Мамандықтан (домбырадан) сабақ беретін оқытушы өз шәкіртінің тек жақсы орындаушы музыкант болып шығуына, сонымен бірге оның идеялық тұрғыдан да өсіп жетілуіне жауапты. Педагогиканың бұл маңызды саласын сырт қалдырып, тек аспапқа ойнауды үйрету ісімен шұғылданған оқытушы, сөз жоқ қателеседі. Демек, оқытушы жас музыканттарды тәрбиелеуде өзіне тапсырылған зор сенімді бүтіндей ақтады деп есептеуге болмайды.
Домбырашы педагогтың бірден бір мақсаты болашақ орындаушы – музыкантты тәрбиелеп, баулу болып саналады.
Ол үшін оқытушы оқушысына әр түрлі музыкалық шығармалар бері, олардың музыкалық эстетикалық сезімін жетілдіре түсуі тиіс. Жас музыканттарды аса көрнекті композиторлардың творчествосы негізінде оқыту, үйрету қазіргі кездегі әрбір домбырашы педагогтың ең құрметті борышы болып есептеледі.
Әрине, оқытушы үшін ұстаз болу оңай емес, оқушысының жақсы болып шығуы үшін ол барлық өнерін салады. Бірақ егер оқушының өзі талаптанып, еңбек етпесе, ізденбесе, ыждағаттанып оқымаса, одан мақтарлықтай орындаушы музыкант шығады деп сенуге болмайды. Сондықтан оқушысының еңбекке, ұқыптылыққа, төзімділікке үйрету оқытушының негізгі тәрбие жұмысының бірі болып саналады.
Әрбір сабақтың өз алдына қойған мақсаты болады. Сабақтың сапалы, қызғылықты өтуі оқытушының дайындалуына байланысты. Оқытушы әрбір сабақтың мақсатын білумен қатар өткен сабақ пен келесі сабақты бір бірімен жалғастыра, байланыстыра білуі керек.
Сабаққа дайындалу дегеніміз – сабаққа дейін оқушыға беретін репертуарды талдау, тексеру және ойнап көру деген сөз.
Оқытушы, әсіресе домбыраға түсірілген басқа музыкалық аспаптар үшін жазылған музыкалық шығармаларды өте мұқият түп нұсқасымен салыстырып тексеруі керек. Басқа аспаптарға жазылған шығарманы домбыраға түсіріп ойнау оның негізгі мелодиясын бұзбай, тиісті штрихтарын барынша пайдаланып, дыбыс бояуына лайықты өң беріп, шығарма авторының идеясын түсініп, көркемдік жоғары дәрежеде орындау деген сөз.
Ал оқушыға күй үйреткенде оқытушы, ең алдымен, ол күйдің ерекшелігін, музыкалық құрылысын, формасын, орындау тәсілін өзі жақсы білуге міндетті. Әсіресе оның қағысына, аппликатурасына өте мән беруі керек. Бұл тұрғыдан оқытушы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан, атышулы халық орындаушылары бір біріне мұра етіп қалдырған ғасырлар аппликатурасы мен қағыстарын пайдалануға міндетті. Оны өзгертуге ия оған жаңалық енгізуге болмайды. Әрбір қағысты біз сол күйдің характерін, музыкалық образын жасаудың құралы, ырғақтық қасиеті десек қателеспейміз. Бұл әркімге де түсінікті болуы керек. Мысалы, «Байжұманың» (Құрманғазы) «Наратудың» немесе «Жігер» мен «Бұлбұлдың» қағыстарын өзгертсек, онда осындай тамаша күйлердің сұлу бейнесі мен әсем көркіңнен жұрдай болып шығатынын біз оп – онай ақ ажырата алар едік. Сондықтан оқытушының, күйдің өзіндік орындау стилін, аппликатурасы мен штрихтарын сақтауы бірден бір жауапты міндеті болуы керек.
Оқытушының ең негізгі, қажет деген орындау аппликатура белгілерін нота үстіне жазып беруінің, оқушы үшін пайдасы аса зор. Шығарманы үйренгенде тек орындау техникасын ғана емес, сонымен бірге оның барлық нюанстарын да бірге үйренетін болады. Оқытушы музыка характеріне сай, автор ойын толықтыра түсетін түрлі нюанстарды пайдалануға міндетті. Бұл тұрғыдан орыс, Батыс Европа классиктерінің, совет композиторларының камералық аспаптық шығармаларының асқан шеберлікпен орындап тыңдаушыларына жеткізе білетін совет музыканттарының творчествосы, домбыра оқытушысына бірден бір үлгі өнеге болуы керек.
Оқушысының музыкалық ой өрісі өсіп түсінігі тереңдеген сайын, оқытушының орындалатын шығарманы жан – жақты түсіндіру жұмысы азая түседі. Әрине бұл оқытушының бұған дейін дұрыс сабақ беру методикасының, ұғымды түсіндіргендігінің, жемісті қорытындысы болып саналады. Осының арқасында оқушының өз бетімен дайындалып, үйренуіне де қабілеті жететін болады.
Сабақты жоспарлау дегеніміз, сабақ сайын оқушыға берілетін әрбір тапсырманы белгілеп, сол тапсырмаға байланысты әзірлену деген сөз. Мұндай жоспарда сонымен бірге шығарма үйрену кезінде кездесетін, келесіде оған ерекше назар аударатын шығарманың техникалық қиын жерлері де көрсетілуі тиіс.
Оқытушы әрдайым өзі үшін методикалық дәптер пайдаланып қана қоймай, оқушысына да күнделікті пайдалануды талап ету керек. Оқушы күделігіне берілген тапсырманың қысқаша мазмұны, шығармада кездесетін техникалық қиын жерлерін игеруі үшін берілетін жаттығулар, оқытушы айтып түсіндірген музыканың қысқаша мазмұны мен оның орындалу екпіні, характері жазылады. Күнделікке жазылған тапсырма, оқушының үйде дайындалуы үшін, класта айтылған оқытушы сөзін еске сақтауы үшін үлкен көмегін тигізеді. Сондықтан оқытушы оқушысының күнделігін сабақ сайын тексеріп тұруға міндетті.
Оқытушының міндетін қиындататын бір жағдай оқы жоспарының әр алуандығы. Біздің бұл жерде айтып отырғанымыз оқушының түрлі музыкалық пьесалар мен жаттығулар, әндермен бірге күйлер үйрену міндеті жайлы болып отыр. Демек, оқытушы бұл тұрғыдан әр сабағын жоспарлап, оны уақытқа бөлгенде, бұған жауапты қарауға міндетті. Күй үйрену өзінің көптеген сыры бар, аса ұқыптылық пен жауаптылықты қажет ететін мәселе болып саналады. Басқа шығармалар мен бірге, оқушы жылына кем дегенде сегіз он күй үйренуге тиіс.
Әрине, сабақ барысында, оқушының тапсырманы үйренуіне байланысты, әрбір шығармаға бөлінген сағат мөлшері өзгеруінде мүмкін. Бұған таңдануға болмайды. Бірақ оқытушы жалпы оқу жоспарының орындалуын, негізінде оның өзгеру жағын қадағалап отыруы тиіс.
Оқытушының келесі сабаққа жасайтын жоспары, өткен сабақтың қорытындысына байланысты жасалынады. Сабақ қалай өтті, оның қандай жетістігі мен кемістігі болды, келесі сабақта шығарманың қайсы жағына назар аудару керек, сабақ беру, түсіндіру тұрғысынан оқытушының методикасы оқушыға қалай әсер етті, міне осы мәселелерді қамту керек. Оқытушы сабақты тек осылай жоспарлап өз методына әр кез сын көзімен қарап қорытынды жасағанда ғана оқушының сабақ үлгеруі, орындаушылық шеберлігі жаңа табыстарға жете береді.
Оқытушы келесі сабаққа оқушының қай пьеса мен этюдті ойнап келуін күні бұрын жоспарлауы тиіс. Осыған байланысты ол қайсы шығарманы класта түгел ойнататынын, қайсы шығарманың тек қиын деген жерін үйрететінін белгілейді.
Сабақтың жоспарында нотаға қарап ойнату, жатқа орындату сияқты пайдалы жұмыстарда көрсетілуі тиіс.
Оқытушы әр уақытта мынаны есте сақтауы қажет. Музыкалық шығармаларды үйрету деген, ең алдымен оқушының орындаушылық шеберлігін, қабілетін дамыту деген сөз. Сондықтан оқытушы оқушысына мейлі ірілі уақты пьесалар үйретсін, мейлі техникалық жаттығулар мен этюдтер үйретсін, оқушысының орындаушылық шеберлігінің өсуін негізгі міндет етіп қоюы керек. Сабақты жоспарлаудың мағынасы мен мәніңде осында.
Сабақ – оқу тәрбие жұмысының негізі. Демек, оқытушы оқушыдан сабаққа уақытында келуін, себепсіз сабақ жібермеуін талап етуі керек. Бұл тұрғыдан ол өзі де үлгі болуы тиіс.
Сабақ өткізу жұмысы үйге берілген тапсырмамен тығыз байланысты. Сабаққа келген сайын оқушының ойынына, үлгеруіне қарап оқытушы тиісті қорытынды жасап, оған жаңа тапсырмалар береді. Оқушының үйде нәтижелі дайындалуы, кластағы сабақтың қызғылықты өтуімен, оның алған әсерімен тығыз байланысты. Сондықтан үйдегі дайындық кластағы өткен сабақтың жалғасы болуы үшін, сабақ ұйымдастыру жұмысы ойдағыдай жоспарлы болуы қажет. Оқытушы оқушыны өз бетімен жұмыс істеуге үйретуімен қатар шығарманы түсініп, саналы үйренуге де тәрбиелеуі керек.
Оқытушы оқушысын, берілген пьесалар мен жаттығу этюдтерді әуелі тәрбиелеуі керек. Ол үшін оқушы ойланбас бұрын оған шығарманы ойнатуға болмайды. Оқушы не ойнайтынын, қалай ойнайтынын, ол шығарма жайлы оқытушыға оған не айтты, қалай түсіндірді, шығарманың қайсы жеріне көбірек көңіл аудару керек екенін күні бұрын ойлап есіне түсіруі тиіс. Сонда ғана жаңа шығарманы үйрену оқушыға жеңіл тиеді.
Шығарманың кейбір жерлері дұрыс немесе ойдағыдай шықпайды. Мұны айыра білудің оқушы үшін үлкен мәні бар. Әсіресе үйде дайындалғанда, егер шығарманың қайсы бір буындары, көріністері, бөлімдері айтарлықтай қиындық тудыратын болса, сол жерлерін бір емес, бірнеше рет қайталап ойнауды оқушыға түсіндіру оқытушының міндеті болып саналады.
Жаңа шығарманы үйрену кезінде, оны бірден тез екпінде ойнауға болмайды, қайта алғашқыда өте жәй екпінде ойнап, шығарма нотасын дұрыс үйреніп, өз ырғағында дұрыс орындауды талап ету керек. Шығарманы автор көрсеткен екпінде орындау үшін, оған біртіндеп дайындалу керектігін, оқушы есіне әрдайым салуға тиісті. Оқытушы оқушыға шығарманы сабақ сайын белгілі бір екпінде ойнауды, біраз дайындықтан кейін аздап екпін қосуды тапсырады. Тек осындай әдіспен үйренгенде ғана оқушы алдына қойған мақсатына жете алады.
Шығарманы жақсы орындау, домбыра дыбысын жақсы шығара білуге де байланысты. Басқа музыкалық аспаптар секілді, домбыраның да өзінің дыбыс құдіреті, дыбыс бояуы, дыбыс шығара білу әдістері бар. Тек соларды біз айта қаларлықтай меңгере білуіміз керек. Оқытушы шығарманың характеріне, мазмұнына, түрлі орындаушылық белгілеріне қарай, оң қол мен сол қолды қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, көрсете білу керек. Әсіресе, дыбыс шығарудың бір әдісі, оң қол шынтағын, сондай ақ қолдың басы мен қағыс күшін орынды пайдаланудың үлкен маңызы бар. Сондықтан оқытушы оқушыға жаңа тапсырма бергенде осыларды оның нотасына жазып, көрсетіп беруі керек. Оқушыдан құлаққа жағымды, нәзік, шығарма сазына лайық сырлы дыбыс шығара білуді талап ету керек.
Әдетте сабақ үйге берген тапсырманы оқушы дұрыс үйреніп келді ме, жоқ па, ойнау орындау әдістері оқытушы көрсеткендей ме, міне осыларды қарастырудан басталады. Егер үйге берілген тапсырма тек күй немесе бір екі басқа музыкалық шығармалар болса, оқытушы тек соларды ғана тексереді. Басқа шығармаларды қарау міндет емес, өйткені оқушының дайындап келмеген шығармаларын тыңдағанмен, пайда жоқ. Қайта оның орнына, сабаққа дайындап келген күйді тыңдап, оның қағыстарын, саусақтарын тексеріп, дұрыстаған пайдалы болады.
Сабақты тексеру тек оқушы ойынынан басталмайды, әуелі оқушыдан ауызба ауыз сұрауға болады. Оның үйде қалай дайындалғаны, қандай қиындық кездескені туралы сұрап білудің оқытушы үшін артықшылығы жоқ.
Оқытушы шығарма дайын болғанда ғана оны басынан аяғына дейін тыңдайды. Оқушыға бұдан былай енді қалай орындау керектігін айтып түсіндіреді. Үйренген шығарманы класта жеке тыңдауды әдетке айналдырады. Бірақ мұндай тыңдаудан кейін, шығарманың тек шықпай жатқан жерін ғана үйде ойнауды тапсырады.
Оқушы оқытушысын өзінің әрі қамқоршысы, әрі қатал сыншысы ретінде ұстаз тұтады. Оның айтқан әрбір сөзі, пікірі ол үшін заң болып есептеледі. Сондықтан оқытушы оқушысын класта тыңдағанда оның ойынын зейін қойып тыңдап, кемшіліктерінің бәрін сырт қалтырамай, түсіндіріп беруі тиіс. Егер оқушы берілген шығарманы жартылай немесе бүтіндей үйреніп, ойнай алмайтындай болса, оқытушы оның себебін білуге тырысады. Өзінің жасап келген сабақ жоспарын қайта тексереді, керек болса оны мүлдем өзгертіп, оқушы түсінгеніне байланысты қайта жасайды.
Класта бір оқушының орындауына бірнеше шығармаларды қайта қайта тыңдай беру оңай жұмыс емес. Ол оқытушыны жалықтырып «қалжытып» жіберуіде мүмкін. Мұндай жағдайда оқушының ойынында кеткен қателіктерді оқытушы байқамауда қалады. Ол оқушының дұрыс музыкалық эстетикалық тәрбие алуына нұқсан келтіреді. Демек, оқушы шығарманы қанша рет орындаса да, оқытушы қадағалап бар зейінімен тыңдауы керек.
Сабақтың соңғы уақыты жалпылама түсіндіру методына арналуы керек. Бұл біріншіден, оқытушы оқушы ойнаған шығарманың әуелі қиындау деген жерлерін ойнап, одан кейін оны басынан аяғына дейін орындап береді. Екіншіден, оқушының үйге берген тапсырманы қандай дәрежеде орындап келгені жайлы өткізеді. Үшіншіден, келесі сабаққа оқушы не дайындап келеді, оны қалай дайындау керектігі туралы нақтылы тапсырма береді. Мұның бәрі тек ауызша түсіндірілмей, аспапта ойнап көрсетілуі керек.
Сабақты әрі жемісті, әрі қызғылықты өткізу үшін, оқушының көңіліне қонымды және түсінікті болу үшін, оқытушының сабақ беру, сабақ өткізу методы оқытушының класта сабақ беру методы әр түрлі болуы заңды.
Оқушы болашақ – орындаушы – музыкант, өнер қайраткері, сондықтан алғашқы үйрену кезінде оның өз бетімен жұмыс істеп үйренуі үшін, оған еркіндік берудің үлкен маңызы бар.
Сабақ беру тәжірибесі көрсеткеніндей оқушыға шығарманы қайталатып ойнатып жаттықтыру әдісінің маңызы зор. Біздің жоғарыда айтқанымыз оқушының өз түсінігімен, бірақ оқытушының бақылауы, жәрдемі арқылы үйрену әдісі болса, жаттықтыру әдісі дегеніміз тек оқытушының айтуы мен оның нұсқауы бойынша өтілетін әдіс болып саналады. Мысалы, шығарманы үйренуде оның ырғағы қиындық туғызса, орындау белгілері ойдағыдай шықпай жатса, оқушы оқытушының айтқанын қайталап ойнаған сайын, есіне түсіріп, оны игергеннен кейін ғана шығарманың келесі буынына көшуге тиіс.
Оқытушы оқушыға шығарманы басынан аяғына дейін ойнататын болса, оған дейін тек жалпылама бағыт береді. Бұл метод шығарманың жалпы характерін білу, шығарма туралы оқушыға ой туғызу үшін қолданылады.
Оқушы шығарманы орындаған кезде оқытушы оған жол жөнекей оның ырғағын дауыстап есептеп, қате жерін қалай орындау керек екендігі жөнінде айтып отырады. Оқушының ойынын тоқтатпай ақ оған күні бұрын шығарманың «мына жерінде крещендо, мына жерінде диминуэндо немесе пиано, пианиссимо орындалады» деп айтып отырудың үлкен маңызы бар. Ондай ескертулер оқушы ойында тез сақталады. Әрине, оқушы ойнап отырған кезде мұндай ескертпелер көп және көп сөзді болмауы керек. Әдетте шығарма нюанстарын тек ауызша айтпай, әндетіп те немесе әртүрлі дирижерлік қимылдар жасап та көрсетуге болады.
Оқытушы ойын кезінде оқушының отырысында, оң қол мен сол қолының дұрыс пайдалануын да бақылап жөндеп отырады. Мысалы, түрлі дыбыс шығару нюанстарына қарай оқушының оң қолын, оң қол шынтағын бақылап, оны ілгерікейінді ысырып, жылжытып отыру оқытушыға қиындық туғызбайды.
Қайсы бір уақыттарда оқушының музыка ырғағын дұрыс ойнау үшін аяқ пен қол соғып есептеу әдісі де кездеседі. Бірақ мұндай әдісті бүтіндей дұрыс деуге болмайды. Мұның орнына ауызша есептеп ойнатуға үйреткен дұрыс болады.
Оқушы шығарманы ойнап болғаннан кейін оқытушы байқалған кемшіліктерді жөндеу, дұрыстау методына көшеді. Ол, ең алдымен, шығарманы орындауда оқушы қандай қате жібереді, оны қалай жөндеуге болатындығын айтып түсіндіреді. Шығарманың сол жерін бірнеше рет қайталатқызып ойнат тырады, өзі ойнап көрсетеді. Әрине, бұдан кейін оқушының өз қатесін түсініп, оны тез игеріп кететіні өзінен өзі түсінікті.
Шығарманы үйреніп оны орындау кезінде, оқушы ойынын жиі тоқтатуға болмайды. Өйткені орындау үстінде оқушы сол шығарманың музыкалық мазмұнын, характерін беру үшін өзінің бар орындаушылық творчестволық шеберлігін, мүмкіншілігін салады, бұл бір. Екіншіден, ойнап отырғанда қайта қайта тоқтату сол шығарманың жалпы үндестік қасиетін оқушыға есітіп, жаттығуға кедергісін тигізеді. Демек, берілетін ақыл кеңесті оқытушы не ойнағанға дейін, немесе оқушы ойнап болғаннан кейін айтуы керек.
Сабақ беру методына, тек үйге берген тапсырманы тексеру, оны тымдап жөндеу немесе шығарманы талдап орындау шеберлігіне үйрету сабақтары ғана жатпайды, оған орындалатын музыкалық пьесалар, жаттығулар мен этюдтар жайлы болатын кластағы әңгімелерде жатады. Мұндай сабақтарда оқытушы шығарма қалай орындалады,оны белгілі музыкант – домбырашылар қалай орындайды деген тақырыпта әңгіме өткізу керек. Мұндай әңгіме кезінде орындаушылық техникалық шеберлік және шығарманы мазмұнына, формасына, стиліне байланысты орындау жайлы оқушымен кеңес өткізу, сөз жоқ, пайдалы болады. Класта белгілі орындаушылардың орындауында пластинка тыңдау, музыкалық әдеби кітаптар оқып танысу, әрине, оқушының ой санасының өсуіне, оның музыкалық орындаушылық шеберлігінің жетілуіне әсерлерін тигізетіні өзінен өзі түсінікті. Әрине, мұндай методпен көп әуестенуге болмайды. Мұндай метод әрбір оқушының қабілетіне қарай жоспарлануға тиіс. Егер оқытушы сабақ сайын құрғақ әнгіме, пластинка тыңдатумен әуестенетін болса, сабақ беру методының негізгі мақсаты орындалмай қалуы сөзсіз.
Музыкалық шығармаларды оқушыға үйрету үшін мұғалім, ең алдымен, ол шығармаларды өзі жан-жақты білуі керек. Демек, музыкалық шығармаларды үйрету үшін, оқушыға әрбір шығарманы талдап, оның есінде сақталатындай дәрежеде қарапайым тілмен түсіндіре білу қажет. Тәжірибе көрсеткендей, тек ұстаз басшылығымен үйренген музыкалық шығармалар арқылы ғана оқушының музыкалық – орындаушылық шеберлігі техникасының өсіп-жетілетіні біздің сөзімізді растайды.
Музыкалық шығармаларды үйретудің бірнеше жолдары бар, оны түрлі сақтығы бөлуге болады. Шығарманы алғаш үйреткенде, оқушыға басынан аяғына дейін бір орындап шығу қажет. Мұның үлкен мәні бар. Алғашқы ойын арқылы оқушыға шығарманың жалпы мінезі, көркемдік суреті айта қаларлықтай әсер етеді.
Оқушы жаңа шығарманы басынан аяғына дейін ойнап танысқаннан кейін, мұғалім енді шығарманы оған өте жай ойнатып талдауға кіріседі. Шығарманың қиын жерлеріне көбірек тоқталып, шәкіртіне оның игеру жолдарын түсіндіріп, музыкалық құрылысы, ырғағы, мелодиялық ерекшелігі жайлы әңгімелеп таныстырады. Әрине, осы тұрғыдан үйретумен бірге тәлімгер оқушыдан, ең алдымен, шығарманың ноталарын өте дұрыс үйреніп, оған аса ұқыптылықпен қарауды талап ету керек. Біз ноталарды дұрыс үйрену керек дегенде, шығарманың гармониялық фактурасын, динамикалық ерекшеліктерін, шығарманы алғашқы үйрену мерзімінен бастап-ақ түсініп ойнауға тырысу керек деген ұғымды айтып отырмыз. Сондықтан оқушының шығарманы дұрыс түсініп, ырғағы мен мелодиясын бұзбай ойнауын мейлінше қадағалау үйретушінің жауапты міндеті.
Бұған дейін атап өткеніміздей, шығарма үйренуде аппликатураны дұрыс пайдаланудың маңызын еш уақытта естен шығармау керек. Асылында, оқушыға аппликатураны өзі қойып үйренуге жаттықтыру, оқытушының міндеті болып саналады. Қандай шығарма болмасын, оқытушының жәрдемісіз ақ оқушының өзіне ынғайлы етіп тиісті аппликатура қоя білуі, оның шығарманы дұрыс ойнауына, саусақтарын орынды пайдалана білуіне көп көмегін тигізеді.
Жасыратыны жоқ осы күнгі бірқатар домбырашыларымыз күні бүгінге дейін домбыра дыбысын үнемдеп пайдалануды білмейді. Олар үшін фортенің бәрі форте, пианоның бәрі пиано, бір бірінен ешбір айырмашылығы жоқ сияқты. Әрине бұл түсінбегендік. Домбыра оқытушылары дәл осы жағдайға ерекше назар аударуға міндетті. Ауан түрлі дыбыс шығару – домбырашының шеберлігіне, орындаушылық әдістеріне, дыбыс табиғатын жүрегімен ести билеуіне байланысты. Сондықтан музыкалық шығарманы үйренгенде, оның сырын, сипатын ашу үшін шығармада көрсетілген динамикалық белгілерді мағыналы орындауға оқушыны тәрбиелеу керек. Ол оң қолын, оң қол шынтағын, әрбір қағысты, домбыраның бар дыбыс мүмкіншілігін өте ептілікпен, орынды және орындаушылық интерпретацияға сай, жоғары музыкалық дәрежеде пайдалана білуі тиіс. Өйткені мұның бәрі музыкалық образ жасаудың негізгі тәсілдерінің бірі болып саналады.
Қорыта айтқанда, оқытушының әрбір сабағы тиянақты, түсінікті болып, бірбірімен астарласып, бірін бірі толықтырып жатуы керек. Оқытушының сабақ беру методы әр сабаққа лайықты жаңаланып өзгеріп отыруы тиіс. Оқытушы әрбір оқушының өзіндік ерекшелігін ескеріп, онымен есептесуге міндетті. Сонда ғана оқытушының сабақ беру методы жемісті болады.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Сахарбаева К.С. Домбыра тартуды үйрену әдістері. – Алма-Ата, 1989
- Сахарбаева К.С. Домбыра дастан. – Алматы: «Мектеп», 2002.
- Меңдіаяқова Қ.М., Қарамолдаева Г.Ж. Мектепте музыка тәрбиесін беру әдістемесі. Алматы, 1997.
- Момынұлы П. Музыкалы-эстетикалық тәрбие. Алматы, 2000.
- Музыкалық әдістемелер, 5-4 сынып. – Алматы: «Атамұра», 1997.