Тақырыптың өзектілігі: Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру негізінде халық денсаулығын емдеуде заманауи дәлелдемелі медициналық көмек көрсету біздің алдымызға қойған мақсатымыз (1). Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің дамуының жаңа кезеңіндегі мемлекеттік саясаттың бір бағыты медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту керек деп атап көрсетті. Аталып өткен үлкен бағыттардың бірі медициналық ұйымдарда қазіргі заманға сай заманауи технологияларды пайдалану арқылы емдеу жұмыстарын жүргізу болып табылады (2). Осы бағдарлама негізінде біз жұмысымыздың басым бөлігін заманауи технологияларды пайдалану тиімділігіне көңіл аудардық.
Бағдарламаны іске асыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен денсаулық сақтау саласына 5 жыл көлемінде 359 358,9 млн. теңге бөліну қарастырылған (1). Жұмсалатын қаражаттардың басым бөлігі стационардағы медициналық көмекке жаратылады. Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың 80-85% стационарды қаржыландыруға, оның жаңа технологиялы құрал-жабдықтармен қамтамасыздануына, қызметкерлердің жалақысына жұмсалады (3). Пациент өмірінің қауіпсіздігі қазіргі таңда басты мақсат, сондықтан халық денсаулығына жоғарғы сапалы медициналық көмек көрсету керек, ал ол үшін мемлекеттен бөлінген қаражат көп жағдайда жеткіліксіз. Сол себепті бөлінген қаражатты мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет (4).
Зерттеудің мақсаты: Құрсақ қуысы ағзаларының шұғыл хирургиялық сырқаттары және жарақаттарымен түскен науқастарға эндовидеохирургиялық технологияларды пайдалану арқылы көмек көрсетуді ғылыми негізделген алгоритм бойынша дұрыс ұйымдастыру, осы арқылы ауруханадан жұмсалатын қаражат үшін экономикалық тұрғыдан тиімді екендігін анықтау.
Зерттеу мәліметтері және тәсілдері: Мәліметтерді жинау үшін орталық қалалық клиникалық ауруханасының мұрағатынан 2008-2012 жылдар аралығында хирургия бөлімшесінде шұғыл абдоминалды ауруларымен емделген 200 науқастардың сырқатнамаларына ретроспективті сараптама жүргізілді, әсіресе диагностикасы мен емінің нәтижелеріне, өткізген төсек күндеріне, ота жасау барысында жұмсалған медикаменттердің бағаларына, пайдаланылған құрал – жабдықтар санына, отадан кейінгі кезеңде тағайындалған консервативті емге, жара таңу үшін жұмсалатын құрал – жабдықтарға, аурухана жұмсаған қаражатқа көңіл аударылды. Негізгі топты лапароскопиялық әдіспен емделген науқастар құрады 120(60%), ал, бақылау тобына дәстүрлі әдіс бойынша ем алған науқастар кірді 80(40%). Зерттеуімізге кірген науқастарды жеке нозология бойынша алсақ: жедел аппендицитпен 80, жедел холециститпен 80, жедел панкреатитпен 10, жедел ішек өтімсіздігімен 10, құрсақ қуысы ағзаларының жарақаттарымен 20. Олардың ішінде 86 (43%) ерлер, 114 (57%) әйелдер құрайды. Емделушілердің көпшілігі еңбекке қабілетті 21 – 55 жас аралығындағы тұлғалар, олар жалпы 121 (60,5%) санын құрайды.
Зерттеу нәтижелері: Аурухананың қабылдау бөліміне шұғыл абдоминалды хирургиялық сырқаттар және жарақаттармен келіп түскен науқастарға медициналық жедел көмек көрсетуді жүйелі және тиімді етіп ұйымдастыру мақсатында ғылыми негізделген алгоритм енгізілді. Осы алгоритм негізінде аурухананың қабылдау бөлімі деңгейінде науқастар мен зардап шегушілерге шұғыл хирургиялық көмек көрсету жұмысы тиімді ұйымдастырылды, жаңаша ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесі толығымен зерттелінді және оның аурухананың бюджетіне экономикалық тұрғыдан тиімділігі анықталынды.
Зерттеуге іріктеліп алынған науқастардың сырқатнамаларында ота жасау барысында және отадан кейінгі кезеңдерде пайда болған түрлі асқынуларға көңіл аудардық. Негізгі топта келесідей асқынулар орын алды: құрт тәрізді өсінді шажырқайынан қан кету 1 (0,8%), құрт тәрізді өсінді құлтығының лигатурадан босап кетуі 1 (0,8%). Жалпы өт түтігінің зақымдалуы (клипске қысылып қалу, кесіліп кету) 2 (1,7%), өт қалтасын экспозиция жасаған отадан кейінгі жараның іріңдеуі 1 (0,8%). Отадан кейінгі баяу ағымды перитониттің дамуы 1 (0,8%), ішектердің динамикалық парезі 1 (0,8%), өліммен аяқталуы 1 (0,8%).
Бақылау тобында мынадай асқынулар орын алды: отадан кейінгі жараның іріңдеуі 2 (2,5%), отадан кейінгі жара аймағында инфильтраттың болуы 2 (2,5%), бірнеше тәуліктерге созылған дене қызуының көтерілуі 1 (1,25%), құрт тәрізді өсінді шажырқайынан қан кету 1 (1,25%), Жалпы өт түтігінің зақымдалуы (кесіліп кету) 1 (1,25%), реактивті посттравматикалық панкреатиттің дамуы 1 (1,25%), отадан кейінгі баяу ағымды перитониттің дамуы 1 (1,25%), өрім аралық абсцесстің немесе іріңдіктердің түзілуі 1 (1,25%), өліммен аяқталуы 1 (1,25%).
Егер де жоғарыдағы асқынулардың жалпы қосындыларын шығарсақ, онда негізгі топтағы 120 (100%) кездескен асқынулардың жалпы саны 8 (6,6%), ал, бақылау тобындағы 80 (100%) көрсеткіштердің жалпы саны 11 (13,75%) құрайды.
Зерттеуге алынған сырқатнамаларды сараптау барысында науқастардың клиникада өткізген төсек күндеріне де назар аударып, сараптама жүргіздік. Негізгі топ бойынша жедел аппендицит диагнозымен емделген науқастардың өткізген төсек күндерінің орташа саны 4,3 тәулік, жедел холецистит 5,1 тәулік, жедел панкреатитте 7,1 тәулік, жедел жабысқақты ішек өтімсіздіктері себебімен 5,2 тәулік, құрсақ қуысы ағзаларының жарақаттарында 5,6 тәулік.
Осындай жолмен бақылау тобындағы науқастардың сырқатнамаларын есептесек, жедел аппендицитте 7,4 тәулік, жедел холецистит 10,2 тәулік, жедел панкреатит 15,6 тәулік, жедел жабысқақты ішек өтімсіздігі 8,4 тәулік, құрсақ қуысы ағзаларының жарақаттары 9,3 тәулік көрсеткіштерін береді.
Дәстүрлі әдіспен және ЭВХ технологияларды пайдалану арқылы жасалынған ота барысында жұмсалынып жатқан медикаменттерді есепке алып отырдық, зерттеудің нәтижесін шығару мақсатында жұмсалған медикаменттердің ортақ бағасын шығардық. Негізгі топта жұмсалған қаражат саны 11517±0,23 теңге, бақылау тобындағы шығын көлемі 18392±0,11 теңге. Екі топтың жалпы шығындарының айырмашылығын шығарсақ 6875±0,45 теңге болады.
Құрал – жабдықтардың сипаты мен сандарына қарайтын болсақ, бақылау тобында жалпы алғанда 173 – ке дейін құралдар пайдаланатыны анықталды, ал негізгі топта 73 – ке дейін құралдар пайдаланылатыны белгілі болды. Бұл сандардың айырмашылығын шығару себебіміз, әр отада осыншама көлемде заттар қолданылса, олардың зарарсыздандырылуына кететін жуушы заттарына, антисептик ерітінділерінің көп мөлшерде кетуіне, ыстық буда зарарсыздандыруға және оларды кептіруге арналған аппараттарға кететін жарық шығындарының артуына алып келеді.
Зерттеу нәтижелері бойынша, бақылау тобына кірген нұсқамалардағы дәрілік заттардың негізгі топпен салыстырғанда, ауруханада емделу уақытының ұзақтығына және ауырсыну сезімінің кеш қайтуына байланысты консервативті емнің 1,2 есеге дейін артық жұмсалған қаражат айырмашылығы анықталды. Негізгі топта 7520,4766±0,75 теңге қаражат жұмсалса, бақылау тобында 11662,2522±0,78 теңген құрайды.
Бір рет жара таңу үшін жұмсалған құрал – жабдықтардың теңгеге шаққандағы шығатын бағасы бойынша сараптамада, негізгі топта 376,011±0,54 теңге, ал, бақылау тобында бұл көрсеткіш 601,652±0,68 теңгеге шақ.
Ауруханада ем алып жатқан науқастарға жасалынатын оталар немесе оларға тағайындалған консервативті еміне кеткен қаражат шығындарын есептеп қана қоймай, біз санитарлық гигиеналық тұрғыдан ОҚКА науқастарының күтіміне, тамақтануына және күнделікті өмірде пайдаланатын қажеттіліктеріне кететін шығын мөлшеріне көңіл бөлдік. Олай болса негізгі топта 9077,4± 0,81теңге көлемінде болса, бақылау тобында 16924,6±0,72 теңге мөлшерін құрайды.
Қорытынды: Құрсақ қуысы ағзаларының сырқаттары мен жарақаттарының диагностикасы және емдеу тәсілінде жаңаша көз қараспен жетілдірілген алгоритм, аурухананың қабылдау бөлімінде шұғыл көмекті ұйымдастырудың тиімділігін арттырады. ЭВХ технологияларды кеңінен пайдалану өз кезегінде: отадан кейінгі асқынулар санының 2 есе азаюына септігін тигізеді, науқастың өткізетін төсек күні 2 есеге азаяды, ота жасау барысында жұмсалатын медикаменттердің бағасы 6875±0,36 теңгеге қысқарады, құрал жабдықтар сандары да 2 есе аз, отадан кейінгі кезеңде тағайындалған консервативті ем үшін қаражат саны 4141,7756±0,92 теңгеге үнемделеді, бір рет жара таңу үшін кететін қаражат 1,6 есеге жуық аз жұмсалады, науқастың қажеттіліктеріне кететін қаражаттар 2 есеге азаяды.
ПайдаЛанЫЛҒан ӘдеБиеТТер ТіЗіМі
- Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағДарламасы.
- Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы // Жаңа Әлемдегі жаңа Қазақстан, 2007 жыл, 28 ақпан.
- Чеминава Р.В. Клинико-экономическая оценка современных медицинских технологий в диагностике и лечении больных с острой абдоминальной хирургической патологией: Автореф. дисс.д.м.н.2006.39 с.
- Schneider M. Health care cost containment in the Federal Republic of Germany // Health Care Financing Rev. 1991 V. 12, N
- -p. 87-101.