Автор туралы мәліметтер. Жампеисова Гулнар Кадылжановна – Қасым Қайсенов атындағы жалпы білім беретін бастауыш сынып мұғалімі, Өскемен қ., Қазақстан
Аннотация. Мақалада педагогикалық білім берудің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері, мәселелері мен болашақта даму қарқыны сөз етілген. Осыған байланысты, қоғамдық даму деңгейінің, экономикалық қуаттылықтың және елдің ұлттық қауіпсіздігінің белгісі ретіндегі адами ресурстардың, білім беру жүйесінің рөлі мен маңыздылығында көрсетілген.
Ғаламдық жаһандану жағдайындағы жаңа қоғамда орын алған ірі экономикалық өзгерістер мен технологиялық жетістіктер – қоғам дамуының қозғаушы күші болып табылатын білім жүйесіне орасан ықпалын тигізіп отыр. Әлемдік қауымдастықтың біртұтас білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша әрекеттенуі – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеу қажеттігін алға тартып отыр.
Егеменді елімізде соңғы жылдар тізбегенде жүргізіліп келе жатқан білім реформасына қатысты түбегейлі бетбұрыстар, атап айтқанда әлемде дамыған мемлекеттердегі білім саясатының негізгі көрсеткіші болып саналатын 12 жылдық білім беру жүйесіне ену қарқыны – қоғамдық ортадағы адамдардың ерекше пікірлері мен көзқарастарын қалыптастыруға негіз болды. Көптеген өнеркәсіп орындарының жаңа технологиялық қондырғылармен қайта жабдықталуы білім сапасының жаңа деңгейге көтерілуіне өзгеше талап қойды. Аса қарқынды белең ала бастаған аталмыш құбылыстарға мемлекет тарапынан терең талдаунамалар жасалып, ортақ проблеманы бұқара халықпен бірлесе отырып атқару мәселелері жолға қойылуда.
Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім жүйесінің қалыптасуы мен дамуы Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қауымдастықпен нарықтық экономикалы ел деп танылып отыр. Тәуелсіздіктің қысқа жылдары аралығында мемлекетіміз дүниежүзілік қауымдастықпен кіріге отырып, экономикалық өсудің жоғары қарқынымен ерекшеленді. Осыған байланысты, қоғамдық даму деңгейінің, экономикалық қуаттылықтың және елдің ұлттық қауіпсіздігінің белгісі ретіндегі адами ресурстардың, білім беру жүйесінің рөлі мен маңыздылығы артады. Білім әлемдегі өркениетті дамыған елдердің барлығында дерлік дамудың негізгі көрсеткіші мен негізгі басыңқы бағыты болып табылады. Шын мәніне келгенде, елдер тек тауарлар мен қызметтер өндіре отырып бәсекелеспейді, сонымен бірге олар қоғамдық құндылықтар жүйесі мен білім беру жүйесі арқылы бәсекеге түседі. Қазақстан Республикасының әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену міндеті елде ғылыми сыйымды технологиялық білімі бар, басқарушылық қабілетке ие, нарықтық экономикада дұрыс бағыт таңдай алатын жоғары білікті мамандар болған кезде және дүниежүзілік нарықтық экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді білім беру жүйесі құрылғанда шешіле алады. Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім жүйесін бетбұрыс тандыру бірнеше кезеңнен тұрды: 1 кезең – жоғары білім жүйесінің заңдық және нормативтік құқықтық базасының қалыптасуы (1991-1994 жылдар); 2 кезең – жоғары білім жүйесін модернизациялау, оның мазмұнын жаңарту (19951998 жылдар); 3 кезең – білім беру жүйесін қаржыландыруды орталықсыздандыру, білім беру мекемелерінің академиялық еркіндігін кеңейту (1999-2000 жылдар); 4 кезең – жоғары кәсіптік білім беру жүйесін стратегиялық дамыту (2001 жылдан бастау алған қазіргі кезең) [1]. Қазіргі қазақстандық білім беру жүйесі «Білім туралы» Заң (1999 жыл), «Білім» мемлекеттік бағдарламасы (2000 жыл), «2010 жылға дейінгі білімді дамыту стратегиясы» (2001 жыл), «2005-2010 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» (2004 жыл) сияқты стратегиялық нысандағы құжаттармен бекітілген [2,3]. Көптеген жоғары білім беру мекемелері Қазақстан Республикасының жоғары білім жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану міндетінен білім берудің Болондық моделін жүзеге асыруда, ол төмендегідей деңгейлерден тұрады: жоғары базалық білім / жоғары арнайы білім: бакалавриат – «бакалавр» дәрежесін беретін жоғары білім беру бағдарламасы; жоғары ғылыми-педагогикалық білім: магистратура – «магистр» академиялық дәрежесін беретін жоғары ғылыми-педагогикалық бағдарлама; докторантура PhD – бұрынғы ғылыми-зерттеу кадрларын даярлау жүйесінің орнын басатын бағдарлама. Жоғары білімнің үш деңгейлік жүйесінің енгізілуі сонымен бірге, білім беру бағдарламаларының диапазонының кеңеюі мен олардың рыноктық экономика талаптарына сәйкес икемділігі мен шоғырлану дәрежесін күшейтуге бағытталған. Жоғары білімнің бұл моделінің жүзеге асырылуы өзінің өміршеңдігі мен өзектілігін көрсетті, сол сияқты оның келешекте әрі қарай өзгертілу қажеттілігін пайымдады. Қазақстан Республикасындағы жоғары білімнің үш деңгейлі моделінің даму бағыттары майда мамандықтар түрін қысқартып, оларды кеңірек пәндерге / бағдарламаларға біріктіруді, бизнеспен өзара әрекеттестікті арттыруды, түлектердің еңбек рыногындағы қажеттілігін қамсыздандыруды қамтиды. Қазақстанның жоғары білім жүйесінің қалыптасуының келесі бір жағымды тұсы – институционалдық құрылымдардың, оқыту бағдарламалары мен формаларының әртараптандырылуы, олардың университеттік білім беру жүйесіне бейімделуі Егер бұрын мемлекет экономикамен қатар, өз жоспарларын жүзеге асыру үшін мамандарды даярлауды да жоспарлаған болса, қазіргі күні жоғары білім жүйесі ұлттық және халықаралық еңбек рыноктарының талаптарын ескеруге тырысады. Жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігіне және білім беру сапасына ықпал етуші факторларды біз төмендегідей топтарға бөле аламыз: [4]
- Объектінің білім беру қызметтерін алу сапасы (абитуриент, студент, аспирант, даярлық курстарының тыңдаушылары, кәсіби біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары).
- Субъектінің білім беру қызметтерін беру сапасы (оқыту бағдарламаларының сапасы, профессор-оқытушылар құрамының сапасы, қызмет көрсету үдерісін ресурстық қамсыздандыру сапасы, материалдық-техникалық база, ақпараттық-әдістемелік қамсыздандыру, ғылыми-зерттеу сапасы).
- Білім беру қызметтерін көрсету сапасы (білім беру қызметтерін көрсетуде қолданылатын технологияларды жүзеге асыру және оны ұйымдастыру, білім беру қызметтерін көрсету үдерісін бақылау сапасы, білім беру қызметінің нәтижесінің сапасы).
- Тұтынушылардың қанағаттану дәрежесі (білім беру қызметтерін пайдаланушылардың сапаға қанағаттануы, білім беру қызметін көрсетушілердің өз жұмысына қанағаттануы, қоғам мүшелерінің білім дәрежесі). Қазақстан Республикасының Конституциясының 2 тармағының 30 бабы көрсететіндей, ҚР азаматы конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқылы, ол мемлекеттің өз азаматтарының жоғары оқу мекемелерінде оқуы үшін қомақты қаржы бөлу қажеттілігін пайымдайды.
Тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстанда университеттер саны артып, ол көпшілікті құрап отыр Әрбір екінші қазақстандық студент университетте білім алады. Университет – бұл жоғары білім жүйесіндегі білім беру мекемелерінің маңызды типі болып табылады. Университет жөніндегі дәстүрлі таным яғни ғылыми-зерттеу және оқыту қызметі тең мағынада болуы, келешекте де өз маңызын сақтап қалатын тәрізді. Университеттер бүкіл әлем бойынша тараушы жаңа ғылыми мәліметтердің бұқаралық ағымынан базалық мәндегі идеяларды алудың ерекше және дербес қызметін орындауға бағытталған. Ізденіс, анықтау, өңдеу, біріктіру, тәжірибелік нәтижелерге жеткізу ғылыми-техникалық прогреске ықпал етеді.
Қазіргі күні Қазақстанда жоғары білімді мамандарды даярлаудың салалық жүйесі басым, ол гуманитарлық және техникалық ғылымдар саласындағы білімін үйлестіретін, жан-жақты білім алған, бірнеше шет ел тілдерін меңгерген, басқарушылық бейімі бар жаңа ғасырдың жұмысшы күшін дайындауды біршама шектейді. Даярлаудың мұндай деңгейін негізінен университеттер қамтамасыз етуге қабілетті. Мұны жоғары білім жүйесінде университеттік типтегі білім беру мекемелері басым дамыған елдер тәжірибесі көрсетеді. Білім жүйесі, оның ішінде жоғары мектеп халықты жұмыспен қамтуды ынталандырып, жұмыссыздықты қысқартуда маңызды рөл атқарады. Ол еңбек рыногынан жастардың бір бөлігін тарта отырып, әлеуметтік шиеленісті әлсіретеді. Кәсіптік білім адами капиталдың қалыптасуын қамсыздандырады. Адами капитал табыс әкеле алатын адамдағы қабілеттердің мөлшерін білдіреді. Ол тума біткен ақыл-ой мен физикалық қабілет, дарын, сыйды ғана қоспайды, сонымен бірге алынған білім мен біліктілікті қосады. Жұмысшы күшінің біліктілік деңгейі адами капиталдың жағдайын көрсетеді. Адами капиталдың артуы еңбеккерлердің кәсіптік біліктілік деңгейінің өсуін бейнелейді. Кәсіптік білім, біліктілік алу жұмысқа орналасу мәселесін шешуде еңбеккер үшін өте маңызды болып табылады. Жұмыс беруші үшін білімі туралы дипломның болу факті, сол адамның белгіленген іріктеуден өтіп, сапалы (білікті) жұмысшы күші категориясына енгенін білдіреді. Егер еңбеккер білімі туралы дипломды көрсетпесе, оның жұмысшы күшінің сапасын жұмыс берушінің өзі бағалауы тиіс болады. Ал ол еңбек сыйымды, шығынды үдеріс және де қателіктен ада емес екендігі сөзсіз. Оқу мекемелерінің түлектерінің көпшілігіне кәсіптік білім еңбекке деген қабілетін жақсартуға, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан білімнің болуы жұмыс іздеушіге еңбек рыногында жоғары бәсекеге қабілетті жұмысты қамтамасыз етеді. Алайда, кәсіптік білімді тек оқитындарда еңбекке деген қабілетті дамытуға бағытталған жүйе ретінде қарастыру дұрыс емес. Кәсіптік білім – жеке тұлғаның жан-жақты дамуына жағдайлар құруға, жекелеген мүдделер мен қажеттіліктерді, оның ішінде мамандық пен біліктілік алуды ескеретін, әлеуметтік институт болып табылады. Еңбек рыногындағы сұраныстың қарқынды өзгерісі жоғары білімнен өз қызметі экономиканың жаһандануы мен өңірленуі жағдайында өтетін жаңа кәсіптік, технологиялық, басқарушылық салаларда мамандар даярлауды талап етеді. Осыған сәйкес жоғары мектептің педагогикалық және ғылыми-зерттеу функцияларын қайта ұйымдастыру қажет, ол академиялық пәндерді әрі қарай әртараптандыру барысында пайда болатын ғылым мен техниканың көп түрлі жетістіктерін ескеруі керек. Оқу жоспарларының түрлілігі, оған енетін пәндер мен курстардың тізімі, кадрларды даярлауды әмбебап тандыру пәнаралық және көп пәндік бағыттардың күшеюіне, оған қатысты оқыту әдістері мен ғылыми зерттеулерді жүргізуді күшейтеді. Жоғары білімді қайта ұйымдастыру мен бетбұрыс тандыру ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың жедел дамуын және оған деген жоғары білім мекемелерінің артып отырған қажеттіліктерін басты назарда ұстауы қажет. Көптеген елдер шешуші маңызды экономикалық міндеттердің арасынан жылдам өзгеруші экономика, технология мен халықаралық сауда жағдайларына бейімделу мүмкіндіктерін күшейту қажеттілігін ерекше көрсетеді.
Елбасымыз өз халқына жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет»деп атап көрсетті. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселе. Бала жанының бағбаны, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мұғалім ары таза, әдепті, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, ұстамды, өз ойын шәкіртіне анық, дәл жеткізетін болуы тиіс. Ол үнемі ізденіп, білімін толықтырып отырса, оның өмірлік ұстанымы тұрақты, күш-қуаты, көңілі әрдайым жоғары, сабақ беру сапасы арта түсіп, еңбегі еленеді. Білім берудегі жаңалық пен қоғамдағы жаңалық бір мақсатты көздейді, олар даму мен прогрестің қабілетін арттыруы қажет. Білім беруді жетілдірудің жаңа парадигмаларына модульдік сабақ жатады. Ол мынадай артықшылықтарымен ерекшеленеді. Біріншіден, оқушыларға мұғалім алдын-ала дайындалған сабақтың жүру жоспарын таратып береді. Онда сабақтың әрбір элементінің нақты мақсаты көрсетіледі. Сондықтан оқушы өзінің не істеу керектігін, яғни сабақ соңында нені біліп шығуы керектігі жөнінде мағлұмат алады. Екіншіден, ұжым болып жұмыс істеу дағдысы қалыптасады. Онда оқушы өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеп, қателігін мойындап және жолдасының пікірінің дұрыстығын көрсетіп, ұжымдық шешім қабылдауға үйренеді. Ол өз білімін өзі бағалай алады. Үшіншіден, жеке басының қабілеті мен мүмкіндіктерін ескеріп, үлкен көлемдегі жазба жұмыстарын жасауды жоспарлайды. Төртіншіден, әр оқушының білім дәрежесіне қарай тапсырманы да түрлі деңгейде алуға болады. Сонымен бірге модульдік сабақ оқушының білімін тексеріп бағалауға зор мүмкіндік береді. Қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе – білім беру мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру және оларды жүзеге асыратын болашақ мамандарды даярлау. Қазіргі педагогиканың негізгі мақсаты – білімді сапалы ету, оқушының толыққан жеке тұлға болып қалыптасуына негіз қалау. Жалпы білімнің 3 міндеті бар, олар – баланың өзіндік жалпы дамуы, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз ету, оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау.
Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтинг ілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сындарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңестігіне ене отырып, басекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі. Жалпы алғанда «құзырлылық» ұғымы жайлы ғалым К. Құдайбергенова «Құзырлылық ұғымы – соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылықтың латын тілінен аудармасы «сомпетенс» белгілі сала бойынша жан – жақты хабардар білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді» деп көрсетеді. Бұл жайлы Б. Тұрғанбаева «... өзінің практикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын – құзырлылықтар деп атаймыз » деп анықтаса, Ресей ғалымы Н. Кузьминаның көзқарасы бойынша, «Құзырлылық дегеніміз педагогтің басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлығы ». Латын тіліндегі « компетенс» сөзін ғалым К. Құдайбергенова «Құзырлылықты білімін, біліктілігін, дағдысын, тұлға мінез-құлқын, ең бастысы тұлға мүмкіндігін бағалаудың критерийі мақсатында қарастыру құзырлылық маңызын толық аша алады. Олай болса, құзырлылық, нәтижеге бағдарланған жаңа білім беру жүйесінің сапалық критерийі ретінде әлеуметтік және өмірлік көзқарастарды есепке алу қажет» деп жазса, Б. Тұрғанбаева «Құзырлылыққа бағытталған оқыту үрдісінде тәжірибелік жолмен мәселені шешу мүмкіндігі молаяды. Осы жағдай біліктілікті арттырудағы екінші үлгіге көшірудің негізі бола алады. Өйткені, құзырлылыққа бағытталған үлгіде білім алушылардың өздерін ұйымдастыру басты мақсаты» деп көрсетеді. Қ.Құдайбергенова «Құзырды әртүрлі кенеттен болған ситуацияларда мәселелерді шешу үшін қажетті білімді немесе әрекетті көрсете білу қабілеті, білім мен өмірлік ситуация арасындағы байланысты орнату мүмкіндігі ретінде, ал құзырлықты адамның өзіндік деңгейіне, даралық қасиеттеріне тікелей байланысты тұлғалық, теориялық, практикалық өлшеу дәрежесі жоғары деңгейде кіріктірілген құрылым ретінде қарастыру ұсынылады» деген тоқтам жасайды.
Егеменді еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар иесі бүгінгі жас ұрпақ. Егеменді еліміздің еңсесі енді көтеріліп , тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуі қажет.Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – ұстаз болғандықтан, ал сол ұстаз заман талабына сай болуы үшін әрқашан ізденуді, білімдерін жетілдіруді, жан-жақты, білікті болуды талап етеді.Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уарт жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады деген екен. Ал XXI ғ. нағыз ұстазы қандай болмақ, қазіргі заманда Егеменді еліміз тәуелсіз жеріміздің болашағы жас өсіп келе жатқан ұрпақ қолында. Сол ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздар сан түрлі әдіс тәсілдер қолдануда. Мұғалім сабақта әдіс тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру қажет. Әдіс – тәсілдер арқылы өткізген әрбір сабақ оқушылардың ойлануына және қиялына негізделіп келеді, баланың тереңде жатқан ойын дамытып оларды сөйлетуге үйретеді. Түрлі әдістемелік тәсілдер пайдалану арқылы қабілеті әртүрлі балардың ортасынан қабілеті жоғары баланы іздеп, онымен жұмыс жасау, оны жан жақты тануды ойлап, оқушылардың шығармашылық деңгейін бақылап отыру әрбір мұғалімнің міндеті.
Жаңа технологияны меңгеруде мұғалімнің жан – жақты, білімі қажет. Қазіргі мұғалім:
- Педагогикалық үрдісте жүйелі жұмыс жүргізе алатын;
- Педагогикалық өзгерістерге тез төселетін; Жаңаша ойлау жүйесін меңгере алатын;
- Оқушылармен ортақ тіл табыса алатын;
- Білімді, іскер, шебер болу керек;
Жаңа педагогикалық технологияның ерекшеліктері – өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан –жақты дамыту. Инновациялық білімді дамыту, өзгеріс енгізу, жаңа педагогикалық идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу.
Бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін жеке тұрға екендігіне ерекше мән беруіміз керек.
Қазіргі оқушы:
- Дүниетаным қабілеті жоғары;
- Дарынды, өнерпаз;
- Іздемпаз, талапты:
- Өз алдына мақсат қоя білу керек;
Қазіргі таңда мұғалімдер алдында білім жүйесін, заман талабына сай үйлестіре, жаңа үлгіде жүргізу міндеті туындап білімге бүкіл оқу-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар қойылуда. Бұл дегеніміз мұғалімге білім берудің тиімді жолдарын қарастыру деген сөз. Яғни бұл бағдарламаның басым бөлігі сындарлы оқыту теориясының негіздерін қамтыған. Бұл теория оқушылардың ойлануын дамытуда олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асады деген тұжырымға негізделген.
Жоғарыда аталған үдерістердің қарқынына теңсіз әсер теріс өңірлік, ұлттық, жергілікті салдарға алып келетін тұтас бір мәселелер кешенін тудыруға қабілетті. Жоғары білім осындай көптеген теріс үрдістерді болдырмауға қабілетті болып табылады. Мұндай үрдістерден шығу жөніндегі шешімдер ұлттық, жергілікті, өңірлік, әлеуметтік және мәдени құндылықтарды ескерумен жүзеге асырылуы тиіс.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы // Алматы, 2010. 6 б.
- Қазақстан Республикасында 2015жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Астана, 2004. 3-4 б.
- Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2004. 28 б.
- Дамитов Б.К. Жоғары білім бойынша заңды және нормативті құжаттар жинағы. ҚР Білім және Ғылым Министрлігі. А., 1996. – 132 б.
- Современное состояние высшего образования в Республике Казахстан // Вестник высшей школы. Алматы, 2005. С. 92.
- Закон Республики Казахстан от 27.07.2007 N319-3 «Об образовании»
- Алшанов Р. Частное образование в Казахстане: становление и современные вызовы // Казахстанская правда, 2007, 2 ноября, №175.