Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Жаза адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін, адамзаттың қауіпсіздігі мен бейбітшілікті, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, сонымен қатар, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V жаңа Қылмыстық кодексі жазаға төмендегідей анықтама береді: «Жаза дегенiмiз сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан Қылмыстық кодексінде көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады». Бұл анықтамада жазаның негізгі белгілерінің жиынтығы берілген.
Заңда жаза түрлерінің және олардың көлемі және қолданылу ретінің көрсетіп орнықтырылуының сотталғандарға жаза тағайындау және оны жекешелер кезіндегі негізгі қағидаларды жүзеге асыру үшін аса маңызды мағынасы бар. Жазалар толық тізімінің мағынасы сот сотталушыға осы тізімде көрсетілмеген жазаны тағайындай алатындығында жатыр. Жаза жүйесі деп қылмыстық заңмен бекітілген, салыстырылмады ауырлығы ескеріле отырып, белгілі тәртіппен орналастырылған жаза түрлерінің соттар үшін міндетті және толық тізімі айтылады. Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде жаза жүйесі 40-бабында орнықтырылған. Жаза жүйесін белгілеудің сот әділдігі міндеттерін іске асыру үшін әдістемелік және тәжірибелік тұрғыдан айтарлықтай мәні бар. Әдістемелік мәні әрбір жазаның қолданылу тәртібі, нақты шегі, жағдайлары белгіленген толық тізімнің қылмыстық құқық бұзушылыққа қарсы жазалау саясатының бірлігіне, соттың қызметінде заңдылық қағидаттарының сақталуына ықпал етектігінде. Қарастырылып отырған жүйенің тәжірибелік мәні – жаза түрлерінің бірізді орналасуында.
Бұл – сотқа бұған дейін сот жұмысының тәжірибесін, қоғамдық құқықтық сана мен ғылыми ұсыныстарды ескере отырып, сотталушыға заң негізінде ықпал ету шараларын орынды әрі мүмкіндігінше тиімді қолдануға жол ашады. Заң жүзінде бекітілген жазалар жүйесінің мәні – осы жүйеге сүйене отырып, жазаның қайсысы – ең қаталы, ал қайсысы – жұмсақтау екендігін анықтап білуге болатындығында. Ал оның жаза тағайындау үшін ғана емес, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілдеу жаза түрінде ауыстырған кезде де пайдасы бар. Жаза түрлерінің тұтас жүйесі де, жеке алғандағы әрқайсысы да, сотталушыға ықпал жасаушы кешендер тәсілдерінен тұрады. Бұл – сотқа қылмысқа қарсы күрес жүргізу үшін ең ұтымды шараларды таңдап алуға мүмкіндік жасайды. Сонымен, жаза түрлерінің салыстырмалы көптігі –жасалған қылмыспен қатар, оны жасаған қылмыскердің де қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, оның алдында тұрған мақсаттарына жету үшін әсер ететін әділ жаза тағайындауға мүмкіндік береді.
Жазаның жүйесі мен түрлері, сонымен қатар, қылмыстылыққа қарсы күрес тәсілдеріне қатысты қоғамда қалыптасқан көзқарастарды да білдіреді. Тарих – жаза түрлері мен тәртібінің сан алуан бостандығының куәсі. Адамның өмірі, денесі, бойындағы абыройы және оның мүлкі – жазалау объектісі болып келсе, өлім, мертіктіру, күш көрсетіп қорлап зорлау, қамау, қудалау, мүлкінен айыру, масқаралау мұның барлығы жаза қолданудың салдары болды [1, 6 б.].
Айта кетерлік жайт – жазаның әрқашанда қылмыскерді мемлекет атынан айыптаумен қоса жүретіндігі. Қылмыстық жаза қоғамда көпшілік қолдайтын, яғни қоғамда үстем саналатын және қоғамның өмір сүруінің негізгі шарттарымен үйлесетін көзқарастарға сәйкес келіп отырды және қазіргі кезде де солай болып отыр. Қазіргі заңнамаға ескірген жазаларды кіргізу қоғам үшін тарихи анахронизм болып қабылданып, олардың еш ықпал ету күші болмас еді. Бұған керісінше, қоғамдық, саяси, адамгершілік тұрғыда қабылдауға әлі де пісіп-жетілмеген жазаларды заңға кіргізу де осындай ахуалға ұшыраған болар еді.
Жаза жүйесі – ауырлығы ескеріліп белгілі бір ретпен орналасқан, сот үшін міндетті болып табылатын мемлекеттік қылмыстық заңда белгіленген, бекітілген жаза түрінің түпкілікті тізімі. Қылмыстық заңның өзінде барлық соттар үшін міндетті болып табылатын жекелеген жазаларды қолданудың шарты, шегі және тәртібі белгіленген. Жүйеге енетін жаза түрлерінің барлығы екі топқа бөлінеді: негізгі және қосымша. Жазалардың негізгі және қосымша болып бөлінуінің тәжірибелік маңызы бар.
Атап айтқанда, қосымша жазаларды қолдану – жазаның жекелену қағидасын іске асыру тәсілдерінің бірі. Жазаның қандай түрлерінің негізгі, ал қандай түрлерінің – қосымша екендігін дәл атап көрсету заң талаптарына толық жауап береді. Негізгі жазалар – жазаның дербес түрі ретінде ғана тағайындала алатын түрлері, оларды басқаларына қосымша ретінде біріктіруге болмайды, және де, жазаның мақсаттарына жету негізінен, осы негізгі жазалармен байланыстырылады.
Қазақстан Республикасы жаңа Қылмыстық кодексінің 40-бабына сәйкес қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар қолданылуы мүмкін:
- айыппұл;
- түзеу жұмыстары;
- қоғамдық жұмыстарға тарту;
- қамаққа алу.
Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар қолданылуы мүмкін:
- айыппұл;
- түзеу жұмыстары;
- бас бостандығын шектеу;
- бас бостандығынан айыру;
- өлім жазасы.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар қолданылуы мүмкін:
- мүлкін тәркілеу;
- арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;
- белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
- шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу [2, 18 б.].
Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаға Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің нормаларының аясында тағайындалатын негізгі жазалардың тек біреуі ғана қолданыла алады. Мысалы, түзеу жұмыстары бас бостандығынан айырумен қатар тиісті санкцияда қарастырылғанымен, бас бостандығынан айыруға қосымша еш жағдайда да тағайындалмайды. Қосымша жазалар – негізгі жазаға қатысты көмекші сипатқа ие жаза түрлері. Жазалардың бұл түрі негізгі жазаларды ғана қолдану жазаның мақсаттарын қамтамасыз етпейтін жағдайда қолданылады.
Қосымша жазаларды қолдану кезінде белгілі бір талаптар сақталу тиіс. Қосымша жазалар өздері ғана дербес түрде тағайындалмайды, олар жазаның негізгі түрлеріне біріге алады. Жаза негізгі түрлеріне оның қосымша түрлері аса ауыр қылмыс жасалған немесе заңда көрсетілген жағдайларда қосылады. Тұлға заң бойынша қолдануға болмайтын қосымша жазалардың тағайындалуына жол берілмеуі тиіс, мысалы, шартты түрде сотталған тұлғаға мүлкін тәркілеу жазасы қолданылмайды. Қосымша жаза негізгі жазадан қатал болмауы тиіс, әйтпесе негізгі және қосымша жазалардың үйлесімділік қағидатының өзі іске аспай қалады.
Сол сияқты, қосымша жазаның үйлесімділік қағидатының өзі іске аспайды. Сол сияқты қосымша жазаның түрі негізгі жаза түрімен бірдей болмауы керек, себебі мұндай жағдайда орын алса, қандай да бір жазаның заңда рұқсат етілгеннен көбірек мерзім мен мөлшерге асып кетуіне әкеліп соқтырар еді. Ең бастысы жазалаушы элементтері негізгі жазаның элементтерімен сәйкес келетін қосымша жазаны да тағайындауға болмайды. Егер жасалған қылмыс сараланатын заң бойынша міндетті түрде қосымша жаза тағайындалуы тиіс болса, ҚК-тің 55-бабында қарастырылған жағдайлар болса ғана, ондай жаза қолданбау мүмкіндігі орын алады.
Қылмыстық заңның өзінде барлық соттар үшін міндетті болып табылатын жекелеген жазаларды қолдану шарттары, шектері мен тәртіптері анықталған. Мұның өзі республика аумағында қылмысқа қарсы күрес саласында біркелкі жазалау қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сотталған адамға келтірілетін айырудың мәніне қарай жаза түрлері мынады түрлерге бөлінеді:
- сотталғандарға моральдық әсер ететін жазалар. Бұған жататындар: қоғамдық жұмыстарға тарту, арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан, мемлекеттік наградаларынан айыру;
- сотталған адамдардың құқықтарына шек қоюмен байланысты жаза түрлері: белгілі бір лауазым орнына ие болу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;
- сотталған адамдарды материалдық жағынан айыруға байланысты жазалар: түзеу жұмыстары, айыппұл, мүлкін тәркілеу;
- сотталған адамның құқығынан немесе бас бостандығынан айыруға байланысты жазалар: өлім жазасы, бас бостандығынан айыру, бас бостандығын шектеу, қамаққа алу.
Қазақстан Республикасының күші жойылған 1997 жылғы 16 шiлдедегi Қылмыстық кодексі бойынша қылмыс жасады деп танылған адамдарға мынадай негiзгi жазалар қолданылған:
а) айыппұл салу;
б) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
в) қоғамдық жұмыстарға тарту; г) түзеу жұмыстары;
д) әскери қызмет бойынша шектеу; е) бас бостандығын шектеу;
ж) қамау;
з) бас бостандығынан айыру; и) өлiм жазасы.
Және де бұл кодекс бойынша сотталғандарға негiзгi жазалардан басқа мынадай қосымша жазалар да қолданылған:
а) арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;
б) мүлкін тәркiлеу.
Айыппұл салу және белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру және қоғамдық жұмыстарға тарту жазалаудың негiзгi де, қосымша да түрлерi ретiнде қолданылған.
Осыған орай, Қазақстан Республикасында қолданылатын жаза жүйесіне байланысты жаңа қылмыстық заңнамасының бұрынғы қылмыстық заңнамасынан айырмашылығы келесіде көрініс табады:
- жаңа Қылмыстық кодексінде жазалардың түрлері қылмыстық теріс қылық және қылмыс жасағанына байланысты бөлінеді;
- қылмыстық жазалардың тізілімінде
- жаңа заңнамада негізгі жазалардың түрлерінен әскери қызмет бойынша шектеу жазасы алынып тасталды, ал белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қосымша жазалардың түрлеріне ауыстырылды;
- жаңа кодексте қосымша жазалардың түрлеріне жаңа түрі қосылды – шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу. Қорытындысында қосымша жазаларға екі түрі қосылды (белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу);
- бұрынғы Қылмыстық кодекске қарағанда жаңа Қылмыстық кодексіне негізгі де, қосымша да жаза ретінде тағайындала алатын жазалардың жоқтығы (ескі кодексте
- айыппұл салу, белгілі бір лауазым орнына ие болу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру);
- сонымен қатар, кейбір жазалардың атауына өзгерістер енгізілді: айыппұл салу
- айыппұлға, қамау қамаққа алуға өзгертілді.
Әрине жаза жүйесіне байланысты ең негізгі өзгеріс қылмыстық құқық бұзушылық түсінігін енгізу мәселесімен байланысты.
Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ: Қазақстан Республикасының Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына өз жолдауында мемлекеттің міндеті – азаматтардың іскерлік белсенділігін жүзеге асыруына барынша мүмкіндік туғызу екенін, осы мақсатта ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керектігіне баса мән берді. Өйткені, заңнама тек ұлттық мүдделерді қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиіс. Бұл мақсатта Елбасы қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамаларын реформалау қажеттігін баса айтты. Ол үшін ілгері ізгілендіруге, оның ішінде, экономикалық құқық бұзушылықты қылмыссыз дандыруға маңыз беру үшін төрт жаңа кодексті: Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерді әзірлеу қажеттігін алға тартты. Бұл өзекті заң актілерінің қабылдануы қылмыстық сот ісін жүргізуді және, ең алдымен, қылмысқа қарсы күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртуды, адам құқықтарын қазіргі қылмыс дәрежесіне сай қарсы әрекет жасай алатындай деңгейге көтеруді көздеді. Енді, міне, аталған төрт қылмыстық кодекс те дайындалып, талқылаудан өтіп, Президенттің қол қоюымен өмірге жолдама алды.
Күші жойылған Қылмыстық кодекс еліміз үшін біраз уақыт қызмет етті. Ол сонау 1998 жылы күшіне еніп, содан бері талай асуларды өткеруге дем берді. Өмір бір орында тұрмайды, саясатта, экономикада, мәдениетте, жалпы барлық салада оң өзгерістер бар. Қазір өткен ғасырдың 90жылдарымен салыстырғанда бүгінгі өмір салтында небір өзгерістердің пайда болғанын кез келген саладан байқай аламыз. Қоғам өміріне сәйкес экономикада да өзгеріс болмаса, уақыт талабына сай ілесе алмаса, ол табысқа жетпейтіні түсінікті. Демек бұған ілесе етектен тартып қалыспай келе жатқан қылмыс әлемінде де жаңа теріс пиғылды іс-әрекеттер пайда бола бастады. Ал оған, өзіңіз жоғарыда айтқандай, тойтарыс бере алатындай толыққанды жаңа қылмыстық заңнама қажет.
2014 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі қабылданды, ол 467 баптан тұрады (қолданыстағы ҚК 393 бап бар). Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлігі 7 бөлімнен, 98 баптан құралған. Ерекше бөлікте 18 бөлім, 369 бап бар. Жаңа Қылмыстық кодекс қорытынды ережелермен толықтырылған [3, 6 б.].
Қылмыстық кодекстің жаңалығының бірі – қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі мен жазаланушылыққа байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтың қылмысқа және қылмыстық теріс қылыққа бөліну ұғымының енгізілуі.
Қылмыстық теріс қылық деп қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) танылады.
Теріс қылық жасағаны үшін соттылық болмайды. Ол үшін жазаның жоғары шегі 90 күнге қамауға алынады, бұл тек 156 құрамның 41 де қаралған.
Қылмыстық кодексте айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады.
Жаңа кодексте 3-бапта қамтылған кейбір ұғымдарды түсіндіру енгізілген. Онда келтірілген зиянның да түрлеріне түсінік беріледі. Қылмыстың қайталану институты түбегейлі өзгеріске ұшырады.
Енді Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында ауыр және аса ауыр қылмыстарын қайталап жасағаны үшін алынып тасталмаған немесе жойылмаған соттылығы ғана есептеледі. Ауырлығы төмен қылмыстары үшін соттылығын есепке алмағанда (яғни, онша ауыр емес және орта ауырлықтағы қылмыстар үшін). Соған қоса, жаңа Қылмыстық кодексте қолданыстағы қылмысты қайталап жасауда жаза тағайындау ережесі алынып тасталған.
Қылмыстық теріс қылық және қылмыстар жасағаны үшін санкцияларда негізгі жаза болып айыппұл тағайындалған. Қылмыстық теріс қылық үшін айыппұлдың шегі жиырма бестен бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейін, қылмыстар үшін – бес жүзден он мың айлық есептік көрсеткіш шегінде, ал Кодекстің 366, 367 және 368баптарында қаралған қылмыстар үшін айыппұлдың шегі Ерекше бөлімнің баптарына сәйкес санкцияларында бекітілген.
Пара алумен байланысты баптардың санкциясында, 366-бап (пара алу), 367-бап (пара беру), және 368-бап (парақорлыққа делдал болу) айыппұлды есептеу өзгерді, айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) орнына алынған параны еселеді.
ҚР ҚК 40-бабына сәйкес, ҚР ҚК-де 11 жаза түрі, оның ішінде 7 негізгі және 4 қосымша түрі. Қамауға алу және шетел азаматтарын не азаматтығы жоқ адамдарды ҚР шегінен шығару сияқты жаза түрлері енгізілді.
Жеке норма ретінде сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайларында ұстауды білдіретін қамаққа алудың ұғымы мен мәні бекітілді.
Қамаққа алу отыз тәуліктен тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады. Қамаққа алу кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге тағайындалмайды.
Әскери қызметшілер қамақта болуды гауптвахтада өтейді.
Мүлікті тәркілеу институты өзгерді. Енді мүлікті тәркілеу сотталған адамның меншігіндегі, заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру [4, 2 б.].
Педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға, кәмелетке толмағандарға қарсы сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін сотталғандарға, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін сотталғандарға мемлекеттік қызметте өмір бойына тыйым салу бекітілген.
Қылмыстық жауаптылықтан босатудың екі жаңа негіздері енгізілген: кепілгерлік белгілеуіне және процесстік келісімнің талаптарын орындаған кезде. Мына тұлғаларға қолданылады: қылмыстық қылықты бірінші рет жасаған немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасағаны үшін осы кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында немесе бабының бөлігінде негізгі жазаның өзге де түрлерімен бірге айыппұл көзделген.
Кепілгерлік белгілеу кепілгер болатын жеке тұлғаның жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген айыппұлдың екі еселенген мөлшеріне тең мөлшерінде, ал заңды тұлғаның он еселенген ең жоғары мөлшерінде кепіл енгізуінен тұрады.
Кепілгерлік мерзімі:
- қылмыстық теріс қылық жасалған кезде – алты айдан бір жылға дейін;
- онша ауыр емес қылмыс жасалған кезде – бір жылдан екі жылға дейін;
- ауырлығы орташа қылмыс жасалған кезде – екі жылдан бес жылға дейін белгіленеді.
Егер қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам кепілгерлік кезеңі ішінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамаған болса, кепілгерлік мерзімі өткеннен кейін кепіл кепілгерге қайтарылады.
Егер кепілгерлік кезеңі ішінде адам жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешімнің күшін жояды және үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша оған жаза тағайындайды. Бұл ретте кепіл мемлекеттің кірісіне алынады.
Осы ережелер сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды.
Қылмыстық жауаптылықтан босатудың екінші жаңа негізі ол, тұлғаның процесстік келісімнің талаптарын орындағаны яғни процесстік келісімнің барлық талаптарын орындауы.
Жаңа тараулар енгізілген. Олар 7-тарау Ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар және ана мен баланы қорғау туралы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін құрылған және 12-тарау – Медициналық қылмыстық құқық бұзушылық.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында жаңа басылымдағы қылмыстық кодексі сепаратизм және адамды клондау үшін қылмыстық жауаптылық көзделген жаңа нормалармен толықтырылды.
Жеке адамға қарсы аса ауыр қылмыстардың ішінде адам өлтіру сияқты қылмыстардың ауырлатушы мән-жайы ретінде «төтенше ахуал кезінде немесе жаппай тәртіпсіздік барысында адам өлтіру» деген тармағы қосылған.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, кәмелетке толмаған адамды қылмыс жасауға, қоғамға жат әрекеттер жасауға, жезөкшелікпен айналысуға тарту, сол сияқты кәмелетке толмағандар саудасы үшін жауаптылық күшейтілген.
Құрылыс, архитектура жұмыстарының барлық сатыларында адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы салада қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделеген.
Жаңа қылмыстық кодекс – ізгілендіруге бағытталған Елбасы Н. Назарбаев өз Жолдауында мемлекеттің міндеті – азаматтардың іскерлік белсенділігін жүзеге асыруына барынша мүмкіндік туғызу екенін, осы мақсатта ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керектігіне баса мән берді. Өйткені, заңнама тек ұлттық мүдделерді қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиіс.
Бүгінгі таңда бұрын Қазақ елінде болмаған лаңкестік, терроризм, экстремизм дегендер шығып жатыр. Оған қоса жалған терроризм деген де бар. Үйлерінде отырып алып, «Бір ғимаратқа жарылғыш зат қойылды!» деп хабарлайды. Солардың талайы ұсталды. Көбісі жастар. Не үшін мұндай іске барғандарын түсіндіре алмайды. Жай тентектік, бұзықтық немесе еріккеннің ермегі болып шығады. Аталған кодекске енгізілген ауыр қылмыстардан дәрежесі, деңгейі төмен, зардабы жеңілірек қылмыстарды теріс қылық әрекеті деп атаймыз. Бұрынғы қолданыстағы кодексте ондай түсінік жоқ. Бұрын олардың бәрі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі құқық бұзушылық ретінде танылатын [5, 5 б.].
Сөйтіп жаңа Қылмыстық кодекске
156 теріс қылық әрекетін енгізді, оның ішіне 47-сі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен алынды, қалғандары ескі Қылмыстық кодекстегі қылмыс болып саналған баптардан алынды. Бұрын бұлар, расында, қылмыстық әрекет болып саналса, енді жаңа Кодексте тек теріс қылық болып танылады. Бұл Қылмыстық заңның тек жазалаушылық дәрменін азайта түседі.
Теріс қылықтың қылмыстан айырмашылығы теріс қылықтың салдарында адамның соттылығы деген болмайды. Қылмыс жасаған адамды соттағанда, оның салдары, яғни соттылығы болады. Мұнда ондай жоқ. Демек, теріс қылыққа барған жандар бас бостандығынан айырылмайды деген сөз. Осыған байланысты қамауға алуды өзгертті. Бұрын әкімшілік қамауға алу 45 тәулік болатын еді, енді ол 30-дан 90 тәулікке дейін ұзартылды. Бұл әкімшілік қамау емес, керісінше қылмыстық теріс қылық үшін қамау болып табылады. Тергеуден іс сотқа түсісімен, сот оны қарайды да 30-дан
90 тәулікке дейін қамауға немесе белгілі бір мөлшерде айыппұл салуға, не түзеу және қоғамдық жұмыстарға тартуға шешім шығарып береді. Бірақ, осы арада айта кету керек, аталған бұл бап 2017 жылдың 1-ші қаңтарынан ғана күшіне енеді [6, 20 б.].
Олар үшін енді арнайы қамау үйлері деген болуы керек. Бұған Үкімет қолдау білдірді, қазіргі күні осы мәселенің шешімі табылуы үшін жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қамау үйлері – абақты мен оқшаулағыштың арасы. Бұл мемлекеттің қылмыстық саясатты ізгілендіруді, яғни мүмкіндік болса, теріс қылыққа барғандарды түрмеге тоғыта бермеу. Сондықтан да қазір жылданжылға бас бостандығынан айыру азайып келеді. Былтыр 40 пайыз болса, биыл 37 пайызға төмендеді, яғни адамдарды бас бостандығынан айыра беру 3 пайызға азайды. Осылайша мемлекеттік органдарымыз біртіндеп адамды айыптау амалынан ауытқып, шын мәнінде құқығын қорғау арнасына түсіп келеді. Мұның бәрі ауыр дәрежелі қылмыстарды орта дәрежелі қылмыстарға ауыстыру арқылы жүзеге асып жатыр. Оның себебі кейбір қылмыстарға заңда көрсетілген жаза өте ауыр. Сәйкес емес. Қылмыстық жазалаудың екі жағы бар: адам қылмыс жасағаны үшін айыбын өтеуі тиіс, бірақ оған азап шегетін қасақана қиындық, қорлау жасалмауы керек, яғни жеке басының құқығы тапталмауы қажет.
Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін сыбайлас жемқорлар ісіне қарсы және басқа ауыр қылмыстарға байланысты жаңа Кодексте зорлық, кісі өлтіру, жасөспірімдерді зорлау, лаңкестік, терроризм, экстремизм және сыбайлас жемқорлық жасағандарға ең қатал жаза қолдану қарастырылды. Бұл біздің елімізде тәртіп бар, заң бар, яғни әділетті заң үстемдігі салтанат құрады дегенді білдіру. Бұрын сыбайлас жемқорларды тәртібі түзелгеніне сай түрмеден ертерек шығару деген болса, енді соның бәрі жойылды.
Жол-көлік оқиғасына байланысты жаңа Қылмыстық кодексте қандай жағдайда болсын көлікпен адам соғып опат қылса, оған қатаң жаза қолданылады. Демек, жаңа кодекстің артықшылығы басым.
Енді үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық кодекс күшіне енеді, және сол күннен бастап жол-көлік оқиғасына байланысты жасалған мұндай қылмыстар еш жағдайда да қысқартылуға жатпайды. Мысалы, енді жаңа кодекс бойынша мас күйінде автокөлікке отырып, адам өліміне себепкер болған жүргізуші 7 жылға бас бостандығынан айрылатын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, мас күйінде көлік апатын жасағандарға жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды. Ал, құрылыс қызметінің барлық саласында кездесетін абайсызда адам өліміне, не өзге де ауыр салдарларға әкеп соққан жағдайлар үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылды.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Каиржанов Е.И. Преступление в социально-демографическом ракурсе Республики Казахстан. // Юридическая газета, 2004. – 1 декабря. – Б.6.
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi: Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V Кодексі. – Алматы: Жеті Жарғы, 2015. – 198 б.
- Нурпейсова К.Б. Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық кодексіндегі соны өзгерістер. // Заң газеті, 2014. № 8. – Б. 6-7.
- Салимжанов Е.К. Жаңа қылмыстық кодекс – ізгілендіруге із салу. // Егемен Қазақстан, 2014. – 8 желтоқсан. – Б.2.
- Күдебаев Д. Жаңа кодекстегі өзгерістерді ой талқысына салсақ… // Егемен Қазақстан, 2015. – 12 қаңтар. – Б. 5-6.
- Сауғабаев Б. Жаңа кодекс қажеттіліктің көрінісі. // Заң және заман, 2014. №6. – Б. 19-21.