Қостанай жері - шын мәнінде киелі өлке. Осы қасиетті топырақтан көптеген дарынды ұлдар түлеп шығып, барша ұлтымыздың мақтанышына айналды [1]. Өткен ғасырда, еліміздің тұңғыш журналисі Мұхамеджан Сералин, тұңғыш дәрігер Мұхамеджан Қарабаев, тұңғыш мүсінші Хәкімжан Есімханұлы Наурызбаев т.б. аталған құнарлы жерден нәр алып өсіп, еліміздің мақтанышына айналып, атақ-даңқы бүкіл әлемге жайылды.
Қостанай облысының Меңдіқара ауданы терең тамыры және күшті дәстүрі бар мәдени - өнегелі орталық болып қалыптасты. 1887 жылы Ақсуат ауылында алғашқы балалардың сауатын ашатын мектеп ашылды. Оның ашылуында көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсарин және халық ақыны Нұржан Наушабаев қатысқан. Бұл мектепке қазақ халқының Меңдіқара өлкесін ғана емес, барлық Қазақстанның атын шығарған көп ұлдары оқыды. Солардың бірі және қазақ халқының ағартушысы Спандияр Көбеев болды, оның аты бүгінде Ақсуат мектебіне берілген. Ол барлық саналы өмірін Меңдіқара ауданда білімді дамытуға арнады. Ағартушылық қызметі саласында оның ізбасарлары және әріптестері Ахметказы Шотаев, Біләл Тебеев, Кәләм Байназаровтар сияқты жалықпай жемісті еңбектерімен ұстаздық еткен жандар болды [2].
Қостанай өңірінен шыққан тұлғаларды санамалап отыратын - уақыт парағы күн сайын ақтарылмаса да, жыл сайын жылы ашылып, жылы жабылып келеді. «Ердің атын ел шығарар» демекші, халқына еңбегі сіңген ерлердің есімі ел жадында қалайша сақталмасқа?! Академик Манаш Қабашұлындай алыптарды дүниеге әкелген қасиетті топырағымыздың бірнеше тұлғаларды да тудырғаны анық. Сәулелі өмірдің жарығы бола білген олардың өмірбаяны мен еңбек жолы бүгінгі күндегі үлгі боларлықрухани мұралары ұрпақ игілігіне айналды. Сондай жанның бірі ұлағатты ұстаздығымен тарих тамырында соғып тұрған Кәләм Байназарұлының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметінің тарихына қалам тартуды жөн көрдік. Себебі бұл кісі жайлы облыстық, аудандық газет-журналдарда сирек жарияланып тұрады. Алайда ұстаздық жолына зер салсаңыз, кез келген тұлғамен тендестіре қарауға болады. Қиын саланың қамытында бар өмірін сарп еткендігі, әркімнің тағдырынан кезіктіре бермейтін жайт. Сондықтанда өнегелі өмірбаянынан бірер сыр өрбітпекпіз...
Қазақ КСР Білім беру үздігі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Кәләм Байназарұлы 1914 жылы 3 желтоқсанда Меңдіқара ауданына қарасты Теңіз ауылында (Сарықамыс елді мекенінде), шаруа ауыл тұрғындары отбасында дүниеге келген. Ол үйінде үшінші бала болып туылды. Бір апасы және бір ағасы болды. Оның ата-аналары Октябрь Социалистік революциясына дейін ауыл шаруашылығымен (мал шаруашылығымен) айналысты. Оның кіндігі тамған өңір де шын мәнінде табиғат жауһары болып табылатын жерде орналасқан. Бұл ауылдың жан-жағындағы көкорай шалғын, жасыл желекті орман осында ат басын бұрған кез-келген ақын-жазушының, сазгердің, қылқалам шеберлерінің қиялына қанат бітірері сөзсіз. Кәләмнің әкесі Байназар ауқатты, мал дәулеті бар жан болған [3].
Кәләм Байназарұлы еңбекқор отбасынан шыққан. Ол тумас бұрын әжесінің түсінде немересі елінің абыройлы азамат болады деген түс кіреді. Оның туылуы бірінші дүние жүзілік соғысымен тұспа-тұс келген және оның 3-4 жасында екі революция, азаматтық соғыс елді дүр сілкіндіріп жатты.
Ол сәби кезінде анасының ақ сүтін еміп, анасының бесік жырын, әлдиін тындаған. Болашақ ұстаз бесіктен қазақтың ұлттық тәрбиесін бойына сіңіріп, адамгершілік нәріне қанып өседі. Кәләм 2 жасқа толғаннан бастап әжесінің тәрбиесінде болады.
Қазақ халқының асыл қазынасы халық ертегілері мен тағылымға толы тарихын әжесінен тындап, елжандылыққа, отанға деген сүйіспеншілікке, еліне адал еңбек етуге, кішіні кіші деп, үлкенді үлкен деп сыйлауға дағдыланып тәрбие алады. Әжесінің: «Атаңның ұлы болма, еліңің ұлы бол» дегенін өмір бақи жадында сақтап қалған [4].
Кәләм жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға әке сыншы демекші осы баласынан қатты үміт етеді. Кәләм бес жасында 1919 жыл әкесінен айрылып, ағасы Ғабидолланың (Қабдештің) қолында тәрбиеленеді. Ғабидолла 1930 жылдан колхоз мүшесі болды, қарапайым колхозшы болып жұмыс істейді. Ағасы Ғабидолла оған жақсы тәрбие беріп, әкесіндей болуға тырысады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шұқтырмай абыройлы азамат қылып өсіреді. Оған барлық жағынан көмектесуге тырысады, бірақ Қостанайдағы қазақ педагогикалық техникумында оқытуға жағдайы келмей қалады, себебі ол кезде елде қиын жағдай орнайды. Кәләм Байназарұлы қатарынан қалыс қалмай, 1927-1929 жылдары № 7-ші Боровской қазақ мектебінде оқиды, ол ынталы үлгерімімен 4-ші сыныпты аяқтайды. Кейін 1929 жылғы қыркүйек айынан 1931 жылдың маусымы бойынша Қостанайдағы қазақ педагогикалықтехникумда кейбір мәліметтер бойынша Спандияр Көбеевте оқыған делінеді. Кәләм Байназарұлы – Спандияр Көбеев ұстазына еліктеп мұғалім болып шығуды армандайды [5, 5 б.].
Азамат болып қалыптасу кәмелетке жетіп, 17 толып хатшы болып жұмыс істегеннен басталады. Жастық шақ деген ең керемет кезең, осы кезде өмірдің қай бағытта өтетіні айқындала бастайды.
Баршаға мәлім, тақыр жерге шөп шықпайды. Оның әу баста мұғалім болам деген шексіз құштарлығы бозбала шағында оянды. Ол, әрине, еңбекте шыңдалды. Осы қара еңбекте шыңдалған шақтар саналы азаматтың кейінгі ағартушылық жұмыстарында да өзінің ықпалын тигізгендігі сөзсіз.
Осылайша жастық шақ біртіндеп өте берді. Талантты бозбала бұл кезде әжептәуір өмірлік тәжірибе жинақтап, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасып қалған болатын. Тиянақтылығы мен тапсырылған іске деген жауапкершілігімен замандастарын тәнті ете бастайды.
Кәләм көп оқитын. Шөлдегі жолаушы секілді білуге... білім кәусарынан мейір қандыруға... құныға, құлшына ізденуге әрдайым бейіл еді. Сол білгенін өзінің пайымына, байлауына қосып төгілдіріп айта жөнелгенде, кісі еріксіз ұйып тыңдайтын. Тыңдарманы көп болатын.
Кәләм Хан Тәңірінің балапан қыранындай топшысы ерте қатайып, түлеп ұшқан тас түлек болған. Өртеңге шыққан гүлдей ә дегеннен-ақ жайнап, жарқырап көзге түскен. Өткір көздері көзәйнегінен ұшқындап, жүзінен нұр төгіліп тұратын қыр мұрынды, дөңгелек жүзді жігіт болған. Аузын ашса көмейі көрінген ақкөңіл болған. Оқығаны да, тоқығаны да көп болған.
Екінші курсын тәмәмдаған талантты жас тұрмыс жағдайына байланысты ол оқу орнында бір жылдай ғана біліммен сусындайды, оқуын жалғастыра алмай, оқудан қол үзуге мәжбүр болады. Пән негіздерін үйреніп, білімге деген ынтасы артқан Кәләм одан әрі оқуын жалғастыру арманына жете алмайды. Қазақстанның ірі қалаларына барып оқуын жалғастыруға ниеттенсе де, қамқоршысы мен қаржының жоқтығынан, тұрмыстың қиыншылығынан ол мақсаты орындалмайды. Бірақ оптимист Кәләм өз бетімен ізденіп көп оқиды, ғылымның әралуан саласынан хабардар болды, сөйтіп заманының оқымысты жастарының біріне айналады [6, 23 б]. Алған білімді еңбекпен ұштастыруға талап қылады. Ол бар еңбегімен анасының ақ сүтін, әжесінің тәрбиесін, әкесінің және Қабдеш ағасының адал еңбегін ақтауға тырысады. Атам қазақ жетімін жылатпаған, Қабдеш ағасы әкесі жоқтығын сездірмеуге тырысқан. Қабдеш ағасының қолдауына сүйеніп қана отырмай, адал еңбекпен қызмет етіп елінің ұлы болуға тырысады. Балалық шағы осылай өткен, талпынысқа толы, жастайынан халқына қызмет етуге бел буған.
Егер Кәләм Байназаровтың өз қолымен жазған өмірбаянының жазбасындағы деректеріне сүйенсек ол 1931 жылының маусымынан 1932 жылдың қаңтары бойынша №1 (Ұзынкөл ауданының Балықты ауылдық жеріне) ауылдық кеңесінің хатшысы болып жұмыс істейді. Өз қалауы бойынша осы ауылда машиналық шөп стансысына есепші болып ауысты. Қазақ мұғалімдерінің жетіспеушілігіне байланысты Меңдіқара аудандықкеңесі шешімімен ұйымдар басшыларына педагогикалық оқу орынның бітірген, сонымен бірге бітірмеген, өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін адамдарды халық білім берудің аудандық бөлімінің қармағына беруге (міндеттелді) бұйрық берілді. Педагогикалық жұмысты қолдану үшін, соның ішінде оны аудан қарамағына жібереді. 1933 жылының қыркүйек айынан 1934 жылдың қыркүйегі бойынша Меңдіқара ауданының Алғабас ауылының бастауыш сыныбында орынбасар болып жұмыс істейді, ал 1934 жылының қыркүйек айынан 1935 жылдың қыркүйегі бойынша осы ауданда Бірлестік бастауыш мектебінде жұмыс істейді. Білімді жоғарлату мақсатында 1935-1936 оқу жылы Ақтөбе мұғалімдер институтының физика-математикалық факультетіне оқуға түседі, онда бірінші курс аяқтайды. Келесі оқу жылы денсаулығының жағдайы бойынша институтта оқуын жалғастыра алмай, тек екі жылдан кейін, яғни 1938-1939 оқу жылында Ақтөбе қаласының мұғалімдер институтын аяқтады. 1936 жылының қыркүйек айынан 1938 жылдың қыркүйегі бойынша Мендіқара ауданының 7 жылдық Көктерек, Бірлестік мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеді. 1939 жылының қыркүйек айынан 1940 жылдың қыркүйегі бойынша Боровской қазақ орта мектебінде мұғалім болып, ал содан кейін оқу ісінің орынбасары болып жұмыс істеді. Ағасы Ғабидолла (Қабдеш) 1940 жылы аурудан қайтыс болған. Боровскойдағы қазақ орта мектебі Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесі болып қайта құрылғаннан кейін 1940 жылының қыркүйек айынан 1942 жылдың қыркүйегі бойынша оқу ісінің орынбасары болды.
Бірқатар аудан мектептерінде бастауыш сыныптарда мұғалім болып жұмыс істеді, ал 1940 жылы Боровскойдағы қазақ орта мектебі Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесі болып қайта құрылғаннан кейін аталған оқу орынын оқу ісін меңгерушісі болып тағайындалды. Онда ол 1973 жылға дейін жұмыс істеді, педучилище Рудный қаласында ауыстырмағанша. Тек қана соғыс үйреншікті жұмыстан К.Б.Байназаровты айырды. 1942 жылдан 1946 жылға дейін ол политруктің қызметінде отанын қорғады [7].
Ұлы Отан соғысына кішкентай Боровской ауылынан қан майданға жетпіске жуық адам аттанған екен, солардың отызға жуығы ғана ауылына аман-есен оралды. Солардың бірі - Кәләм Байназарұлы болатын.
Соғыс ардагері Кәләм Байназарұлы 1942 жылдың 1 шілдесінен Кеңес Әскерінің қатарына шақырылды, 1943 жылдың желтоқсаны бойынша штабтың қатардағы жазбашы ретінде Орал әскери округінің запастағы атқыштар бөлімдерінде қызмет етті. 1943 жылғы желтоқсан айынан 1944 жылдың қазаны бойынша Ф. Энгельс атындағы Ленинградтық Қызылтулы әскери-саяси училищесінде оқыды. 1944 жылының қараша айынан 1945 жылдың маусымы бойынша атқыштар батальонының парторгі ретінде Ұлы Отан соғысы майдандарына (І Прибалтикалық және Ленинградтық майдандары) қатысты. 1945 жылының маусым айынан 1946 жылдың қыркүйегі бойынша Прибалтикалық әскери округінің 270 артиллериялық бригаданың саяси бөлімінің инструкторы болды. Кәләм Байназарұлы жас бойынша, сонымен бірге денсаулық жағдайына байланысты Кеңес Әскері қатарынан қайтты және 1946 жылдың қыркүйегінде Мендіқара педучилищесіне оқу ісінің меңгерушісі болып жұмысқа кірісті. 1940 жылдың желтоқсанынан ВКП (б) мүшесі. Партиялық жазалауы жоқ. Майданда соғыстық тапсырмаларын үлгілі орындаған үшін «Қызыл жұлдыз» орден, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының ұрыстарына қатысқан үшін «Германияны жеңген үшін» медаль наградалары бар [7].
Майдангер Кәләм Байназарұлы Жангелді және Бірлестік аудандарының орта мектебі мұғалімі, Боровской қазақ орта мектебінің мұғалімі, оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1946-1974 жылдары - Боровской педагогикалық училищесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. 1974-1977 жылдары - Меңдіқара қосалқы мектебінің басшысы. 1977-1979 жылдары - Рудный қаласындағы Ы.Aлтынсарин атындағы педагогикалық училещесінің математика пәні оқытушысы [8, 44 б.] қызметтерін атқарған.
Кәләм Байназарұлы 8 бала өсіріп тәрбиеледі. Олардың барлығы жоғары білім алды, және олардың ешқайсысы Халық мұғалімінің биік атағын алған әкесінің зердесін мұқатпады. Мендіқарада мұндай атаққа 3 адам лайық болды. Оның оқушыларының арасында тамаша ұстаздар көп шықты. Солардың бірі, Социалистік Еңбек Ері Нина Григорьевна Полтавец ұстазы Кәләм Байназарұлы туралы: «Мен Ы.Алтынсарин атындағы біздің педагогикалық мектеп бітірушілердің жартысынан көбі Қостанай облысының мұғалімдік қызметін құрайтынына сенімдімін. Олар студенттерге әке сияқты болған Кәләм Байназарұлын естерінде сақтайды. Ол біздің әрқайсымыздың мұқтаждығымызды білді. Біз үшін идеал болды. Барлығына біздер оған еліктеуге ұмтылдық. Бітірушілер кешінде ол бізге қиындықтардан қорықпай, өзің оқы және басқаларды оқыт деген насихат айтты. Тынымсыз адам К.Б.Байназаров, еңбегіне лайық демалысқа кетіп бара жатып, істерден қалыс қалмады. Рудныйға көшіп келген ол көп күшін педучилище мұражайына берді, оның тарихын тірнектеп қайта жасады. Кәләм Байназарұлын жақсы білген әрбір адам Мұғалімдердің мұғалімі мұндай абыройлы атаққа шынымен лайық жан еді» [9 1 б.] деген болатын. Мендіқара тарихында лайықты орны бар оқытушылар арасында Кәләм Байназарұлының шоқтығы биік. Бүгінгі таңдағы асалы ақсақалдар, ақ жаулықты аналардың көбі - Кәләм ұстаздың шәкірттері. Аталмыш тұлғаның білім саласындағы еңбегі - ұшан-теңіз.
Өлкеміздің тарихынан белгілі Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық училищенің өз дәуірінде абыройы асқақтап тұрды. Қадірі университеттен кем түспеген бұл оқу орнында білім алу беделдің беделі саналған-тын. «Бәленшенің баласы сонда оқып жатыр екен» деген жаңалықтар бетке ұстар әңгіме есептелгенін училище шәкірттерінің естеліктерінен танимыз. Троицк, Торғай, Ырғыз, Ақтөбе сынды көптеген алыс-жақын өңірдің студенттері айтылмыш училищеге ағылды. Тәмамдап шыққан әрбір жас қызметке орналасу мүмкіндігіне ие болды-мыс. Бүгіндері әулет деген мемлекеттің басында, зейнетте отырған қариялардың көбіне бұл училище әсте таңсық емес. Ғұмыр-баяндарының бір аялдамасы іспетті... Сондықтан да педучилище турасында әңгіме қозғалса, міндетті түрде, ондағы Кәләм Байназаровтан бастап, Жұмағали Дәненов, А. Сыров, Мәжит Сейдалин, В. Макотченко, В. Панова, Ыбырай Серғазин, Сағынбай Ешімханов секілді ұлағатты да кемел ұстаздардың есімі аталып өтеді. Бұлардың қай-қайсысы да кейінгіге өнеге қыларлық тұлғалар екені даусыз. Әсіресе Кәләм Байназарұлының орны бір төбе еді. Ол түлектен, санасын сауатпен суарып, өмір қиясына өрлеткен ел-жұртқа есімі әйгі тұлғалардың қатарында Манаш Қозыбаев, Әзірхан Жұмасұлтанов, Серік Қажығалиұлы, Сапарғали Омарбекұлы, Оразақ Смағұлұлы, Сейітбек Нұрханұлы, Оразалы Әбілұлы, Қасымхан Әубәкірұлы, Мырзалы Оңайбаев сынды тағы да басқа шәкірттері бар. Соның ішіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Манаш Қабашұлының: «Біздің ордамыздың (педучилищенің) құты, пірі Кәләм Байназаров еді. Шын мәнінде ұлы педагог, білімді, талантты, оқуісін ұйымдастыруының ғажап шебері болатын. Қазіргі заманның Ыбырайы деуге лайық. Кейде түскі асына да бармай, әскери котелігіне құйдырып, асын үлкен қызы Күләшқа оқу орнына алдырып ішуші еді...» – деп, құрмет нышанындай етіп естелік қалдыруы көп нәрсені айғақтап тұрса керек. Мәселен, Кәләм ұстаздың жас Манашқа: «Сенен бар ғой, үлкен әдебиеттанушы немесе ғалым шығады», – деп сын айтуы да оның кәсібилігінің көрінісі болатын.
... «Бөленіп алғысына дүйім көптің, Түбіне қанша жүрек тұрақ тептің. Өмірге шәкірттерінің тамыр жайды,
Жүзіне қанша жанның шуақ тептің,» - деп, ардақты ұстазын Едірес келіні Қазына еске алады. «Бейнесі, жылы сөзі көңілімде» деп толғанған тәрбиегердің түлектері оның ешқашан бейзейін қалуына жол бермеді. Естен кетпес тұлға жайлы ескірмес естелік-сырлар әлі сөйлеп жатыр... «Мендіқара педучилищесінде оқығанымды мақтан тұтамын. Өйткені онда шәкірттердің сүйікті ұстазы Кәләм Байназарұлы жұмыс істеді. Ағайдан тәлім-тәрбие алып, оқыған студенттердің барлығы дерлік өмірде өз орындарын тауып, ұлағатты ұстаз атанды, түрлі салаларда абыройлы қызмет істеп жүр, басшылық міндет атқаруда, кейбіреулері зейнеткер», – дейтұғын Зәуре Мінайдарованың жазбасы да ұстаздың тұлғасын таныта түседі.
Кәләм ұстаздың соңғы түлектерінің қатарында Р. Серғалиева, Ж. Нұрпейісова, Ж. Құрбердиновалар бар еді. Ы.Алтынсарин атындағы педучилище 1974 жылдың жазында Рудный қаласына көшірілді.
Өлшеусіз еңбектің қажыргері, әйгілі ұстаз, майдангер, даңқты жерлесіміз Кәләм Байназарұлы 1979 жылы қарашаның 10-жұлдызында дүние салды. Зираты – Боровской селосында ...
Мәңгіліктің шырағындай... «Ұстаздардың ұстазы» Кәләм Байназарұлы педучилищеде 35 жыл оқу ісінің меңгерушісі болды. Ал, жалпы білім саласына 45 жыл ғұмырың сарп қылды [10]. Оның білім саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі бағалаусыз қалмады. 1967 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі», 1977 жылы «Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер», «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі» атақтарын иемденді. 2008 жылы Боровской селосының бір көшесіне Кәләм Байназарұлының есімі берілді [11].
Сонымен қорыта келе айтпағымыз ұлағатты ұстаз Кәләм Байназарұлының халық ағарту ісінің дамуына өз үлесін қосқан ұстаздық қызметі өскелең ұрпақ үшін ұлағатты үлгі-өнеге.
Кәләм Байназарұлының оқу ісінің меңгерушісі болып 35 жыл табан аудармастан жұмыс істеген тағылымға толы еңбек өтілі, оның еңбекқорлығы мен елжандылығының дәлелі.
Әдебиет
- Торайғыров С. Үш томдық шығармалар жинағы / Сұлтанмахмұт Торайғыров. – Алматы : Алаш, 2002. ISBN 9965-425-92-2. Т. 3. – 2005. –232 б.; Д. Ахатов. Мендыкара талантами богата. //Меңдіқара үні. 03.12.1995.
- Қостанай облысы әкімдігінің ресми сайты. Мендіқара ауданы жайлы тарихи анықтама: http://www.kostanay.gov.kz.
- К. Нұғыманова. Қамқор еді. // Қостанай таңы. 12.02.2008.
- Қостанай облысының мемлекеттік мұрағатынан алынған материалдар.
- К. Шаяхмет. Көрнекті ісімен үлгі болған. //Қостанай таңы. 16.11. 2007. 5 б.
- Жизнь замечательных людей в краю хлеба и металла. Книга третья. А. - 1994. - С. 90.
- Информационный Портал акима Мендыкаринского района. Заслуженная честь.
- Олар жеңіспен оралды! Они вернулись с Победой! Ескерткіш кітабы.-Қостанай, 2008 - 343 б.
- В. Иванов. Заслуженная честь //Меңдіқара үні. №28 (8357)03.07.2008 1 б.
- Костанайская область. Энциклопедия. - Алматы, - 2006 - 736 б.; Шәкірттері бас қосты көшесінде Кәләмнің... М. Қабдрахметов // Қостанай таңы 2008, 2 шілде, 4 б.; Кәләм Байназаровтың автоөмірбаяны. Байназарова Гүлбану Кәләмқызының жеке отбасылық мұрағатынан.
- Шәкірттері бас қосты көшесінде Кәләмнің... М. Қабдрахметов // Қостанай таңы 2008, 2 шілде, 4 б.
- С. Әбенов. Ардақты ұстаз. //Меңдіқара үні. 04.08.2011 № 31 (8518).
- Артында жарқын із қалдырған. П. Сүйінкина. // Қостанай таңы - 1995 - 11 қантар - 4 б.
- Алтын ұя (Истоки памяти). Қостанай қ. 2000, - 217 б.
- Д. Ахатов. Мендыкара талантами богата. //Меңдіқара үні. 03.12.1995.
- Гүлзейнеп Сәдірқызы. Ұшқан ұя. // «Егемен Қазақстан» газеті. Астана қаласы, 7 мамыр 2008 жыл.
- А. Айтбаева. Ұстаздық - ұлы іс //Қостанай таңы. 09.01.2008.
- Д. Сүймеков. Ұстаз есімі жадымызда сақталады //Қостанай таңы. 04.01.2008.
- Ж. Құрманәліұлы. Ұстаз есімі келер ұрпақ үшін де қажет //Қостанай таңы. 29.01.2008.
- К. Нұрмаханұлы. Ұлағатты ұстаздар жадымда //Қостанай таңы. 07.05.2008.
- К. Нұғыманова. Қамқор еді. // Қостанай таңы. 12.02.2008.
- О. Алмат. Рухы риза болсын десек... // Қостанай таңы.
- З. Мінайдарова. Ұстаздардың ұстазы.// Меңдіқара үні. 14.02.2008 2 б.
- Е. Шолжанов. Ұлағатты ұстаз ұмыт қалмаса екен. // Қостанай таңы, 2007.
- Ә. Жәкенов. Жаны жайсаң жандар еді. // Қостанай таңы. 25.01.08.
- Т. Шоланов. Тамаша ұстаз еді. // Қостанай таңы. 21.11.07.
- Ж. Пішенбаев. Әрі ұстазымыз, әрі қамқоршымыз еді. // Қостанай таңы, 2007, 27 қараша, 7 б.
- Ж. Жүсіпбек. «Екінші Ыбырай» атанған. / /Меңдіқара үні. 13.01.2011. № 2 (8489). 3 б.
- Байназарова Гүлбану Кәләмқызынан 2012 жылдың 10 тамызында алынған сұхбат материалдары.
- А. Боровинская. «Учитель учителей», секция: исторические памятники Казахстана и перспективные туристические маршруты. с. Боровской, 2012 год.