Қазіргі жағдайда мемлекеттік деңгейде көп айтылып та, жазылып та жүрген мәселелердің бірі - ұлттық қауіпсіздік мәселесі, соның ішінде ең үлкен қауіпсіздік - білім жүйесі. Адамды адастырып, тарихымызды бұрмалап, ұлттық идеологиядан жұрдай қылып, адами құндылықтардан аздырып, мемлекетті әлсірету үшін - білім жүйесін қиратса болғаны, бәрі құрдымға кетеді. Жаһандану заманында елдің елдігін сақтап, мемлекетті нығайтудың ең басты белгісі, заманауи құралы білім саласы екенін күллі әлем мойындап отыр. Кезінде ғұлама Шоқан: «елдің елдігі - оның тәуелсіздігі мен білім жүйесінің мықтылығында» деген екен. Қазақтың тарихы «Қазақстан тарихы» деп оқытылып бөлек қаралып келеді (яғни, жекенің емес, жалпының немесе баршаның тарихын әлі күнге дейін қолданып келеміз). Былайша айтқанда, тақырып мазмұнына сай емес, бұл жерде мәселенің басы мемлекет атауында жатыр. Егер, баршамыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», біртұтас қоғам болып Қазақстан Республикасын - Қазақ Елі (орысш. - Казак Ели, ағылш. - Kazak Eli) деп ресми түрде атасақ, онда біз екі нәрседен ұтамыз: біріншіден, ұлтымыз әлемдік қауымдастық алдында «қазақ» деген өз атымызбен шығамыз («казах» емес, кейбіреулерінің тілдері келмесе «казак» десе де болады), соған сай тіліміз бен мәдениетімізде, тарихымызда, тіпті саясатымызда да бір ізділік, нақтылық, керек десеңіз шынайылыққа жол ашылар еді. Оның соңынан тарих мәселесі де біртіндеп өз шешімін табар еді. Десек те, соңғы кездері бұл мәселе қайта-қайта көтеріліп, оны қайтадан ұлттық тұрғыда зерттеп, зерделеп жазу қолға алына бастады. Оған себеп, уақыттың, заманның өзі, ең бастысы - Қазақ Елінің тәуелсіздігін ұстап тұру үшін өз ұлтын сүйетін, Ел үшін жанын беретін әрбір істе мемлекеттік тұрғыдан ойлай білетін рухы мықты, еңсесі биік, еркін ұрпақ тәрбиелеу мәселесі. Өйткені, қазақтың саны артса екен, олар бай-қуатты болса, мәдениетіміз өссе екен, Еліміз гүлденсе екен, Ел тәуелсіздігі баянды болып басқа жұрттармен (мемлекеттермен) экономикалық жағынан да, саяси жағынан да тереземіз тең болып, бәсекеге қабілетті болсақ екен, т.с.с. арман- тілектерімізді жүзеге асыру келер ұрпақтың қолында.
Сондықтан, ел жастары тәрбиені, әсіресе отансүйгіштік деген қасиеттерді (патриотизмді) өз Елінің тарихынан, өзінің түп-тамырынан, шыққан тегін білуі арқылы алады. Тарихи тамырын біліп, соны бойға сіңіріп өскен ұрпақ қана өзін ғана емес, өзгені де тани алады. Өкінішке қарай, көптеген Ел жастары өз ортасында (уақытында түрлі жағдайларға байланысты үй-іші, ата-аналарының, дос-жарандарының жанында) өзіндік сана-сезімдері айтарлықтай қалыптаспағаннан кейін, қазір олардың тарихи, ұлттық-мәдени, қоғамдық-саяси саналары да өкінішке орай төмен болды.Осыдан кейін көпшілік жағдайда өзгенің жетегінде (діни, коммерциялық секталарға, түрлі радикалдық ұйымдарға т.б.) кетіп жатқанын БАҚ-н естіп- көріп те жүрміз. Мәселенің басы — тұлғаны қалыптастыру (бір сөзбен айтқанда, оның жанын тәрбиелеу), біріншіден ол ошақ қасы, отбасынан басталады (яғни, әрбір ата-ана өз балаларына ие болулары керек, онсыз ешбір ұйымның, топтың, т.с.с. берер көмектері шамалы). Оның ары қарай ұлт ретінде, қоғамның толыққанды мүшесі немесе Ел азаматы ретінде қалыптасуына білім, мәдениет, ғылым ордаларының, оқытушылардың адамгершілігіне, білім деңгейіне байланысты (оның өзінде, белгілі бір деңгейде көзқарасы қалыптасып қалған жанға, ол қажетті дегенін беріп, оған тек бағыт-бағдар ғана бере алады, ал қалғаны өзіне байланысты). Бұл әрине, жеке өз алдына үлкен - мәселе.
Бұл тұрғыда оқушыларды, яғни келешек Ел жастарын тәрбиелеуде мектептегі оқулықтарының да алар орны ерекше, дегенмен, бір жағынан сырт көздің айтар сыны да, міні де жеткілікті. Қазіргі оқулықтар қай тұрғыда жазылуда? Ол оқулықтарды кімдер жазды?, оны жазуға қандай мекеме немесе кімдер рұқсат етті?, қандай көзқараста жазылған?, қандай деректер мен материалдарға сүйеніп жазылды?, жалпы ол кімдерге арналған?, т.б. сауалдар жауапсыз қалуда. Бұл салада атқарылатын, ізденіс жасайтын, талдайтын мәселелер әлі баршылық. Әсіресе, зерттеу тақырыбын философиялық-дүниетанымдық, тарихи-мәдени, саяси- идеологиялық тұрғыдан қарау мәселесіне келгенде. Сондықтан, жарыққа шығып, қолданысқа еніп жатқан оқулықтар осы жағынан тиянақты әрі терең ойластыруды қажет етеді.
Ақпараттық технологиялардың қарқынды даму заманында, оқытушы өзіне қажетті деген оқулықтарды сабақ барысында пайдалана отырып, бір жағынан өзінің көрген-білгені, өз бетінше ізденіп оқығаны бар ол алдымен өз жұмысының мазмұны мен бағытын ғылыми түрде анықтап алуы керек: біріншіден, адамзат өзінің дамуында бірнеше кезеңдерді (мысалы, ежелгі дүние, ортағасырлық кезең, жаңа дәуірді, т.т.) бастан өткізді десек, сол кезеңдерде болған тарихи оқиғалар қазақтың басынан да өткені, оның басқа халықтар сияқты оған қосқан үлесі де бар екені анық. Екіншіден, Қазақтың тарихы — өзін біртұтас дүниежүзілік тарихтың ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырылуы керек; сондықтан өзім осы салада қызмет етіп жүргеннен кейін бір түйген ойым мынадай: жалпы, тарих ғылымы өз алдына зерттеу жұмыстарын жүргізе берулері керек (өйткені, ол ауқымды, күрделі әрі көп уақытты қажет ететін көпаспектілі еңбек), ал таяу арада (бұл кезек күттірмес мәселе, өйткені уақыт өтіп жатыр, ұрпақ өсіп жатыр дегендей) өресі де, тәжірибиесі де жеткілікті мұғалімдеріміз бен ғалымдарымыз орта білім беру саласындағы оқушылар үшін «Қазақ тарихы» оқулығын қайта қарастырып, жіберілген қателіктерін түзеп, қазақи дүниетанымда, ұлттық көзқараста, саяси-идеологиялық жағын да ескере отырып, жеке тұлғаларға, кезеңдерге және тарихи оқиғаларға байланысты цифр-фактілерді нақтылап, сапалы оқулық жазып шығу керек. Сапа жағын тура айтар болсақ (карталардың, тақырыптық жоспарлар ментапсырмалардың айшықты етіп көрсетілуі, фото-суреттердің болуы, т.с.с. айтпағанда), оның жазылуына, ішкі мазмұнына мән берілсе (айталық, кезеңдерге бөлу мәселесі, мысалы: Сақтар дәурені, Ғұндар заманасы, Түркі Қағанаты, Моңғол-Түркі үстемдігі кезеңі, Қыпшақ белесі, Алтын-Орда тұсы, Қазақ Хандығы және Тәуелсіз Қазақ Елі деп алынса). Бұл себепсіз айтылып отырған жоқ, біріншіден, тарих ғылымына тән нақтыланбаған жорамал, болжамдарға толы материалдармен оқушының басын ауыртпай, аз әрі саз жазылар еді; екіншіден, бүткіл «Түркі өркениетінің орталығы, бабаларымыздың алтын бесігі – Алтай» деп алып, «Аш бөрі аштығын көрсетпес» дегендей ұялмайтын, ар көретін, намысшыл «мен» дегізерлік қызықты, тікелей (немесе жанамалай) қатысы бар деген тақырыптар берілсе (ал, совет заманындағы немесе орыс патшалығы үстемдік еткен тарихи кезеңдер мен оқиғалар жеке хрестоматия түрінде немесе арнайы оқу орындарында, ЖОО-да ғана толық оқытылса жеткілікті болар еді). Егер, мектептегі оқушының ойымен санасар болсақ, ол әдеттегідей ҚР білім және ғылым министрлігінің мақұлдап, оны ғылыми кеңес бекіткен оқулықтан берідегі 1986 жылғы қазақ жастарының қасіретті Желтоқсанда үш күнде басылып-жаншылуын оқиды, одан әрі 1916 жылғы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісінің жеңіліс тапқанын, арғы тарихымыз Сырым, Исатай, Махамбет, Жанқожа, Есет, қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас көтерілулері де немен аяқталғанын оқиды. Сібірден, Еділден айырылуымыз, оның бойындағы елді-мекендерден кетіуіміз, т.с.с. сонда оқушы (келер ұрпақ) қандай ойда болар еді (сонда, «бабаларымыз осал болған ба?» деп айтпасына кім кепілдік бере алады). Жалпы, тарих – жүздеген жылдық тарихымен емес, ол – мыңдаған жылдармен (тіпті, эралармен) өлшенетінін есте ұстасақ сексен жыл, үщ жүз жыл деген тарих үшін қас-қағым сәт қана.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, естуімізше, Ресей өзінің тарихын «История Отечество» (Отан тарихы) деп алғанымен, қазір ресей тарихшы- ғалымдары оқулықты «История империи» (Империяның тарихы) деп алып, саяси тарихын оқытып жатқан көрінеді (түсінікті ғой, 1-Петрдің Қазақ Елін «Азияға кірер қақпа» деп, оны болашақта жаулап алу нысанына айналдыруы, соңынан Ермактың Сібірді жаулап алуы, Суворовтың Еділ бойынан ноғайлы-қазақтарды қырғынға ұшыратып, қуып шығуы, генерал Скобелевтің Орта Азияны алуы, оның түрік ағайындармен соғысуы, т.с.с.). Ал, жалпы қай елдің болмасын тарих атаулы жеңістермен бірге жеңілістерден тұратынын ескерсек, орыстар Алтын-Орда заманында қандай «дәуренді» бастан кешіргендерін айтпай-ақ қояйық, берідегі (өздерінің әбден өз-өздеріне келіп, күшейген тұста) «Мәскеу – үшінші Рим» деген доктрина қабылдап, Стамбұл түріктерінің жерін тартып ала алмай, өздерінің арамза ойларының іске аспағандарын, 1904 жылы Цусима соғысында адмирал Макаровтардың атақты «Варяг» кемелерімен бірге теңіз суы астына кетіп, кішкентай ғана төрт аралдан тұратын Жапониядан жеңіліп қалуы немесе сол өткен ғасырдың 1939 жылғы совет-фин соғысында бес млн. ғана халқы бар финдерден жеңіліп ұятты болғандарынқазір олар айта ма екен?, жоқ, неге?, өйткені оны айқызуға немесе айтуға орыстың «ұлылық ауруы» («маниявеличия»), сосын орыстың ұлыдержавалық шовинизмі, былайша айтқанда намысы жібермейді.
Жалпы жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге жалпы ұлт болып кірісуден басқа шара қалмаған сияқты. Ол үшін еліміздегі барлық тәжірибиелі оқытушылардың, ғалым-сарапшылардың басын қосып ақылдаспай, бұл салада жаңаша серпін беріп, түлеудің болуы неғайбыл деп ойлаймын. Сөз соңында айтарым, елімізде тұрып ұрпақ өсіріп, барлығы бір кісідей Қазақ Елінің игілігі үшін оқып, қызмет етіп жатқан түрлі ұлттар арасындағы береке-бірлікті арттыруда, алыс-жақын мемлекеттер арасындағы тарихи-мәдени, саяси-экономикалық байланыстарымызды одан әрі нығайтуда, ең бастысы, Ата-Заңымызға сай мемлекетті өз атымен атап, барша ел-жұрттың жауапкершілігін өз мойынына алған қазақ Ел тарихын тарихи һәм ғылыми тұрғыдан зерттеп, жаңаша тұрғыдан ой қорытып, өз болашағын Ел мүддесі үшін айқындап, бағыт-бағдар ұстануы ешкімге бөгет болмасы хақ.