметіндегі тежелу процесіне күшті қозу процесінің ерік бермеуі нәтижесінде туындайды. Соның салдарынан ашумен "аңдамай сөйлеп, ауырмай өлмес үшін" адресант сөзін жұтуға мәжбүр болады.
"Сенімсіздік" психологиялық жай-күйіне байланысты сөз жұту
- -Ұлпанжан бетіне адам қарсы келмей ерке өскен бала еді, кім білсін [2, 56].
- - Тәуір емеспін... Тәуір болуды тілемеймін де... Сәлем, сәлем айт?.. - деді. Жылап қоя берді.
- Тірі келсе көресің ғой , бірақ мен..
Тығылған жасқа булығып сөзін айта алмады [5,18].
- -Жай жүрмісің, Жұматай ?
-Жай емес қой... Не қылмақшы ем... нетіп.. - деп бірсыпыраға шейін ойын ашып айта алмай тұрды [5,135].
- Көзім тартып тұрғаны несі? - деп, бір бұраңдап қойған еді...
- Жай тартады... қуанарсың... қай көзің...?
- Қуанар ем: сол көзім... -деді бітті, кім елесін ондайды? [6,73].
Бірінші мысалда адамның бойындағы сенімсіздік, белгісіздік жай-күйін білдіретін "кім білсін.." тіркесінен адресант бойындағы күмән мен сенімсіздікті аңғаруға болады. Яғни Есеней өзін Ұлпанның қабылдар-қабылдамасына күмәні барын оқырманға осылай сездіреді.
Ал екінші мысалда ауыр халде жатқан Шұғаның психологиялық жан күйзелісі аңғарылады.Хал үстінде жатып, Әбдірахманды енді қайтіп көретіндігіне сенімсіздік танытып, "бірақ мен.." деп сөзін аяқтамайды. Онысы бірақ мен "тәуір болмаспын, жазылмаспын" дегені екенін оқырман түсініп отыр.Адресант тілінде қолданылып отырған қарысылықты жалғаулық оның бойындағы сенімсіздікті арттыра түседі.
Төртінші мысалда Ақбілектің сұрағына қыздардың "қай көзің..?" деп сенімсіздікпен жауап беруінде бір мән бар. Себебі "Оң көзің тартса - қуанасың, сол көзің тартса - ренжисің" деген ырымға сенуімен байланысты.
Қорыта келгенде, сөз жұту - психолингвистика заңымен тығыз байланысты. Тілдер табиғатындағы түрлі ерекшеліктерге қарамастан, тілдік деңгейлерде тұтастай танылатын үнемдеу заңдылығы ғалымдардың назарын аударып отырған ірі тілдік құбылыс. Бұл мәселе әлі де тереңдей зерттеуді қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Стилистический энциклопедический словарь /Под. ред. М.Н. Кожиной/- Издательство "Флинта", 2003.- 840 с.
- Мүсірепов Ғ. Ұлпан: Роман. - Алматы:Атамұра, 2003. - 264 б.
- Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы. Т.4. - 2010. - 385 б.
- Ахтанов Т. Махаббат мұңы: Таңдамалы шығармалар. - Алматы: раритет, 2005. - 288 б. - "Алтын қор" кітапханасы.
- Майлин Б. Шұғаның белгісі: Повестер мен әңгімелер. - Алматы: Атамұра, 2003. - 310 б.
- Аймауытов Ж. Ақбілек: Роман, повестер. - Алматы: Атамұра , 2003. - 280 б.
- Муканов Б. Балуан Шолақ: Повестер мен әңгімелер. - Алматы: Атамұра,2002. - 480 б.
- Әуезов М. Қорғансыздың күні: Әңгімелер мен повестер. - Алматы: Атамұра,2002. -432б.
- Баймұрынов Ж.М. Синтаксистік үнемдеу құбылыстары / (Психолингвистикалық аспект). Монография. - Қарағанды "Болашақ-Баспа", 2013. - 186 б.